Ішкі туризм: Ақтөбе не ұсынады және оған сұраныс бар ма
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Туристік маусым Қасқыр сарқырамасынан басталды
Ақтөбе облысында туризм бөлімі бірнеше рет трансформациядан өтті. Дәлірек айтқанда ұзақ жылдар бойы облыстық кәсіпкерлік басқармасында болып, кейін облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына берілді.
Соның ішінде Visit Aktobe туристік ақпарат орталығы ішкі, сыртқы туристерді тарту қызметін ұйымдастырып отыр. Биыл сәуір айында алғаш рет Sarqyrama Fest туристік фестивалі болды. Шара Қарғалы ауданы Ащылысай ауылы маңындағы Қасқыр сарқырамасында өтті.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Мемлекеттік сатып алу порталындағы ақпаратқа сүйенсек, Visit Aktobe туристік ақпараттық орталығы бұл шараны ұйымдастыруға 2 млн теңгеден астам қаржы жұмсады. Талап бойынша қатысушылар саны 5 мыңнан кем болмауы тиіс. Айтып өтелік, мұнда жиналған қар суы сәуір, мамыр айларында сарқырап ағып тұрады. Келушілер осы екі айда ғана мол жиналады.
Сонымен бірге туристік орталық жарнамалық-таратпа материалдарды дайындау және басып шығаруға 3 млн теңгеге жуық қаржы қарастырды. Әрі Instagram, TikTok, YouTube және Facebook әлеуметтік желілеріндегі аккаунттарды ақпараттық сүйемелдеу және контентпен қызметтері үшін жыл ішінде 2,7 млн теңге жұмсайды.
— Қарғалы ауданының жеті кереметі бар. Олар Қасқыр сарқырамасы, Қарғалы су қоймасы, Мылқау ауыл, Қызылтам, Нұрпейіс хазірет мешіті, Сәрке батыр ескерткіші және Жел электр стансасы. Соның ішінде адамдар көктемде Қасқыр сарқырамасына көп келеді. Сарқырама Ақтөбе қаласынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан. Өткен ғасырдың 70-жылдарында Эбита өзенінің шатқалында үлкен Ащылысай теңізінен арнайы су бұру, басқаша айтқанда, еріген мұздықтардан жасанды су ағызу туралы шешім қабылданған кезде адам қолымен жасалған. Сарқыраманың қатты ағынымен шайылып кеткен күшіктерін жоғалтқан қасқыр әр түн сайын келіп, ұлитыны туралы аңызда айтылады. Сарқыраманың екінші атауы — Ащылысай. Себебі оны аттас ауылға жету арқылы ғана табуға болады, — деді Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейінің кіші ғылыми қызметкері Қымбат Сабыржанқызы.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Қарғалы ауданы жеті керемет жайлы айтқанымен, әзірге тек осы Қасқыр сарқырамасы ғана көпшілік келетін орынға айналды.
Әрі биыл сарқырамаға жетер 4,7 шақырым жол құрылысы аяқталады. Жоба құны — 1,3 млрд теңге. Былтыр 500 млн теңге жұмсалса, биыл 803,5 млн теңге қарастырылды.
Ал сарқырама маңын «Байқұла» ШҚ-ы 49 жылға жалға алды. Талап бойынша аумақты дамытып, туристерге қызмет көрсетуі тиіс.
— Шаруа қожалығы 3-4 жылдан бері сарқырама аумағын дамыту жұмысын жүргізіп жатыр. Мұнда мемлекеттік қолдау арқылы электр тогы жүргізілді. Қожалық иесі 8 киіз үй тікті. Суда серуендеуге арналған қайықтар қызметі іске қосылды. Атқа мініп, серуендеуге де болады. Енді 20 орындық қонақүй салу жұмысы басталды. Аудандағы Қарғалы су қоймасына да туристік аймақ салынады. «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы аясында онда да электр желісі тартылды. Газ бен жол құрылысы жобасы дайындалды. Сол кезде сауықтыру лагері салынады. Инвесторлар аудандағы осы екі жерге қызықты. Сонымен бірге ауданда Мылқау ауыл да бар. Өкінішке қарай оған инвестор табылмай тұр. Ең басты проблема — инфрақұрылым, — деді Қарғалы ауданының әкімі Нұрлыбек Өнербаев.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Марал мекені, Аққұм мен Ақтолағай
2025 жылы Ақтөбе облысына 284 мың адам келген. Оның көбі ішкі туризм үлесінде. Шеттен келетіндердің үлесі 20 мыңға жуықтайды.
— Туристік нысандардың үшеуіне жол салынып жатыр. Біріншісі Қасқыр сарқыламасы, екіншісі Досжан ишан кешені, үшіншісі Абат Байтақ кесенесі. Үшеуі де ішкі туризмді дамытуға оң әсерін тигізеді. Сонымен бірге біз туристік орындарды дамыту үшін инвесторларға жобаларды көрсетіп жүрміз. Мәселен қытайлық инвестор келіп, қарады. Ірі кемпинг салу үшін кәсіпкерлерге хат та жазылды. Қонақүй мәселесі де көтерілді. Кейінгі кезде шалғай мекендерге шағын ұшақ ұшыру жобасы қарастырылып жатыр. Оның экономикалық тиімділігі белгілі болғанда ғана ақпарат бере аламыз, — деді Ақтөбе облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Мейіржан Ахамбай.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Ақтөбе облысында қазір 7 ерекше қорғалатын орын бар. Сонымен бірге Тобыл-Торғау резерваты жұмыс істеп тұр. Әрі 24 туристік маршрут әзірленген.
— Сәуір-мамыр айларында Қасқыр сарқырамасы сұранысқа ие. Қалған уақытта Байғанин ауданындағы Аққұм құмы, Ақтолағай борлы тауы бар. Шынын айтсам, Ақтөбе қаласында ішкі туроператорлар өте аз. Бізде туристік реестрде 7 туроператор болған. Оған тағы біреуі қосылды. Бірақ олардың жұмысы өте төмен. Турмаршрут аз ұйымдастырылады. Олардың сөзіне қарағанда ішкі туризмде жол, қонақүй, тамақтану орны қызметі дұрыс дамымаған. Келген адамдардың жағдайын жасауға қиналады, — деді Мейіржан Ахамбай.
Туристік агенттінің директоры Бақыт Тілешованың айтуынша, Қарқыр сарқырамасынан бөлек марал мекені, Аққұм мен Ақтолағайға да сұраныс бар.
Фото: visitaktobe.kz
— Шыны керек, ішкі туризмге сұраныс көп емес, бірақ бар. Адамдар жайлы көлікпен, жақсы жолмен барғанды жөн көреді. Жол бойындағы қызмет, тамақтану, жатын орынның да заман талабына сай болғанын қалайды. Шетелге барғанда қандай талап қойсақ, бізде де сондай қызмет көрсеткенімізді күтеді. Ал бізде ондай қызмет әлі жоқ. Қасқыр сарқырамасы осы жолға енді түсіп келе жатыр. Әзірге екі ай ғана суы сарқырап ағып тұрады. Алдағы уақытта жаңа технологияның көмегімен жаз айларында да ағысын тоқтатпайтын етуі мүмкін. Сол кезде адамдар легі де артар еді, — деді Бақыт Тілешова.
Туристік агенттік директоры алдағы уақытта Байғанин ауданына барып, Аққұм мен Ақтолағай туристік маршрутын қарап келмек. Содан кейін ғана бұл бағытқа қызмет көрсету сұрағы шешіледі.
— Башқұртстаннан, Ресейдің көршілес облыстарынан сұраныс бар. Олар келіп, базар аралап, демалыс базасына барып, туристік орындарды қарағысы келеді. Менің ойынша бірер жылда даму жолына түсіп, ұсынысымыз артады, — деді ол.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Ұсыныс берді, қызығушы жоқ
Ақтөбе облысының әр ауданында туристік орын бар. Алайда бәрін бірдей дамыту мүмкін болмай тұр. Мәселен Аққұм құмы мен Ақтолағай борлы тауы орналасқан Байғанин ауданы турмаршрут ашуға ұсыныс бергенімен, қызығушы кәсіпкерлер жоқ екенін айтты.
Ал осы ауданға алғашқы туристік маршрут жасап шыққан Еркебұлан Аймұратұлының айтуынша, туризмді дамыту басшыларға тікелей байланысты шаруа.
— Ішкі турмаршруттарды біраз уақыт тоқтатуға тура келді. Бұл қолдау бар кезде дамитын сала. Биыл қайта қолға алып, Қасқыр сарқырамасына бірер рет адамдарды апардық. Әрі бұрынғыға қарағанда инфрақұрылым дамып келеді, жолдар салынып жатыр. Тек Қасқыр сарқырамасы емес, Аққұм бағыты да жақсарды. Шынын айтқанда жолды сұрайтын тасымалдау көліктерінің жүргізушілері. Туристердің өзі кейде нашар жолды сол күйі қабылдайды. Кейбірі УАЗ көлігіне мініп көрмеген соң оны да қызықтайды. Мұндай жерге шетелдіктерден сұраныс жақсы, — деді ол.
Фото: visitaktobe.kz
Жер шалғай болған соң Ақтолағайдың өзіне жол салу әзірге тиімсіз. Сол секілді глэмпинг те жоғары сұраныста болмауы мүмкін.
Себебі адамдар күн сайын ағылмайды, аптасына бір турмаршрут ұйымдастырылуы мүмкін. Көп дегенде айына 200 адамды апарса, оның бәрі тамаққа тапсырыс бермеуі де ықтимал.
— Ақтолағайға бару үшін қаладан 23:00–де шығамыз. Сол жерде таңды қарсы аламыз. Мұнда күз айларында барған дұрыс. Жазда өте ыстық болады. Кейде шетелдіктер тапсырыс береді. Ондайда жол талғамайтын көлікті таңдап апарамыз. Ақтөбе облысында ғылыми турмаршрутқа Жаманшың мен Барқын құмын, сұлулықты тамашалайтындар үшін Ақтолағай мен Аққұмды ұсынатын едім. Жайлысы әрі облыс орталығына жақыны Мәртөк пен Қарғалы аудандары. Тарихи орындарға да сұраныс бар. Қобыланды батыр кесенесіне апаруды сұрағандар болған еді. Қолдау болса Димаш турмаршрутына да сұраныс болады. «Бақытты бала» фестивалі кезінде шетелдік жанкүйерлері Ақтөбеге келетіні сөзсіз. Ал оларға ұсынатын топтаманың бағасы бөлек болады. Бәрін де жергілікті әкімдікпен бірге атқаруға мүмкіндік бар, — деді Еркебұлан Аймұратұлы.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Бұған дейін Ақтөбенің әр ауданның өз бренді бар екені жазылды. Мәселен Қобда ауданында Абат Байтақ, Қобыланды батыр кесенесі мен Әлия ауылы, Бұлақ ауылдарына баруға болады. Бұл туристік маршрут тарихи танымды кеңейтуге бағытталған.
Ал Ырғыз ауданында Ырғыз-Торғай табиғи қорығы мен Жаманшың кратерімен танысуға болады.
Фото: Алтынай Сағындықова / Kazinform
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:88
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 25 Сәуір 2026 17:11 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















