Жұпар Ғабдуллина, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, опера әншісі: Опера уақыт пен төзімді талап ететін өнер
Egemen.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Сахнадағы биік үн, өмірдегі қазақы болмыс. Дәл осы теңеу «Астана Опера» театрының жетекші солисі Жұпар ҒАБДУЛЛИНАНЫҢ табиғатын тап басып бейнелейді. Әншінің әдемі әлеміне бойлаған сайын бір-біріне қабыспайтын қайшылықты тал бойына тамаша үйлестіре білген талантына тәнті боласың. Ол үшін өнерде шекара жоқ, шексіздік бар. Сондықтан да Жұпар салған әннің сазы санаңа сілкініс, жаныңа тазару сыйлайды. Үні қандай сұлу болса, әңгімесі де дәл сондай әсерлі әнші газетіміздің оқырмандарына жансарайын ашты.
– Жұпар Бақтыбекқызы, сіз опера сахнасын бағындырмас бұрын домбыраның құлағында ойнаған керемет күйші, сол салада арнайы кәсіби білім де алған екенсіз. Табиғаты бір-бірінен алшақтау дәстүрлі өнер мен академиялық классикалық музыканы шашауын шығармай игеріп әрі бірінен екіншісіне қалай ауыстыңыз?
– Шынында, 20 жасыма дейін бір рет те ән салған емеспін. Ән айту түгілі, дауысымның қандай екенін де аса аңғармай өстім. Жай ғана жақсы оқысам, дәрігер немесе мұғалім секілді бір мамандықтың иесі болармын деп ойлайтынмын. Ал бос уақытымда домбыраны қолыма алып, күй үйренетінмін. Бұл жол ауылдағы қарапайым үйірмелерден басталып, біртіндеп терең ізденіс пен кәсіби шыңдалуға ұласты. Домбыра тек аспап емес, өзімді еркін сезінетін, жан дүниемді ашатын кеңістік еді. Бірде сынып жетекшіміз Кенжехан апай «Семей таңы» газетін алып келді. Онда Мұқан Төлебаев атындағы музыка колледжіне қабылдау жүріп жатқаны туралы хабарлама бар екен. Сол кезде ғана «9-сыныптан кейін де оқуға түсуге болады екен ғой», деген ой келді. Бұл арманнан гөрі, бағымды сынап көру еді. Әкем қолдап, өзі алып барды. Міне, содан бастап өнерге деген көзқарасым кәсіби арнаға бұрылды. Колледжде домбыра мамандығы бойынша төрт жыл білім алдым. Ұстазым –
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серік Малаев. Ол кісіден орындаушылық шеберлікті ғана емес, өнерге деген терең көзқарасты, сахна мәдениетін, ішкі тәртіп пен үлкен жауапкершілікті үйрендім. Бұл кезең музыкант ретінде қалыптасуымда мызғымас негіз қалап берді. Ал Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына келген кезім – өмірімдегі ең үлкен бетбұрыстың бірі болды. Дәл сол жерде жолым күтпеген бағытқа – опера өнеріне қарай бұрылды. Бұған дейін өзімді тек күйші ретінде танып келген маған енді ән әлемінің есігі ашылды. Ал домбыра арқылы қалыптасқан есту қабілеті, музыкалық түйсік пен сахнаға деген ішкі дайындығым осы жаңа кеңістікке бейімделуге мүмкіндік берді. Сөйтіп, дәстүрлі өнерден басталған жол академиялық классикамен, опера сахнасымен тоғысып, шығармашылық тағдырымды мүлде жаңа белеске көтерді.
– Әлбетте, оңай болмаған шығар...
– Иә, бұл жолдың, таңдаудың артында өте үлкен еңбек тұрды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында оқуды дайындық курсынан бастадым. Сол кезеңде іштей «қатарымнан қалып бара жатырмын» деген алаң да болды. Өйткені курстастарымның басым бөлігі колледжден тікелей келген, вокалдық әрі теориялық дайындығы әлдеқайда мықты еді. Сондықтан өзіме қатаң талап қойдым. Егер олар емтиханда төрт шығарма орындаса, мен екі есе, тіпті төрт есе көп шығарма жаттауым керек деп шештім. «Қуып жету ғана емес, басып озу керек» деген ішкі мақсат қойдым. Сол үшін уақытпен санаспай еңбек еттім, күні-түні дайындалдым. Күйшілік – қанмен келген, бойымызға сіңген өнер. Домбыра – табиғи болмысымыздың бір бөлшегі. Ал әлемдік классикалық музыканы игеру әліппені қайта ашқанмен бірдей. Қай композитор қай елден, қай ғасырда өмір сүрген, стилі қандай, музыкалық тілі неден тұрады – барлығын басынан бастап үйренуге тура келді. Таңғы төрт-бесте тұрып, шығармалардың мәтінін жаттайтын сәттер аз болған жоқ. Ол кезде консерваторияда дайындық кластары тапшы еді, бәріне алдын ала кезекке жазылатынбыз. Таңғы жетіде барып дайындалып, одан кейін топтық сабақтарға қатысамыз. Кейде емтихан жақындағанда түнгі он екіге дейін аудиторияда отырып оқитынбыз. Сол кездерде шаршау да, күмән да болды, бірақ бір сәтке де «оқуды тастаймын» деген ой келген жоқ. Өйткені ата-анам оқуға жіберді, сенім артты ғой. Мектептің үздік оқушысы болу да «жақсы оқу керек, іздену керек, намысқа тырысу керек» деген қасиетті бойыма сіңірген сияқты. Қазір ойласам, дәл сол кезең мені шыңдапты. Өзіме деген сенімді де, сахнаға шығатын ішкі төзімділікті де осы жылдар қалыптастырды. Операға келу бір сәттік шабыттың емес, өзіңді қайтадан тәрбиелеудің, қайтадан үйренудің нәтижесі екеніне сол кезде көзім жетті.
– «Талант топыраққа тартып туады», ал адам мінезі, дүниетанымы көбіне отбасындағы тәрбиеге байланысты дейміз. Сіз өскен орта қандай еді?
– Мен Семей өңірінің, қазіргі Абай облысының тумасымын. Бұрынғы Семей облысы, Аягөз ауданына қарасты Тарбағатай ауылында дүниеге келдім. Шағын ғана ауыл болғанымен, табиғаты ерекше. Сол топырақта өстік, тұмса табиғаттан қуат алдық. Біздің ауылдан, жалпы осы өңірден талай ақын-жазушы, өнер адамдары шыққан. Мұның бәрі адамға әсер етпей қоймайды. Туған жердің құдіреті деген – осы. Әкем – құрылысшы, анам – дәрігер. Қазір екеуі де зейнетте, жастары сексеннен асты, Аллаға шүкір. Кәсіптері өнермен тікелей байланысты болмағанымен, рухы өнерге өте жақын жандар. Анамның әдемі, сыңғырлаған дауысы бар. Әкем де өнерден құр алақан емес. Әлі күнге дейін үйде ән айтады. Бала күнімнен құлағым анамның сыңғырлаған даусына, әкемнің қоңыр үніне қанып өсті. Одан бөлек, ауылдағы мектепте кезінде түрлі үйірмелер болатын. Соның бәріне қатыстық. Сол ортада жүріп талай талантты көрдік. Бізден төрт-бес жас үлкен, өзімізбен қатар өскен балалардың көбі бүгінде елімізге белгілі өнер адамдары: бірі – ақын, бірі – композитор, бірі – әнші. Ауылда мәдениет үйі бар еді, ол кезде «клуб» дейтінбіз. Сол жерде көркемөнерпаздар үйірмесі жұмыс істеді. Біз отбасымызбен, тіпті ансамбль болып қатысатынбыз. Біреуіміз тұяқтаспен ойнаймыз, біреуіміз сылдырмақ ұстаймыз. Үйде алты баламыз: бір ағамыз бар, бес қызбыз. Барлығымыз өнерден кенде болған жоқпыз, бірақ кәсіби жолды таңдаған – мен ғана. Қалғандары өз саласын тапты.
– Білесіз бе, сізбен әңгімелесіп отырып, үніңіздің әуезділігі ғана емес, тіліңіздің де тазалығы айрықша тәнті етіп отыр. Әдетте классикалық өнер өкілдерінің көпшілігі орыс тілінде еркін сөйлеп, қазақша ой айтуға келгенде тосылып қалады....
– Мен үшін бұл – өте қағидатты мәселе. Туған тілімді, төл болмысымды сахнада да, өмірде де қорғау – міндетім. Өз елімде, өз жерімде жүріп сұхбатты ана тілімде бермеу ұят деп есептеймін. Ойыңды, ішкі сезіміңді, жүректен шыққан сөзді өз тіліңде ғана толық жеткізе аласың. Әрине, кәсіби ортада басқа тілдерді білу қажет. Дирижерлермен, шетелдік әріптестермен жұмыс істейміз. Мен де бірнеше шет тілін еркін игергенмін. Итальян және орыс тілінде жұмыс барысында сөйлесе береміз. Бірақ қазақ көрерменіне арнап тіл қатқанда қазақша сөйлеу – азаматтық ұстанымым. Кейде орысша сұхбат сұраса да: «Мен қазақша жауап берейін, өзіңіз аударып алыңыз», – деп айтамын.
– Ал консерватория дипломын алып, сахнаға алғаш шыққан сәтіңіз есіңізде ме? Алғашқы партияңыз қандай болды? Сол кезеңге бір сәт лирикалық шегініс жасайықшы…
– Ол кез ешқашан ұмытылмайды. Консерваторияны Раушан Смайылова мен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Шахимардан Әбіловтің шеберханасынан тәмамдап, 2007 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрына солист болып қабылдандым. Театрдың кезекті спектакльдерінің бірі – Мұқан Төлебаевтың «Біржан – Сара» операсы қойылды. Жаңа маусым әдетте «Абай» операсымен ашылады да, келесі спектакль осы «Біржан – Сара» еді. Маған Алтынай рөлі бұйырды. Сараның партиясын Қазақстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, Біржанның рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлан Кенжебеков сомдады. Ол кісілер аңыз тұлғалар, әлемге танылған әншілер ғой. Солармен бір сахнада өнер көрсету үлкен мектеп болды. Операда «кішкентай рөл болмайды» дейді ғой, ол рас. Алтынай –
даусымның табиғатына дәл келген партиялардың бірі еді. Сол спектакльге шыққанымды мақтанышпен айтамын. Кейін де түрлі рөлді сомдадым. Солардың ішінде даусымның мүмкіндігін толық ашқан партиялардың бірі – Джузеппе Вердидің «Трубадур» операсындағы Леонораның рөлі. Әкем мен анам арнайы ауылдан келіп, спектакльді көрді. Операның ұзақтығын білесіз, екі антрактімен кейде үш, тіпті үш жарым сағатқа дейін созылады. Леонора – өте күрделі партия. Соңында либретто бойынша кейіпкер өледі. Спектакль біткен соң әкемді көрдім, жылап тұр. «Бұндай өлетін рөлдерді енді ойнама, шын өлгендей әсер етті» деді. Шынымды айтсам, сол кезде олардың қатты қуанып тұрғанын көрмедім. Әкемнің жылағаны ғана есімде қалды. Қазір сол жағдайды еске алып, күліп отырамыз.
– Ұстаз бен шәкірт арасындағы сабақтастық туралы айтсақ, ұстазыңыз Шахимардан Әбілев ойға оралады. Ол кісінің шығармашылық темірқазығы Абай екені белгілі. Сіз де Абай топырағының тумасысыз. Осы арада бір рухани алтын өзек бар ма?
– Әрине, бар. Шахимардан Қайдарұлы – керемет адам. Абайды терең зерттеген, әлі күнге дейін Абай арқылы қазақты әлемге танытып жүрген тұлға. Мен үшін де Абай – рухани тірек. Ұстаз бен шәкірт арасындағы түсіністіктің бір алтын өзегі осы – Абай әлемі. Бұл – тек өнер емес, дүниетаным. Сенесіз бе, үлкен сахнаға алғаш шығуыма себепкер болған оқиға да тікелей хакім есімімен байланысты екен. 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Мерейтойдың ауқымы ерекше болды. Шетелден көптеген музыканттар келді, бірнеше мемлекеттің президенті қатысты. Ертістің бойында алып сахна құрылды. Отшашулар, сахналық қойылымдар, тіпті Ертіске аққуларды алып келгенін көрдік. Сол кезде «Бәйге» ансамблімен әлемнің бірнеше президентінің алдында өнер көрсеттік. Небәрі он бес-он алты жастағы балалармыз ғой. Кішкентай ғана ансамбль, бірақ алып сахна, үлкен жауапкершілік. Сол сәтте бір нәрсені ұқтым: үлкен сахнаға шығу – тек атақтылардың ғана үлесі емес, оған еңбек еткен әр адам жете алады екен. Бұл маған өмірлік серпіліс берді. Одан кейінгі тағы бір елеулі оқиға – Мұхтар Әуезовтің «Абай» операсында Ажардың рөлін сомдауым. Алғашқы театрым да, алғашқы көрерменім де Абай атындағы театр екен. Өмірде де Абайды зерттеген ұстаздар да, достар да көп болды. Өзім де Абай әндерін жиі орындаймын. Меніңше, Абайды оқыған, Абайды сүйген адам өнер жолында да, өмір жолында да адаспайды.
– Опера әншілері ерекше күтімді, айрықша режімді қажет етеді деп жатады. Сіз даусыңызды қалай сақтайсыз?
– Дауыстың ең үлкен жауы – табиғатыңа қарсы келетін рөлдер. Операда партиялар екі-үш сағатқа созылады. Кейбір әнші жарты жыл дайындалады, енді бірі екі-үш айда сахнаға шығады, ал кейбір күрделі партияларға бір жылын арнайды. Бұл әркімнің мүмкіндігіне байланысты. Бірақ дауысыңа сай келмейтін рөлді айту – өз-өзіңе жасалған қастандықпен тең. Табиғатқа қарсы келе алмайсың. Режімді сақтамаған әншілер қырыққа жетпей-ақ, отыздан асқанда даусының сыңғырын жоғалтып алады. Сондықтан әр әнші өз даусын толық зерттеуі керек. Әрине, фониатр дәрігер де, керемет педагогтер де бар. Бірақ ең бастысы – өзіңнің табиғатыңды өзің сезіну. Біздің мамандық – көзге көрінбейтін, қолға ұстай алмайтын өнер. Фортепианода саусақты көрсетіп қоюға болады, ал дауысты олай өлшей алмайсың. Он адам тыңдаса, он түрлі пікір айтады. Үнің біреуге лирикалық, біреуге драмалық болып естілуі мүмкін. Сол себепті ұстаздың сөзіне сеніп қана қоймай, белгілі бір уақыт беріп, байқап көру керек. Бұл – ұстаз біліктілігіне күмәндану емес, әншінің өз табиғатына жауапкершілікпен қарауы.
– Ал тамақтану тәртібі қалай? Опера әншілері қандай да бір қатаң ережелерді ұстана ма?
– Опера әншісі дегенде көпшілік түсінігінде қатып қалған бір қалып бар. Ол – диета, шектеу, қатаң режім. Алайда кім не десе де, мен қазы-қартадан бас тарта алмаймын. Себебі ет жеп өскен ауылдың баласымыз ғой. Шетелге шыққанда да қазы алып барамын, одан басқа маған ештеңе керек емес (күліп). Әрине, қазір денсаулығыма байланысты кей тағамдарды жей алмаймын. Бірақ еттен бас тарту мүмкін емес. Жалпы, өз табиғатыма қарсы келмеймін. Біреу арықтаса – даусы кетеді, біреу толса – керісінше дегендей. Сол секілді мен де өз даусымды көп зерттедім. Өзіме не жағып, жарасатынын жақсы білемін. «Алтын орта» деген бар ғой, бастысы соны табу керек.
– Бір сұхбатыңызда: «Опера – бүгін оқып, ертең сахнаға шыға салатын мамандық емес», деген едіңіз. Бірақ өмір жолыңызға қарасақ, жиырма жасқа дейін күймен айналыстыңыз, ал операға кейін келдіңіз. Кей сәтте «Үлкен өнерге кешігіп келдім» деген ой мазаламай ма?
– Жоқ, оны ешқашан өкініш деп қабылдаған емеспін. Негізі опера өнерінің өз заңдылығы бар. Адам ағзасы өсіп, даусы да бір кезеңде толысады. Қыз балалардың операны кәсіби түрде оқуы шамамен 17–18 жастан кейін басталады, ал ер адамдардың үні 18–19 жасында кемеліне келеді. Өйткені дауыстың өзі де бас, сопрано, меццо-сопрано, тенор, баритон деп бөлінеді. Оның ішінде де лирикалық, драмалық түрлері бар. Әр композитор өз шығармасын нақты бір дауысқа арнап жазады. Сондықтан опера – асығыстыққа көнбейтін, уақыт пен төзімді талап ететін өнер.
– Сіз ұлттық операда да, әлемдік классикада да тең өнер көрсетіп жүрсіз. Соның ішінде қайсысы жаныңызға жақын? Қай партия, қай композиторды ерекше құрметтейсіз?
– Ең қиын сұрақтардың бірі – осы. Өйткені орындаған әр партияңа бүкіл махаббатыңды арнайсың. Уақытыңды, күш-жігеріңді, жүйкеңді бересің. Сонда қалай ғана «мынау жақсырақ, ал мынау екінші орында» деп айта аласың? Мен орындаған әр рөлімді жақсы көремін. Әр композитор, әр шығарма ерекше қымбат. Жүрегіме, жаныма жақын емес дүниені сахнаға ешқашан шығармаймын. Өйткені ол өзімді алдаумен тең. Ал өзіңді алдасаң, көрерменді де алдаған боласың.
– Әлі де сомдасам деп армандап жүрген рөлдеріңіз бар ма?
– Әрине. Онсыз бола ма? Опера – дауыс піскен сайын мүмкіндік кеңейетін жанр. Әр рөл – тек музыкалық орындау емес, жан дүниеңнің көрінісі, әрбір эмоцияның сахнадағы тірі денеге айналуы. Ең үлкен арманымның бірі – Джакомо Пуччинидің «Мадам Баттерфляй» операсын орындау. Бұл моноопера, яғни бір әнші бүкіл туындыны сахнада жалғыз жеткізеді, оған дайындық өте көп уақыт алады. Кейіпкердің образын ашу, көңіл күйін жеткізу – үлкен сынақ. Әр демде шынайылық, әр нотада сезім болуы керек. Кейіпкердің ішкі әлемін аша отырып, көрерменге жеткізу – тек дауыстың емес, рухтың да әні. Он жыл бұрын осы операда ойнау мүмкіндігі туып-ақ еді. Бірақ өкінішке қарай, бұйырмады. Дәл премьераға дайындық басталған кезде Краснояр театрынан қатты ауырып келіп, спектакльге қатыса алмадым. Кейін пандемия болды, тағы да басқа кедергілер туындады. Сол себепті бұл арманым кейінге шегерілді. Бірақ Баттерфляй әлі күнге дейін жүрек түкпіріндегі үлкен арманым болып қалды.
– Шетелдік тәжірибе туралы айтсақ, Италияда, басқа да елдерде жиі тағылымдамадан өтесіз. Бұл опера әншісіне не береді?
– Ең алдымен білім береді. Италия операның бесігі ғой. «Ла Скала» театрына барып, жай ғана қойылымдарын көрудің өзі – үлкен мектеп. Ал әлемдік деңгейдегі шеберлермен жұмыс істеудің бағасы тіпті теңдессіз. Тағылымдама – әншіге тек техника емес, ойлау мәдениетін береді. Кейде өз бетіңше жылдап үйренетін дүниені, ол жерде қысқа уақыттың ішінде меңгеріп шығасың. Сондықтан опера әншісіне тағылымдамадан жиі өту өте қажет. Мәселен, Мұқан Төлебаевтың 100 жылдығына арналған мәдени шарада «Біржан – Сара» операсын Түркия елінде алғаш рет түрік тілінде орындадым. Үлкен тәжірибе болды. Әрбір әртіске осындай тың тәжірибе мен әдемі әсер керек.
– Ұлттық опера өнерінің бүгінгі аяқ алысын қалай бағалайсыз?
– Ғабит Мүсірепов пен Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібек», Мұқан Төлебаевтың «Біржан –Сара», Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операларының қай-қайсысы да – қазақ өнерінің құнды қазынасы. Дегенмен, қазіргі қазақ операсында жаңа туындыларға деген қажеттілік аңғарылады. Аталған композиторларымыздың бай дәстүрі, сындарлы жолы бар, бірақ бүгінгі көзқарас, танымға сай жаңа стиль, соны серпіліс, тың бағыттағы шығармалар керек. Әйтпесе қазақ операсы ұзақ уақыт үнсіз қалғандай әсер қалдырады. Бұл – жеке тілек емес, өнер үшін өзекті, маңызды мәселе. Ұлттық опера өнеріндегі осы бір түйткілді талантты композиторларымыз тезірек қолға алып, жаңа туындыларын сахнаға шығарса екен деген тілегім бар. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ мүмкін емес деп те айта алмаймын. Мәселен, жақында театрымызда премьерасы өткелі жатқан «Аппақ» операсынан көп үміт күтемін. Ұлттық операның дамуына үлес қосатын, жаңа леп беретін жарқын жобалардың бірі болады деп сенемін. Жалпы, өнердің сапасы жүйелі еңбек пен уақытты қажет етеді.
– «Астана Опера» театры сахнасындағы кесек рөлдеріңізбен қатар ұстаздық жолдағы еңбегіңіз де ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Мұның бәріне күш-жігерді қайдан аласыз?
– Ұстаздық жол – өмірімдегі ерекше тарау. Талантты, дарынды жастарды жақсы көремін. Өйткені өзім де ауылдан келіп, үлкен қаланың, үлкен өнердің жолын білмей айналаңнан жылу іздегенде, ұстаздарымыз бізге махаббатпен қарады, өнерімізді танып, жол көрсетті. Енді сол жылулықты шәкірттеріме беру – маған да парыз. Әнші ретінде өз жолымды іздегенде де ұстаз болу – ең дұрыс қадам болды. Өйткені бірге үйрену, бірге іздену – ерекше тәжірибе. Соның бір жарқын мысалы – жақында елімізде бірінші болып опера агенттігін аштық. Оның басты мақсаты – талантты әншілерге қолдау көрсету. Әлемде қазір опера әншілері агентсіз жұмыс істей алмайды, ал біздің жас әншілерге дәл сол мүмкіндік керек. «Dala Voices» атты алғашқы концертімізді өз театрымызда өткіздік, ендігі жоспар – шетелде де, елімізде де жас өнерпаздарды таныстыру. Әрине, мемлекет тарапынан қаржылық қолдау мен меценаттардың көмегі қажет, өйткені агенттіксіз жас әншілер халықаралық деңгейде өздерін көрсете алмайды. Мен үшін айтулы бастама тек кәсіби ғана емес, қазақ операсын жаңғыртуға, жас таланттарды дамытуға арналған маңызды қадам.
– Опера өміріңіздің мәніне айналғанын білеміз. Ал домбыраны қолыңызға қаншалықты жиі аласыз?
– Қазір домбырамды бұрынғыдай жиі тартпаймын. Оған уақыт та көп мұрсат бере бермейді. Бірақ ауылға барғанда, әкемнің домбырасын алып, бір-екі күй шертіп қоямын. Саусақтарым әлі ұмытқан жоқ. Күйдің мәтіні, күйдің мінезі бойымда сақталған.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Банктер кәсіпкерлерге 20 трлн теңге несие берді
Банк • Бүгін, 13:00
Бірінші сынып оқушыларына қосымша қысқы демалыс беріледі
Мектеп • Бүгін, 12:55
Бүгін XXV қысқы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсімі өтеді
Спорт • Бүгін, 12:49
Қазақстан 60 маңызды минералдың 20-сын экспортқа шығаруға дайын
Қазақстан • Бүгін, 12:22
Түркістан облысында алып сәби дүниеге келді
Аймақтар • Бүгін, 12:15
Қазақстанның Азаматтық альянсы конституциялық реформаны қолдады
Ата заң • Бүгін, 12:06
Петропавлда бір ғана шағын ауданнан 15 наркограффити жойылды
Аймақтар • Бүгін, 11:58
Құлсарыда мектепке балтамен келген 10-сынып оқушысы қамауға алынды
Оқиға • Бүгін, 11:48
Халық тұтынатын көмір 9%-ға қымбаттады
Қоғам • Бүгін, 11:35
Бадам өзеніндегі балықтардың жаппай қырылуына не себеп болды?
Экология • Бүгін, 11:28
Жасанды интеллект отандық өнеркәсіпті қалай өзгертеді?
Жасанды интеллект • Бүгін, 11:18
Барлық сатылым үшін кешбэк: Қай банктер жомарттық танытады?
Қоғам • Бүгін, 11:08
Тауар өндірушілер тізіліміне өтінім қабылдау жалғасып жатыр
Digital • Бүгін, 10:59
Әлеуметтік зерттеу: Қазақстан халқының 85%-ы жаңа Конституция жобасын қолдады
Ата заң • Бүгін, 10:45
Банктер туралы жаңа заңға байланысты депозиттерге кепілдік беруде не өзгереді?
Банк • Бүгін, 10:32
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:35
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 06 Ақпан 2026 13:39 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















