2027 жылдан бастап бала туғаны берілетін үшін жәрдемақыны бәрі бірдей ала алмайды: кімдер төлемнен қағылады?
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Осы уақытқа дейін Қазақстанда бала туғанда берілетін жәрдемақыны табысына немесе баспанасы мен көлігі бар-жоғына қарамастан барлық отбасы алып келді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл ереже өзгереді.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысының бір бөлігі Отбасының цифрлық картасы бойынша отбасының материалдық жағдайын ескере отырып тағайындалады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің 5 қазандағы қаулысы тәртіпті өзгертеді: А және В санатындағы отбасылар бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақыдан және 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша бюджеттік ай сайынғы төлемнен айырылады; C, D, E санаттары үшін олар сақталады. МӘСҚ-тан төленетін сақтандыру төлемдері өзгермейді: 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша — орташа сақтандырылған табыстың 40%-ы (24 айға дейінгі нақты аударымдарды есепке алу), жүктілік және босану бойынша — 12 айдағы орташа табыс бойынша біржолғы төлем; отбасының дәулеті бұл төлемдерге әсер етпейді. Отбасыларды санаттарға бөлу (A–E) 59 көрсеткішке (табыс, мүлік, несиелер, жұмыспен қамту, отбасы құрамы) негізделген; A/B санаты үшін ауқаттылықтың кемінде екі белгісі сәйкес келуі керек; санат қайта қаралуы мүмкін, төлемдер бағалау нәтижелері бойынша тоқтатылады/қайта басталады. Әл-ауқатты есепке алмай келесі төлемдер сақталады: мемлекеттік наградалары бар көпбалалы аналарға (жасына байланысты зейнетақы алған кезде), I–II топтағы мүгедектігі бар балалар мен адамдарға, ата-анасының екеуінен де айырылған балаларға, Әлеуметтік кодекс бойынша арнаулы мемлекеттік қамсыздандырулар. Бағалау ауқымы: министр Асқарбек Ертаевтың мәліметінше, А санатына — 329 мың отбасы, В санатына — 1 млн-ға жуық отбасы жатады; жәрдемақыдан айырылатын алушылардың нақты саны анықталған жоқ (депутаттың бағалауы бойынша — 30 мыңнан астам жұмыс істемейтін аналар). Бала күтімі бойынша сақтандыру төлемін анасына бекіту жоспарлануда (әкенің демалысы сақталады); жұмыс істейтін аналар 1,5 жасқа толғанға дейін жұмысқа ерте шыға алады, бұл ретте мерзім аяқталғанша МӘСҚ төлемін алуды жалғастыра береді.
Бюджеттен төленетін балалар жәрдемақысының бір бөлігі отбасының материалдық жағдайына қарай тағайындалады. Ең ауқатты екі санаттағы отбасылар бұл төлемді алу құқығынан айырылады. Жұмыс істейтін аналарға арналған декреттік төлем сақталады.
Tengrinews.kz тілшісі өзгерістер кімге қатысты екенін, мемлекет отбасының әл-ауқатын қалай бағалайтынын анықтап көрді. Сондай-ақ, басқа елдерде "бала ақшасы" мәселесі қалай шешілетінін білу үшін халықаралық тәжірибеге үңілді.
Мән-жайы5 қазанда премьер-министр Олжас Бектенов 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақыларды тағайындау тәртібін өзгертетін қаулыға қол қойды.
Бюджеттен берілетін төлемдердің бір бөлігі, соның ішінде бала туғанда берілетін жәрдемақы мен бала бір жарым жасқа толғанға дейінгі оның күтіміне арналған ай сайынғы төлем отбасының материалдық жағдайына қарай тағайындалады.
Анықтама. Қаулыда жәрдемақының 10 түрі көрсетілген, бірақ еңбек министрі Асқарбек Ертаев 16 қазанда басқа санды атады: өзгерістер 36 жәрдемақының 14-іне қатысты болады. Мұндай алшақтық құжатта кейбір жәрдемақылар топтарға біріктірілуіне, ал жерлеуге арналған төлем бөлек реттелуіне байланысты болып отыр. Қалған 22 жәрдемақы бұрынғыдай, табыс деңгейіне қарамастан төлене береді. Толығырақ осы жерден оқи аласыздар.
Бұл ауқатты аналар декреттік төлемсіз қалады деген cөз бе?
Жоқ.
Мұның себебін түсіну үшін бала туғанда берілетін көмек неден құралатынын білу керек.
Үш төлем - үш түрлі сценарийБүгінде ата-аналарға көмектің негізгі үш түрі қарастырылған. Жаңа ережелер тек бюджет төлемдеріне қатысты. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін төлемдер сақталады.
1. Бала туғанда берілетін жәрдемақы: ауқатты отбасыларға төленбейдіБұл - бюджеттен берілетін бірреттік төлем. Қазір оны ата-ана жұмыс істеген-істемегеніне және қанша табыс табатынына қарамастан бәрі алады. 2026 жылғы төлем мөлшері:
бірінші, екінші немесе үшінші балаға 164 350 теңге; төртінші және одан кейінгі балаларға 272 475 теңге.2027 жылдан бастап А және В санатындағы отбасыларға (санаттар туралы толығырақ төменде) бұл жәрдемақы тағайындалмайды. С, D және Е санатындағы отбасылар оны алу құқығын сақтап қалады.
2. Бір жарым жасқа дейінгі күтім бойынша берілетін төлем: бәрі әлеуметтік аударымға байланыстыБұл төлемге арналған қаражат екі түрлі көзден алынады.
Сақтандыру төлемін алуға құқығы болмаса, мысалы, анасы жұмыс істемеген болса, мемлекет бюджеттен ай сайын белгіленген соманы төлейді:
бірінші балаға 24 912 теңге (5,76 АЕК); екінші балаға 29 454 теңге (6,81 АЕК); үшінші балаға 33 952 теңге (7,85 АЕК); төртінші және одан кейінгі балаларға 38 493 теңге (8,9 АЕК).2027 жылдан бастап А және В санатындағы отбасылар дәл осы төлемнен айырылады. Ол С, D және Е санаттарында сақталады.
Баланың анасына әлеуметтік аударымдар түсіп тұрса, ақшаны МӘСҚ төлейді. Бұл - кейінгі 24 айдағы орташа сақтандырылған табыстың 40 пайызы.
Мысалы, айына 300 мың теңге тұрақты табыс болса, 120 мың теңге есептеледі. 10 пайыз зейнетақы жарнасын ұстағаннан кейін қолға айына 108 мың теңге тиеді. 2026 жылғы есеп бойынша 595 мың теңгеден (7 ЕТЖ) аспайтын табыс ескеріледі, сондықтан ең жоғарғы төлем - қолға 214 200 теңге.
Жаңа ережелер бұл төлемге әсер етпейді. МӘСҚ мынаны растады: әлеуметтік аударымдар жасалған болса және басқа шарттар орындалса, 2027 жылдан бастап ол отбасының санатына қарамастан сақталады.
Министр Ертаев та әлеуметтік сақтандыру жүйесіне екі жыл және одан да көп уақыт қатысқандар үшін төлем сақталатынын айтты.
Бірақ еңбек өтілі аз болса ше? МӘСҚ 24 ай бойы үздіксіз аударым жасау міндетті емес екенін мәлімдеді, аударымдар бірнеше ай ғана жасалса да, оны алу құқығы сақталады.
"Әйел 24 айдан аз жұмыс істесе, нақты түскен табыс ескеріліп, 24-ке бөлінеді", - деп нақтылады қор өкілдері.
Мөлшері - бұрынғыдай 40 пайыз, тек аз сомадан есептеледі.
3. Жүктілікке және босануға байланысты төлем: ол өзгеріссіз қаладыБұл - жұмыс істеген әйелдерге МӘСҚ-тан берілетін бірреттік төлем. Ол кейінгі 12 айдағы орташа сақтандырылған табыс пен еңбекке жарамсыздық парағының ұзақтығы бойынша есептеледі. Стандарт бойынша бұл - 126 күн: босанғанға дейін 70 күн және босанғаннан кейін 56 күн.
Айына 300 мың теңге табыс делік, төлем 1 260 000 теңге болады, зейнетақы жарнасынан кейін қолға 1 134 000 теңге тиеді. 2026 жылғы ең жоғарғы көрсеткіш - 2 499 000 теңге, қолға тиетіні - 2 249 100 теңге.
Еңбек министрлігінің мәліметіне сәйкес отбасының әл-ауқаты бұл төлемге әсер етпейді.
Ұзын сөздің қысқасы: не сақталады, не сақталмайды?Төлем түрі Кім төлейді? 2027 жылдан бастап А және В отбасылары C, D, E отбасылары Бала туғанда берілетін жәрдемақы Бюджет Тағайындалмайды Сақталады 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша (бюджеттен) Бюджет Тағайындалмайды Сақталады 1,5 жасқа дейінгі күтім бойынша (сақтандыру есебінен) МӘСҚ Сақталады Сақталады Жүктілікке және босануға байланысты МӘСҚ Сақталады Сақталады
Яғни бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы А және В санатындағы барлық отбасыға тағайындалмайды. Өзгерістер бәрінен бұрын осы санаттағы жұмыс істемеген аналарға әсер етеді. Олар бюджеттен төленетін ай сайынғы төлемді де ала алмайды.
Мемлекет отбасының әл-ауқатын қалай анықтайды?Ол үшін мемлекеттік деректер қорынан мәлімет жинайтын Отбасының цифрлық картасы қолданылады. Барлық отбасы бес санатқа бөлінеді:
A - әл-ауқаты жоғары деңгей: тұрақты жоғары табыс, жылжымайтын мүлік, басқа да активтер болуы; B - ауқатты деңгей: тұрақты табыс, баспана, тұрақты қаржылық жағдай болуы; С - қанағаттанарлық деңгей: орташа табыс, шектеулі мүмкіндіктер; D - экономикалық тұрғыдан осал деңгей: төмен табыс, қарыздар, жұмысқа орналасудағы қиындықтар; E - экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгей: қиын жағдайдағы отбасылар.А және В санаттарына кіру үшін тек жоғары жалақы немесе қымбат көлік болуы жеткіліксіз. Ертаевтың айтуынша, кем дегенде екі белгі сәйкес келуге тиіс.
Әдістеме бекітіліп қойған: ол табыс, мүлік, несиелер және жұмыспен қамтылуды қосқанда, алты бағыт бойынша 59 көрсеткішті ескереді. Отбасы құрамы да маңызды. Мысалы, балалар немесе қарт туыстар болуы есепке алынады.
18 қазанда eGov Mobile қосымшасында алдын ала бағалауға арналған калькулятор іске қосылды, бірақ келесі күні оған кіру шектелді. Еңбек министрлігі оның нәтижесі тек ақпарат беру сипатында екенін және ол өздігінен ештеңені тағайындамайтынын, тоқтатпайтынын хабарлады.
Отбасының санаты біржола бекітілмейді. Ай сайын бюджеттен жәрдемақы алып жүрген отбасы А немесе В санатына жатқызылса, төлем тоқтатылуы мүмкін. Ал кезекті бағалау кезінде отбасы C, D немесе E санаттарына өтсе, жәрдемақы қайта жаңартылуы мүмкін.
Әл-ауқатты бағалаудың кімдерге қатысы жоқ?Қаулыда отбасының әл-ауқатын бағаламай-ақ тағайындала беретін жәрдемақылар бөлек көрсетілген:
Сурет: depositphotos.com
Әзірге нақты жауап жоқ.
Құрылтай депутаты Ләззат Қожахмет 16 қазанда өзгерістер 30 мыңнан аса әйелге әсер етуі мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл ең алдымен бала туғанға дейін жұмыс істемеген аналарға қатысты. Бірақ бұл - Еңбек министрлігінің есебі емес, депутаттың болжамы.
Министр Ертаевтың мәліметінше, А санатына 329 мың отбасы, В санатына 1 миллионға жуық отбасы жатады. Алайда 1,3 миллион деген балалар жәрдемақысын алатындар емес, осы екі санаттағы барлық отбасының саны. Сондықтан олардың барлығы төлемнен қағылады деуге болмайды.
Бала күтімі бойынша жәрдемақы тек анасына берілуі мүмкінТағы бір өзгеріс әкелерге қатысты болуы мүмкін. Қазір ер адамдар да бала күтіміне байланысты демалыс рәсімдеп, төлем ала алады.
Министр Ертаев Tengrinews.kz-ке берген сұхбатында бала күтімі бойынша жәрдемақыны тек анасына тағайындау жоспары туралы айтты. Әкелердің демалыс алу құқығы сақталады: олар баламен үйде отыра алады, бірақ сақтандыру төлемі анасына тағайындалады. Бұл - әзірге қолданыстағы норма емес, жоспарланған өзгеріс.
Сурет © Tengrinews.kz / Болат Айтмолда
Іс жүзінде бұл өзгеріс көп адамға әсер етпейді. Бұған дейін Tengrinews.kz статистиканы зерделеген болатын: 2026 жылғы алғашқы бес айда бала күтімі бойынша төлем алатын 431 мың адамның ішінде небәрі 134 әке болған.
Тағы бір өзгеріс жұмыс істейтін аналарға қатысты. Ертаев 16 қазандағы брифингте әйел баласы бір жарым жасқа толғанға дейін жұмысқа ерте шыға алатынын және бұл ретте белгіленген мерзім аяқталғанша МӘСҚ-тан төлем ала беретінін мәлімдеді.
Бәріне бірдей ме әлде әл-ауқатқа қарай ма? Басқа елдердегі жағдайМемлекет бала дүниеге келген әрбір отбасыға көмектесуі керек пе, әлде оның материалдық жағдайын ескеруі қажет пе? Басқа елдер бұл сұраққа әртүрлі жауап береді, көбіне екі тәсілді де ұштастырады.
Кейбір елдерде табысқа қарамастан, балаларға арналған тұрақты жәрдемақы төленеді. Енді бірінде отбасының табысы немесе материалдық жағдайы ескеріледі. Ал басқа елдерде негізгі жүктеме жұмыс берушіге түседі. Әдетте бұл тетіктер қатар қолданылады.
Көршілес және бірнеше ірі елде бұл жүйе қалай жұмыс істейтінін салыстырып көрдік.
Тәсіл Қайда? Қалай жұмыс істейді? Кіріске қарамастан төленетін тұрақты жәрдемақы Польша, Германия, Қырғызстан Отбасының табысына қарамастан балаға берілетін ай сайынғы төлем Табысты ескермейтін төлемдер және ана капиталы Ресей Біржолғы жәрдемақы және бала күтімі бойынша сақтандыру төлемі, оған қоса ана капиталы Табыс ескеріледі Өзбекстан Ай сайынғы көмекті негізінен табысы аз отбасылар алады Негізінен жұмыс беруші арқылы АҚШ Бірыңғай федералдық төлемдер жоқ, шарттары жұмыс беруші мен штатқа байланысты
Польша: 18 жасқа дейінгі әр балаға 800 злотыйПольшада ата-аналар кәмелет жасына толғанға дейін әр балаға айына 800 злотый (шамамен 93 мың теңге) алады. Отбасының табысы маңызды емес: тек баламен бірге Польшада тұру және өтініш беру қажет. Шетелдік азаматтарға 2026 жылдан бастап қосымша шарттар, соның ішінде елде жұмыс істеу талабы қолданылады.
Ал бала туғанда берілетін біржолғы төлем - 1000 злотый (шамамен 116 мың теңге). Ол отбасының әр мүшесіне шаққандағы айлық табыс 1922 злотыйдан аспаған жағдайда ғана тағайындалады. Яғни мұнда әмбебап және атаулы көмек қатар жұмыс істейді.
Жұмыс істейтін әйел жүктілікке және босануға байланысты 20 апта ақылы демалыс алады, содан кейін ата-аналар 41 аптаға дейінгі бала күтімі бойынша демалысты өзара бөлісе алады. Оның ішінде тоғыз аптадан анасы мен әкесіне бөлек бекітілген, бұл уақытты бір-біріне беруге болмайды.
Польша Еңбек министрлігінің дерегіне сәйкес алғашқы демалыста әдетте жалақының 100 пайызы, екіншісінде 70 пайызы төленеді. Өтініш уақтылы берілсе, бүкіл уақытқа 81,5 пайыз төленетін нұсқа да бар.
Германия: декретте 1800 еуроға дейін берілетін жәрдемақыГермания әртүрлі тәсілді біріктіреді. Kindergeld балалар жәрдемақысын, яғни айына 259 еуроны (шамамен 132 мың теңге) табысына қарамастан әрбір отбасы әр балаға алады. Төлем әдетте 18 жасқа дейін беріледі, ал бала оқитын болса, тиісті шарттар орындалған жағдайда 25 жасқа дейін төленеді.
Elterngeld, яғни декрет уақытына арналған жәрдемақы да бар. Ресми отбасылық портал мәліметінше, бұл айына 300-ден 1800 еуроға дейін (шамамен 152-ден 914 мың теңгеге дейін) жетеді. Әдетте ата-ана бала туғаннан кейін жоғалтқан таза табысының 65 пайызын алады.
Анасы 2000 еуро табыс тауып, жұмысын уақытша тоқтатса, ол шамамен 1300 еуро, яғни шамамен 660 мың теңге ала алады.
Ең төменгі 300 еуро жұмыс істемегендерге де беріледі. Бірақ Elterngeld төлемінде отбасы табысына қатысты шектеулер бар. Бір ата-ана оны 12 айға дейін ала алады, ал демалысты әкесі мен анасы бөліссе, 14 айға дейін ала алады. ElterngeldPlus нұсқасы аз мөлшердегі соманы ұзақ уақыт алуға мүмкіндік береді.
Германияда да Қазақстандағыдай жұмыс орнын сақтап, бала күтіміне байланысты үш жасқа дейін демалысқа шығуға болады.
Ресей: ұқсас ережелер мен ана капиталыРесейлік жүйе көп жағынан Қазақстанның қазіргі жүйесіне ұқсайды. Бала туғанда отбасы біржолғы жәрдемақы алады. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап бұл - 28 450 рубль, шамамен 155 мың теңге.
Жұмыс істейтін ата-ана бала күтімі бойынша бір жарым жасқа дейінгі жәрдемақы алады. Мөлшері - Қазақстандағыдай, орташа табыстың 40 пайызы. Ресейдің әлеуметтік қоры мәліметінше, 2026 жылы бұл айына 10 669,64-тен 83 021,18 рубльге дейін, шамамен 58 мыңнан 455 мың теңгеге жеткен. Кейбір аймақтарда аудандық коэффициенттер қолданылады.
Тағы бір шара - ана капиталы. 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап ол - бірінші балаға 728 921 рубль, шамамен 4 миллион теңге. Екінші балаға отбасы тағы 234 321 рубль (шамамен 1,3 миллион теңге) ала алады. Бұрын ана капиталын алуға құқығы болмаса, 963 243 рубль (шамамен 5,3 миллион теңге) алады.
Ана капиталы табысқа қарамастан тағайындалады, бірақ оны тек белгілі бір мақсатқа, яғни тұрғын үйге немесе балалардың біліміне жұмсауға болады.
Сурет: depositphotos.com
Қырғызстанда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап отбасының табысына қарамастан үш жасқа дейінгі әр балаға 1200 сом (шамамен 6800 теңге) мөлшерінде "Бала ырысы" атты ай сайынғы төлем енгізілген. Сондай-ақ, бала туғанда "Балага сүйүнчү" деп 4 мың сом, шамамен 22,5 мың теңге көлемінде біржолғы жәрдемақы төленеді.
Өзбекстанда көмек көбіне отбасының материалдық жағдайына байланысты беріледі. Бала туғанда берілетін "суюнчи", яғни біржолғы жәрдемақы бар, бірақ оны алу құқығы шектелген. Ай сайынғы қолдауды негізінен табысы аз отбасылар алады.
АҚШ: демалыс беріледі, бірақ оның ақысы бәріне бірдей төленбейдіАҚШ-та барлық қызметкерге бірыңғай ақылы декреттік демалыс және бала туғанда берілетін ортақ жәрдемақы жоқ.
АҚШ Еңбек министрлігі мәліметінше, федералды заң кейбір қызметкерлерге бала туғаннан кейін 12 аптаға дейін демалыс алуға мүмкіндік береді. Олардың жұмыс орны сақталады, бірақ жұмыс беруші жалақы төлеуге міндетті емес. Мұндай демалысқа осы жұмыс орнында кемінде 12 ай және соңғы жылы кемінде 1250 сағат жұмыс істегендер құқылы. Жеке компания қызметкерлеріне қызметкер санына қатысты да талаптар бар.
Кейбір штаттар өз бағдарламаларын енгізген. Мысалы, Калифорнияда ата-аналар бұрынғы табысының 70-90 пайызын сегіз апта бойы ала алады, 2026 жылы ең жоғары сома аптасына 1765 доллар болды. Десе де төлем жұмыс орны сақталатынына кепілдік бермейді.
ТүйінЖәрдемақыны тек теңгеге шаққандағы сомасы бойынша салыстыру дұрыс болмас еді: әр елдің өз жалақысы, бағасы, салығы және басқа да қолдау шаралары бар. Тек жалпы қағидаттарды салыстыруға болады.
Көптеген елде әмбебап және атаулы төлемдер бар. Тіпті балаға берілетін тұрақты жәрдемақы барлығына төленетін жерлерде де кейбір төлемдер табысқа келіп тіреледі. Мысалы, Польшада бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы немесе Германиядағы Elterngeld сияқты.
Қазақстан да 2027 жылдан бастап екі тәсілді біріктіреді. Жұмыс істейтін аналарға МӘСҚ-тан берілетін сақтандыру төлемі табыс деңгейіне қарамастан сақталады. Бала туғанда және оның күтіміне бюджеттен берілетін жәрдемақы материалдық жағдайға қарай тағайындалады. Ең ауқатты екі санаттағы отбасылар бұл құқығынан айырылады, қалғандары оны ала алады.
Үш жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жұмыс орны сақталатын демалыс қалады. Бала күтімі бойынша төлемдер бұрынғыдай бір жарым жасқа дейін қарастырылады.
Мәтін: Ақбота Сіләм
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:71
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Қазан 2026 09:45 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















