Шанхайдағы Пушкин ескерткіші: Екі рет қиратылып, қайта тұрғызылған кешен туралы аз кем әңгіме
Egemen.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабарлайды..
Халқымызда «Жүргенге жөргем ілігеді» деген сөз бар. Бұл уақытпен санаспай, жолсапарларға жиі шығатын журналист қауымына қаратып айтылған ұғым секілді болып көрінеді бізге. Иә, расында да, ол солай. Неге десеңіз, жылдың қай мезгілінде де суыт жүрістен танбаған тілші, репортерлердің бармайтын жері, баспайтын тауы жоқ. Сондай кезде әріптестеріміз көптеген жайтты көреді. Неше түрлі нәрселерге кезігіп, қызық оқиғаларға куәгер болады. Бірақ ол тақырыптар сол уақыттағы іссапарлар бойынша редакция талап еткен мақалалардың мақсат-мүддесіне сәйкес келмей, қағаберісте қалып қойғанын да айта кетпеске болмайды. Десек те, кейін әйтеуір бір қажетке жарайды-ау деп ойлағанбыз. Сол интуиция бізді алдамапты. Олай дейтініміз, құрметті оқырман, өздеріңіздің алдарыңыздағы мына шағын штрих, фрагмент, миниатюралардан тұратын жазбаларымыз. Журналистің қойын дәптеріндегі әр жылдарғы дерек-дәйектерден түзіліп алынған бұлар сіздердің талап-талғамдарыңызға сай келіп жатса, бек қуаныштымыз. Сонымен...
Біздің қай-қайсымыз да қазір көрші Қытай елінің көсемі Си Цзиньпиннің Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту жөніндегі жобасын жақсы білеміз. Иә, ҚХР төрағасы билік тізгінін ұстағаннан кейінгі аз уақыттан соң, Қазақстанға ресми сапармен келген. Сонда Астанадағы жетекші оқу орындарының бірінде жоғарыдағы ойды айтқан. Бұл 2013 жылдың күзі еді. Содан бастап екі ел арасындағы осы бастамаға байланысты насихат жұмыстары жанданып, ерекше қарқынмен бел ала бастағаны бар. Соның бір көрінісі Қытай Үкіметінің шақыруымен қазақстандық 7 ірі ақпарат құралы өкілдерінің Жаңа Жібек жолы тораптарының хабы болуға тиіс Шэньси – Шанхай – Бейжің – Чунцинь – Үрімші көлік-логистикалық белдеуін жүріп өту жөніндегі 2014 жылғы сапары еді.
Белгіленген маршрутпен алғашқы қаланы артқа тастап Шанхайға келгенімізде, жолбасшымыз Ту Юань бізге өз қызметін шаһардың көрікті жерлерін аралатып, таныстырудан бастады. Олар мұндағы биіктігі жөнінен әлемде 5-орын алатын «Шығыс інжуі» атты 468 метрлік телемұнара кешенінің заманауи келбеті мен қала ортасындағы Луньян Лу метросынан Пудун әуежайына дейінгі аралықтағы 32 шақырымдық жолды небәрі 7 минутта жүріп өтетін «Маглев» (магниттік левитация – авт.) жолаушылар пойызының ғажайып көрінісі еді. Ал қаланың жер астындағы 550 метр төмендігінде орналасып, 4 қабатты үйдің биіктігіндей болатын қуыс су жолымен арлы-берлі жүк таситын шағын кеме, катерлерге арналған тоннелді канал ше? Бұл да бір көп ешкім көріп, естімеген жаңалық. Көзіңді жұмып, аузыңды ашып, таң-тамаша қалатын көрініс!
Қазіргі заманның фантастикалық-футурологиялық кейіптегі осы супроматикалық құрылыстарын аралап болып, автобусқа отыра бергенімізде, жолбасшымыз келесі барып көретін жерді айта бастады. «Ол – ақын Александр Пушкиннің ескерткіші», деді дауыстай сөйлеп. Мына сөзді естігенде оң жақтағы отырған әріптестерімнің бірі жолбасшыға: «Қайдағы Пушкин? Бұ Мәскеу немесе Петербург емес қой. Қателесіп тұрған жоқсыз ба?» дегендей сұраулы жүзбен қараса, екіншісі: «КСРО кезінде кеңес-қытай әдебиеті мен өнерінің онкүндіктері жиі өтіп тұрған. Бұл сондағы рухани достық байланысынан қалған белгі шығар», деген уәжін айта бастады. Үшіншісі: «Не де болса бара көрерміз», дегендей кейіп танытып, терезеден артқа қалып жатқан қала көшелерін тамашалауға кірісті. Ал менің есіме... Иә, есіме... Мына бір оқиға түсіп, көз алдымнан елес бере бастағаны...
...1968 жылдың қысы. Нарынқол орта мектебі. Ол кезде 9–10-сынып оқушыларына арналған әскери-патриоттық тәрбие сағаты деген пән бар болатын. Міне, соған бір күні застава бастығы, майор Захарченко ныспылы кісі шақырылып, акт залын лық толтырған бізбен лекция тақылеттес әңгіме өткізуге кірісті. Оның сондағы айтқаны: Нарынқолдың шекаралы аймақ екендігі, өзіміз отырған мына аудан орталығының көрші мемлекетпен арадағы шебі 2, ал басқа елді мекендерде тіпті 1–1,5 шақырым жерден өтетіні жөніндегі түсіндіру жұмысы болды. Содан соң 40–50-жылдардан бергі дос бұл мемлекетпен арадағы жағдайдың қазір басқаша сипатқа айналып, ушығып тұрғаны айтыла келе, онда ашаршылық басталғаны, соған байланысты арғы жақтан бергі бетке қашып өтушілердің көбейгені сөз етілді және мектеп оқушылары біздердің сабақтан соң ауыл шетіндегі тау мен орманға шаңғы тебуге барғанда сақ жүріп, бейсауат адам байқалса, заставаға хабарлауымыздың керектігі ескертілді.
Осыны айтқан застава бастығы келесі кезекте акт залын қараңғылатты. Сөйтті де химия, физика секілді ашық сабақтардағы көрнекі құрал – плакат, диаграммаларды үлкейтіп көрсетуге пайдаланылатын «Украина» атты ауқымды фильмоскоп арқылы «Қатерлі бағыт» деген тақырыптағы фотосуреттер топтамасын көрсете бастады. Мұндағы айтайын дегенім... Сондағы... Иә, сол 1968 жылдың қысындағы есімде қалып қойған бір кадр. Экранда «Огонёк» журналы. Оның ішкі бетінде екі сурет тұр. Алғашқы рәсімнің астындағы мәтіннен аңғарғанымыз: ол Бейжіңдегі кеңес одағының елшілік үйі болып шықты. Оны қолдарын сермеп еліре анталаған жүзге жуық қыз-жігіт қоршап алған. Және... қоршау сыртынан тас жаудырып, ғимарат терезелерін қиратуда. Бұлар Маоның мәдени революция ұранына еліткен хунбейвиндер екен. Ал екінші фотода Шанхай қаласы, шағын алаң бейнеленген. Онда түрлі соққылардан быт-шыты шыққан тұғыртас пен одан жерге опырыла құлаған адамның кеуде мүсіні көрінеді. Сурет астындағы анықтама сөйлемде бұл ақын А.С.Пушкиннің ескерткіші екені, мұның да «күн көсемнің» Қытайды «қайта құрушы» қызыл жасақтарының қырына іліккені айтылады.
...Бұл менің бала кезімдегі есімде сақталған өмір суреті еді. Көз алдымда ұмытылмастай болып қалып қойған оқиға-тын. Реті келіп тұрғанда айта кетейік, екі ел арасындағы жоғарыдағы жағдай одан кейін де оңалған жоқ. Оған кеңес-қытай шекарасындағы «Достық» теміржолының жабылуы. Даманск аралы мен Жалаңашкөлдегі қарулы қақтығыс, Қиыр Шығыстағы екі ел бірлесіп пайдаланып келген Дальян порты төңірегіндегі дау анық дәлел. Бұл егес, текетірес Мао өмірден өткеннен кейін де өзгермеді. Хуа Гофэн билік құрған уақытта да мызғымады. Тек 80-жылдардағы Дэн Сяо Пин реформасынан кейін КСРО мен ҚХР арасындағы мұз тоңы жібіп, сең қозғалғаны бар. Соның нақты бір көрінісі мына оқиға. 1987 жылы әйгілі қазан төңкерісіне 70 жыл толатын болды. Міне, сонда «Правда» газеті социалистік идея жолындағы мұраттасымыз деп Қытай Халық Республикасының жетістіктеріне арналған жеке бет берді. Түсінбедік. Таңданысымызда шек болмады. Өйткені одақтың бас басылымының көрші мемлекет жөнінде 25 жыл бойы қарсы насихат жүргізіп келіп, мынадай бетбұрысқа баруы қызық оқиға еді. Осыны баяндай келіп айтайын дегенім, сол арнаулы бетте біз үшін назар аударарлық бір дерек болды. Ол аталған газеттің Қытайдағы меншікті тілшісі Вс.Овчинниковтың Шанхайдағы 60-жылдар ортасындағы хунбейвиндер құлатқан Пушкин ескерткішінің 1987 жылдың көктемінде қайта тұрғызылып, қалпына келтірілгендігі туралы мақаласы болатын...
Міне, құрметті оқырман, жолбасшымыздың мана қаладағы келесі көретін мәдени орын ол Пушкин ескерткіші екенін айтқанда, көлік ішінде отырып есіме түсіргенім жоғарыдағы жайттар еді. Осы кезде гидтің тағы да: «Автобустан түсуге дайындалыңыздар. Келіп қалдық», деген даусы естілді. «Ойпырмай... – деп күбірледім ішімнен: – Сонау бала кездегі «Огонёк» журналындағы фильмоскоппен көрген ескерткіш сурет. Және жігіт болған шақтағы ол жөнінде «Правда» газетінен оқыған мақала... Ұзын ырғасы жарты ғасыр өткенде осы нысанға жолым түсіп, оны көремін деп ойладым ба?» Жоқ. Үш ұйықтасам түсіме кірмеген нәрсе бұл. Енді міне...»
...Төңірегімізге жіті қарап, әр нәрсеге мұқият назар аударып келеміз. Бұл жер өзі Фэньянлу, Юзянлу және Тяоцзянлу атты үш көшенің қиылысындағы шағын алаң екен. Соның қақ ортасында Пушкиннің еңселі ескерткіші тұр. Биіктігі 5 метрлік кешен жылтыр тұғыртас пен ақынның әдемі кеуде мүсіні арқылы бой түзеген. Алғашында оны сұр гранитпен толық қашалып не сондай түске, не металдан тұтас құйылған нысан-ау деп ойлап қалғанбыз. Бірақ олай емес екен. Мүсінші ескерткіштегі қос бөлікті біртұтас сипатқа ие көріністен аумайтындай етіп, асқан бір шеберлікпен жымдастыра жасап шыққан. Міне, өнер... Тапқырлық!
Осы және одан басқа да жайттарға көз тоқтата қарап болған соң ескерткіш қабырғасына ойып жазылған оймақтай деректерге үңілдік. Олардан түйген ойымыз: бұл кешенді тұрғызу төмендегідей оқиғадан бастау алыпты. 1936 жылы Пушкиннің қайтыс болғанына 100 жыл толады. Сонда арғы тегі Петербург пен Мәскеу дворяндарынан шыққан, 1918–1920 жылдардағы қызылдар қысымынан Шанхайға келіп орныққан ақ эмигранттар қауымы ақынды есте сақтау үшін ескерткіш тұрғызуға ұйғарым жасайды. Нәтижесінде ол ой жүзеге асады. Ақынға арнап орнатылған тұғыртасты бюст қаланың сол кездегі Француз орамы деп аталғалы осы жерге қойылады. Бұл 1937 жыл екен. Содан көп уақыт өтпей Қытайдағы жағдай күрт өзгеріп, мұнда қиын күндер басталады. Ол Мао Цзэдун мен Чан Кайши үкіметтері арасындағы текетірес салдарынан азамат соғысы басталып, соны пайдаланған Жапонияның бұл елге Маньчужурия жақтан басып кіруі еді. Сол уақытта, яғни 1944 жылы Шанхайдағы Пушкин ескерткішін жаулаушылар құлатады. Металын зауытқа балқытуға жібереді. 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың соңында Қытай азат етіліп, өмір бір қалыпқа түсе бастағанда, өздерін жатжұрттық езгіден құтқаруға жәрдемдескен Кеңес Одағына ризашылық ретінде Шанхай тұрғындары Пушкин ескерткішін қайта қалпына келтіреді. 1947 жылы бой көтерген ол кешен ширек ғасырға жуық тұрады. Содан соң... Иә, содан кейін ол «мәдени революция» кезіндегі хунбейвиндер шабуылына ұшырап, екінші рет құлатылады. Оны жоғарыда айттық.
Енді 1987 жылғы қайта бой көтерген ақын ескерткішінің тарихы мен оның біз көріп тұрған бүгінгі келбеті туралы аз-кем әңгіме. Мұны Гао Юнлун деген сәулетші өмірге келтірген екен. Жұмысқа кірісер алдында бұл кісінің қолында алдыңғы екі нысанның авторлары жөнінде мәлімет те, олардың сызбалары мен суреттері де, ештеңе болмаған. Мұрағатта сақталуға тиіс құжаттардың бәрі жойылып кеткен. Осындай қиындықтарға қарамастан, талантты мүсінші жетекшілік еткен шығармашылық топ ерекше шабытпен еңбектенеді. Сөйтіп, туынды жобасын көріп, шешім шығаратын көркемдік кеңес комиссиясы мүшелері алдында өте жақсы бағаға ие болады. Нәтижесі – ХХ ғасырдың соңғы онжылдығынан бері бой түзеп тұрған мына ескерткіш.
Сөз орайында жоғарыдағы айтылғандарға қоса төмендегі екі деректі де сөз ете кетейік. Оның біріншісі: тұғыртастағы ақын кеуде мүсінінің алғашқысы (1937 ж.) қоладан, ортаңғысы (1947 ж.) мыс, ал соңғысы (1987 ж.) қайтадан қоладан құйылып жасалғандығы. Екінші мағлұмат: 1937 жылғы тұңғыш бой көтерген ескерткіште ақын солтүстікке, туған отаны Ресей жаққа қаратылып бейнеленген екен. Кейінгі 1987 жылғы кешенде ол оңтүстікке ойлана көз жіберіп тұр. Бұл фрагмент жайдан-жай алынбаған. Қытай халқының салт-дәстүрінде қадірлі адамдарды төрдің оң жағына отырғызып, оңтүстікке қарап әңгіме-дүкен құру жақсы ғадет, ізгі ілтипат белгісі болып саналады. Мүсінші Гао Юнлун мен оның шығармашылық тобы туындыны өмірге әкелерде оған өздеріндегі осы ұлттық болмыс элементін ұтытпай, шеберлікпен қоса білген.
...Осыларды көріп-біліп, қажетті дерек-мәліметтерді толық алып бола бергенімізде, жолбасшымыз То Юань қатарымызға жаңа бір әзірде келіп қосылған екі жігіттің бізбен жолыққысы келетінін айтты. Бұлар Бейжіңдегі «Чжунго ван» интернет орталығының тілшісі Чжан Лю мен өзіміздің «ҚазАқпарат» агенттігінің Қытайдағы өкілі Садық Әкіжанов болып шықты. Оларға «Хабар», «Қазақстан» телеарналары мен «Литер», «Время», «ЭкспрессК» газеттерінің қыз-жігіттері қадери-халдерінше жауап беріп, кезек маған келгенде Чжан Лю сөзін: «Сіздің еліңізде Пушкин шығармаларын алғаш оқып, оны халқыңызға таныстырған кім?» деген сұрақпен бастады. Мен оған қарсы сауал қойып: «Бізде ХІХ ғасырдың ортасы мен ХХ ғасырдың басында Абай атты дана адам болған. Сол ұлылық иесінен хабарыңыз бар ма?» дедім. «Иә, естігенмін. Білемін, – деп жауап берді тілші. – Бейжіңде ол отандасыңыздың ескерткіші тұр. Осы көктемде жасалып бой көтерген. «Чаоян» саябағында». «Дұрыс. Жақсы! – дедім оның жауабына риза болған мен. – Пушкинді оқып-біліп, өлеңдерін қазақ тіліне тұңғыш аударған сол ұлы адам Абай. Абай Құнанбаев! «Евгений Онегин» поэма-романынан таңдап тәржімелеген «Онегиннің сипаты», «Татьянаның хаты» үзінділері мен «Қысқы таң», «Дана», «Қайың» өлеңдерін қазақ оқырмандары осы ойшыл бабамыз арқылы білді. Пушкиннің одан кейінгі насихатшысы – эпик ақынымыз Ілияс Жансүгіров. ХХ ғасырдың 30-жылдарының ортасына дейін ол тегеурінді талант иесі өзіміз сөз етіп отырған орыс поэзиясы біртуарының 30-дан астам өлеңін аударған. Ал «Евгений Онегин» поэма-романын 6 айда тәржімелеп шығуы – қазақ әдебиеті тарихындағы үлкен ерлік».
Осыларды айтып бола бергенімде тілші тағы бір сұрақты қойып үлгерді. Ол «Сіздердегі Пушкин шығармаларының зерттелуі қай дәрежеде?» деген сауал еді. Бұған мен оның бастауында ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің тұрғанын, өйткені біздегі пушкинтану тақырыбы осы дара дарынның 1937 жылы «Социалистік Қазақстанға» шыққан «Пушкин және Абай» атты зерттеу мақаласынан негіз алатынын сөз ете келіп, 1940–1990 жылдар аралығында осы салада елеулі еңбек еткен 10-ға жуық филолог, сыншы, библиографтардың атын атадым. Сөйтіп, әңгімемді аталған саладағы соңғы жаңалық, тың факт ретінде ғалым Сауытбек Абдрахмановтың 2000–2007 жылдар аралығында кандидаттық, докторлық диссертация қорғап, «Біздің Пушкин», «Төлтума мен телтума» ғылыми-танымдық кітаптарын өмірге әкелгенімен қорытындыладым.
... Осы кезде жолбасшымыз: «Жиналыңдар!» деді де келесі баратын жерімізді хабарлады. Ол көшенің қарсы қапталындағы қолданбалы өнер туындылары мұражайы екен. Міне, соған қарай бет алғанбыз. Ал өзіміз көріп тамашалаған тас тұғырдағы ақын: «Жолдарың болсын», дегендей сол кеуде мүсінде бейнеленген ойлы жүзбен артта қала берді.
P.S. Сол сапарда Бейжіңдегі Абай ескерткішін де барып көрудің сәті түскен. Ондағы, яғни «Чаоян» саябағындағы ақын бабамыз бейнесінен алған әсеріміз бен түйген ойларымызды 2014 жылы «Егемен Қазақстанда» жариялағанбыз. Сондықтан жоғарыдағы мақаламызда қайталау болмасын деп ол тақырыпқа көп тоқталмадық.
Жанболат Аупбаев,
журналист
АСТАНА
Соңғы жаңалықтар
Тұтынушылардың отандық өнімге сенімі артып келеді – сауалнама
Сауда • Кеше
Алматы зообағында билет бағасы өзгерді
Алматы • Кеше
Алматы әлемде үздік 14 туристік бағыттың тізіміне енді
Туризм • Кеше
Аязға байланысты оқушылар мен студенттер қашықтан оқиды
Ауа райы • Кеше
Атыраулық хакерге халықаралық іздеу жарияланды
Заң • Кеше
Құрдасын өлтірген оқушыға үкім шықты
Қылмыс • Кеше
Шығыста жаңа жедел жәрдем көліктері берілді
Медицина • Кеше
Парламент • Кеше
Маңғыстауда «Таза Қазақстан» акциясының ең жас қатысушысы марапатталды
«Таза Қазақстан» • Кеше
Қысқы ойын түрлері қарқын алып келеді
Спорт • Кеше
Астронавт ауырып қалған: Ғарыш кемесі кері қайтарылды
Әлем • Кеше
Иранның әуе кеңістігі ұшақтар үшін қайта ашылды
Әлем • Кеше
Дін бағытындағы ЖИ: Елімізде «Imam AI» мобильді қосымшасы іске қосылатын болды
Технология • Кеше
Жас өнертапқыштардың әлеуеті: Идеялар неліктен өндіріске жетпей қалады?
Білім • Кеше
МӘМС: 2026 жылы сақтандыру есебінен емделетін аурулар тізімі кеңейтілді
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:61
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 16 Қаңтар 2026 07:52 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















