Дональд Трамптың Бейжің сапары нені өзгертеді?
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Бүгінде Дональд Трамп қайда жүрсе, әлем назары сонда ауып тұр. Онсыз да о бастан АҚШ президенттерінің саяси салмағы басқа державалардан бөлек екені жасырын емес. Саясаттан гөрі бизнеске деген икемі мен бейімі басым болса да Трамп кейінгі уақытта жаһандық геосаяси ахуалдың қызған ортасында жүр. Тіпті әлемдік БАҚ-тың назарынан түспейтін біраз тақырып Трамптың араға тоғыз жыл салып Қытайға барған сапарының тасасында қалып кетті. Көпшіліктің көкейінде бір ғана сұрақ: әлемдік экономикада бір-біріне басты бәсекелес қос держава көшбасшыларының кездесуі олардың елінен бұрын, әлемге не береді?
Таяу Шығыстағы соғыс өртінің түтіні қоюлана түсіп, Ормуз бұғазы мұнай қыспағымен әлемдік экономиканы іркілтіп қойғанда Трамптың шын сасқаны рас. Конгрестегі демократтар коалициясының өкілдері импичмент жариялайтындарын айтып, шу шығарды. АҚШ президенті бұғазды ашу үшін біраз әрекетке барды. Соққысын біресе тоқтатты, біресе зымырандарын қайта оқтады. Пәкістанның араағайындығымен қолға алынған Исламабад келіссөздері қанша раунд өтсе де, айтарлықтай нәтиже бере қоймады. Сосын Трамп мырза Еуроодақтың елдеріне үндеу тастады. Артынша НАТО-ға мүше мемлекеттерге «өкпе артып», қатқыл үнмен қыр көрсеткендей болды. Сондағысы «мұнай бізге ғана керек пе, бұғазды ашуға неге асықпайсыңдар?» деген емеурінмен Ормуз арқылы өтетін жанармай шикізатына тәуелді елдердің «намысына тиді». Сол-ақ екен, Кипрде сапарлап жүрген жерінде Франция президенті Эммануэль Макрон өз отанының «Шарль де Голь» атты алып эсминеціне қарап тұрып Парсы шығанағына, Қызыл теңіз бен Жерорта теңізіне оншақты әскери кемесін жіберетінін айтып қалды. Бірақ қажеттілік туып жатса ғана. Ұлыбритания Үкіметі де сол маңдағы әскери базаларын пайдалануға беретін болды. Оңтүстік Корея, Жапония, Үндістан сынды әлемдік көмірсу көзін сырттан тауып отырған елдер импорт пен таранзиттің балама жолдарын іздеп кетті. Тіпті Ормуздың жабылуынан Азия елдері отын үнемдеуге көшіп, әуе кемелерін қаңтарып қойды. Қысқасы, аталған бұғаз арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету коалициясына қосылған елдер саны 22-ге жетті. Олар бірлескен мәлімдеме де жасады.
Ал Қытай қақтығыс қарқынын азайтып, ахуалды реттеуге көмектесу мақсатында Таяу Шығысқа арнайы елшісін жіберді. Қытай билігі шиеленістің ушығуына байланысты алаңдаушылық танытып, делдалдық әрекеттерін күшейтті. Елдің Сыртқы істер министрі Ван И Ресей, Иран, Израиль, Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Франция және басқа елдердің сыртқы істер министрлерімен телефон арқылы бірнеше рет сөйлесті. Бір сөзбен айтсақ, шиеліністі қарусыз шешуге үндеп, тек дипломатиялық қадамдарды құптады. Қысқасы, Қытай өзге елдер сияқты қатқыл мәлмдеме жасамады да, кеме жіберу туралы позициясын да ашып айтуға асықпады.
Ормуз бұғазы төңірегіндегі шытырман оқиғалы шиеленісті бекерге шолып шықпадық. Мұнда Қытай мен АҚШ-тың мүдделері көбірек маңызға ие еді. АҚШ Парсы шығанағындағы мұнай экспорттаушы елдердің басты серіктесі болса, Қытай – басты тұтынушылардың бірі. Сәуірдің басында-ақ Бейжіңге баратынын жоспарлап жүрген Трамп Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты сапарының кейінге қалдырылғанын мәлімдеген.
Міне, көптен күткен кездесуді де көрдік. АҚШ басшысы мінген №1 борт сәрсенбінің кешінде Бейжің әуежайына келіп қонды. Бұл жай ғана сапар емес екені белгілі.
ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь журналистер сұрағына орай Дональд Трамптың ҚХР Төрағасына Америка делегациясының құрамына кірген корпорациялардың басшыларына қытайлық нарықтың қақпасын ашу туралы өтініш беру жоспарына қатысты пікір білдірді.
«Мемлекет басшысының дипломатиясы Қытай-АҚШ қарым-қатынасында маңызды стратегиялық және бағыттаушы рөл атқарады. Қытай жағы президент Трамптың Қытайға мемлекеттік сапарын құптайды. Сапар барысында екі ел басшылары екіжақты маңызды мәселелер, сондай-ақ жаһандық бейбітшілік пен даму төңірегінде пікір алмасады. Қытай теңдік, өзара құрмет және тиімділік қағидасына сүйене отырып, ынтымақтастықты кеңейту, келіспеушіліктерді сындарлы түрде басқару және өзгерістер мен төңкерістерге толы әлемге тұрақтылық пен сенімділік әкелу үшін Америка Құрама Штаттарымен бірлесіп жұмыс істеуге дайын», деді Қытай дипломаты.
Осы ретте Ақ үйдің делегациясы құрамында Boeing, Tesla, Apple, BlackRock, Mastercard, VISA және басқа да әлемдік жетекші корпорациялар басшыларының ілесе барғаны тегін емес. Себебі бүгінде әлемдік экономикада Қытай экспансиясының ықпалы артып, Американың бизнестегі жолы тарыла бастады. Әсіресе, бұл баланс таразысының басы роботтехника, көлік өндірісі, электроника сынды маңызды салаларда батыстан шығысқа ауа бастады.
Яғни, бұл сапарда нендей мәселелерге көбірек назар аударылатыны АҚШ мемлекеттік делегациясының құрамынан-ақ аңғарылып тұр. Онсыз да «сауда соғысымен» ара-тұра бір-бірін қыспаққа алып тұратын қос державаның бизнесте де, саясатта да талқылайтын тақырыптары аз емес. Reuters агенттігі Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуін қазіргі әлемдік тәртіптің қай бағытқа бұрылатынын аңғартатын геосаяси оқиғаға балады. Агенттік қазір негізгі назар үш бағытқа: сауда мен технология, Тайвань мәселесі және Таяу Шығысқа қарай ауып отырғанын атап өтіпті.
«Ең алдымен, АҚШ пен Қытай арасындағы қарым-қатынас толық «тыныштыққа» кетеді деу қиын. Бірақ екі тарап та ашық қақтығыс пен экономикалық алшақтаудың тым қауіпті екенін түсініп отыр. Сондықтан бұл сапардың басты мақсаты – қарым-қатынасты «басқарылатын бәсекелестікке» көшіру болуы мүмкін. Яғни, бәсеке сақталады, бірақ бақылаусыз дағдарысқа жеткізбеуге тырысады», деп жазды Reuters.
Ал «The Washington Post» негізгі түйткіл Тайвань екеніне тоқталған.
«Си Цзиньпин бұл мәселе дұрыс басқарылмаса, «қақтығысқа апарады» деп ашық ескерткен. Сондықтан сырттай жылы атмосфера болғанымен, қауіпсіздік пен әскери бәсеке жалғаса береді. Таяу Шығысқа келсек, дәл осы жерде Қытайдың рөлі ерекше. Себебі Қытай – Иран мұнайының ең ірі сатып алушыларының бірі әрі Тегеранға ықпал ете алатын санаулы державалардың қатарында. Қазір Ормуз бұғазы төңірегіндегі шиеленіс әлем экономикасына әсер етіп отыр. АҚШ Қытайдан Иранға қысым жасап, жағдайды тұрақтандыруға көмектесуді сұрауы мүмкін», дейді АҚШ астанасымен аттас беделді басылым.
Ал қытайлық South China Morning Post «Қытайдың мақсаты басқада» дейді. Яғни АҚШ-қа толық көмектесуге аса құлықты емес.
«Бейжің Таяу Шығыста өзін «бейбіт делдал» ретінде көрсеткісі келеді әрі энергия тасымалының қауіпсіздігін сақтауға ниетті. АҚШ-тың аймақта шамадан тыс күшеюін қаламайды», деп топшылапты қытайлық сайт.
Сондықтан бұл сапар Таяу Шығысты толық реттеп жібереді деуге әлі ерте көрінді. Жалпы алғанда, әккі сарапшылар әлем назарындағы екі ықпалды көшбасшының көптен күткен кездесуі жаңа «достық дәуірін» бастай қоюы екіталай екеніне бәс қойып отыр. Бірақ үшінші дүниежүзілік соғыс өрті тұтанып кетпесе екен деп отырған жаһан жұрты үшін бір жылулықтың лебі ескендей болды. Оған қоса әлем қазір екі алып державаның экономикалық қырғи-қабақ текетіресінен қатты шаршағандықтан, Вашингтон мен Бейжің арасындағы кез келген уақытша тұрақтылықтың өзі жаһандық нарықтарға, мұнай бағасына және аймақтық қауіпсіздікке үлкен әсер етеді.
Соңғы жаңалықтар
Өскеменде тіс емханасының 53 қызметкеріне екі айдан бері жалақы төленбеген
Қоғам • Бүгін, 10:05
Елордада екінші әуежай салудың жобалық жұмыстары басталды
Қоғам • Бүгін, 09:59
Маңғыстауда 40 млн жыл бұрынғы акула тістері табылды
Оқиға • Бүгін, 09:42
Қарағанды облысында 74 түрлі дәрілік зат шығаратын фармацевтикалық зауыт салынады
Медицина • Бүгін, 09:38
Үсік пен аптап ыстық: Елімізде ауа райы күрт өзгереді
Ауа райы • Бүгін, 09:27
Бүгін 1 долларды қанша теңгеге сатып алуға болады?
Қаржы • Бүгін, 09:10
7 балдық жер дүмпуіне арналған дайындық: Алматыда ауқымды сейсможаттығу өтті
Алматы • Кеше
Фермерлердің жерлерін аюлардан қорғайды: Жапонияда робот-қасқырлар пайда болды
Әлем • Кеше
Мемлекет басшысы Үндістан Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Иран Қытай кемелеріне Ормұз бұғазы арқылы өтуге рұқсат берді
Әлем • Кеше
Қазақстаннан шетелдерге кеткен техникалық кадрлар саны келгендерден көп
Қазақстан • Кеше
Енді Қазақстан азаматтары Таиландта ұзақ уақыт бола алмауы мүмкін
Оқиға • Кеше
Отандық шұбат шетелге экспорттала бастады
Экспорт • Кеше
Қазақстан мен Түркия президенттері Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығына барды
Президент • Кеше
Президент: Қазақстан нағыз цифрлық ел болу үшін нақты қадамдар жасап жатыр
Президент • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:87
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Мамыр 2026 10:39 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















