Жыр алыбының әдеби хатшылары
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
«Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым», деген жыр алыбының жыршылық өнері зерттеу нысанасына айналғанымен, оның айналасы әлі толық зерделеніп біткен жоқ. Әсіресе ақынның жанында жүріп хатшысы қызметін атқарған ақындар жайында көп айтыла бермейді. Осы орайда жыршының 180 жылдығы қарсаңында оның әдеби хатшысы қызметін атқарған қаламгерлер тақырыбын арнайы қаузадық.
Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін әр кезде Әбділда Тәжібаев, Қалмақан Әбдіқадыров, Тайыр Жароков, Ғали Орманов, т.б. қаламгерлер атқарды. Олар ақынмен қанаттаса жұмыс істеп, шығармашылығына қолғабыс жасады. Жазушы Сәбит Мұқанов Жамбылдың 1946 жылы шыққан шығармалар жинағына жазған алғысөзінде: «Жәкеңнің аузынан шыққан жырлардың бәрі 1936 жылдың бер жағында ғана түгел жазылып отырды. «Туған елімді» ең алғаш жазып алған – қазақтың белгілі ақыны Әбділда Тәжібаев. Одан кейін, 1936–1938 жылдары үнемі Жәкеңнің қасында болып, жырларын жазып отырған ақынымыз – Қалмақан Әбдіқадыров. 1938–1942 жылдардың арасында Жәкеңнің шығармаларын ақын Тайыр Жароков жазып алып жүрді, 1942 жылдан бастап Жәкең дүниеден көзін жұмғанша үнемі қасында болып, барлық жырын жазып отырған ақынымыз – Ғали Орманов», деп жазған.
Иә, әдеби хатшылар Жамбылдың аузынан шыққан жырларды жазып қана қоймай, олардың газет-журналдарда басылуына, кітап болып жарыққа шығуына да ықпал етті. Ақын өлеңдерінің орыс тіліндегі жолма-жол аудармасын да осы хатшылар дайындады. Кейін оны орыс ақындары көркем аудармаға айналдырды. Әр жылдары Жамбыл өлеңдерін орыс тіліне Павел Кузнецов, Марк Тарловский, Николай Титов, Дмитрий Снегин, т.б. ақындар аударды.
Жамбыл өлеңдері кеңестік басылымдарда 30-жылдардың соңында жариялана бастағанымен, төңкеріске дейін де біршама жыры халық аузында жатталды. Сондықтан осы жырларды да жинақтау ісі әдеби хатшыларға жүктелді. Бұл жұмысқа 40-жылдардан бастап КСРО Ғылым академиясының Қазақ филиалы да білек сыбана кірісті. Филиалға қарасты тіл-әдебиет секторы Жамбыл жырларын жинақтап, ақынның алғашқы томын жарыққа шығарды. Кітапқа жыр алыбының төңкеріске дейінгі жырлары, айтыстары мен дастандары, басқа да жарияланбаған өлеңдері енді. Жазушы Сәбит Мұқанов бұл жайында: «1936 жылдан бастап Жәкеңнің революциядан бұрынсоңды шығарған жырларын жиып алу міндеті түгелімен Қазақстан Жазушылар одағына жүктелді. Жәкеңнің жырларын жазып алуға Жазушылар одағының Әбділда, Қалмақан, Тайыр, Ғали сияқты қазақ жазба поэзиясының көрнекті ақындарын бөлуі де осыдан. Жоғарыда айтылған I томға кірген материалдар түгелімен сол төрт ақынымыздың жазып алғандары деуге болады», деген еді.
Жыр алыбының алғашқы хатшысы Әбділда Тәжібаев болды. Бұл кезде Әбділда Халық ағарту комиссариатында қызмет ететін. Оқу, мәдениет, өнер секілді салалар осы комиссариатқа қарайтын. Халық ағарту комиссары қызметін Темірбек Жүргенов атқаратын. Комиссариаттың ұйымдастыруымен 1936 жылы Алматыда қазақ ақындарының республикалық бірінші слеті өтеді. Слетке Жамбыл, Нұрпейіс, Шашубай, Орынбай секілді қарт өнерпаздар да қатысады.
Ұзамай Мәскеуде қазақ көркемөнерінің онкүндігі өтетіні белгілі болады. Осы онкүндікке Левон Мирзоян, Ораз Исаев секілді елдің атқамінерлері Жамбылды да қатыстыруды жоспарлайды. Бұл істі олар комиссар Темірбекке, ал Темірбек қарамағындағы Әбділдаға тапсырады. Осылайша, Әбділда Жамбылды ауылына барып, іздеп табады. Қарт жыршыны сөзге тартып, ақындығына, жауаптасуына риза болады. Әбділда Тәжібаев ақынның әрбір айтқан шумағын қойын дәптеріне жазып алады. Ол жайында өзі: «...Қағазға түсіріп үлгергенім жеті жүз жол өлең болды, үлгермей, ұстай алмай қалғаным қанша? Мен осынша көп өлеңнен әрі кеткенде екі жүз жол ғана алуым керек, ыңылдай оқып көз жүгіртемін. Кілең әндетіп тұрған жанды сөздер «Маған тиме!» деп шулап тұрған сияқты», дейді. Осылайша, Әбділда Тәжібаев Жамбылдың алғашқы бейресми хатшысына айналады.
Әбділда ақын 1960 жылы жарық көрген «Өмір және поэзия» кітабында: «Заманы бір, өнері бір қазақ ақындарының бірсыпырасы-ақ ұлы қарияның жас кұрбы, жас достарындай еді. Біз Жамбылдан үйренсек, Жамбыл бізден үйренетін», дей келіп, жыршының нөсерлете толғау, терме айтатынын тілге тиек етеді. «Талай ырғақтар, талай ұйқастар, отты, өрелі сөздер оның аузынан ұшып, біздің кеудемізге, зердемізге қонатын», деп Жамбылды көтермелей сөйлеп, жанында жүргенін мақтанышпен жеткізеді. Горький, Маяковский сияқты орыс қаламгерлерінің шығармаларын Жамбылға оқып беретінін де алға тартып: «...Біз арқылы танып, біз арқылы қанығатын... Сөйтіп, біз сүйікті қарттың көзі де, құлағы да болғанбыз», деп жыр алыбына көмекші болғанын байқатады.
Әбділда Тәжібаев Жамбылдың өлеңдерін орыс тіліне жолма-жол аударса, Павел Кузнецов оны көркем аудармаға айналдырды. Осылайша, Жамбыл өлеңдері орыс тіліне аударылып, Мәскеуден бір-ақ шықты. 1936 жылы Жамбыл Жабаев Мәскеуде өткен қазақ көркемөнерінің онкүндігіне қатысып, қазақ өнерін паш етті. КСРО Орталық Атқару комитетінің басшысы Михаил Калининнің қолынан орден алды. Содан бастап Қазақстан үкіметі Жамбылға айрықша көңіл бөле бастады.
1938 жылдан бастап жыр алыбын үкімет толықтай қамқорлығына алды. Ақынға арнап ауылынан үлкен үй салынды. Сонымен қатар Жамбылға әдеби хатшы, дәрігер мен аспаз тағайындалды. Әбділда Тәжібаев жазғандай, осы кезде хатшылыққа белгілі ақын Қалмақан Әбдіқадыров, дәрігері ретінде Рахымбай Досымбеков, аспазы болып Фатима Файзырахманова белгіленді. Сәбит Мұқанов жазбаларында Қалмақанның Жамбылға әдеби хатшы болғанын айта кетіп: «Жәкеңмен біраз жұмыс істеген ақын Қалмақанның екі танауы көтеріңкі делдеңдеу кісі. Оған Жәкең: «Шеміршек болған жылқыдай делбеңдеуін қарашы» деп қалжыңдайтын еді», деп жазғаны бар. Жамбыл жиындарға барып жырлаған кезде де жанында әдеби хатшылары жүрген. Ғали Орманов күнделігінде: «23 апрель, 1939. Жамбыл Алматыға барды. Мұғалімдер жиналысына қатысып, өлең айтты. Оны Қалқаман жазып келді», деген еді.
Жамбылдың өмірінің соңғы кезеңінде әдеби хатшы қызметін Ғали Орманов атқарды. Ол Жамбылдың жанында жүріп, аузынан көптеген жыр жазып алды. Әбділда Тәжібаев ақынның әдеби хатшылары ішінде қуанышын да, мұң-сырын да айтатын ең жақыны осы Ғали болғанын жазады. «Ғали өзі дарынды ақын болғандықтан, қарт ақынның жүрек қылын шерте білді. Оған қозғау салу үшін ең алдымен еріксіз тебіренуіне ақылды әңгіме айтатын, содан соң бірте-біртелеп жыр жолына жетектеп түсіретін. Міне, сол кезде кәрі тарлан домбырасына жабысатын да, қос ішектен үн табатын, табатын да қосылатын. Ал Ғали дүниеге жаңа туған ғажайып жырларды қағазға түсіретін», дей келіп, Жамбыл өлендерінің көбін Ғали жазып алғанын айтады. Ғали Ормановтың өзі де күнделігінде: «...Мен Жамбыл ақынға жасы тоқсанды аралап кеткен шағында тап келдім. Бұл жаста қарт ақынға хатшы болып, бірдемелерін жапырып жазып тастау да қиын еді. Бірақ қарт ақынды қақылдап қажай бермегенмен, «Жамбылдың халық үшін қалған жасы» деген сөзін де естен шығармау керек еді. Жамбыл өз ықтияры болмаса, қақылдағаныңды жақтырмай, қарсы дәлел айтып, құтылып шыға келетін. Онысы шын сыры сықылды тіпті жарасып та тұратын», дейді.
Жамбылдың әдеби хатшысы қызметін сонымен қатар Қапан Сатыбалдин, Қасым Тоғызақов, Тайыр Жароков, Мәулекеш Қайбалдин де атқарды. Жамбыл Жабаев 1936 жылы Мәскеудегі онкүндікке барғанда жанында хатшы қызметін Қасым Тоғызақов атқарған. Жыршының Грузияға сапарында да қасында Қасым болған екен.
Ал 1938 жылы Мәскеуге сапарында ақынның көмекшісі һәм хатшысы Қапан Сатыбалдин болды. Мәскеуге барғанда Қапан жол бойы ақынның айтқан жырын жазып отырды. Қапан естелігінде бұл жайында: «...Мен Жәкеңнің аузынан шыққан жыр жолдарын қағазға түсірем, содан жолма-жол аударма жасап, орысшалап берем», деп жазды. Ал 1940 жылы Мәскеуге үшінші рет барғанында Жамбылдың жанына әдеби хатшы ретінде Тайыр Жароков ерді.
Сапарғали Бегалин «Сахара сандуғаштары» кітабында Жамбылдың жанында әдеби жәрдемші болып Тайыр Жароковтың жүргенін тілге тиек етсе, Ғали Орманов күнделігінде жыр алыбының кей өлеңдерін Тайыр жазып алғанын айтады. 1939 жылы ақпанда Жамбыл Ұзынағашта өткен жиынға қатысып өлең айтқанда да жанында Тайыр болған. Бұл жайында Ғали: «...Өте көңілді қайтты. Кешкісін Тайыр жақында тойланатын Қызыл Армия күні туралы айтты. Жәкең біраз ойланып отырды да, маған: «Домбырамды әперші», деді. Мен әпердім. Тайыр жаза бастады. «Жамбыл Жамбыл болғалы, Жыр санаға толғалы» деп, ұзақ жырлады», деп жазды.
Тайырдың өзі де жыршының хатшысы болған кезін естелігінде былайша баяндайды: «...Жамбыл өлеңді домбыраға қосып шығаратын. Кейде жазып үлгере алмағанда жаратпай да қалатын. Ол жазып алғаныңды оқуды өтінеді, тіпті талап етеді. Кейде Жамбылға жазғаның жақпайды. Ол келіспеген жолдарды қайта айтып кетеді. Артынан жөнделген нұсқаны қайта оқуды сұрайды, тағы да жақсарту қажет пе деп ақылдасады». Жамбыл Тайырға: «Мен қараңғы адаммын, ғалым емеспін, сенің жазуыңды да танымаймын. Егер бірдеңесі келіспесе, дәл сол жерін жөндеп жібер! «Жамбыл жырлай білмейді, Жамбыл жаман ақын» деп ертең халық айтады. Ал мендей қартқа жалған сөз жараспайды», деп үнемі айтып отырған екен.
Ал Мәулекеш Қайбалдиннің Жамбылға әдеби хатшы болғаны ауызша айтылғанымен, осы күнге дейін ол жайында нақты дерек жоқ еді. «Советская Сибирь» газетінің 1939 жылғы №44 саны қолымызға тиді. Газеттің алғашқы бетінде жарияланған «Чапай» өлеңін орыс тіліне Мәулекештің аударғаны жазылыпты. Осы хабарды Мәулекеш тақырыбын жіті зерттеген әдебиеттанушы ғалым, эссеист Мақсат Тәж-Мұратқа жеткізген едік. Ол «Жатыр-мекен – жат мекен» мақаласында осы деректі пайдалана келіп: «...Мәулекеш Қайбалдин де осы қатарда және оны орысша-қазақшаға жетік, биллингвист қаламгер ретінде Жамбыл өлеңдерінің жолма-жол орысша аудармасын жасауға, арасында кейбірін көркем тәржімелеуге пайдаланбады ма екен деген ой келеді. Жоғарыдағы «Жамбылдың әдеби хатшысы» болды дейтін сөз осыдан шығуы мүмкін», деп жазды.
Сәбит Мұқанов бір сөзінде: «Ел арасында шашыраған оның (Жамбылдың) өлең-жырлары әлі де көп болуы керек, оларды жинау – әлі аяқталмаған міндет», деп жазыпты. Шынында, жыр алыбының кеңестік басылымдарда жарияланып, кітапқа енбеген өлеңдері көп секілді. Мәселен, «СССР на стройке» журналының 1939 жылғы №8 санында жарияланған Жамбылдың «Қыз туралы жыр» өлеңі ешбір кітабына енбегенін байқадық. Соған қарағанда Жамбылдың осы секілді кезінде кеңестік басылымдарда жарияланған өлеңдері баршылық-ау.
Жазушы Мұхтар Мағауин жыр алыбының 150 жылдығы тойланған кезде: «...Жамбыл қолдан жасалған жоқ, сом болып қашалып туды, қазақтың ұлы жырауларының ең соңғы сарқыты болды, орта ғасырлық сақара дүлдүлін жиырмасыншы ғасырдағы империя төріне шығарды. Сол үшін де біз Жәкеңнің әруағына бас ұрып, барын бағалап, әрқашан да қастерлеуіміз қажет», деген еді. Шынында, қаншама заман өтсе де, Жамбылдың қалдырған мұралары біз үшін қашанда құнды, қастерлі.
Соңғы жаңалықтар
Көктайғақ, тұман, жел: Бірқатар өңірде ауа райына байланысты ескерту жарияланды
Ауа райы • Бүгін, 09:47
Қаңтардағы ҰБТ: Тестілеу ережесін бұзған 120 адамның нәтижесі жойылды
Білім • Бүгін, 09:39
Ақша айырбастау орындарында доллар қаншадан саудаланып жатыр?
Қаржы • Бүгін, 09:20
Қысқы Олимпиада: Бүгін Михаил Шайдоров еркін бағдарламада өнер көрсетеді
Қысқы спорт • Бүгін, 09:06
Рухани дипломатияның маңызы арта түсті
Саясат • Бүгін, 09:00
Қызылша науқасына қатысты мәселе талқыланды
Саясат • Бүгін, 08:58
Халық пен салықтың есебін түгендеген жоба
Қоғам • Бүгін, 08:55
Саясат • Бүгін, 08:53
Өндіріс • Бүгін, 08:50
Сенат халықаралық келісімдерді мақұлдады
Саясат • Бүгін, 08:48
Технология • Бүгін, 08:45
Орталық референдум комиссиясының ҮНДЕУІ
Референдум • Бүгін, 08:43
Экологиялық түйткілдің түйіні қашан тарқайды?
Экология • Бүгін, 08:40
Референдум өткізу жоспары бекітілді
Референдум • Бүгін, 08:38
Цифрлық емхананың онлайн кеңесі
Digital • Бүгін, 08:35
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:23
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Ақпан 2026 10:23 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















