Q pop пен айтыстың арасында қандай ұқсастық бар? Қазақтың заманауи және дәстүрлі музыкасын талдау
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
Бүгінде Q-pop - жұлдыздары, жанкүйерлері және продюсерлік индустриясы қалыптасқан қазақстандық музыканың тұтас бір бағыты.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Осыдан он жыл бұрын Ninety One тобының пайда болуы Қазақстанда үлкен дау тудырды: концерттер тоқтатылды, музыканттарға қарсылық білдірілді, ал олардың ерекше сырт келбеті қоғамда пікірталас туғызды. Қарсылықтарға қарамастан, оңтүстіккореялық K-pop-тан шабыт алған, бірақ ең алдымен қазақтілді аудиторияға бағытталған жаңа музыкалық бағыт — Q-pop-тың негізі қаланды. Өткен жылдар ішінде Қазақстанда осы жанрда жұмыс істейтін ондаған орындаушылар мен топтар пайда болды. Музыкатанушылар Q-pop-тың көп жағдайда батыстық музыкалық тәсілдерді: электронды ырғақтарды, синтезаторларды, үйреншікті гармониялар мен хип-хоп элементтерін қолданатынын атап өтеді. Сондықтан ұлттық бірегейлік дәстүрлі дыбысталу арқылы емес, ең алдымен тіл арқылы көрінетін музыканы қаншалықты қазақи деп санауға болады деген сұрақ туындайды. Материалда Q-pop пен дәстүрлі қазақ музыкасы, соның ішінде айтыс пен домбыра күйлері салыстырылады, ал сарапшылар олардың музыкалық құрылымындағы айырмашылықтарды түсіндіреді. Бірақ Q-pop-тың әсері музыканың өзінен әлдеқайда кең болып шықты: жанр қоғамды ерлердің сырт келбеті, мәдени бірегейлік және қазақ тілінің заманауи поп-мәдениеттегі орны туралы түсініктерді талқылауға мәжбүр етті. Q-pop пен көне айтысты шын мәнінде не біріктіреді, неге заманауи қазақстандық поп-музыка әлі күнге дейін өзіндік танымал дыбысталуын таба алмады және ол міндетті түрде қажет пе — материалдың толық нұсқасынан оқыңыздар.
Алайда осы жанрда өнер көрсететін алғашқы топтың осыдан он жыл бұрын пайда болуы Қазақстанда үлкен шу тудырды: концерттері тоқтатылып, музыканттарға қатысты наразылық айтылды, ал олардың сырт келбеті әндерінен көп талқыға түсті.
Арада жылдар өтіп, Q-pop жергілікті мәдениетке араласқаннан кейін, дыбысталуы көбіне корейлік K-pop-тан алынған бұл музыка қаншалықты қазақша болды? Қазіргі поп-хиттер мен дәстүрлі айтыстың ұқсастығы не және оларды салыстыру туралы ой қайдан туындады? Бір кездері ұлттық мәдениетке жат деп айыпталған музыка жас буынның ана тілін жаңаша қабылдауына қалай көмектесті? Tengrinews.kz материалында музыкатанушылармен және сарапшылармен бірге талдап көреміз.
2015 жылдың күзінде бес жігіт Сеулде түсірілгендей әсер қалдыратын бейнебаян шығарды. Ән "Айыптама" деп аталды. Дәл сол уақытта ЮНЕСКО Қазақстан мен Қырғызстан атынан адамзатты адамзаттың материалдық емес мұрасы тізіміне қосты. Осылайша, бір уақытта екі түрлі құбылысқа: айтыс пен заманауи қазақ поп-музыкасына назар аударылды.
Айтыс импровизацияға негізделген: ақындар тапқырлықтан жарысады, бір-біріне өлеңмен жауап береді және дәстүрлі қазақ музыкасының негізгі аспабы - домбыраның сүйемелдеуімен ән салады.
Q-pop батыстық үлгіде жиналған музыка сияқты естіледі: оның негізінде әдетте бірқалыпты бит, синтезаторлар, электроника және хип-хоп элементтері болады.
Анықтама: Q-pop (Qazaq pop) - 2010 жылдардың ортасында оңтүстіккореялық K-pop (Korean pop) ықпалымен қалыптасқан заманауи қазақстандық поп-музыка бағыты және жастар субмәдениеті. Q-pop-қа көбіне қазақ тіліндегі әндер, ашық сахналық бейнелер, күрделі хореография және орындаушылардың жанкүйерлерімен белсенді байланысы тән. Бағыттың негізін салушы ретінде 2015 жылы сахнаға шыққан Ninety One тобы саналады. Кейін Q-pop жастар арасында қазақ тілінің танымалдылығын арттыруға және Қазақстанның жаңа музыкалық бірегейлігінің қалыптасуына ықпал еткен елеулі мәдени құбылысқа айналды.
Q-pop-тағы әуен дәстүрлі қазақ музыкасына тән мәнерге емес, үйреншікті мажор мен минорға сүйенеді. Гармониясы да стандартты деуге болады: аккордтар домбыра музыкасындағыдай үздіксіз созылып тұратын дыбыс - бурдонның айналасында емес, базалық схема бойынша бір-бірін алмастырып отырады.
Дегенмен, оларға ортақ дүние - қазақ тілі. Бірақ тілдің артында тұрған мәдениетті әртүрлі тәсілмен жеткізеді.
K-pop-ты еске салатын сол топ Ninety One еді. Содан бері Қазақстанда Black Dial, Ziruza, ALPHA, T'OI сияқты ұқсас көптеген топ пен орындаушылар пайда болды. Олардың барлығын бір музыкалық бағытқа - Q-pop-қа жатқызады.
Автотюны бар вокал (дауысты цифрлық өңдеу технологиясы), шумақтардағы рэп және есте қалатын қайырма - бұндай тәсілдер көбіне корей поп-музыкасынан келді. Дыбысталуындағы ұлттық нақыш ретінде, негізінен, орындау тілі мен биттің үстіне қойылған сирек домбыра сэмплдерін ғана атауға болады. Бірақ Q-pop-тағы қазақылықты тек осымен шектеу аздау болады. Ұлттық бірегейлік мәтіндерде, әртістердің образдарында және олар қозғайтын тақырыптарда көрініс табады.
Әлдеқайда бұрынҚазақ поп-музыкасының тарихына тереңірек үңілсек, Ninety One ең басында тұрмағанын байқауға болады. Бұл туралы Батырхан Шүкеновтің жиені Наргиз Шүкенова бірнеше рет айтқан:
"Поп-музыка Ninety One-нан басталды деу дұрыс емес. Кеңестік кезеңнің өзінде ол The Beatles, Depeche Mode және Earth, Wind & Fire сияқты батыстық топтардан шабыт алған".
Қазақстандық поп-музыкадағы ең елеулі құбылыстардың бірі, әрине, тоқсаныншы жылдардың басында қазақстандық емес, ресейлік музыкалық кеңістіктің маңызды бөлігіне айналған A'Studio тобының фронтмені Батырхан Шүкенов болды. Бірақ ол негізінен орыс тілінде шырқады, ал оның басты хиттерінде ұлттық нақыш мүлдем болмаған. Орасан зор табыс - бірақ оның қай жерден шыққанын білдіретін белгілер жоқтың қасы.
Алайда кейін қазақ музыкасын өзгерткен оқиға болды.
2000 жылы Шүкенов топтан кетіп, этникалық музыкаға бет бұрды. Екі жылдан кейін оның композитор Қуат Шілдебаевпен бірге жазған "Отан Ана" атты алғашқы қазақтілді жеке альбомы жарық көрді, ал ондағы "Гүл Алматы" әні уақыт өте келе оңтүстік астананың бейресми әнұранына айналды. Шүкенов заманауи дыбысталуды ұлттық нақышпен шебер ұштастырды.
2020 жылы "Қазпошта" шығарған конверт пен марка. Сурет қоғам игілігі саналады
Журналист, музыкалық сыншы және радиожүргізуші Роман Райфельд Шүкеновті Роза Рымбаевадан кейінгі қазақстандық поп-музыканың келесі сатысы деп атайды:
"Розы Рымбаева жаңа стандарт қалыптастырды. Батыр оны одан әрі дамытты - қазақ поп-музыкасына кәсіби шеберлік, өзіндік қолтаңба мен әмбебаптық әкелді. Менің есімде қалғаны - поп-музыкада қазақ тілі алғаш рет осыншалықты керемет, табиғи әрі әлемдік деңгейде естілді. Бұл Батырмен бірге "Отан Ана" альбомын шығарған Қуат Шілдебаев пен Ринат Гайсиннің де еңбегі. Осы уақытқа дейін біздің сахнада оның деңгейіне ешкім жақындай алған жоқ".
Дегенмен Райфельд бұл әндерді жаңа фольклор деп атауға асықпайды:
"Әрине, олар фольклорға айналған жоқ. Бірақ жаңа алтын стандарт болғаны анық. тағы бір мәселе - бүгінде бұл стандартты ешкім қолданбайтыны өте өкінішті".
Шүкеновтің тағы бір ерекшелігі болды. Оның нәзік лирикалық тембрі мен сол кездегі сахна үшін таңсық эмоционалды ашықтығы қазақ сахнасындағы ер адамның бейнесі туралы түсінікті өзгертуге көмектесті. Мұның жаңғырығы кейін шыққан Moldanazar, jeltoksan және SALSERI сияқты әртістердің образдарынан байқалады.
Ninety One тобының сырғасы мен макияжынан әлдеқайда бұрын, сахнадағы қазақ жігіті батыр ғана емес, сезімтал адам бола алатынын Шүкенов көрсетіп берді.
Q-pop пен дәстүрлі музыканы мұқият тыңдаймызQ-pop дәстүрлі қазақ музыкасынан қаншалықты алшақ екенін түсіну үшін, алдымен сол дәстүр қандай екенін түсініп алған жөн.
Домбыра - әдетте квартаға келтірілетін екі ішекті аспап. Ашық ішектердің дыбысы - сол бурдондар: олар Құрманғазының күйлеріндегідей кезекпен немесе кейде бір мезетте естілуі мүмкін.
Кварта - төрт сатыдан тұратын музыкалық интервал; дыбысы ашық әрі сәл шиеленісті шығады.
Квинта - бес сатыдан тұратын музыкалық интервал; дыбысы орнықты, сәл бос немесе қуатты естіледі.
Күй - әуен мен ырғақ арқылы оқиғалар мен сезімдерді жеткізетін аспаптық шығарма: одан желдің гуілін, тұлпардың дүбірін, аңшылық сәттерін естуге болады.
Қазақтың домбыра музыкасында түрлі орындаушылық стиль бар, мысалы:
төкпе - екпінді, соқпа техникасы басым және әуені жылдам дамитын стиль; шертпе - лирикалық, ішекті шертіп ойнайтын, әуен иірімдері нәзік стиль.Дәстүрлі музыкада әуен тірек дыбыстар айналасында өрбиді, мұнда қазіргі поп-музыкаға тән аккордтар тізбегі міндетті емес.
"Осы екі үн де (домбыраның ашық ішектерінің дыбысы - ред. еск.) тірек ретінде қызмет етеді, бірақ басқа регистрлерде олардың октавалық, квинталық баламалары қалыптасады, олар уақытша тірек. Әуен осы тіректердің айналасында шығады. Онда еуропалық музыкаға бағытталған поп-музыкадағыдай аккордтар немесе олардың ауысуы жоқ", - деп түсіндіреді музыкатанушы, өнертану докторы, профессор және Халықаралық дәстүрлі музыка кеңесіндегі Қазақстан атынан сарапшы Сәуле Өтеғалиева.
Ал қазақ музыкасы пентатоникаға негізделген деген кең таралған түсінік - мәселені біршама қарапайымдатып көрсету.
Пентатоника (грек тілінен pente - "бес" және tonos - "үн") - еуропалық музыкадағы үйреншікті жеті сатылы гаммалардан айырмашылығы, октава шегінде бес түрлі дыбыстан тұратын музыкалық дыбыс қатары. Пентатоника әлемдегі көптеген халықтың, соның ішінде Қытай, Жапония, Моңғолия, сондай-ақ түркі халықтарының дәстүрлі музыкасында кең таралған.
"Қазақ халық музыкасында негізінен диатоника мен хроматика қолданылады. Пентатоника Тәттімбеттің және оның шәкірттерінің күйлерінде, ішінара Жетісу мектебінде, сондай-ақ Қытай мен Моңғолия қазақтарында кездесетін жекелеген элементтер", - деп жалғастырды Өтеғалиева.
Диатоника бүтін және жарты үндер кезектесіп келетін жеті сатылы дыбыс қатарына негізделген. Диатоникалық дыбыс қатарына, мысалы, үйреншікті мажорлық және минорлық гаммалар (табиғи түрінде) жатады. Хроматика дыбыстардың жарты үн өзгерістерін, соның ішінде негізгі диатоникалық дыбыс қатарына кірмейтіндерін қолдануды білдіреді. Хроматикалық гамма октава шегінде бір-бірінен жарты үн қашықтықта орналасқан барлық 12 дыбысты қамтиды. Егер диатоника еуропалық классикалық және танымал музыкадағы көптеген әуен негізін құраса, хроматика оларды қосымша реңкпен байытуға, шиеленіс тудыруға және эмоционалдық мәнерді арттыруға мүмкіндік береді.
Енді Ninety One тобын тыңдап көрейік. Мысалы, "Ah! Yah! Mah!" әнінде электронды соқпалы аспаптар, синтезаторлар, бас және бірқалыпты ырғақ анық естіледі. Мұндағы гармония типтік сипатта - мұндай тәсілдерді көптеген поп-хиттен естуге болады. Мысалы - I–V–vi–IV тізбегі, яғни тоника, доминанта, алтыншы саты және субдоминанта. Ырғағы да дәстүрлі күйден ерекшеленеді: иірімді қозғалыстың орнына, әдетте рэп оқуға және қайырмасын айтуға ыңғайлы бірқалыпты электронды бит естіледі.
Ал егер аранжировкада домбыра пайда болса, ол көбінесе дайын поп-шығарманы әрлеу үшін қызмет етеді. Бұл ана тілінде сөйлейтін адам мен ағылшынша сөйлеп отырып, арасына ерекшелік үшін бір қазақша сөз қосқан адам арасындағы айырмашылық сияқтты.
Өтеғалиеваның пікірінше, бұл жерде домбыра жеткіліксіз - мәселе әуенде:
"Қазіргі поп-композициялардың кемшілігі - әннің интонациялық құрылымы қазақы емес, тек мәтіні қазақша, сондықтан домбыраны қосу әндегі жат сипатты жоймайды".
Оның айтуынша, дәстүр шынайы жаңғыруы үшін ән "еуропалық музыкаға (оның заңдылықтары бөлек) емес, қазақ мелосына" - яғни дәстүрдің өзіне тән әуендік жүйесіне негізделуі тиіс. Ал ұлттық нақышты "электрдомбыра емес, кәдімгі дәстүрлі домбыра" бере алады.
Ulytau этно-рок триосы скрипка, электр гитара және домбыра үнін ұштастыра отырып, дәстүрлі қазақ мәнерімен байланысты сақтап, музыкасын осылай құрады. Бірақ бұл басқа бағыт - музыкалық тұрғыдан әлдеқайда радикалды және идол-индустрия заңдылықтарына мүлдем бағынбайды. Демек, еліміздегі дыбысталуы жағынан ең қазақы жобалардың бірі Q-pop-қа мүлдем жатпайды.
Экспортқа арналған қазақ музыкасы"Экспорттық әлеует" - мағынасы бұлыңғыр сөз, сарапшылардың пікірінше, бірақ музыканың шетелде нақты қалай табысқа жететінін түсіну үшін, төрт негізгі механизмді бөліп көрсету керек.
Біріншісі - қолтаңба. Халықаралық нарыққа шығу үшін әртісті жүздеген басқа орындаушы арасынан танытуға мүмкіндік беретін өзіндік стиль қалыптастыру маңызды. Екіншісі - жүйе. K-pop, содан кейін Q-pop музыканы ғана емес, тұтас бір конвейерді (немесе музыкада жиі қолданылатын - "фабрика" ұғымын) ұсынады. Бұған нақты осы стильге баулу, кастингтер және шаш түсінен бастап сұхбаттағы сөздерді мақұлдауға дейінгі әрбір әртіске жасалатын продюсерлік бақылау кіреді.Қазақстандағы продюсерлік бизнес осы жылдар ішінде бір орнында тұрған жоқ: 2014 жылы негізі қаланған JUZ Entertainment-тен кейін YB Entertainment, Moon Entertainment, Trend Entertainment, Eighty Eight Entertainment, MM Entertainment және DEM Entertainment пайда болды. Он жылдан аса тарихы бар жанрға шағын нарықта Q-pop бағытында жұмыс істейтін жеті компанияның болуы аз емес.
Дегенмен, Қазақстан корей моделін ішінара қабылдады. Сеулдегі Ханкук шет тілдері университетінің докторанты (PhD), корей мәдениетінің қазақ қоғамына әсерін және Q-pop феноменін зерттеп жүрген Сымбат Жоламанова әзірге қолданысқа енбеген тұстарды атап өтті:
Үшіншісі - дауыс. Кейде үлкен халықаралық сахнаға шығу үшін нағыз таланттың болуы ғана жеткілікті. Бұл жерде продюсерлік топ екінші орында: дауыс өзін-өзі танытады. Бұған ең жақсы мысал - Димаш Құдайберген: 2017 жылы ол бір шығарылымында 95 миллионға дейін көрермен жинайтын қытайлық Singer шоуында жарқ етті."Бізде көпжылдық стажерлық жүйесі бар ірі агенттіктер жоқ, фан-клубтары, мерчтері және жанкүйерлермен тұрақты кездесулері бар дамыған фан-индустрия қалыптаспаған, музыка экспортына бағытталған инфрақұрылым да жоқ. Q-pop-ты толығымен K-pop моделі бойынша ілгерілету екіталай: Қазақстан нарығы аудиторияның мінез-құлқы жағынан да, көлемі жағынан да корей нарығынан айтарлықтай ерекшеленеді".
Сол кезде сахнада домбыра ("Дайдидау" әнінің алдында ол Құрманғазының "Адай" күйін орындады) мен ұлттық костюм болды, бірақ олар тек бірегейлікті айқындайтын қосымша штрих ретінде қызмет етті: оның дауысы бұларсыз да өз міндетін атқарар еді.
Төртіншісі - ассимиляция. Жоғарыда айтылғандай, Батырхан Шүкенов кезіндегі A'Studio тобының этникаға бет бұрмас бұрынғы жолы осындай болды: орыс тілді аудиторияның қабылдауы үшін олар сол ортаның бір бөлшегіне айналуы керек еді. Қазақ тілді Q-pop пен домбырасы бар Димаштан айырмашылығы, ол жерде ұлттық бірегейлік басты рөл атқарған жоқ - керісінше: ол неғұрлым аз байқалса, ортаға сіңісіп кету соғұрлым оңай болды.Бірақ қазақстандық поп-музыканы әлемдік нарыққа өздігінен алып шығатын танымал музыкалық қолтаңба әзірге байқалмайтын сияқты. Роман Райфельд те бұл пікірмен келіседі:
"Мен біздің әндерімізден әзірге өзіндік танымал дыбысты ести алмай тұрмын. Әлемнің кез келген елінде кездесетін дыбысты естимін. Жаһандану. Бұл қалыпты жағдай шығар".
Шын мәнінде, мұны бәрі бірдей мәселе деп санамайды. Жоламанова K-pop-тың өзі де аса "корейше" естілмейтінін еске салады.
"Оның дыбысталуы дәстүрлі Корея туралы көп нәрсе айта алмайды: бұл америкалық поп, хип-хоп, R&B және электронды музыканың қосындысы. Ондағы корейлік сипат қандай да бір ерекше ұлттық дыбыс арқылы емес, тіл, визуалды образ, хореография және әртістермен жұмыс істеу жүйесі арқылы беріледі", - дейді музыкатанушы.
Оның айтуынша, тыңдарманды алғашқы секундтардан бастап баурап алу әлдеқайда маңызды: TikTok дәуірінде хук (тыңдарманның назарын бірден аударып, әнді қайта тыңдауға итермелейтін музыкалық композицияның жарқын, есте қаларлық элементі - ред. еск.) пен вирустық челлендж әртістің қай елден келгенінен де маңыздырақ.
Ал Q-pop-тың басты айырым белгісі тіл болып отыр:
"Аранжировкасы толықтай жаһандық стильде болса да, қазақша мәтін әнді бірден танымал етіп, оны басқа музыкалардың арасынан ерекшелеп тұрады".
Сонымен, жанрдың жүйесі қалыптасқан, елімізде мықты дауыстар да бар, ал өзіндік дыбысталу мәселесі әлі ашық қалып отыр: оны не әлі ойлап табу керек немесе тілің болса, оның тіпті қажеті де жоқ.
Сонымен қатар, экспорт - табысқа жетудің жалғыз өлшемі емес. Кейде музыка өзге аудиторияны баурап алса, кейде тыңдарманға тілді жаңа қырынан тануға көмектеседі, ал кейде өз еліндегі әрбір тойда шырқалады. Роман Райфельд шетелдік танымалдылықтың соңынан қуудың қажеті жоқ деп есептейді.
"Қазақстандық әртістерге шетелде танымал болудың қажеті жоқ. Бұл не, өмірлік мақсат па? Ең алдымен өз тыңдармандарың үшін, өз нарығың үшін сапалы әрі қызықты музыка жасауға болады және жасау керек. Егер бүкіл әлемге ортақ дүние жасай алсаң ғана, шетелге әлеуетті қызықты болуың мүмкін. Бірақ бұл қажет пе?" - деп сұрақ қояды ол.
Мысал ретінде қазақстандық эстраданың арнайы үйлену тойлары, мерейтойлар мен банкеттер үшін жасалған қосалқы жанры - той-попты (айтпақшы, Ninety One продюсері Ерболат Беделхан Q-pop-ты дәл осы той музыкасына балама ретінде ойлап тапқан, оның айтуынша, той музыкасы үш онжылдық бойы қалған дүниенің бәрін ығыстырып келген) және оның басты жұлдызын алайық.
Қайрат Нұртас шетелде де өнер көрсетті: Қытайда айлап гастрольде жүрді, Мәскеуде концерт берді. Бірақ сұхбаттарының бірінді бұл концерттерге "негізінен отандастарымыз" келгенін айтты. Нұртас өз міндетін былай деп тұжырымдады:
"Менің ісім - ән салу және өз әндеріммен халқымды қуанту".
Оның айтуынша, той әндері "қазақтың өмірі".
Q-pop: бізде кімдер бар?Ninety One - Q-pop-тың жалғыз өкілі емес, тек ең көрнектісі әрі ғұмырлысы. Он жыл ішінде бұл индустриядан ондаған топ өтті, шынын айтқанда, олардың көбі тарап кетпес бұрын тыңдарман есінде сақталып та үлгермеді. Дегенмен, қалғаны да аз емес.
ALPHA тобы 2021 жылы дебют жасады. Олардың алғашқы "Seni oilai" синглін тыңдармандар trip-hop, downtempo, electronica, chillout тегтерімен белгілейді - яғни бұл жердегі дыбыс қуатты би музыкасына қарағанда әлдеқайда атмосфералық және меланхолиялық. Қарқыны төмен, ал балладалары R&B-ге жақын. Бұл ретте топ мүшелерінің айтуынша, олар өздерін Q-pop тобы деп санамайды, музыкалық ұжымбыз деп атайды. Қызықты алшақтық туындайды: тыңдармандар мен музыкалық каталогтар ALPHA-ны Q-pop-қа жатқызады, ал топ мүшелері бұған келіспейді. Бұл Q-pop таңба ретінде әртістердің өзін-өзі сәйкестендіруіне қарағанда, көбіне тыңдарманның қабылдауына негізделгенінің мысалы.
T'OI - JUZ Entertainment лейблінің қыздар тобы, олар Q-pop-қа тән синтезаторлы дэнс-попты орындады; дыбысы жағынан меланхолиялық ALPHA-ға қарағанда ертедегі Ninety One-ға жақын болды. Дегенмен, бұл хикая ұзаққа созылмады: топ 2023 жылдың қазанында дебют жасап, 2024 жылдың жазына қарай өз жолын аяқтады.
Black Dial - YB Entertainment лейблінің бойз-бэнді, олардың 2017 жылғы сәуірдегі дебюттік клипі бір айда миллионнан астам қаралым жинады. Дыбысы жағынан бұл биге бейім және ырғақты Q-pop болды - қазақстандық топтар K-pop-қа бағдарланған бастапқы кезеңде жанр осындай еді.
Ары қарай тізім ұзара түседі: 10iz, Madmen, Divine, Crystalz, Red Blaidd, Blast Boys және тағы басқа ондаған атау. Барлығы дерлік бірдей естілетін және барлығы дерлік тарап кетті.
"Біздегі K-pop - әлемдік трендке және осы бағыттың әлемдегі қуатына берілген жауап. Бірдей топтар, өте көп, бірдей әндер, бірдей лук пен киім-кешек. Бұл музыкадағы әлеуметтік желілердің баламасы сияқты. Жай ғана сән. Бір күні кетеді, басқа бірдеңе сәнге айналады", - деп Роман Райфельд корей форматына еліктеушілікті сипаттайды.
Жеке әртістер арасында Ziruza ерекшеленеді. Жанкүйерлер "Q-pop ханшайымы" деп атап кеткен (2019 жылғы Eurasian Music Awards сыйлығында оны "Q-pop патшайымы" деп атады) әншінің бұл жанр үшін сирек кездесетін бэкграунды бар: ол поп-карьерасын бастамай тұрып көп уақыт қобыз тартуды үйренген. Бірақ оның тректерінен бұл аспаптың үні естілмейді. Оның әндері басқалар сияқты стандартты поп-продакшнмен шығады, ал оның дәстүрлі дайындығы тек өмірбаянындағы дерек болып қала береді. Бұл әртістің қолынан не келетіні мен форматтың одан не талап ететіні арасындағы алшақтықтың мысалы.
Сахнадағы басқа жеке есімдер арасында - Ayree, Malika Yes, Kyle Ruh, ARShAT, Qurmash Makhan және басқалары бар. Дыбысталуы жағынан олардың барлығы шамамен бір бағытта - R&B-баллада мен би поп-музыкасы арасында, әзірге ешқайсысы жанрдың айшықты дауысына айнала қойған жоқ, дейді музыкатанушылар.
2025 жылдың тамызында iONE! пайда болды - Баян Алагөзова мен JUZ Entertainment-тің жаңа қыздар Q-pop тобы. Оның құрамында T'OI тобының бұрынғы қатысушылары да бар. Топты басқалар сияқты жылдам кастингпен емес, YouTube-тегі аттас survival-шоу арқылы жинады. Әртістерді іріктеу әрине күрделенді, бірақ музыка сол күйінде қалды - он жыл бұрынғыдай.
Q-pop па, жай әнші ме: айырмашылығыҚарапайым қазақстандық әншінің нағыз Q-pop жасаушыдан айырмашылығы неде?
Спойлер: нақты шекара жоқ.
Әдетте сәйкес келетін белгілер жиынтығы ғана бар: әртісті продюсерлік топ дайындайды, ол қазақша ән айтады, оның жарқын образы мен клиптері болады, жанкүйерлері бар және өзін Q-pop деп атағанға қарсы емес.
Бірақ нақты есімдерді тізе бастағанда, бұл схема бұзылады.
Мысалы, Ninety One-ның болашақ продюсері Ерболат Беделхан мүшесі және негізін қалаушы болған Orda тобы осыған ұқсас стильде жұмыс істеген, тек ертерек және "сәнді белгісіз" шыққан еді. Димаш - артында ешқандай айдол-жүйесі тұрмаған мықты вокалист. Qazaq Indie лейблі мен оның негізгі өкілі Samrattama Barsakelmes жобасы арқылы Арал теңізі қасіреті арқылы отарсыздану мәселесін көтерді - бұл ұлттық бірегейлікпен ойнау да, коммерциялық мақсат та емес, мүлде басқа жол. Ал жоғарыда айтылған Ulytau - домбыра әдемілік үшін алынған сэмпл емес, толыққанды бірінші дауыс.Сэмпл (ағылшын тіліндегі sample - "үлгі", "фрагмент") - жаңа музыкалық композиция жасау кезінде пайдаланылатын дыбыстық жазбаның қысқа үзіндісі. Бұл әуеннің үзіндісі, ырғақ, жеке аспаптық дыбыс, вокалдық тіркес немесе тұрмыстық шу болуы мүмкін.
Шекара жоқ, спектр бар.
Музыкатанушы Сымбат Жоламанова шекараның бұлыңғырлығынан артықшылық көреді:
Сырға мен батырлар"Қазір біз қазақстандық музыканың өзіндік бір ренессансын бақылап отырмыз: жаңа форматтар, жаңа әртістер, K-pop, Q-pop, эстрада немесе той музыкасы болсын, қалыптасқан шеңберге сыйып қажеті жоқ андеграунд пайда болып жатыр. Бүгінде бұл шекара өте бұлыңғыр, бұл - үлкен плюс: әртістеріміздің шығармашылық еркіндігі мол".
Бірақ Q-pop тарихындағы атышулы оқиға осыдан 10 жыл бұрын ән мәтіндеріне емес, сырт келбетке қатысты болды. Қазақ жігітінің сырт келбеті туралы түсінік әлі де өте берік. Ал мұнда шаштарын бояған, сырға тағып, көздерін бояған бес жігіт шыға келді!
Мұны бүкіл ел бірдей қабылдай қоймағаны таңғаларлық емес. 2016 жылдың күзінде Ақтөбеде өздерін "шығармашылық интеллигенция өкілдері" деп атаған жергілікті әртістер Ninety One концертін тоқтатуды талап етті. Олар жігіттердің "шаштарын бояп, макияж жасайтынын" айтып, өнер көрсетуіне тыйым салуды сұрап әкімдікке шағымданды. Кейін ұйымдастырушылар шоуды тоқтатуға мәжбүр болғандарын мәлімдеді. Осыған ұқсас жағдайлар Шымкент, Жезқазған және Қызылордада болды.
Топ продюсері Ерболат Беделхан өзін сабырлы ұстады: "Men sen emes" деректі фильмінде ол жігіттер мен олардың отбасыларына алдын ала жағымсыз пікірлердің көп болатынын ескерткенін, бірақ ашуға ашумен жауап беруге болмайтынын, өйткені адамдар бұл өнер екенін түсінбейтінін айтты.
Ал жанкүйер қыздар бұған бейжай қарамады: Ақтөбеде олар облыс әкіміне концертті тоқтатпауды сұрап, ұжымдық бейнеүндеу жолдады. Бірақ бұл дау "консерваторлар жастарға қарсы" деген қарапайым дүние емес еді. Мұндай эстетика жас қазақстандық қыздардың сұранысына жауап бергендей болды: олар сахнадан ер адамның басқа - нәзік әрі заманауи бейнесін көргісі келді.
Дегенмен, мәселе тек сырт келбетте емес. Әлеуметтанушы Серік Бейсембаев сол деректі фильмде бұл топ қазақтілді Z ұрпағына өзін-өзі тануына көмектескенін айтты. Q-pop феноменін зерттеуші музыкатанушы Сымбат Жоламанова да осы жанрда жұмыс істейтін әртістердің еңбегін осылай бағалайды:
"Әртістер дыбыспен жұмыс істейді, ал сөздердің айтылуы мен мәтіннің креативтілігі арқылы қазақ тілінің байлығы мен икемділігін көрсетеді. Көптеген тыңдарманға, соның ішінде Қазақстандағы жастарға бұл ана тілін қайта тануға себеп болды".
Q-pop-тың басты парадоксы да осында шығар: қазақша ән айтылатын жанр шашты бояу мен сырға тағуға байланысты ұлттық құндылықтардың аздығы үшін айыпталды. Қазақ өнері саналу үшін, тек қазақ тілінде сөйлеу жеткіліксіз - осы мәдениет қалай қабылданса, солай көріну де керек сияқты.
Визуалды мәлімдеме дау тудырған екен, сол сәтте ән мәтіндері не туралы болды? Махаббат па? Қарсылық па? Әлде нақты бірдеңе ме?
Сөз арасындаQ-pop әндерінің басты тақырыбы - әрине, махаббат. Ziruza-ның "Қиын / Оңай" әнінде бағаланбаған сезім туралы айтылады. "Мені сүю қиын бірақ әрі оңай" жолы қайырмасында қайта-қайта шырқалады, ал соңында кейіпкер оның жүрегіне жол таба алмаған адамды жайына қалдырады. Жанрда ғашықтық, көңіл қалу, айырылысу туралы әндер өте көп, бұл - негізінен жасөспірімдер мен жастар аудиториясына арналған поп-музыка үшін қалыпты тақырып.
Бұдан кейін салмақтырақ тақырыптар келеді: ішкі күрес, үмітті ақтамау қорқынышы, өзін-өзі іздеу - депрессия мен сенімсіздікке жақын дүниелер. Ninety One-ның "Айыптама" атты дебюттік әні осы санатқа жатады, өйткені онда айыпталу қорқынышы туралы айтылады.
Ал Black Dial тобының дебюттік синглі "Сөйле" деп аталады. Ән үнсіздік тақырыбы мен өз даусын өзгелерге естіртуге құштарлық төңірегінде өрбиді.
Бұл мотивті кейін T'OI тобы жалғастырады - олардың қысқа дискографиясы түгелдей тіл мен сөйлеу туралы әңгімеге айналды - Tilim, Tilsiz, Boi tili, Tildesu. Демек, үнсіз қалу мен өз дауысын іздеу тақырыбы әртүрлі топта көрініс тауып отырады, тек әр кез жаңа сөздермен жеткізіледі.
2020 жылдың соңында "Taboo" трегі жарық көрді. Онда Оруэлл мен Хаксли шығармаларының әсері байқалып, жемқорлық пен ішкі цензура туралы айтылды. Сол кезде Reuters агенттігі қазақстандық поп-жұлдыздар саяси мәтіндерге қойылған тыйымды бұзғаны туралы жазған болатын.
Сонымен, артістердің басым бөлігі махаббат туралы шырқаса, кейбірі ішкі тебіреніс пен тура және ауыспалы мағынадағы өз үнін іздеу туралы айтады, ал енді біреулері қоғам мәселелерін ашық қозғауға бел буады.
2015 жылдың күзінде айтыс пен Q-pop - ежелгі импровизация өнері мен корей үлгісімен жасалған музыка бір уақытта назарға ілікті. Арада он жыл өткен соң, бұл екеуінің арасында алғашқы көзқарасқа қарағанда ортақ дүние әлдеқайда көп екені байқалады.
Q-pop өзіне тән ерекше дыбысын әлі тапқан жоқ: ондағы бит, синтезаторлар мен аккордтар әлі де жаһандық сипатқа ие. Есесіне, бұл жанр айтыстың негізі - қазақ сөзін сақтап, оны сәнге айналдырды. Бәлкім, оның ұлттық сипаты биттің үстіне домбыра қосуда емес, тұтас бір буынның қайтадан ана тілінде ән айтып, музыка тыңдағысы келгенінде шығар.
Авторы: Сымбат Имашева - студент, кәсіби вокалмен 14 жылдан бері айналысады, скрипка мен фортепианода ойнайды, "Голос. Дети" және "X-Factor" жобаларының қатысушысы.
Дисклеймер: Бұл материалды Tengrinews.kz-пен ынтымақтастық аясында Maqsut Narikbayev University Халықаралық журналистика мектебінің MNU Newsroom студенті дайындалған. Ақпараттың шынайылығына автор жауапты. Редакция ұстанымы автордың көзқарасымен сәйкес келмеуі мүмкін.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:93
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Қазан 2026 15:55 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















