Тоқаевтың Сеулге сапары қалай басталды?
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Оңтүстік Кореяға барды.
Бұл сапарды мұнда екі жылдан аса уақыт күтті деуге болады. Корея осы аралықта әскери жағдайды, импичментті және мерзімінен бұрын сайлауды бастан өткерді. Толығырақ - Tengrinews.kz тілшісі репортажында.
Мән-жайБұл сапардың негізі 2024 жылғы маусымда Астанада қаланған болатын. Сол кездегі Корея Республикасының президенті Юн Сок Ёль алғашқы "Орталық Азия - Корея Республикасы" саммитін өткізуді ұсынды. Тоқаев бұл идеяны қолдады. Бұл тіпті екі президенттің бірлескен мәлімдемесінде де бекітілді. Саммитті 2025 жылы өткізуге келісті.
Желтоқсанда Юн Сок Ёль әскери жағдай жариялады, кейін импичменттен соң өкілеттігінен шеттетілді, ал 2025 жылғы 4 сәуірде Конституциялық сот оны түпкілікті қызметінен босатты. Мерзімінен бұрын өткен сайлаудан кейін Ли Чжэ Мён президент болып сайланды.
Саммитті де кейінге шегеруге тура келді. Корея СІМ мұны белгілі бір жағдайлар және "өзіндік жұмыс кестесімен" түсіндірді. Айта кету керек, бұл жағдайлар өте салмақты еді.
2026 жылғы сәуірде Астанаға жаңа президенттің арнайы өкілі Кан Хун Шик ұшып келді. Ол Қазақстан Президентіне ресми шақыртуды табыстады.
2026 жылғы 14 қыркүйекке қараған түні Сеулде Қазақстанның № 1 бортын вице-премьер, әрі ғылым және ақпараттық-коммуникациялық технологиялар министрі Пэ Гён Хун күтіп алды. Мұның да өз мәні бар сияқты: Кореямен арадағы диалог мұнай мен құрылыстан технология бағытына қарай барған сайын кеңейіп келеді.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Сапар "Достықтан" басталды. Тоқаев Оңтүстік Кореяның бес азаматына II дәрежелі "Достық" орденін табыс етті: Ұлттық жиналыс депутаттары Мэн Сон Гю мен Ли Чжэ Канға, Сеул киберуниверситетінің президенті Ли Сан Гюнге, Hyundae General Hospital клиникасының директоры Ким Бу Сопқа және Хангук шет тілдер университетінің профессоры Сон Ён Хунға.
Сон Ён Хун (сол жақ шетте) марапаттау алдында. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Президент залға келгенге дейін ресми іс-шараларда сирек кездесетін қазақ-корей "small talk" диалогы өрбіді. Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мен профессор Сон корей тілінде сәлемдесіп, бірнеше секундтан соң неге екені белгісіз, қазақша сөйлесіп кетті. Кореялық профессордың қазақшасы жатық болғаны сонша, журналистер оны бірден қоршап алды.
Мұхтар Тілеуберді мен профессор Сон қазақша сөйлесіп тұр. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Сон Ён Хун жиырма жыл бойы Сеулде қазақ тілінен сабақ беріп, Хангук университетінің Орталық Азия зерттеулері институтын басқаратыны белгілі болды. Ол өзінің академиялық өмірбаянының бір бөлігін Алматыда өткізген: осында білім алып, диссертация қорғаған.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Залға Президент кіргенде "small talk" аяқталып, дипломатия басталды. Десе де, алдыңғы көріністегі бір сөз сол күйі қалғандай болды.
Өз сөзінде Тоқаев бірнеше рет құрмет туралы айтты. Қазақстан мен Кореяны үлкен қашықтық бөліп тұрғанымен, өзара құрмет пен ортақ мүдделер жақындастыратынын атап өтті.
- Корея экономикасы айналасындағы бәсекелестік пен сын-қатерлерге қарамастан ойдағыдай дамып келеді. Бұл – халықтың еңбекқорлығы мен ірі кәсіпкерлердің арқасы. Қазақ халқы мен билік өкілдері достас Корея еліне шынайы сыйластықпен қарайды. Корея Республикасы – Қазақстанның стратегиялық серіктесі. Біз Кореяны халықаралық абырой-беделі зор мемлекет ретінде білеміз. Бүгінде мемлекеттеріміздің сан қырлы ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді.
Тоқаев Қазақстандағы корей диаспорасы туралы жеке тоқталып өтті.
- Қазір Қазақстанда жүз мыңнан астам корей ұлтының өкілдері тұрады. Олардың еліміздің экономикасы мен қоғамдық-саяси дамуына қосқан үлесі орасан зор. Елімізде барлық этностар үшін қолайлы жағдай жасалған. Корё-сарам қауымдастығы да қазақ жерінде тату-тәтті өмір сүріп, еліміздің ынтымақ-бірлігін арттыруға мол үлес қосып отыр.
1937 жылы кеңес өкіметі Қиыр Шығыстан Қазақстанға 100 мыңға жуық корейді депортациялаған болатын. 2027 жылдың күзінде сол оқиғаларға 90 жыл толады.
Анықтама: "Корё-сарам" сөзбе-сөз аударғанда "Корё адамы" немесе "корей адамы / корей" дегенді білдіреді. Қазіргі қолданыста "корё-сарам" - бұрынғы КСРО корейлерінің өзін-өзі атауы.
Тыңдармандар арасында "корё-сарам" өкілі - Президенттің әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Алексей Цой да болды.
Алексей Цой (оң жақ шетте) және Қазақстан делегациясы Оңтүстік Корея азаматтарын марапаттау рәсімінде. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Сөзден кейін марапаттау басталды. Әрбір марапатталушы Президенттің алдына келерде иіліп тағзым етті. Сосын "Достық" ордені кеудесіне тағылғаннан кейін тағы бір рет иілді.
Бірақ ең бастысы кейінірек болды. Профессор Сон сөз сұрады.
- Бір минуттай сөйлесем? - деп сұрады ол.
- Екі-үш минут сөйлеңіз, - деп жауап берді Тоқаев, зал іші күлкіге толды.
- Рахмет! Аса құрметті Президент мырза. Бүгін маған осындай жоғары мәртебелі "Достық" орденін тапсырғаныңыз үшін шын жүректен алғысымды білдіремін, - деді профессор қолын жүрегіне қойып.
Профессор қағазға қарамай, әр сөзін мұқият іріктеп сөйледі. Қазақстандық делегация күлімсіреп тыңдап тұрса, журналистер сәтті ракурс іздеп әлек болды.
Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек те корей профессорымен қазақша сөйлесу мүмкіндігін қалт жібермеді. Әрине.
Профессор Сон мен Саясат Нұрбек. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
Мен олардың әңгімесі аяқталғанша күтіп, министрден корей тілін білетін-білмейтінін сұрадым. Мұны бекер сұрамадым: Жапонияға жасаған сапарынан оның тіл үйренуге құмар екені есімде еді.
Белгілі болғандай, үйреніп жүр екен. Үш жыл бойы өз бетінше оқыпты.
- Мынадай жұмыс кестесімен қандай курстар болсын? Мүмкін емес, - деп түсіндірді министр.
Министр мұның себебін де айтты. Себеп өте қарапайым әрі практикалық тұрғыда маңызды. Корей университеттерінің ректорлары ағылшын тілін біледі, бірақ академиялық жүйеде соңғы шешімді олар қабылдамайды.
- Мұндағы университет иерархиясы жас ерекшелігіне негізделген, өте қатаң әрі айқын. Университет президентіне, бізше айтқанда ректорына барасың, онымен келіскендей боласың - бірақ олар әрдайым chairman, яғни төрағаның мақұлдауын күтеді. Әдетте, бұл - бірінші буын, чебольдер (ірі отбасылық бизнес-топтар - автор ескертпесі), әлі де отбасылық бизнес. Сол кезде мынаны түсінесің: шешім қабылдайтын адамның көңілін жібіту үшін, тым болмаса аздап болса да корейше сөйлеу керек, - дейді Нұрбек.
Байқауымызша, "мұз еріген" сияқты. Министрдің айтуынша, қазір министрлік пен Корея арасындағы қарым-қатынас тарихи шыңына жеткен.
- Жоғары білім және ғылым саласында жоғары оқу орындары мен институттар арасында 254 екіжақты келісім бар. Үш ірі филиал жұмыс істеп тұр. Қостанайдағы Dong-Eui филиалы - Kia зауыты үшін дуальды білім беру, 138 студентті оқытып жатырмыз, оның 24-і қазірдің өзінде зауытқа жұмысқа орналасты. Қызылордадағы Қорқыт ата базасында Сеул ұлттық ғылым және технологиялар институтының (SeoulTech) филиалы ашылды. Сонымен қатар Түркістанда Woosong университетінің жеке үлкен кампусы бар.
Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның білім беру саласындағы бірлескен жобалары туралы брошюра. Фото: ©️ Tengrinews.kz / Айсұлтан Құлшыманов
- Ертең екі үкімет арасында филиал ғана емес, KAIST кампусын ашу туралы келісімге қол қойылады. Бұл - озық технологиялардың жетекші ұлттық зерттеу университеті. Ол біздің жаңа Алатау қаласында орналасады, зәкірлі институт болмақ. KAIST-тің біз үшін маңыздылығы - бес айналы зертхана негізінде технологиялар трансфері басталады. Келесі жылдан бастап біртіндеп талапкерлерді қабылдай бастаймыз.
Екінші келісім - Сәтбаев университеті мен Корей сирек металдар институты (KORAM) арасында.
- Бұл - корей үкіметі тарапынан жасалып жатқан үлкен инвестиция, орталықты ашуға шамамен 15 миллион доллар бөлінді. Мұнда сирек кездесетін металдарды шикізат түрінде бере салу ғана емес, оларды байыту, жаңа қорытпалар жасау, шикізаттан дайын материалдарды өңдеу технологияларын беру мен трансфері жүзеге асады. Біз чип индустриясына белсенді түрде еніп жатырмыз, - дейді Нұрбек.
Жалпы, Қазақстан мен Кореяның бір-біріне деген мүддесі айқын. Кореяға Қазақстанның мұнайы, ураны мен маңызды минералдары, сондай-ақ жаңа жобалар мен сенімді жеткізілім қажет. Ал Қазақстанға корей технологиялары, инвестициялар мен сол шикізатты ел ішінде терең өңдеу қажет.
Сурет: Ақорданың баспасөз қызметі
Ал 14 маусым Тоқаев үшін Пан Ги Мунмен кездесумен аяқталды. Бір кездері Тоқаев БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесін басқарып, Бас хатшының атынан оның сөздерін оқыған болатын. Енді, міне, БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы мен Қазақстан Президенті жүздесті.
Авторы: Айсұлтан Құлшыманов
Аударған: Дина Шәріпхан
ЧИТАЙТЕ ТАКЖЕ
Бауырластық байланыс орнады. Лаос президенті Қазақстанға не үшін келді?
Қырғызстан дүркіретіп той жасады: президенттер, түндік және Pussycat Dolls
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:64
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қыркүйек 2026 09:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















