Цифрлық қауіпсіздік: деректер қолды болмауы керек
Aikyn.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Алайда цифрлық мүмкіндіктер кеңейген сайын жеке деректердің қауіпсіздігіне қатысты алаңдаушылық та күшейіп келеді. Мәліметтердің қолды болуы, өкінішке қарай біздің елде жиі кездесіп жатыр. Ал жаңадан қабылданған Конституция арқылы еліміз деректерді қорғауды конституциялық деңгейге шығарды. Мәселе Құрылтай депутаттарының да назарында тұр.
Еліміздің халқы наурызда өткен референдумда қабылдаған жаңа Конституцияның 21-бабының 1-тармағында: «Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі», – делінген. Осылайша, еліміз жеке деректердің қорғалуы ұлттық һәм азаматтық қауіпсіздік нысындарының қатарына кіретінін құқықтық тұрғыда шегелеген жайы бар. Алайда жеке мәліметтердің сыртқа шығып кетуі, тіпті даркнетте саудаға салынатын кездері аз кездеспейді. Биыл тамызда 15 млн отандасымыздың жеке мәліметтері даркнетке шығып кеткені жайлы ақпарат тараған. Тіпті біреулер оны ашық саудаламақ болыпты. Аталған мәліметтер төлқұжат деректерін, электронды пошталарды, телефон нөмірлерін, құжаттардың көшірмелерін, тіпті түрлі сервистердің паролдарына дейін қамтыған 47 млн жолдан тұратын дерек болса керек. Алайда бастапқы кезде «eGov платформасының бұзылуы мүмкін емес» деген мазмұнда уәж айтқан құзырлы органдар кейін тіс жармады. Қоғам да аталған оқиғаны назардан тыс қалдырды. Бірақ біз ескермегенмен жеке деректерімізді пайдаланып, алаяқтық жасауға тырысатын топтар қарап отырған жоқ. Олар әр мүмкіндікті қалт жібермеуге тырысады. Сондықтан қоғамның сергектігімен қатар, құзырлы органдардың қырағылығы да ауадай қажет.
Бүгінде жеке азаматтардың телефон, жеке сәйкестендіру нөмірі, тұрғылықты мекенжай, медициналық мәліметтер және қаржылық ақпараты тәрізді көптеген мәліметтердің барлығы түрлі ақпараттық жүйеде сақталады. Сонымен қатар әлеуметтік желілірде тіркелу, электронды пошталарды пайдалану арқылы азаматтар өздеріне қатысты мәліметтердің шетелдік сервистердің де қолына өтуіне ішінара келісім берген. Ал бұл деректер алаяқтардың қолына түссе, азаматтың қаржылық қауіпсіздігіне ғана емес, жеке өміріне де қатер төнуі мүмкін. Сондықтан қоғам тарапынан «Азаматтардың жеке деректері қаншалықты сенімді қорғалған? Ақпарат сыртқа таралған жағдайда кім жауап береді? Ең бастысы, адам өзіне тиесілі деректердің қайда, қалай және қандай мақсатта пайдаланылып жатқанын бақылай ала ма?» деген сұрақтардың туындауы заңды.
AIQYN газетіне берген ресми жауабында Ішкі істер министрлігі жеке деректердің қорғалуы мен алаяқтыққа қарсы күрес ведомство жұмысының басым бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
«Интернет-алаяқтыққа қарсы іс-қимыл Қазақстан Республикасы құқық қорғау органдары қызметінің басым бағыттарының бірі болып табылады.
Бұл саладағы мемлекеттік саясат киберқылмыстардың алдын алуға, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, заңнаманы жетілдіруге, сондай-ақ халықтың цифрлық және қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Ішкі істер министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, қаржы ұйымдарымен және байланыс операторларымен бірлесіп, алаяқтық схемаларды анықтау және жолын кесу, күмәнді қаржылық операцияларды бұғаттау, сондай-ақ азаматтарға келтірілген залалды өтеу бойынша кешенді шаралар қабылдауда.
Сонымен қатар заңнама жетілдірілуде. Атап айтқанда, 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап дропперлік үшін, яғни банк шоттары мен төлем құралдарына қолжетімділікті заңсыз беру және оларды заңсыз пайдалану әрекеттері үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, трансұлттық қылмыстық топтарды анықтауға және алаяқтық колл-орталықтардың қызметін тоқтатуға ерекше назар аударылуда.
Бұдан бөлек, еліміздің барлық өңірінде азаматтарды интернет-алаяқтық тәсілдері мен дербес деректерді қорғау шаралары туралы ақпараттандыруға бағытталған жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Қабылданып жатқан шаралардың негізгі мақсаты – интернет-алаяқтықтың алдын алу, азаматтарды қаржылық шығындардан қорғау және цифрлық ортадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – делінген органның ресми жауабында.
Ал ІТ саласының сарапшысы, журналист Мейіржан Әуелханұлының айтуынша, азаматтардың жеке деректері қағаз жүзінде қорғалғанымен, іс жүзінде әлсіз. 2013 жылы қабылданған «Дербес деректер және оларды қорғау туралы» заң бар, уәкілетті орган бар, бірақ нәтижесін фактілер көрсетеді.
– 2025 жылдың маусымында TSARKA Group вице-президенті Еңлік Сатиева 16 миллионға жуық жазба ашық қолжетімділікке шыққанын мәлімдеді, бұл іс жүзінде ересек халықтың бәрі дерлік. 2026 жылы тағы бір сатушы eGov базасының дампы деп жариялап, «2026 жаздың басына дейінгі» деректерді сатуға шығарды; министрлік мемлекеттік жүйелерден ағып кетуді жоққа шығарды, бірақ деректің өзі айналымда жүр, – дейді сарапшы.
Оның айтуынша, жауапкершілік тым жеңіл. Миллиондаған адамның дерегін жоғалтқан оператор әкімшілік айыппұлмен құтылады. Премьер-министр Олжас Бектенов қаржы ұйымдары, ұялы операторлар мен жеке бизнес үшін де жазаны қатайтуды тапсырды – яғни билік өзі де осы олқылықты мойындайды. Ал ең осал тұс – мемлекет емес, жеке сектор.
– Бұрынғы ағып кетулер негізінен қызмет көрсету саласы мен микроқаржы ұйымдарының базаларынан болған. Біз ЖСН мен телефонды жеткізу қызметіне де, кредит алғанда да, фитнес-клубқа жазылғанда да қалдырамыз. Бір жерде тесік болса, бәрі ағады. Бізде деректі аз жинау принципі жұмыс істемейді. Тәуелсіз реттеуші жоқ. Заң бойынша – деректі жинаған оператор: банк, МҚҰ, ұялы оператор, маркетплейс, мемлекеттік орган. Жүйені тексеретін мемлекеттік органдар – Ақпараттық қауіпсіздік комитеті мен Мемлекеттік техникалық қызмет, қылмыстық істі ҰҚК жүргізеді. Бірақ «кім жауапты?» деген сұраққа көбіне «ешкім» деген жауап шығады. Ағып кетудің нақты көзі көбіне ресми түрде аталмайды, зардап шеккен азаматқа ешқандай өтемақы төленбейді, ал оператор «деректер ескі» деген формуламен құтылады. Еуропадағы GDPR үлгісінде оператор 72 сағат ішінде хабарлауға және
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Ляззат Жылқыбаева осы мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры Б.Асыловқа, Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Ж.Мәдиевке депутаттық сауал жолдады. Оның айтуынша, еліміздің жаңа Конституциясында алғаш рет әр адамның жеке және отбасы құпиясының қорғалуына, сондай-ақ дербес дерегінің заңсыз жиналуы мен пайдаланылуынан қорғау құқығына заңмен кепілдік берілген.
– Бұл – адамның құқығы мен бостандығын қорғауға бағытталған маңызды конституциялық норма. Цифрлық дәуірде бұл кепілдіктің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Мемлекет басшысы бастаған өзгерістердің түпкі мақсаты – азаматтың құқығын күнделікті өмірде нақты қорғау. Сондықтан конституциялық кепілдіктер әрбір мемлекеттік органның, әрбір ұйымның жұмысында орындалуға тиіс, – деді депутат.
Сонымен қатар депутат 11 қазанда Ресейдегі «Яндекс» компаниясының дата-орталықтарына жасалған шабуылдардан кейін ел азаматтары аталған компанияның такси және жеткізу қызметтеріне қол жеткізе алмағанын айта келіп, қазақстандықтардың жеке деректерінің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтау керектігіне назар аударды.
– Министрлік қазақстандық пайдаланушылардың дербес деректері сақталатын серверлер ел аумағында орналасқанын және қалыпты жұмыс істеп тұрғанын мәлімдегенімен, сервистердің жұмысына қажетті кейбір компоненттердің Қазақстаннан тыс жерде екенін растады. Күн сайын азаматтардың телефон нөмірі, мекенжайы, жүріп-тұру бағыты мен төлем деректерін өңдейтін сервистің шетелдегі бір ақаудан тоқтап қалуы бұл деректердің нақты қай елде, қандай құқықтық режимде өңделетінін ашық анықтауды талап етеді, – деді ол.
Депутаттың айтуынша, азаматтардың жеке деректерінің ашық жариялануы жиі қайталанады және жеке деректерді алу үшін ақпараттық жүйені бұзудың да қажеттілігі жоқ. Оларды қорғауға тиіс ұйымдардың өздері ашық жариялаған.
– Жақында Қызылорда облысының Шиелі ауданында жеті білім беру ұйымы медициналық тексеру қызметін сатып алу кезінде 529 қызметкердің дербес деректерін мемлекеттік сатып алу порталында ашық жариялаған. Ал Семей қаласында 31 мектептің сайтында 3 752 қызметкердің және 344 кәмелетке толмаған баланың деректері ашық қолжетімді болған. Жарияланған құжаттарда аты-жөні, жеке сәйкестендіру нөмірі, туған күні, мекенжайы және телефон нөмірі сияқты мәліметтер қамтылған, – деді Ляззат Жылқыбаева.
Депутат, әсіресе балалардың мәліметтеріне мұқият қарау қажеттігін және баланың тұратын жері, оқу орны, денсаулығы мен отбасының әлеуметтік жағдайы туралы ақпараттың таралуы оның қауіпсіздігіне де, жеке өміріне де қауіп төндіруі мүмкін екенін ескертті. Сонымен қатар ол Бас прокуратураға жеке деректердің қорғалуы және таралу фактілері анықталған жағдайда олардың заңдылығын тексеру, талаптардың сақталуы және олардың іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету мәселелеріне қатысты бірқатар шара қабылдау керектігі туралы ұсыныс айтты және депутаттық сауалға жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша түрде ұсынуды сұрады.
– Цифрлық мемлекетке деген сенім азаматтың өз деректерінің қорғалатынына деген сенімінен басталады, – деді депутат.
Әрине, депутаттың сауалына құзырлы орган өкілдері белгіленген тәртіппен жауап берері, атқарылған істер мен жоспарлар жайлы мәліметтер ұсынары сөзсіз. Дегенмен сөз басында айтқанымыздай, қоғамның қырағылығы өте маңызды. Сонымен бірге азаматтар мен мемлекеттің, саяси институттардың тізе қосқаны да өзекті. Өйткені жеке деректердің қорғалуы ұлттық қауіпсіздік компонентінің бірі саналады. Ал «Әділет» партиясы өзінің сайлауалды бағдарламасында цифрлық мемлекетті дамытуға көңіл бөлетінін, дербес деректерді қорғау деңгейін арттыра беретінін көрсеткен. Бағдарламада «Жасанды интеллектіге сүйенетін цифрлық алаяқтыққа қарсы ұлттық жүйе құру» бастамасы да бар. Біздің пайымдауымызша, партияның бұл бастамасы жедел түрде жүзеге асырылар болса, жеке деректерді қорғау деңгейіміз тағы бір сатыға көтерілері сөзсіз.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қазан 2026 05:21 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















