Көші қонның жаңа келбеті
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Әсіресе көршілес Ресейде бюджетті үнемдеу науқаны салдарынан қысқартылған мыңдаған дәрігер және өзге де білікті мамандар елімізден жұмыс таба бастады. Қарқынды жүріп жатқан салалық реформа шетелдік маман тартудың жаңа шартын айқындады: енді жатжұрттық қызметкерден мемлекеттік тілді білу талап етілмек. Сырттан келетін кадрларға тағы қандай шарт қойылады?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы елге келіп, тұрақ тапқан еңбек мигранттарының саны 23 761 адамды, елден түп көтеріліп көшіп кеткен қазақстандықтардың саны 7 608 адамды құрады. Көші-қон айырымы – 16 153 адам. 90-шы жылдардан бері керісінше, Отанын тастап кеткен қазақстандықтардың легі Қазақстанның тұрғылықты тұрғынына айналған шетелдіктерден бірнеше есе асып түсуші еді. Енді сол кесірлі үрдіс тоқтап, республика өзге елдердің азаматтары үшін тартымды «жерұйық мекенге» айналды.
Әйткенмен, рекордтық 2024 жылға қарағанда Қазақстанға келгендер саны 20,7%-ға, Қазақстаннан кеткендер саны 40,5%-ға азайыпты. Елдің негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен арада жүреді: бұл аймақтан келгендердің үлесі – 81,8%, ондағы елдерге көшіп кеткендердің үлесі – 71,8%. 2025 жылы Өзбекстаннан 11,8 мың, Ресейден 4,7 мың, Қытайдан 2,6 мың адам келген.
Ал 2026 жылғы қаңтар-маусымда елде тұрақты тұруға 8 014 шетелдік келіп, 2 311 қазақстандық кеткен: көші-қонның оң айырымы 5 703 адамды құрады. 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда келгендер 28,9%-ға, кеткендер 34,3%-ға азайды. Биылғы І-ші жартыжылдықта елге көшіп келгендердің 52,5%-ы – қазақ қандастар (былтыр 55,8% болған), 14,4%-ы – орыстар (2025 жылы 15,6%), 9,2%-ы – қарақалпақтар (5,8%), 8,6%-ы – өзбектер (4,8%), 1,5%-ы – украиналықтар (2,1%), 1,2%-ы – немістер (1,2%), қалғаны – өзге ұлттар. Қазақстанда тұрақты тұру үшін көшіп келушілер қатары жыл санап қарқынды өсіп келеді: статорганның дерегінше, 2021 жылы – 11 039, 2022 жылы – 17 425, 2023 жылы – 25 387, 2024 жылы – 29 282, 2025 жылы – 23 761 шетелдік елде жерсініп қалды. Бүгінде Қазақстанда тұрақты тұрып, жұмыс істейтін шетелдіктердің жалпы саны 212 мыңға жетті.
Тілдің әділ талабы күшейеді
Қазақстан қазір кім көрінгенді қабылдай бермей, тек таңдаулы мамандарды ғана «шетінен шертіп жүріп» іріктеп алатын жағдайға жетті. Бұл өзгерістің өзегінде бір ғана еңбек нарығы емес, кірігу мен қоғамдық тұтастық идеясы жатыр. Бейімдеу жүйесінің маңызды тетігінің бірі – мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау. Ол елге қоныс аударғандардың қосымша қолдау шараларына деген қажеттілігін айқындап, қоғамға үйлесімді кірігуінің жеке тәсілін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Тіл бұл жерде сүзгі емес, жаңа ортаға жол ашатын алғашқы алтын көпір іспетті.
– Қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау елге келушілердің қазақстандық қоғамға табысты бейімделуі үшін қандай қолдау қажет екенін айқындауға бағытталған. Қажет болған жағдайда оларға тиісті мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі, – деді ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары Эльмира Тілләбайқызы.
Осы тұрғыдан алғанда, тіл талабы сырттан келушіні шеттету емес, оның қоғамға кірігуінің бастапқы деңгейін анықтайтын құрал ретінде қарастырылады.
– Қандас мәртебесін алуды немесе Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат рәсімдеуді жоспарлаған азаматтар үшін Қазтест тапсыру – көші-қон әлеуетін критериалды бағалау кезеңінің бірі. Тестілеу арқылы адамның мемлекеттік тілді білу деңгейі анықталады. Қазтесттің негізгі мақсаты – адамның мемлекеттік тілді күнделікті өмірде қолдану деңгейін және қазақ тілінде қарапайым қарым-қатынас жасауға дайындығын анықтау, – деп хабарлады Еңбекмині.
Ведомствоның түсіндіруінше, тестілеу прокторинг жүйесі арқылы онлайн форматта өтеді. Тапсырмалар қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға қажетті дағдыларды бағалауды көздейді. Сынақ тапсырмаларымен алдын ала танысып, дайындалғысы келетіндер үшін бейімдеу және интеграция орталықтарында тегін дайындық қарастырылған. Қажет болса, қайта тапсыруға мүмкіндік бар. Ведомство ең алдымен «Қазтест қазақ тілін терең білуді талап ететін күрделі емтихан емес» екенін атап өтті. Тестілеу түсінікті әрі қолжетімді форматта өтеді.
Еңбек министрлігінің мәліметі бойынша, бүгінде Қазақстанда адами капиталды дамытуға бағдарланған жаңа көші-қон саясатын кезең-кезеңімен іске асыру басталды. Көші-қон саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы еңбек нарығының сұранысы мен елдің әлеуметтік-экономикалық басымдықтарын ескереді. Оның ішінде экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамту, ішкі еңбек нарығын қорғау, сұранысқа ие білікті мамандарды шетелден тарту, көші-қонды цифрландыру, тұрақты тұру рәсімдерін жетілдіру, жұмыс берушінің жауапкершілігін күшейту және тәлімгерлік институтын дамыту бар.
Өңірлерде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, тілдік тегін даярлық, медициналық сүйемелдеу және балаларын білім беру ұйымдарына орналастыру сияқты іс-шаралар кешені көрсетіледі. Осы арқылы Қазақстан барынша көп мигрант тартуға емес, ел ертеңінің жарқын болуына септесетін адам капиталын басқаруға ұмтылып отыр.
Цифрландыру көші-қонды жеңілдетеді
Әлемде талант пен білікті маман үшін бәсеке күшейген заманда Қазақстанның миграциялық саясатты экономикалық стратегияның бір бөлігі ретінде қарастыра бастауы заңды.
– Жаңа көші-қон саясаты шетелдік мамандар мен инвесторлардың елде тұрақтап, ұзақмерзімді әрі жемісті еңбек етуіне қолайлы жағдай жасауға, шетелдік адами капиталды тартуға және миграциялық рәсімдерді цифрлық форматқа көшіруге бағытталған. e-Residency модулі бар бірыңғай QazETA цифрлық платформасын енгізу, e-Residency Invest бағдарламасын қабылдау, сондай-ақ 2026 жылдың соңына дейін арнайы «Алтын визаны» енгізу жоспарланған. Соңғысы, шетелдік жоғары білікті мамандарға, инвесторлар мен кәсіпкерлерге бірқатар преференция ұсынады, салықтан босатады, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев.
Халықаралық көші-қон ұйымы Қазақстанның икемді және ашық көші-қон жүйесін қалыптастыруын уақытылы әрі стратегиялық маңызды қадам деп бағалап отыр: «Президенттің тиісті шешімін жүзеге асыру халықаралық таланттар мен инвестицияларды тарту үшін ғана емес, сонымен қатар жергілікті жастарды болашақ еңбек нарығына дайындау үшін де жаңа мүмкіндіктер ашады. Шетелдік білікті мамандар елде өз шәкірттерін тәрбиелейді, тәжірибе алмасады», – дейді ХКҰ миссиясының жетекшісі Алия Белоносова.
Әлемнің әр бұрышындағы дарын мен дағды-машық иелері шақыруға келуі үшін рәсімдер жеңілдетілмек. Еңбекмині еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оны ұзарту үдерісін жаппай автоматтандырып жатыр. Енді рәсім толық онлайн форматқа көшіріп, eGov.kz және migration.enbek.kz порталдары арқылы қолжетімді болады. Үміткерге ХҚКО-ларға барудың да қажеті жоқ: жұмысқа тұруға рұқсатты елдің кез келген өңірінен, қашықтан рәсімдеп, ұзарта алады екен. ЖИ-ге құрылған жүйе медициналық анықтамалар мен сақтандыру деректерін мемлекеттік базалардан өзі жинайды. Өтініштің қаралуынан жергілікті атқарушы орган шешіміне дейінгі үдерісті онлайн бақылауға болады.
Еңбек министрі Асқарбек Ертаевтың пайымдауынша, технологиялық өзгерістер дәуірінде мемлекеттер инвестиция үшін ғана емес, адами капитал, құзырет және жұмыс күшінің жаңа технологияларға бейімделу жылдамдығы үшін де бәсекеге түседі. Қазақстан бұл міндетті data-driven government – дерек пен болжамды талдауға сүйенетін мемлекеттік басқару моделіне көшу арқылы шешуге ұмтылады.
Migration.Enbek.kz порталында 24 мемқызмет цифрландырылған, оның 11-і мобильді қосымшада қолжетімді. Пайдаланушылар саны 140 мыңнан асты, ал шешімдер өтініш берушінің жеке баруынсыз автоматтандырылған режимде қабылданады. Министр ЕАЭО елдерінен келетін мигранттар үшін 4 стратегиялық бастама ұсынды. Бұлар – еңбек мигрантының бірыңғай цифрлық профилін енгізу, көші-қон ағындары туралы деректермен нақты уақыт режимінде алмасу, жұмыспен қамту мен біліктілік жөніндегі ақпаратты біріктіру, сондай-ақ цифрлық платформалар қызметкерлерінің құқықтарын қорғау.
Қорыта айтқанда, ҚазТест, көші-қонды цифрландыру, «Алтын виза», адами капиталды болжау – бір-бірінен бөлек бастама емес, бір жүйенің буындары. Ең бастысы, талантты тарту оны елде ұстап қалу, жерсіндіру, қазақ тілінде сайрайтын нағыз қазақстандыққа айналдыру үдерістерімен тығыз қабысқанда ғана нәтижелі болады.
Елдос СЕНБАЙ
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:83
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 06 Қазан 2026 06:41 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















