Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейді: АҚШ пен Иран өзара соққы алмасты

Президент Қасым Жомарт Тоқаев Сириус Роза Хутор фестиваліне қатысушыларды құттықтады

Вьетнамда туристік катердің апатқа ұшырауынан 15 адам көз жұмды

Аптаның ең әсерлі фотосуреттері: Reuters ұсынған 6 үздік кадр

Алматыда күмәнді әрекет нашақорды полицияға ұстап берді

Үкімет Астанаға 16 миллиардтан астам қаражат бөлді олар неге жұмсалады

Ұшақта турбуленттілік дерлік сезілмейтін қатар аталды

Бәрін қазып тастады Астана циркінің маңында не болып жатыр

Altai Fest: полицейлер Қатонқарағайда 50 мыңнан астам адам жиналған фестивальден үйге аман есен қайтудың тәртібін түсіндірді

Алматы тауларында 4 турист жолдан адасып кетті

Air Astana Дубайға рейстерді уақытша тоқтатады

Жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында Ясмина Тоқсанбаева қола медаль иеленді

Таразда адвокаттың көлігіне оқ атылды: полиция не дейді

Алматы Арбатындағы Майкл Джексон шетелдіктерді таңғалдырды

Көкшетауда қазақ әнін үйде тыңдаңдар деп шаштаразда ұрыс шығарған әйел жауапқа тартылды

Жетісуда ондаған жүргізуші медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты куәлігінен айырылуы мүмкін

АҚШ пен Иран бір бірінің нысандарына соққы бере бастады

Games of the Future 2026: Астанаға 35 елден мыңға жуық спортшы келе жатыр

Белгілі ақын, журналист Ахметжан Срапилов өмірден өтті

АҚШ Иранға қарсы соққылардың үшінші кезеңін бастағанын мәлімдеді

Көмек емес, мүмкіндік : Аида Балаева әлеуметтік саясаттың жаңа философиясын түсіндірді

Көмек емес, мүмкіндік : Аида Балаева әлеуметтік саясаттың жаңа философиясын түсіндірді

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

– Айда Ғалымқызы, 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Негізгі заңда бекітілген отбасы туралы норма нақты қандай өзгерістер әкеледі?

– Ең алдымен, отбасы институтының конституциялық мәртебесі өзгерді. Енді мемлекет тіркеген ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқықты одағы ретінде некенің анықтамасы Негізгі заңда бекітілді. Бұл отбасы институтына құқықтық қорғаудың ең жоғары деңгейін қамтамасыз етіп, оның мемлекет үшін айрықша маңызын айқындайды әрі мемлекеттік саясат пен заңнаманы одан әрі дамытудың ұзақмерзімді бағытын белгілейді.

Бұдан бөлек, тағы бір маңызды өзгеріс бар. Алғаш рет отбасы әлеуметтік саясаттың нысаны ғана емес, мемлекеттің конституциялық негіздерінің біріне айналды. Осылайша бала туу, тәрбиелеу, балалардың құқықтарын қорғау және демографиялық даму мәселелері елдің басты басымдықтарының бірі ретінде айқындалды. Бұл шешім дәл уақытында қабылданды.

Қазақстан 2020 жылдардың басында туу көрсеткішінің рекордтық өсімін бастан өткерді. Қазір демографтар демографиялық өтпелі кезеңнің алғашқы белгілерін тіркеп отыр. Біртіндеп туу көрсеткіші төмендеп, некеге тұрушылар саны азаюда, сондай-ақ алғашқы бала сүю мен некеге тұру жасы ұлғайып келеді. Бұл – өмір сүру деңгейінің артуы, урбанизация және жастардың өмірлік ұстанымдарының өзгеруімен бірге көптеген елдерде байқалатын табиғи үдеріс.

Соған қарамастан, Қазақстандағы демографиялық ахуал әлі де тұрақты және көптеген дамыған мемлекеттер тап болған күрделі сын-қатерлерден алыс. Дегенмен дәл қазіргі кезеңде халықтың өмір сапасы мен елдің демографиялық тұрақтылығына ондаған жыл бойы ықпал ететін шешімдерді қабылдау аса маңызды.

Осы тұрғыдан алғанда, отбасы институтына ерекше назар аудару Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған саясаттың заңды жалғасы.

Соңғы жылдары елімізде отбасын, ана мен баланы қолдаудың біртұтас жүйесі қалыптасты. Әйелдер мен балалардың құқықтық қорғалуы күшейтіліп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, сталкингке және некеге мәжбүрлеуге қатысты жауапкершілік қатаңдатылды. Мұндай батыл қадамдарға Орталық Азияда алғашқылардың бірі болып бардық. Бұл мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның, сарапшылар қауымдастығының және бұқаралық ақпарат құралдарының бірлескен еңбегінің нәтижесі.

Осы саясатты жүзеге асыру үшін соңғы жылдары заманауи институционалдық жүйе қалыптастырылды. Оның құрамына Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, әкімдер жанындағы өңірлік комиссиялар, Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты кіреді. Биыл Президент Жарлығымен Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты да құрылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен еліміздің барлық өңірінде ашылып жатқан Отбасын қолдау орталықтарының маңызы ерекше. Бұл Қазақстан үшін мүлде жаңа институт. Ол қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар жүгінетін алғашқы орынға айналды. Мұнда «бір терезе» қағидаты бойынша әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек кешенді түрде көрсетіледі. Қажет болған жағдайда барлық мемлекеттік қызметтердің өзара іс-қимылы да үйлестіріледі.

Қазір елімізде осындай 160 орталық жұмыс істейді. Өткен жылы олар 45 мыңға жуық өтініш қабылдаса, биылғы жылдың алғашқы алты айында 30 мыңнан астам азамат жүгінген. Әрбір өтініштің артында дер кезінде қолдау көрсетілген нақты адамдар мен отбасылардың тағдыры тұр.

Сондықтан бұл тұрғыда Конституция жаңа өзгеріс енгізген жоқ, керісінше, жылдар бойы қалыптасқан жүйені конституциялық деңгейде бекітті. Осы арқылы мемлекет өзінің болашағын отбасының әл-ауқатымен, балалардың қауіпсіздігімен және ұрпақтар сабақтастығымен байланыстыратынын тағы бір мәрте растады.

– Конституцияда Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратыны нақты жазылған. Алайда көпшілік әлеуметтік саясатты тек жәрдемақылар мен төлемдермен байланыстырады. Бұл қаншалықты дұрыс?

– Жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер әлеуметтік мемлекеттің маңызды қызметтерінің бірі болғанымен, жалғыз бағыты емес. Бұл ұғым әлдеқайда кең. Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматқа өмірінің барлық кезеңінде сапалы білімге, денсаулық сақтауға, әлеуметтік қорғауға және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктеріне қолжетімділік беретін жүйе. Яғни туған сәттен бастап еңбекке араласуға және белсенді ұзақ өмір сүруге дейінгі барлық кезеңді қамтиды.

Осындай саясаттың нақты нәтижелерінің бірі ана мен бала денсаулығы. Тәуелсіздік жылдары Қазақстанда ана өлімі алты еседен астам азайды. Соңғы үш жылдың өзінде бұл көрсеткіш 35 пайызға, ал нәресте өлімі 24 пайызға төмендеді. Нәтижесінде еліміз тарихындағы ең төменгі деңгейге жетті.

Бұл үрдісті Қоғамдық даму институтының әлеуметтік қабылдау бойынша жүргізген зерттеулері де растайды. Егер 2023 жылы респонденттердің 51,3 пайызы ана денсаулығын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты тиімді деп бағаласа, 2025 жылы бұл көрсеткіш 64 пайызға жеткен. Бұл ресми статистика азаматтардың бағалауымен де үйлесетінін көрсетеді.

Мұндай нәтижелердің артында мемлекет пен қоғамның ауқымды әрі жүйелі жұмысы жатыр. Репродуктивтік денсаулықты қорғау, жүктілікке дайындық және ананы қолдау бағдарламалары жүзеге асырылуда.

2023 жылы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның бастамасымен елдегі барлық босандыру ұйымдарына кешенді мониторинг жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі нормативтік-құқықтық актілерді жаңартып, жаңа клиникалық хаттамаларды бекітті, ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесін басқаруды күшейтті және шалғай елді мекендердегі жүкті әйелдерді сүйемелдеудің қосымша тетіктерін енгізді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беріп жатыр.

Сондықтан әлеуметтік мемлекет дегеніміз тек қаржылай көмек көрсету емес. Бұл адамдардың ұзақ әрі сапалы өмір сүруіне, қауіпсіз жағдайда бала тәрбиелеуіне, білім алып, еңбек етіп, өз әлеуетін толық жүзеге асыруына жағдай жасайтын мемлекет.

– Ана мен баланың денсаулығын қорғау туралы айттыңыз. Ал бала дүниеге келгеннен кейін отбасыға қандай қолдау көрсетіледі?

– Бала туғаннан кейін көрсетілетін қолдау бір ғана төлеммен шектелмейді. Бұл өзара байланысты кешенді шаралар жүйесі. Оның негізінде нақты бюджеттік басымдықтар жатыр.

Жыл сайын шоғырландырылған бюджеттің 60 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталады. Бұл өңірдегі ғана емес, бірқатар Еуропа елдерімен салыстырғанда да жоғары көрсеткіштердің бірі. Мәселен, Солтүстік Еуропа мемлекеттерінде соңғы жылдары әлеуметтік салаға мемлекеттік шығыстардың шамамен 40 пайызы, ал Еуроодақ бойынша орта есеппен 39 пайызы жұмсалады. Бельгия, Нидерланд және Люксембургте әлеуметтік шығыстардың үлесі мемлекеттік шығыстардың шамамен 38 пайызын құрайды.

Көпшілік әлеуметтік мемлекетті тек жәрдемақылар жүйесі ретінде қабылдайды. Алайда денсаулық сақтау мен білім беру инфрақұрылымы, қолжетімді медициналық қызмет мұның бәрі мемлекет тарапынан адам капиталына салынған ауқымды инвестиция.

Әлеуметтік саланы үйлестіретін Премьер-министрдің орынбасары ретінде қазіргі әлеуметтік саясаттың басты мақсаты – азаматты қиын жағдайда ғана қолдау емес, оған сапалы білім алуға, денсаулығын сақтауға, өз әлеуетін жүзеге асыруға және болашағына сеніммен қарауға мүмкіндік беретін жағдай жасау деп есептеймін.

Мемлекеттік қолдау жеке бастаманың орнын баспауы керек, керісінше адамның мүмкіндігін кеңейтуі тиіс. Қазіргі әлеуметтік мемлекеттің философиясы дәл осыған негізделген.

2026 жылы балалы отбасыларды қолдауға 974 млрд теңге қарастырылған. Төрт жыл бұрын бұл көрсеткіш 547 млрд теңге болған. Яғни қаржыландыру көлемі екі есеге жуық артты.

Сонымен қатар қолдау тек қаржылай төлеммен шектелмейді. Қазір бала туған кезде бірінші, екінші және үшінші балаға 164 мың теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 272 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді. Бұған қоса отбасы медициналық сүйемелдеумен, профилактикалық тексерулермен, вакцинациямен, мектепке дейінгі білім беру жүйесіне қолжетімділікпен және мемлекеттік қолдаудың өзге де түрлерімен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, ең аз бағаланатын қолдау түрі уақыт дер едім. Қазақстанда ата-аналар жұмыс орны сақтала отырып, бала күтімі бойынша үш жылға дейін демалысқа шыға алады. Ал жәрдемақы бір жарым жасқа дейін төленеді. Салыстыру үшін айтсақ, Ұлыбританияда бала күтіміне байланысты демалыстың жалпы ұзақтығы 52 апта. Бірақ төлем тек 39 аптаға беріледі. АҚШ-та федералдық заң негізінен ақы төленбейтін 12 аптаға дейінгі демалысты қарастырады. Ал Швейцарияда босанғаннан кейінгі ақылы демалыс 14 аптамен шектеледі. Ұзақ мерзімді бала күтімі демалысы заңмен көзделмеген. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның моделі дамыған және дамушы елдер арасындағы ең ұзақ әрі әлеуметтік тұрғыдан ең қолайлы жүйелердің бірі саналады. Бұл ананың қалпына келуіне, сәби күтіміне және ата-ана мен бала арасындағы берік эмоциялық байланысты қалыптастыруға берілетін уақыт. Мұндай мүмкіндікті ақшамен өлшеу мүмкін емес.

Жалпы алғанда, заң ата-аналардың еңбек құқықтарын қорғайды. Жүктілік немесе ана атану жұмысқа қабылдаудан бас тартуға не жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Бала күтімі бойынша демалысты тек анасы ғана емес, әкесі де рәсімдей алады. Сонымен қатар, үш жасқа дейінгі баласы бар ата-ананың өтініші бойынша жұмыс беруші толық емес жұмыс күнін белгілеуге міндетті.

Бұл нормалардың барлығы бүгінде қолданыста. Соған қарамастан, қабылданған шаралардың тиімділігіне тұрақты түрде талдау жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда үш жылдық бала күтімі демалысының тиімділігі өзекті мәселе болып отыр. Балабақшалардың басым бөлігі балаларды екі жастан қабылдайтынын ескерсек, отбасыларды қолдаудың икемді тетіктерін, оның ішінде демалыс мерзіміне қатысты жекелеген нормаларды қайта қарастыру қажеттігі туындап отыр.

Бала күтімі бойынша демалысты ер азаматтарға беру тәжірибесі де жеке талқылауды қажет етеді. Қазіргі уақытта мұндай төлемдерді алушылардың ішінде ерлердің үлесі 1 пайызға да жетпейді. Соңғы үш жылда ресми жұмысы бар әкелердің арасында бала күтімі бойынша төлем алушылар саны 1434 адамнан 759 адамға дейін азайған. Сондықтан бұл тетіктің қаншалықты сұранысқа ие екенін және енгізілген кездегі мақсатына қаншалықты сәйкес келетінін объективті бағалау қажет. Бастапқыда бұл норма әкелердің бала тәрбиесіне белсенді араласуын және олардың отбасы өміріндегі рөлін арттыру үшін енгізілген болатын.

Алайда кез келген мемлекеттік шара бастапқы ойға емес, нақты нәтижесіне қарай бағалануы тиіс. Егер тәжірибе көрсеткендей, белгілі бір норма көзделген мақсатқа жетпесе әрі кей жағдайда өз мақсатына сай пайдаланылмаса, онда мемлекет ретінде мұндай шешімдерді қайта қарауға батылдық танытуымыз керек. Менің жеке ұстанымым бұл норманы алып тастау қажет. Өйткені әлеуметтік қолдаудың әрбір тетігі тең мүмкіндіктер қағидатына сай болып қана қоймай, нақты нәтижесін де көрсетуі тиіс.

– Біз бала дүниеге келгеннен кейінгі отбасыларды қолдау туралы айттық. Ал көпбалалы отбасыларға қандай қолдау көрсетіледі?

– Қазақстандық модельдің ерекшелігі көпбалалы отбасыларды қолдау мұқтаж жандарға көрсетілетін атаулы көмек ретінде емес, олардың қоғам дамуына қосқан ерекше үлесін мойындау ретінде қарастырылады. Сондықтан көпбалалы отбасыларға жәрдемақы олардың табыс деңгейіне қарамастан тағайындалады.

Бүгінде мұндай төлемдерді 634 мыңнан астам отбасы алып отыр. Жәрдемақы мөлшері балалар санына байланысты белгіленеді. Төрт баласы бар отбасылар ай сайын 69 мың теңгеден алады, ал сегіз және одан да көп баласы бар отбасыларда төлем әр балаға жеке есептеледі. Бұдан бөлек, тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі білімге қолжетімділік және мемлекеттік қызметтер көрсету бағытында да қолдау шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, «Ана даңқы» орденімен марапатталған және «Батыр ана» атағын алған аналарға ерекше көңіл бөлінеді. Олар табыс деңгейіне қарамастан ай сайын 27 мыңнан 32 мың теңгеге дейін мемлекеттік жәрдемақы алады. Жыл басынан бері мұндай қолдау шамамен 249 мың әйелге көрсетіліп, оған жалпы 36,6 млрд теңге жұмсалды.

Бұл жерде мәселе тек материалдық қолдауда емес. Бұл бірнеше бала тәрбиелеп, елдің болашағына үлес қосып отырған ата-аналардың еңбегіне қоғам тарапынан көрсетілетін құрмет.

– Барлық баланың, өмірлік жағдайы мен денсаулық ерекшелігіне қарамастан, тең мүмкіндікке ие болуы үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

– Бұл аса маңызды бағыттардың бірі. Біздің мақсатымыз – қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмектесумен ғана шектелмей, әр балаға тең мүмкіндік беру. Әрбір бала білім алып, жан-жақты дамып, цифрлық білім беру ресурстарына қол жеткізіп, спортпен айналысып, өз қабілетін толық аша алуы тиіс. Сондықтан мемлекеттік қолдау тек жәрдемақымен шектелмейді.

Сол бағыттардың бірі «Жалпыға бірдей білім беру» қоры. Оның аясында әлеуметтік осал санаттағы оқушылар толық қамтылып отыр. Биылғы оқу жылында бұл қолдауды 500 мыңға жуық бала алды. Оларға мектеп формасын, аяқ киім мен оқу құралдарын сатып алуға шамамен 21 млрд теңге бөлінді.

Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруына да ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, биылғы жазда түрлі демалыс және жұмыспен қамту бағдарламаларына 3,2 млн баланы тарту жоспарланған. Оның ішінде 500 мыңға жуық бала әлеуметтік осал отбасылардан, ал 52 мыңнан астамы ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар.

Тағы бір маңызды бағыт инклюзивті білім беруді дамыту. Қазір Қазақстанда ерекше білім беру қажеттілігі бар 237 мыңнан астам бала тұрады. Оның 138 мыңнан астамы құрдастарымен бірге білім алып жатыр. Ал инклюзивті білім беру үшін қажетті жағдайлар еліміздегі мектептердің 95 пайыздан астамында жасалған.

Сонымен бірге тек инфрақұрылым қалыптастыру жеткіліксіз. Әр балаға күнделікті қолдау қажет. Инклюзия – бұл білікті педагогтар, психологтар және әрбір балаға жеке көңіл бөлу. Осы мақсатта республика бойынша 100 балаларды оңалту орталығы және үш жасқа дейінгі балаларға арналған 20 ерте араласу орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар 213 мыңнан астам бала психологиялық-педагогикалық көмек алады. Мектептерде шамамен 6,5 мың педагог-ассистент пен жеке көмекші еңбек етеді.

Дегенмен ең маңызды өзгеріс статистикада емес, қоғамның көзқарасында. Осыдан он жыл бұрын инклюзия ерекше жағдай ретінде қабылданса, бүгінде ол қалыпты құбылысқа айналып келеді. Меніңше, бұл әр баланың дамуға, қолдауға және лайықты болашаққа құқығы бар әлеуметтік мемлекеттің кемелденгенінің басты көрсеткіші.

– Қазақстанның қазіргі әлеуметтік саясатының негізгі қағидатын бір сөйлеммен қалай түйіндер едіңіз?

– Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік саясаттың басты бағыты адамдарға көмек көрсетуден мүмкіндік жасауға көшу. Мемлекет қиын жағдайға тап болған азаматтарды бұрынғыдай қолдай береді. Бірақ стратегиялық мақсат бұдан әлдеқайда ауқымды. Сондықтан назар тек жәрдемақыларға емес, отбасыны нығайтуға, білім беруге, денсаулық сақтауға, жұмыспен қамтуға, балалардың құқықтарын қорғауға және адами капиталды дамытуға аударылады.

Бүгінде елімізде әлеуметтік төлемдердің 41 түрі бар. Сонымен бірге қолдаудың кейбір түрлерін атаулы тәсіл арқылы оңтайландыруға болады. Әлеуметтік көмектің түрлерін біріздендіру бағытындағы осындай жұмыс өңірлерде де жүргізілуде. Өйткені әлеуметтік саясат тек жәрдемақы төлеумен шектелмейді. Қомақты қаражат білім беру мен денсаулық сақтау жүйесіне, инфрақұрылымды дамытуға және кадр даярлауға бағытталады. Мұның бәрі азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сапасына салынған ауқымды инвестиция.

Біздің міндетіміз жауапкершілігі жоғары, дербес азаматтар қоғамын қалыптастыру. Әр адамның әлеуеті үздіксіз қамқорлықтың арқасында емес, дамуға, еңбек етуге және жеке тұлға ретінде өсуге мүмкіндік беру арқылы жүзеге асуы тиіс.

Дәл осындай әлеуметтік саясат философиясын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Оның негізінде елдің басты стратегиялық ресурсы ретінде адами капиталды дамыту, мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, заманауи цифрлық шешімдерді енгізу және қазіргі заманғы әлеуметтік инфрақұрылымды қалыптастыру қағидаттары жатыр.

Бұл ұстанымдар жаңа Конституцияда да көрініс тауып, әділетті әлеуметтік мемлекет құру бағытын бекітті. Яғни әр азаматқа білім алуға, денсаулығын қорғауға, кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыруға және лайықты өмір сүруге тең мүмкіндік берілетін, ал мемлекеттік қолдау ең алдымен шынымен мұқтаж жандарға бағытталатын мемлекет қалыптастыру көзделген.

Түптеп келгенде, әлеуметтік саясат – адам өмірінің әр кезеңінде өз әлеуетін толық жүзеге асыруына мүмкіндік беретін орта қалыптастыру. Мұндай тәсіл адами капиталды нығайтып қана қоймай, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, оның ұзақмерзімді тұрақты дамуына негіз болады. Қазақстан әлеуметтік мемлекетті дәл осылай түсінеді және осы бағытты дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.

– Аида Ғалымқызы, сүбелі сұхбатыңызға рақмет!

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
seeКөрілімдер:67
embedДереккөз:https://egemen.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Шілде 2026 19:13
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Таяу Шығыстағы шиеленіс күшейді: АҚШ пен Иран өзара соққы алмасты

12 Шілде 2026 12:47see111

Президент Қасым Жомарт Тоқаев Сириус Роза Хутор фестиваліне қатысушыларды құттықтады

12 Шілде 2026 12:41see111

Вьетнамда туристік катердің апатқа ұшырауынан 15 адам көз жұмды

11 Шілде 2026 21:31see111

Аптаның ең әсерлі фотосуреттері: Reuters ұсынған 6 үздік кадр

12 Шілде 2026 22:09see111

Алматыда күмәнді әрекет нашақорды полицияға ұстап берді

12 Шілде 2026 16:58see110

Үкімет Астанаға 16 миллиардтан астам қаражат бөлді олар неге жұмсалады

13 Шілде 2026 09:14see110

Ұшақта турбуленттілік дерлік сезілмейтін қатар аталды

13 Шілде 2026 12:23see108

Бәрін қазып тастады Астана циркінің маңында не болып жатыр

13 Шілде 2026 09:02see108

Altai Fest: полицейлер Қатонқарағайда 50 мыңнан астам адам жиналған фестивальден үйге аман есен қайтудың тәртібін түсіндірді

12 Шілде 2026 17:59see107

Алматы тауларында 4 турист жолдан адасып кетті

13 Шілде 2026 11:47see106

Air Astana Дубайға рейстерді уақытша тоқтатады

12 Шілде 2026 20:32see106

Жеңіл атлетикадан жастар арасындағы Азия чемпионатында Ясмина Тоқсанбаева қола медаль иеленді

12 Шілде 2026 12:59see104

Таразда адвокаттың көлігіне оқ атылды: полиция не дейді

13 Шілде 2026 12:30see103

Алматы Арбатындағы Майкл Джексон шетелдіктерді таңғалдырды

13 Шілде 2026 17:21see103

Көкшетауда қазақ әнін үйде тыңдаңдар деп шаштаразда ұрыс шығарған әйел жауапқа тартылды

12 Шілде 2026 09:41see102

Жетісуда ондаған жүргізуші медициналық қарсы көрсетілімдерге байланысты куәлігінен айырылуы мүмкін

13 Шілде 2026 17:34see102

АҚШ пен Иран бір бірінің нысандарына соққы бере бастады

12 Шілде 2026 10:05see102

Games of the Future 2026: Астанаға 35 елден мыңға жуық спортшы келе жатыр

12 Шілде 2026 11:00see102

Белгілі ақын, журналист Ахметжан Срапилов өмірден өтті

13 Шілде 2026 16:39see101

АҚШ Иранға қарсы соққылардың үшінші кезеңін бастағанын мәлімдеді

12 Шілде 2026 11:39see100
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары