Мемлекет басшысы ТМД аясында жасанды интеллект саласындағы тәжірибе алмасу тетігін құруды ұсынды
Zakon.KZ парақшасындағы деректерге сәйкес, Qazaq24.com ақпарат таратты..
Мемлекет басшысы цифрландырудың рөлі артып, жасанды интеллект пен суперинтеллектіні қолдану аясы кеңейіп келе жатқанына назар аударды.
Оның пікірінше, жаңа технологияларды игеру және отандық әзірлемелерді енгізу ТМД елдері экономикасының бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын негізгі факторға айналады.
Осыған байланысты Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект стратегиясы, заңнама және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша тәжірибе алмасудың тұрақты тетігін қалыптастыру бастамасын көтерді. Бұл жұмысқа ғылыми орталықтар, университеттер, компаниялар мен стартаптар қатыса алады.
Президент 2027 жылдың бірінші тоқсанында Астанада ТМД аясында жасанды интеллект саласы мамандарының арнайы форумын өткізуді де ұсынды.
Мемлекет басшысы мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтудың маңызына тоқталды. Адамдар арасындағы тығыз қарым-қатынас, өзара сенім, ұқсас менталитет және орыс тілі ТМД-ның бірегей сипатын айқындайтын ерекшеліктер екенін атап өтті.
"Қазақстанның ұсынысымен ТМД мемлекеттері басшыларының мәдениет саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы мәлімдемесі қабылданды. Тамыз айында тұңғыш рет Астанада ТМД волонтерлер форумы өтті. Осы арада волонтерлік ұғымы немесе ізгі істер саясаты жаңа Конституциямызда көрініс тапқанын атап өткім келеді. Яғни волонтерлер конституциялық мәртебеге ие болды, соған сәйкес олардың қызметіне ерекше қамқорлық көрсетіледі. Бастамаларымызға әрдайым қолдау білдіретін әріптестеріме және ТМД елдері үкіметтерінің басшыларына алғыс айтамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент елдер арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің маңызды рөл атқаратынын айтты.
"Елдеріміз арасындағы қарым-қатынаста орыс тілінің атқаратын рөлін атап өткен маңызды. Орыс тілі өзара түсінісуге, білім беру, ғылым салаларындағы серіктестік пен адамдар арасындағы байланыстың кеңеюіне ықпал етуде. Бұл айдан анық дүние. Сондықтан қадірлі әріптестерімді Халықаралық орыс тілі ұйымының қызметін қолдауға шақырамын. Дүние жүзінде орыс тілін әр түрлі деңгейде меңгерген 300 миллионға жуық халық бар. Сондықтан аталған ұйымның келешегі жарқын. Мен бұған сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын сақтап, барлық халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қараудың маңызын атап өтті.
"Сонымен қатар ТМД елдерінің тілдері мен мәдени әралуандығын көздің қарашығындай сақтап, бүкіл халықтың тарихына, дәстүрі мен мәдениетіне құрметпен қарау аса маңызды. Бізге халықтарымыздың достығына арқау болатын жаңа ынтымақтастық жолдарын іздеу қажет. Жастардың оқуға құштарлығына қолдау білдіру өте өзекті. Себебі артық білім – кітапта. Кітап оқыған адам ғана білімді, парасатты тұлға болып қалыптасып, өмірден өз орнын табады. Интернет үстемдік құрған, TikTok-менталитеті секілді құбылыс пайда болып, жастардың мінез-құлқы өзгерген заманда бұған мән бермесе болмайды", – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қазақстанда Ұлттық кітап күні белгіленгенін және "Ұлт оқитын 100 кітап" жобасы жүзеге асырылып жатқанын айтты. Осы идеяны жалғастырып, ТМД халықтарының әдеби жауһарларынан тұратын ортақ қор құруды ұсынды.
"Осы идеяны әрі қарай өрбітіп, халықтарымыздың әдеби жауһарларынан құралған "ТМД кітапханасының алтын қорын" жасауды ұсынамын. Аталған қорды құрылысы келесі жылдың орта шенінде аяқталатын Астанадағы Президент кітапханасында орналастыруға болар еді. Жоба аясында кәсіби аударманы да қамтып, көпшілік еркін пайдаланатын цифрлық кітапхана жасақтауға болады. Үздік әдеби шығармаларды насихаттау арқылы Достастық халықтарының тарихын, мәдениетін және рухани мұрасын зерделеу мүмкіндігі жастарымыздың өзара түсіністігіне жол ашатыны, ең бастысы, қазіргі құбылмалы заманда ынтымағымызды нығайта түсетіні сөзсіз", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:65
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 09 Қазан 2026 14:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















