Сұлтанәлі Балғабаев, жазушы драматург: Қандастарға қамқорлық елдік ұстаным бола беретініне сенемін
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Танымал жазушы-драматург, «Алтын сағым», «Құм мен қызғалдақ», «Шөл», «Дала мен дария» «Қазақтың қызыл кітабы» сынды прозалық туындылардың, «Қыз жиырмаға толғанда», «Біз де ғашық болғанбыз», «Ең әдемі келіншек», «Ғашықсыз ғасыр», «Тойдан қайтқан қазақтар», «Сағыныш пен Елес», «Өтірік айтпайтын адам» секілді пьесалардың авторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ сексеннің сеңгіріне шықты. Осыған орай қаламгермен сұхбаттасып, мәнді ой-пікірін оқырманға ұсынып отырмыз.
– Қадірлі Сұлтеке, мерейлі жасыңыз құтты болсын! Маңдайыңызға жазылған тағдыр-талайыңызға ризасыз ба?
– «Өкінішті көп өмір кеткен өтіп» деп Абай жарықтық айтқандай, азды-көпті жас жасадық. Маңдайыма жазылған тағдыр-талайыма ризамын. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1946 жылы мамыр айының 21 күні Қызылорда облысы Шиелі ауданының «1 май» ауылында дүниеге келіппін. Ержеткен соң Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітіріп, «Білім және еңбек» журналында, «Жалын» баспасында, Ғ.Мүсірепов атындағы театрда жұмыс істедім. Содан еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1992 жылдан бастап, 2017 жылға дейін ширек ғасыр табан аудармай Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төралқа төрағасының орынбасары болып қызмет атқардым. Тағдырыма қандастарға қамқорлық жасау бұйырғанын мақтаныш етемін.
– Қауымдастыққа қалай тап болдыңыз?
– 1991 жылдың соңы еді. Бір шаруамен Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшылығына жақында сайланған Қалдарбек Найманбаевтың кеңсесіне бардым. Қалекең мені көрді де «Сен сырттағы қазақтар туралы жазып жүрсің ғой?», деді. «Иә, жазып жүрмін» дедім. «Олай болса сол жазғандарыңды бұдан былай іс жүзінде жүзеге асырасың» деп, мән-жайды тәптіштеп түсіндірді. Мәселе былай екен: жақында ғана президент Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Түркияға барып, сондағы қазақтармен кездесіпті. Олар Нұрекеңе «Алматыда әлем қазақтарының басын қосып жиын өткізсеңіз» деген ұсыныс айтыпты. Оны құп көрген президент бұл істі атқаруды Жазушылар одағына тапсырған екен. Сөйтіп, осы шаруа басталғанда сырттағы қазақтар туралы жиі мақала жазып жүрген мен Қалекең есіне түсіппін.
– Сонда бұл 1992 жылы қыркүйек айының соңында өтуге тиіс Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайына дайындық шарасы ғой? Жұмысты неден бастадыңыз?
– Дүниежүзі қазақтарының басын қосып құрылтай өткізу үшін Жазушылар одағы жанынан қоғам қайраткерлерінен тұратын комитет құрылды. Оның төрағалығына Қалдарбек Найманбаев бекітіліп, жауапты хатшылық міндеті маған жүктелді. Бірінші кезекте, суретші Бейсен Серікбаевқа тапсырыс беріп «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы» логотипін дайындаттық.
Одан кейін құрылтайға шақырылатын қонақтар тізімін әзірледік. Бұл тізім бойынша алыс-жақын шетелдерден 200, көршілес республикалардан 100 делегат қатысатын болды. Келесі кезекте, әлемнің әр түкпірінен келетін ағайындардың ұшақ қатынасын реттеу барысында әжептәуір қиналдық. Өйткені бұл тұста Алматы әуежайының Еуропа елдерімен тікелей ұшақ қатынасы жоқ еді. Шеттегі ағайын Ыстанбұл арқылы келетін болды. Оның өзінде Алматы – Ыстанбұл рейсі аптасына бір-ақ рет қатынайды. Қысқасы, еуропалық қонақтар жиын басталардан бір апта бұрын жетуі жоспарланды. Енді «бір жұма бұрын келген қандастарды қайда апарамыз?» деген сұрақ туындады.
– Бұл мәселені қалай реттедіңіздер?
– Бұл мәселеге байланысты 1992 жылы 11 маусымда Жазушылар одағында Жоғарғы кеңестің баспасөз хатшысы Ербол Шаймерденовтің басқаруымен маңызды жиын өтіп, үкімет араласпаса шешімін таппайды деген пәтуа айтылды. Нәтижесінде, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткізу жөнінде Үкімет қаулысы шығып, ұйымдастыру комитеті құрылды. Барлық басқару Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары Мырзатай Жолдасбековке жүктелді. Орынбасарлары болып Жазушылар одағының төрағасы Қалдарбек Найманбаев, Президент аппаратындағы Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Алтынбек Сәрсенбаев бекітілді. Жұмыс тобының мүшелері ретінде аппаратта қызмет істейтін Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқаров, Серік Сейдуманов және мен қосылдым. Кешікпей 1992 жылы 27 тамызда «Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 29 қыркүйекте өткізілсін» деген Үкімет қаулысы шықты.
– Расында аталған құрылтай тәуелсіздік жылдары айтулы оқиға ретінде тарихқа қатталды. Ал сіз осы бір абыройлы істің басы-қасында жүрдіңіз, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығын құруға атсалыстыңыз. Солай емес пе?
– Әлем қазақтары бас қосқан Құрылтай сол 29 қыркүйекте Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрында салтанатты түрде ашылды. Салтанатты жиында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығын құру туралы мәселе көтеріліп, сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев төралқа төрағасы болып сайланды. Бірінші орынбасарлығына Қалдарбек Найманбаев бекітілді. Әлемнің әр түкпірінен келген қонақтар шат көңілмен елдеріне қайтты.
Осымен бәрі аяқталған шығар деп әдеттегідей театрдағы жұмысыма келіп отыр едім, Қалекең шақырды. Бардым. «Сен неге кетіп қалдың?». «Құрылтай жұмысы аяқталды ғой менің қажетім қанша?». Қалдарбек аға шоршып түсіп:
– Сен кетсең, Қауымдастықты кім құрады? – деді. Мен айттым:
– Қауымдастық құрылып қойған жоқ па?
Сөйтсем, менің «Қауымдастық құрылды» деп жүргенім жиын үстінде айтылған ауызекі сөз ғана екен. Оны Әділет министрлігіне тіркету керек екен. Осы жұмыс маған жүктелді. Аяңдап Әділет министрлігіне келдім. Ондағылар қолыма Қауымдастықты құрып, тіркеуден өткізу үшін керек құжаттардың тізімін ұстатты. Басты құжаттар – Құрылтайдың Қауымдастық құру жөніндегі хаттамасы, 15 адамнан тұратын құрылтайшы топ және Құрылтай бекіткен Жарғы қажет екен. Қолымда бұлардың бірі де жоқ. Енді не істеу керек?
Сөйтіп жүргенде Қазақ радиосы «Құрылтай жиналысты үнтаспаға жазып алды» деген хабар естідім. Үнтаспаны тауып алып, айтылған сөздерді қағазға түсіріп, хаттама жасадым. Соңына хатшы ретінде өзім қол қойдым. Тағы бір заңгерге жалынып жүріп Жарғы дайындаттым. Ынталы топ мәселесін реттедім. Қысқасы, 1992 жылдың қараша айында Әділет министрлігінен Қауымдастықтың тіркелгені туралы куәлікті алып Қалекеңе келдім. Жарықтық куәлікті көрді де: «Өте жақсы! Сен бұдан былай жаңадан құрылған Қауымдастық төрағасының орынбасары боласың», деді. Сонымен Қауымдастықты аяғынан тұрғызып, қатарға қосу жүгі менің мойныма жүктелді. Жазушылығым жайына қалды.
– Қауымдастықтың қатардағы орынбасары ретінде жұмысты неден бастадыңыз?
– Мамандығым жазушы-журналист болғандықтан Қауымдастықтың мақсаты мен міндетін қоғамға насихаттаудан бастадым. Газеттерге соның ішінде «Егемен Қазақстан» басылымына үздіксіз мақала жаздым. Атап айтсам, шетел қазақтары және көші-қон туралы «Қазыналы көштің қадірін білейік» (24.04.1993), «Қабылданған заң қайда қалды?» (28.11.1998), «Оралмандарды орналастырудағы оралымсыздықтар» (25.01.2005), т.б. барлығы 37 мақала жариялаппын. Аға газетте көтерілген кейбір мәселе Үкімет тарапынан қолдау тауып, «Қазақстан» қоғамын Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қосу туралы шешім қабылданды. Қоғамның Зенков көшесіндегі шағын кеңсесі мен бірнеше қызметкері Қауымдастық қарамағына өтті. Одан кейін 90-жылдары «Қазақстан» телеарнасында жылдан астам «Қауымдастық» дейтін хабар жүргіздім.
– Басылым беттерінде жарық көрген жазбаларыңыз нәтиже берді ме?
–Жазған дүниелерім жоғары жаққа жетіп, нәтижелі болды. «Егемен Қазақстан» газетіне жарық көрген «Алыстағы ағайын қайда оқиды?» деген мақаламның арқасында Қаратау қаласында шетелдегі қазақ балаларына арналған 40 орындық дайындық бөлімі ашылды. Уақыт өте келе 1996 жылы «Шетелдегі отандастарды қолдау мемлекеттік бағдарламасы» қабылданды. Сырттағы қазақ балалары этностық отаны Қазақстандағы лагерьлерге келіп тынығуы да тұңғыш рет ұйымдастырылды.
– Қауымдастық шеттегі қазақтармен рухани байланыс орнату арқылы халықаралық көші-қон мәселесінен де қалыс қалмағаны белгілі. Биыл ұлы көшке 35 жыл толып отыр. Осы туралы не айтасыз?
Біріншіден, Қазақстан көші-қон саясаты – Тәуелсіздіктің жемісі. Сондықтан бұл қозғалыс кезең-кезеңнен тұрады. Тарихқа келсек, ұлы көштің ауырлығын көтерген мекеме – Еңбек министрлігіне қарасты Ғазиз Есмұқанов бастаған Көші-қон департаменті және оның қызметкерлері: Памир Камалиев, Мұхит Ізбанов, Марат Тоқсанбаевтар. Одан кейін көші-қонға жанашырлық танытқан адам – Ішкі істер министрлігі Паспорт және виза жұмыстары бас басқармасының бастығы Өмірбай Мұсаев.
Алғашқы көшті еліміз тәуелсіздігін жарияламай тұрған 1991 жылдың наурыз айында Моңғолия қазақтары бастады. Осы жылдың күзінде көш қарқын алып, Бай-Өлке әуежайына күніне алты-жеті ұшақ қонып, қазақтарды Өскеменге тасыды.
Келесі 1992 жылы Өзбекстан, Түрікменстан, Қырғызстан қазақтарының жүгін тиеген көліктер шекарадан ағылды. 1993 жылдың қараша айында соғыс жүріп жатқан Тәжікстаннан бір пойыз қазақ Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарына әкелінді. Бұдан кейін екі пойыз Ирандағы қазақтарға аттанып, Түрікменстан – Иран шекарасынан бір жарым мың адамды Оңтүстік Қазақстан облысына жеткізді. Пойызға сыймаған ирандық ағайындар арнайы кемемен Каспий теңізі арқылы Ақтауға бет алды. Бұдан кейін Сауд Арабиясы, Ауғанстан, Түркия қазақтарына арнайы ұшақтар жіберілді.
Қалдарбек Найманбаев бастаған Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қызметкерлері шетелдерге жиі шығып, ондағы ағайындарға атажұртқа оралудың жөн-жобасын көрсетіп, келетін отбасылардың тізімін жасап, көші-қон мекемелеріне өткізіп тұрдық. Әлі есімде 1993 жылы Қауымдастыққа Түркияға Ауғанстаннан ауып келген қазақтар қиындыққа ұшырап, атажұртқа жете алмай отыр деген төтенше хабар түсті. Осыған орай, Ыстанбұлға ұшып барып 300-ден астам қазақ отбасын, бір мыңдай адамды тізімге алып, оны республикалық Көші-қон департаментіне әкеліп тапсырдым. Арада көп уақыт өтпей Ыстанбұлға арнайы ұшақ жіберіліп, тізімдегі отбасылар Қызылордаға жеткізілді.
Осындай жан-жақты жұмыс нәтижесінде шетел қазақтары атажұртқа ағылып келіп, жыл сайынғы көші-қон квотасы алғашқы кезде 20 мың отбасына яғни 100 мың адамға дейін жетті. Кейін бұл көрсеткіш 30-40 мың адам төңірегінде болды. Бұл ағайындар ешқандай қиындық көрмей, әуре-сарсаңға түспей, бірден азаматтық алып, сәтімен орналасты.
Жоғарыдағыдай қамқорлықтың нәтижесінде атажұртқа бір жарым миллионнан астам қандасымыз оралып, ел халқының бүгінгідей 21 миллионға жақындауына қомақты үлес қосты. Қандастар көші әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани дәрежеміздің өсіп-өркендеуіне де үлкен көмегін тигізді. Мәдениетіміз, әдебиетіміз бен өнеріміз көптеген дарынды тұлғамен толықты. Оралмандардың бәрі қазақ тілінде сөйлейді, мұның өзі ана тіліміздің жағдайының жақсаруына барынша ықпал етті.
Өкінішке қарай, 2010 жылдардан бастап қандастар көші азая бастады. Қазір қандастар көшіне бөлінетін квота жылына екі-үш мың адам төңірегінде ғана. Бұрынғыдай шетелдерге барып, ұйымдастырып әкелу мүлдем тоқтады. Қазір қандастар атажұртқа өз күшімен оралып жатыр. Біз қалай дегенде де бұл бағыттағы жұмысты үзбеуіміз керек.
Кейінгі уақытта қандастарға қазақ тілінен емтихан тапсыру керек деген ережесі шығыпты. Біз шеттегі қазақ ана тілінде оқымағанын ескеруіміз керек. Сол ережені ойлап тапқан мекемелердегі қазақтардан қазақ тілінен емтихан алса, біразының аяғы аспаннан келетіні анық. Осындай жағдайда шекарадан жаңа ғана аттаған қандастың тіл емтиханы емес, атажұртқа деген ниеті маңызды.
– Сіздер құрған Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы әлі бар. Осымен қанаттас Сыртқы істер министрлігі жанынан «Отандастар қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жұмыс істеп тұр. Осылардың жұмысы өзара үйлескен бе?
– Соңғы бесінші Құрылтайда Қауымдастықтың жанынан «Отандастар қорын» құру туралы шешім қабылданған. Құрылтай мәжілісін жүргізушілер бұл ұйым Қауымдастықпен бірлесіп шетелдегі ағайындармен байланысты бұрынғыдан да нығайтып, олардың көшіп келуін көбейтуге үлес қосады дегені есімде. «Отандастар қорына» мемлекеттен қомақты қаржы бөлінеді. Қор мемлекет қолдауын дұрыс пайдаланып, шетел қазақтарымен байланысты жақсартып, қандастар көшін көбейтуге күш салады деп жоспарланған. Сондықтан бұл қордың берген уәдесінің үдесінен шығуын тілейміз.
Ал Қауымдастыққа келсек, қызметкерлері айында, жылында он шақты адамның басын қосып, бір жиналыс өткізіп, соған риза көңілмен суреттерін әлеуметтік желіге жариялап қояды. Басқа төтенше жұмысы байқалмайды. Осыдан төрт-бес жыл бұрын Қауымдастық қандастарға арнап керемет жақсы үйлер салып жатыр деген жақсы хабар желдей есіп тараған. Бірақ оның нәтижесін әлі көре алмай отырмыз.
Сөзімді түйіндеп айтсам, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кейінгі жылдары қандастар көшін көбейту мәселесін бірнеше рет күн тәртібіне қойып, нақты тапсырмалар берді. Бұл мәселеге тікелей қатысы бар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Ішкі істер, Сыртқы істер министрліктері мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы және «Отандастары қоры» бірлесе отырып, Президент тапсырмасын бұлжытпай орындауға кіріссе, алдағы уақытта бәрі реттелетіні анық. Қандастарға қамқорлық елдік ұстаным бола беретініне сенемін.
Әңгімелескен –
Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Өскеменде тіс емханасының 53 қызметкеріне екі айдан бері жалақы төленбеген
Қоғам • Бүгін, 10:05
Елордада екінші әуежай салудың жобалық жұмыстары басталды
Қоғам • Бүгін, 09:59
Маңғыстауда 40 млн жыл бұрынғы акула тістері табылды
Оқиға • Бүгін, 09:42
Қарағанды облысында 74 түрлі дәрілік зат шығаратын фармацевтикалық зауыт салынады
Медицина • Бүгін, 09:38
Үсік пен аптап ыстық: Елімізде ауа райы күрт өзгереді
Ауа райы • Бүгін, 09:27
Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?
Қаржы • Бүгін, 09:10
7 балдық жер дүмпуіне арналған дайындық: Алматыда ауқымды сейсможаттығу өтті
Алматы • Кеше
Фермерлердің жерлерін аюлардан қорғайды: Жапонияда робот-қасқырлар пайда болды
Әлем • Кеше
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Иран Қытай кемелеріне Ормұз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді
Әлем • Кеше
Қазақстаннан шетелдерге кеткен техникалық кадрлар саны келгендерден көп
Қазақстан • Кеше
Енді Қазақстан азаматтары Таиландта ұзақ уақыт бола алмауы мүмкін
Оқиға • Кеше
Отандық шұбат шетелге экспорттала бастады
Экспорт • Кеше
Қазақстан мен Түркия президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
Президент • Кеше
Президент: Қазақстан нағыз цифрлық ел болу үшін нақты қадамдар жасап жатыр
Президент • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:48
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Мамыр 2026 10:39 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















