Алматыдағы Сапожникова үйі ne болады: тарихи ғимаратқа қатысты жоспарлар белгілі болды
Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Көгілдір қасбеті, өрнекті жақтаулары мен ағаш декоры – Сейфуллин көшесіндегі Сапожникова үйі көптеген алматылыққа жақсы таныс. Алайда бүгінде тарихи ғимараттың сыртқы келбеті әбден тозған. Қасбеттегі ақпаратқа сүйенсек, ескерткішке соңғы рет осыдан 46 жыл бұрын – 1980 жылы реставрация жасалған. Tengrinews.kz ғимараттың қазіргі жай-күйін және оның алдағы тағдыры не болатынын анықтап көрді.
Сапожникова үйі бүгінде қандай күйде?
Алыстан қарағанда тарихи үй әлі де өзінің ашық көгілдір қасбетімен және ағаштан ойылған өрнектерімен ерекшеленіп тұр.
Дегенмен жақыннан қарағанда тозу белгілері айқын байқалады: қасбеттің кей жерлерінің бояуы кетіп, сылағы түскен.
Соған қарамастан, үйдің өзіне тән элементтері - ағаш терезе жақтаулары, ойылған ернеулері мен декоративті бөлшектері сақталып қалған.
Алматыдағы Сапожникова үйі / Фото Tengrinews.kz
Ғимаратта бұл нысанның XIX ғасырдың соңындағы тұрғын үй сәулет өнерінің ескерткіші екені және мемлекет қорғауында тұрғаны көрсетілген тақтайша бар. Сондай-ақ онда реставрация жасалған жыл ретінде 1980 жыл жазылған.
Алматыдағы Сапожникова үйі / Фото Tengrinews.kz
Үй Сейфуллин даңғылы, 551 мекенжайында орналасқан. 2021 жылы Алматы әкімдігі оны жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізді.
Алматы қалалық мәдениет басқармасы Tengrinews.kz-ке ғимараттың құқық иеленушісі Қазақ спорт және туризм академиясы екенін мәлімдеді.
Ескерткіш мәртебесі кез келген жұмысқа шектеу қояды. Меншік иесі қасбетті өз бетімен жаңарта алмайды немесе күрделі жөндеуді бастай алмайды.
"Ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жоспарлау және жүргізу кезінде ескерткіштің сақталуына және оның тарихи келбетін өзгертпестен техникалық жай-күйін қамтамасыз етуге бағытталған заңнама талаптарын сақтау қажет", – деп түсіндірді басқармадағылар.
Алматыдағы Сапожникова үйі / Фото Tengrinews.kz
Реставрациямен тиісті лицензиясы бар ұйым айналысуы тиіс. Жұмыс басталғанға дейін ғылыми-жобалық құжаттаманы дайындап, келісу, сондай-ақ мәдениет басқармасының өкілін шақыру қажет.
Сапожникова үйінің тарихыСапожникова үйі XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында салынған. Ресми тізбеде оның салынған нақты жылы көрсетілмеген.
Ресми мемлекеттік ескерткіштер тізімінде ол Сапожникованың бұрынғы үйі, кейінірек – балалар панажайы директорының қазыналық үйі ретінде көрсетілген.
Ашық дереккөздердегі мәліметтерге сүйенсек, үйдің пайдаланылу тарихы уақыт өте келе өзгеріп отырған. Жарияланымдарда бұл ғимарат "полковник Сапожниковтың жесірі", "бағбан Татариновтың" тұрған жері ретінде аталады. Кейінірек ғимаратта түрлі мекемелер орналасқан.
Сондай-ақ, бір нұсқа бойынша, бұл бөлмелері жалға берілетін табыс үйі болған, сондықтан атаулары иелерінің немесе тұрғындардың тегіне қарай бекіп қалуы мүмкін.
Қолжетімді ресми дереккөздерден Сапожникова туралы егжей-тегжейлі мәлімет табу мүмкін болмады. Tengrinews.kz өлкетанушы Василий Шупейкинге хабарласты. Оның айтуынша, үйдің иесі көпес әулетінен шыққан Клавдия Сапожникова болған. Ол үйді өзі тұру үшін емес, жалға беру үшін салған.
"Үй ұзақ салынды – шамамен 1890 және 1898 жылдар аралығында. Қарыз көп болғандықтан, ол бірден дерлік жалға беріле бастады. Бағбан Татаринов онда жалға алушы ретінде тұрды, сірә, үйде бірнеше пәтер болған сияқты. Кейінірек онда балалар панажайының директоры аз уақыт тұрды – ол үшін үйді мемлекеттік құрылымдар жалдап берген", – деді Шупейкин.
Өлкетанушы сол кезде үйлердің көбіне иесінің тегімен аталатынын қосып өтті. Сондықтан "Сапожникова үйі" деген атау, оның айтуынша, үй иесі – Клавдия Сапожникованың есімімен байланысты қалыптасқан.
Сапожникова үйі қазір қандай күйде?Қазақ спорт және туризм академиясы қазіргі уақытта мамандар ғимараттың техникалық жағдайын тексеріп жатқанын хабарлады.
Әзірге тіреуіш конструкциялар, қасбет және шатыр бойынша түпкілікті қорытынды жоқ – олар тексеру аяқталып, құжаттар ресімделгеннен кейін белгілі болады.
Сапожникова үйі реставрациялана ма?"Кейінгі жылдары мұражай ғимаратында жөндеу, апатқа қарсы және реставрациялау жұмыстары жүргізілген жоқ. Сонымен қатар, үй-жайлардың тиісті деңгейде күтіп ұсталуы, бар жәдігерлер мен мүліктің сақталуы қамтамасыз етіліп жатыр", – деп хабарлады академия.
Иә. Академия ғимаратты кешенді реставрациялау жоспарын растады.
Қазір мамандар жобалау-сметалық құжаттаманы дайындап, ғылыми-реставрациялау жұмыстарына лицензиясы бар ұйымды іздестіріп жатыр.
Айта кетерлігі, академия барлық реставрация жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр, дегенмен жылдың аяқталуына үш айдан аз уақыт қалды.
"Ғимаратты кешенді қалпына келтіру бойынша жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеудің дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоспарланған мерзімге сәйкес, барлық реставрациялау жұмыстарын 2026 жылдың соңына дейін аяқтау көзделіп отыр", – деп хабарлады академия.
Алматыдағы Сапожникова үйі / Фото Tengrinews.kz
Бұл ретте реставрация жұмыстарына қалалық немесе республикалық бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Сондай-ақ жеке инвесторды тарту мәселесі де әзірге қарастырылып жатқан жоқ.
Мұражай жұмыс істеп тұр, бірақ еркін кіруге болмайдыҚазіргі уақытта Сапожникова үйінде Республикалық спорттық және олимпиадалық даңқ мұражайы орналасқан. Сондай-ақ онда нысанның күтімі мен жұмысына жауапты қызметтер мен бөлімшелер бар.
Дегенмен ішке еркін кіруге рұқсат жоқ.
"Ғимаратқа кіру белгіленген жұмыс режимі мен нысанға келу ережелеріне сәйкес жүзеге асырылады", - деп мәлімдеді академия өкілдері.
Алайда академия нақты қандай режим қолданылатынын, қай уақытта кіруге болатынын және шектеулердің неге байланысты екенін нақтылаған жоқ.
Сапожникова үйінің болашағы не болмақ?Реставрациядан кейін Сапожникова үйінің мақсатын өзгерту жоспарланбаған. Ғимаратта бұрынғыша Республикалық спорттық және олимпиадалық даңқ мұражайы жұмысын жалғастырады.
Сонымен қатар нысан өзінің тарихи келбетін сақтап қалуы тиіс. Академия жұмыс барысында оның сәулеттік ерекшеліктері мен элементтері ескерілетінін хабарлады.
Редакция нысанның тағдырын бақылауды жалғастырады.
Тағы оқыңыздар: Алматыдағы аты аңызға айналаған “Қызыл Таң“: не өзгереді және оған қанша қаражат жұмсалмақ?
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:97
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қазан 2026 08:41 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















