Желінің жетегіне ерме жеткіншек!
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Біреу бір жастағы баласына парақша ашып, желіні цифрлы күнделігіне айналдырса, енді біреу тауар сатады. Ал TikTok – қаптаған трендтер мекені. Танымал адамдардың балалары да бұл жақта белсенді. Тіпті, буллингке ұшырағандары да бар. Жақында Мәдениет және ақпарат министрлігі 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салу туралы заң жобасын дайындады. Бұл ережеге қоғам қалай қарайды?
Қазақстанда жасөспірімдердің қауіпсіздігін күшейту мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Цифрлық технологиялар өмірімізге терең енген сайын балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі тағдырына қатысты алаңдаушылық та арта түсуде. Бұл мәселе Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда да айтылды.
– Әлеуметтік желілер бүгінде қарым-қатынас құралы ғана емес, сонымен қатар ықпалды саяси тетікке айналды. Қатарынан бірнеше елде наразылық науқандары, көшедегі жаппай мобилизация және күрт саяси өзгерістердің едәуір бөлігі онлайн-платформалар арқылы басталып, сол жерде үйлестірілгеніне куә болып отырмыз. Менің ойымша, бұл мәселе терең әрі жан-жақты талдауды қажет етеді. Мұнда әңгіме тек технологиялар жайында емес, идеология туралы, жастардың болашағы және түптеп келгенде ұлттық қауіпсіздігіміз жайында болып отыр, – деді Мәжіліс депутаты Сергей Пономарёв Ұлттық құрылтайда.
Депутат бұл мәселені жүйелі түрде пысықтау үшін Жасанды интеллект министрлігін тартуды ұсынып, кешенді талдау негізінде балалар мен жасөспірімдерді қорғауға бағытталған нақты шаралар әзірлеу қажет екенін атап өтті.
– Халықаралық тәжірибеге назар аударғым келеді. Кейбір елдерде 14 жасқа дейінгі, ал жекелеген мемлекеттерде тіпті 16 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қолжетімділігі шектелген. Бұл тыйым – цифрлық дәуір жағдайында ойлау қабілетін, талдау дағдысын, тірі диалогты және кемел тұлғаның қалыптасуын қорғауға бағытталған қадам, – деді депутат.
Әлеуметті алаңдатқан мәселеге Премьер-министрдің орынбасары, Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да мән беретінін айтты. Оның пікірінше, Ұлттық құрылтай мүшелерінің бастамаларын ескере отырып, бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы заңнаманы жетілдіру жұмысы жалғасуда. Атап айтқанда, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтік желілерге қол жеткізуін шектеу мәселесі қарастырылып жатыр. Мәдениет және ақпарат министрлігі онлайн платформалар мен масс-медиаға қатысты заңнамаға бірқатар өзгеріс пен түзету әзірлеген. Құжаттар тиісті сараптамадан өтіп, көпшілік талқылауына шығарылады.
– Пайдаланушылардың жасын тексеру механизмдері әзірленуде. Жауапкершілік шараларын қарастыруды жоспарлап отырмыз, – деді вице-премьер.
Жаңа заңнамалық бастамалар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және интернеттегі зиянды контенттен қорғауға бағытталған. Қоғамдық талқылау барысында тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлері ескерілмек. Министрліктің түсіндіруінше, бұл шектеу тек әлеуметтік желілерге қатысты болады. Ал жедел хабар алмасу сервистеріне, атап айтқанда, WhatsApp пен Telegram-ға аталған норма қолданылмайды. Сондай-ақ онлайн ойындар да бұл тізімге кірмейді.
Әзірге шектеу қойылуы мүмкін платформалардың нақты тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен министрліктің мәліметінше, заң қабылданған жағдайда Қазақстан аумағында жұмыс істейтін барлық әлеуметтік желілер – TikTok, Instagram, Facebook, Threads, X (бұрынғы Twitter), VK секілді сервистер аталған талапқа бағынуы мүмкін.
Балалардың жасын қалай тексереді деген сұрақ та қоғамда қызу талқылануда. Бұл ретте Мәдениет және ақпарат министрлігі халықаралық тәжірибені, оның ішінде Аустралияның үлгісін зерделеп жатқанын хабарлады. Қоғамдық талқылаудан кейін жас ерекшелігін растау тетіктері, пайдаланушылардың деректерін тексеру және өзге де техникалық әрі ұйымдастырушылық механизмдер айқындалмақ.
Психолог пікірі қандай?
Бүгінде әлеуметтік желілер – қарым-қатынас құралы ғана емес, ықпал ету алаңы. Жасөспірімдер бұл ортада пайдалы ақпаратпен қатар, зорлық-зомбылықты, агрессияны, буллингті, тіпті суицидке итермелейтін қауіпті контентті де кездестіріп жатады. Психологтардың айтуынша, жасөспірім психикасы мұндай ақпаратты сүзгіден өткізуге әрдайым дайын емес. Демек, мемлекеттің араласуы белгілі бір деңгейде орынды да сияқты.
– Баланың миы даму үстінде болғандықтан, олардың психологиясына әлеуметтік желі қатты әсер етеді. Жақсы тұстары да, кері әсері де бар. Бұл баланың жасына, қарайтын контенттеріне байланысты. Бала әлеуметтік желіден тек әдемілікті, блогерлердің табысты өмірін көргендіктен, миы инфильтр қоя алмайды. Өзін желідегі мінсіз өмірмен салыстырады. Сәйкесінше, өзін-өзі бағалауы төмендейді. Екіншіден, лайк пен қысқа видеолар балаға тез дофамин береді. Соның әсерінен балада зейіннің тұрақтылығы мен оқуға деген ынта азаяды. Үшіншіден, эмоционалдық тұрақсыздық орнайды. Бала өзін бірдеңеден құр қалғандай сезінеді. Қарсы пікір, хейт келсе, оны көтере алмай ызақорлық пен тұйықтыққа бет бұрады. Балалар барлығы әдемі, табысты болуы керек деген өмірдің өтірік бейнесіне сеніп қалады. Трендтерге еру арқылы ерте ержетеді. Ата-анамен ақылдасудан қашады, – дейді балалар психологы Сымбат Қожахметова.
Оның пікірінше, әлеуметтік желінің пайдалы тұстары да бар. Біріншіден, желі баланың шығармашылығын ұштайды. Екіншіден, өзімен бірдей көзқарастағы достар табады. Сонда да әлеуметтік желіге уақытпен шектеу қою керек. Ата-ана баласымен желідегі ақпараттарды бірге талқылап, үнемі сөйлесуі қажет. «Лайк – сенің бағаң емес. Аз лайк жинадым деп өзіңді құнсыздандырма» деп жиі еске салып отырғаны дұрыс. «Әлеуметтік желіге кірме» деп зумерлерді толық шектеу мүмкін емес. Бірақ балаға өз тілінде желінің қауіптілігін түсіндіре алуымыз керек.
– Бұл ережелердің бала болашағы үшін екенін де айтқан абзал. Интернет – уақытты босқа кетіреді. Балаға шектеу қоймаса, ол ұйықтамай желіде отыра береді. Ал жеткіншек ұйықтамаса, есте сақтау қабілеті, режимі бұзылады. Сондықтан ата-ана балаға бұйрық бермей, келісімшартқа отыруы керек. Қазір ата-аналар балалар қолданатын қосымшаларға ұялы телефоны арқылы шектеу қоя алады. Міне, осы әдіс арқылы қадағаласақ та болады, – дейді Сымбат Қожахметова.
Ал Logo Center психо-логопедиялық орталығының психолог маманы Айгерім Джангулованың айтуынша, қазір 1-16 жас аралығындағы балалардың әлеуметтік желіге кіруіне шектеу қою мәселесінің көтерілуі – қоғам үшін орынды әрі өзекті қадам. TikTok, Instagram, Facebook, Threads сияқты платформалар ересектер үшін ақпарат көзі болғанымен, психикасы толық қалыптаспаған бала үшін үлкен психикалық жүктеме тудырады. Бұл желілерде үздіксіз қысқа контент, салыстыру, лайк пен пікірге тәуелділік басым. Соның салдарынан балалардың зейіні әлсіреп, эмоционалдық тұрақсыздық, мазасыздық, өзін-өзі бағалаудың төмендеуі жиі байқалады. Әсіресе, жасөспірімдер өз құндылығын сыртқы бағалаумен өлшеуге үйреніп, шынайы өмірмен байланысы әлсірейді.
– Онлайн буллинг – әлеуметтік желілердің ең қауіпті тұсы. Қорлау мен кемсіту тәулік бойы тоқтамайды, ал бала оны көбіне жасырып жүреді. Мұндай қысым ішкі күйзеліске, ұйқының бұзылуына, тұйықталуға әкелуі мүмкін. Сондықтан мәселе әлеуметтік желіні толық жоққа шығаруда емес, баланың психикасын қорғауда. Ал шектеуді қатаң тыйым ретінде емес, қорғау шарасы ретінде түсіндіру маңызды. «Болмайды» деп емес, «неге бұл саған зиян» екенін түсіндіру керек. Диалог, түсіндіру және балама ұсыну – ең дұрыс жол. Бұл жерде ата-ана, мектеп және мемлекет тарапынан саналы түсіндіру мен балама дамыту жолдары қатар жүруі маңызды, – дейді Айгерім Джангулова.
Шектеу қою, мәселені шешпейді
Иә, әлеуметтік желінің зияны да, пайдасы да бар. Желі арқылы танылып, шығармашылыққа бет бұрған балалар көп. Солардың бірі – 16 жастағы фудблогер Дулат Тантаев. Ол өскенде әлемнің №1 бас аспазы болғысы келеді. Жас блогер әлеуметтік желідегі аккаунтына түрлі тамақ жасап салады. Видеода тағамдарды қалай жасауға болатынын айтып, көрсетіп отырады. Дулатқа Instagram-да 2,1 миллион аккаунт жазылған. Жас аспаз 11 жасынан бастап тамақ істеп, оны әлеуметтік желілерге жариялап отырған. Алғаш видео түсіре бастағанда жазылушысы болмаған еді. Өзі «0 жазылушымен бастадым» дейді. Кейін трайфл десертін сатып, айфон алуға ақша жинаған екен.
коллаж: Елдар ҚАБА
Ал «Аека» есімімен танылған вайнер және актриса Аяна Бауыржанқызын көпшілік жақсы көреді. Instagram-да 344 мың оқырманы бар. Бала вайнерге әуел бастан жазылған адам оның белсенді, бір орында отырмайтын бала екенін біледі. Оған қоса, сөзден тосылмайтын, қашанда, қай жерде болса да сөз табатын бала дейміз. Ата-анасы Аеканың мұндай қасиеттерін өнер жолына бағыттап жіберген. Қазір ол фильмдерге түсіп жүр. Тіпті, ата-анасы Аянаны қолдау үшін Алматыға отбасымен көшіп келген.
Бұрынғы жайдарманшы Ғалым Махамбеттің ұлы Расул да, Қайрат Нұртастың қызы Алау да, Тұрсынбек Қабатовтың қыздары Әдемі мен Айару да желіде аса танымал. Дегенмен Алау бір сұхбатында желіде жиі буллингке ұшырайтынын айтқан болатын. Кейін Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова Алауды интернеттегі буллингтен қорғауға алатынын хабарлады. Дегенмен желі қолданушылары ешкімді аямайды. Оларға сен кімнің қызы болсаң да, ізгілікке ұмтылсаң да жақпайсың. Бірақ бала санасының мұндай буллингке төтеп бере алмайтыны анық. Бұл мәселені былтыр Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов те айтқан болатын.
– Әлеуметтік желіні тым артық қолданудың балаларға зияны туралы зерттеулер бар. Оларда әлеуметтік желінің балалардың менталдық, психикалық және жалпы денсаулық жағдайына кері әсері туралы нақты деректер берілген. Соған орай, әлемде көптеген ел, мәселен, Франция 15 жасқа дейінгі балалардың әлеуметтік желіні пайдалануына тыйым салды. Мойындау керек, 3-5 жасар балаға TikTok қосып беру оның өміріне зиянын тигізеді. Сондықтан ата-аналар өзінің балаларының не көріп, не тұтынып жатқанын бақылауда ұстауы қажет. Әйтпесе, заңмен тыйым салудан оңайы жоқ. Бірақ ол нәтиже бермейді. Біз Қазақстанда мектеп оқушыларының сабақ уақытында смартфон қолдануына тыйым салатын норманы енгіздік. Расын айту керек, бұл норманы енгізу өте күрделі болды. Үлкен шу болды, ата-аналар қарсы болды. Дегенмен бұл тәртіп қабылданды, – деді Асхат Аймағамбетов.
Мәжіліс депутаты әлеуметтік желі де, жасанды интеллект те адамдар өміріне дендеп енгенін алға тартып, оған мүлде тыйым салу мүмкін емес екенін айтты. Ендігі шешім – оны реттеу, бақылау және басқару болуы керек.
– Қазір жасанды интеллектіні балалардың бәрі қолданады. Әрине, мұғалімдер де қолдана бастады, бірақ балалар олардан озып кетті. Басқа мемлекеттерде бұл мәселе бойынша нақты регламенттері, рәсімдері, академиялық адалдық саясаты бар. Біз оны бүгін қолданба деп тыя алмаймыз. Әлеуметтік желі бойынша да солай. Біз оны тек реттеуіміз, бақылауымыз және басқаруымыз керек. Ол үшін шындық пен өтірік қайсы екенін ажырата алу үшін сыни ойлауды үйретуге тиіспіз. Балалар контентті тануды және оны қолдана білуді, цифрлық әдеп мәселелерін үйренуі керек. Әлемнің көптеген елі реттеу тәртіптерін қабылдады. Біз де бұл істе кеш қалып қоймауымыз керек, – деді Мәжіліс депутаты.
Бұл пікірді дәрігер-психотерапевт Дәуренбек Құдаров та растады. Оның айтуынша, кез келген шектеудің жақсы да, жаман да жағы бар. Иә, балалалар зиянды контенттен, психологиялық жүктемеден тыйылса да, әлемдегі өзгерістер мен жаңалықтан хабарсыз қалады. Қазір жасанды интеллект адамзат өмірінің бір бөлігіне айналып кетті. Сондықтан 16 жасқа дейінгі балаларды әлеуметтік желіден тыю дұрыс емес. Керісінше, бұл процесті жүйелендіруіміз керек.
– Бала әлеуметтік желіде қауіпсіз, жасына сай контент тұртынуы қажет. Тиісінше, білімді де сол жерде толықтыруына жағдай жасауымыз қажет. Себебі балаға заң бойынша әлеуметтік желіге кіруге тыйым салсақ та, ол балама жолдар арқылы желіге тіркеліп алады. Яғни, VPN немесе ата-анасының атынан желіге тіркелуі мүмкін. Сондықтан балаларды желіден шектеудің қажеті жоқ. Бұл – эмоционалдық босқа қаржы шашу. Керісінше, жасына, қызығушылығына қарай, процеске ата-анасын қосып, әлеуметтік желідегі контентті жүйелеу керек, – дейді Дәуренбек Құдаров.
Желіні шектеуді Еуропа бастап кетті
Әлеуметтік желі тудырған мәселелер – әлемге ортақ тақырып. Былтыр Страсбург қаласында өткен көшпелі отырыс барысында Еуропалық парламент әлеуметтік желілерде тіркелудің ең төменгі жасын 16 жас деңгейінде белгілеуді ұсынған резолюция қабылдады.
Еуропарламент баяндамасында жастардың 97%-ы күн сайын интернет қолданатыны және 13-17 жас аралығындағы жасөспірімдердің 78%-ы құрылғыларын кем дегенде бір сағат сайын тексеретіні айтылған.
Сонымен қатар кәмелетке толмаған әрбір төртінші бала смартфонды «проблемалы» немесе «дисфункционалды» түрде пайдаланады, яғни тәуелділікке жақын мінез-құлық көрсетеді. Осыған байланысты еуродепутаттар интернеттегі кәмелетке толмағандардың физикалық және психикалық денсаулығына төнетін қауіптерге алаңдаушылық білдіреді, өйткені олардың 25%-ы смартфонды шектен тыс қолданады. Олар ЕО-ның цифрлық ережелерін қатаң сақтауды, заңға бағынбаған платформаларға айыппұлдар мен тыйымдар енгізуді талап етеді.
Ал Аустралия – 16 жасқа дейінгі балалардың TikTok, YouTube, Instagram және Facebook сияқты платформаларға қолжетімділігін шектеп, жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салған алғашқы ел. Жаңа заңға сәйкес, ең ірі он платформаға балаларға түнгі сағат 12-ден бастап қолжетімділікті блоктау міндеттелді, әйтпесе олар 49,5 миллион аустралиялық долларға дейін (шамамен 33 миллион АҚШ доллары) айыппұл төлеуі мүмкін. Бұл заң ірі технологиялық компаниялар мен сөз бостандығын қорғаушылар тарапынан сынға ұшырағанымен, ата-аналар мен балалар құқығын қорғаушылардың қолдауын тапты.
Премьер-министр Энтони Албанезе бұл күнді «отбасылар үшін маңызды күн» деп атады және заңды саясаткерлердің онлайн-қатерлерге қарсы әрекет ете алатынының дәлелі ретінде көрсетті, өйткені дәстүрлі қорғау шаралары бұл қауіптерге қарсы жеткіліксіз болып қалды.
Ал Франция президенті Эммануэль Макрон 15 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына тыйым салуды жедел енгізу ниеті бар екенін мәлімдеді. Бұл туралы Euronews хабарлады. Заң жобасы былтыр қыркүйектен бастап жүзеге асты.
Бастаманың негізгі мақсаты – балалар мен жасөспірімдерді цифрлық платформалардың «зиянды ықпалынан» қорғау.
Франция басшысының бұл шешімі Ұлыбритания үкіметі жасөспірімдердің әлеуметтік желілерді пайдалануын шектеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдегеннен бірнеше күн өткен соң қабылданды. Бұл шаралар балаларды зиянды контенттен қорғау және экран алдында шамадан тыс уақыт өткізудің алдын алу үшін ұсынылған.
Азық-түлік қауіпсіздігі, қоршаған орта және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі ұлттық агенттіктің (A.N.S.E.S) деректеріне сәйкес, Франциядағы әрбір екінші жасөспірім смартфонды күніне 2-5 сағат аралығында пайдаланады. 12-17 жас аралығындағы жастардың шамамен 90 пайызы интернетке күн сайын смартфон арқылы кірсе, 58 пайызы әлеуметтік желілерді тұрақты қолданады.
Баяндамада әлеуметтік желілерді шамадан тыс пайдаланудың теріс салдары атап өтілген. Олардың қатарында өзін-өзі бағалаудың төмендеуі, өз-өзіне зиян келтіру, есірткі қолдану және суицидке қатысты қауіпті контентке тап болу қаупінің артуы бар. Бірқатар француз отбасы жасөспірімдер арасындағы қайғылы оқиғалардан кейін TikTok платформасына қарсы шағым түсірген. Олардың пікірінше, бұл жағдайлар қауіпті контентпен байланысты.
Айта кету керек, Америкада әлеуметтік желіге 13 жастан кіруге рұқсат береді, бірақ ата-ананың келісімі қажет. Ал Қытайда желіге 13 жасқа дейін тіркелуге болмайды. Оңтүстік Кореяда 16 жасқа дейін онлайн ойын мен кейбір әлеуметтік желілерге кіру шектелген, уақыттық лимит бар. Енді бұл тізімге Қазақстан да қосылуы мүмкін.
Көктем ҚАРҚЫН
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:79
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қаңтар 2026 07:15 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















