Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Атырауда қызылша ауруларына қарсы күреске 106 млн теңге бөлінген

Ресейде Қазақстандағы банк тонау ісі бойынша адамдар қамауға алынды

Тоқаевтың сынынан кейін Самұрық Қазына 650 қызметкерін жұмыстан шығарады

Шымкентте мұғалім 7 жасар оқушы қызға азғындық жасады полиция жауабы

Маска таққан жігіт 30 отбасыға қуаныш сыйлады (видео)

Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаудан Эстониядағы әлем чемпионатында өнер көрсетеді

Солтүстік Қазақстан тұрғыны алаяққа 18,5 млн теңге берген

Ирактағы топ АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал ұзақ соғысқа дайындалуға шақырды

Малтон неге мәдениет үйінен қуылды?

Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктінің ұсталған видеосы жарияланды

Түркістанда науқасты ұзақ уақыт мазалап келген қуықтағы 80 тас сәтті алынды

Рамазан айында жылдам әрі көп тамақтану асқазанға ауыр түседі

Қызылордалықтар референдумда қалай дауыс береді

Жаңа Конституция ережелерін талқылады

Жастар қалаға ағылып, ауылдарда кадр тапшылығы күшейді

Бүгін Еуропа лигасы 1/8 финалына кімдер шығады

Конституция жобасының негізгі ережелерінен хабардар етті

Дәмханадағы жарылыс: қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден беріледі

1 сәуірден бастап Атырауда жылу тарифі өседі

Пойызға кешігіп қалсаңыз да, билет ақшасын қайтаруға болады не істеу керек

Қытай Ертісі: су қоры, гидрожобалар және экожүйе

Қытай Ертісі: су қоры, гидрожобалар және экожүйе

Inform.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..

Ертістің басы ен тоғай 

Тарихи әдебиеттерде Қараертіс деп аталатын Ертістің жоғарғы ағысы – Қытайдағы Солтүстік Мұзды мұхит алабына тән жалғыз өзен. Өзеннің қайнар көзі Алтай тауларының оңтүстік-шығыс қапталында, Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесінің Көктоғай ауданының аумағында жатыр.

Ертістің негізгі бастаулары – Қуертіс пен Қайырты өзендері. Асқар Алтайдың терең қойнауындағы Шегіртай асуы, Тұйықтың дарасы, Ойтастың дарасы және Жалғызағаш алқаптарынан бастау алатын Қуертіс пен Астауша жайлауындағы бұлақ суынан басталатын Қайырты Иірім көліне (Көктоғай су қоймасы) екі бүйірден келіп құяды. Көлден шыққан су терең шатқал арқылы қарт Алтайдың күнгей етегіндегі адырлы алқапқа ентелей құлап, кілт бұрылады да, күн батысқа қарай көсіле ағады. Өзен арнасы Қазақстан шекарасына енгенше Қытайдың Көктоғай, Бурылтоғай, Алтай, Буыршын және Қаба аудандарының жерінен өтеді.

Қытайда Ертістің ұлы арнасына оң қапталдан Қара Ертіс (ұзындығы 192 шақырым; жергілікті қазақтар өзеннің Қуертіс пен Қараертістің құйғанынан кейінгі ағысын Ертіс деп атайды), Қыран (200 шақырым), Буыршын (296 шақырым), Қаба (203 шақырым), Білезік (155 шақырым), Алқабек (95 шақырым) сияқты ірі салалар құяды.

Өзеннің Қытай аумағындағы ұзындығы - 633 шақырым, алабының жалпы ауданы - 53,7 мың шаршы шақырым. Су қоры бойынша Ертіс Шыңжаң өлкесінде Іледен кейін екінші орында тұрады, жылдық беттік ағыны - 11,1 млрд текше метр. Қытай Инженерлік ғылымдар академиясының академигі, Шыңжаң Ертіс бассейнін игеру және дамыту басқармасының басшысы Дэн Минцзян профессордың есебінше, оның шамамен 75 пайызы Қытай аумағынан тыс жерге ағып кетеді.

Өзеннің қазақ-қытай шекарасына жақын бөлігінде су арнасының ені бір шақырымға дейін кеңейіп, кеме қатынасына мүмкіндік туады.

Фото: Ертіс басы. The Paper

Қытайдағы Ертіс алабы биологиялық және экологиялық әртүрлілігімен көзге түседі. Қытай үшін Ертіс алабы – орманды алқабы Сібір тайгасымен тұтасып жатқан және палеарктикалық Еуропа–Сібір биогеографиялық өңіріне тән бірден-бір аймақ. Аймақта сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген жануарлар мен өсімдіктердің көптеген түрі мекендейді. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры Ертіс алабын «Global 200» – биоәртүрлілікті сақтау бойынша басымдық берілетін әлемдік 200 экоөлкенің тізіміне енгізген. Алапта табиғатты қорғау жүйесі салыстырмалы түрде жақсы қалыптасқан: Қанас және Көксу Ұлттық табиғи қорықтары мен Көктоғай Ұлттық геопаркінен бөлек, провинциялық деңгейдегі 5 табиғи қорық жұмыс істейді. Алапта балықтың 37 түрі тіркелген, олардың 23-і - жергілікті түрлер, үшеуі - ШҰАР аумағында ерекше қорғалатын I санаттағы балық, қалғаны - кейінірек жерсіндірілген кірме түрлер.

Ашық дереккөзге жүгінсек, тек өзен аңғарындағы тоғайлы және шабындық алқаптың ауданы 157 мың гектарға жуық. Ертіс алабы «Қытайдың жабайы терек бойынша генетикалық қоры» деп дәріптеледі және Солтүстік-батыс Қытай қорғаныш орман белдеуінің маңызды құрамдас бөлігі саналады. Ертіс басындағы ен тоғай су қорын сақтау, топырақ эрозиясын болдырмау, аймақтық климатты реттеу, егін және мал шаруашылығын қорғау жөнінен маңызды рөл атқарады.

Табиғи жауын-шашын сулы-батпақты алқаптардағы өсімдік жамылғысының суға қажеттілігін толық өтей алмайтындықтан, өзен жайылмасы мен тасқын су және ағын инфильтрациясы арқылы қалыптасқан жерасты ағыстары алаптағы экожүйенің тұрақтылығы үшін шешуші мәнге ие. Алайда XX ғасырдың 50-ші жылдарынан кейін орманның жаппай оталуы, егіс алқабының кеңеюі, мал басының өсуі, балықтың шектен тыс аулануы, су және жер ресурстарының жоспарсыз пайдаланылуы, сондай-ақ су шаруашылығы және гидроэнергетикалық нысандарың салынуы салдарынан алаптағы экожүйенің саулығына ауыр қатер төнді – тоғайлы алқаптардың аумағы тарылып, шабындық өсімдіктер деградацияға ұшырады; жергілікті балық қоры күрт азайып, алаптың биоәртүрлілігі дағдарысқа ұшырады. Дэн Минцзянның айтуынша, өзен аңғарындағы орман-тоғайды сақтап қалу, Үліңгір көлінің тартылуына жол бермеу және балықтардың уылдырық шашуына ыңғайлы жағдай жасау бүгінде Ертіс экологиясын қорғаудың негізгі міндеттеріне айналған.

Мұздықтар шегініп барады

Ертістің су қоры Алтайдағы мұздықтар мен қасат қардың еруінен құралады. «Қытайдың мұздықтар тізімінде (II)» алаптағы мұздықтың саны 285-тен аз емес, жалпы ауданы шамамен 187,65 шаршы шақырым, мұз қоры 10,86 текше шақырым деп көрсетілген. Сүрі қар Ертіс үшін айрықша маңызға ие екені де белгілі, өзеннің жылдық ағынының шамамен 29,3 пайызы - қар суы, әсіресе көктем мезгілінде бұл көрсеткіш маусымдық ағынның 72 пайызына дейін жетеді.

Алайда соңғы мәліметтер адамды алаңдатады. Ертіс алабында үшінші мәрте ұйымдастырылған кешенді ғылыми экспедицияның деректері көрсеткендей, өткен отыз шақты жылда Ертіс алабындағы мұздықтардың көлемі үздіксіз кішірейіп келеді. Мұздықтың ауданы 1990 жылғы 210,85 шаршы шақырымнан 2021 жылы 174,79 шаршы шақырымға дейін, демек 17,1 пайызға азайған. Зерттеулерге сәйкес, 2009 жылға дейін алапта мұздықтардың шегінуі үдей түскенмен, 2009–2021 жылдар аралығында бұл үдеріс шамалы баяулап, салыстырмалы түрде тұрақтанған.

Мамандардың айтуынша, теңіз деңгейінен 2800–3000 метр биіктіктегі мұздықтардың шегінуі көзге анық байқалады, әсіресе тау жотасының күнгей беткейінде бұл көрсеткіш әлдеқайда жоғары, ал батыс қапталындағы өзгерістер айтарлықтай баяу. ХХ ғасырдың 60–80 жылдарымен салыстырғанда, кейінгі кезеңде аймақта ауа температурасының көтерілуі бәсеңдеген, қытайлық ғалымдар бұл жағдайды соңғы онжылдықтарда мұздықтардың шегіну үдерісінің баяулауына әсер еткен негізгі фактор ретінде қарастырады.

Фото: Қанас мұздығы. Тяньшань ақпараттық порталы

Суға сұраныс өсіп келеді

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде, әсіресе оның солтүстік бөлігінде халық саны өсіп, әлеуметтік-экономикалық даму үдерісі жеделдеген сайын, суға сұраныс артып, Ертіс алабындағы су ресурстарын игерудің ауқымы мен қарқыны тұрақты түрде үдеп келеді. «Жэньминь жибао» басылымының дерегінше, 2024 жылы Шыңжаң өңірі бойынша тұтынылған судың көлемі 56,524 млрд текше метрге жеткен. Оның негізгі үлесі дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына тиесілі: бір жыл ішінде егін және жайылым алқаптарына 51,781 млрд текше метр су жіберілген. Сонымен қатар экологиялық мақсатқа бөлінген судың көлемі де жыл сайын артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2021 жылмен салыстырғанда 4,58 млрд текше метрге көбейген. Аймақтың климат ерекшелігі, ауыл шаруашылығының даму үлгісі және халықтың орналасу тығыздығы су ресурстарына сұраныстың көлемі мен құрылымына тікелей ықпал ететіні даусыз. Ертіс алабы экожүйесін қорғаудың көзделген мақсаттарына сәйкес, жыл сайын экологиялық қажеттіліктерді өтеуге жұмсалатын су көлемі 18,9 млрд текше метрден аз болмауға тиіс. Соның ішінде Ертістің негізгі арнасы мен салаларына қажетті экологиялық су шығыны 15,2 млрд текше метр деңгейінде айқындалған

Чжан Лянпэн, Дэн Минцзян және Хуан Цян профессорлардың «Advances in Water Science» журналының 2018 жылғы мамыр айындағы санында жарық көрген «Ертіс бойындағы экологиялық мақсаттарға бағдарланған суқойма кластерін орта және ұзақ мерзімді жоспарлау туралы» мақаласындағы деректерге сүйенсек, айтылған уақытқа дейін Ертістің негізгі арнасы мен басты салаларында экологиялық және шаруашылық мақсаттағы 30-дан астам ірі және орта гидротехникалық нысан пайдалануға берілген. Олардың қатарында 7 су қоймасы, 25 экологиялық шлюз, сондай-ақ мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 7 ірі су арнасы бар.

Мақала авторлары Ертіс бойындағы гидротехникалық құрылыстардың су ресурстарын кешенді пайдалану ісінде маңызды рөл атқарып отырғанын, алайда экологиялық салдары да оңай болып тұрмағанын айтады.

- Соның салдарынан өзен экожүйесіне қажетті су көлемі толық қамтамасыз етілмей отыр. Тұрмыстық және өндірістік су тұтыну, Солтүстік Шыңжаңды сумен қамту, суару мен электр энергиясын өндіру сияқты кешенді мақсаттар мен экологиялық қажеттілік арасындағы қайшылық барған сайын ушығып келеді. Бұл өз кезегінде өзен аңғарындағы өсімдік жамылғысы мен шабындықтардың тозуына, балықтар мен басқа да су жануарларының тіршілік ортасының тарылуына себеп болды, - деп жазады ғалымдар.

Мақалада айтылуынша, Ертістің жоғары алабындағы су қоймаларының басты міндеттеріне тасқыннан қорғану, экологиялық, өндірістік және тұрмыстық сумен қамтамасыз ету, Үліңгір көліне су жіберу, сондай-ақ электр энергиясын өндіру жатады. Су қоймалары, негізінен, су ресурсының көлеміне қарай электр өндіру қағидаты бойынша жұмыс істейді.

Фото: Алтайдағы егін алқабы. Алтай ақпараттық сайты

Үліңгір Ертістен қоректенеді

Үліңгір – Алтай шұраттары мен Құрбантұңғыт шөлі аралығында жатқан тұйық көл. Тарихи әдебиеттерде Қызылбас көлі деп те аталған. Көлге ежелден Үліңгір өзені құяды. Үліңгір мен оған жапсарлас Жылыкөл біртұтас көл жүйесі ретінде қарастырылады. Көл шөлейттену үдерісін тежеу, құм көшкініне тосқауыл қою, сирек кездесетін және жойылып кету қаупі бар балық түрлерінің тіршілік ортасын сақтау тұрғысынан маңызды экологиялық қызмет атқарады. Үліңгір әрі Шыңжаңдағы ең ірі табиғи балық шаруашылығы базасы саналады, өлке бойынша өндірілген балық көлемінің 30 пайызы Үліңгірден алынады. Көл мен оның маңында мемлекет қорғауына алынған тіршілік иелерінің 19 түрі мекендейді. Өсімдік жамылғысы да алуан түрлі. Көлдің табиғаты көркем, көл бойында Алтын қайраңы аталатын Қытайға танымал туристік нысан орналасқан.

ХХ ғасырдың ортасынан кейін өзен алабында тың жер қауырт игеріліп, суармалы егіншілікті дамытуға ден қойылды. Соның салдарынан су ресурстары қарқынды пайдаланылып, көлге құятын судың көлемі күрт азайды, көлдің айдыны тарылып, су сапасы нашарлады. Ашық дереккөздерге сенсек, 1944 жылы көлдің ауданы 833 шаршы шақырым болса, 1986 жылға қарай 765 шаршы шақырымға дейін кеміген. 1970 жылдардың басында Шыңжаң өндірістік-құрылыс корпусы Үліңгір көлі мен Ертіс өзені арасындағы жермойнақты игеріп, 73 шақырымға созылған су арнасын қазады. Аса нәтижелі болмағанына қарамастан, Ертіс суын бұрмалаудың алғашқы тәжрибесі осылай басталады.

Көлдің одан әрі қусырылуын тоқтату мақсатында 1987 жылы ШҰАР Су шаруашылығы департаментінің бастамасымен «Ертістен Үліңгірге» жобасы іске қосылды. Жоба аясында Ертіс өзенінен Үліңгір көліне жыл сайын орта есеппен 300 млн текше метр су жіберіліп отырды, сөйтіп, көлдің деңгейі біртіндеп көтеріле бастады. Әсіресе 2010 жылғы мол ағын мен 2016–2017 жылдардағы қисапсыз тасқынның есебінен көлге құйылған су көлемі айтарлықтай ұлғайды. Нәтижесінде 2017 жылы су деңгейі тарихи межеге: Жылыкөлде – 485,0 м, Үліңгірде – 484,3 м жетті.

Зерттеулерге сәйкес, Үліңгірдің экожүйесін сақтап қалу үшін жыл сайын 800 млн текше метр су қажет. Дэн Минцзянның нақтылауынша, бұның 650 млн текше метрі Ертістен, ал 150 млн текше метрі Үліңгірден келуге тиіс.

Фото: Үліңгір жағасы. Алтай ақпараттық сайты

«635» жобасы туралы не белгілі

Ертіс басында іске асырылған гидротехникалық жобалар аз емес, дегенмен «635» бағдарламасы деп те аталатын «Ертістен су тарту» жобасындай дау тудырғаны жоқ.

Фото: maps.app.goo.gl

Жобаға сәйкес, Ертіс бойынан «635» және Қарашоқы су тораптарын салу, Буыршын өзенінің суын шығысқа асыру жоспарланған.

Фото: google.com/maps

Осы арқылы жылына жоғары ағыстан келетін 3,38 миллиард текше метр суды реттеп, Қарамайлы мен Үрімжі қалаларының және Алтай, Тарбағатай аймақтарының кей өңірлері мен Өндірістік-құрылыс корпусының шаруашылық нысандарындағы су тапшылығын азайту, өнеркәсіп пен халықты сумен тұрақты қамту көзделген

Аталған жобаның өзегі – Ертістің ұлы арнасына орналасқан 635 су торабы. ХХ ғасырдың 90-жылдары Шыңжаң мұнай басқармасының Қарамайлы мұнай алабы су тапшылығына тап болып, мәселе ҚКП ОК-нің назарына ілінді. 1994 жылы жергілікті билік «Ертістен су тарту» жобасының техникалық-экономикалық негіздемесін ұсынды, 1995 жылы Қытай Мемлекеттік кеңесі «Ертістен Қарамайлыға» жобасын іске асыруға рұқсат берді. Кейін бұл жоба кеңейтіліп, «Ертістен Қарамайлыға» және «Ертістен Үрімжіге» дейінгі су арналарының ірі жүйесіне айналды.

Ашық және сенімді дереккөз бойынша, «Ертістен Қарамайлыға» жобасына жалпы 50 млрд юаньнан көбірек инвестиция салынған. Құрылыс жұмыстары 1996 жылы басталып, 2000 жылдың тамыз айында жалпы ұзындығы 436 шақырым тұратын Ертіс-Қарамайлы арнасымен су жүргізіле бастады. Жобаның арқасында Қарамайлы қаласы сумен тұрақты қамтылып, қаланы қақ жарып өтетін жасанды өзен жүйесі қалыптасты.

Фото: Ертіс-Қарамайлы арнасы. Wikimedia.org

Қаладағы мұнай өндірістері мен өнеркәсіп инфрақұрылымдарының және ауыл шаруашылығының суға қажеттілігі толықтай өтелді. Айтпақшы, әр жылдың 8 тамызы Қарамайлы қаласының «Су мерекесі» болып жарияланған. Бұл күні қалада түрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылып, Ертіс суы ерінге тиген ерекше сәт аталып өтеді. 

Фото: sohu.com

Ал «Ертістен Үрімжіге» жобасы бойынша құрылыс жұмыстары 2001 жылдың қыркүйегінде басталды. Бірінші кезеңде Оңтүстік магистраль арна 2005 жылдың қыркүйегінде пайдалануға берілді. Екінші кезеңде Қарашоқы су торабы мен Буыршын-Ертіс арнасы жобалары іске асырылып, магистраль арнаны кеңейту жұмыстары жүргізілді.

Фото: sohu.com

Ертіс-Үрімжі арнасының ұзындығы 600 шақырымнан асады. Су жеткізу жүйесі бас магистраль, батыс магистраль, шығыс магистраль және оңтүстік магистраль арналардан құралған. Бас магистраль арнаның ұзындығы 134 км, ол 635 су торабынан басталып, оңтүстікке қарай Үліңгір өзеніне дейін созылып жатыр. Әрі қарай батыс магистраль арна оңтүстік-батысқа – Қарамайлыға қарай бағытталады, оның жобадағы ағын жылдамдығы секундына 30–60 текше метр. Шығыс арна оңтүстік-шығысқа қарай созылып, Дең суайрық шлюзіне дейін жетеді және ұзындығы шамамен 7,5 км болатын тоннель (таға пішінді қысымсыз тоннель, ағын жылдамдығы -  секундына 47,5 текше метр) арқылы Ертіс суы Үліңгір өзенінің оң жағалауындағы қабақты кесіп өтеді.

Оңтүстік магистраль арнаның бірінші кезеңінің ұзындығы 376 шақырым. Ол Деңдегі тоннелдің шыға берісінен басталып, Жоңғар ойпатын, Құрбантұңғыт шөлін кесіп өтеді, арна құрамына Шяовацао дюкері секілді ірі инженерлік нысандар қамтылған. Шөлдегі ашық арнаны құмнан қорғау үшін құлама беткейлер шымдастырылған, арнаны бойлай техникалық қызмет көрсетуге арналған жол салынған. Оңтүстік магистрал арна Тяньшань тауының етегіндегі «500» су қоймасына (теңіз деңгейінен 500 метр биіктікке орналасқандықтан осылай аталған) құяды.

«500» су қоймасы Санжы Хуэй-автономиялық облысының Фукан қаласы мен Үрімжі қаласының Мидун ауданының шекарасында орналасқан. «Үрімжі жоғары және жаңа технологияларды дамыту аймағының (Жаңақала ауданы) ауылдық жерлерді сумен жабдықтау ісін жоғары сапалы дамыту жоспарында» «500» су қоймасының мәртебесі «трансшекаралық Ертіс алабынан Үрімжіге су жеткізу жобасының шығыс нүктесіндегі реттеуші су қоймасы» деп анықталған. Бөгетінің биіктігі - 28 метр, осьтік ұзындығы - 17,676 км. Су қоймасы орталық, шығыс, батыс және оңтүстік бөгеттерден, сондай-ақ суағардан тұрады. Жалпы ауданы - 24,25 шаршы шақырым, толық сыйымдылығы - 262 млн текше метр (бірінші кезеңде 170 млн текше метр, болашақта ауыстырылатын судың көлемін 680 млн текше метрге дейін жеткізу көзделген). Су қоймасы 2005 жылы пайдалануға берілген.

«635» жобасының үшінші кезеңінде Ертіс суы Шыңжаң өлкесінің «шығыс қақпасы» – Құмыл қаласына жеткізілетіні туралы қытайлық интернет ресурстарында әрқилы қауесет өріп жүр, тіпті кейде Ертіс-Құмыл арнасының Қарашоқы су қоймасынан басталып, жер астымен созылып кетіп бара жатқаны айтылады. Бірақ құжаттармен расталған немесе ресми баспасөз мәліметтерімен нақтыланған ақпарат жоқ. Дегенмен, Қытай Халық Республикасының Экология және қоршаған орта министрлігінің ресми сайтында жарияланған «Шығыс Жоңғар өңірінің Дацзинь кенішіндегі №2 шахта жобасының қоршаған ортаға әсері туралы есептегі» келесі дерек Ертіс-Үрімжі арнасының соңғы нүктесі «500» су қоймасы емес екенін көрсетеді:

- «500» су қоймасынан шығысқа су тарту жобасы – Шығыс Жоңғар даласындағы көмір-электр және көмір-химия өнеркәсіп ошақтарының суға сұранысын қамтамасыз ету мақсатында ШҰАР Халық үкіметі іске асырған ірі су шаруашылығы нысаны. Жобаның жақын кезеңге арналған жоспарында су жеткізудің көлемі жылына 2×10⁸ текше метр/a деп қарастырылған, ал су жеткізу кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде жылына 1×10⁸ текше метр/а су жеткізу көзделген, ал екінші кезеңнің көлемі өңірдің даму қажеттілігіне қарай айқындалмақ. Жобаның негізгі міндеті – өнеркәсіп нысандарын сумен қамту, жобаға сәйкес сумен қамту сенімділігі 97 пайыз деңгейінде белгіленген. Құрылыс құрамына үш сатылы қосалқы қысымды сорғы станциялары, үш апаттық-резервтік су қоймасы, жалпы ұзындығы 207 шақырымға жететін күшейтілген қысымды су құбыры, 5,4 шақырымнан кем емес гравитациялық су құбыры және желі бойындағы қорғаныш инфрақұрылымы кіреді. Жаз мезгілінде су «Ертістен Үрімжіге» жобасына тән оңтүстік магистраль арнаның №10 шлюзінен алынады, ал қыс мезгілінде оңтүстік магистраль арнаның құйғанындағы «500» су қоймасынан жеткізіледі. №10 шлюз, Уцайвань және Цзянцзюньмяо нүктелерінде үш апаттық-резервтік су қоймасы салынған. Олардың сыйымдылығы тиісінше 3×10⁶, 1,8×10⁶ және 1,10×10⁶ текше метр. Бұл нысандар құбыр желілері немесе оңтүстік магистраль арна жөндеуге жабылған жағдайда да сумен қамтудың 97 пайыз сенімділігін сақтауға мүмкіндік береді, - делінген құжатта.

Қарашоқы және басқа су қоймалары

Google Maps көмегімен Қытай Алтайына онлайн сапар шексеңіз, Көктоғай және Бурылтоғай аудандарының шекарасында өзен арнасын көлденең кесіп өткен ірі бетонды-гравитациялық бөгет айрықша көзге түседі. Бұл – тасқыннан қорғану, сумен қамту, электр энергиясын өндіру, қоршаған ортаны қорғау функциялары біріктірілген кешенді гидротехникалық нысан — Қарашоқы су торабы. Солтүстік Шыңжаң өңіріндегі су желісінің өзегі ретінде, бұл «супер құрылыс» өңірлік дамудың экологиялық және экономикалық құрылымын қайта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Sina Finance платформасы ұсынған дерекке сәйкес, Қарашоқы су торабы – «Ертістен су тарту» жобасының негізгі су көзі әрі Ертіс алабын игерудің кешенді жоспарында айрықша атап өтілген стратегиялық реттеуіш нысан. Ол Ертіс өзенінің негізгі арнасындағы толық емес көпжылдық реттеушілік функциясы бар ірі гидротехникалық құрылыс. Жоба жергілікті экожүйені қорғау және аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму қажеттіліктерін өтеу негізінде, алаптан тыс аймақтарға су жеткізуге бағдарланған. Қысқасы, Қарашоқы су қоймасының негізгі басымдығы — өзінен төмен орналасқан «635» су торабын тасқыннан қорғау және жеткілікті су қорымен қамтамасыз ету.

Фото: xj-keneng.com

Жоба 2006 жылы Қытайдың Даму және реформалар жөніндегі мемлекеттік комитетінің бекітуімен іске асырыла бастады. Жалпы 2,687 млрд юань көлемінде инвестиция салынды. Нысанның құрылымына негізгі бөгет, қосалқы бөгет, электр станциясының суағар жүйесі және станция ғимараты кіреді. Негізгі бөгет толық қималы тығыздалған бетон (RCC) технологиясымен салынған. Негізгі бөгеттің ең биік нүктесі — 121,5 м, ұзындығы — 1489 м, қосалқы бөгеттің биіктігі — 14,5 м. Су қоймасының жалпы сыйымдылығы - 2,419 млрд текше метр, пайдалы реттеу көлемі — 1,918 млрд текше метр. Су электр станциясының тоннельдері мен ғимараттары өзеннің оң жағалауында орналасқан, станцияның жалпы орнатылған қуаты — 140 МВт. 

Фото: xj-keneng.com

«Ертіс алабын игерудің кешенді жоспарына» сәйкес, соңғы онжылдықтарда Қытай өңірдегі су шаруашылығы нысандарының құрылысын жеделдете түсті. Ертіс пен оның салаларында соңғы жылдары бой көтерген немесе салынып жатқан ірі гидротехникалық нысандар қатарында:

Қараертіс бойынан тұрғызылған Балаертіс СЭС Қыран бойындағы Қызылжар су қоймасы Буыршындағы Шұңқыр СЭС Қабадағы Қаратас және Жылыбұлақ Білезіктегі Жалаңаш су қоймасы Буыршын өзенінің бір саласы – Сұмдыайрықтың бойынан түскен Көксай СЭС Тұрғын суының басында салынып жатқан Молдабай су қоймасы Көктоғай СЭС-тен сәл төменірек орналасып, Қуертіс суын бөгеп тұрған белгісіз гидротехникалық нысан бар.

Бұлар - көзге көрінерлік ірі, орта санаттағы құрылыстар ғана. Ал шағын су қоймаларының санын түгендеу мүмкін емес. Қызметі мен функциясы әртүрлі болғанмен, соңғы жылдары салынған су қоймаларының барлығына ортақ бір миссия бар, бұл – экологиялық су реттеу.

Қара суды теріс ағызған 

Халық аузында ежелгі өткен әулиелердің тылсым әлеммен байланысқа түсетін ғажайып қасиеті кейде «қара суды теріс ағызған» деген тұрақты тіркеспен сипатталып жатады. Біз жазбамызда бұл тіркесті ауыспалы мағынасында емес, тура мағынасында қолданып отырмыз. Өйткені Ертістің ірі салаларының бірі – Буыршын өзенінің суын шығысқа асырып, аяққы Алтайдан Өр Алтайға, Ертістің төменгі ағысынан орта ағысына қарай жүргізген «супер құрылысты» осылай атамасқа шара жоқ.

Ресми дереккөздерде «Буыршын өзені – батыстан шығысқа» жобасының бірінші кезеңі Солтүстік Шыңжаң өңіріндегі су ресурстарын тиімді қайта бөлуге бағытталған стратегиялық маңызы бар бастама ретінде сипатталады.

Жоба Ертіс алабында іске асырылып, аймақтағы су ресурстарының уақыт пен кеңістік бойынша біркелкісіздігін азайтуды көздейді. Негізгі шешім – Буыршын суының бір бөлігін Ертістің негізгі арнасының орта тұсына қайта бағыттау арқылы «Ертістен су тарту» жобасының салдарынан келтірілген су шығынын толықтыру. Сонымен қатар, жобада Қыран алабының қажеттіліктері де ескерілген.

Жобаның су көзі ретінде қызмет ететін негізгі гидроторап Буыршын суының Алтай тауының етегіне қарай құлдаған тұсында орналасқан.

Фото: google.com/maps

Гидроторап бөгеттен, су қашыру құрылыстарынан, электр энергиясын өндіруге арналған тоннель жүйесінен және шағын су электр станциясынан тұрады.

ШҰАР Экология және қоршаған орта департментінің мәліметінше, жоба құрамындағы маңызды нысандардың бірі – Буыршын сорапты-аккумуляторлық электр станциясы. Ол екі су қоймасынан құралған күрделі кешен. Жоғарғы су қоймасы Әукен сайының өкпе тұсындағы қырқалы қысаңға, ал төменгі су қоймасы тау етегіне қарай еңістеп кететін бөктерге салынған. Жоғарғы су қоймасының бөгетінің биіктігі - 76 метр, төменгісі - 62 метр, су сыйымдылығы тиісінше 8,14 және шамамен 7,58 млн текше метр. Гидротехникалық нысанға электр жүктемені реттеу, электр тұтынудың саябыр кезінде электр қуатын толықтыру, энергияны жинақтау, жиілікті реттеу, фазаны теңестіру, сондай-ақ төтенше жағдайларда резервтік қуат көзі ретінде қызмет атқару міндеттері жүктелген.

Фото: Буыршын сорапты-аккумуляторлық электр станциясы төменгі су қоймасының құрылысы басталған сәт. Тяньшань ақпараттық порталы

Буыршын-Ертіс магистраль арнасының бірінші кезеңінің ұзындығы - 112 шақырым, ол Буыршын сорапты-аккумуляторлық электр станциясынан басталып, Алтай қаласына қарасты Шеміршек ауылдық округының Күзеуши елді мекенінің тұсынан Ертіске құяды.

Жобаның практикалық нәтижесі, әсіресе 2023 жылғы қатты құрғақшылықта айқын білінген. Сол жылы магистраль арна арқылы 76,83 млн текше метр су бұрылып, Үліңгір көлінің су деңгейі 0,32 метрге көтерілген. Экологиялық су толықтырудың арқасында көл маңындағы қамыс алқаптары 20 пайызға ұлғайған. 

Фото: baijiahao.baidu.com

ШҰАР Су шаруашылығы департментінің нақтылауынша, жоба аясында Буыршыннан бұрылған судың шамамен 23 пайызы Алтайдан шығарылып, қалған бөлігі толықтай аймақтағы суармалы егіншілік пен экологиялық өтем қажеттілігіне пайдаланылады.

Қорытынды

Қазіргі уақытта Ертістің Қытай аумағындағы арнасынан 2,5 текше шақырымнан кем емес су арнайы арналар арқылы бұрып әкетіледі. Еуразиялық даму банкінің есебіне жүгінсек, болашақта Ертістен су алу көлемі жылына 7 текше шақырымға дейін ұлғаюы мүмкін. Сонымен бірге, су ресурстарының шектеулілігіне байланысты қолданыстағы гидрожобалардың қуаты болашақ сұранысты толық өтей алмауы да мүмкін. Сондықтан жаңа жобалардың іске қосылу ықтималдығы өте жоғары. Сондай-ақ, қолданыстағы су қоймаларын, бөгеттерді, суару жүйелерін, магистраль арналар мен құбырларды, тоннельдерді, су электр станцияларын және басқа да трансшекаралық өзендердің жоғары ағысындағы гидротехникалық инфрақұрылымдарды жаңғырту мен кеңейту де жоспарлануы ықтимал.

Қысқасы, Ертістің Қытай бөлігінде іске асырылып жатқан ірі гидротехникалық жобалар су ресурстарын басқарудың ауқымдылығы мен күрделілігін көрсетеді. Бір жағынан, бұл нысандар өлкенің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетуді, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын және қала тұрғындарын сумен қамтамасыз етуді көздесе, екінші жағынан экожүйенің тұрақтылығына түсетін қысымды да күшейтіп отыр.

Ертіс – Қазақстан үшін де тіршілік тамыры саналатын трансшекаралық өзен, сондықтан оның жоғары ағысындағы кез келген инженерлік шешім төменгі ағыстың экологиялық, экономикалық, тіпті ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Демек, Ертіс тағдыры су ресурстарын біржақты пайдалану арқылы емес, халықаралық ынтымақтастық, ғылыми негізделген ауқымды бағдарлама және экологиялық жауапкершілік аясында шешілгені жөн.

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
seeКөрілімдер:75
embedДереккөз:https://kaz.inform.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Ақпан 2026 16:03
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Атырауда қызылша ауруларына қарсы күреске 106 млн теңге бөлінген

26 Ақпан 2026 17:27see119

Ресейде Қазақстандағы банк тонау ісі бойынша адамдар қамауға алынды

26 Ақпан 2026 20:36see108

Тоқаевтың сынынан кейін Самұрық Қазына 650 қызметкерін жұмыстан шығарады

27 Ақпан 2026 13:22see108

Шымкентте мұғалім 7 жасар оқушы қызға азғындық жасады полиция жауабы

26 Ақпан 2026 20:36see108

Маска таққан жігіт 30 отбасыға қуаныш сыйлады (видео)

26 Ақпан 2026 23:05see107

Қазақстан құрамасы мәнерлеп сырғанаудан Эстониядағы әлем чемпионатында өнер көрсетеді

26 Ақпан 2026 17:51see107

Солтүстік Қазақстан тұрғыны алаяққа 18,5 млн теңге берген

26 Ақпан 2026 21:46see106

Ирактағы топ АҚШ пен Иран арасындағы ықтимал ұзақ соғысқа дайындалуға шақырды

27 Ақпан 2026 21:09see106

Малтон неге мәдениет үйінен қуылды?

28 Ақпан 2026 02:37see106

Атырау облысындағы қос кісі өлтіру ісі бойынша күдіктінің ұсталған видеосы жарияланды

27 Ақпан 2026 13:47see105

Түркістанда науқасты ұзақ уақыт мазалап келген қуықтағы 80 тас сәтті алынды

27 Ақпан 2026 06:54see105

Рамазан айында жылдам әрі көп тамақтану асқазанға ауыр түседі

27 Ақпан 2026 03:29see105

Қызылордалықтар референдумда қалай дауыс береді

27 Ақпан 2026 09:07see104

Жаңа Конституция ережелерін талқылады

28 Ақпан 2026 03:53see104

Жастар қалаға ағылып, ауылдарда кадр тапшылығы күшейді

26 Ақпан 2026 22:34see104

Бүгін Еуропа лигасы 1/8 финалына кімдер шығады

26 Ақпан 2026 19:47see104

Конституция жобасының негізгі ережелерінен хабардар етті

27 Ақпан 2026 09:04see103

Дәмханадағы жарылыс: қаза тапқандардың отбасына 2 млн теңгеден беріледі

27 Ақпан 2026 13:00see103

1 сәуірден бастап Атырауда жылу тарифі өседі

26 Ақпан 2026 17:27see102

Пойызға кешігіп қалсаңыз да, билет ақшасын қайтаруға болады не істеу керек

27 Ақпан 2026 13:15see102
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары