Комекей жырау
Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..
Әрине, даңқты өнерпаздың қазақтың мәдениеті үшін өз еліндегі қайраткерлігін, түркі әлемі мен Еуропа жаһанындағы концерттік сапарларын, әлемдік ғылыми басқосулардағы мәртебелі мінберде оқыған баяндамаларын, ағартушылық саласында шыққан еңбектерін санап жазуға болар еді. Алайда Алмас Алматовтың тұлғасын туған елі жазбай таниды, руханиятқа сіңірген еңбегін де біледі. Жыр жампозының әрбір қызметі қазір де халқының көз алдында. Сондықтан осынау жасқа жеткендегі жетістіктерінің ең маңыздыларына ғана тоқталуды жөн санадық.
Қорқыт ата кітабында мынадай сөз бар: «Қыл қобызын арқалап, елден-елге, бектен-бекке жырау кезер. Ер жомартын, ер бақылын жырау білер. Қарсы алдыңызда жолдан адастырмай, қобыз тартып жырлайтын жырау болсын, ей, ханым!» (Қорқыт ата кітабы. Алматы: «Жазушы», 1994 жыл. 13-бетте).
Осындай өсиет сөз қалдырған Қорқыт бабамыз Сыр бойында ғұмыр кешкен, қобызымен жыр айтып, өзі айтқандай «ер жомартын, ер бақылын» білген әулие болыпты деседі. Қорқыт ата заманынан біздің дәуірімізге дейін осы бір арналы өзеннің сағасынан ешқашан жыр үзілмепті. Сырды жағалай қонған жұрттың басынан алағай да бұлағай қанша ғасыр өтсе де, қобыз шалып, жыр толғайтын неше бір данышпандар өткені тарихтан аян. Асан қайғы да, Сыпыра жырау да Сырды айналмай өтпеген. Әр дәуірде ежелгі Ақмешіт топырағындағы кітап ашқан ғалымдарды, нәсиет айтып елді аузына қаратқан өнерпаздарды санап тауысу мүмкін емес. Алмас Алматов та осы бір киелі мекеннің перзенті. Ол – кешегі Тұрмағамбет, Жиенбай, Нартай секілді жыр алыптарының мұрагері, тұтас бір дәстүрдің жалғасы.
Алмас Алматов 1956 жылы байырғы жыршылар мекені Қармақшы ауданында туған, жастайынан домбыра шертіп, «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Қыз Жібек» сияқты елге кең тараған дастандарды жатқа айтып, «Жыршы бала» атанған. Бұл уақытта Қармақшыда үлкен жыршылардың буыны үзілмеген кез. Бір өзі бір мектеп болатындай дала даңғайырлары баршылық еді, соның ықпалы болуы керек, Алмас жас та болса таңнан-таңға талмай жыр толғай алатын қабілет-дарынға ие болды. Есте сақтау, жады, абсолютті есту сезімінің арқасында күрделі дастандармен қатар термелерді, хат өлеңдерді, шағын хикаялы жырларды, қиссаларды да ерте игеріп алды. Дауысының қоңыр үні де тыңдағанды еліте алатындай тартымды әрі кең болды. Сыр өңірінде дауыстың көне түркілік «көмей» түрі сақталған, бұл дауысты игеру нағыз өнерлінің ғана қолынан келеді, себебі тамақпен, көмеймен, кеудемен күмбірлей қоңыраулататын бұл күрделі дәстүрдің сақталуына және оның білім саласына кіріктірілуі де Алмас Алматовтың еңбегі десек артық айтпаспыз.
Кеңес үкіметі уақытында жыршылық өнер – тұсаулы тұлпар секілді еді, коммунистік идеологияның салқыны осы бір киелі өнерімізге аса қатты тиген кезең болатын. Сондықтан концерт бағдарламаларында классикалық жыр болмайтын, тек социализмді жырлаған «қатаң сүзгіден» өткен шағын термелер ғана арнау өлең қатарында орындалатын. Осындай қатаң уақытта жыр өнерін арнайы оқытатын, яки өнер түрі ретінде бағалайтын өнер ошақтары жоқ болатын. Сондықтан заманның талабымен кәсіби музыкалық білім алу үшін жас талант 1978 жылы Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының «Музыкалық педагогика» факультетіне оқуға түсті. Студент кезінде «Сыр сұлуы» халықтық ән-би ансамблінің мүшесі болып кәсіби өнер сахнасындағы шығармашылық жолын бастады. Жоғары білім алған соң, 1982-1987 жылдары Қызылорда облыстық кәсіптік білім беру мәдениет басқармасында, содан кейін облыстық халық шығармашылығы орталығында жетекші маман қызметтерін атқарды. Осы уақыттар арасында Алмас Нұрмаханұлы кәсіби қалыптасқан орындаушы болуымен қатар, халықтық фольклорды зерттеумен де айналыса бастады. Сыр жыршыларының аузынан көне терме, насихат өлеңдерді жазып алды, қағазға түскен қолжазбаларды өңдеуге, жүйелеуге машықтанды. Сирек айтылатын жыр мақамдары мен сарындарын жадына тоқыды, радио мен телеарна арқылы мүмкіндігінше елге насихаттауға күш салды. Республика көлеміне жыршы болып танылған Алмас Нұрмаханұлы 1985 жылы бүкілодақтық жастар мен студенттер фестивалінің лауреаты атанды, осыдан кейін оның шығармашылық жолының жарқын кезеңдері басталды деуге болады. Сол жылы арнайы шақыртумен ол Франция, Италия, Швейцарияда (Париж, Женева, Милан, Флоренция) өткен фольклорлық музыкалық турнеге және Моңғолиядағы дәстүрлі «Азия халықтарының музыкалық симпозиумына» қатысып, шетел тыңдармандары алдында қазақ жырының абыройын асқақтатты. 1984 жылы ол «Жігер» фестивалінің лауреаты атанды. 1986 жылы Қазақстан Ленин комсомолы жастар сыйлығының лауреаты атағын алды.
1987 жыл Алмас Алматов үшін тарихи жыл болды, ол Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының өнертану мамандығы бойынша ғылыми ізденушісі болып қабылданды. Ал 1988 жылы жаңадан ашылған «Халық әні» кафедрасының алғашқы меңгерушісі болып тағайындалды. Жәнібек Кәрменов, Қайрат Байбосынов секілді қазақтың ірі әншілерімен бірге тарихта тұңғыш рет ашылған кафедраның қалыптасуына тер төкті. Бұл кешегі Жүсіпбек Елебеков пен Ғарифолла Құрманғалиевтардың арманы еді, халықтың ән-жырының қанаты жазылмай тұрған заманда осы екі абыз Алматыдағы эстрада және цирк студиясында ән мектебін ашқан болатын. Елімізде арнайы орта білім беретін жалғыз оқу орны осы студия ғана еді. Ал жоғары білімді дәстүрлі орындаушы дайындайтын не оқу орны, не мамандық түрі жоқ болатын. Жаңадан ашылған халық әні мамандығына Бекболат Тілеуханов, Берік Жүсіпов, Ержан Қосбармақов сияқты бұл күнде аттары елге танылған жастар алынды. Олардың жоғары білімге лайық пән саясаты, оқытушы әрі сахна шебері болып тәрбиелену үшін қажетті білік кешенінің алғашқы нұсқасын Алмас Алматовтың өзі жасап шықты. 1998 жылы Алмас Нұрмаханұлының авторлық жобасымен 0621 – «Дәстүрлі өнер-жыр» мамандығы бойынша негізгі жоғары білім беру мемлекеттік стандарты, оқу жоспары, оның толық оқу-әдістемелік кешені жасалып, жоғарыға ұсынылды. Осы жоба 1998 жылдың 8 мамыры күні Қазақстан Республикасының Білім, мәдениет, денсаулық, спорт министрлігінің №115 бұйрығымен бекітіліп, жоғары оқу орнындағы арнаулы мамандық есебінде классификаторға енгізілді. Қазіргі уақытқа дейін халық әнін оқыту жұмысы осы стандартпен жұмыс істеп келеді.
1990 жылы Алмас Алматов Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дәстүрлі музыкалық өнер» кафедрасының ашылуына бастамашы болды және алғашқы меңгерушісі болып қызмет атқарды. Ал осыдан кейін халықтық ән-жыр өнері бойынша кәсіби білім беруді қамтамасыз ете алатын арнайы стандарты болғанымен, магистрлық және докторантуралық дәрежелерде оқытудың қажеттілігі екені анық білінді. Себебі осы мамандық бойынша өнерді ғылыми тұрғыда зерттеу саласында білім беру талабы әлі жүйеленбеген еді. Осы іс 2000-2001 жылдары ғана шешімін тапты, нақтылай айтсақ, №062140: «Дәстүрлі музыкалық өнер» (түрлері бойынша) Қазақстан Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының жаңа формасы енгізілді, бұл жобаның авторы да, жұмысшы топтың жетекшісі де Алмас Нұрмаханұлының өзі болған еді. Осыдан кейін халық әні мен жыр өнері бойынша зерттеушілер толқыны қалыптасты. Осы күні елге есімдері танымал жыршылар – Берік Жүсіп, Елмұра Жаңабергенова, Ұлжан Байбосыновалар Алмас Нұрмаханұлының шәкірттері. Қазіргі кезде ғылыммен айналысып жүрген талантты жас жыршылар көп, олардың зерттеу жұмыстары шетел журналдарына жарияланып келеді. Яғни, жыршы тек сахнада ғана емес, ғылым майданында да таныла бастады. Алмас Нұрмаханұлының шәкірттері, өнертану ғылымдарының магистрлері – Ақерке Дабылова, Күнсұлу Түрікпендер өнертану мамандығы бойынша докторантурада білім алуда. Түркияның Анкара қаласындағы Көркемөнер және музыка университетінде Мәлика Алдамжарова «музыкатану» саласы бойынша магистратурасын «үздікке» тәмамдап, докторантурада білім алуда.
Қазір Қызылорда облысында Нұртуған, Жиенбай, Нартай жыр мектептері толыққанды жұмыс атқаруда, музыка мектептерінде терме сыныптары ашылған. Қазанғап атындағы Музыкалық колледжде арнаулы «дәстүрлі өнер» бөлімі оқытылады. Қорқыт ата университетінде бакалавр деңгейінде «Дәстүрлі өнер институты» жұмыс істеп тұр. Осы еңбектердің бәрі Алмас Нұрмаханұлының ағартушылық саладағы жұмыстарының ізденістері, жетістіктері, себебі ол дала жыршысының заманауи білім алуы үшін тер төкті, жырдың алтын арқауының үзілмеуіне саналы өмірін арнады.
2011 жылы Алмас Алматов Қазақ ұлттық өнер университетіне жұмысқа шақыртылды. Қорқыт ата атындағы өнер зерттеу институтының директоры қызметін атқарды. Университеттің өнертанушыларын, фольклор кабинетінің қызметкерлері мен жас зерттеушілерді өз маңайына шоғырландырып, ғылыми жобаларға жетекшілік етті, алқалы жиындар өткізді. Сонымен қатар ұстаздық қызметті де қатар атқарды, көптеген өнер сайысының жүлдегерін дайындады.
Қазақ жырының сазы мен сарыны қатар нотаға түсірілу жұмысы да Алмас Алматовтың идеясы, ол нота жазу барысында мақамды мейлінше нақты және домбыра сүйемелін қоса жазу тәжірибесін енгізді. Оқу құралы ретінде де, зерттеуге қажетті теориялық әдебиет ретінде де осындай методология асқан тиімділігін көрсетіп жүр. Осы ретте өзінің үзеңгілес інісі әрі шәкірті, күйші Төлепберген Тоғжанұлының еңбегін де атап өтуіміз керек. Ол жыр ноталарының жазылу үлгісін қалыптастыру саласында көп тер төкті. Қазіргі кезде Алмас Алматов пен Төлепберген Тоғжанұлының қосавторлығымен шыққан хрестоматиялар тәжірибеге еніп кеткен, ұлттық кітапхана қорларында да бар. Шетелдік ғалымдар да осы кітаптар арқылы жыр табиғатын мейлінше тұпнұсқаға жақын ұғуға мүмкіндік алды деп айта аламыз.
Орындаушылық өнер, концерттік қайраткерлік саласындағы Алмас Алматовтың жетістіктерін айтқанда, ұлт өнерінің мәртебесінің де өскенін көріп қуанасыз. Бұл жай ғана мезеттік сахнаға шығатын әртістік ахуал емес, тұтас ұлт фольклорының биік мінберден сөйлеуіне парапар істер. Мысал ретінде сол сапарларға шағын ғана шолу жасалық:
– 1993 жылы Францияда Париждегі Chatelet театрында жеке концерт өткізді;
– 1993 жылы Голландияның Амстердам қаласында халықаралық «Музыкалық фестивальда» өнер көрсетті;
– 1996 жылы Америкада Медисон университетінде эпикалық өнер жайлы лекция-концерт берді;
– 1995 жылы Лондонда «Элизабет-Холл» сарайында жеке концерті өтті;
– 1996 жылы Жоғары мәртебелі ханзада, Уэльс тағының мұрагері Чарльз Филипп Артур Джордждың қабылдауында болды (Британия елшілігі. Алматы);
– 2001 жылы Египеттің астанасы Каир және Александрия қаласында Қазақстан Республикасының 10 жылдығына орай өткізілген мәдениет күндеріне қатысты;
– 2003 жылы Американың Нью-Йорк, Вашингтон, Висконсин қалаларында жеке концерт беріп, Смитсонион университетінде лекция-концерт өткізді;
– 2007 жылы Белгияда өткен «Орталық Азия халықтарының музыкалық фестивальдарына» қатысты;
– 2018 жылы Түркияның Болу қаласында, Кипрде өткен конференцияларда баяндама жасап, шеберлік сабақтарын жүргізді;
– 2019 жылы Улан-Баторда өткен «Әлем эпосы және Жаңғыр» халықаралық конференциясында баяндама жасады.
– 2023 жылы Мысырдың Каир қаласында Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерекесіне арналған Қазақстанның мәдени күніне қатысты, Бейбарыс баба аруағына жыр арнады.
А.Алматов – шығармашылық және ғылыми зерттеу жұмыстарын үнемі жетілдіріп отыратын білікті ұстаз. Шетелдік басылым беттерінде әр кезеңдегі ғылыми конференция, симпозиумдарда жасаған баяндамалары мен шеберлік сабақтары шетелдік мамандар тарапынан жоғары бағаланды және арнайы құжаттармен (сертификат) куәландырылып, күйтабақтары шығарылды. Мысал ретінде оқырманға төмендегі күйтабақтар мен антологияларды ұсынамыз: Орталық Азия музыкасының антологиясы: А.Алматов. (Аудиодиск). – Франция: Париж, 1985; MORITA Minoru. Music of the. Аудиоэнциклопедия. Жапония. Токио. – 1987. Том 7. (А.Алматовтың орындауында 16 шығарма енгізілді); «Жыр керуені» (күйтабақ). А.Алматов. – Москва: Мелодия, 1991; Kazakh Muzical Epic (Dis CD IV) – Сорс (АҚШ) – Қазақстан қоры, 1995; Traditional Kazakh zhir pertormed dy zhirau Almas Almatov trom Kzyl-Orda acc on dombra in Tropentheater (Audio disk). Amsterdam, November, 2007.
Бұл толық тізім емес, ал енді отандық жыр күйтабақтары мен антологиялардың көбісінің жетекшісі өзі, дастанды айтушылар – өзінің шәкірттері. Қазіргі кезде ұзақ жырларды бөліп айтқызу арқылы қазақтың аймақтық жыр мәнерін көрсетуге қол жеткізілді. Шынында, әлқиссадан кейін басқа мақаммен жырланып, тарауларына келгенде жыршылардың мақамдарының сан алуан болуы эпостың мазмұнын аша түскендей болады. Осы саладағы ізденістерді жастар да пайдаланып жүр, қазір жыршылардың сахнаға шығып, жырды кезек айтуы мәдени-креативті жаңалыққа айналған секілді. Өзі де жырлаған «Едіге», «Қарабек батыр», «Алау батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр», «Бөгенбай батыр», «Жидебай батыр», «Мырқы батыр», «Бердіқожа батыр», «Арқалық батыр», «Кенесары», «Иман батыр» дастандары бұл күнде ұлттық фонотекамыздың байлығы болып табылады.
Алмас Алматов – қазақ өнеріне өлшеусіз үлес қосқан тұлға, қасиетті жыр өнерін тек фольклорлық мұра ғана емес, кәсіби музыкалық мамандыққа, іргелі ғылым көзіне айналдырған санаткер. Жырау ағамызды жетпіс жасқа келген мерейлі жасымен құттықтай отырып, қазақ мәдениетінің өркендеуі жолындағы еңбегіне тілеулестік білдіргіміз келеді. Жаңа дәуірімізде ұлт өнеріне жасампаздық серпін берген Алмас Нұрмаханұлындай азаматтар аман болсын!
Жанғали ЖҮЗБАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:47
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 10 Ақпан 2026 05:14 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















