Қазақстан агросекторы 2019 2026 жылдары қалай өзгерді?
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемін екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында Үкімет қаржыландыру және мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіруге, өндірісті жаңғыртуға, сондай-ақ заманауи агротехнологияларды енгізуге бағытталған кешенді шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді.
Өндіріс көлемі артып, өнімді қайта өңдеу саласы дамып жатыр
Осы аралықта ең жоғары өсім – өсімдік шаруашылығында байқалған. Онда өнімінің көлемі 2,8 трлн теңгеден 5,9 трлн теңгеге дейін жеткен. Ал мал шаруашылығындағы өнім көлемі 2,3 трлн теңгеден 3,8 трлн теңгеге өсті. Отандық шикізатты өңдеу де кеңейіп келеді. Азық-түлік өндірісі 1,7 трлн теңгеден 4 трлн теңгеге дейін ұлғайса, сусындар өндірісі 398 млрд теңгеден 1 трлн теңгеге жетті. Бұл ауыл шаруашылығы өнімін бастапқы күйінде сатумен шектелмей, одан дайын өнім шығарудың маңызы артып келе жатқанын көрсетеді.
Қазақстандық өнімнің сыртқы нарықтағы саудасы да кеңейді. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2,1 есе өсіп, 2019 жылғы 3,3 млрд АҚШ долларынан 2026 жылы 7 млрд АҚШ долларға жетті. Экспорт көлемін одан әрі ұлғайту үшін өнім сапасын арттыру, өңдеу кәсіпорындарын дамыту және жаңа нарыққа шығу маңызды.
Инвестиция мен еңбек өнімділігі – агросектор дамуының негізі
Оның үстіне, ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі жеті жылда 495 млрд теңгеден 1,2 трлн теңгеге дейін артты. Сонымен бірге осы кезеңде еңбек өнімділігі 2,5 есе өскен. Мәселен, бір жұмыскерге шаққанда 6,2 млн теңгеге жетті. Сала қызметкерлерінің орташа айлық жалақысы да көтерілді. Нақтысын айтсақ, 115,4 мың теңгеден 320,8 мың теңгеге дейін ұлғайды.
Ендігі мәселе – инвестицияны көбейтумен қатар, оның қайтарымын арттыру. Ол үшін шаруашылықтарды заманауи техникамен жабдықтау, өндіріс үдерістерін жетілдіру және жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану қажет.
Мал басының өсуі – мал шаруашылығының жетістігі
2019–2026 жылдар аралығында ірі қара саны 10,8%-ға өсіп, 8,2 млн басқа жетті. Қой мен ешкі саны 20,7 млн басқа, ал құс саны 49,1 млн басқа дейін өсті. Осы кезеңдегі ең жоғары өсім, әсіресе, жылқы шаруашылығында байқалған. Мысалы, жылқы саны 2,9 миллионнан 4,6 млн басқа дейін көбейіп, 58,6%-ға артты. Деректерге сүйенсек, Қазақстан жылқы саны бойынша әлемдегі алғашқы бес елдің қатарына кіреді.
Мәселен, 2026 жылғы 1 қазандағы дерек бойынша, елімізде 8,8 млн бас ірі қара, 22,6 миллион бас қой мен ешкі, 49,2 млн құс, 4,8 млн жылқы және 311,6 мың түйе бар. Ал 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларында 1,4 млн тонна ет, 3 млн тонна сүт өндіріліп, 3,7 млрд дана жұмыртқа алынды. Ендігі кезекте малдың өнімділігін арттыру, асылтұқымды мал шаруашылығын дамыту және жемшөп қорын нығайту қажет. Сондықтан осы саладағы өнім көлемін ұлғайту, оның сапасын жақсарту және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін экономикалық тиімділігін арттыру басты бағыттың бірі бола бермек.
Қазақстанның ауыл шаруашылығы өсім қарқынын сақтап отыр
Ауыл шаруашылығы саласындағы өсім биыл да үзілмеді. 2026 жылғы қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 5,8%-ға артып, 7,3 трлн теңгеге жетті. Ал мал шаруашылығы өнімінің көлемі 3,5%-ға өсіп, 3,2 трлн теңгеге өсті. Өсімдік шаруашылығы өнімінің нақты көлем индексі 107,6%-ды көрсетті.
Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің нақты көлем индексі 105,9%-ға, өсімдік шаруашылығының көрсеткіші – 107,5%, ал мал шаруашылығы 103,2% жеткен. Осы жеткен жетістіктің қай-қайсысы болсын елдегі агросекторының одан әрі дамуына негіз болады. Сондықтан өндіріс көлемін тұрақты түрде артуы үшін саланың құрылымдық шектеуін жойып, шаруашылықтың тиімділігін көтеріп, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажет.
Мал шаруашылығы еліміздің агроөнеркәсіптік кешеніндегі негізгі салалардың бірі болып қала береді. Есепті кезеңде елімізде барлық ет түрлерін өндіру көлемі 846,5 мың тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,7%-ға жоғары. Сиыр еті өндірісі 301,6 мың тоннаны құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 282,3 мың тонна болған. Қой еті өндірісі 88,6 мың тоннадан 91,2 мың тоннаға, жылқы еті 115,3 мың тоннадан 119,9 мың тоннаға дейін өсті. Құс еті өндірісі де қарқынды дамып, былтыр 276,1 мың тонна болса, қазір 277 мың тоннаға жетті.
Ендігі кезең – технологиялық жаңғырту және тиімділікті арттыру
Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі басымдықтарының бірі – мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру. Қаржылық құралдар мен субсидиялау жүйесі еңбек өнімділігінің өсуіне, заманауи технологиялардың енгізілуіне және бәсекеге қабілетті өнім өндірісінің артуына ықпал етуі тиіс. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары құрылды. Осыны орындау мақсатында Үкімет тарапынан бірқатар бағыт бойынша саланы қаржылық қолдау шараларының кешені ұсынылған.
Атап айтсақ, асылтұқымды мал сатып алу: Фермерлерге асылтұқымды мал басын көбейту және оның генетикалық әлеуетін күшейту үшін жылдық 6%-бен несие беріледі.
• Шалғай және жайылымдық мал шаруашылығы («Жайлау» бағдарламасы): Жаңа фермалар құру, шалғайдағы жайылымдарды суландыру және инфрақұрылымды дамыту үшін жылдық 6%-дық жеңілдетілген кредит қарастырылған (бөлінген бюджет — 50 млрд теңге).
• Мал азығын дайындау және техника: Жемшөп дайындайтын заманауи техникаларды сатып алу үшін жылдық 5%-бен қаржыландыру бөлінді (бөлінген бюджет — 50 млрд теңге).
• Айналым қаражатын толықтыру: Жемшөп, жанар-жағармай (ЖЖМ) және ветеринариялық препараттар сатып алуға жылдық 5%-дық несиелер беріледі (бөлінген бюджет — 225 млрд теңге). Несие кепілдігі «Даму» қоры арқылы қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар елдегі өнімділігі жоғары мал басын импорттау Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында қолға алынуда. Жоспардың негізгі мақсаты – отандық асылтұқымды мал шаруашылығының әлеуетін нығайту, табынның генетикалық сапасын жақсарту, төл өсіру ісін дамыту және бәсекеге қабілетті мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту.
Осылайша, асылтұқымды мал импорттау мал басын уақытша көбейтудің ғана емес, мал шаруашылығын ұзақмерзімді дамытудың маңызды тетігі ретінде қарастырылып отыр. Озық генетиканы енгізу, ветеринариялық инфрақұрылымды жаңғырту, селекциялық жұмысты жетілдіру және отандық мал өсіру жүйесін дамыту жол ашады. Осы тараптан агроөнеркәсіптік кешенді жаңғыртуда аграрлық ғылымның рөлі зор. Ғылыми ұйымдар мен өндіріс орындарының өзара байланысын нығайту, селекция мен тұқым шаруашылығын дамыту, асылтұқымды мал өсіру жұмыстарын жетілдіру және ғылыми әзірлемелерді өндіріске жедел енгізу саланың тиімділігін арттыруға қосымша мүмкіндік береді.
Әсіресе, суды үнемдейтін технологияларды қолдану, цифрландыру және өндірістік үдерістерді автоматтандырудың маңызы ерекше. Осылайша, Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін одан әрі дамыту тек өндіріс көлемін ұлғайтумен шектелмейді. Саланың болашағы еңбек өнімділігін арттыру, технологиялық жаңару, өнімді терең өңдеу және ресурстарды тиімді пайдалану назарға алынған. Осы бағыттағы жұмыстар ауыл шаруашылығының тұрақты әрі бәсекеге қабілетті моделін қалыптастыруға жол ашып қана қоймай, ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге, экспорт көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:68
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 20 Қазан 2026 17:03 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















