Тынысы бөлек Тегеран
Egemen.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Энғелаб алаңында
Тегеранда біз, Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген журналистер, «Parsian Enghelab Hotel» қонақүйіне орналастық. «Fars News» агенттігінің өкілдері бізге баспасөз турының мән-жайын түсіндірді. «Fars News» – Ирандағы ең ірі ақпарат агенттіктерінің бірі. 2003 жылы құрылған, штаб пәтері Тегеранда орналасқан. Агенттік Ирандағы саяси, халықаралық мәселелерді, сондай-ақ экономика, ғылым, мәдениет, спорт және әскери тақырыптарды да көтеруімен танымал. «Fars News» бұрын да Иранға Қазақстаннан журналистерді шақырып, бірнеше рет баспасөз турын ұйымдастырған болатын. Бұл жолғы сапардың жөні бөлек болып шықты.
Біз барған кезде Тегеранда аза тұту рәсімі өтіп жатты. Журналистер қауымына жауапты Ризо Хасанзаде бізді алдымен Тегеранның жүрегі саналатын Энғелаб, яғни қазақшалағанда Төңкеріс алаңына алып барды. 1979 жылғы Ирандағы төңкерістен кейін алаңға Энғелаб атауы беріліпті. Ел астанасының орталығында орналасқан алаң қаланың басты көлік торабы саналады екен. Алаң астында Энғелаб метро стансасы орналасқан. Дәл осы жерден Энғелаб, Азади және Каргар көшелері тарайды. Энғелаб көшесі Энғелаб алаңынан басталып, Азади алаңына дейін жалғасады. Бұл алаң да – Тегеранның ең маңызды тарихи әрі саяси орындарының бірі. Әсілінде, бұл жер Иранның мәдени, ғылыми және кітап саудасының орталығы саналады. Себебі осы алаң мен оған жалғасатын Энғелаб көшесінде Тегеранның ең ірі кітап базары орналасқан. Содан болар, жергілікті жұрт бұл ауданды «Тегеранның кітаптар көшесі» деп те атайды екен. Ал алаңның шығыс бөлігінде Тегеран университетінің бас қақпасы орналасқан. Сол себепті мұнда студенттер, ғалымдар, жазушылар мен зиялы қауым өкілдері жиі бас қосатын көрінеді. Сондай-ақ алаңда студенттік жиындар, мемлекеттік шерулер мен қоғамдық акциялар жиі өткізіледі екен. Алайда біз барған кезде мүлдем басқа көрініске куә болдық. Бұл күні Энғелаб алаңы мен Тегеранның басқа да ірі көшелеріне жүздеген мың адам жиналды. Олар Иранның бұрынғы жоғарғы көшбасшысы Әли Хаменеи мен онымен бірге қаза тапқан басқа да тұлғаларды аза тұту рәсімін өткізді. Энғелаб алаңына арнайы сахна құрылып, айналасына қара тулар мен аза тұту баннерлері орнатылды. Сондай-ақ алаң ортасына алып қызыл жұдырық мүсіні қойылды. Ризо Хасанзаде мұны бізге рәсімнің басты рәміздерінің бірі деп түсіндірді. Алаңға жиналған адамдар Құран оқып, дұға жасап, жоқтау айтып, елдің бірлігін білдіретін ұрандар көтерді. Біз түн қараңғысына дейін осы алаңда болып, аза тұтқан қалың жұрттың ортасында жүрдік.
Мұсалладағы мұң
Келесі күні қалада аза тұтуға арналған шеру ұйымдастырылды. Таңертең алдымен Мұсалла кешенінде көпшіліктің қатысуымен жаназа рәсімі өтті. Мұсалла – Тегеранның Аббас-Абад ауданында орналасқан ауқымды қоғамдық кешен. Кешеннің құрылысы өткен ғасырдың 90-жылдары басталған екен, әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Соған қарамастан мұнда жұма және айт намаздары оқылып, мәдени, саяси, оқу-ағарту жиындары, кітап жәрмеңкелері мен көрмелер, сондай-ақ діни рәсімдер өткізіліп тұрады екен. Әли Хаменеи мен оның туыстарының жаназасы дәл осы Мұсалла кешенінде оқылды. Халықпен қоштасу рәсімі де негізінен осы жерде ұйымдастырылды. Марқұмдардың мәйітін бірнеше күн бойы осында қойып, шетелдік делегациялардың, Иранның жоғары лауазымды басшыларының, дін қайраткерлері мен әскери қолбасшылардың, сондай-ақ жалпы халықтың қоштасуына мүмкіндік жасалды. Иранның телеарналары рәсімді бүкіл әлемге тікелей эфирде көрсетті. Қоштасу рәсіміне Мемлекет басшысы мен Қазақстан халқы атынан Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев барды.
Мұсалла кешенінде жаназа намазы оқылған соң табыттарды арнайы көлікке тиеп, алдымен Имам Хосейни алаңына алып барды. Бұл алаң Тегеранның шығыс қақпасы саналады. Бастапқы кездегі атауы Фахруд-Довле болған екен. 1979 жылғы төңкерістен кейін алаңға Имам Хосейнидің есімі беріліпті. Энғелаб секілді бұл алаңда да қаланың басты көшелері тоғысқан. Алаңда Тегерандағы ең ірі қоғамдық жиындар, Ашура және Арбаин күндеріне арналған рәсімдер, басқа да діни шерулер, мемлекеттік мерекелер мен халықтық мәдени іс-шаралар өткізіледі. Осы алаңнан Энғелаб көшесі басталып, батысында Энғелаб алаңына дейін жалғасады. Одан әрі Азади көшесі арқылы Азади алаңына дейін созылып жатыр. Имам Хосейни алаңынан басталған шеру алдымен Энғелаб, одан әрі Азади алаңдарына дейін жалғасты. Қолына қара жалаулар, аза тұту плакаттарын ұстаған миллиондаған адаммен бірге біз де шеруге қосылдық. Иран халқы бұл шеруді әлемге ұлттық бірлік пен төзімділіктің көрінісі ретінде көрсетті. Ауа райының ыстық болуына байланысты шеру кезінде халыққа су бүркіп, салқындауына жағдай жасалды. Сондай-ақ шеруге шыққан жұртқа сусындар мен тағамдар таратылды. Шерушілердің қауіпсіздігін қадағалау мақсатында сақтық шаралары да күшейтілді. Қала көшелеріне полициялар, арнайы және ерікті жасақтар қойылды. Шерудің жалпы ұзындығы 10–12 шақырымды құрады. Осылайша, біз Иран тарихындағы ең ауқымды шеруге куә болдық.
Мәшһүр мұнаралар
Ашық жүк көлігіне орналастырылған табыттар одан әрі Азади алаңына жеткізілді. Азади – парсыша «Азаттық» деген сөз. Бұл алаң жерлеу рәсімінің ең маңызды нүктесі болды деуге болады. Бірнеше күнге созылған қоштасу рәсімінің негізгі бөлігі де осы жерде өтті. Миллиондаған адам Әли Хаменеиді ақтық сапарға шығарып салды. Одан әрі табыттарды Құм қаласына алып кетті. Кешкісін Тегерандағы шеру толықтай аяқталып, көшелер ашылып, қала қайтадан қозғалысқа келе бастады.
Азади алаңында өткен қоштасу рәсімінің шет жағасын біз де көрдік. Алайда шерулердің көптігінен орта тұсына жете алмадық. Дегенмен адам аяғы басылған соң, Азади алаңы мен оның ортасындағы Азади мұнарасын көрудің сәті түсті. Азади алаңы Иранның басты рәміздерінің бірі саналады. Алаңның жалпы аумағы 7 гектарға жуықтайды. Алаңның қақ ортасында Азади мұнарасы менмұндалайды. Мұнараның биіктігі – 45 метрдей. Мұнара 1971 жылы Парсы империясының 2500 жылдығына арналып салыныпты. Исфаханнан әкелінген мыңдаған ақ мәрмәрдан тұрғызылыпты. Алғашқы кезде атауы Шахияд, яғни шахты еске алу мұнарасы болған екен. Төңкерістен кейін қазіргі Азади атауы беріліпті. Батыс жұрты үшін Париждің Эйфель мұнарасы қандай болса, Иран халқы үшін Азади да сондай екен. Содан болар, мемлекет ұлттық мерекелер мен маңызды жиындарды осы жерде өткізуге тырысатынын білдік.
Тегеранда Азадидан бөлек, тағы бір тамаша мұнара бар. Ол – Милад телемұнарасы. Бұл мұнара Тегерандағы ең биік ғимарат әрі ең көрнекті сәулет нысандарының бірі саналады. Қаланың кез келген нүктесінен көзге түседі. Мұнараның құрылысы 1997 жылы басталып, 2007 жылы аяқталыпты. Биіктігі – 435 метр. Биіктігі жөнінен әлемде ондыққа кіреді. Телемұнаралар арасында қазір Токио қаласындағы «Tokyo Skytree» көш бастап тұр. Оның биіктігі – 634 метр. Одан кейінгі орындарда Гуанчжоудағы «Canton» (604 метр), Торонтодағы «CN» (553,3 метр), Мәскеудегі «Останкино» (540,1 метр), Шанхайдағы «Oriental Pearl» (468 метр), содан кейін 6-орынға осы Милад жайғасқан. Ондықты Ташкент телемұнарасы (375 метр) түйіндейді. Салыстырмалы түрде айтсақ, Алматыдағы «Көктөбе» телемұнарасы – 371,5, ал Париждегі атақты «Эйфель» мұнарасының биіктігі – 330 метр.
Милад телемұнарасы негізінен телерадио хабарларын таратады, телекоммуникация және байланыс жүйелерін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұнара ішінде жабық және ашық бақылау алаңдары, конференция мен көрме залдары, дәмханадар мен мейрамханалар орналасқан. Мұнараны көруге мұнда жыл сайын жүздеген мың турист келетін көрінеді. Себебі оның бақылау алаңдарынан Тегеран алақандағыдай көрініп, қаланы айнала қоршаған Әлборз таулары анық байқалады. Алайда біз барған кезде телемұнара жабық болғандықтан, ішіне кіре алмадық. Дегенмен атақты мұнараның алдына барудың өзі көңілге медеу болды.
Имам Хомейни тұрған үй
Аза тұтуға байланысты Иранда жеті күндік демалыс жарияланған екен. Сол себепті біз барған уақытта мекемелердің көпшілігі жабық болды. Дегенмен есігі ашық орындарға барып, қаланы жақынырақ тануға тырыстық. Алдымен Тегеранның Жамаран ауданында орналасқан аятолла Рухолла Хомейни тұрған үйде болдық. Рухолла Хомейни – Иранның алғашқы жоғарғы көшбасшысы. 1902 жылы Хомейн қаласында туған. Кейін Құм қаласында діни білім алып, сонда ұстаздық еткен. Хомейни аятолла, яғни шиғалардың діни жетекшісі деген атақты сонау 60-жылдары алған екен. Сол уақыттан бастап Иран шахы Мохаммед Реза Пехлевидің саяси реформаларына қарсы шыққан. Тіпті сол үшін қудаланып, жер аударылған. Алдымен Түркияда, сосын Иракта, кейін Францияда тұрған. 1979 жылы Ирандағы Ислам төңкерісін ұйымдастырып, шах режімін құлатқан. Сөйтіп, жаңа мемлекеттің алғашқы жоғарғы көшбасшысы атанған. Хомейни елге оралғаннан соң алғашында Құмда тұрған. 1980 жылы денсаулығына байланысты Тегеранға қоныс аударған. Өмірден өткен 1989 жылға дейін жұбайымен бірге осы үйде тұрған.
Бұл үй сондай-ақ резиденция қызметін де атқарған екен. Сонымен қатар алғашқы жылдарда маңызды саяси шешімдер дәл осы жерде қабылданыпты. Хомейнидің үйі деген шағын ғана құжыра екен. Сырттан келген адам осында Иранның жоғарғы көшбасшысы тұрған десе, сенбеуі мүмкін. Себебі сондай қарапайым. Бөлмелері де шағын, ішінде қымбат жиһаздар да жоқ. Аяттоланың өзі осылай қарапайым ғана ғұмыр кешкенді қалаған екен. Біз үйдің ішіне кірмедік, терезеден ғана көріп таныстық.
Үйдің сол жағында ескірген мешіт тұр. Үй мен мешіт арасын жалғайтын шағын аспалы жол салыныпты. Жолбасшымыз бұл жол кезінде Хомейнидің денсаулығына байланысты салынғанын айтып берді. Аятолла осы жол арқылы қарсы беттегі мешітке кіріп, халық алдына шығыпты. Бір қызығы, мешіттің іші жартылай ғана сырланған. Мұның сырын сұрағанымызда сол жердегі қызметкерлердің бірі былай деп жауап берді: «Имам Хомейни осы үйге көшіп келген соң қарамағындағылар мешітті жөндей бастапты. Бір күні аятолла соны байқап қалып: «Не істеп жатсыңдар?» деп сұрапты. Құрылысшылар: «Сіз намаз оқитын мешітті ретке келтіріп жатырмыз», депті. Сонда имам Хомейни: «Қаладағы барлық мешітті осылай жаңартып жатырсыңдар ма?» деп қайта сұрапты. Олар: «Жоқ, тек сіздің үйдің жанындағы мешітті ғана», деп жауап беріпті. Сол кезде аятолла: «Ендеше, дереу тоқтатыңдар! Одан да қарапайым халықтың құжыраларын жөндеңдер», деп мешітті әрлеуді тыйып тастаған екен. Содан бері осылай жартылай жөнделген күйі қалған.
Қазіргі уақытта Хомейнидің үйі де, жанындағы мешіт те мемлекет қорғауына алыныпты. Мешіт астында Хомейнидің музейі ашылыпты. Онда имамның тұтынған бұйымдары, құжаттары мен суреттері қойылыпты. Иранға келген ресми делегациялар, туристер Хомейни тұрған үйді көруге арнайы келеді екен. Біз барған кезде беліне қылыш қыстырған Йемендегі хуситтердің делегациясы келе қалды. Олар аятолла тұрған үйді көруге аяғын асыға басып бара жатты.
Иран бағы һәм кітапхана
Әсілінде, Тегеранға келгенде осындағы кітапханалар, музейлер, шахтар сарайы секілді тарихтан хабар беретін орындарды көретін шығармыз деп дәмеленгенбіз. Алайда, жоғарыда айтқандай, елде жеті күндік демалыс жарияланғандықтан, көпшілігіне кіре алмадық. Есесіне ұйымдастырушылар бізді Тегеранның солтүстік-батысында орналасқан «Iran Mall» деп аталатын алып сауда орталығына алып барды. Алып дейтініміз, сол орталықтың жалпы ауданы 2 млн шаршы метрге жуықтайды. Орталықты әлемдегі ең ірі сауда кешенінің бірі деуге болады. Себебі ауқымы Дубайдағы «Dubai Mall», Қытайдағы «South China Mall», Кувейттегі «The Avenues Mall» сияқты әйгілі сауда орталықтарынан да үлкен. Ғимарат 2018 жылы ашылыпты, 7 қабаттан тұрады. Орталық тұтас бір қоғамдық, мәдени және демалыс қалашығы іспетті қызмет атқарып тұр. Мұнда Иран бағы, сәулетті кітапхана, спорт кешендері, концерт және конференция залдары, кинотеатрлар, мейрамханалар мен фуд-корттар, ойын-сауық орындары, 2500-ден астам дүкен, сондай-ақ 20 мың көлікке арналған автотұрақ бар. Бізді әсіресе түрлі экзотикалық өсімдіктер мен субұрқақтары бар бақ пен кітапхана қатты таңғалдырды.
Орталық ішіндегі бақ «Махан бағы» деп аталады. Кешеннің ең көрікті жері де осы бақ деуге де келеді. Иранның мыңжылдық бақ мәдениетін қазіргі заманғы сәулетпен ұштастыра отырып жасаған. Көрген адамның көзі тояды. Бұл елде XIX ғасырда салынған, ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енгізілген Шахзаде Махан деген бақ бар екен. Соған ұқсастырып мұның да атын Махан бағы деп атапты.
Махан бағы үлкен жабық кеңістікте орналасқан. Ұзындығы – 160, ені 35 метрге жуықтайды. Жалпы аумағы – 7 мың шаршы метр. Бақтың төбесіне күн сәулесін өткізетін өте жеңіл әрі мөлдір шыны күмбез жабылыпты. Парсы бақтары субұрқақтарымен ерекшеленетіні белгілі. Бұл жерден де ұзын су арналарын, бірнеше каскадты субұрқақтарды, шағын сарқырамаларды, мәрмәрмен көмкерілген су айдындарын байқадық. Сонымен қатар бақ ішінде пальмалар, кипарис, апельсин мен лимон ағаштары, сәндік бұталар мен маусымдық гүлдер өсіп тұр. Жасыл желек ортасында отырсаң, жаның жадырайды.
Орталықтағы тағы бір ерекше орын – Жондишапур кітапханасы. III ғасырда қазіргі Иранның жерінде Жондишапур деген академия болған көрінеді. Онда медицина, философия, математика, астрономия пәндері оқытылыпты. Әлемдегі ең әйгілі ғылыми орталықтардың біріне айналыпты. Сәулетшілер кітапхананы осы академияға ұқсатып жобалаған. Тіпті атауын да соған ұқсатып, Жондишапур кітапханасы деп қойыпты. Үш қабаттан тұратын кітапхананың сәулеті Еуропадағы кітапханаларды еске түсіреді. Бір қарағанда Ирландиядағы Тринити колледжінің кітапханасына немесе «Хогвартс» фильмдеріндегі кітапхана залына ұқсап кетеді екен. Оның себебін сол жердегі қызметкерлердің бірі кітапхана сәулетіне орта ғасырлардағы еуропалық готика элементтері қолданылғанымен түсіндірді. Сонымен қатар парсы сәулет өнерінің нақыштары да анық байқалады. Биіктігі үш метрден асатын ағаш кітап сөрелерін, ағаштан жасалған өрнекті төбесін, екі қабатты жалғайтын салтанатты баспалдақты, сондай-ақ табиғи жарық мол түсетін биік күмбезді залды көрген адамның көзі сүйсінеді.
Кітапхана қорында 70 мыңнан астам кітап, сирек қолжазбалар мен тарихи құжаттар сақталған. Бірнеше оқу залы мен зерттеу бөлмелері бар. Кітапхананың орталық залына ауданы 350 шаршы метрдей алып парсы кілемі төселіпті. Сонымен қатар Шығыстың ұлы тұлғалары Әбу Әли ибн Сина мен Әбу Райхан Бирунидің, Иранның мемлекет қайраткері Низам әл-Мүліктің мүсіндері орнатылыпты. Мұнда жаңа кітаптардың таныстырылымдары, әдеби кездесулер, кітап көрмелері жиі өткізіледі. Кітапхананың «Iran Mall»-дың сауда орталығынан гөрі мәдени кешен ретіндегі беделін арттырып тұрғанын аңғардық.
Айна залы және мешіттер
«Iran Mall» ішінде «Дәстүрлі базар» деп аталатын бөлім бар екен. Мұнда Иранның қолөнер бұйымдарын, мәшһүр кілемдерін, зергерлік өнімдерін, түрлі кәдесыйларын сататын бутиктер орналасыпты. Осы бөлімде орналасқан «Айна» залы бізді қатты таңғалдырды. Орталықтың ең көркем әрі ерекше бөлігі осы жер деуге болады. Залдың қабырғалары мен төбесі түгелдей ұсақ айналармен көмкеріліпті. Ішіне парсы үлгісіндегі жұмсақ орындықтар, дәстүрлі жиһаздар, сәнді шамдар мен құнды фарфор бұйымдары қойылыпты.
Иранда айна-қари, яғни айнамен әшекейлеу деп аталатын дәстүрлі өнер бар екен. Яғни шеберлер мыңдаған ұсақ айна бөлшектерін белгілі бір геометриялық немесе гүл өрнектерін жасай отырып қабырғалар мен төбеге қондырады. Бөлмеге жарық түскен кезде әрбір айна сынығы сәулені сан тарапқа шағылыстырады. Сөйтіп, зал ішінде сансыз жұлдыз жарқырағандай керемет көрініс қалыптасады. Бұл көріністі видеомен немесе фотосуретпен толық жеткізу мүмкін емес. Оны көзбен көргенде ғана шынайы сезіне аласың.
Сәулетшілер бұл залды XIX ғасырдағы Хажар әулетінің резиденциясы болған Гүлстан сарайындағы әйгілі «Айна» залының қазіргі заманғы нұсқасы ретінде жобалапты. Залына бес қанатты дәстүрлі ағаш есік арқылы кіресің. Мұндай есікті «ороси» деп атайды. Есіктің ерекшелігі ішіне басыңды иіп, беліңді бүгіп, еңкейіп кіресің. Тура біздің киіз үйдің есігі секілді. Бұл да болса мұсылман халықтарына тән кішіпейілдіктің бір үлгісі шығар деп түсіндік.
Парсы мәдениетінде айна тазалықтың, жарықтың, ақиқаттың, сондай-ақ рухани кемелдіктің белгісі саналады. Сол себепті бұрын Ирандағы сарайлар мен мешіттерді айнамен сәндеген екен. Мәселен, Шираздағы Шах-Черағ кесенесі, Құмдағы қасиетті орындар және Тегерандағы Гүлстан сарайы осы тәсіл бойынша безендірілген. Тегерандағы Тәжриш алаңында орналасқан «Имамзаде Салех» мешітіне барғанда тура осы көрініс алдымыздан шықты. Бұл мешіт парсылардың ең қасиетті орындарының бірі саналады. Қабырғасы шамамен XIII ғасырда қаланыпты. Кейін бірнеше рет кеңейтіліпті. Айна-қари өнерінің белгісін осы мешіттен де көрдік. Ішкі қабырғалары түгелдей айнамен безендірілген екен. Мешіт іші жарқырап, ерекше көңіл күйге бөлейді.
Мешіттен шыққан соң, қарсы алдындағы Тәжриш базарына бардық. Қабырғасы сонау XVIII ғасырдың соңында қаланған ескі базар екен. Мұнда да кілең парсылардың өз өнімдері. «Iran Mall» секілді ірі сауда орындарында болсын, Тәжриш секілді базарларда болсын, байқағанымыз, Иранда негізінен жергілікті брендтер сатылады екен. Халықаралық санкцияларға байланысты бұл елде шетелдік брендтер жоқтың қасы. Дегенмен мұның тиімді жағы да бар екен. Иран түгелдей өз өнімдерін жасапты. Киім-кешектен бастап автокөлікке дейін өздері шығарып жатыр. Мұны көргенде қиындыққа бейімделе білу де өнер екен дестік. Иә, Тегеранның сауда орындарынан өз мүмкіндігіне сүйеніп дамуға ұмтылған елдің бүгінгі келбетін көрдік.
Астана – Тегеран – Астана
Көрілімдер:32
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 04 Тамыз 2026 09:00 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы
Байланыс








Ең көп оқылғандар



















