Орталық Азия мен АҚШ серіктестігінің жаңа кезеңі
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Өткен айдың соңында АҚШ Конгресі мүшелері Дональд Трампты биыл Орталық Азия елдерінің басшыларымен кездесу өткізуге шақырды. Осылайша АҚШ Президенті аймақ елдерінің көшбасшыларын 6 қарашада C5+1 саммитінде күтетінін айтып, хат жолдады. Саммитте Американың аймақтағы стратегиялық мақсаты, соның ішінде қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық, экономикалық байланыстар талқыланбақ. Жалпы алпауыт мемлекетке деген Орталық Азия елдерінің бірлескен ұстанымы қандай? C5+1 форматы жаңа геосаяси дәуірдің басталған тұсы ма?
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Вашингтон аймақтың көпвекторлы саясатын қолдайды
Орталық Азияның барлық бес көшбасшысы ұлттық мүдделерін қорғай отырып, Құрама Штаттармен қарым-қатынас жасауға дайын екенін білдіріп, өздерінің қатысатынын растады.
Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия – Ресей, Қытай және Иранмен шектесетін, Үндістан мен Пәкістанға жақын орналасқан стратегиялық маңызды аймақ. АҚШ-тың аймақтағы қатысуы кейінгі бірнеше жылда төмендеген еді.
Енді Трамп әкімшілігі маңызды пайдалы қазбалар мен сирек металдардағы конвергентті мүдделерді, екіжақты инвестицияларды және әлемдік нарықтармен байланыстарды алға тартып, Орталық Азияға жаңа көзқараспен көңіл бөле бастады. Ақүйдің ОА басшыларын Вашингтонға шақыруы – аймаққа қызығушылықтың артып келе жатқанының дәлелі.
– АҚШ-тың Орталық Азияға қызығушылығы геосаяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық факторлардың үйлесімімен байланысты. Қазіргі уақытта Вашингтон аймақты Ресей, Қытай, Оңтүстік Азия және Таяу Шығыс арасындағы стратегиялық маңызды аймақ ретінде қарастырады. Бұл Еуразия құрлығындағы тұрақтылықты сақтау үшін өте маңызды. Жалпы, АҚШ аймақтағы геосаяси жағдайға араласып, Орталық Азия елдеріне ынтымақтастық үлгісін ұсына отырып, Ресей мен Қытайдың ықпалын теңестіруге тырысып келеді. Орталық Азия елдерімен диалогінде Вашингтон егемендікті, аумақтық тұтастықты және көпвекторлы саясатты қолдауға баса мән беріп отыр, – дейді Президент жанындағы ҚСЗИ Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешев.
Ұзақ үзілістен кейін Вашингтон АҚШ-тың Орталық Азиядағы мүдделерін қайта қарастырып жатыр. Орталық Азия-Кавказ институтының (Central Asia Caucasus Institute) аймақ туралы арнайы дайындаған баяндамасында қазір Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстанды ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан, Грузия, Армения және Моңғолияны да қамтитынын айтады. Орталық Азия-Кавказ институты (CACI) шамамен отыз жыл бойы АҚШ-тың Үлкен Орталық Азияға қатысты саясатын қалыптастыруға белсенді түрде атсалысып келеді. Оның негізін қалаушы, белгілі сарапшы Фредерик Старр 2017 жылдан бері AFPC-мен (АҚШ-тың сыртқы саясат кеңесі) ресми түрде байланыста. Айта кетсек, AFPC 40 жылдан аса уақыт бойы АҚШ-тың сыртқы саясатын талқылауда маңызды рөл атқарды. Ұйым Конгресс мүшелерімен, атқарушы билік өкілдерімен, сарапшылар қауымдастығымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейді.
Аталған құжатта Ресей мен Қытай арасындағы қарым-қатынас, Азиядағы геосаяси бәсекелестікке және негізгі шикізат нарықтарына, атап айтқанда, уран, мұнай және табиғи газға әсер ететін аймақтағы ұстанымын нығайту үшін АҚШ-тың Үлкен Орталық Азияға қатысты жаңартылған стратегиясы сипатталады.
Біріншіден, Иранның ықтимал ядролық серпілістері АҚШ-ты ерекше алаңдатып отыр. Үлкен Орталық Азиядағы алты мемлекет ұлы державалармен шектеседі. Олардың төртеуі – Қытай, Үндістан, Ресей және Пәкістан қазірдің өзінде ядролық қаруға ие. Бесіншісі, Иран бұған белсенді түрде ұмтылып келеді, ал алтыншы Түркия – бұған қол жеткізуге қабілетті ел. Сондықтан аймақтағы қақтығыстар тежеуді төмендететін және әскери қақтығыстардың ықтималдылығын арттыратын елеулі жаһандық тәуекелдерді тудырады. Үлкен Орталық Азия осы мемлекеттердің мүдделерінің қиылысында орналасқандықтан, бұл жағдайға ықпал ете алады.
Сондай-ақ АҚШ инвестициясы – Орталық Азияға табыс әкелетін мүмкіндік. Аймақ арқылы өтетін маңызды көлік дәліздері, соның ішінде Орта дәліз АҚШ-тың қолдауына лайық. Өйткені бұл жол аймақтың жаһандық нарықтарға шығуын жеңілдетеді әрі АҚШ пайдасына сауда ағынын қалыпқа келтіреді. Осы орайда ҚСЗИ сарапшысы АҚШ Каспий және Оңтүстік Кавказ арқылы көлік бағыттарын дамытуды жаһандық жеткізу тізбегін әртараптандырудың, Еуропа мен Азия арасындағы байланысты нығайтудың элементі ретінде қарастыратынын айтады.
– Алдағы Вашингтонда өтетін саммиттің маңызды символдық мәні бар. Негізі С5+1 диалогін өткізу – ресми түрде АҚШ бастамасы, бірақ платформаны құруға нақты серпінді Қазақстан берді. Астана америкалық тараппен ұзақмерзімді консультациялар жүргізіп, келіссөздердің басталуына жол ашты. Қазіргі геосаяси жағдайда саммиттің маңызы дипломатиялық хаттамадан әлдеқайда асып түседі. Орталық Азияға Америка Құрама Штаттарымен диалогке қатысу аймақтың халықаралық аренадағы тәуелсіз және сындарлы серіктес ретіндегі рөлі мен ұстанымын нығайтуға, инвестициялар мен заманауи технологияларға қосымша қол жеткізуге, ынтымақтастықты нығайтудың жаңа мүмкіндіктерін анықтауға мүмкіндік береді. Ал Вашингтон үшін саммит – геосаяси қатысуын кеңейту, аймақтағы ұзақмерзімді мүдделерін растау, жаһандық қуат орталықтары арасындағы бәсекелестіктің күшеюі жағдайында Орталық Азия мемлекеттерінің егемендігі мен тұрақтылығын қолдау, энергетикалық қауіпсіздікті, минералдық ресурстарды, цифрлық дамуды және гуманитарлық ынтымақтастықты ілгерілету мүмкіндігі, – дейді Ә.Әбдірешев.
Сондай-ақ АҚШ аймақтың Талибан басқаратын Ауғанстанға қатысты прагматикалық ұстанымына тәнті әрі қолдайды. Орталық Азия мемлекеттері белсенді экономикалық байланыстарды сақтап, үздіксіз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді, бірақ оларды ресми мойындаудан бас тартады. Бұл теңдестірілген стратегия есірткінің ықтимал ағынын, шекаралар арқылы экстремизм немесе терроризмнің таралуын тоқтатуға көмектесіп, аймақтық тұрақтылықтың кілті оқшаулану емес, араласу екенін дәлелдеді.
Қазақстан – АҚШ-тың негізгі серіктесі
Еліміз Орталық Азиядағы АҚШ-тың сенімді серіктесі ретінде қарастырылады. Екі ел 2018 жылдан бастап екіжақты қарым-қатынастардың барлық саласын қамтитын көпқырлы өзара іс-қимылмен сипатталатын кеңейтілген стратегиялық серіктестік орнатты. 30 жылдан аса уақытта дипломатиялық қарым-қатынас арқылы ядролық қаруды таратпау, қарусыздану, сауда, инвестиция, терроризмге қарсы күрес, аймақтық қауіпсіздік, т.б. салаларда бірлескен жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылды.
Бұған қоса аймақтағы америкалық инвестицияның 80 пайызы елімізге тиесілі. Статистикаға сүйенсек, тәуелсіздік алғаннан бері АҚШ-тан елімізге тартылған тікелей инвестиция 60 млрд доллардан асты. Былтыр шамамен 869 млн долларды құрады. Ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында инвестиция көлемі 362,4 млн долларға жетті. Қазіргі уақытта елде 630-дан аса АҚШ компаниясы жұмыс істейді.
– Өткен жылы ауысқан АҚШ әкімшілігі сыртқы саясатына да бірқатар өзгеріс жасады. Еліміз АҚШ-тың барлық саяси элиталарымен, олардың қандай партияға, не идеологиялық бағыныштылығына қарамастан, әрқашан тығыз байланыста болғанын ерекше атап өткен жөн. Осылайша, Ақорда мен Ақүй арасындағы сенімді диалог одан әрі арта түсті. Президент Қ.Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған сапары, басшылық пен америкалық бизнес жетекшілерінің кездесулері елдің өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға бейілділігін тағы бір рет растады. Сонымен қатар жақында АҚШ пен еліміздің жаңа елшілерінің тағайындалуы екіжақты қарым-қатынастардың жаңа белесі екенін көрсетеді, – деді ҚСЗИ сарапшысы.
Ә.Әбдірешевтің айтуынша, қазір Астана мен Вашингтон арасындағы диалогте сауда, инвестиция, энергетика және пайдалы қазбалар салаларындағы өзара тиімді жобаларды дамытуға көбірек көңіл бөлініп жатыр. Көріп отырғанымыздай, АҚШ қазір жоғары технологиялық және қорғаныс өнеркәсібін дамытуға стратегиялық ресурс болып саналатын сирек металдарға ерекше қызығушылық танытып отыр. Бұл тұрғыда еліміз сирек жер элементтерінің қомақты кен орындарына ие, оларды өндіріп, өңдеуге де әлеуеті бар.
– Астана мен Вашингтон сондай-ақ транзиттік, логистикалық дәліздерді дамыту, цифрлық трансформация мен ауыл шаруашылығы секторындағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін зерттеп жатыр. Еліміз экспорттық географиясын дәйекті түрде кеңейтіп, өңдеу өнеркәсібіне капитал ағынын ынталандырып, теңгерімді және тұрақты экономикалық өсудің негізін қалайтыны белгілі, – дейді сарапшы.
Қазақстан үлесіне әлемдік уран өндірісінің шамамен 40 пайызы тиесілі, соның ішінде 24 пайызын АҚШ тұтынады. Еліміз Құрама Штаттардың нарығына уран жеткізуді арттыруға дайын. 2030 жылға қарай әлемде уран тапшылығы сезілетінін ескерсек, еліміздің АҚШ-тың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық рөл атқаратын негізгі жеткізуші болуына мүмкіндігі бар. Осы жылдың қыркүйегінде еліміздің Атом энергиясы агенттігі мен АҚШ-тың Ұлттық ядролық қауіпсіздік әкімшілігі МАГАТЭ Бас конференциясында пайдаланылған отынды сақтау және таратпау мәселелері жөнінде ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөлетін Бірлескен мәлімдемеге қол қойған еді.
– Негізі еліміздің территориялық орналасуы оны табиғи транзиттік орталыққа айналдырды. Ел теңізге тікелей шыға алмаса да, Еуропа мен Азияны жалғайтын құрлық жолдары негізгі нарықтарды байланыстырады. Астана қазірдің өзінде Орталық Азиядағы негізгі логистикалық хаб мәртебесін одан әрі нығайтып отыр. Мәселен, Ақтау, Құрық порттарын қоса алғанда, порт инфрақұрылымы жылдан жылға жаңғырып жатыр. 2030 жылға қарай осы порттар арқылы өтетін жүк көлемін 130 млн тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр, – дейді Ә.Әбдірешев.
Сонымен қатар 2030 жылға қарай Орта дәліз арқылы жүк тасымалын 10 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған. Бұл еліміздің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, Азия мен Еуропа арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтады. Еліміз Қытай (Сиань) – Қазақстан (Достық, Алтынкөл) – Ресей (Селятино) бағытында Ұлы Жібек жолы бойындағы үздіксіз логистиканы қамтамасыз ететін ортақ цифрлық жүйені дамытуға қосылып отыр.
Трамп Орталық Азияға келе ме?
Жуырда АҚШ-тың «The National Interest» журналында «Тұран» зерттеу орталығының директоры, Йорктаун институтының аға ғылыми қызметкері, Бар-Илан университеті Бегин-Садат стратегиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Джозеф Эпштейннің «Why Donald Trump Should Visit Central Asia Next» (Неліктен Дональд Трамп Орталық Азияға баруы керек?) атты мақаласы жарияланды. Онда автор Ақүй басшысының Орталық Азияға сапары АҚШ-тың аймаққа қызығушылығын көрсетеді және маңызды минералдық ресурстарды өндірудегі ынтымақтастықты ынталандыратынын айтады.
«Ұлы Жібек жолының тарихында өшпес із қалдырған ұлы тұлғалардың қатарында Ескендір Зұлқарнай, Шыңғыс хан, Әмір Темір болды. Бүгінде Жібек жолының мұрасы дипломатия саласында жаңа мүмкіндіктер ашады. Президент Дональд Трамп 1991 жылы Кеңес одағынан тәуелсіздік алғаннан бері аймақта алғаш рет Американың маңызды рөл атқаруға дайын екенін көрсетіп, Орталық Азияға барған АҚШ-тың алғашқы президенті болуы мүмкін. Бір кездері еленбеген Орталық Азияға қазір әлем назар аударып отыр. Орасан зор минералды байлығы мен стратегиялық орналасуы аймақты АҚШ мүдделері үшін маңызды аренаға айналдырады. Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан басшылары Вашингтонда С5+1 саммитіне жиналып жатқанда, президенттің аймаққа сапары Америка Құрама Штаттарының өзінің экономикалық және геосаяси болашағында орталық рөл атқаруға ниетті екенін көрсетеді», делінген мақалада.
Автордың айтуынша, аймақ елдерінің Вашингтонмен тығыз ынтымақтастық орнатуы олардың кез келгеніне тәуелді болмау үшін жаһандық державалар арасындағы теңгерімді қарым-қатынастарды сақтауға ұмтылатын көпвекторлы сыртқы саясатына сәйкес. Алайда көп жыл бойы АҚШ бұл жүйеге қосылған жоқ. Оның аймақпен қарым-қатынасы көбіне адам құқықтары мен демократияны ілгерілету мәселелерімен шектелді.
Орталық Азия Ресей мен Иранды айналып өтіп, Шығыс Азияны Еуропамен байланыстыратын Транскаспий халықаралық көлік бағытының – Орта дәліздің негізін құрайды. Бұл дәліз – Суэц каналы мен Ресей арқылы өтетін солтүстік теміржол бағыттарына стратегиялық балама.
Кейінгі бес жылда бұл бағыттағы жүк тасымалы алты есеге өсті, ал 2030 жылға қарай үш есеге өспекші. Мәселен, Баку порты өткізу қабілетін 15 млн тоннадан 25 млн тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде теміржол өткізу қабілетін 1 млн тоннадан 5 млн тоннаға дейін кеңейтті. Қазақстан мен Өзбекстан өз тарапынан теміржол инфрақұрылымын жаңғыртып, кеңейтуге миллиардтаған инвестиция салды.
«Президенттің аймаққа сапары Америка Құрама Штаттарының келісімге шындап кірісетінін көрсетеді. Ресей мен Қытай сияқты АҚШ-тың қарсыластары мұны жақсы түсінеді. Қытай төрағасы Си Цзиньпин аймаққа 15 рет келсе, Ресей президенті Владимир Путин 77 рет келген. Сонымен қатар Франция президенті Эммануэль Макрон, Еуропа комиссиясының төрағасы Урсула фон дер Ляйен мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанды қоса алғанда, жақында жоғары дәрежелі сапарлар жасады. Трамптың сапары Америка Құрама Штаттарының шетте қалмай, аймақтың болашағында негізгі рөл атқаруға ниетті екенін көрсетеді», деп түсіндірді шетел сарапшысы.
Оның пайымынша, Орталық Азия – бұдан былай шеткері аймақ емес, бұл ресурстардың, сауданың және ұлы державалардың бәсекелестігінің тоғысқан жері. Егер Америка Құрама Штаттары бәсекелестікке түсіп, ықпалын күшейткісі келсе, аймақта көзге көрінуге тиіс.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:94
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 05 Қараша 2025 08:58 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















