Асқарбек Құсайынов: Бала оқығанын тұрмыста пайдаланбаса олқылық
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Біле тұра, бұған бас ауыртқымыз келмейтіні соншалық, қазір тіпті жауапкершіліктің өзін күнделікті күйбең тірлікке жаба салатынды шығардық. Ал ел ертеңінің еңселі болмағы – ұрпақтың естілігінде. Оны мұғалімдердің тамыз конференциясына тұңғыш рет қатысқан Мемлекет басшысы да шегелеп тұрып айтты. Оның үстіне, дәл осы білім беру саласы тәуелсіздік жылдары ең көп реформаны бастан өткерді. Сондықтан болар, ағарту саласына айтылатын алғыс та, арыз-шағым да аз емес. Осыны ескергендіктен, біз қазіргі білім беру саласының сапасы мен ағарту саласының ақсап жатқан тұстарын түгендеу үшін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан педагогикалық ғылымдар академиясының президенті Асқарбек Құсайыновты әңгімеге тартып, сұхбат құрған едік.
– Асқарбек Қабыкенұлы, білім сапасын көтеру – мемлекеттік маңызы бар міндет. Оған ел Президенті ерекше көңіл бөліп отыр. Қазақстандық оқушылардың білім сапасы қазір халықаралық бағалауда қандай деңгейде?
– Алдымен осы тақырыпты көтеріп отырған Aiqyn газетінің шығармашылық ұжымына алғыс айтамын. Ал нақты мәселеге келер болсақ, білім сапасына қазір халықаралық зерттеулер, яғни PISA зерттеуі негіз болады. Осы зерттеулерді сараласақ, қазақстандық оқушылардың PISA 2022 зерттеуіндегі көрсеткіштері 2012 жылғы зерттеумен салыстырғанда, өкінішке қарай төмендеп кеткен. Бұл кейінгі 10 жылдағы білім сапасының ахуалы. Ал PISA зерттеулері сапаны оқушылардың оқу, жаратылыстану және математикалық сауаттылықтарын 6 деңгейлік тапсырмалар негізінде анықтайды. Оның 1-4 деңгейлері, негізінен, алған білім деңгейін анықтауға бағытталса, 5-6 деңгейлік тапсырмалары – оқушылардың алған білімін өмірде қалай пайдалана алатынын және құзыреттерінің қалыптасу деңгейін анықтайды. Өкінішке қарай, PISA 2022 зерттеуінде қазақстандық оқушылардың тек 3-4%-ы ғана 5-6 деңгейлік тапсырмаларды орындай алған, ал 96-97%-ы мұндай тапсырмаларды орындай алмаған. Осыдан-ақ елдегі оқушылардың білім деңгейін өзіңіз бағамдай беріңіз...
– Сонда бізде білім сапасы неге төмен, оның себебі неде?
– Басты себеп, біз балаға білімді оның психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес бермей отырмыз. Біз 2003 жылдан бері жүргізілген PISA зерттеулерінің нәтижелерін саралап, білім сапасы озық елдерді анықтадық. Олар: Сингапур, Макао (Қытай), Жапония, Оңтүстік Корея, ҚХР, Гонконг (Қытай), Эстония, Канада, Финляндия және Польша елдері. Алдымен осы елдердің білім беру модельдеріне жүгіндік. Сөйтсек, бұл елдерде білім беру моделі балалардың психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктеріне сәйкес қабылданған. Мәселен, 6-11 жас аралығында балалардың бойында назар салу, ойлау, есте сақтау, сөйлеу сияқты танымдық және психикалық процестер дамып, жас өркеннің әртүрлі ғылымның негіздерін меңгеру үшін қажетті қабілеттері қалыптаса бастайды. 12-14 жас аралығында олардың ойлау қабілеттері жетіліп, өз бетімен жұмыс істеу қабілеттерінің қалыптасуына байланысты оқу іс-әрекеті жаңа деңгейге көтеріледі. Ал 15-17 жас аралығында оқушы өзін-өзі таниды, өмірлік жоспарлар құрады, оқуға деген қызығушылығы артады, соның негізінде қалаған білімін терең меңгеруге талпынады. Жоғарыдағы елдерде балалардың осы даму ерекшеліктері ескеріліп, 6+3+3 делінетін білім беру моделі қабылданған. Демек, олар 6 жыл (6-11 жас аралығы) – бастауыш мектепте, 3 жыл (12-14 жас) – орта, 3 жыл (15-17 жас) – жоғары мектепте білім алады. Ал Қазақстанда 4+5+2 моделімен жұмыс істейтін 11 жылдық білім беру жүйесі қалыптасқан. Бір қызығы, әлемнің бірде-бір елінде мұндай модельмен білім беретін мектеп жоқ, себебі бұл модель бойынша оқыған балалар жақсы білім ала алмайды деп есептелінеді.
– Осы айтқандарыңызды нақты бір мысалмен дәлелдей аласыз ба?
– Әрине! Бізде бастауыштан көшіп, 5-сыныпқа барған оқушылардың білімі күрт төмендейді. Себебі бізде 10 жасында бастауыш мектепті бітірген балалар орта мектептің 5-сыныбына келеді. Онда ғылымның негіздері берілетін түрлі пән оқытылады. Ол пәндерде берілетін білім мазмұны балалардың психологиясы мен физиологиялық даму ерекшелігіне сәйкес келмейтіндіктен, оқушы ол пәндерді түсіне алмай жатады. Мұғалімдер қанша тырысса да, оқушы қанша талпынғанымен, оларды түсіну өте қиын. Бұл –мектеп өмірінде бар шындық, оны барлығымыз да білеміз, көріп жүрміз. Ал 5-6-сыныптарда берілетін білімді дұрыс меңгермеген оқушылар жоғары сыныптарда жақсы оқып кете алмайды, себебі алынбаған білім олқылығы әсер етеді.
– Сонда біздің елдің білім беру саласында жаңашылдық, өзге елдермен салыстыратындай өзгешеліктер жоқ дегіңіз келе ме?
– Жалпы, балаларға білім беру педагогикалық тұрғыдан аса күрделі процесс. Мысалы, барлығымыз мектепте химия пәнін оқыдық. Менделеевтің периодтық жүйесін жаттадық. Енді осы пәнге қатысты бірер қарапайым сұрақ. Күнделікті өмірде пайдаланылатын сұйық сабындардың сыртында оның химиялық құрамы жазылған. Біз соларға қарап бір сабынның екінші сабыннан қандай айырмашылығы бар екенін айта аламыз ба?! Ойланатын дүние... Егер де оқыған-тоқыған дүниені күнделікті тұрмыста пайдаланбайтын болсақ, онда оны не үшін оқыдық? Көрдіңіз бе?! Дәл осы секілді басқа пәндерге қатысты да көп мысал келтіруге болады. Осы жайларды білген танымал ғалымдар кезінде қатты күйзелген. К.Ушинский: «Біз кез келген жарамсыз қоқысты баланың басына құя береміз, ал бала оны қалай пайдалануды білмейді» десе, В.Бацын: «Бала өмірінің ең маңызды шағында 10-11 жыл бойы мектепте алған білімінің 90%-дан астамы жарамсыз болып қала береді» деп бекерден-бекер жазбаған болар...
– Ал бұл түйткілдердің түйінін дамыған елдер қалай шешіп отыр?
– Біз Қазақстан мен Ұлыбританияда биология пәні қалай оқытылатынын сараладық. Бұл пән де күрделі пәндердің бірі. Екі елде де Биология пәнінің «Тыныс алу» бөлімі бар. Міне, осы тақырып бойынша Қазақстандық оқулықта 11 тақырып берілген болса, Ұлыбритания оқулығында 3 қана тақырып берілген. Бізде әр тақырыпты оқығанда көп көлемде ақпарат беріледі және олар ғылыми сипатта болады, ал Ұлыбританияда көлемді ақпарат берілмейді, әр тақырып тәжірибеге бағытталып, өмірлік жағдаяттармен байланыстырылып оқытылады. Бұл тақырыпта оқығанда дұрыс тыныс алу балалардың өміріне қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге көп көңіл бөлінеді. Бұл біздің мектепте оқушыларға әр пән бойынша көп білім, көп ақпарат берітінімізді, есесіне «оқушылардың құзыреттерін қалыптастырып, нәтижеге бағытталған білім беру» парадигмасына өте алмай келе жатқанымызды көрсетеді. Бұл – өте өкінішті жағдай. Алдағы уақытта енгізілуге жоспарланып жатқан жаңа білім беру стандарты мен оқу бағдарламарының сапасына, ғалымдар мен мұғалімдар тарапынан сыни пікірлер көп айтылды. Бірақ, өкінішке қарай олар ескерілмей келеді.
– Сонда біздің білім беру саласына жауаптылар дамыған елдердің тәжірибесін білмей ме, зерттемеген бе, әлде бұның басқа сыры бар ма? Құпия болмаса, айтыңызшы...
– Біз Қазақстан мен Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия және Канада елдерінің 7-9-сыныптарда оқитын пәндері мен олардың жүктемелерін салыстырдық. Бір ғана жағдайға көңіл аударайық. Бұл елдерде осы сыныптарда 4-6 негізгі пән оқытылса, бізде 7-8-сыныптарда 13, ал 9-сыныпта 14 негізгі пән оқытылады. 7-9-сыныптарда химия, биология, география пәндері бізде жеке-жеке пән ретінде 578 сағат көлемінде оқытылатын болса, жоғарыдағы елдерде осы пәндер топтастырылып ғылым пәні ретінде 1,8 есе аз, тек 324 сағат қана оқытылады. Осыған қарамастан, бұл елдердің оқушыларының жартылыстану сауаттылығы біздің оқушылардың жартылыстану сауаттылығына қарағанда әлдеқайда жоғары екенін PISA зерттеулері көрсетіп тұр. Енді жоғары сыныптарға келейік. Бізде жоғары, яғни 10-11-сыныптарда балалар 2 жыл оқиды, ал бұл елдерде жоғары мектепке 10-12-сыныптар жатады, яғни балалар 3 жыл оқиды. Біз еліміздің жоғары мектебі мен бұл елдердің жоғары мектебін мүлде салыстыра алмаймыз. Себебі олар өзгеше жұмыс істейді. Бізде оқушыларға жаратылыстану, математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша білім беру қарастырылған. Осы екі бағытта 78-89% көлемінде бірдей пәндер оқытылады, шынын айтқанда, бірдей білім беріледі. Ал бұл елдерде 10-12-сыныптардың басты мақсаты – оқушылардың болашақта таңдаған мамандығын университеттерде жақсы меңгеруіне қажетті білім беріледі. Мысалы, инженерлік мамандықты таңдаған оқушылар мен дәрігерлік мамандықты таңдаған оқушылар 3 жыл бойы бөлек жеке оқу бағдарламаларымен білім алады.
– Демек, біздегі нақты ғылым мен техникалық білім-ғылымның дамымай отырғанына осы себеп дегіңіз келеді ғой?
– Өкінішке қарай, солай. Біздің техникалық университеттерді тәмамдаған жүздеген-мыңдаған инженердің бірде-бірі осы күнге дейін бір қарапайым кір жуатын машина жасап шығарды ма?! Немесе «Қазақстанда жасалған» деген бізде әлемдік брендтер бар ма?! Жоқ. Себебі техникалық университеттерге келген жас түлек мектепте ешқандай арнайы білім алмағандықтан, университеттерде берілетін білімді терең меңгере алмайды. Ал дамыған елдерде техникалық университеттер бір мамандықтың өзін екі түрлі оқу бағдарламалары негізінде даярлайды. Бірі өндірісте жұмыс істейтін инженерлер, екіншісі ғылыми-инженерлер. Бізде тек өндірісте жұмыс істейтін инженерлер дайындайды, бірде-бір университет ғалым-инженерлер дайындамайды. Оларды оқыту бағдарламалары университеттердің оқу процесіне енгізілмеген. Себебі ондай оқыту бағдарламаларын мектептен келген түлектер меңгере алмайды. Біз, өкінішке қарай, бұл елдерден техникалық кадрлар дайындауда бір саты артта қалып келеміз. Бізде әлі ғалым-инженерлер дайындау жұмыстары басталған жоқ. Елдің ғылыми-техникалық дамуда кенже қалып келе жатуының басты себебі – осы.
– Қазір елімізде көптеген шетелдік ЖОО-ның филиалдары ашылып жатыр. Енді осы оқу орындарында оқыған жастарымыз жақсы білім алатын болар?
– Жоқ, ала алмайды. Рас, кейінгі жылдары елімізде шетелдердің танымал университеттерінің филиалдары ашылып жатыр. Біз қазірдің өзінде осы филиалдарда оқитын жастарымыз сол елдерде оқитын студенттер сияқты жақсы білім ала алмайтынын, ауыр да болса, ащы шындық ретінде ашық айтуымыз керек. Себебі ол елдерде бұл университеттерге мектепте 12 жыл оқыған және оның соңғы 3 жылында, сол университеттерде оқытылатын күрделі пәндерді терең меңгеруге қажетті арнайы білім алған түлектер келеді, ал біздің түлектер мектепте ондай білім алмайды. Сондықтан олар университетте жақсы білім ала алмайды.
– Түсінікті. Асқарбек Қабыкенұлы, Мемлекет басшысы 2020 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: «Қазақстан оқушылардың білім деңгейін халықаралық бағалауда дамыған елдерден айтарлықтай артта қалды. Оның басты себебі – осы аса маңызды салада жүйелі және ойластырылған реформалардың жоқтығы» деп атап көрсетті. Сіздіңше, қазір елімізде қандай реформа жүргізілу керек және оны қалай жүргізу керек деп ойлайсыз?
– Иә, расымен, Мемлекет басшысы айтқандай, жүйелі және ойластырылған реформа жүргізу керек. Біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың орта білім сапасын көтеру мақсатында ойластырылған жүйелі реформа жүргізу туралы айтқан ұсынысын толық қолдаймыз. Білім сапасын көтеру үшін басқа да шешілуі қажетті проблемалардың бар екенін білеміз. Бірақ жоғарыда айтылған проблемалар шешілмей білім сапасын дамыған елдердің сапасы деңгейіне көтере алмаймыз. Еліміздің мектептерінде жүздеген-мыңдаған дарынды жақсы ұстаз бар. Біздің балаларымыздың білім алу қабілеті өте жоғары. Әрі оны әлем мойындап отыр. Ал осы оқушыларымыздың білім сапасының әлемдік деңгейде төмен болуына олардың да, оларды оқытып отырған мыңдаған мұғалімнің де ешқандай кінәсі жоқ. Оған білім сапасының идеологиясын жасап отырған идеологтар кінәлі. Олар еліміздің орта білім беру сапасын көтерудің дұрыс жолын көрсете алмай келеді. Сондықтан жүйелі реформа жүргізгенде алдымен оқушыларға жас ерекшеліктеріне, яғни олардың психологиялық-физиологиялық даму ерекшеліктерін ескере отырып, олар меңгере алатын білімді ғана беру керек. Сонымен бірге олардың бойында бар қабілетін, құзыретін дамыта отырып, алған білімін өмірде пайдалана алатындай етіп беру керек. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың құзыретін қалыптастыра отырып, нәтижеге бағытталған білім беруге негізделген, 12 жылдық білім беру моделіне көшу керек. Бұл – әлемнің дамыған елдерінде іске асырылған дүние. Бізге жаңа бір дүние ойлап табудың қажеті жоқ. Сол елдерді зерттеп, сол зерттеу нәтижелерін өзіміздің ұлттық ерекшелігімізді, ұлттық қарым-қабілеттеріміз бен қасиеттерімізді ескере отырып қана іске асырсақ болды. Ниет болса, бұл жұмыстар да іске асар. Мұндай зерттеулер жүргізу үшін көп қаражат қажет емес. Бұл техника саласында емес, педагогика саласында жүргізілетін зерттеулер ғой. Оған атом электр стансасын салуға қажетті қаражаттың мыңнан бір бөлігі ғана жетеді. Ал соның негізінде, жас ұрпаққа әлемдік деңгейде сапалы білім беретін болсақ, онда озық білім алған жастарымыздың ел экономикасына беретін пайдасы қазіргіден мыңдаған есе артық болар еді. Әлемнің барлық озық елдері «білім – білік – дағды» парадигмасынан кетіп, білім берудің жаңа парадигмасына өткеніне 30 жылдай уақыт болса да, біз әлі бұл парадигмаға өте алмай, оқушыларға сапалы білім бере алмай отырмыз. Демек, білім сапасын көтеруде осы елдерден осынша уақыт артта қалып келе жатқанымызды мойындауымыз керек.
– Сіздіңше, сонда қазір не істеуіміз керек?
– Қайталап айтамын, 6+3+3 моделімен жұмыс істейтін 12 жылдық мектепке көшу керек. Болды. Ал қазір бізде 12 жылдық мектеп туралы әңгіме көтерілетін болса, біраз жұрт қаражат жоқ деп бұл мәселенің шешілуін кейінгі сырып, кешеуілдете береді. Мен бұны ел келешегін, ұрпақ болашағын ойламайтын және білім беру проблемасын мүлде түсінбейтін жандардың пікірі деп есептеймін. Шетелдердің озық тәжірибелерін ескере отырып, 12 жылдық мектепке өтуді 4 кезеңде іске асыруға болады. Алдымен 2 жыл көлемінде тиянақты ҒЗЖ жүргізіп, бастауыш мектептің білім мазмұнын жасап, 1-сыныптың оқу құралдарын дайындау керек. Екінші кезеңде, жыл сайын бір сыныптан жаңа оқу бағдарламасына көшу және 7-9-сыныптардың білім мазмұнын жасау қажет. Үшінші кезеңде 7-9-сыныптардың өтуін қамтамасыз етіп, 10-12-сыныптардың білім бағдарламасын жасау керек. Сосын төртінші кезеңде 10-12-сыныптардың өтуін қамтамасыз етсек болды. Сонда мектептерге 12-сыныпта оқитын оқушылар 12 жылдан кейін ғана келетін болады. Ол уақытта елімізде қосымша бір сыныпты оқытуға қажетті жағдай болады деп есептейміз. Осындай реформа жүйелі түрде жүргізілетін болса, онда алдағы 7-8 жылда бастауыш мектеп оқушыларына озық елдер деңгейіндегі білім бірілетін болады. Бастауыш мектепте алған білім жалпы білімнің мықты тұғыры болады да, алдағы уақытта қазақстандық оқушылардың білім сапасы жоғары деңгейге өзінен-өзі сатылап көтеріле береді. Балаларымыз сапалы білім алатын болса, еліміздің ғылыми-техникалық әлеуеті мен экономикасы өсіп, халықтың әл-ауқаты да түзелері сөзсіз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Бекәлі ЖӘДІК
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:46
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 06 Қараша 2025 07:40 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















