Бірлік пен белсенділікті ұштастырған жоба
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..
Ал осы құндылықтарды күнделікті өмірде нығайтудың бір жолы – ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізіп, ортақ іске жұмылуы. Шымкент қаласында жүзеге асқан «Бақыт мекені» жобасы жас отбасыларға осы мүмкіндікті ұсынып, спорт пен отбасылық демалысты өзара сабақтастырды.
Шымкент қаласында жас отбасыларды қолдау және отбасылық құндылықтарды дәріптеу бағытындағы жұмыстар аясында «Бақыт мекені» жобасы жүзеге асырылды. Қаладағы А.Асқаров атындағы мемлекеттік дендрологиялық саябақта ұйымдастырылған спорттық квестке алты отбасы қатысып, түрлі ептілік пен шапшаңдықты, командалық үйлесімділікті талап ететін тапсырмаларды орындады. Шымкент қаласының Жастар саясаты басқармасы ұйымдастырған жобаға қатысуға бастапқы кезеңде 30-ға жуық отбасы өтініш білдіріпті. Іріктеу нәтижесінде үздік көрсеткішке қол жеткізген алты отбасы финалдық кезеңге жолдама алды. Әр команда төрт адамнан – әке, ана және екі баладан құралды. Қатысушы ата-аналарға қойылған талап бойынша олардың жасы 35-тен аспауға тиіс.
Екі негізгі кезең бойынша өткен шараға алғашқы кезеңде қатысушылар онлайн форматтағы отбасылық марафонға қатысып, өз отбасыларын таныстырып, жақсылық жасауға бағытталған тапсырмаларды орындады. Одан соң шығармашылық жұмыстар әзірлеп, бейнероликтер ұсынды. Қазылар алқасы отбасылардың белсенділігін, шығармашылығын, ұйымшылдығын және командалық жұмысына ерекше мән берді. Ал финалдық сайыс отбасылардың шынайы командалық әлеуетін көрсетуге бағытталды. Әке, ана және екі баладан құралған командалар дендросаябақ аумағындағы алты арнайы бекетте түрлі сынақтан өтіп, әр тапсырма қатысушылардан шапшаңдықты, ептілікті, өзара түсіністікті талап етті. Командалар әр кезеңде кілттің жеке бөлшектерін жинап, соңғы тапсырмада оларды біріктіріп, тұтас кілт құрастырылды. Бағалау барысында тапсырмаларды орындау жылдамдығымен қатар, отбасы мүшелерінің өзара әрекеті мен бірлесіп шешім қабылдау қабілетіне де мән берілді.
Шымкент қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Әкімжан Анарбайұлы марапаттау рәсімінде жобаның негізгі мақсаты отбасылық байланысты нығайту және ата-ана мен баланың бірге белсенді демалуына мүмкіндік жасау екенін атап өтті.
– Бүгінгі сайыста спорттық дайындықпен қатар, отбасылық бірлік пен өзара қолдау да сыналды. Әке мен ананың балаларына демеу болып, балалардың ата-анасына қолдау көрсеткенін көрдік. Бұл кез келген жарыстағы нәтижеден де маңызды. «Бақыт мекені» жобасы отбасылардың бірге уақыт өткізуіне, бір-біріне жақындай түсуіне мүмкіндік береді. Осындай шаралар арқылы белсенді, тату әрі берекелі отбасылардың қатарын көбейтуді көздейміз, – деді ол.
Жарыс қорытындысы бойынша Жайлымысовтар отбасы бірінші орынға ие болды. Мансуровтар және Қарабековтер отбасылары екінші орынды бөліссе, Тасмуратовтар, Қадыровтар және Омаровтар отбасылары үшінші орынмен марапатталды. Бұдан бөлек, белсенділігімен және ерекше қырларымен көзге түскен қатысушыларға арнайы номинациялар табысталды.
Іс-шара аясында қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылып, балалар мен ата-аналардың бірге демалуына жағдай жасалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Бақыт мекені» жобасы отбасылық құндылықтарды насихаттаумен қатар, жас отбасыларды қоғамдық және спорттық іс-шараларға тартуға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға бағытталған.
Жоба аясындағы спорттық квест отбасылардың бірлескен белсенділігін арттыруға бағытталған іс-шараның бірі болды. Қоғамның тұрақтылығы мен келешегі отбасының әл-ауқатымен тығыз байланысты. Сондықтан жас отбасыларды қолдауға, бала тәрбиесіне және отбасылық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған бастамалардың маңызы зор. «Бақыт мекені» жобасы осы бағыттағы жұмыстың бір үлгісі ретінде отбасымен бірге белсенді демалыс өткізудің жаңа мүмкіндіктерін көрсетіп отыр.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы
Көрілімдер:95
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қазан 2026 05:00 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар


















