Астана қабылдамаған, Барселона таңдаған: Кәрім Меңдіхановтың футболдағы жолы
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстанда кәсіби клубтан орын таба алмаған жас футболшы бүгінде әлемге әйгілі «Барселонаның» жүйесінде өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Оралда доп қуып өскен 15 жастағы Кәрім Меңдіхановтың бұл жетістігі кездейсоқ келген жоқ. Оның артында Испанияға көшуге тәуекел еткен әкенің шешімі, бірнеше жылдық дайындық пен отбасының қомақты шығыны жатыр.
Aikyn.kz сайты қазақстандық жас футболшының көпшілік біле бермейтін өмір жолына тоқталды.
Кәрім Меңдіхановтың футболдағы алғашқы қадамдары Орал қаласында басталған. Алты жасында жаттығуға барған баланың қабілетін алғаш байқағандардың бірі – бапкер Сергей Кондаков. Кейін онымен Дәурен Ихсанов та жұмыс істеген. Әкесі Руслан Меңдіханов El.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ұлының бүгінгі жетістігіне алғашқы жаттықтырушыларының қосқан үлесі зор екенін айтқан. Оның сөзінше, баланың футболдағы болашағы ең алдымен алғашқы жылдары алған дайындығына байланысты.
Кейін Меңдіхановтар отбасы Астанаға көшеді. Кәрім елордадағы жеке футбол мектептерінің бірінде жаттығады. Бірақ оның кәсіби клубқа қабылдану әрекеті сәтсіз аяқталған. Әкесі мен баласының Tengri Sport-қа берген сұхбатында айтылғандай, Кәрім «Астана» футбол клубында бір ай бойы қаралымнан өткен. Соған қарамастан, командаға қабылданбаған. Әкесінің айтуынша, бапкерлер бұл шешімнің себебін түсіндірмеген.
«Ол жерде қаралымда болды, бірақ оны алмады. Бір ай бойы қаралымда жүрді», – деген Руслан Меңдіханов.
Кәрімнің өзі де сол кезеңді еске алып, бірнеше жаттығуға қатысқанын, кейін хабарласатынын айтқанымен, клубтан жауап болмағанын жеткізген. Осыдан кейін отбасы баланың дайындығын жеке футбол мектептерінде жалғастыруға мәжбүр болған.
Көп ұзамай Руслан Меңдіханов ұлының болашағына қатысты маңызды шешім қабылдайды. 2022 жылы әкесі 11 жастағы Кәрімді ертіп, Испанияға аттанады. Алғашында олар Валенсиядағы футбол лагеріне бір айға барған. Қазақстанға оралған соң Кәрім әкесіне Испанияда оқығысы келетінін айтады. Сөйтіп, отбасы баланың тілегін орындауға бел буады.
Бір қызығы, Испанияға барған Кәрім бірден футбол клубына қабылданған жоқ. Керісінше, алғашқы жылы мүлде командада ойнамаған. Уақытын мектепке бейімделуге, испан тілін үйренуге арнаған. Бұл туралы әкесі Tengrinews.kz тілшісіне берген сұхбатында баяндаған.
Кейін олар Барселона қаласына көшеді. Кәрім мұнда да бірден кәсіби командаға қосылмай, оқуын жалғастырып, өз бетінше жаттығады. Тек арада біраз уақыт өткенде оның ойынын испаниялық маман байқап, жергілікті командаға шақырады. Кейін жасөспірім «Сант-Кугат» клубының скауттарының назарына ілігеді. Дәл осы кезең оның футболдағы жолын түбегейлі өзгертеді.
Кәрімнің қабілетіне Испанияның бірнеше клубы қызығушылық танытқан. Олардың арасында «Реал Бетис», «Севилья», «Валенсия» және «Жирона» бар. Бірақ көп ұзамай жас футболшының отбасына «Барселона» өкілдері хабарласады.
Руслан Меңдіхановтың Tengri Sport-қа берген сұхбатында айтқанындай, каталониялық клубтың мамандары ұлының ойынын екі ай бойы бақылаған. Кейін оны өз жүйесіне шақыру туралы ұсыныс жасаған. Мұндай хабарды естіген әкесі алғашында сенбегенін жасырмайды. Кәрімнің өзі де бала кезінен жанкүйер болған клубының қызығушылық танытқанын бірден қабылдай алмаған.
Оның үстіне Кәрім кішкентайынан «Барселонаны» қолдаған. Сүйікті футболшысы – Лионель Месси. Тіпті аргентиналық жұлдыздың қолтаңбасы қойылған жейдесі де бар. Жас футболшының айтуынша, ол қазір Астанада, анасының қолында сақтаулы.
Кәрімнің арманына жету жолында отбасы едәуір қаражат жұмсаған. Руслан Меңдіханов El.kz сайтына берген сұхбатында Испаниядағы тұрмыс, оқу және жаттығу шығындары ай сайын 500 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін жеткенін айтқан. Бірнеше жыл бойы бұл шығындарды отбасы өз қаражатынан төлеген.
Әкесі Еуропада баласын футбол клубына орналастырғысы келетін ата-аналарға да ескерту жасаған. Tengri Sport тілшісімен әңгімесінде ол Испанияда жүргенде ұлын белгілі бір командаға ақшаға орналастырып береміз деп уәде еткен адамдарға кездескенін жеткізген. Руслан Меңдіханов мұндай ұсыныстарға сақтықпен қарауға кеңес берген.
Осылайша, бірнеше жылға созылған ізденіс нәтижесінде Кәрім «Барселонамен» үш жылдық келісімшартқа отырды. Оның каталониялық клуб жүйесіне қосылуы Қазақстан футболы үшін де елеулі жаңалық болды. Бұған дейін қазақстандық ойыншылардың ешқайсысы мұндай мүмкіндікке қол жеткізбеген.
Жас футболшының жетістігі ұлттық құрама бапкерлерінің де назарынан тыс қалмады. 2026 жылдың сәуірінде ол Қазақстанның 16 жасқа дейінгі құрамасына шақырылды. Кәрім ұлттық құрама сапында өнер көрсетуді үлкен жауапкершілік деп бағалаған. Оның айтуынша, ел намысын қорғау үшін әр ойында барынша жақсы нәтиже көрсету қажет.
Дегенмен «Барселонамен» келісімшартқа отыру Кәрімнің бірден негізгі командаға қосылғанын білдірмейді. Ол әлі жасөспірімдер футболында тәжірибе жинап, өз қатарластары арасындағы бәсекеде қабілетін дәлелдеуі керек. Әлемге әйгілі клубтың жүйесіне қабылдану – үлкен мүмкіндік, бірақ кәсіби футболдағы ең күрделі кезеңдер әлі алда.
Кәрім Меңдіхановтың оқиғасында назар аударатын тағы бір жайт бар. Қазақстанда кәсіби клубқа қабылданбаған бала бірнеше жылдан кейін Еуропаның ең танымал командаларының бірінен ұсыныс алды. Бұл жағдай отандық футболдағы жас ойыншыларды іріктеу мен олардың қабілетін дамыту мәселесін де алға шығарады. Әрине, бір футболшының тағдырына қарап бүкіл жүйеге баға беру дұрыс емес. Бірақ талантты баланың мүмкіндігін дер кезінде байқап, оған жол ашудың қаншалықты маңызды екенін осы оқиғадан-ақ аңғаруға болады.
Ал Руслан Меңдіханов үшін ұлының «Барселонаға» қабылдануы – көп жылғы еңбектің алғашқы нәтижесі ғана. Ол алда әлі талай сынақ бар екенін түсінеді. Өйткені үлкен футболда атақты клубқа жетуден де қиыны – сол деңгейде қалып, өз орныңды табу.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:107
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 29 Қазан 2026 18:42 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















