Шығармашылық зертхана: Айт ман не айтқысы келеді?
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат бөліседі..
Көркем шығарманы түсініп оқу – оны жазуға кеткен еңбекпен пара-пар үдеріс. Автор бейнелеп отырған өмір өзінің де санасында жаңғырып, өзі де сол өмірдің бөлшегіне айналуы үшін оқырман да санасына салмақ түсіруі қажет. «Мені қызықтыр», «не айтқың келгеніңді түсіндір» дейтін адамдар Гогольдің сиқыршы кейіпкері Пацюктің тамақ ішкенін еске түсіреді. Ол бұған келгенде мүлде қиналмайтын. Оның алдында бір тәрелке вареник пен қаймақ тұратын. Әлгі варениктер сиқырдың күшімен өзі көтеріліп, қаймаққа күмп етіп алып Пацюктің аузына қарай ағыла беретін. Бірақ оқу процесі Пацюктің түскі асына түк те ұқсамайтын құбылыс. Мұнда ешқандай сиқыр варениктей идеяны қара сөздің қаймағына матырып асқазаныңа жөнелтпейді. Шығарманы оқу нәтижелі болуы үшін оқырман өзі еңбек етуі керек, әрі ешқандай ғажайып оны бұл жұмыстан босата алмайды. Мәтіндегі күрделі сөздерді түсінуден бөлек, ондағы мәнді қабылдай алу үшін оқырман да шығармашылық еңбекке араласу қажет.
Қазақ әдебиетінде де сыбағадағы сүбелі мүшедей бірден жұта салынбайтын, жұтса да әлсіз асқазанды әлекке салатын құнары мықты, қуаты күшті шығармалар бар. Соның ішінде ақын Светқали Нұржанның лирикасы. Бұқара қауым оның жастық жырлары мен азаматтық поэзиясын тұшынып оқиды. Бірақ кемеліне келген, кемеріне толған шағындағы терең туындыларын әлі де толық түсініп біткен жоқ. Олай дейтініміз, қалам ұстаған іні-қарындастарының өзі «өте күрделі ақын» дегенін көзбен көріп, құлақпен естідік. Демек, бұл ақынға үлкен дайындықпен келу керек. Сондықтан асты қорытуға көмектесетін дәрі сияқты, ақынның шығармашылық зертханасына бойлап, өлеңдерін герменевтикалық әдіспен талдап, оқырманның таным процесіне жол ашуды көздедік.
Зерттеу нысанымызға ақынның «Көкірегім көне кітап» еңбегін алдық. Бұл 2024 жылы Мемлекеттік сыйлықты жеңіп алған жыр жинағы. Мұнда автордың кейінгі он шақты жыл бедерінде жазылған лирикалық өлеңдері, балладалары, хикая-дастандары топтастырылған. Сонымен кітаптың алғашқы бетін ашқан оқырман сөз иесінің «Дінашар» атты өлеңімен танысады. Бұл ақынның әлқисса жыры, өзін оқитын халыққа таныстыру сөзі.
«Саламат, сау бармысың, оқырманым,
Мен әлі санаттамын, сапыңдамын»
Әрі қарай ақын кітаптың не жайында екенін аңғартады. Жазу барысында нені басшылыққа алғанын атап өтеді. Әрине, орайлы тұста дүниенің жалғандығын, оның баянсыздығын ескертеді. Тура баяғы шайырлар секілді. Ал негізгі жүк өлеңнің соңғы шумақтарына түседі. Ақынның айтар ойы да осы жерде жасырылған:
«Қоспадым тойда көйткен «тостарымды»,
Қызғынды «қынаменде»-оспағымды.
Мархабат, сарқып ішіп қойыңыздар,
Шан-шараф шүпілдеген тостағымды!..»
Шығыс әдебиетінде бұл дәстүрді «мұқаддима» деп атайды. Бұл «кіріспе сөз» дегенді білдіреді. Онда дәстүрге сай құдайға мадақ және пайғамбарға салауат айтылады. Одан кейін шығарманың жазылу себебі мен онда көтерілген мәселелер баяндалады. Мұндай үрдіс түркі әдебиетінің ізашарлары Махмұд Қашғаридің «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде, Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігінде», Рабғузидің «Қисса-сүл-әнбия» шығармасында, Хорезмидің «Мұхаббатнама» дастанында, Әлішер Науаидің «Хамсасында» анық көрінеді. Светқали Нұржанның кітабын осындай көне дәстүрмен бастауы оның шығыс әдебиетіне шынайы берілгендігін, оның ішінде сопылық поэзияны шебер меңгергенін көрсетіп тұр.
Сопылықты тектен-тек тілімізге тиянақ етіп отырған жоқпыз. Сөзсіз, Светқали Нұржанның дүниетанымына, көзқарасына бойлап отырып, оны бұл тақырыптан бөлек зерттей алмаймыз. Мейлі, ақынның пікірі қоғаммен үйлессін яки үйлеспесін, әдебиеттанудың міндеті шығарманы саяси не әлеуметтік өлшеммен таразылау емес, оның ішкі поэтикалық жүйесін, дүниетанымдық қабаттарын, мәтінге жасырылған мағыналық өрістерді ашып, оқырман санасына жеткізу, яғни түсінікті тереңдету.
«Теңіздің дәмі – тамшыдан» дейді. Кітаптың ішіндегі барлық өлеңге герменевтикалық талдау жасау бір мақала көтеретін жүк емес. Сондықтан біздің назарымызды аударған «Мөлт» атты топтамаға тоқталуды жөн көріп отырмыз. Бұл топтамада аты айтып тұрғандай шағын тұрпатты, бірақ астары терең өлеңдер жинақталған. Біздіңше, ақынның кейінгі жылдағы ізденісі де осы шоғырда жақсы байқалады. Дәстүрлі төрттағаннан саналы түрде қашып, жаңа форма, терең мағынаға күш салғаны көрініп тұр. Сонымен «Арзу-ажал» атты өлеңге назар аударайық:
«Сүңгі жұлдыз
Сыңсып келіп,
Жүрекке кірш-кірш етіп енді!..
Бүршік семіп,
Дүрс-дүрс етіп... сөнді
Мұңды бір қыз...»
Ә дегеннен өлімнің эстетикалық сипаты көзге ұрады. Тоқтай тұрыңыз, өлімде эстетика бар ма дейтін шығарсыз. Иә, бар. Оның «танатопоэтика» атты термині де бар. Бірақ Светқали Нұржан өлім тақырыбына «соңғы нүкте» деп емес, рухани түлеу ретінде қарайтынын ескеру қажет. Сондықтан ол өлеңде «опат болудан» қорықпайды. Керісінше, оны жан-ділімен аңсайды. Өлеңді «Арзу-ажал» деп айдарлауы осының айғағы. Кезінде «Пайғамбар жасы» деген өлеңінен осы ойымызға қуат табамыз.
«Елп етемін әлі де қылса шайтан мезірет,
Өлтірсем ғой тірілей өзімді-өзім тезірек!»
Бұл Қожа Ахмет Ясауи хикметіндегі «өлмей тұрып, өл» концептісімен үндес. Онда іштегі жалған «меніңді» өлтіріп, дүниеге екінші рет қайта келу керек. Өйткені Мәшһүр Жүсіп айтқандай, «кімде-кім екі тумай іске жарамайды».
Хош, сонымен жүрекке сүңгі қадалды. Бірақ жай сүңгі емес. Жұлдыз қадалды. Ақынды шатты, пафосты һәлге бөлеп тұрған да осы. Шөнки, оның кеудесіне аспан әлемі қотарылып тұр. Аспан дегеніміз ғарыштың, ғарыш дегеніміз ғаршының метафорасы. Светқали Нұржанның ұйқасқа деген ішкі талабы қатты. Бірақ сол талап ақынның айтар ойын көмескілендіруі де мүмкін. Айталық, өлеңнің соңындағы «Мұңды бір қыз» жүрегіне жұлдыз жауған лирикалық кейіпкерге қандай қатынас орнатып тұр? Ақын оны жайып салмай ішіне бүгіп қалған. Бүгіп қалғанын өлеңнің соңына көп нүкте қойып, бізге соны ишаралап отыр. Дұрыс, ақын бәрін бізге түсіндіріп беруі керек пе? Оқырман да «қамау терін алсын» (А. Сүлейменов).
Әйтсе де, ақынның «Мұңды бір қызы» бізді жай қалдырмайды. Шайыр қандай қызды айтып отыр? Парсы хакімі Махмұд Шабистаридің «Гүлшан-раз» трактатына жазылған Мұхаммед Лахиджидің түсіндірмесінде сопылық поэзияда жиі кездесетін образдарға анықтама берген. Оның ішінде «сұлу қыздың» бейнесі ерекше аталып өтеді. Ақын мінсіз қызды жырлай отырып, мінсіз құдайды астарлап отырады. «Менің жарым – қыз емес, ақиқаттың шын нұры» деген Шәкәрімді еске түсіріңіз. Демек, шығыс шайырларынан қыздың сипатын оқып қалсаңыз, ақын Алланы меңзеп отыр деп ұғуға болады. Сонымен қатар қыздың дидары, жанары, еріні, бұрымы, меңі бөлек-бөлек мағынаны үстейді. Демек, Светқали Нұржан айтып отырған қыз құдайдың болмысы болуы бек мүмкін. Аспан жұлдыздары оның кеудесін жарып, жүрегін теседі. Сол тесіктің саңылауынан құдайдың сәулесі немесе «қыздың дидары» көрінген. Айтпақшы, кеудені жару мотиві көп шайырларда кездеседі. Бұл Мұхаммедтің жүрегін жарып, оны саф қайнармен тазалап берген періштелердің оқиғасымен тығыз байланысты. Ақынның «Құсни-Жамал» өлеңінде нұрлы дидарға ынтық жанның тебіренісі анық аңғарылады.
«Бұл да бір «Ісіми-ғамал» –
Мен саған арзу болдым, Құсни-Жамал!
Күлкіңді кірпігіме байладым,
Көз жасыңды талдардың бүртігіне байладым,
Сәулеңді таулардың күртігіне байладым...
Үңіліп дидарыңа алам көмек –
Алланың сипаттарын табам ба деп?!
Құсни-Жамал, жаныңа үйлесер ме ем –
Хақ сүйіп жаратқанды сүймесем мен?!.»
Арудың дидарын талдамас бұрын, осы образбен қатар қолданылатын басқа да образды назардан қалдырмау қажет. Шығыс әдебиетін зерттеген Евгений Бертельс айтады: «Егер оның басқа бейнемен жұп құрайтыны белгілі болса, оларды бөліп қарауға болмайды. Оларды бірге зерттеу керек, өйткені оң полюстің құрылымы теріс полюстің жасалуын түсіндіреді». Дидар образымен қатар оны бүркемелеп тұратын кекіл образы жиі қолданылады. Әуелі осыған тоқтала кетейік.
Евгений Бертельс Лахиджидің түсіндірмесіне сүйене отырып, сопылық поэзиядағы кекіл образдарының кездейсоқ алынбағанын нақтылап көрсетеді. Оның пайымдауынша, кекіл деп отырғанымыз сыртқы көркем деталь емес, «таджалли-йи жалали» яғни абсолютті, біртұтас болмыстың төмендеп, бірнеше сыныққа ыдырауы. Сопылық ілімде абсолютті бірлік өз табиғатында бөлінбейді, сипатқа да, формаға да көнбейді. Алайда ол сіз бен бізге танылу үшін, біліну үшін эманацияға ұшырайды. Яғни, өзін кішкентай бөлшектер арқылы көрсетеді. Қарапайым тілмен түсіндіріп көрейік. Ақын «қыздың» дидарын толық көре алмайды. Әгараки көретін болса оның нұрынан әп-сәтте жанып кетеді. Өйткені ақынның табиғи өлшеміне дидардың өлшемі сыймайды. Ал егер дидардың жартысын оның шашы жауып тұрса, ақын оны өз өлшемімен көруге мүмкіндік алады. Компьютерде «сығымдау» деген нәрсе бар. Ғаламтордан пикселі өте көп, сапалы суретті жүктеп алдыңыз делік. Бірақ оны сіздің ескі компьютеріңіз аша алмайды. Неге? Өйткені оның күші жетпейді. Экраныңыз айналып тұрып алады. Сондықтан ол суреттің пикселін, яғни бөлшектерін арнаулы платформа арқылы «сығымдайсыз». Содан кейін ғана суретте не бейнеленгенін көре аласыз. Бірақ сурет бастапқыдай тұнық болмайды. Әйтсе де сіз әлгі суретті көріп, мақсатыңызға жетесіз. Осыдан дидар образының мәні айқындалады. Ол эманациялармен жасырылған абсолютті ақиқаттың өзі. Светқали Нұржанның дидарға сондай ынтық болуының себебі осында. Сонда:
«Шын асыл иман табамын ба,
Болам ба «Дидар-Талабында?», – деуінің мәнін енді түсінеміз «Хауф-Рижа» өлеңінде.
Жә, сонымен ақынның екі-үш өлеңін қадір-халімізше талдадық. Өйткені Светқали Нұржан поэзиясындағы негізгі кілт сөздер, астарлы мағыналар осы мөлтек жырларда көрінеді деп есептейміз. Өліп-тірілу, жүрек көзін ашу, дидарға ұмтылу сияқты тақырыптар ақынның негізгі идеясы. Осы идеяның тереңіне бойлаған адам шайырдағы басқа да ашылмаған аралдарына саяхат жасай алады деп топшылаймыз.
Ендігі жерде осындай шығармаларды ақын қандай жағдайда тудырды деген заңды сауал кесе-көлденең шығады. Мәтін талдаған кезде негізді идеядан алшақ кетпеу үшін, автордың дүниетанымын, оның сол сәттегі һәлін үнемі назарда ұстау қажет. Ал ақынның сол сәттегі һәлін отбасындағы жандардан жақын ешкім білмейді. Светқали Нұржанның шығармашылық зертханасын барынша кең зерделеу үшін қызы Айсара Нұржанға хабарласып көрдік. Бағымызға орай өте тың мәліметтер алдық. Біз оған «әкеңіз шығармашылықпен қай уақытта және қалай айналысады?» деп сұрақ қойған едік.
«Көкем күй талғамайды. Кез келген уақытта жаза береді. Бірақ кейінгі жылдары ол кісінің күн тәртібі біраз өзгерген. Оның күні таң саһарда оянудан басталады. Саһар уақытын білесіз, күн шығатын уақыттан екі сағат бұрын. Намазын оқып, тәспісін тартады. Содан кейін жазуға отырады. Ал бұрындары түнгі уақытта жазатын еді», дейді Айсара Нұржан.
Міне, бұл да ақын өміріндегі өзгеріс, шығармашылық эволюция. Әрі қарай қызы көкесінің шығарманы қалай жоспарлайтынын айтып берді.
«Ол стратег адам. Жоспарын кең көлемде құрады. Алдағы бір жыл, он жыл, тіпті жиырма жылдан кейін не жазатынын біледі. Соған сай материал жинайды. Кино көрсе де, театрға барса да жоспарындағы шығармасына арқау етерлік деталь іздейді. Осы тұста көкемнің шығармашылық тәртібі Мұхтар Мағауинге көп ұқсайды. Ол да бірнеше жылға жоспар құратын еді ғой.
Көкемнің жазудан басқа ештеңе ойлаймайтын кезеңдері болады. Ондай шақта айлар бойы жазу үстелінде отырады. Шынжыр деген ауыл – көкемнің негізгі шығармашылық зертханасы. Оның көптеген поэма-дастаны осы Шынжырда жазылды. Көкем шығармашылық һәлге түскен кезде ешқайсымыз оның мазасын алмауға тырысамыз. Кішкентай баланың жылағаны тұрмақ, уілін де естіртпеуге барымызды саламыз», деді қызы.
Әрине, ақын не жазушы шығармашылығы отбасылық қолдаусыз кемеліне келе қоймайды. Жоғарыда келтірілген деректер Светқали Нұржан поэзиясының кездейсоқ әсерден емес, жүйелі тәртіп пен рухани еңбектен туатынын аңғартты. Ақынның күн тәртібі мен шығармашылық хәлге ерекше мән беруі оның өлеңдеріндегі жинақылық пен мағыналық тығыздықтың негізін айқындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Светқали Нұржанның поэзиянын қабылдау да белгілі бір дайындықты талап етеді. Оның жырлары оқырманды жеңіл әсермен баурауды мақсат етпейді, керісінше мәтінмен диалог жасауға, іштей ойлануға, өз-өзіне сұрақ қоюға жетелейді. Біз жасаған герменевтикалық талдау осы үдерісті бағдарлаудың бір тәсілі. Ол өлеңді дайын күйінде түсіндірмейді, бірақ мәтіннің ішкі құрылымы мен мағыналық байланыстарын аңғаруға мүмкіндік береді. Бұл жағдайда оқырман «дайын асқа тік қасық» емес, поэтикалық мағынаны бірге құраушы тарап ретінде көрінеді. Сөйтіп автор бейнелеп отырған өмірді өзінің де санасында жаңғыртады. Асылында, автор – мәтін – оқырман байланысы осылай түзілсе керек.
Соңғы жаңалықтар
Қызылордада масаң күйде көлік басқарғандар ұсталды
Аймақтар • Бүгін, 18:20
Рамзан Қадыровтың ұлы кезекті марапатқа ие болды
Әлем • Бүгін, 18:15
Аида Балаева медиа саласындағы жылдың негізгі қорытындыларын жариялады
Қоғам • Бүгін, 18:02
Қытай мамандары қол мен аяққа арналған сезімтал протездер жасап шығарды
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 18:00
Мектеп әкімшілігі мұғалімдерден мәжбүрлеп ақша жинағаны рас па?
Қоғам • Бүгін, 17:55
Ұлттық тауарлар каталогі: 2026 жылдан бастап тауар айналымы жаңа цифрлық тәртіпке көшеді
Қоғам • Бүгін, 17:50
Спортшыларымыз Олимпиада ойындарында 10 спорт түрінен бақ сынайды
Спорт • Бүгін, 17:47
Шығармашылық зертхана: Айтман не айтқысы келеді?
Әдебиет • Бүгін, 17:40
Қарағанды облысының жолдарында 160 полицей жұмыс істеп жатыр
Аймақтар • Бүгін, 17:35
Жаңа жылдық көңіл күй сыйлайтын үздік фильмдер
Мереке • Бүгін, 17:30
Қазір қандай кітаптар өтімді? Нон-фикшн әлде көркем проза?
Қоғам • Бүгін, 17:22
Қазақстандағы мыс жобасына ірі инвестиция тартылды
Экономика • Бүгін, 17:10
Заң • Бүгін, 16:50
«Қазақконцерт» көрерменге мерекелік концертін ұсынды
Мәдениет • Бүгін, 16:45
Қасым-Жомарт Тоқаев Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесті
Президент • Бүгін, 16:43
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:22
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 30 Желтоқсан 2025 18:32 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















