Қазақстанда ара шаруашылығын қалай дамытуға болады
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Заманауи технологияларды қолдану экспортқа жол ашады
Ветеринария ғылымдарының магистрі, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті ветеринария және агротехнология институтының аға оқытушысы Берік Сатыбаевтың мәлім еткеніндей, Қазақстанда ара шаруашылығын дамытудың негізгі бағыттарына өндірістің тиімділігін арттыру, өнім сапасын жақсарту және саланы кешенді түрде дамыту жатады.
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке архивінен
Ең алдымен ара отбасыларының санын көбейтіп қана қоймай, олардың өнімділігін арттыру маңызды. Бұл үшін жоғары өнімді тұқымдарды пайдалану, селекциялық жұмыстар жүргізу және заманауи омарта технологияларын енгізу қажет.
Берік Ғариполлаұлының сөзіне қарағанда, ара өнімдерінің сапасы мен түрлерін көбейту маңызды бағыттардың бірі болып есептеледі. Қазіргі таңда тек бал емес, сонымен қатар балауыз, прополис, перга, ара сүті сияқты өнімдерге сұраныс артып келеді. Сондықтан өнімді әртараптандыру арқылы нарық мүмкіндіктерін кеңейтуге болады.
Ара шаруашылығында кездесетін аурулардың алдын алу ерекше назар аударуды талап етеді. Варроатоз, акарапидоз сияқты аурулар ара отбасыларының әлсіреуіне әкелетіндіктен, ветеринариялық-санитариялық шараларды күшейтіп, экологиялық қауіпсіз емдеу әдістерін қолдану қажет.
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке архивінен
— Бұдан бөлек, органикалық ара шаруашылығын дамыту — болашағы зор бағыттардың бірі. Табиғи әрі экологиялық таза өнімдерге сұраныстың артуы бұл саланың экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, ғылыми зерттеулерді дамыту, инновациялық технологияларды енгізу, білікті мамандар даярлау және мемлекеттік қолдау шараларын күшейту арқылы Қазақстанда ара шаруашылығын тиімді әрі тұрақты дамытуға болады, — деп есептейді Б.Сатыбаев.
Оның пайымдауынша, бал өндірісін дамытудың ғылыми жолдары ең алдымен ара шаруашылығын ғылыми негізде ұйымдастырумен байланысты. Бұл бағытта селекциялық жұмыстардың маңызы зор, яғни жергілікті табиғи-климаттық жағдайларға бейімделген, өнімділігі жоғары ара тұқымдарын іріктеу және көбейту қажет.
Сондай-ақ араларды күтіп-бағу технологияларын жетілдіру маңызды. Ғылыми тұрғыда негізделген азықтандыру, маусымдық күтім, омарта орналастыру сияқты шаралар бал өнімділігін арттыруға септеседі. Әсіресе, бал жинау кезеңін тиімді пайдалану үшін балды өсімдіктер қорын (медонос базасын) зерттеу және дұрыс жоспарлау қажет.
Бал өндірісінде аурулардың алдын алу және олармен күресу де ғылыми тәсілдерді талап етеді. Варроатоз, акарапидоз сияқты ауруларға қарсы биологиялық және экологиялық қауіпсіз препараттарды қолдану, сондай-ақ дер кезінде диагностика жүргізу — өнім сапасы мен көлемін арттырудың маңызды шарты.
Заманауи технологияларды енгізу үлкен рөл атқарады. Мысалы, омарталарды цифрландыру, ара отбасыларының жағдайын бақылау жүйелерін қолдану, балды өңдеу мен сақтаудың жаңа әдістерін пайдалану өндірістің тиімділігін арттырады.
Оған қоса балдың сапасын ғылыми тұрғыда бақылау, оның құрамын зерттеу және стандарттау мәселелері де маңызды. Бұл ішкі және сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік береді.
Жалпы, бал өндірісін дамыту селекция, технология, ветеринария, экология және инновация бағыттарын біріктіретін кешенді ғылыми тәсілдерге негізделуі тиіс.
Ғалымның ойынша, жаңа технологияларды қолдану бал өнімінің сапасын арттыруда және оны экспортқа шығаруда маңызды рөл атқарады. Ең алдымен омарталарда цифрлық бақылау жүйелерін енгізу арқылы ара отбасыларының жағдайын (температура, ылғалдылық, белсенділік) тұрақты қадағалауға болады. Бұл аралардың күйін дер кезінде бақылап, өнімділікті арттыруға ықпал етеді.
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке мұрағатынан
Сол секілді балды алу, өңдеу және сақтау кезеңдерінде заманауи жабдықтарды пайдалану өнім сапасын сақтауға көмектеседі. Гигиеналық талаптарға сай автоматтандырылған бал сығу, сүзу және қаптау технологиялары өнімнің тазалығын қамтамасыз етіп, оның табиғи қасиеттерін бұзбай сақтайды.
Өнім сапасын арттыруда зертханалық бақылаудың мәні зор. Балдың құрамын (ылғалдылық, қант мөлшері, қоспалар) тұрақты тексеріп отыру арқылы халықаралық стандарттарға сәйкес өнім өндіруге болады. Бұл экспортқа шығу үшін негізгі талаптардың бірі болып табылады.
Өнімді дұрыс қаптау және таңбалауға назар аудармай болмайды. Заманауи қаптама материалдарын қолдану, өнім туралы толық ақпарат беру (шығу тегі, құрамы, сертификаттары) тұтынушылар сенімін арттырады және шетел нарығында бәсекеге қабілеттілікті күшейтеді.
Органикалық және экологиялық таза өнім өндіру технологияларын енгізу экспорттық әлеуетті арттырады. Халықаралық сертификаттар алу арқылы Қазақстан балының шетелдік нарықтарға шығуына жол ашылады.
Аралардың ауруын болдырмау үшін не істеу керек?
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке мұрағатынан
Ғалымның пікірінше, аралардың ауруын болдырмау үшін ең алдымен омарталарда ветеринариялық-санитариялық талаптарды қатаң сақтау қажет. Ұялардың тазалығын қамтамасыз ету, құрал-жабдықтарды жүйелі түрде дезинфекциялау және араларға қолайлы жағдай жасау аурулардың алдын алудың негізгі шаралары болып табылады.
Тағы бір жайт, ара отбасыларын дұрыс күтіп-бағу маңызды. Уақтылы және жеткілікті азықпен қамтамасыз ету, әлсіз отбасыларды күшейту, маусымдық күтімді дұрыс жүргізу аралардың иммунитетін арттырады. Күшті ара отбасы ауруларға төзімді келеді.
Аурулардың алдын алуда тұрақты бақылау мен диагностика үлкен рөл атқарады. Араларды жүйелі түрде тексеріп, варроатоз, акарапидоз сияқты аурулардың алғашқы белгілерін ерте анықтау қажет. Ерте анықталған жағдайда оларды тиімді емдеуге болады.
Профилактикалық шаралар ретінде экологиялық қауіпсіз препараттарды қолдану ұсынылады. Химиялық заттарды шамадан тыс пайдаланбау керек, себебі бұл бал сапасына кері әсер етуі мүмкін.
Сондай-ақ омарталарды дұрыс орналастыру маңызды. Араларды таза, экологиялық жағынан қолайлы аймақтарға қою, ауру таралған омарталармен байланысын шектеу инфекциялардың таралу қаупін азайтады.
Ара ауруларының алдын алу кешенді түрде жүргізілуі тиіс: дұрыс күтім, санитариялық тәртіп, тұрақты бақылау және қауіпсіз емдеу әдістерін қолдану арқылы ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Қазақстан өңірлеріндегі айырмашылықтар қандай?
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке мұрағатынан
Берік Сатыбаев Қазақстанда ара шаруашылығы табиғи-климаттық жағдайларға байланысты өңірлер бойынша айтарлықтай ерекшеленетініне екпін түсірді.
— Елдің оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында (Алматы, Жамбыл облыстары) балды өсімдіктердің түрлік құрамы бай, маусым ұзақ болғандықтан, бал өнімділігі жоғары келеді. Шығыс Қазақстанда да тау-орман белдеулеріне байланысты ара шаруашылығы жақсы дамыған, табиғи бал сапасы жоғары болып есептеледі. Ал солтүстік және орталық өңірлерде климаттың қатаңдығы мен қыс мезгілінің ұзақтығы араларды қыстатуға қосымша дайындықты талап етеді. Бұл аймақтарда бал жинау маусымы қысқа болғанымен, кейбір ауыл шаруашылығы дақылдары (күнбағыс, рапс) жақсы бал береді, — дейді ол.
Батыс Қазақстан облысына келетін болсақ, бұл өңірдің өзіндік ерекшеліктері бар. Климаттың құрғақ әрі континенттік, яғни жазда ыстық, қыста суық болуы ара шаруашылығына белгілі бір қиындықтар туғызады. Балды өсімдіктер қоры кейбір жерлерде шектеулі болғандықтан, араларды тиімді орналастыру және көшпелі омарта (кочевка) әдісін қолдану маңызды.
Батыс Қазақстанда күнбағыс, жоңышқа сияқты дақылдар негізгі бал көзі болып табылады. Алайда кей жылдары құрғақшылық әсерінен нектар бөлінуі төмендеп, өнім көлемі азаюы мүмкін.
Өңірде ара аурулары, соның ішінде варроатоз және акарапидоз сияқты мәселелер де кездеседі. Сондықтан ветеринариялық бақылауды күшейту, профилактикалық шараларды жүйелі жүргізу қажет.
Батыс Қазақстан облысында ара шаруашылығын дамыту үшін табиғи жағдайларға бейімделген технологияларды қолдану, жемшөп базасын (медонос өсімдіктерді) кеңейту және көшпелі омарта әдістерін тиімді пайдалану маңызды болып есептеледі.
Қыстан аман шыққан аралар егіншілікке де тиімді әсер етеді
Фото: Берік Сатыбаевтың жеке мұрағатынан
Б.Сатыбаев аралардың қыстан сәтті шығуы олардың биологиялық ерекшеліктеріне және омартадағы дұрыс ұйымдастырылған жағдайларға байланысты екендігін тілге тиек етті. Қыс мезгілінде аралар белсенді ұшпайды, ұя ішінде тығыз «клуб» құрып, бір-біріне жылу беріп тіршілік етеді. Осы кезде олар жазда жинаған бал қорымен қоректеніп, энергия алады.
Қыстап шығу үшін ең басты шарт — омартада жеткілікті әрі сапалы азық қорының болуы. Бал жетіспесе немесе сапасыз болса, аралар әлсіреп, қырылып қалуы мүмкін. Сондықтан күзде әр ара отбасына жеткілікті мөлшерде бал қалдыру өте маңызды.
Оған қоса ұядағы температура мен ылғалдылықты сақтау қажет. Аралар өздері жылу шығара алғанымен, омарта дұрыс оқшауланбаған жағдайда суықтан немесе ылғалдың артуынан зиян шегеді. Әсіресе, артық ылғал қауіпті, өйткені ол аурулардың дамуына әкелуі мүмкін.
Күшті, сау отбасы қысты жеңіл өткізеді, ал әлсіз аралар көбіне шығынға ұшырайды. Сондықтан қысқа дейін әлсіз отбасыларды біріктіру ұсынылады.
Тағы бір маңызды фактор — аурулардың болмауы. Егер аралар варроатоз немесе басқа аурулармен зақымданған болса, олардың қыстан аман шығуы қиындайды. Сол себепті күзде міндетті түрде профилактикалық өңдеу жүргізіледі.
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі
Аралардың қыстан аман шығуы — дұрыс азық қоры, қолайлы микроклимат, күшті ара отбасы және аурулардың алдын алу шараларының дұрыс ұйымдастырылуына тікелей байланысты.
— Аралардың егін шаруашылығының өнімділігіне тікелей әсер ететінін айтпай кетуге болмас, себебі олар өсімдіктерді тозаңдандыру процесінде негізгі рөл атқарады. Мысалы, күнбағыс, бау-бақша дақылдары, алма, шабдалы сияқты жеміс-жидек ағаштары және көкөніс дақылдары аралардың тозаңдандыруы арқылы өнім көлемін және сапасын арттырады, — дейді Б.Сатыбаев.
Араларсыз көптеген дақылдардың жемісі аз, сапасы төмен болуы мүмкін. Ғылыми зерттеулер көрсеткендей, тозаңдандыруға араны қосқанда кей дақылдардың өнімділігі 30-80 пайызға көбейеді. Бұл тек сандық көрсеткіш қана емес, өнімнің дәмі, түсі және сақтау мерзіміне әсер етеді.
Аралардың белсенділігі жергілікті экожүйеге үшін тиімді. Олар тек бал жинамайды, сонымен бірге ауыл шаруашылығы дақылдарының тұрақты және сапалы өнім беруіне мүмкіндік жасайды. Сондықтан ара шаруашылығын дамыту тек бал өндірісі үшін ғана емес, жалпы ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін де маңызды.
Қорыта айтқанда, аралардың тозаңдандыру қызметі — егін шаруашылығының өнімділігін арттырудағы негізгі факторлардың бірі және бұл бағытта ғылыми негізделген әдістерді қолдану үлкен нәтиже береді.
Омарталарды ірілендіру және бал сапасы
Тағы бір маңызды мәселе, ұсақ омарталардың көп пайда түсірмейтіні белгілі. Өйткені экономикалық тиімділігі төмен болады, сондықтан оларды ірілендіру — өнімділікті арттырудың маңызды жолдарының бірі. Ірі омарталарда ара отбасылары саны көп, сондықтан бал жинау көлемі ұлғаяды. Оған қоса ірі отбасылар ауруларға төзімді келеді және қыста аман қалу мүмкіндігі жоғары. Алайда омарталарды ірілендіру тек ара санын көбейту емес, оны дұрыс басқару мен күтіммен үйлесуі керек. Мысалы, отбасыларды біріктіру, қосымша балауыз және азықпен қамтамасыз ету арқылы ғана өнімділікті тұрақты арттыруға болады.
Ірі омарталарда жаңа технологияларды қолдану тиімдірек: балды алу, сүзу және сақтау процестері автоматтандырылған жабдықтармен оңай жүргізіледі. Бұл да еңбек шығынын азайтып, өнім сапасын сақтауға мүмкіндік береді.
Ұсақ омарталарды ірілендіру арқылы ара шаруашылығының өнімділігін арттыруға болады, бірақ бұл кешенді күтім, дұрыс азықтандыру және заманауи технологияларды қолданумен ғана нәтижелі болады.
— Ал балдың сапасын анықтау үшін бірнеше негізгі критерийді ескеру қажет. Ең алдымен физикалық қасиеттері қаралады. Балдың түсі оның түріне байланысты өзгеріп тұрады, мысалы, гүлді бал ашық сарыдан қою қоңырға дейін болуы мүмкін, ал түс табиғи, қоспасыз болуы керек. Консистенциясы біркелкі, тығыз, қант кристалдарымен дұрыс қаныққан болуы тиіс. Су мөлшері көп балдың тез қышқылданатыны мәлім. Сондай-ақ балдың дәмі мен иісі табиғи, жағымды хош иісті, қышқыл немесе бөгде иіссіз болуы қажет, — дейді маман.
Химиялық құрам сапаны анықтауда маңызды рөл атқарады. Сапалы балда судың мөлшері 18 пайыздан аспауы тиіс. Балдағы қант компоненттері — глюкоза мен фруктоза табиғи болуы қажет. Ал сироп немесе басқа тәттілендіргіш қоспалардың болуы өнім сапасын төмендетеді.
Микробиологиялық көрсеткіштер ескеріледі. Балда бактериялар мен саңырауқұлақтардың шамадан тыс мөлшері болмауы керек, себебі бұл балдың сақтау мерзімі мен қауіпсіздігіне әсер етеді.
— Балды халықаралық стандарттар бойынша зертханалық тексеруден өткізу арқылы сапасын растауға болады. Мұнда ылғалдылық, қант мөлшері, антибиотиктердің жоқтығы тексеріледі. Органолептикалық әдіс те қолданылады: тәжірибелі сарапшылар балдың түсін, дәмін, иісін және құрылымын бағалайды. Осылайша, балдың сапасын анықтау кешенді түрде жүргізіледі. Физикалық, химиялық, микробиологиялық және органолептикалық көрсеткіштерді бірге бағалау арқылы өнімнің сапасы мен қауіпсіздігіне көз жеткізуге болады, — деп түйіндеді сөзін Б.Сатыбаев.
Омарташыларды оқыту керек
Фото: Сергей Кривобоковтың жеке архивінен
Тәжірибелі омарташы, Орал қаласындағы кооператив басшысы Сергей Кривобоков Қазақстанда аралардың өліп жатқанын жеткізді. Оның мәлімдеуінше, Қазақстан омарташылары ұлттық одағы өткен жылдың желтоқсанында сауалнама жүргізген кезде аралардың 50-ден 100 пайызға дейіні қыстаққа дейін қырылып қалған.
Фото: Сергей Кривобоковтың жеке архивінен
— Әлемде ара экожүйенің индиктаторы болып есептеледі. Қазақстанда керісінше шығынға ұшырауда. Мұның себебі пестицидтермен, гербицидтермен улауда жатыр. Көктемде шыбын-шіркейге жауапсыз жаппай улау жұмыстарын жүргізу де зиян. Бұл проблеманы жыл сайын айтып келеміз. Препараттар жоқ, араны дұрыс қыстатып шығару бағытында омарташылар оқытылмайды. Аралардың неден өліп жатқаны зерттелмейді. Омарталар рентабельділігін жоғалтуда. Егер біз аралардан айырылсақ, онда мал шаруашылығын қалай дамытпақшымыз. Өйткені аралардың азықтық дақылдарды тозаңдандырып, өнімді молайтуға септігін тигізетіні белгілі. Сондықтан Қазақстанда ара шаруашылығын сақтаудың бағдарламасын жасау керек, — деді С. Кривобоков.
Фото: Сергей Кривобоковтың жеке архивінен
«Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының бірінші вице-президенті Ғабит Нұрәділ ара шаруашылығы үшін 2025 жылдың ең қолайсыз кезең болғанын жасырған жоқ. Біріншіден, оңтүстікте сегіз ай бойы жаңбыр жаумады, ылғал болмады. Гүлдің нәр беруі күннің шығуы мен жаңбырдың тепе-теңдігіне байланысты. Екіншіден, әр омарташы омартаны бал алу үшін пайдаланады. Селекциялық жұмыстар жүргізіп, асыл тұқымды аралар шығарып, оны ерте көктемде тауар ретінде омарташыларға ұсынбайды.
Фото: Ғабит Нұрәділдің жеке архивінен
— Биыл өте қиын жыл болғалы тұр. Өйткені аралардың 80 пайызы өліп қалды. Бұл Өзбекстаннан әкелінетін аралардың ауруға ұшырауына байланысты. Екіншіден, профилактикалық өңдеу жұмыстары жүргізілмейді. Қазіргі кезде аралардың 95 пайызы Өзбекстан, Қырғызстаннан әкелінеді. Бұл нонсенс деуге болады. Себебі ерте кезде араларды Өзбекстан Қазақстаннан алып, өздерінде дамытқан еді. Біздің елде ара шаруашылығын дамытуға, селекциялық жұмыстар жүргізуге субсидия бөлінеді, бірақ ол көздеген мақсатына жетіп жатқан жоқ. Бүкіл құрал-саймандар, киімдер, нектар беретін өсімдіктер, бал шайқайтын қондырғылар — бәрі Ресей, Қытай, Беларусьтан әкелінеді, — дейді Ғ.Нұрәділ.
Фото: Ғабит Нұрәділдің жеке архивінен
Оның нақтылауынша, ара туралы сөз болғанда, көбінесе бал жөнінде айтылады. Шын мәнісінде ара шаруашылығында балдан кейін балауыз өндіріледі. Балауыз металлургия, радиотехника, автомобиль, химия өндірісінде пайдаланылады. Ал араның прополисі, уы медицина, ветеринария, косметикада пайдаға асады.
— Ендеше, ара шаруашылығын дамытамыз десек, ең алдымен омарташыларды оқыту керек. Араны асылдандыру және басқа жұмыстарды жолға қойсақ, біз Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін араларға тәуелділіктен арыламыз. Қазіргі таңда омарташылардың қауымдастығы көп, республикалық палаталар бар. Олардың бәрі де Үкіметтен көмек алғысы келеді. Берілген қаржы игеріліп жатыр, алайда нәтиже жоқ. Мұны қадағалап жатқан орган да жоқ. Өнімді шет елге шығару жайына келсек, бұл бағытта ілгерілеушілік бар. 2025 жылы 1,5 мың тонна бал экспортқа кетті. Мұның көпшілігі Өзбекстанның үлесіне тиеді, өйткені оларда бал өте қымбат. Сондай-ақ Сауд Арабиясы, Біріккен Араб әмірліктері, Оман, Ресей, Қырғызстан алып жатыр. Ендеше, ара шаруашылығын дамытуға күш салу қажеттігі күмән тудырмайды, — деді «Бал-Ара» Қазақстан омарташылары ұлттық одағының бірінші вице-президенті.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстанда ара шаруашылығы қарқынды дамып, балды шетелге шығару 2,5 есеге өскенін жазған болатынбыз.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:72
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 13 Сәуір 2026 08:24 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















