Біз емес : Атыраудың ауасын ластады деген кәсіпорындардың жауабы
Qazaq24.com, Azh.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..
Қаладағы өткір иіске қатысты кезекті шағымдардан кейін редакция ресми органдар ластанудың ықтимал көздері қатарына жатқызатын кәсіпорындар мен ұйымдарға жүгінді. Олардың барлығы дерлік оған қатысы барын теріске шығарды немесе өз нысандарында нормадан асу жағдайлары тіркелмегенін мәлімдеді.
23 жыл бұрынғы ескертуОсыдан 23 жыл бұрын академик-ғалым, геолог Муфтах Диаров қала тұншығудың алдында тұрғанын ескерткен. 2003 жылы сол кездегі облыс әкімі Аслан Мусинге жазған ашық хатында мұнай өндіру мен өңдеу кезінде ауаға тарайтын меркаптан, күкіртсутек сияқты зиянды заттардың адам денсаулығына әсері туралы мәселе көтерген.
«Қаланың ауасын ластауды тоқтатпаса он мыңдаған тұрғын таңертең ұйқысынан ояна алмай қалуы мүмкін» деп дабыл қақты хатында.
Кейін де Атыраудың экологиясы қауіпті жағдайда екенін қоғамдық тыңдауларда талай рет мәселе етіп көтерді. Арада қанша жыл өтсе де, Атырауда ауа сапасына қатысты шағым әлі басылған жоқ.
Қазақстанның батысында ірі мұнай-газ өндірісі шоғырланған Атырау облысында 700 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 400 мыңға жуығы облыс орталығы – Атырау қаласында тұрады. Қалада ауаның ластану деңгейі жоғары. Ауадан әлсін-әлсін қолқаны қабатын жағымсыз иіс шығады. Кейде газ, кейде түтін, кейде шіріген жұмыртқаның иісі сезіледі. Тұрғындар ауа сапасына жиі шағымданады. Бірақ жағдай қайталана береді.
Бірде газға, бірде түтінге, енді бірде шіріген жұмыртқаға ұқсас өткір иіс сезіледі деген шағымдар жиі естіледі. Қыркүйектің 6-сынан 7-сіне қараған түні қалада тұман байқалып, әлеуметтік желі тағы да шағымға толды. Ертесіне жағымсыз иіске байланысты қалада шұғыл брифинг өтті.
Онда Атырау облыстық экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов ауаға зиянды заттардың негізінен түнде және таңсәріде шығарылатынын айтқан.
– Негізінен ПДК-дан асу фактілері түнгі уақыттарда болады. Таң ата уақыттарда болып отыр да, – деді Жүсіпов.
Оның сөзінше, 31 тамыз бен 7 қыркүйек аралығындағы мониторинг кезінде ауа құрамынан ароматикалық көмірсутектер көбіне түнде анықталған. Бұл – изопропилбензол мен диметилбензол. Облыстық санитария-эпидемиология департаменті басшысының орынбасары Айгүл Ысқақованың мәліметінше, олардың мөлшері гигиеналық нормативтен 10-15 есе асқан. Бұл заттар Химпосёлок пен Привокзальный бақылау нүктелерінде тіркелген.
Сынама алынған кезде жел оңтүстік, оңтүстік-шығыс және оңтүстік-батыстан соққан. Одан бөлек, мониторинг деректері күкіртсутектің де мөлшері рұқсат етілген деңгейден асып кеткенін көрсеткен.
Атырау мұнай өңдеу зауыты болса, әдеттегі режимде жұмыс істеп тұрғанын және апат болмағанын мәлімдеді. Ал экология департаменті 10 қыркүйекте зиянды заттардың зауытқа қатысы бар-жоғын анықтау үшін жоспардан тыс тексеру жүргізуді бастады.
Ауаны ластау көздері көп, кім кінәлі екені әзір анықталмады16 қыркүйекте Экология және табиғи ресурстар министрлігі Атыраудағы ауа сапасына қатысты жағдайға түсініктеме берді. Министрлік Атырауда ауаның ластану деңгейі ең жоғары қалалардың бірі екенін атап, әсіресе күкіртсутекпен ластану мәселесіне назар аударды.
Министрлік Атыраудағы күкіртсутек мәселесіне қатысты негізгі әсер етуші көздердің қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытын, «Атырау облысы Су Арнасы» кәріз нысандарын, «Квадрат» булану алаңын, жылыту қазандықтары мен жылу электр орталығын атады. Атыраудың ауасын ластаушы ықтимал көздердің қатарында мұнай өңдеу зауытымен бірге булану алаңдары, мұнай сақтау орындары, қаладағы қоқыс полигоны және басқа да өндірістік нысандар бұрыннан аталып келеді. Бұған қамыстың өртенуі де қосылады.
Санитария-эпидемиология қызметінің мамандарының мәліметінше, кейінгі алты айда Атырау ауасында көмірсутек, күкіртсутек, ароматикалық көмірсутектер, формальдегид, бензол, азот оксиді, шаң-тозаң, әсіресе ұсақ дисперсті шаң және күйе анықталған.
Ресми мәліметке сәйкес, Атырау қаласы мен оған іргелес өнеркәсіптік аумақтарда жылына шамамен 132 мың тонна ластаушы зат шығарылады. Қаладағы зиянды заттардың 83,8 пайызы өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесіне тиеді.
Атырау облыстық экология департаментінің инспекторы Айғаным Бағытқалидің мәліметінше, ауаны ластаушылар қатарында Атырау мұнай өңдеу зауытымен қатар «Тухлая балка», «Квадрат» булану алаңдары, «ҚазТрансОйл» нысандары, КТК мұнай айдау станциясы, сондай-ақ West Dala, «Спецавтобаза» сияқты басқа да кәсіпорындар бар.
Оның сөзінше, қазіргі таңда атмосфералық ауаның сапасы бақылау станциялары арқылы бақыланады. Олар – «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының 15 станциясы, Атырау мұнай өңдеу зауытының 4 станциясы және NCOC компаниясының 8 станциясы. Олардан әр 20 минут сайын деректер алынып, Air.kz қосымшасына беріледі.
Осылайша Air.kz қолданбасын жүктеген тұрғындар ауаның ластану деңгейін бақылай алады. Онда күкіртсутек, көміртек оксиді, күкірт диоксиді, азот оксиді мен азот диоксидінің шекті нормадан асқан-аспағанын көруге болады. Ал меркаптан секілді заттардың мөлшері бұл қолданбада көрсетілмейді.
Ауа және денсаулықЫсқақованың тйтуынша, көмірсутектер, күкіртсутек, бензол, формальдегид, шаң, әсіресе ұсақ дисперсті шаң – осының бәрі адамның тыныс алу мүшелеріне әсер етеді. Әсіресе өткір және созылмалы тыныс алу жолдары ауруларының пайда болуына ықпал етуі мүмкін.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасынан статистикалық мәліметтерді алып, қандай ауру түрлерінің көбейгенін қараған кезде, соңғы жылдары жалпы тыныс алу мүшелері ауруларымен сырқаттану көрсеткішінің 1,1 есеге өскенін байқауға болады.
Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, эколог Мәнсия Есенаманова бірнеше жылдан бері Air.kz қолданбасының көрсеткіштерін бақылап, ауа сапасындағы өзгерістерді мониторинг нүктелері мен жел бағытына қарай салыстырып келеді. Ол ауа сапасы жайлы диссертациялық жұмысқа ғылыми консультант болған. Зерттеу барысында Атыраудағы ауа сапасы мен аурушаңдық көрсеткіштері арасындағы статистикалық байланыс қарастырылған.
– 2022 жылғы өлім көрсеткіштерін алдық. Бұл – stat.gov.kz сайтында ашық түрде жарияланатын деректер. Сол көрсеткіштерді ауадағы күкіртсутек құрамымен корреляциялық талдау арқылы салыстырдық.
Жалпы, барлық ауру түрлерін қарастырдық. Корреляциялық байланыс, яғни «положительный» деп аталатын оң байланыс үш ауру түрі бойынша байқалды.
Негізгісі – тыныс алу органдары ауруларынан болған өлім жағдайлары. Одан кейін жүрек-қан тамырлары аурулары бойынша оң корреляциялық байланыс байқалды. Үшінші көрсеткіш – онкологиялық аурулар. Бірақ ондағы байланыс өте әлсіз, дерлік жоққа жақын болды.
Ал басқа ауру түрлері бойынша мұндай оң корреляциялық көрсеткіштер негізінен байқалған жоқ, – деген болатын бізге берген сұхбатында Есенаманова.
Бұл ретте корреляциялық байланыс өздігінен себеп-салдарлық байланысты дәлелдемейді.
Одан бөлек, эколог Мәнсия Есенаманова қаланың қалдық сулары төгілетін «Квадрат» булану алаңында рекультивация жұмыстары басталғалы бері күкіртсутек мөлшерінің кейде 10–15, ал кей кездері 20 есеге дейін артқанын байқаған.
Журналист Лаура Сүлейменова Атырауда 1980 жылдан бері тұрады. Ол кейінгі жылдары қаладағы ауа сапасының төмендегенін байқағанын айтады. 2013 жылы оған бронх демікпесі диагнозы қойылған. Оның айтуынша, өткір жағымсыз иіс тыныс алуын қиындатады. 2023 жылы ол басқа журналистермен бірге митинг ұйымдастырып, кейін экология комиссиясының құрамына қосылған.
– Қандай да бір жайсыздық сезілсе, осы белгілерді медициналық тұрғыда растау, тіркету керек. Ашықтық үшін, меніңше, тұрғындар өздерінде байқалған белгілерді әлеуметтік желілерде бөлісіп отырғаны дұрыс. Сонда біз, журналистер қауымы, мұндай жағдайларды көріп, тіркей аламыз. Тіпті өздері қалай жазса, солай. Өйткені Threads, Facebook, Instagram сияқты әлеуметтік желілердің бәрі осындай шағымдарға толып тұр, – дейді ол.
Лаура балаларының денсаулығына алаңдап, оларды басқа қалаға көшіріп алған. Ол адам денсаулығы өңірдің басты стратегиялық құндылығы ретінде қарастырылмайтынына қынжылады:
«Қазір біз жаңа мұнай-газ химиясы жобаларын дамытқымыз келеді, бұл жерге білікті мамандарды шақырып жатырмыз. Мамандардың осында жұмыс істеуі үшін олар отбасымен, балаларымен бірге келуі керек. Балалары жергілікті мектептерде білім алады, ал жұбайлары осында жұмыс істеп, өз үлесін қоса алады. Түптеп келгенде, мұнда ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан өз халқымыз бар. Ендеше, мемлекеттің ең басты құндылығы саналатын халық неге бүгін стратегиялық ресурс ретінде қарастырылмайды?»
Жағымсыз иіс шыққан сайын тексеру жүргізіліп, ластау көзі анықталған жағдайда айыппұл салынады. Бірақ мәселе мұнымен шешілмейді. Біраз уақыттан кейін жағымсыз иіс қайта пайда болып, тұрғындардың шағымы тағы қайталанады. Яғни, жауапкершілік бар, бірақ мәселенің өзі әлі толық шешілген жоқ.
Жағымсыз иіс шыққан сайын атыраулықтардың қалыпты тіршілігі өзгереді. Бірі терезесін жабады, бірі далаға шығуды шектейді. Енді бірі сол сәтте ауада не барын білмей, денсаулығына алаңдайды. Тіпті кей тұрғын басқа қалаға көшіп кеткен. Бірақ туған жерін, үйін, жұмысын тастап кету бәрінің бірдей қолынан келе бермейді. Сондықтан жағымсыз иіс қайта сезілген сайын, тұрғындар оның қайдан шыққанын білмей, алаңдап өмір сүріп келеді.
Бұған дейін мұнай өңдеу зауытын қала сыртына көшіру мәселесі бірнеше рет көтерілген. Алайда жергілікті билік зауытты көшіру жоспарда жоқ екенін мәлімдеген. Кәсіпорын басшысы зауытты тұтастай көшіру техникалық тұрғыдан мүмкін емес деп, ол үшін жаңа зауыт салу қажет екенін айтқан.
Қаладағы ауаға қатысты шағым алғаш рет айтылып отырған жоқ. Кейінгі жылдары Атырауды бірнеше рет қою түтін басқан. Ауа сапасына алаңдаған тұрғындар 2023 жылы митингіге шықты.
Жыл басында да тұрғындар ауа сапасына жаппай шағымданған.
Осыдан кейін облыстық экология департаменті Атырау мұнай өңдеу зауытына жоспардан тыс тексеру жүргізген. Тексеру Атыраудағы бірқатар елді мекен аумағында 25 қаңтарда күкіртсутектің шекті нормадан асып кеткенін анықтады.
Экология департаментінің мәліметінше, тексеру кезінде рұқсатсыз зиянды заттарға қатысты заңбұзушылық анықталып, кәсіпорынға 520 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынған. Атырау мұнай өңдеу зауыты бұл шешіммен келіспей, сотқа шағымданды. Іс әлі қаралып жатыр.
25 тамызда Атырау мұнай өңдеу зауыты аумағындағы механикалық тазарту құрылғысында мұнай шламы өртенді. Өрт 47 минутта оқшауланып, зардап шеккендер болған жоқ. Қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Өрттің себебін арнайы комиссия анықтауда.
Технолог әрі экобелсенді Дидар Хамзиннің пікірінше, Атырауда жағымсыз иістің тарауына әсер етіп отырған фактордың бірі – мұнай өңдеу зауытындағы күкіртсутекті өңдеу технологиясы. Технологияны сынға алған Хамзин зауыттағы «күкірт шығаратын «Клаус» қондырғысы дұрыс жұмыс жасамайды. Оны біздер бірнеше рет дәлелдедік» дейді.
Технологтың болжамынша, күкірт шығару процесі кезінде табиғи газ аз жағылады.
Қыркүйектегі жағдай бұрынғы сұрақты қайта алға тартты: егер ауаны ластау көздері бірнешеу болса, олардың әрқайсысының нақты ластауға қосқан үлесін қаншалықты дәл анықтауға болады. Редакция қаланы негізгі ластаушы көздер деп аталған бірнеше кәсіпорын мен мекемеге ресми сауал жолдады.
Кәсіпорындар не дейді«Атырау Су Арнасы» «Квадрат» булану алаңын қаладағы жағымсыз иістің жалғыз көзі деп көрсетуге келіспейді. Кәсіпорын бұл аумақта сынама алынатынын айтып, маңайдағы өзге өндірістік және коммуналдық нысандардың да ықпалын зерттеу қажет деп есептейді.
Ал қаланың қоқыс полигонына жауапты «Спецавтобаза» мекемесі қалдықтардың таралуына жол бермеу және қоршаған ортаға әсерін азайту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын хабарлады. Дегенмен мекеме полигонның әбден толып қалғанын мойындап, жаңа полигон салу қажет екенін атап өтті.
«КТК-К» АҚ компаниясы жағымсыз иіске қатысымыз жоқ деп жауап берді.
– Атырауға жақын жерде «КТК-К» АҚ-ның бір ғана нысаны – әрқайсысының көлемі 20 мың текше метр болатын төрт резервуары бар Атырау мұнай айдау станциясы орналасқан. Біздің ойымызша, мұндай проблема үшін бұл нысанның көлемі тым аз.
Біздің резервуарлар буланатын мұнай буларының мөлшерін 90%-дан астам төмендететін, қосарланған тығыздағышы бар заманауи қалқымалы қақпақтармен жабдықталған.
Сонымен қатар, «КТК-К» нысандарын қадағалау органдары тұрақты түрде тексеріп отырады. Сіз сұрап отырған мәселеге қатысты ескертулер болған жоқ. Нысандарға әкімдік өкілдері мен экологиялық белсенділер де бірнеше рет барып, «КТК» жағымсыз иістің көзі болып табылмайтынына көз жеткізді, – делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Сондай-ақ, жақында «КТК»-ның көміртек ізін зерттеу жұмысы жүргізілгенін хабарлады.
Сонымен қатар, компания жақын арада нысанға келіп, атмосфералық ауаның жағдайына өлшеу жүргізуді ұсынды.
«ҚазТрансОйл» АҚ да Атырау қаласындағы объектілері атмосфералық ауаны ластайтын негізгі көздердің бірі болып табылады деген пікірмен келіспейді.
– Жекелеген кәсіпорындардың атмосфералық ауаға тигізетін әсерін бағалау кезінде өндірістегі немесе қаладағы барлық стационарлық көздерден шығатын шығарындылардың жалпы көлемін ескеру қажет. Айта кету керек, қоғамның объектілері қоршаған ортаға әсер ету жөніндегі II санатқа жатады. Бұл олардың қоршаған ортаға тигізетін әсерінің сипаты мен деңгейі бойынша қоршаған ортаға барынша елеулі теріс әсер ететін объектілер қатарына жатпайтынын көрсетеді, – делінген баспасөз қызметінің жауабында.
Онда өндірістік экологиялық бақылау кезінде ауаның жай-күйіне тоқсан сайын аспаптық өлшеулер жүргізетіні және «ҚазТрансОйл» АҚ-да белгіленген нормативтерден асып кету жағдайлары тіркелмегені жазылған.
Сондай-ақ компания өндірістік объектілердің қоршаған ортаға әсерін барынша азайтуға және шығарындыларды төмендетуге бағытталған техникалық және табиғат қорғау іс-шараларын жүйелі түрде іске асырып келетіні айтылған:
«Атап айтқанда, мұнай сақтауға арналған резервуарлар кезең-кезеңімен заманауи понтондармен жабдықталуда. Олар мұнайдың беткі қабаты кеңістігінен оқшаулау арқылы көмірсутектердің булануын айтарлықтай азайтады».
Ал қалдықтар мен сарқынды суларды басқару саласында кешенді қызмет көрсететін
«West Dala» ЖШС-ның Атырау облысында екі нысаны бар:
Атырау–Доссор тасжолының 38-шақырымында орналасқан қалдықтарды өңдеу және орналастыру жөніндегі кешенді полигон. Әкімшілік тұрғыдан Атырау облысының Мақат ауданында, Қарабатан станциясы ауданында орналасқан; Атырау–Орал тасжолының 8-шақырымында орналасқан қалдықтарды басқару кешені. Аумақтық тұрғыдан Атырау облысы Махамбет ауданының Бейбарыс ауылдық округінде, Алмалы ауылының ауданында орналасқан.Компания мәліметінше, бұл нысандар өндірістік және тұтыну қалдықтарының жекелеген түрлерін қабылдауға, сақтауға, сұрыптауға/сегрегациялауға, өңдеуге, орналастыруға, залалсыздандыруға және/немесе кәдеге жаратуға, сондай-ақ сарқынды суларды тазартудан қалған қалдықтарды көмуге арналған.
Компания нысандарындағы өндірістік қызмет барысында арнайы қондырғылар мен жабдықтар, мамандандырылған техника, сондай-ақ қалдықтарды қабылдау, уақытша сақтау, сұрыптау, өңдеу және орналастыру алаңдары пайдаланылады. Компания тоқсан сайын жүргізілетін экологиялық мониторинг барысында нысандардың санитариялық-қорғау аймағының шекарасындағы ластаушы заттардың рұқсат етілген концентрацияларынан асып кету жағдайлары анықталмағанын хабарлады. Мониторингті өндірістік нысандарында аккредиттелген «Геозервис» ЖШС зертханасы жүргізеді.
– Осы мониторинг аясында: аспаптық өлшеулер; атмосфералық ауаға шығарылатын ластаушы заттардың шығарындыларын бақылау бойынша зертханалық зерттеулер; санитариялық-қорғау аймағының шекарасындағы атмосфералық ауаның сапасын бағалау; қажет болған жағдайда сарқынды суларды және өндірістік экологиялық бақылау бағдарламасында көзделген басқа да көрсеткіштерді бақылау жүргізіледі, – делінген компания жауабында.
ЖЭО: күкіртсутегі бізде атымен жоқ«Атырау ЖЭО» экология министрлігінің мәлімдемесіне өз нысандарының ластану көзі екенін жоққа шығарды.
Жылу және электр энергиясын өндірумен айналысатын «Атырау ЖЭО» ЖШС негізгі отын ретінде табиғи газды пайдаланады.
- Бұл ретте күкіртсутек кәсіпорын шығарындыларына жатпайды және ЖЭО-ның өндірістік қызметі барысында түзілмейді. Осыған байланысты атмосфералық ауадан ластаушы заттың анықталуының өзі белгілі бір кәсіпорынның сол ластанудың көзі екенін білдірмейтінін атап өткен маңызды. Мұндай қорытынды жасау үшін ластану көзін және оның нақты кәсіпорынның қызметімен себеп-салдарлық байланысын тікелей растайтын объективті деректер қажет.
Сонымен қатар кәсіпорын қоршаған ортаны қорғау жөніндегі көзделген іс-шараларды және өндірістік қызметтің қоршаған ортаға әсерін одан әрі азайтуға бағытталған ең үздік қолжетімді техникаларды енгізу жұмыстарын жүзеге асырып келеді.
Осылайша, атмосфералық ауаның ластануы тіркелген жағдайлар контекстінде «Атырау ЖЭО» ЖШС-нің аталуы негізсіз және бұл өздігінен кәсіпорынның анықталған күкіртсутектің негізгі көздерінің бірі екенін білдірмейді, – дейді компания сайтқа жолдаған комментарийінде.
Қысқасы, ресми органдардың жауабымен келісіп отырған ешкім жоқ. Ластаушы көздердің бары анық. Кім екенін тексерулер анықтауы тиіс. Бірақ тексерулер нәтижесінде айыппұл ретінде алынған шаралар мәселені түпкілікті шешіп отыр ма? Тұрғындардың шағымы қайталанып отырғаны мәселенің түпкілікті шешілмегенін көрсетеді.
Айнұр САПАРОВА
Сурет «АЖ» архивінен
Кеше, 18:39
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:36
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 22 Қыркүйек 2026 02:24 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















