Райымбек БАТАЛОВ: Басты миссиямыз кәсіпкерлердің мүддесін қорғау
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ел экономикасының күш-қуаты бизнестің әлеуетіне көп байланысты. Сондықтан мемлекет шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, еліміздегі іскер азаматтарды көбейтуге, оларға мүмкіндіктер жасауға айрықша көңіл бөліп келеді. Осы орайда бизнес пен билік арасында алтын көпір болып, кәсіп иелерін қолдап, мұң-мұқтажын ескеріп, мәселелерін шешуде «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының рөлі орасан зор. Біз бизнес қауымдастығының бүгінге дейін атқарған ауқымды жұмыстары мен келешекте белгілеген меже, жоспарлары жөнінде ҰКП төралқа төрағасы Райымбек Баталовпен әңгімелескен едік.
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Салық кодексінде жеңілдіктерге қол жеткіздік
– Райымбек Әнуарұлы, кәсіпкерлерді ең көп толғандыратын, «шымбайына бататын» мәселелердің бірі – салық жүйесі. Биылғы қаңтардан елімізде жаңа Салық жүйесі күшіне енгені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында бұл «өзекті мәселе екенін, экономиканың тұрақты өсімін қамтамасыз ету мақсатында» туындағанын айтты. Осы реформаны жасақтауға өздеріңіз де белсенді атсалыстыңыздар. Бизнестің жұмысын жеңілдету үшін қандай шаралар қабылдап, нендей ұсыныстар жасадыңыздар?
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Turkistan» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, жаңа Салық кодексінде бақылау жасауға емес, өзара серіктестік орнатуға баса мән берілетінін нақтылап айтты.
Салық реформасы аяқ астынан қабылданған шешім емес. Ұзақ жылдар бойы сұрыптаудан өткен, әбден пісіп-жетілген реформа. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кейінгі екі жыл бойы кодекс мазмұнына тікелей араласып, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау жолында жүйелі жұмыс атқарды. Салық реформасына қатысты 450-ден астам талқылау өтіп, оның қорытындысында мемлекеттік органдарға 1 мыңнан астам келісімді ұсыныс жолдадық. Салықтық шешімдердің ІЖӨ-ге, инвестицияға және жұмыспен қамтуға ықпалын бағалау үшін алғаш рет экономикалық талдаулар мен модельдеуді жүргіздік.
– Салық кодексіндегі қандай өзгерістерге ықпал еттіңіздер?
– Біз бұл кодексті жай ғана бақылаушы емес, қалыптастырушы, іргетасын қалаушы тарап ретінде қарадық. Осы құжаттың кәсіпкерлер үшін қолайлы болуын талап етіп, талай нормаға өзгеріс енгізуге қол жеткіздік. Жұмыс тобына 300-ден астам сарапшы тартылып, 10 салалық бағыт бойынша жұмыс жүргізілді. Нақтырақ айтқанда, негізгі инвестициялық ынталандырулар сақталды, арнайы салық режімдері оңтайландырылды, артық есептілік қысқарды. Бұл мемлекеттің фискалдық мүддесі мен шағын және орта бизнестің тұрақтылығы арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік берді. Мәселен, көп талқыланған қосылған құн салығы (ҚҚС) мөлшерлемесі бастапқыда ұсынылған 20% емес, 16% деңгейінде бекітілді. Бұл – бизнес үшін айтарлықтай жеңілдік.
Импорттық ҚҚС бойынша бұрынғыдай есепке алу тәсілі сақталып отыр, бұл да бизнестің өтімділігін сақтап қалуға көмектеседі. Сондай-ақ ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерге 80% мөлшерінде ҚҚС бойынша қосымша есепке алу сақталған.
Бизнес үшін тағы бір маңызды бағыт – корпоративтік табыс салығы (КТС). Салық төлеушіге жөндеу жұмыстарына жұмсалған шығындарды өз қалауы бойынша біржолғы немесе амортизациялық аударымдар арқылы шегерімге жатқызу құқығы енгізілді. Сонымен қатар КТС бойынша аванстық төлемдерді есептеу мен төлеудің қолданыстағы тәртібі сақталып, аванстық төлемдерді төлеуші ретінде тану шегі 325 000 АЕК-тен 600 000 АЕК-ке дейін ұлғайтылды.
Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға арналған 4%-дық арнайы режім енгізіліп, оған барлық әлеуметтік төлем қосылған. Ең бастысы, олар жеке табыс салығын төлеу міндетінен босатылады. Сонымен қатар залалдарды кейінгі жылдарға көшіру мерзімі 10 жыл болып қалды. Міне, осының бәрі шынайы еңбек, билік пен бизнес арасындағы мәміленің нәтижесі.
Бизнес қауымдастықты қайта құру – уақыт талабы
– Кәсіпкер мен мемлекет арасында ашық диалог орнату – маңызды міндет. Осы тұрғыдан кәсіпкерлер палатасының қолға алған жұмыстары жөнінде кеңінен айтып берсеңіз?
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басты миссиясы – кәсіпкерлердің мүддесін қорғау, олардың үнін, мұңын, өтініш-назын мемлекетке жеткізу. Бірақ бұл жай айтыла салған құрғақ сөз күйінде қалмауы керек. Сол үшін біз бизнеске сенімді серіктес болу жолдарын үнемі жетілдіріп, дамытып келеміз. Осы мақсатта кейінгі екі жылда «Атамекен» палатасы «әкімші құрылым» бейнесінен арылып, кәсіпкерлікті нақты дамыту институтына айналуға бет бұрды.
– Басқаша айтқанда, «Атамекен» палатасы қайта құрылып, трансформация кезеңіне аяқ басты дейсіз ғой...
– Иә, бизнес саласын қолдап, кәсіпкерлерге жақындай түсу үшін осындай шешім қабылдадық. Бұл өзгерістің астарында үлкен мән жатыр. Кез келген институт уақыт талабына, заман сұранысына бейімделіп, өзгеріп, дамып отыруы қажет. Қазір елімізде кәсіпкерлік те, экономикалық саясат та жаңа деңгейге шықты. Елде дамудың жаңа көзқарастары қалыптасып, өзекті міндеттерді шешудің тың тәсілдері тәжірибеге ене бастады. Ескірген стереотиптер тарих қойнауына кетті. Осы тұста кәсіпкерлерді реформалардың негізгі қозғаушы күші ретінде таныту – маңызды қадам. Себебі көшбасшылық ойлау қабілеті бар, бастамашыл әрі ресурсы бай бизнес – экономиканың негізгі салаларында жай ғана қатысушы емес, бәсекеге қабілеттілікті арттыратын, жалпыұлттық әл-ауқатты күшейтетін жетекші күш бола алады. Оның рөлі «салық төлеуші» не «жұмыс беруші» деген стандартты түсініктен әлдеқайда ауқымды. Уақыт өткен сайын кәсіпкерлер экономикалық реформаларды қалыптастыру мен іске асыруда мемлекеттің сенімді серіктесіне айналып келеді. Осы әлеуетті толық іске қосу үшін кәсіпкерлік қауымдастықтың ұстанымын билікке жүйелі жеткізетін, оның мүддесін қорғайтын және мемлекетке нақты, конструктивті, негіздемесі бар ұсыныстар беретін институционалдық платформа қажет болды. Осы міндет аясында «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған еді.
Ал 2022 жылға қарай бизнес мен мемлекеттік құрылымдар арасындағы байланыста жаңа үрдістер байқала бастады. Кәсіпкерлердің сұранысы өзгерді, экономикалық орта жаңарды, институтты заманауи талаптарға бейімдеу қажеттігі жиі айтыла бастады. Бұл «Атамекен» ҰКП-ны әрі қарай дамыту және бизнес қауымдастық ретіндегі рөлін күшейту мақсатында трансформацияны бастауға негіз болды.
«Атамекеннің» IX және X съездерінде институтты терең реформалаудың іргетасы қаланды. IX съездің күн тәртібін әзірлеу барысында барлық өңірлік, салалық буындарын қамтыған 90 адамнан тұратын үлкен жұмыс тобы құрылды. Ондағы отырыстардың қорытындысында жүйелі шешімді қажет ететін маңызды төрт мәселе айқындалды. Осылайша, IX съез шешімімен кәсіпкерлер Палатаны трансформациялау бағытын бекітіп, шағын кәсіпкерлік субъектілерін міндетті мүшелік жарналардан босатты. Президиум мен Басқармаға микро және шағын бизнесті қорғау мен дамыту басымдықтарына сүйене отырып, заңнама мен Жарғыға өзгерістер әзірлеу тапсырылды.
Ал X съезде осы шешімдердің орындалу барысы таныстырылып, «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» заңға енгізілетін түзетулердің жобасы ұсынылды. Өзгерістер басшылық органдарын қалыптастыру қағидаттары мен ашықтықты арттырудан бастап, білім беру, сыртқы экономикалық қызметті дамыту, жергілікті жерлерде бизнесті қолдау, инвестиция және кедергілерді жою бағыттарына дейінгі кең ауқымды қамтыды. Бас-аяғы 26 түзету әзірленіп, олар дебюрократияландыруға, өңірлік өкілдікті күшейтуге және бизнес пен мемлекет диалогіндегі Палатаның институционалдық рөлін нығайтуға бағытталды. Бұл ұсыныстар 15 өңірден 3,3 мың кәсіпкер мен 190 салалық қауымдастық қатысқан кеңейтілген кеңестерде айтылды. Осылайша, ұлттық палата бизнестің сөзін сөйлейтін, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары, діңгегі мықты кәсіпкерлік қауымдастық ретінде бет-бейнесін қалыптастыра бастады. «Атамекеннің» корпоративтік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі трансформациясы әлі де жалғасып жатыр.
Экономикалық шешімдер кәсіпкерді айналып өтпеуі керек
– Бизнес қауымдастығының трансформациясы кәсіпкерліктің ықпалын күшейтуге қандай рөл атқарады?
– Трансформацияның негізгі ұйымдастырушылық қағидаты – «өрлемелі» басқару моделі, яғни «bottom-up» («төменнен жоғары») тәсілі. Бұл орталықтандырылған басқару жүйесінен бас тартып, күн тәртібін кәсіпкерлердің нақты сұранысына сай қалыптастыру деген сөз. Енді Президиум немесе Басқарма жалғыз өзі шешім қабылдамайды. Бұл жерде шағын және орта бизнестің дауысы салмақтырақ болады. Өңірдегі кәсіпкерлер Палатаның шешімдеріне тікелей ықпал ете алады. Мысалы, бұрын бизнеске «қызмет алушы» ретінде қарайтын көзқарас басымдау еді. Айталық, мемлекет бағдарлама ұсынады, ал кәсіпкер соған қарай бейімделеді. Ал бүгін кәсіпкер – экономикалық өсімнің тікелей драйвері, жұмыс орындарының негізгі генераторы, өңірлердегі әлеуметтік тұрақтылықтың тірегі. Демек, мемлекеттің экономикалық шешімдері кәсіпкерді айналып өтпеуі керек, керісінше, кәсіпкердің ұсыныс-пікірі сол шешімдердің өзегінде болуға тиіс. Біз трансформация кезінде осы жағына көбірек мән бердік. Яғни кәсіпкерлердің дауысы нақты шешімдерге әсер етуі керек. Бизнес иелері тыңдаушы ғана емес, олардың үні төменнен жоғары қарай өрлеп, мемлекеттік реформаларға дейін естілуі керек. Осылайша, бизнестің дауысын, сөзін, ұсыныс-пікірін нақты құжатқа, нақты шешімге айналдыруды міндет етіп қойдық.
Екінші мәселе – кәсіпкерлерді қорғау. Кәсіпкердің құқы қорғалмаса, оның жай-күйі мемлекеттік бағдарламада ескерілмесе, онда бұл құжаттың маңызы жоғалады. Өйткені кәсіпкердің сенімі – инвестицияның да, өндірістің де, жаңа жұмыс орнының да алғышарты.
Трансформация кезеңінде басқару жүйесі де толық жаңартылды. Негізгі құрылымдардың барлығында ротация жүргізілді: өңірлік кеңес мүшелерінің өкілетік мерзімі төрт жыл болып бекітілді, ал кеңес құрамына енді салалық және аудандық кеңестердің белсенді қатысушылары немесе қауымдастық өкілдері кіре алады.
– Жаңа сіз «трансформация барысында «төменнен жоғары» тәсілі қолданылады» дедіңіз. Сонда кәсіпкердің дауысы төменнен жоғарыға қалай жетеді, қарапайым тілмен түсіндіріп кетсеңіз?
– Біз республиканың барлық өңірін біріктіретін тізбек қалыптастырдық. Онда ауыл, ауданнан бастап, республикалық деңгейге дейінгі барлық өңір қамтылған. Осының аясында 347 салалық және аудандық кеңес құрылды. Бұл кеңестер – әдеттегі көпшілік жиыны емес. Оның күн тәртібін кәсіпкердің өзі белгілейді. Мысалы, бір ауылдағы немесе аудандағы жекелеген кәсіпкер қандай да бір кедергіге тап болса, инфрақұрылым, жер қатынастары, тариф, сатып алу, салық сынды мәселеде қиындықтарға кездессе, онда ол жергілікті жердегі кеңеске барып, мәселесін жеткізеді. Бизнес өкілінің мәселесі бірден күн тәртібіне шығарылып, ол жүйелене келе орталыққа жеткізіледі. «Төменнен – жоғарыға» деген тәсіліміз осы. Бұрын керісінше болатын. Жоғарыдан қандай да бір мемлекеттік бағдарлама немесе реформа келеді, кәсіпкердің рөлі онда орындаушы ретінде ғана көрінетін.
Қазір бұл бірыңғай тізбекті желіге 10 мыңнан астам өңірлік ШОБ көшбасшысы тартылды. Ал Палатамен тұрақты байланыстағы белсенді база шамамен 160 мың кәсіпкерлік субъектісін қамтиды. Бұл база – тек қағаздағы сан емес, экономиканың «тірі ағзасы» ретінде жұмыс атқаратын нақты жүйе. Яғни біз өңірдегі кәсіпкердің үніне жедел әрі жүйелі жауап беру қабілетіне ие болдық десек болады.
Бизнестің цифрлық жол картасы – оңтайлы ақпараттық жүйе
– «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерліктің ашық экожүйесін қалыптастыру үшін бизнестің цифрлық картасын әзірлеп жатқанын естідік. Бұл бизнеске не береді, кәсіпкерлерге пайдасы қандай?
– Бизнестің цифрлық картасы кәсіпкерлерді қолдауды жаңа сапалы деңгейге шығарады деген үмітіміз бар.Біз оны экономиканың басым бағыттары бойынша неғұрлым объективті көріністі көруге мүмкіндік беретін, басқарушылық шешімдердің ашықтығын және олардың цифрлық ізін қамтамасыз ететін бірыңғай басқарушылық портал ретінде қарастырамыз. Жоба Мемлекет басшысы айқындаған бизнесті цифрландыру мен әкімшілік рәсімдерді оңайлату талаптарына толық сай келеді.
Бизнестің цифрлық картасы мемлекеттік қызметтер маркетплейсі саналатын eGovBusiness порталымен біріктірілген. Нәтижесінде, кәсіпкерлер барлық мемлекеттік сервиске, қолдау шараларына және бизнеске қатысты маңызды ақпаратқа біртұтас цифрлық интерфейс арқылы қол жеткізе алады. «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлік субъектілерінің титулдық тізілімін, инвестициялық жобалар мен салалық басымдықтар бойынша аналитикалық деректерді жинақтап, басқарушылық шешімдер қабылдауға арналған дашбордтар ұсынады.
Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жоба қазіргі бизнестің бірқатар өзекті мәселесін шешуге бағытталған. Бүгінде кәсіпкерлерді ақпараттың бытыраңқылығы, мемлекеттік қызметтерге қол жеткізудің күрделілігі, бюрократиялық кедергілердің көптігі жиі алаңдатады. Бизнестің цифрлық картасы осы мәселені шешуге мүмкіндік береді. Мемлекет пен кәсіпкерлердің үйлесімді жұмыс істеуіне жол ашады.
Жалпы, қай саланы дамытуда да цифрландыру мен жасанды интеллектінің рөлі айрықша. Осы бағытта «Атамекен» кәсіпкерлерге ең тиімді қолдау тетіктерін таңдауға, мемлекеттік органдармен қоян-қолтық жұмыс істеуге, әкімшілік кедергілерді қысқартуға мүмкіндік беріп отыр.
Бизнестің цифрлық картасының практикалық пайдасы да айқын. eGovBusiness-пен интеграция арқылы кәсіпкерлер жергілікті атқарушы органдардың қызметтерін бір ғана цифрлық арнадан ала алады. Бұл ашықтықты арттырып, бюрократиялық рәсімдерді қысқартады, қолдау шараларының тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз етеді.
Осылайша, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы цифрландыруды нақты қолдау құралына айналдыратын жүйе қалыптастырып отыр. Бизнестің цифрлық картасы кәсіпкерлікті неғұрлым болжамды, басқарылатын әрі стратегиялық тұрғыдан орнықты ете отырып, еліміздің заманауи цифрлық экономикасының берік іргетасына айналмақ. Бұл жүйе әрбір кәсіпкерге дамуға, мемлекеттік қолдауға ашық әрі тең мүмкіндіктер ұсынады.
– Бүгінде «Атамекен» бизнес пен билік арасындағы дәнекер ғана емес, елдегі жүз мыңдаған кәсіпкерлік субъектісінің мүддесін қорғайтын, Үкімет, Парламентпен жүйелі диалог жүргізетін, нақты бастамалар мен кейстер арқылы күн тәртібін қалыптастыратын ықпалды институтқа айналды. Қазірге дейін қауымдастықтың кәсіпкерлер мүддесі мен құқын қорғауға бағытындағы жұмыстарын нақты деректермен айтып берсеңіз..
– 2014 жылдан бері Палатаның Кәсіпкерлер проблемалары тізіліміне 1 137 жүйелі мәселе енгізіліп, соның 864-і шешімін тапты. Бұл – Үкімет деңгейінде формалды емес, нақты өзгеріске жеткізген нәтижелердің 76%-дан астамы.
Мемлекеттік органдардың бизнеске жағдай жасау деңгейін бағалайтын «Іскерлік климат» рейтингі әдістемесі жаңартылды. Жаңа тәсіл өңірлер мен салалар бойынша ахуалды дәлірек талдауға мүмкіндік береді. Бүгінде рейтинг 20 өңірдің бәрін, соның ішінде 226 қала мен ауданды қамтиды.
«Таза парақтан реттеу» қағидаты аясында ескірген, тиімсіз немесе артық талаптарды жою немесе жеңілдету үшін 44 сала бойынша 2,8 мыңнан астам нормативтік құқықтық акт қаралып, 128 мыңнан аса талап талданды. Соның ішінде 10 мыңнан астам талаптың күші жойылды және өзгертілді. Бұл – айтарлықтай жеңіс. Себебі әр талап арыздың артында кәсіпкердің тағдыры, мұң-мүддесі тұр.
2022 жылдан бері Палатаға (2025 жылғы қарашадағы жағдай бойынша) жеке және заңды тұлғалардан 35 781 өтініш келіп түсті.
2023 жылдан бастап 1432 бірыңғай байланыс орталығына кәсіпкерлерден 403 676 қоңырау және WhatsApp мессенджерінде 32 070 сұрау түсті. Мұның ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ.
Кейінгі тоғыз жыл бойы «Атамекен» ҰКП қаржылай емес қолдау шараларының операторы ретінде кәсіпкерлерге кеңес беру, оқыту, сервистік және ақпараттық-кеңестік қызметтер ұсынуға жағдай жасап келеді. 2015 жылдан бері сервистік қолдау аясында 350 мыңнан астам ШОБ субъектісіне 460 мыңнан аса қызмет көрсетілді, ал ақпараттық-кеңестік қызмет көлемі 1,8 млн-ға жетті. Бұл өңірлік бағдарламаларды кеңейтуге және кәсіпкерлік жобалардың сапасын арттыруға берік институционалдық негіз қалыптастырды.
Сондай-ақ елдегі бизнестің мәртебесі де Үкімет деңгейінде нақтыланып келеді. Айталық, Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Үкімет деңгейінде алғаш рет бизнестің климаттық рөлі талқыланды. Палата бастамасымен орман-климаттық жобалар бойынша нормативтік базаны жеделдету және «жасыл» инвестиция тарту жөнінде нақты міндеттер қойылды. Соның ішінде британдық «SEFE» компаниясымен жасалған келісім ерекше мәнге ие болғанын атап өткен жөн: бұл жерде алғаш рет қазақ бизнесі халықаралық климаттық серіктеспен тікелей байланыс орнатып, ESG стандарттарын енгізуге және көміртек бірліктерін сертификаттауға жол ашты.
Алматы облысында алғаш рет орман отырғызу, экотуризм, агро-эко кластерлер бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Жоба Үкімет тарапынан мақұлданып, оны одан әрі ауқымды ету ұсынылды.
Сонымен қатар ел бойынша 164 мыңнан астам кәсіпкер «Таза Қазақстан» акциясына қатысып, 189 мың тонна қалдық жинады. Бұл – бизнестің ең ірі ерікті экологиялық қатысуы.
Осылайша, «Атамекен» ШОБ мүддесін қорғап қана қоймай, жауапты әрі болашаққа бағдарланған жаңа кәсіпкерлік мәдениеттің драйверін қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Өңірлік кәсіпкерге демеу болған жобалар
– Былтыр желтоқсан айының басында Мемлекет басшысы ауыл, аймақтардағы шағын бизнес иелерін қолдайтын «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі. Шағын кәсіпкерлікті қолдайтын бұл құжаттың қабылдануы бизнеске қаншалықты тиімді?
– Жалпы ауылдық өңірлер мен шағын қалаларды дамыту – мемлекеттік саясаттың өзекті бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бизнесті қолдау қаржы көлемімен емес, нақты экономикалық нәтижемен өлшенуі керектігін талай мәрте айтып келеді. Яғни жаңа жұмыс орындарын ашу, жергілікті өндірісті ілгерілету, өңірлердегі кәсіпкерлікті белсенді арттыру – негізгі бағыт болуға тиіс. Президенттің айтуынша, басымдық экспорт нарығында бәсекеге қабілетті, отандық шикізатты пайдаланатын әрі заманауи технологияларды енгізетін кәсіпорындарға берілуге тиіс. Осы себепті мемлекеттік қолдау біртіндеп тікелей субсидиялаудан – кепілдендіруге, нысаналы қолдау мен өңірлік мамандануға ойысып жатыр. Соның аясында әуелі «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қолға алынды. Жоба 2023 жылдан бері «Атамекен» ҰКП тарапынан Жапонияның халықаралық ынтымақтастық агенттігі JICA қолдауымен және Ұлттық экономика министрлігінің операциялық сүйемелдеуімен жүзеге асырылып келеді. Мақсаты – жергілікті ресурстарға сүйенген бәсекеге қабілетті өңірлік өнімді анықтау және дамыту, өндіріс технологияларын жетілдіруге ықпал ету, тауарларды ішкі әрі сыртқы нарыққа ілгерілету. Жоба аясында біз кәсіпкерлер мен бастамашыл тұрғындарға кеңес беруден бастап, көрмелерге қатысу, тауар белгісін әзірлеу, оқыту және маркетингтік сүйемелдеуге дейінгі кешенді қолдауды ұсынамыз.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы кәсіпкерлерге айтарлықтай демеу болды. 2023–2025 жылдары жобаның көрмелеріне 2 мыңнан астам өндіруші қатысып, өнімдерін ұсынды. Ал бренд-комитеттердің отырыстары еліміздің 20 өңірінде өтті. Үздіктер қатарына 198 өндіруші еніп, 1 мыңнан астам өнім түрін ұсынды.
Жоба шеңберінде шамамен 594 тұрақты жұмыс орны құрылып, 171 бастама 937 млн теңге көлемінде кредиттік және гранттық қаржыландыруға ие болды. Өндірушілер саны артып, өнім түрлері көбейді. Өңірдегі кәсіпкерлік жанданып, жергілікті брендтер қалыптаса бастады. Сәтті жүзеге асырылған осы жоба шағын бизнесті қолдауға арналған тағы бір бағдарлама – «Іскер аймақтың» әзірленуіне негіз қалады. Бұл бағдарлама ең алдымен микро және шағын кәсіпкерлікті дамытуды, өңірлердің тұрақты экономикалық базасын қалыптастыруды көздейді. Ауылдық округтер мен аудан орталықтарынан бастап, шағын қалаларға дейінгі жергілікті өндірісті дамыту, шикізатты өңдеу және өңір ішінде қосылған құн тізбектерін құру арқылы кәсіпкерлікке тың серпін берілмек. Бұл тәсіл іскерлік белсенділікті ынталандырып қана қоймай, жұмыспен қамту, халық табысын арттыру міндеттерін де қатар шешуге мүмкіндік береді.
Бағдарламаның қаржылық архитектурасы өңірлердің ерекшелігі мен даму басымдықтарын ескере отырып құрылған. Екінші деңгейлі банктер арқылы кәсіпкерлерге пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепіл мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда кредиттерді кепілдендіру құралдары арқылы беру қарастырылған. Қаржыландырудың ең жоғары көлемі 200 млн теңгеге дейін жетеді. Әсіресе ауылдық жерлер мен шағын қалаларда іске асатын жобаларға айрықша маңыз берілді. Демек бағдарлама кәсіпкерлерге үлкен демеу болады деген сөз.
Алғаш рет «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы аясында шағын бизнеске арналған инфрақұрылымдық қолдаудың жеке блогі қарастырылып отыр. Бұл кәсіпкерлер үшін негізгі тосқауылдардың бірі – жобаны іске қосуға және ұлғайтуға қажетті дайын инфрақұрылымның тапшылығын жоя алады. Кәсіпкерлер инженерлік, өндірістік, логистикалық, туристік инфрақұрылымға 36 айға дейін қол жеткізе алады. Кейін оның қаншалықты тиімді болғанына мониторинг жүргізіледі. Мұндай қолдауларды жергілікті атқарушы органдар «Атамекен» палатасымен бірлесе жүргізеді. Бұл мемлекеттік бағдарламадағы көмектің кәсіпкерге дәл жетуіне мүмкіндік береді.
Президент атап өткендей, мұндай тәжірибе жергілікті өнімге, білімге және заманауи технологияларға бейімделген отандық өнімді жарыққа шығаруға септігін тигізіп отыр. Осы тұрғыдан «Бір ауыл – бір өнім» жобасын «Іскер аймақ» толықтырып, шағын бизнес пен өңірлерді дамытудың біртұтас экожүйесін қалыптастырды. Мемлекет, бизнес және даму институттары ортақ жауапкершілік қағидатымен әрекет еткенде ауыл мен шағын қалалардың, жалпы өңірлік экономиканың өсіміне қосымша серпін беретіні осы жобаларда айқын көрінді. Жергілікті кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған осындай жобаларды қолдауды ұлттық палата әрі қарай да жалғастыра береді.
Түптеп келгенде, шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасы кәсіпкерлер үшін тұрақты инфрақұрылымдық орта қалыптастырады. Бұл – бытыраңқы бастамалар жиынтығы емес, оның өзегінде туған жердің экономикасын көтеру, мекен етіп жатқан жеріңді дамыту, өз өніміңді көтермелеу секілді адами құндылықтар жатыр.
Кәсіпкердің талабы ескерусіз қалмайды
– Енді әңгімемізді СТ-KZ нысанындағы сертификаттар мен Индустриялық сертификаттардың орнына жүретін отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі жайына бұрсақ. Сіздер осы тізілімді енгізу мерзімін ұзартуды сұрадыңыздар. Мұның мән-жайы неде?
– Елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың стратегиялық бағытын айқындай отырып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа – 2025» сыйлығын тапсыру рәсімінде 2026 жылдан бастап отандық тауар өндірушілер тізілімі мен Ұлттық тауарлар каталогін енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы мұндай жаңа әдістемелерді іске асыру бизнес қауымдастығына зиян келтірмеуі керектігін қадап айтты. Үкіметке Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, бұл үдеріске жүйенің дайындығын, отандық өндірушілердің мүдделерін ескере отырып, кезең-кезеңімен жүзеге асыруды тапсырды.
Мемлекет басшысы белгілеген осы ұстанымдарды басшылыққа ала отырып, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы отандық тауар өндірушілер тізілімін енгізу тетіктерін жүйелі түрде пысықтауға белсенді түрде кірісті. Талдау барысында біз бірқатар объективті факторға тап болдық. Атап айтқанда, бүгінгі таңда отандық тауар өндірушілер тізілімінің ақпараттық жүйесі бизнестен түсетін өтінімдердің нақты көлемін толықтай көтере алатындай деңгейге әлі жеткен жоқ. Қазіргі уақытта елімізде СТ-KZ сертификатының 3 500-ден астам иесі мен 1 800-ге жуық индустриялық сертификат ұстаушысы бар, олар 62 мыңнан астам өнім атауын қамтып отыр. Осындай ауқымды көлемді салалық комиссия қысқа мерзім ішінде толық өңдеп шығуға қауқары жетпейді. Бұл өндіруші мәртебесін растау кезінде жаппай кідірістерге, техникалық іркілістерге, тауарлардың шығу тегін уақтылы дәлелдей алмауға, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шаралары мен реттелетін сатып алуларға уақытша қолжетімділіктің шектелуіне алып келу қаупін тудырады. Жекелеген жағдайларда мұндай ахуал келісімшарттық міндеттемелердің орындалмауына және өндірістік үдерістердің тоқтап қалуына дейін әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осы сияқты келеңсіздіктердің алдын алу және жаңа жүйеге біртіндеп қиындықсыз көшу мақсатында Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өтпелі кезеңнің мерзімін ұзартуды ұсынады. Палата жүргізіліп жатқан реформалар мен цифрлық құралдарға көшуді маңызды қадам деп санайды. Бірақ бұл өзгерістер отандық бизнеске зиян келтірмеуге тиіс.
2023 жылы Президенттің сатып алулардағы отандық қамту үлесін үш жыл ішінде 60%-дан жоғары деңгейге жеткізу жөніндегі тапсырмасы іс жүзінде орындалмай қалу қаупінде тұр. Өкінішке қарай, қабылданған заңнамалық өзгерістер екі негізгі параметрді — қазақстандық шикізатты пайдалануды және нақты технологиялық операцияларды орындауды ескермейді. Бұл отандық өндірушілерді терең өңдеуге және заманауи технологияларды енгізуге ынталандыратын тетіктерден айырады. Кейінгі екі жыл бойы Ұлттық палата «Атамекен» аталған мәселені Өнеркәсіп министрлігі деңгейінде жүйелі түрде көтеріп, балдық жүйе мен өндірушілерді санаттау қағидаттарына негізделген әділетті механизмді, оны кейіннен сатып алу жүйесіне айна-қатесіз енгізу арқылы іске асыруды ұсынды.
Цифрлық верификация мәселелері де жеке блок ретінде алаңдаушылық туғызады. Уәкілетті органның деректеріне сәйкес, тексеру барысында шамамен жүзге жуық критерий қолданылады, ал Қағидаларда олардың 26-ы ғана бекітілген. Сонымен бірге қолданылып жүрген бірқатар параметрлер отандық тауар өндіруші мәртебесін растауға тікелей қатысы жоқ, ал верификация кезеңдерінен өту үшін ең төменгі шекті мәндер нақты айқындалмаған. Мұндай жағдай рәсімдердің ашықтығын арттыруды және қолданылатын критерийлерді нормативтік тұрғыдан нақты бекітуді талап етеді. Біз өз тарапымыздан цифрлық верификация тетіктерінің толық ашық болуын және өндіруші мәртебесін айқындауға әсер етпейтін көрсеткіштердің алынып тасталуын талап етіп отырмыз. Осы мәселелерді мемлекеттік органдардың, саяси партиялардың, салалық қауымдастықтар мен бизнес өкілдерінің қатысуымен өтетін ресми хат алмасуларда, жиындарда тұрақты түрде көтеріп келеміз.
– Егер отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізерде сіздердің талаптарыңыз ескерілсе, демек, өзіңіз айтқандай, кәсіпкермен мемлекет те санаса бастағаны ғой?
– Солай деуге болады. Құжат нарықтағы түйткілдермен күнде бетпе-бет келіп жүрген бизнес иелерінің жанайқайын ескере отырып, біртіндеп енгізіліп жатыр. Кәсіпкерлердің талабы назарға алынды. ШОБ тараптан айтылған ұсыныс-пікірлер ескерілді. Тізілім тетіктері нақты өндірістік өлшеммен айқындала бастады. Мұны айтарлықтай жеңіс деп бағалауға болады. Мемлекет шын мәнінде бизнес иелеріне құлақ асты, олармен санасады. Біз кәсіпкерлерді жүйені түзетуге ықпал ететін негізгі тұлға ретінде қалыптастыру жұмыстарын әрі қарай да жалғастырамыз. Біздің пайымымыз бойынша, мемлекеттің бірде-бір экономикалық шешімдері кәсіпкерді айналып өтпеуі керек. Негізгі мақсаттарымыздың бірі де осы.
Отандық тауар өндірушілердің тізіліміне байланысты кәсіпкерлердің алаңдаушылығы әлі де бар, өйткені бірқатар маңызды техникалық және реттеуші шешімдер әзірше пысықталу сатысында. Жалпы, құжатты отандық өндірісті қолдаудың тиімді құралына айналдыру үшін алдымен жүйені сапалы түрде қайта баптау қажет.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Алматы облысында оқу полигонында сарбазға оқ тиіп, жарақат алды
Әскер • Бүгін, 00:27
40 градус аяз: Ертең елдің басым бөлігінде дауылды ескерту жарияланды
Ауа райы • Кеше
БҰҰ: 2026 жылы әлемде 186 млн адам жұмыссыз қалады
Әлем • Кеше
Әкесін ұрып өлтірген азаматқа прокурор 6 жыл 2 ай жаза сұрады
Қылмыс • Кеше
Балалар әдебиетіне қатысты панельдік сессия өтті
Әдебиет • Кеше
Қазақстанда биыл шамамен 2,6 ГВт жаңа электр қуат көзі іске қосылады
Үкімет • Кеше
АҚШ 75 елдің азаматына виза беруді тоқтатады
Әлем • Кеше
Атырау мектептерінде ертең сабақ онлайн форматта өтеді
Ауа райы • Кеше
Алматы облысының колледждері Қытай, Еуропа және Азия елдерімен ынтымақтастық орнатты
Білім • Кеше
Қайтарылған қаржы аурухана құрылысына жұмсалды
Қаржы • Кеше
Атыраудағы кешенде бір жылда 375 мың тонна полипропилен шығарылды
Өндіріс • Кеше
Бағаны негізсіз өсірген сауда орындарына 481 030 теңге айыппұл салынды
Сауда • Кеше
Арқалық әуежайы бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді
Жұмыс • Кеше
Алматы облысында оқушы өліміне қатысты тергеу жұмыстары басталды
Қылмыс • Кеше
Абзал Нарымбетов: Мұнай экспорттайтын балама бағыттарды дамытпағанымыз тарихи қателік болды
Экономика • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:22
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қаңтар 2026 08:14 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















