Еркін Жуасбек, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры: Өнердің бояуы ұлттық реңктен алшақтамауға тиіс
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Осылайша, келер жылы өнер ордасы өзінің ғасыр жасын тойлайды. Біз мерейтойлық маусым қарсаңында театр басшысы Еркін Тілеуқұлұлына қара шаңырақтағы маңызды өзгерістер мен алда күтілетін ауқымды мерекеге дайындық барысы туралы сауал қойдық.
– Еркін Тілеуқұлұлы, келер жылы қара шаңырақ өзінің ғасыр жасына қадам басады. Осыған орай жөндеу жұмысына жабылған тарихи ғимараттың ашылуын асыға күткендер көп. Өнер ордасы алда нендей жаңа өзгерістермен оралмақ?
– Театр ғимаратында күрделі жөндеу және реконструкция жұмысы жүргізіліп жатқанына бір жыл болды. Дегенмен шығармашылық тоқтаған жоқ. Театр ғимараты жөндеу жұмысына жабылғаннан кейін де Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұжым Алматы мен қала маңындағы елді мекендерге, сондай-ақ еліміздің барлық облыс орталығына гастрольдік сапар ұйымдастырды. Одан бөлек, шекара асып, Қырғызстан, Өзбекстан, Қарақалпақстан елдерінде де спектакльдерімізді сахналап қайттық. Театр өмірі үзілген жоқ, керісінше жұмыс жалғаса береді.
Үлкен жаңалығымыз – күні кеше Республика сарайында театрымыздың 100-маусымын салтанатты түрде аштық. Бұл – қазақ театры тарихында тұңғыш рет өткен елеулі оқиға. Кеште Асанәлі Әшімов бастаған актерлер ұжыммен өнер көрсетіп, репертуардағы спектакльдерден үзінділер ұсынды. Бір жыл бойы өз театрын сағынған көрермен үшін бұл – үлкен мереке.
– Театр алғаш өз шымылдығын «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашқанын білеміз. Бір ғасыр бұрын сахналанған туындының тарихи маңызын таразылайтын кезең келген сыңайлы...
– 2026 жылдың 13 қаңтарында, дәл театрдың туған күнінде 100 жыл бұрын қойылған «Еңлік-Кебек» спектаклін көрерменге қайта ұсынамыз. Қойылым М. Лермонтов атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрының сахнасында өтеді. Театрымыздың 100 жылдығы және «Еңлік-Кебек» спектаклі туралы ауқымды ғылыми-тәжірибелік конференция өткізуді көздеп отырмыз. Бұл – сахна өнерінің тарихына қайта үңілетін күн.
100 жылдың ішінде бұл классикалық туынды неше рет өңделді, автор пьесаның қанша нұсқасын ұсынды, әр кезең режиссерлері мен актерлері спектакльге қандай жаңа тыныс әкелді – осының бәріне тың көзқараспен баға бергіміз келеді. Яғни, «Еңлік-Кебектің» 100 жыл бұрынғы алғашқы сахналық күйі мен бүгінгі заманауи түсініктегі интерпретациясына ғылыми тұрғыда көз тастап, ол туралы ғалымдарымыздың арасында сөз болса екен дейміз. Өйткені 100 жылдық дегеніміз – қазақ сахна өнерінің кешегі мен бүгіні жинақталатын үлкен меже. Сонымен бірге мерейтойға байланысты Мәдениет және ақпарат министрлігімен келісілген бұдан өзге де іс-шаралар бар. Бірақ театр ғимаратының күрделі жөндеуден өтуіне байланысты оның барлығы 2026 жылдың қараша айына жоспарланған.
– Демек, театр ғимараты келер жылдың қараша айында іске қосылады ғой?
– Иә, келер жылы театр ғимаратының жөндеу жұмысы аяқталып, қараша айында іске қосылады деген жоспар бар. Біз ғасыр тойымызға орай дүниенің төрт бұрышында аты шыққан театрларды қонаққа шақырып, елімізде әлемдік театр фестивалін өткізсек, кеште театрымыздың 100 жылдығымен бірге тойланатын спектакль қойсақ деген ниетіміз бар. Театр өнері үшін спектакль көрсетуден басқа қандай той болуы мүмкін?! Қазір театрымыздың драматургия бөлімімен бірлесіп «Әуезов және театр» атты жаңа пьесаны жазып аяқтадық. Аталған пьеса көркемдік кеңестің талқылауынан өтті. Енді келер жылдың қараша айына дейін осы спектаклімізді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Шын мәнінде, театр қалай құрылды, оның арғы тегі қайдан келді, театр құрылатын уақытта алғашқы режиссерлер мен актерлерді қайдан тапты, олардың басын қосқан кім, шығармашылық ұжым қандай жағдайда жұмыс істеді – міне, осының барлығы бір қойылымда тоғысатындай спектакль болса екен дейміз.
– Осыған дейін жөндеу жұмысы туралы жаңалықты естіген көрермен көкейінде «театрдың архитектуралық және рухани аурасы сақтала ма?» деген сұрақ пайда болды. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Театрдың бастапқы келбетін сақтау – күрделі жөндеу мен реконструкция жұмысының ең басты шарты. Өйткені театр ғимараты еліміздің архитектуралық сәулет ескерткіші болып саналады. Оның сыртқы көрінісін өзгертуге ешкімнің құқығы жоқ. Әрине, театрдың ішкі және сыртқы келбеті толығымен сақталады. Жаңаратын басты дүние – технологиясы. Сахна үлкен компьютердің күрделі жүйесі сияқты. Оның көтеріліп-түсірілетін алаңдары, айналмалы сақиналары, жарық пен дыбыс күшейту механизмдері заманауи талапқа сай модернизациядан өтеді. Сахна технологиясы қазіргі жаңа мүмкіндіктерді қолдануға мүмкіндік береді. Реконструкцияның ең басты мақсаты да сол – технологиялық жаңару.
Театр – көрермен рухани демалып, ерекше күй кешетін кеңістік. Өткен ғасырда салынған ғимараттың жылдар өте келе жылу ұстау қабілеті төмендеді. Жер сілкінісі мен терроризмге қарсы қауіпсіздік талаптары қазіргі стандартқа сай емес. Оның үстіне, театрдың дәл жанынан қазба жұмысы жүргізіліп, метро құрылысы өтті. Мұның бәрі ғимараттың сейсмикалық төзімділігіне әсер етіп, қабырғаларда сызаттар пайда болуына себеп болды. Осы факторлардың барлығын мұқият сараптай келе, театрды бастапқы қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Біз екі жыл бойы жобалау жұмысына жан-жақты зерттеу жүргіздік. Көпшілік тарапынан алаңдаушылықтың болуы да заңды. Алайда мен ешкім уайымдамаса екен деймін. Театр өзінің рухани әрі сәулеттік болмысын жоғалтпайды.
– Құрылысқа қолданылатын жабдықтардың қанша пайызы отандық өндіріске тиесілі?
– Күрделі жөндеу жұмысында қолданылатын жабдықтардың 80 пайызы қазақстандық өнім, ал қалған озық үлгідегі технологиялар шетелден алдырылады. Бұл тұста айтып өтетін маңызды жайт, жөндеу жұмысына қажетті дүниелердің арасында Қытайдың арзанқол өндірісімен алмастырып қоя салуға келетін зат жоқ. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы бұл мәселеге тікелей өзі мұрындық болып, театрға орнатылатын құрылғының барлығы тек әлемдік деңгейдегі озық технологиямен ауыстырылуы тиіс екенін тапсырды. Мәселен, BI компаниясына министрлік тарапынан дәліздегі үлкен жарықшамның түпкі өндірушісіне дейін анықталсын деген талап қойылды. Дәлірек айтсақ, реставрация жұмысы бір кездері театрымыздың жабдықтарын жасаумен айналысқан мамандардың қайта араласуымен жүзеге асырылып жатыр.
– Сыртқы өзгеріс әрдайым ішкі өзгеріспен қатар жүруге тиіс. Бұл пікірді театрдың қазіргі жағдайы тұрғысынан қарастырсақ, алда нендей жаңашылдықтар болуы мүмкін?
– Театр құрылысымен байланыстырып айтар болсақ, ең алдымен, көрерменге жағдай жасалады. Қазіргі театр ғимараты кеңестік кезеңде салынған. Бұл уақытта не нәрсенің болса да ауқымды болғанын қалаған заман. Ал қазір біз театр ғимаратын ауқымдылықтан гөрі жайлылыққа ауыстыруды мақсат етіп қойдық. Мәселен, осыған дейін көрермен залындағы екі балконда үш қатар орындық бір-біріне тым жақын орналасқан еді. Қонақтарымыз үшін орындықтардың арасынан кіріп-шығу қиындық туғызатын. Енді біз орын санын азайтсақ та, әр көрермен өзін спектакльдің бір бөлігі ретінде сезінуіне жағдай жасамақпыз.
Сахнадағы жарық пен дыбыс жүйесі толық жаңартылады. Бұрын актердің дауысы он бесінші қатарға жету үшін айқайлап сөйлеуге мәжбүр болатын. Енді заманауи дыбыс жүйесі табиғи дауысты сол қалпында жеткізеді. Бұл спектакльдің көркемдік сапасын арттырады. Сол сияқты декорация да заман талабына сай түрленеді. Бұрын реквизиттерді қолмен жасасақ, енді сахналық көріністер «тірі» визуалды эффектілер арқылы дәл әрі шынайы беріледі. Қарапайым смартфонның өзі әлемді жоғары дәлдікпен көрсететін заманда театр да сол биіктен табылуға тиіс.
– Театрға жаңа есімдерді тарту саясаты туралы айтып өтсеңіз. Алдағы уақытта актерлік құрамда өзгерістер күтіле ме?
– Кейінгі бір жылдан астам уақыт бойы театрымызда жаңа спектакльдер қоя алмағандықтан, жас таланттарды толыққанды іске қосуға мүмкіндік болмады. 2026 жылы театр ғимаратына қайта кірмей тұрып, штаттан орын дайындап, байқау жариялаймыз. Жұмысқа қабылдау барысында жоғары оқу орнын жаңа бітірген түлектерге ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріндегі театрларда қызмет етіп жүрген, өсуге ынтасы бар жас мамандарға да мүмкіндік береміз. Біз міндетті түрде театрды жаңартып отыруға тиіспіз. Театрды жаңарту дегеніміз – жаңа дарындарға жол беру. Сондықтан жас таланттарды тарту театрдың көркемдік кеңесінің келесі жылға арналған жоспарында бар.
– Кейінгі жылдары театрға өз бетінше билет сатып алып баратын көрермен қатары көбейді. Шығармашылық ұжым жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін билет құны өзгеруі мүмкін бе?
– 2025 жылдың қыркүйек айынан бастап Алматы мен Астанадағы барлық республикалық театрға билет бағасын өздері белгілеуге рұқсат берілді. Бұл дегеніміз – билет құны түгелдей дерлік өсіп кетті деген сөз емес. Баға спектакльдің деңгейі мен көрсетілетін қызмет түріне қарай анықталады. Әлеуметтік топтар үшін (студенттер, зейнеткерлер және т.б,) бұрынғы жеңілдік жүйесі сақталады. Мысалы, билет құны шамамен 1 000 теңге мен 10 мың теңгенің ортасында деп айтатын болсақ, оның барлығы қызмет түріне байланысты. Сәйкесінше, жайлы орындар мен VIP қатарлар үшін билет бағасы жоғарырақ. Көрермен арасында сұранысқа ие, үнемі аншлаг болатын қойылымдар үшін жеке категория қарастырылған.
– Көрермен саны артты десек те, әлі күнге дейін театрды «элиталық өнер» деп қабылдайтындар бар. Театр мен қоғам арасындағы байланысты нығайтуда қандай жұмыс атқарылып отыр?
– Біздің актерлеріміздің функционалдық міндетінде «театрды насихаттау» деген арнайы тармақ бар. Соған сәйкес, айына кем дегенде 5-6 рет көрермен мен актерлер арасында кездесу ұйымдастырамыз. Аудитория жас жеткіншектер, белгілі бір ұжым немесе компания болуы мүмкін. Гастрольдік сапарларға барған уақытта да міндетті түрде жергілікті оқу орындарымен кездесу ұйымдастырамыз. Қоғамда театрға деген қажеттіліктің артуы – осындай жүйелі жұмыстың нәтижесі.
Театр – ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан өміршең өнер. Теледидар, кино, интернет шықты дегенмен, театрдың орны ешқашан жоғалған емес. Біз көрерменге шынайы, сапалы қойылым ұсына білсек, ол әрдайым өз бағасын табады. Жарнама, насихат, көрерменді күтіп алу – мұның бәрі қызмет көрсету мәдениетінің бір бөлігі ғана. Бірақ көрерменді театрға жетелейтін ең басты күш оның жүрегі деп ойлаймын. Бүгінгі қарбалас тіршілікте бір сәтке болсын рухына үңілгісі келген көрерменнің көңіліндегі сұраққа жауап тауып, оны катарсиске жеткізе алсақ, театрдың болашағы жарқын болмақ.
– Әлеуметтік желінің әсері болар, қазір көрермен көрген дүниесінен эмоция іздеп тұрады. Бірақ өнер ой тудырады. Театр үшін осы екі құбылыстың қайсысы маңыздырақ?
– Өте қызық әрі өмір бойы зерттеліп келе жатқан сұрақ. Расында, бір спектакльге 500 адам келсе, олардың 500 түрлі талабы, 500 түрлі ойы және қойылымнан алған 500 түрлі әсері болады. Әр қойылымның өзінің діттеген мақсаты бар. Ең әуелі көрерменнің санасында аз да болса қозғалыс тудыру, ой салу. Ол ойды көрермен кейін күнделікті өмірде пайдалана алса, миссиямыздың орындалғаны. Қоғам қанша түрлі болса, олардың театрдан алатын әсері де әрқилы. Өз басым, қазір өнер көрерменнің назарына таласу үстінде келе жатыр деп ойлаймын. Енді оған әлеуметтік желі қосылды. Бүгінде кейбір көрермен үшін Абай атамыздың салмақты ойынан гөрі өзгелердің әлеуметтік желідегі жеке өмірі қызығырақ. Сондықтан бұл көрерменнің сапасына да байланысты. Егер театрға көрермен өз ықыласымен келсе, демек, қоғамның да санасы сапа тұрғысынан өсті деген сөз.
– Театр – әлеуметтік айна рөлін атқарушы мәнге ие. Сіз басқарып отырған театр қоғамдағы басты қарама-қайшылықтарды сахнада өз деңгейінде көрсете алып жүр ме?
– Білесіз бе, спектакльде белгілі бір мекенжай көрсетілмейді. Біз нақты бір әлеуметтік топқа жататын көрермен осы қойылымды көруі тиіс деп бағыттай алмаймыз. Тіпті, сонау жылдары сахналанған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» немесе «Еңлік-Кебек» секілді классикалық туындылардың өзінен бүгінгінің мәселелерін айқын көруге болады.
Қазір біз қоғамды сипаттауға құмармыз. «Бүгінгі жастар қандай?» десе, мың түрлі сипат айтуымыз мүмкін. Алайда сол айтылған сипаттың бәрін ежелгі ғашықтардың тағдырынан да табуға болады. Неге біз театрда Гамлетті, Аттиланы сахналаймыз? Өйткені классика – өткеннің ғана емес, қазіргі уақытқа дейін өзектілігін жоймаған мәселелерді жеткізуімен ерекше. Зұлымдық, жақсылық, махаббат, сенім мен күмән, қоғамдағы қақтығыс ешқашан ескірмейтін құбылыстар. Бұл сол заманда да болған, ал қазір бояуын өзгертіп, қайтадан орын алып жатыр. Қарап отырсаңыз, сол кезеңде де жастарға деген күмән мен сенімсіздік болды. Әр адам – жеке тұлға. Ал жеке тұлғаның жалпылама тәрбиеге бағына беруі екі ұдай. Сондықтан жалпылама тәрбиенің өзі қоғамның ортақ қасіретін көрсеткенде барып белгілі болады.
– Қазіргі жас режиссерлердің шығармашылық ізденісі мен қойылымдарының көркемдік деңгейін қалай бағалайсыз?
– Қоғамда қанағаттанбаушылық пікірдің бар екенін жоққа шығарғым келмейді. Мен оны заңды құбылыс деп есептеймін. Бірақ дүниенің барлық проблемасын тек театр көтеріп, оның бәрін шешуге жол ашады деу – асыра баға. Театр – ең алдымен, көркем өнер. Біз жылатып отырып күлдіретін, күлдіріп отырып терең ойға жетелейтін, жүрекке жол табатын өнердің иесіміз. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі жас режиссерлердің талпынысына, сахналық құбылысты құра алатын кәсіби шеберлігіне ешқандай дауым жоқ. Алайда біз – классикалық театрмыз. Біз шамамыз жеткенше театр өнерінің қаншама жылғы қалыптасқан қағидаттарынан бас тартпай, жалаң, жылтырақ дүниеге әуес болмай, осы күнге дейінгі бүкіл жетістігін жоққа шығармай жұмыс істеуге талпынатын ұжымбыз. Сахна өнерінің өзегі – әдемі сөз, дыбыс және әдеби тіл. Біз бұл құндылықтардан бір күнде қол үзіп кете алмаймыз.
– Өткенге көз салсақ, Әуезов театрының тарихында әр дәуір өзінше үн қалдырды. Сіздіңше, сол тізбекті жалғайтын қазіргі буынның «үні» қандай болуға тиіс?
– Әдебиетке де, өнерге де, музыкаға да қойылатын жалғыз талап – ұлтымыздың үнінен, сөзінен, тілінен ажырамауды дәріптеу. Сондықтан мен сахнаға шыққан қарабайыр тілді қаламаймын. Өз басым сахнадағы шұбарланған тілді түсінбеймін де, қабылдамаймын. Жылату үшін де, күлдіру үшін де қазақ тілінің үнінің шамасы жеткілікті. Сондықтан «қайтсем көрерменге ерекше көрінем?» деген ұмтылыстың ниетінен тілімізге, үнімізге нұқсан келтірмеуге тырысуымыз керек. Заман қанша жаңғырып кетсе де, тіпті қоғам басқаша сөйлеп кетсе де, ұлтымыздың қасиетін сақтау және оны дәріптеу – басты міндетіміз. Қазір театрға жаңадан келетін ең жас актерге де қойылатын талап – ұлттық деңгейдегі талап. Өнердің бояуы ұлттық реңктен алшақтамауға тиіс.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:52
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 18 Қараша 2025 09:03 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















