Марат Сұлтанғазиев: Аймақты жан жақты дамыту басым бағытымыз
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Алматы облысы өткен жылы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша орнықты өсім көрсетті. Инвестиция тарту қарқыны күшейіп, өнеркәсіп өндірісінің көлемі артты. Өңірдің негізгі көрсеткіштері мен алдағы басым бағыттары туралы облыс әкімі Марат СҰЛТАНҒАЗИЕВ сұхбат барысында жан-жақты әңгімелеп берді.
– Марат Елеусізұлы, Алматы облысының бөлінгеніне бірнеше жыл болып қалды. Қазір өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері қандай?
– Алматы облысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырмасына сәйкес, кейінгі төрт жылда тұрақты экономикалық өсім деңгейін көрсетіп, дамудың даңғыл жолына шықты. Осы кезеңде өңірлік бюджетке түсетін салықтық түсімдер шамамен екі есе артты, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны үш есеге жуық қысқарды. Бұл жұмыспен қамтудың кеңейгенін, халық табысының өскенін, кәсіпкерлік белсенділіктің күшейгенін көрсетеді.
Айталық, 2021 жылы облыс жалпы өңірлік өнім ЖӨӨ көлемі жөнінен республикада 10-орынды иеленіп, оның көлемі 3,4 трлн теңгені құраса, 2024 жылы 5-орынға көтеріліп, ЖӨӨ көлемі 6,0 трлн теңгеге жетті. Бұл – 1,7 еседен астам өсім. Сонымен қатар өңір экономикасының өсуіндегі негізгі факторлардың бірі инвестицияларды белсенді тарту болды. 2022–2025 жылдар аралығында облысқа шамамен 3,7 трлн теңге инвестиция тартылды. Инвестиция көлемі 2,2 есе өсіп, 614 млрд теңгеден 1 355 млрд теңгеге жетті.
Инвестиция көлемінің ұлғаюы облыс бюджетіне де оң әсерін тигізіп, салықтық түсімдер көлемі жөнінен дотациялық өңірлер арасында көшбасшылар қатарына шығуға мүмкіндік берді. Мәселен, 2021 жылы облыс бюджетіне (Жетісу өңірін есепке алмағанда) 317 млрд теңге түссе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 628,6 млрд теңгеге жетіп, екі есе артты. Осылайша, Алматы облысы дотациялық 17 өңірдің арасында республикалық бюджетке ең аз тәуелді өңірге айналды, яғни бұл тәуелділік 32%-дан 13%-ға дейін төмендеді.
Сонымен қатар облыс ішінде донорлық аудандардың саны екіден беске дейін артты. Қарасай, Іле аудандарымен қатар, донор мәртебесін Талғар, Еңбекшіқазақ аудандары, сондай-ақ Қонаев қаласы иеленді. Осы қарқын сақталған жағдайда, 2029 жылға қарай Алматы облысы республикалық бюджетке толық донор өңір мәртебесіне ие болады деген үміт бар.
– Инвестиция тартудың тиімділігін басты бағыттардың бірі ретінде көрсеттіңіз. Осы орайда ерекше атап өтетін ірі жобаларға тоқталсаңыз.
– Осы жылдар ішінде көптеген инвестициялық жоба жүзеге асты. Оның нәтижесінде 18,6 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Олардың қатарында құны 135 млрд теңге болатын «Жетісу Вольфрамы» зауыты, «KT&G» темекі өнімдерін өндіру зауыты (80,2 млрд теңге), «ТехноНИКОЛЬ – Орталық Азия» энергия үнемдейтін жылу оқшаулау материалдары зауыты (43,8 млрд теңге), «Fruit Art» сублимациялық зауыты, жеміс сақтау қоймалары, жылыжай кешені (42,8 млрд теңге), «Прима Кус» құс шаруашылығы кешенінің 1-кезеңі (33,6 млрд теңге), «Focus Logistics» логистикалық парктері (70 млрд теңге), «MP Solution» А класты логистикалық кешені (17 млрд теңге), «Еуразиялық логистикалық парк» (22 млрд теңге), сондай-ақ «Kucukler Holding» (LC Waikiki) көтерме-тарату орталығын (30 млрд теңге) атап өтуге болады.
Әрбір инвестордың ұсыныстары мен мәселелерін жүйелі түрде шешеміз. Олармен біріге отырып, екі жаққа тиімді шешімдер қабылдаймыз. Мәселен, «Focus Logistics» логистикалық парктер жобасы бойынша инвестор алдағы жылдар есебінен аванспен салықтық төлемдерді жергілікті бюджетке төлеп, сол қаражат сомасын «Бизнестің жол картасы» арқылы жоба инфрақұрылымына жұмсадық.
Өңірге жетекші халықаралық компаниялар тарапынан да айрықша қызығушылық байқалып отыр. Қазір жобалау сатысында бірқатар ірі бастама бар. Оның ішінде «Mars» компаниясының жануарларға арналған жем өндіру зауыты, Қытайдың «Beijing Xinfadi» компаниясының Алматы қаласы әуежайы маңында экологиялық өнімдер портын салу жобасы, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің «Talgar Eco City» заманауи қаласын салу жобасы бар. Бұдан бөлек, өзге де өнеркәсіптік, логистикалық нысандар пысықталып жатыр.
Инвесторлардың қызығушылығын ескере отырып, олардың қызметіне қолайлы жағдай жасау негізгі басымдықтардың бірі болып қала береді. Осы бағыттағы ең тиімді құралдардың бірі – өңір экономикасының өсу нүктелері саналатын индустриялық аймақтарды дамыту. Әлбетте, индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын салу қомақты қаражатты қажет етеді, облыстық бюджетке ауыртпалық түсіреді. Осы себептен мұндай аймақтарды дамытуда мемлекет-жекешелік әріптестік тетігін кеңінен қолданып отырмыз, бұл өз кезегінде бюджетке бір мезеттегі жүктемені азайтады. Сонымен қатар кейбір индустриялық аймақтардың аумағы жекеменшік жер иелерімен келіссөздер жүргізу арқылы мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мысалы, осындай жобалардың бірі – «Қайрат» индустриялық аймағын алатын болсақ, оның инфрақұрылымына мемлекет-жекешелік әріптестік арқылы 10,8 млрд теңге қаражат жұмсалды. Индустриялық аймақ аумағындағы жеке инвестиция көлемі 125 млрд теңгеге жетіп отыр. Нәтижесінде, бюджеттен жұмсалған әрбір 1 теңгеге 10 теңге көлемінде жеке инвестиция тартылды.
Осы тәжірибеге сүйене отырып, қазірде аумағы 5,6 мың гектар болатын 15 индустриялық аймақ құру жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл жалпы өңірлік өнімнің ұлғаюына, болашақта бюджетке түсетін салықтық түсімдердің өсуіне үлкен мүмкіндік береді.
Инвестицияның 56,3%-ы өнеркәсіпке, көлік пен қоймалау саласына бағытталған, бұл экономиканың негізгі салаларының дамуын ынталандырады. Соның нәтижесінде кейінгі үш жылда қоймалардың жалпы алаңы 17,5 есеге өсіп, 8,8 мың шаршы метрден 153,9 мың шаршы метрге жетті. Бұл – Орталық Азиядағы көлемі жағынан ең ірі қойма алаңдары.
Қазірде облыста 1 866 өнеркәсіптік кәсіпорын жұмыс істейді, өндірістің шамамен 90%-ы өңдеу секторына тиесілі. Бұл көрсеткіш бойынша облыс Астана, Шымкент қалаларынан кейін 3-орында тұр.
Өнеркәсіп пен инвестициялық белсенділіктің артуы сыртқы сауда көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізді. Кейінгі үш жылда экспорт көлемі шамамен 1,5 есеге өсіп, экспорт өнімдері алыс-жақын шетелдердің 59 еліне жеткізіледі. Экспорт құрылымының негізін азық-түлік өнімдері, сусындар, темекі өнімдері, картон қаптамалары, фармацевтикалық өнімдер, өзге де тауарлар құрайды.
– Облыс орталығы мәртебесіне ие Қонаев қаласының дамуы туралы да айтып берсеңіз.
– Қонаев қаласына келсек, бұрын, облыс орталығы болмай тұрғанда 60 мыңға жуық тұрғыны бар, шағын қала болатын. Оның үстіне қаланың инфрақұрылымының тозығы жетіп, жолдар мен электр желілері, су құбырлары, үйлердің қасбеттері ескіріп, көшелер мен парктер абаттандыруды қажет етті. Тозу деңгейі 90%-дан асатын кәріз желілері мен сорғы стансаларын қайта жаңғырту мақсатында мемлекет-жекешелік әріптестік тетігі арқылы жұмыс басталды. Сондықтан әкімшілік ғимараттар мен әлеуметтік, мәдени нысандарды қолға алмас бұрын, қаланың инфрақұрылымына ерекше назар аудардық. Бұл өзгерістер бірден байқала бермеуі мүмкін, алайда дәл осы шаралар қаланың одан әрі дамуына берік негіз қалайды. Қала бюджеті де қарқынды өсіп келе жатыр, егер 2022 жылы бюджет 9,2 млрд теңгені құраса, бүгінде 3 есе артып, 30,5 млрд теңгеге жетіп отыр.
Қапшағай су қоймасы Қонаев қаласының басты рекреациялық орталығы болғандықтан, қалалық жағажайлардың барлығы қолға алып, жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Былтыр «Freedom Holding» компаниясының қолдауымен 4,5 млрд теңгеге №5 жағажай абаттандырылып, демалыс жайлы әрі қауіпсіз жағдайға келтірілді.
Құны 11 млрд теңге болатын, 4 000 орындық мінбесі бар халықаралық «ASP-Arena» спорт аренасы, сондай-ақ Орталық Азиядағы ең ірі 20 мың шаршы метрлік мұз айдыны пайдалануға берілді. Бұл нысандар қаланың спорттық туризмдегі тартымдылығын арттырады. Нәтижесінде, өткен жазғы маусымда шамамен 1,8 млн адам демалып, олардың саны 2024 жылмен салыстырғанда 20%-ға артты.
Былтыр шетелдік туристер Алматы облысының әртүрлі табиғи нысандары мен көрікті жерлеріне жоғары қызығушылық танытты. Ең үлкен сұранысқа «Көлсай көлдері», «Іле-Алатау», «Шарын» ұлттық парктері ие. Ұлттық парктерге келушілер саны 33,6%-ға артып, шамамен 1,8 млн адамды құрады (2024 жылы – 1,3 млн адам).
– Дамудың күретамырына қан жүгіртіп отырған ауыл шаруашылығы саласында қандай жобалар жүзеге асып жатыр? Мал басын көбейтіп, оның еті мен сүтін, жүнін өндіретін кәсіпорындарды іске қосу барысы қалай?
– Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бойынша облыс республикада 5-орынды иеленіп, үлесі 8,1%-ды немесе 798,4 млрд теңгені құрап отыр. Бұл ретте мемлекеттік субсидияларды пайдалану тиімділігі жөнінен облыс республикада бірінші орында тұр, яғни 1 теңге субсидияға 17 теңге көлемінде өнім өндіріледі. Ірі қара мал мен ұсақ мал басының саны 33,9%-ға артты, бұл ет пен сүт өндірісінің көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Облыс ет өндіру, құс саны жағынан көшбасшы орында, қой мен ешкі саны 3-орында, жұмыртқа мен сүт өндіруде 4-орында, ірі қара мал саны бойынша 5-орында тұр.
Суару инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Суармалы жерлердің аумағын кеңейту, су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты жүйелі жұмыс жүргізіле бастады. Облыстағы суару желілерінің тозу деңгейі 70–80%-ға жетіп, су шығынының 60%-ға дейін артуына алып келді. Осы мәселені шешу мақсатында 2022 жылдан бастап өңірде суару желілерін қайта жаңғырту жөніндегі шаралар іске асырылып жатыр. Негізгі жобалардың бірі – Балқаш, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарындағы суару желілерін қайта жаңғырту, сондай-ақ Райымбек ауданындағы арнаны күрделі жөндеу. Бұл мемлекеттік кепілдік алу рәсімінен кейін Ислам даму банкінің қаражаты есебінен жүргізіледі. Нәтижесінде, 35 мың гектар жерді ауыл шаруашылығы айналымына енгізу жоспарланып отыр.
Суару желілерін дамытумен қатар, су үнемдеу технологияларын енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 3,3 есеге артып, 2025 жылы 66,6 мың гектарды құрады. Бұл облыстағы жалпы суармалы егістік жердің 30%-ын қамтиды. 2030 жылға дейін су үнемдеу технологияларын қолдану көлемін 138,7 мың гектарға дейін жеткізу көзделген.
Сонымен қатар 2022 жылдан бастап облыста пайдаланылмай жатқан 1 405,1 мың гектар ауыл шаруашылығы жері анықталды, оның 37%-ы мемлекеттік меншікке қайтарылды. Бұл жұмыс ауыл шаруашылығы өнімділігін арттыру, жергілікті фермерлерді қолдау мақсатында жалғасын табады.
Ауыл тұрғындарын қолдау, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру құралдарының бірі ретінде «Ауыл аманаты» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама аясында бүгінге дейін жеке қосалқы шаруашылықтарды, кооперативтерді, отбасылық бизнесті дамытуға жалпы сомасы 11,7 млрд теңгеге 1 662 микрокредит берілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыл халқының орташа табысы 2022 жылғы 196 мың теңгеден 2024 жылы 311 мың теңгеге дейін өсіп, 1,6 еселік өсімге қол жеткізілді. 2026–2029 жылдарға жоспарланған
708,7 млрд теңгелік 26 жоба өңірдің аграрлық әлеуетін толық ашуға, ауыл халқының өмір сүру сапасын арттыруға негіз болады.
– Өңірде тұрғын үй құрылысының қарқыны қандай?
– Тұрғын үй құрылысының қарқыны да әлеуметтік инфрақұрылыммен үндестіріле жоспарланған. Былтыр облыста 1 млн 69,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, жоспар 111,3%-ға орындалды. Үш жыл аралығында
5 144 кезекте тұрған азамат баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл 1 млн 75 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу көзделіп отыр. Оның ішінде бюджет қаражаты есебінен 1 018 пәтерлі 20 несиелік тұрғын үй салу жоспарланған.
– Жаңадан қалыптасып келе жатқан Алатау қаласы мен Алматы агломерациясын дамыту мақсатында қандай іс-шаралар қабылданып жатыр?
– Бүгінде қаланың 2050 жылға дейінгі бас жоспары бекітілді. Қала аумағында 6,8 мың га жерді қамтитын 12 өсім нүктесі анықталды. Бұл жерлерде қажетті инфрақұрылым мен қаржылық ресурстарға ие инвесторлар жұмысын бастап кетті. Осы «өсім нүктелерінде» тамақ өнеркәсібі, логистика, білім, туризм салаларында бірқатар ірі жобалар жүзеге асырыла бастады. Атап айтсақ, «PepsiCo», «Молочная долина», «Арказ Инвест», «Исткомтранс», «G-Trans», «Маревен Фуд», «Гриффин Логопарк» секілді ірі компаниялармен бірлескен жобалар қолға алынды.
Қазір Алатау қаласында жалпы құны 1,5 трлн теңгеден асатын 32 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр. Бұл жобалар нәтижесінде 37 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр, оның ішінде 536 млрд теңгені құрайтын 17 жоба белсенді іске қосылды. Өткен жылы қалада 60,4 млрд теңгенің құрылысы жүзеге асты. Осы кезеңде жалпы аумағы 151,1 мың шаршы метр болатын тұрғын үйлер пайдалануға берілді.
Облыстағы басым бағыттардың бірі – өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған Алматы агломерациясын дамыту. Бүгінде агломерация халқының жалпы саны 3,4 млн адамнан асады. Негізгі өзекті мәселелер қатарында халықтың маятниктік көші-қоны, жол-көлік желісінің шамадан тыс жүктелуі, қала маңындағы инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіз дамуы, әлеуметтік нысандарға түсетін жоғары жүктеме бар. Аталған мәселелерді жүйелі шешу үшін нормативтік-құқықтық база қалыптастырылды. Атап айтқанда, «Агломерацияларды дамыту туралы» заң, өңіраралық схемалар, 2024–2028 жылдарға арналған Алматы агломерациясын дамытудың кешенді жоспары қабылданды. Кешенді жоспар республикалық, жергілікті бюджеттер, сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен жалпы сомасы 3,4 трлн теңгеге 130 іс-шараны іске асыруды көздейді.
Агломерацияны жедел дамыту мақсатында бюджет заңнамасына көлденең қаржыландыру тетігі енгізілді. Бұл тетік қала маңындағы аумақтардағы өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Аталған механизм алғаш рет Алматы облысында іске асырылды.
– Биылғы «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» аясында жүзеге асатын жұмыс жоспарларыңыз қандай? Алыс-жақын ауылдар интернетпен толық қамтылған ба?
– Алматы облысында цифрлық теңсіздікті азайту, интернет инфрақұрылымын кеңейту кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Бүгінде өңірдегі 373 елді мекеннің 355-і, яғни 95,2%-ы кең жолақты интернетпен қамтылған. Оның ішінде 352 елді мекенде мобильді интернет қолжетімді. Бұл – ауыл мен қала арасындағы ақпаратқа қол жеткізу айырмасын қысқартуға бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі.
Өткен жылы интернетпен қамтылмаған 11 ауылға алғаш рет кең жолақты байланыс жеткізілді. Төрт елді мекенде 4G стандарты енгізілсе, жеті ауылда спутниктік интернет орнатылды. Бұл тәсіл географиялық тұрғыдан күрделі, талшықты-оптикалық желі тарту экономикалық тұрғыдан тиімсіз елді мекендер үшін балама шешім ретінде қолданылып отыр. Нәтижесінде, шалғай ауыл тұрғындары да мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан оқу, кәсіпкерлікпен айналысу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар байланыс сапасын арттыру мақсатында «КаР-Тел» компаниясы облыс аумағындағы барлық 3G базалық стансаларын жоғары жылдамдықты 4G стандартына көшіру жұмысын аяқтады. Бұл мобильді интернеттің тұрақтылығы мен өткізу қабілетін айтарлықтай арттырды. Ұлттық жоба шеңберінде көлік инфрақұрылымы да назардан тыс қалған жоқ. Республикалық және бірінші кезектегі облыстық маңызы бар автожолдарды мобильді байланыс, интернетпен қамту жоспарланған.
– Өңірдің елді мекендерінің газбен қамтылуы қай деңгейде?
– Облыста 169 елді мекен газдандырылған, табиғи газға қолжетімділік
1,24 млн адамға қамтамасыз етілген, бұл – өңір халқының жалпы санының 81%-ы. Былтыр «Қазыбек бек» АГРС-і іске қосылып, Жамбыл ауданының 7 елді мекенін газбен қамтуға мүмкіндік берді, 16 мың адамға газ жеткізілді. Сонымен бірге Балқаш ауданын газдандыру іске асып жатыр. Аудан аумағында 28 елді мекен орналасқан, олардың ішінде Өңірлік газдандыру схемасына сәйкес 2030 жылға дейін 11 елді мекен газдандырылуға жатады. Сонымен қатар алдағы уақытта ұзындығы 237,9 км болатын «Шелек – Кеген – Нарынқол» газ құбырын салу жоспарда бар. Аталған жоба Алматы облысының газбен толық қамтылуына мүмкіндік береді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ұлбосын ИСАБЕК,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Жас жыршылар «Қырымның қырық батырын» жырлады
Мирас • Бүгін, 08:10
Тарих • Бүгін, 08:00
Қазақстан құрамасы Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу рәсіміне қатысты
Спорт • Бүгін, 01:41
Алина Чистякова Қазақстан құрамасына алғашқы алтын медальді сыйлады
Жеңіл атлетика • Бүгін, 00:55
Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты басталды
Спорт • Бүгін, 00:25
Руслан Курбанов семсерлесуден Германиядағы әлем кубогінің жеңімпазы атанды
Спорт • Бүгін, 00:13
Қысқы Олимпиада-2026: Жарыс кестесі жарияланды
Спорт • Кеше
Алматыда жасырылған есірткі зертханасы әшкереленді
Есірткі • Кеше
Мықты теңге экономиканы неге қолдамайды?
Экономика • Кеше
Қазақстанның спорт қауымдастығы жаңа Конституцияны қолдауда біртұтас ұстанымын білдірді
Ата заң • Кеше
Мемлекет басшысы Пәкістанның Президенті мен Премьер-министріне көңіл айту жеделхатын жолдады
Президент • Кеше
Кәсіподақтар федерациясы Жаңа Конституция жобасын қолдау үшін қазақстандықтарға үндеу жасады
Қоғам • Кеше
Пәкістан астанасындағы мешітте жарылыс болып, 31 адам қаза тапты
Оқиға • Кеше
Атырау облысында бұзақылық дерегімен 121 адамға сот үкімі шықты
Аймақтар • Кеше
Түркістанда Димаш Құдайбергеннің продюсерлік «Voice Beyond Horizon» жобасы басталды
Өнер • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:39
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Ақпан 2026 08:40 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















