Тұрфандағы... Астана : Қадымнан бүгінге жеткен атаудың мәні
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып жаңалық жариялады..
2012 жылдың көктемі болатын. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшілігінен хат алдық. Онда бір кездері сол мемлекетте өмірге келіп, кейін басқа елдерде тірлік етіп жатқан түрлі ұлттар өкілдерінің ішіндегі қабылет-қарымымен белгілі бір жетістікке жеткен жандарды Бейжіңге шақырып, олармен басқосу өткізілетіні айтылыпты. Ескерте кетейік, әлемдік тәжірибеде бұл бұрыннан бар үрдіс. Оған, мәселен, КСРО-ның күшіне мініп тұрған кезінің өзінде атақты биші Галина Уланованың Канадаға шақырылуы анық дәлел.
Сондағы орыс диаспорасымен кездесуде ол кісі: «Қай ел, қай жерде жүрсеңіздер де мен сіздерді отандастарым деп білемін. Қандай жағдай болса да бір-біріміздің қандас, туыс адамдар екендігімізді ұмытпаңыздар», – деп эмиграциядағы жақындары мен Ресейдегі 1918–1920 жылдардағы азамат соғысынан амалсыз шетелге кеткен бұрынғы ақсүйектер ұрпақтарының «рухын» көтере сөз сөйлеген ғой. Ал одан бертінде, бұрынғы одақтас республикалар тәуелсіздік алған тұста Оңтүстік Кореяның біздің елімізде тұратын қандастарын Сеулге шақырып, бауырмалдық көрсеткенін ешкім әлі ұмыта қойған жоқ. Содан кейін мұндай жиындардың Израиль, Германияда өткені мәлім. Осы үрдісті Қытай Үкіметі қалт жіберсін бе? Дәнекерлік кілті деп табылып, соның негізінде дүниежүзінің 21 елінен шақырылған «отандастардың» қатарында Астанадан қытайтанушы ғалым Дүкен Мәсімханұлы мен топ-менеджер біз де бар болып шықтық.
...Қытай елін шақырылған қонақтарға таныстырып-көрсету Шыңжаң орталығы Үрімшіден 180 шақырым қашықтықтағы Тұрфан өңірінен басталды. Алғашқы тоқтаған жеріміз аталған аймақ бас қаласының шетіндегі 400 гектарлық жүзім алқабы болды. Гид міндетін атқарған талдырмаш денелі ұйғыр қызы Зиннаттың айтуынша, мұнда аталған жемістің 180-ге жуық түрі өседі екен. Бізді ерекше таңғалдырғаны бау-бақшаны кәсіпке айналдырған жергілікті тұрғындардың оларды өсіріп, күтіп-баптап, жинап алып, мемлекетке өткізудегі қатаң түрде жолға қойылған жүйелі тәртіп пен реттілік үлгісі дер едік. Соның нәтижесінде мұнда жүзімнің өзінен бастап өзегіне дейін қажетке жаратылатын болып шықты. Бұл дегеніміз, мәселен, тиісті комбинат цехтарынан одан шырын, шәрбат, шарап өндірілсе, жемістерінен қалған дән-дәнектер келесі бір конвейердегі шемішке сығындарына қосылып халуаға айналады деген сөз. Тұран жүзімдерінің одан кейінгі тұтыныс көзі олардың түрлі сұрыбынан кептірілген мейіз кішміштердің Үрімші наубайханаларындағы күлшелерге қосылып пісірілетін дәмдеуішке пайдалануы мен Құлжа, Қашғар базарларының сөрелерін толтырып, сондағы ел сұранысын қанағаттандыруы дейді гид. Үшіншіден, мұндағы жүзімдіктердің жемісі күзде толық жиналып алынғаннан кейін олардың сынған немесе керексіз деп кесілген бұтақтары сол қышлақтардағы үй жылытатын кәң ошақтары мен нан жабатын тандырға таптырмас отын, ал алқаптағы аткөпір жапырақтар мал фермаларындағы құрама жемге қосылатын ингридентке пайдаланылады екен.
Бұлардан басқа.., иә, жоғарыдағылардан өзге өзіміз байқап-бағамдаған бір жақсы нәрсені сүйсіне айтпасқа болмайды. Ол Тұрфандағы ұлан-ғайыр жүзімдік алқабының шаруашылық мақсатындағы бау-бақша телімдері ғана емес, көпшілік аралап көріп, серуендейтін көкжасыл оазиске ие демалыс орны деңгейіне дейін жеткен ерекшелігі дер едік. Иә, солай. Мұндағы плантациялар кәдімгі парк секілді. Алқаптың жиек жолымен келе жатсаңыз, төбеңізде көк жүзін жапқан жүзім жапырақтарын көресіз. Ол мына жердүниені қуырып тұрған аптап күн көзін қалқалап, жүргіншілерді ыстыққа ұрындырмайды. Ал сол соқпақтар сорабының жан-жағы – салқын самалдың соғуына жағдай жасаған үлкенді-кішілі субұрқақтар. Солардың сансыз ұсақ тамшыларынан келетін көзге көрінер-көрінбес нәзік ылғалды тозаң тынысыңызды кеңітіп, бойыңызды сергітеді. Субтропикалық климатқа ұқсас деп айтарлық осындай жанға жайлы жүзім бағының ішінде жүріп, ондағы орналасқан дүкендер мен мөлтек сауда нүктелерін, сондай-ақ асханалар мен балаларға арналған аттракциондарды көргенімізде: «Міне, табылған ақыл! Істі, тірлік көзін табу деп осыны айт!» – дедік ішімізден. Өйткені кішігірім мүйістердегі хауыздар арасында орналасқан дәмханалардағы туристерге көрсетіліп жатқан толассыз қызмет пен дүңгіршектерден құралған жайма базар сөрелеріндегі кептірілген немесе сабағынан жаңа ғана үзіліп алынған жүзімдерді саяхатшыларға ұсынып, сауда-саттықты барынша қыздырып жатқан қала тұрғындарының әбжіл қимылы қазіргі заманғы нарық талабымен керемет үндестік тауып тұр. Осыларды байқап, ойға түйгеніміз: тұрфандықтардың бұл жерде сөз жоқ, екі жеп биге шығып тұрғаны анық. Олай дейтініміз, біріншіден плантацияға жүзім өсіріп, оның жемісінен жапырағына дейін пайда табады. Екіншіден сөз етіп отырып сол алқапты баққа, бақ болғанда да демалыс орны – парк деңгейіне көтеріп, әр бұрышын туристерге қызмет көрсететін табыс көзіне айналдырады.
Осыдан кейінгі Тұрфандағы біздің барып көрген көрнекті орын ол мұндағы жерасты су көздері туннелі болды. Кәріз деп аталатын оның есте жоқ ескі замандағы өмірге келу тарихы, диқандардың содан бергі уақытта оны бау-бақшаға қалай пайдаланып келген тәсілдері түрлі энциклопедиялар мен анықтамалықтарда жеткілікті жазылған. Бұған қоса оның ирригациялық сан түрлі сызбаларға толы суреттері қазір интернетте өріп жүр. Сондықтан біз оларды қайта тәпсірлеп жатпай, оқырмандарға жолбасшы қызымыз Зиннат не айтты және өзіміз көзімізбен не көрдік, соны ғана баяндайық.
Асықпай зер сала қарап, байқадық. Кәріз дегеніміз жер астындағы қолдан қазылған үлкен арықтар екен. Оған қажетті су Тұрфаннан 60 шақырымдай өр жақтағы Тянь-Шань тауларының қарлы жоталарынан еріп жерге сіңген ылғал көздерінен алынатын болып шықты. Ол үшін осыдан оншақты ғасыр бұрын алып тау төскейі мен оның етегіндегі кең жазықтың арасын әр 20 шақырым қашықтық қалдыра отырып, жер астынан үш көлденең тоспа туннель қазылыпты. Оның мәні: Тянь-Шань сілемдеріндегі тас пен құмға сіңген қар, жаңбыр сулары жер астымен еңістегі алғашқы көлденең тоспаға келіп, оны толтырады екен. Одан соң ернеуінен асып-төгілген су сол жер астының әр жерінен төменге қарай тік тартылған шағын-шағын тоғандар арқылы келесі 20 шақырымдағы көлденең туннельге жиналады да одан ол жоғарыда айтылған тәсілмен үшінші 20 шақырымдық қашықтықтағы тоспаға барып тіреледі. Ақыры тау төскейіндегі бірінен кейін бірі орналасқан осы үш көлденең туннельден жиналған «запас» су қоры Тұрфанға қарай әлденеше жерден тіке тартылған кәріздер мен етектегі шаһар мен оның айналасындағы елді мекен бау-бақшаларға қажет суды белгілі мөлшермен жіберіп отыратын болған. Осы арада: «Ежелгі замандағы ирригация мамандары аталған аймаққа қажет су көзін неге жерүсті каналымен жеткізуді ойламаған?» деген сұрақтың туары анық. Оған: «Біріншіден, сөз етіліп отырған өңір – атам заманнан бері жүрген жанды аптап ыстығымен аттатпайтын шөлді жер. Тянь-Шаннан бастау алатын су ашық жерүсті каналымен ақса, оның тек жартысы буға айналып, еңбек еш кетер еді, – деп жауап беруге болады.. – Ал екіншіден, Тұрфан ойпатындағы төменгі жер қыртысында ылғалды өзіне тартып алатын қара топырақ пен саз балшық жоқ. Мұндағы тектоникалық қабаттар құм мен тас және қызыл керіштен құралған. Осыған байланысты жер астындағы кәріздердің табаны қатты жыныстармен қатып қалғандықтан, олармен аққан су ешқайда сіңбейді. Сөйтіп, рәсуа болмай, егістікке сол мен көлемінде барады». Осылайша, Бейжің мен Мысырға дейінгі аралықты қамтыған Ұлы Жібек жолы өмірге келген VІІ–ІХ ғасырларда басталып, ХІІ–ХІV ғасырларда аяқталған Тұрфандағы бұл жерасты кәріздерін жергілікті халық ұқыптылықпен пайдаланып келген ғой. Сондықтан да оның әр кездері кеңітіп, қосып салған үлкенді-кішілі тарам-тарам арықтарының жалпы ұзындығы 1000 шақырымға жуықтайды екен. «Бұл ғажайып ирригациялық құрылымға диқандар әлі де тәуелді, – дейді Зиннат. – Бірақ ХХІ ғасырдағы жүрдек уақыт екпіні мен өңірдегі егін шаруашылығымен айналысатын, адамдар санының көбейіп, жер телімдерінің жедел игерілуіне орай сөз етіліп отырған кәріз ресурсына қазір артезиан құдығына қатысты ғылыми-техникалық инженерлік озық технология көмекке келген. Тұрфан бау-бақша өсірушілері бүгінгі таңда көне мен жаңа осы екі тәсілді қатар пайдалануда».
...Түске дейін жоғарыда айтылған жүзім бағы мен жерасты кәріздерін әбден аралап көріп болған біз сол күннің екінші бөлігінде де талай қызыққа куә болдық. Солардың ішінен Тұрфанның тылсым сырға толы екі ежелгі ескерткішін ерекше атап айта кетуді жөн көріп отырмыз. Олар – Сүлеймен мұнарасы мен өлкетану мұражайындағы көп ешкім көріп-білмеген ғажайып экспонат. ХVII ғасырда салынған, биіктігі 50 метр мұнараға келсек, жергілікті халықты жоңғар шапқыншылығынан қорғау үшін Тұрфанға қол созған Цин патшалығының әскерін сол кездегі ел басшысы Емен қожа жақсы қарсы алады. Бұған риза болған қытай билеушілері оның сол оң көзқарасына орай мұнарасы биік үлкен мешіт салып беруге ұйғарым жасайды. Құрылысын Бейжің шеберлері жүргізіп, ал сәулет сызбасын Тұрфан әкімшілігінің мамандары жасап, қадағалаған кешен жұмысы ұзаққа созылады. Ақыры ол Емен қожа өмірден өтіп, билік оның ұлы Сүлеймен бек қолына көшкен тұста бітеді де мұнара соның есімімен аталады. Қызыл қыш кірпіштен өріліп, 1777 жылы жұртқа есігін айқара ашқан бұл діни орын заман мен уақыттың небір алмағайып кездеріне төтеп беріп, бүгінгі күнге еш жері бүлінбей аман жеткені қуанышты, әрине. Аралап көріп келеміз: мешіт те, ондағы медресе де қалыпты жағдайда жұмыс істеуде. Ғимараттың қай бұрышына барсаңыз да қоңыр салқын, жанға жайлы температура ұсталынып тұр. Мұның себебі, кешен қабырғаларындағы керамикалық торлы терезелер мен ойықтар ауаның не ыстық, не суық емес қалыпты жағдайын қамтамасыз етеді екен. Сөйтіп, бөлмелердің жылылығын теңшейді. Ал төрдегі сағатқа ұқсас қос белгі болса, бесін мен намазшам мерзімдерін дәл анықтайды. Мешіттің көрнекті жерлерінде шағатай тілінде жазылған көне жазулар көрінеді. Бұл құдіреті күшті Аллаға өзі жаратқан пенделерінің рахметін жолдаған сөздерінің имандылық белгісі секілді болып көрінді бізге. Иә, ол мәтіндер сол замандағы Мұхаммед пайғамбар үмбеттерінің даусын бүгінгі ұрпаққа үнсіз жеткізіп тұрған тылсым күш сияқты.
Енді шаһардың жоғарыда өзіміз еске салған өлкетану мұражайындағы ерекше экспонатқа келер болсақ, ол жойдасыз алып жануардың қаңқасы дер едік. Осыдан көп жыл бұрын Үрімшіден Тұрфанға теміржол салынуға дайындық жүргізіліп жатқан ғой. Сонда мамандар көлденеңінен керіліп тұрған жотаны кесіп өту үшін оны динамитпен жарып қопарғанда, жарылыс дүмпуінен сүйектері шашылып қалған екі үлкен аңның қаңқасын көреді. Бұған палеонтологтер шақырылып, олар іске кіріскенде, біреуінің дене мүшелері күл боп уатылып, құрастыруға мүлде жарамсыз болып шығады. Ал екіншісін мамандар көп еңбектеніп отырып қалпына келтіріпті. Міне, сол қаңқаға қарап тұрып таңғалдық. Жануардың бойының биіктігі 6, денесінің ұзындығы 9 метр екен. Жілік сүйектері 150–165 сантиметр аралығында. Ал салмағы – 10 тонна. Осыдан 2500 жыл бұрын шамасында өмір сүрген мақұлықтың тұрқын көріп, өзіміз қазір қыдырып жүрген мына Тұрфан ойпатында бір кездерде оқулықтардағы ең үлкен хайуанаттар әлемінің өкілі ретінде айтылатын динозаврлар да өмір сүрген екен-ау деп ойладық.
...Шаһардан шығып, Үрімшіге қайтарда гид: «Саяхатымызды осыдан 37 шақырым жердегі көне қалашық орнын көрсетумен аяқтаймыз. Ол Астана деп аталады», дегені... Бұл сөзге әрине автобустағы Аустралия, Канададан келгендер назар аударған жоқ. Ал біз... Қазақстаннан шақырылған Дүкен екеуіміз бен Қырғызстанның Қарақол қаласынанмын деп танысқан дүнген жігіті Мағазы бәріміз елең ете түстік. Аталған жерге келсек, есте жоқ ескі замандағы құм басқан ежелгі қала орны екен. Мұндағы құрылысқа кірпіш не тас пайдаланылмаған. Сырғауыл ма, жоқ әлде бас-аяғы байланған қамыс бумалары ма, солардан екі ортасы ашық жіңішке ұстын жасалып, сол бос қалған жер топырақпен толтырылған соң оны үстінен салмақты затпен түйгіштеп ұра отырып таптап, үй немесе дуал қабырғаларын тұрғызған. ІІІ–V ғасырлар аралығында пайда болып, содан соң иен қалған бұл қалашықтан археологтер көп ештеңе таппаған. Тек оның іргесіндегі некропольден ересек адамдар мен сәби балалар бөлек-бөлек топталып жерленген сүйектерді кездестірген. Бүгінгі заман адамдарына белгілісі: бұл қадым ғасырда пайда болып, кейін құм басқан қалашықтың қиранды орны. Сосын нарративтер арқылы жазбаға түскен оның Астана деген түркілік атауы. Және осы ежелгі мекен іргесіндегі құпиясын ішіне бүккен тылсым некрополь. Интернетте: «Әлемде астана атауына ие екі жер бар. Ол Қазақстандағы елорда және ҚХР-дың Тұрфан ойпатындағы көне қалашық орны», делінген де қойған. Басқа жауап жоқ. Сөз соңында айтарымыз: біз ғылым адамы емеспіз. Сондықтан не көрдік соны елге айту, жұртты құлағдар ету. Ал осы ақпаратқа ден қойып, оны ізденіс идеясына айналдырамын дейтін энтузиаст жастар болса, қанеки?..
Жанболат АУПБАЕВ,
журналист
АСТАНА
Соңғы жаңалықтар
Тұлға • Бүгін, 08:20
Сұхбат • Бүгін, 08:15
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:10
Аймақтар • Бүгін, 08:05
Аймақтар • Бүгін, 08:03
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:00
Аймақтар • Бүгін, 07:58
Мирас • Бүгін, 07:55
Өнер • Бүгін, 07:50
Басылым • Бүгін, 07:45
Аймақтар • Бүгін, 07:40
Ғалам ғажаптары • Бүгін, 07:35
Ұлттық ғылым академиясында AI SilkNet Қазақстан–Корея жасанды интеллект орталығы ашылды
Қоғам • Бүгін, 00:28
Капитал нарығы үшін дамудың жаңа кезеңі: KASE басшысы негізгі басымдықтарды атап көрсетті
Қаржы • Бүгін, 00:13
Алматыда «Орталық Азия мұраты» атты жаңа монография таныстырылды
Аймақтар • Бүгін, 00:05
Көрілімдер:89
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Ақпан 2026 08:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар



















