Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Рингте жанған бес жұлдыз

Рингте жанған бес жұлдыз

Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Жалпы, World Boxing Cup турнирі – элиталық боксшылар арасындағы рейтингті анықтайтын жарыс. Доданың өзі 3 кезеңнен тұрады. Алғашқы кезең сәуір айында Бразилияның Фос-де-Игуасу қаласында өтсе, екінші кезең 15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуйян қаласында жалауын көтерді. Финалдық кезең қараша айының соңында Өзбекстанның Ташкент қаласында өтпек. Осы жолғы жарыста ерлер мен әйелдер арасында 20 медаль жиынтығы сарапқа салынып, Қазақстан намысын 17 спортшы қорғады.

Спорт сарапшысы Аслан Қаженов Қытайдағы әлем кубогындағы нәтижені сәтті деп бағалауға толық негіз бар екендігін алға тартты.

– Жалпы нәтижеге көңіл толады. Қытайдағы әлем кубогы Қазақстан құрамасы үшін оңай басталған жоқ. Алайда турнирдің қорытындысы өте сәтті болды. 5 алтын, 3 қола – жоғары көрсет­кіш. Бұл арқылы біздің боксшылар әлемдік дең­гейдегі орнын тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұны әлемдік деңгей деп айтуға толық хақымыз бар. Өйткені бұл дода әлем чемпионатынан кем түскен жоқ. Бәсекелестік өте жоғары болды. Турнирге 44 елден 300-ге жуық боксшы қатысты. Әр жекпе-жекті қазақ жанкүйерлері ерекше ықыласпен тамашалады. Жігіттерге де, қыздарға да оңай болған жоқ. Оның үстіне, төрт бірдей боксшымыз салмақ дәрежесін ауыстырды. Ерлер арасында Сабыржан Аққалықов пен Нұрбек Оралбай, әйелдер арасында Назым Қызайбай мен Наталья Богданова олимпиадалық салмақ дәрежелеріне көтерілді. Бұл – Азия ойындары мен Олимпиада ойындарына дайындықтың бір кезеңі. Спортшы­ларымыз жаңа салмаққа бейімделіп, жақсы формада екенін көрсетті, – деді сарапшы.

Көк байрақты көтерген бесеу

Гуйян төріндегі дүбірлі дода Қазақстан үшін олжалы болғаны сөзсіз. Оған себеп ұлттық құрама бес алтын, үш қола медаль жеңіп алып, жалпы­командалық есепте екінші орынға жайғасуымыз. Әсіресе, алтынға қол созған әр боксшының жеңіс жолы бөлек әңгіме.

Алтын керуеннің көшін бастағандардың бірі – Санжар Тәшкенбай. 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол финалда Өзбекстан өкілі Асилбек Джалиловпен кездесті. Бұл жекпе-жек екі ел бокс мектебінің, екі мінездің, екі намыс­тың айқасы болды. Төрешілердің екіге бөлінген шешімімен аяқталған тартысты кездесуде Санжар­дың қайсарлығы мен жинақылығы басым түсті. 

Әйелдер құрамасының жарқын жеңістерінің бірі Назым Қызайбайдың еншісінде. 54 келі салмақта бақ сынаған Назым финалда италиялық Сирин Чараабимен кездесті. Қазақстандық боксшы алғашқы екі раундта 4:1 есебімен басымдық танытып, төрешілер шешімімен жеңіске жетті. 

Шаршы алаңдағы ең әсерлі сәттердің бірі Виктория Графееваның жекпе-жегінде тіркелді. 60 келі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық боксшы финалда Қытай Тайбэйінің өкілі, Олим­пиада чемпионы Лин Юй-Тинмен кездесті. Алғашқы екі раундта қарсыласы төрешілер есебі бо­йынша алда болды. Алайда отандасымыз қытай­лық боксшыны соңғы раундта нокдаунға түсіріп, жеңісті өз қолымен жұлып алды. 

70 келіге дейінгі салмақта Абылайхан Жүсіпов алтын тұғырдан көрінді. Финалда ол Үндістан өкілі Дипакты төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен жеңді. Абылайханның жекпе-жегі қазақ бокс мектебіне тән жинақылық пен техникалық басымдықтың үлгісі болды. Ол қарсыласына еркін көсілуге мүмкіндік бермей, ринг тізгінін өз қолында ұстады.

Ел қоржынына соңғы алтынды Айбек Оралбай салды. 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінің финалында ол Германия өкілі Никита Путиловпен қолғап түйістірді. Айбек рингтегі әр қадамын есеп­пен басып, қарсыласына өз қарқынын қабылдатқан қазақстандық боксшы шешуші сәтте сыр бермей, алтын тұғырдан көрінді. 

Қазақстан құрамасының қанжығасын қола жүлде иелері де толықтыра түсті. Аида Әбікеева 65 келіге дейінгі салмақта, Валерия Аксенова 80 келіге дейінгі салмақта, Дина Исламбекова 80 келіден жоғары салмақта үздік үштіктен көрінді. 

70 келідегі тартыс

Әлем кубогындағы Абылайханның жеңісі аталған салмақта Азия ойындарына кім барады деген мәселені қайта күн тәртібіне шығарды. Себебі қазір бұл салмақта бірден екі әлем чемпионы бар. Төрехан Сабырхан 2025 жылы World Boxing аясындағы әлем чемпионатында алтын алса, Абылайхан Жүсіпов желтоқсан айында IBA нұсқасы бойынша әлем чемпионы атанған еді.

Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақовтың пікірінше, Жапонияда өтетін Азия ойындарына баруға дәл қазіргі сәтте Абылайхан Жүсіпов лайық.

– Былтыр Жүсіпов Астанадағы Әлем кубогында жеңіліп қалды. Сол кезде бапкерлер Ливерпульдегі әлем чемпионатына статистикалық тұрғыдан жеңілісі жоқ Төрехан Сабырханды жіберді. Ал қазір жағдай басқаша. Төрехан Азия чемпионатында жеңіліс тапты, ал Абылайхан Әлем кубогында топ жарды. Ол Қытайда мықты бразилиялық боксшыны ұтты. Жалпы, оның бокс деңгейі өте жоғары, – дейді Жұмабек Өмірзақов.

Абылайхан Жүсіпов – тәжірибесі мол, 29 жастағы боксшы. Ол әлем біріншіліктерінің төрт дүркін жүлдегері, екі Олимпиада ойындарына қатысқан. Дегенмен Олимпиададағы сәтсіздіктер оның спорттық жолына қатысты түрлі пікір тудырғаны белгілі.

– Біздің елде Жүсіпов туралы сөз болғанда, көпшілік алдымен оның Олимпиада ойындарын­дағы сәтсіздігін еске алады. Бірақ мәселенің бір қыры бар: Абылайхан – өте ақылды боксшы, екінші нөмірмен жұмыс істеуді жақсы меңгерген спортшы еді. Кейін оны басқа мәнерге бейімдеп, өзгерткісі келді. Яғни, өзіне тән боксынан алыс­татып жіберді. Қазір, меніңше, Абылайхан қайта­дан өз боксына оралып келеді. Ол қарсы шабуылда өте сауатты қимылдайды, рингте оймен жұдырық­тасады. Бұл жағынан ол Төреханнан әлдеқайда басым, – дейді бапкер.

Еңбек сіңірген жаттықтырушы Жүсіповтің басты артықшылығы ретінде оның тәжірибесін атайды.

– Кейбіреулер Сабырхан биыл мансабындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады дейді. Бұған күлесің. Менің ойымша, ол 2025 жылғы «Странджа кубо­гында» да екі рет жеңілген еді, бірақ төрешілер басқаша шешім шығарды. Азия чемпионатының финалы Төреханның кейде артық ойнап кететінін көрсетті. Оны айламен алдап, қарқынын басып, ұтуға болады. Ал Жүсіпов – тәжірибелі, көпті көр­ген боксшы. Ол рингте артық тәуекелге бармай­ды, өз жоспарын нақты орындайды. Сондықтан оның Азия ойындарында жеңіске жету мүмкіндігі жо­ғары, – деп түйіндеді Жұмабек Өмірзақов.

Төреші жыры әлі жалғасуда

Спорт сарапшысы Аслан Қаженовтің айтуын­ша, жарыс барысында төрешілікке қатысты даулы сәттер аз болған жоқ.

– Кейбір жекпе-жектерде шешімдердің түсініксіз шыққаны, боксшылардың еңбегі толық бағаланбағаны байқалды. Жалпы, төрешілік мәселесі – бокста бұрыннан айтылып келе жатқан күрделі мәселе. World Boxing ұйымы осы олқылық­тарды азайтуға, жарысты барынша әділ өткізуге күш салып жатыр. Дегенмен бұл бағытта әлі де атқарылатын жұмыс көп. Қазір төрешілік жүйесіне өзгерістер енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Мәселен, қолғапқа чип орнату тәжірибесі алғаш рет тестілік форматта қолданылды. Бұған қоса, жасанды интеллект мүмкіндіктері де қарастырылып жатыр. Ринг жанындағы төрт камера арқылы жекпе-жекті әр қырынан бақылау, соққыларды нақты есептеу, даулы сәттерді қайта саралау секілді тетіктер де сынақтан өтуде. Мұның бәрі ұпай есептеу жүйесін ашық әрі әділ етуге бағытталған қадамдар деп ойлаймын, – дейді спорт сарапшысы.

Алдағы уақытта World Boxing бұл технология­ларды тұрақты түрде енгізу немесе енгізбеу жөнінде нақты шешім қабылдайды. Қалай болғанда да, мұндай жаңашылдықтар төрешілікке қатысты күмәнді азайтуы тиіс. Себебі бұл жарыста біздің ғана емес, өзге елдердің де боксшылары бірқатар түсінік­сіз шешімге тап болды. Ең бастысы, осын­дай сәттер спортшылардың жігерін жасытып, еңсесін түсірмесе екен дейміз. Боксшы үшін ең ауыр нәрсе – шаршы алаңда барын салып тұрып, еңбегінің әділ бағаланбауы. 

Ташкентте өтетін финалдық кезеңнің алдында Гуйяндағы жеңіс қазақ боксшыларына үлкен сенім сыйлады. Әлемдік рейтинг ұпайлары сарапқа түскен дүбірлі додадан Қазақстан құрамасының осындай олжамен оралуы  алдағы финалдық кезеңге деген үмітті де, жауапкершілікті де арттыра түскені анық.

С. БЕГІМБАЙ

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
seeКөрілімдер:116
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Маусым 2026 09:39
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Мемлекеттік Дума сайлауының алғашқы қорытындысы тікелей эфир

22 Қыркүйек 2026 07:56see170

Хуситтер Сауд Арабиясына жасалған шабуылдарға қатысты АҚШ қа үндеу жасады

22 Қыркүйек 2026 08:52see169

Сержанттар корпусын қалыптастырған отыз жыл

22 Қыркүйек 2026 06:26see156

Қазақстан мұнайы қай елдерге және қандай көлемде экспортталады

22 Қыркүйек 2026 08:06see155

Жылуыңды жаз қамда

22 Қыркүйек 2026 06:45see143

“Аюдың ақыруы” Алматы тауларында төрт туристі шошытты видео

22 Қыркүйек 2026 09:26see135

Ксения Игнатова 200 метрге шалқалай жүзуден Азиаданың финалына шықты

22 Қыркүйек 2026 07:57see124

Сау ұлттың ұстыны ақылды медицина

22 Қыркүйек 2026 06:25see123

БАҚ жаңа қаржылық дағдарыстың жақындау белгілерін байқады

22 Қыркүйек 2026 09:08see115

Астанада жүргізуші қауіпті көлік жүргізгені үшін 10 тәулікке қамауға алынды

22 Қыркүйек 2026 09:07see113

Теміртауда газ жарқылынан зардап шеккен ер адам қайтыс болды

22 Қыркүйек 2026 09:27see91

Алматыда қаладағы алғашқы гастрономиялық көше ашылды

22 Қыркүйек 2026 08:24see91

82 жылдық рекорд жаңармады Қазақстанда тамыз айы қандай болды

22 Қыркүйек 2026 09:31see89
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары