“Қашан көтересің, жалақың қанша?“ Жастар мен үлкендердің әңгімесі неге жараспайды?
Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
"Қашан тұрмысқа шығасың?", "Қашан балалы боласыңдар?", "Қанша жалақы аласың?" - бұл сұрақтарды әрбір қазақстандық кем дегенде бір рет естіген болар.
Мұндай сұрақтарды көбіне туыстар дастарқан басында қояды. Біреулер оны қалыпты жағдай деп сабырмен қабылдайды. Ал басқалары, әсіресе жастар, мұны жеке шекараны бұзу деп санайды. Бұл дәстүр қайдан шықты, неге ол сұрақтар қазір көпшіліктің ашуын туғызады және оның орнына қандай жаңа ережелер қалыптасып келеді? Tengrinews.kz тілшісі осыны зерттеп көрді.
Ыңғайсыз сұрақтар және "жанжалқой" жастар- Кәне, бері келші, бір көрейін! Мәссаған, бойың қандай ұзын! Аяқкиіміңнің өлшемі қандай? 39?! Тууф! Сұмдық! Күлбикеш емес екенсің, иә, хи-хи, - деп тәтең бетіңнен шымшығанда, амалсыз жымиып тұрасың.
Көптеген оқырманға балалық шақтағы мұндай көріністер таныс болар. Ал жас буын өкілдері - зумерлер мен альфалар мұндай әңгімені пассивті агрессия мен жеке шекараны бұзу деп санап, оны "токсик" деп атар еді.
Бірақ біз ол кезде мұндай сөздерді білмейтінбіз. Ата-анамызға сөз келтірмеу үшін ішімізден тынып тұратын едік.
Есейе келе әрбір отбасылық басқосуда бізді жаңа сұрақтар мен пікірлер легі күтіп тұратын:
- Сонымен, қашан тұрмысқа шығасың? Анау көршің Сәулеш жақында ғана тұрмысқа шықты. Қарап отыра берсеңдер, 20-дан асқан соң "өтпей" қаласыңдар, артыңнан 17 жастағы қыздар өсіп келе жатыр.
- Әлгі баспаханаңда қанша аласың? Көп емес шығар, жұмысың да оңай ғой - қағаз шұқылап отыру.
Жылдар өте келе көрші-көлеңнің "жанашырлығы" ересек өмірімізге де араласа бастады:
"Көршілердің бәрі сұрайды: ұлың мен Гүлия қашан балалы болады екен? Екі жыл болды бірге тұрғандарына... Өздері қаламай ма, әлде болмай жатыр ма?" - деп еншісі бөлек келініне ененесі "құнды ақпарат" жеткізіпті.
- Оларға "қалай екенін білмейді" деп жеткізіңіз, - деп жауап берді пысық келіншек.
Сол заман үшін жеке шекараны қорғауға бағытталған бұл батыл әрекет оңайға соқпады: енесі келінінің "құрметсіздігі" туралы ұлына және құдаларына дереу шағымданып, Гүлияны ұзақ та жағымсыз отбасылық талқылау күтіп тұрды.
Уақыт өтіп, біз де әбден есейдік, тіпті қартая бастадық. Әдепсіз сұрақтар азайғанымен, толық жойылған жоқ.
Бірақ бұрын біз мұны бәрібір болатын жағдай ретінде қабылдасақ, бүгінгі жас буын мұндай әдепсіздікке басқаша қарайды. Кейбір жас әріптестерім отбасылық жиындарға баруды қойғандарын айтады.
Басқалары мұндай шараларда жеке шекарасын қатаң белгілеп, мұндай сұрақтардың ұнамайтынын ашық айтқаны үшін "жанжалқой" деген атқа ие болып жүр.
Қазақстан қоғамындағы осы "әдепсіз сұрақтар" дәстүрі қайдан шықты және ол шынымен де біртіндеп қарым-қатынастың жаңа нормаларына орын беріп жатыр ма? Соны талдап көрейік.
"Қазақстандағы әдепсіздік" пе, әлде әлемдік тренд пе?Жеке өмірге қатысты әдепсіз сұрақтар төркінін білу үшін тарих ғылымдарының кандидаты Салтанат Асановаға жүгіндік.
Бізде мұндай сұрақтар дәстүрлі қазақ қоғамында қалыпты саналған шығар деген болжам болды. Бірақ тарихшы бұл жаңсақ пікірді бірден жоққа шығарды.
"Қашан балалы боласыңдар?""Жүктілік туралы сұрауға тыйым салынбағанмен, бұл әдепсіздік саналатын. Өйткені дәстүрлі қазақ қоғамында жүктілік туралы ол анық болғанда ғана айтылады. Енесі(редакция ескертпесі - қайын енесі) келінінің аяғы ауыр екенін хабарлап, әйелдерге арнап шай беру салты бар. Бірақ бұл жүктілік нақты анықталып, ешқандай күмән қалмаған кезде жасалады".
![]()
Салтанат Асанова
тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты
Тарихшы бұған қоса ертедегі бала өлімі мен босану кезіндегі жоғары өлім-жітім көрсеткішін ескере отырып, біреуден "қашан босанасың" деп сұрау, керісінше, қауіпті саналғанын айтады.
"Қашан тұрмысқа шығасың?""Бізде босануға алдын ала дайындалуға, нәрестеге жасау жасауға болмайды".
Ал қыздарға қойылатын тұрмысқа шығу туралы сұраққа келсек, Асанова тарихи себептерге байланысты бұл мәселенің де дәстүрлі қазақ қоғамында көтерілмегенін түсіндіреді.
"Отбасын құру - бұл белгілі бір отбасымен, белгілі бір румен экономикалық, жиі жағдайда саяси байланыс орнату дегенді білдіретін, әрі бұл дайындыққа жастар ешқандай қатысқан жоқ. Әдетте, жігіттің ата-анасы бойжетіп келе жатқан қызы бар отбасын алдын ала таңдайтын; ол қандай отбасы екенін, тіпті тұқым қуалайтын аурулары бар-жоғына дейін зерттейтін. Оның ата-анасымен бала кезден уағдаласып қоятын. Сондықтан текті жердің қыздарының бәрі ерікті болған жоқ, олардың барлығы айттырылып қойылған болатын", - деп сипаттайды тарихшы дәстүрді.
Балаларды ертерек үйлендіруге тырысты, себебі тезірек ұрпақ сүюді қалады, сондықтан неке өте ерте қиылатын.
Бұған Салтанат Асанова жалпы қазақ қоғамында біреуді үйлендіру немесе отбасын құруға септігін тигізу - сауапты, дұрыс іс саналатынын қоса кетті.
"Сондықтан қазақ әйелдері, әсіресе егде жастағылары, таңнан кешке дейін біреуге біреуді қосып, құда түсумен айналысады".
Бірақ жеке басына қатысты сұрақтар қою дәстүрі тек бізге тән емес, жаһандық құбылыс болып шықты. Әлем тарихына үңіліп көрейік.

Сурет: © Tengrinews.kz / Тұрар Қазанғапов
Тарихшы XIX ғасыр мен XX ғасырдың басындағы еуропалық жоғары қоғамның әдеп ережелерін еске түсіруді ұсынады. Олардан қатаң тыйымдар жүйесін көруге болады. Қонақта және бейтаныс адамдардың ортасында тек ауа райы мен кітаптар туралы сөйлесуге рұқсат етілген. Саясат, жалақы, денсаулық, жеке өмір - әсіресе бала тууға қатысты мәселелерге қатаң тыйым салынды. Тәрбиелі адам ешқашан денсаулығына шағымданбайтын, табысын талқыламайтын және бала-шағасымен қаншалықты қиын екенін айтып бермейтін.
"Бұл "ақсүйектер әңгімесі" - шынайылық әдепсіздік болып саналатын рәсім еді. XX ғасырдың екінші жартысындағы бүкіл әдебиет, мәніне келгенде, еуропалық қоғамның осы бір екіжүзділігі мен тұйықтығын әшкерелеуге арналған, онда адамдар ешқашан шын ойын айтпайтын", - деп түсіндіреді Салтанат Асанова.
Алайда, сарапшының айтуынша, Бірінші дүниежүзілік соғыс бәрін астаң-кестең етті. Ағартушылық құндылықтарында - "адам деген ардақты ат", "адам - табиғаттың төресі" деген қағидалармен тәрбиеленген ұрпақ мыңдаған шақырымға созылған майдан шебіндегі окоптардан бірақ шықты. Осы бір "жоғалған ұрпақ" соғыстан жарақатпен оралып, буржуазиялық қоғамның құндылықтарын қайта қарай бастады.
Екінші толқын Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін келді - хиппилер қозғалысы, сексуалдық революция, өмір философиясы пайда болды. Алғаш рет секс туралы ашық айтыла бастады, тыйым салынған тақырыптар жоқ деп жарияланды. Ұрандары мынадай болды:
"Кіммен қаласам, сонымен жатамын, не айтқым келсе, соны айтамын, жалпы мен қандай болсам, сондаймын - ештеңені жасырып-жаппаймын". Бұл екіжүзділікке қарсы наразылық пен табиғилыққа шақыру еді".
Тарихшы біздің елде бұл құндылықтар ұжымшылдық идеологиясы және индивидуализмді әшкерелеумен ұштасқанын атап өтті:
"Жиналыстарда жеке істер талқыланатын: егер күйеуі опасыздық жасаса, әйелі парткомға жүгіретін. Оны бүкіл ұжым болып отбасына қайтаратын, жолдастық соттар болатын. Яғни, адамның жеке өмірі барынша ашық болды".
Асанова бұл жағдайды біздің қоғам үшін де, батыс қоғамы үшін де XX ғасырдың ерекшелігі деп санайды.
Бірақ қазір бұл ұғымдардың аражігін ажырата алатын жаңа буын өсті. Олар психологияға, жайлылық пен даралыққа мән береді. Сондықтан мұндай шектен шыққан ашықтықты қаламайды. Олар үшін жеке шекараны бұзу - жай ғана әдепсіздік емес, адамға келетін нақты зиян. Содан барып "Неге әлі балалы болмай жүрсіңдер?" немесе "Баланы қашанға жоспарлап жүрсіңдер?" деген сияқты сұрақтар орынсыз деп есептеледі.
Неге үлкен буын ыңғайсыз сұрақтарды жиі қояды"Мен дәстүрлі классикалық мәдениеттің адамы ретінде бұны өте дұрыс деп есептеймін. Өйткені өзге адамның жеке өміріне құрметпен қарау - салауатты қоғамның негізі", - деп түйіндеді Салтанат Асанова.
Біз мәселені әртүрлі қырдан қарастырамыз. Сондықтан психолог Наталья Кимнен "Қашан тұрмысқа шығасың?", "Қашан туасың?" немесе "Қанша табасың?" деген сияқты сұрақтар неге көптеген қазақстандық үшін әлі күнге дейін қалыпты жағдай екенін түсіндіріп беруін сұрадық.
Оның айтуынша, мәселе жаста емес, көбіне ұрпақтар арасындағы айырмашылықта және олар өскен әлеуметтік ортаның ұстанымдарында.
"Әр адамның қарым-қатынастағы рұқсат етілген шекаралар туралы өз түсінігі бар. Олар бала кезден - отбасында, мектепте, жақын ортада қалыптасады. Аға буын үшін ұзақ уақыт бойы "жұрт қатарлы болу" ұстанымы болды, сондықтан айналадағылардың жеке өміріне қызығушылық табиғи нәрсе ретінде қабылданды. Неке, балалар немесе жұмыс туралы сұрақтар адамның көңіліне тию үшін емес, күнделікті әңгіме ретінде қойылатын".
![]()
Наталья Ким
психолог
Сонымен қатар, бүгінде қоғамдық нормалар біртіндеп өзгеріп келеді.
Неге адамдар өзгелердің өміріне алаңдайды?"Қазіргі мәдениет жеке шекараларға және адамның не туралы айтқысы келетінін, ал нені жеке кеңістігінде қалдырғысы келетінін өзі шешу құқығына көбірек көңіл бөледі. Сондықтан ұрпақтар қақтығысы туындайды: бірі өз сұрақтарының неге соншалықты ауыр қабылданатынын түсінбейді, ал екіншілері мұндай қарым-қатынасты жеке өмірге қол сұғу деп есептейді".
Психолог пікірінше, мәселе тек әуесқойлықта емес.
"Адам үшін қоғамдағы өз орнын түсіну маңызды. Сондықтан біз жиі өзімізді өзгелермен салыстырамыз: кім ертерек отбасын құрды, кім табыстырақ, кім көбірек ақша табады. Кейде мұндай сұрақтардың астарында шынайы қызығушылық жатса, көбіне - ішкі мазасыздық, "өзгелерде де солай" екеніне немесе адамның табысты өмір туралы қалыптасқан түсініктерге сәйкес келетініне көз жеткізу қалауы тұрады", - дейді Наталья Ким.
Әлеуметтік желілердің дамуымен өзіңді айналаңдағылармен салыстыру әдеті белең ала түсті:
"Бүгінде жеке өмір әлдеқайда жария бола бастады. Біз үнемі өзгелердің жетістігін, отбасын, мансабын, саяхаттарын көріп, еріксіз оларды өз өмірімізбен салыстырамыз. Бұл өзге адамдардың қалай өмір сүретініне деген қызығушылықты арттырып, кейде сұхбаттасушы тым жеке деп қабылдауы мүмкін сұрақтардың туындауына әкеледі".
Қорытындылай келе, Наталья Ким үлкен буын тарапынан қойылатын мұндай сұрақтар көбіне әуесқойлық емес, қамқорлық белгісі екенін айтады.
Есте сақтау керек басты тұжырым:
Жас буын: әдептірек пе, әлде..."Әдепсіз сұрақ - бұл әрдайым ренжіту ниеті емес. Әсіресе, аға буын өкілдерімен тілдесу кезінде. Көбіне бұл - қарапайым әңгіме мен жеке кеңістіктің аражігі туралы екі түрлі түсініктің бетпе-бет келуі", - деп түсіндіреді сарапшы.
Бүгінгі жастар әлдеқайда биязы бола бастады деген пікір қалыптасқан. Олар таныстарынан жалақы туралы сирек сұрайды, үйленуге асықтырмайды және отбасында қашан бала болатынына қызықпайды. Бірақ жаңа буын шынымен әдептірек пе? Әлде көптеген сұрақ қою қажеттілігі жоқ па?
Материалды дайындау барысында жас әріптестеріміздің бірі қызықты ой айтты.
"Біз бір-бірімізге әдепсіз сұрақтарды қоймайтынымыздың себебі - бәрін онсыз да білетіндігіміз сияқты көрінеді", - дейді ол күліп.
Осыдан жиырма жыл бұрын адамның өмірінде не болып жатқанын тек бетпе-бет кездескенде білуге болатын еді. Бүгінде бұл ақпараттың едәуір бөлігі әлеуметтік желілерде бар. Біз саяхаттан суретсуреттер жариялаймыз, жөндеу жұмыстары, жаңа жұмыс, ажырасу және үйлену тойлары туралы айтамыз.
Қызықты парадокс туындайды. Аға буын ақпаратты тікелей сұрақ қою арқылы алуға дағдыланған. Ал жастар көбіне бірде-бір сұрақсыз-ақ - жаңалықтар лентасы, алгоритмдер және интернетте күн сайын қалатын цифрлық іздер арқылы бір-бірінің өмірінен хабардар болып отырады.
Бәлкім, қарым-қатынас мәдениетінің өзгеруіне байланысты әдепсіз сұрақтар азайған болар. Бұрын мерекелік дастарқан басында анықталатын көптеген жайт бүгінде адам өз жақындарына айтып үлгергенше белгілі болып жатады.
Жеке сұрақтар және заманауи әдепМатериалды қорытындылай келе, біз бұл тақырыпқа заманауи әдеп тұрғысынан қарауды жөн көрдік. Шынайы қызығушылық пен әдепсіздіктің аражігі қазір қай жерде? Қандай сұрақтар әлі де орынды деп саналады, ал қайсы жеке шекараны бұзу ретінде қабылданады? Бұл туралы біз әдеп жөніндегі сарапшылармен сөйлестік.
"Әдеп тұрғысынан алғанда, мұндай сұрақтар орынсыз болып саналады және адам бұл тақырыпты өзі қозғамаса, оны сұрауға кеңес берілмейді. Табыс, денсаулық, бала жоспарлау, қарым-қатынас, жас мөлшері - мұның бәрі жеке шекараны бұзуы мүмкін өте дербес ақпараттар".
![]()
Вероника Мазур
әдеп жөніндегі сарапшы
Сонымен қатар, спикер мұндай сұрақтарды кейде талқылауға болатынын айтады:
егер адам әңгімені өзі бастап, тақырыпты талқылауға дайын екенін білдірсе; егер адамдар арасында өте жақын, сенімді қарым-қатынас болса.Өзге жағдайларда сұхбаттасушы кез келген уақытта ыңғайсызданбастан мұндай сұрақтарға жауап беруден бас тарта алады, дейді сарапшы.
Осыған ұқсас ойды өнертанушы, әдеп жөніндегі сарапшы Сәуле Увакпаева да айтады. Оның сөзінше, көп нәрсе қарым-қатынастың сипаты мен сұхбаттасушылар арасындағы жақындық деңгейіне байланысты.
"Нәзік мәселелерді қозғаудың орындылығы қарым-қатынастың сипаты мен жақындығына байланысты. Көптен бері араласып жүрген достар өзара еркін талқылай алатын тақырыптар әріптестер мен алыс туыстар арасында ерсі көрінуі мүмкін. Біз сұхбаттасушыларды қарым-қатынас қашықтығына қарай - интим, жеке, әлеуметтік және қоғамдық деп бөлеміз. Осыған сәйкес, айналамызбен араласу шекарасын және әңгіме тақырыптарын реттеуге болады".
![]()
Сәуле Уақпаева
өнертанушы, этикет сарапшысы
Сондай-ақ, ол орынсыз сұрақтарды дәстүрмен байланыстырмай, мәдени деңгеймен ұштастыру керек екенін атап өтті:
Қорытынды. Қазіргі заманда жанашырлықты қалай білдіруге болады?"Мұндай сұрақтарды қоятын адамның білімі мен мәдени деңгейінің төмендігі жасырын емес әуесқойлықтан көрінеді. Менің ұсынысым - әдепсіз сұрақтарға әдеппен жауап беретін дайын үлгілерді қолдану. Мысалы: "Мен сіздің сұрағыңызға жауап бере алмаймын, бұл өте жеке мәселе" деп айтуға болады".
Қоғам өзгерген сайын қарым-қатынас ережелері де өзгеріп жатыр. Жаңа этика бойынша, қамқорлық таныту - өзгенің жеке өмірінің бүге-шігесін білуге тырысу емес, адамның өз еркімен бөлісетін кезін күте білу.
Сонымен қатар, бүгінде әдепсіздік деп қабылданатын сұрақтардың көбіне ренжіту ниетімен емес, үйреншікті әдетпен - өз заманының мәдени нормаларына сай қойылатынын есте сақтаған жөн. Үлкен буын үшін отбасы, бала немесе жұмыс туралы сұрастыру - көңіл бөлу мен жанашырлық танытудың үйреншікті жолы. Осыны түсіну әр түрлі буын өкілдеріне бір-бірін жақсырақ естуге және мұндай жағдайларға сабырмен қарауға көмектесуі мүмкін.
Ал егер әдет бойынша "Қашан тұрмысқа шығасың?" немесе "Қашан балалы боласың?" деп сұрағыңыз келсе, психолог Наталья Ким қарапайым балама ұсынады: "Жағдайың қалай? Қазір қанжай қызықтар болып жатыр?". Мұндай бейтарап сұрақтар уақыт өте келе жақын жандарға деген шынайы қызығушылық сақталып, ал ыңғайсыздық айтарлықтай азаятын жаңа дәстүрімізге айналуы әбден мүмкін.
Авторы: Юлия Колмогорова
Аударған: Дина Шәріпхан
Google News арқылы жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Жазылу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Шілде 2026 11:25 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















