Өзінің Мәскеуі мен Шанхайы бар: Ақтөбедегі аудандардың ерекше атауы қайдан шыққан?
Tengrinews.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Ақтөбені аралап жүріп, қаладан шықпай-ақ Мәскеуге баруға, Шанхайға соғуға, Татаркадан өтіп, Оторвановкадан бір шығуға болады. Қала аудандарының осындай атаулары тұрғындардың күнделікті тұрмысының ажырамас бөлігіне айналған. Бұл атаулардың артында алғашқы қоныс аударушылар мен кәсіпкерлер, теміржол құрылысы мен ескі зираттар туралы шынайы дерекпен қатар, жергілікті аңыздар тұр. Ал кейбір топонимдердің шығу төркіні әлі күнге дейін жұмбақ. Tengrinews.kz тілшісі өлкетанушы Никита Саловпен бірге Ақтөбе аудандарының ерекше атаулары қайдан шыққанын анықтауға тырысты.
Tengri AI ұсынған жаңалықтың қысқаша мазмұны Бұл ЖИ жазған мәтін
Tengrinews.kz тілшісі өлкетанушы Никита Саловпен бірге Ақтөбе аудандары атауларының шығу тегін зерттеді: Шанхай, Сиңғай, Мәскеу, Малышка, Оторвановка, Татарка, Құрмыш. Шанхай: шеткері орналасқан, УКА 168/2 колониясы бар (1957 жылы салынған) аудан; бұрын беделі нашар болған; атауының бір нұсқасы — «шаңқай түсте» тіркесінен шыққан делінеді, бірақ құжатпен расталмаған. Сиңғай: Шанхайдың көршісі, 1980-жылдары салынған; атауы қолданыстан шығып барады; шығу тегі туралы нақты түсініктеме жоқ. Мәскеу: тергеу изоляторы (1948) орналасқан жеке сектор; атау нұсқалары Орынбор-Ташкент теміржолымен (1904–1905) байланысты: Мәскеуден келген қоныс аударушылар немесе Мәскеу уақытына бағдарлану. Малышка: орталық базар маңындағы аудан; қиылыста ескерткіштер ауысқан (Левон Мирзоян → Қожабай Жазықов); атау нұсқасы — бұрынғы балалар тағамы дүкені. Оторвановка: аумақтық жағынан оқшауланған; Юрий Тарасенконың нұсқасы — казактардың бөлек қоныстануы; қосымша — Кіші төбедегі ескі зиратпен бөлінуі. Татарка: XIX ғасырдың соңына қарай Крепостная (қазіргі Қазақстанның 30 жылдығы) және Гарнизонная (қазіргі Досмұхамедұлы) көшелері маңында қалыптасқан; атауы татар және башқұрт саудагерлерінен шыққан; алғашқы қалалық мешіт; топоним дүкендер мен мешіт атауларында сақталған. Құрмыш: ірі қолөнершілер ауданы; атау нұсқасы — есімі осы жерге берілген Құрмыс (Құрамыз) есімді шебердің/ұстаның атынан шыққан. Қорытынды: топонимдердің бір бөлігінің расталған тарихи негізі бар, басқалары — тек нұсқалар мен аңыздар; атаулар адамдар, нысандар және қала географиясы туралы естелікті сақтайды.
Шанхай - атышулы ауданШанхай Ақтөбенің шет жағында орналасқан. Мұнда ескі көпқабатты үйлер мен жеке сектор қатар жатыр.
Сурет © Tengrinews.kz
Жергілікті жұртқа кеңінен танымал нысандардың бірі - № 8 орташа қауіпсіздік мекемесі немесе халық арасында ұзақ уақыт бойы "алтыншы колония" деп аталып кеткен түзеу колониясы.
Сурет © Tengrinews.kz
Бұл мекеме 1957 жылы салынған, бұрынғы ресми атауы - УКА 168/2.
Сурет © Tengrinews.kz
Кезінде Шанхай Ақтөбедегі ахуалы нашар, жұрт аса қажеттілік болмаса, аяқ баспайтын аудан саналатын.
Сурет © Tengrinews.kz
Бүгінде оның мұндай тарихын тек көнекөз қариялардың әңгімесінен естисің. Аудан неліктен Қытай мегаполисінің атауын иеленгеніне нақты жауап жоқ.
Сурет © Tengrinews.kz
"Жергілікті газеттердің бірінен Шанхай атауы "шаңқай түсте" деген тіркестен шыққан деген деректі оқыдым. 50-ші жылдары көлік тапшылығынан қаланың бұл бөлігіне жету қиын болған екен, сондықтан кеш қалып қоймас үшін жолға шаңқай түсте шығу керек болған", - дейді өлкетанушы Никита Салов.
Бұл нұсқа қисынды көрінгенімен, нақты дерек жоқ. Осылайша, зәулім үйлері жоқ, бірақ өз тарихы бар ақтөбелік Шанхай әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр.
Сурет © Tengrinews.kz
Шанхайдың іргесінде Сингай ауданы орналасқан. Мұнда негізінен 1980-ші жылдары салынған бес қабатты үйлер мен ескі жатақханалар бар. Кезінде "Сингай" атауы тұрғындар үшін үйреншікті болса, уақыт өте келе күнделікті сөз қолданысынан шыға бастаған.
Сурет © Tengrinews.kz
Шанхай атауын Ақтөбенің жас буыны әлі де біледі, ал Сингай туралы көбі ести қоймаған. Ауданның өзі орнында тұрғанымен, ол неліктен бұлай аталғаны туралы естелік өшіп барады.
Сурет © Tengrinews.kz
Топонимнің шығу төркініне қатысты нақты түсініктеме жоқ. Көршілес екі ауданға ортақ бір сипат бар: олардың атауы ұрпақтан-ұрпаққа жеткенімен, шығу тарихы әлі күнге дейін белгісіз.
Мәскеу: теміржолдың бұған қандай қатысы бар?Ақтөбедегі "Мәскеу" ауданы қаланың басқа бөлігінде орналасқан. Мұнда негізінен жеке үйлер салынған.
Сурет © Tengrinews.kz
Танымал нысандар қатарында 1948 жылы салынған тергеу изоляторы бар.
Сурет © Tengrinews.kz
Бұл ескі ғимараттың бір бөлігі апат жағдайында деп танылған.
Жергілікті Мәскеудің өзіне тән тарихи белгілері бар. Мысалы, кәсіпорынның өзі әлдеқашан жабылса да, "Сельмаш" аялдамасы әлі бар. Сондай-ақ, аудан орталығында осы аттас дүкен орналасқан.
Сурет © Tengrinews.kz
Мәскеу атауына қатысты бірнеше болжам бар. Соның бірінде бұл атау 1904-1905 жылдары Орынбор-Ташкент теміржолының құрылысы кезінде пайда болған делінеді.
Сурет © Tengrinews.kz
"Кейбіреулер аудан атауын Мәскеуден теміржол құрылысына келген қоныс аударушылармен және жұмысшылармен байланыстырады. Сондай-ақ, теміржолшылар пойыз кестесін жасау кезінде Мәскеу уақытына сүйенген деген де нұсқа бар. "Мәскеу" атауы осыдан шыққан болуы мүмкін", - деп түсіндірді өлкетанушы.
Нұсқалардың қайсы дұрыс екені нақты белгісіз. Бірақ қаланың теміржол тарихы тұтас бір ауданның атауында із қалдыруы әбден мүмкін.
Сурет © Tengrinews.kz
Орталық базар маңында атаулары ерекше тағы екі аудан бар: Малышка мен Оторвановка. Мұнда жарты ғасырлық тарихы бар ескі үйлер сақталған.
Сурет © Tengrinews.kz
Ескі атаулар халық санасына сіңіп кеткені соншалық - қоғамдық көлік аялдамаларына да осы атаулар берілген.
Сурет © Tengrinews.kz
Малышканың өз тарихы бар. Кезінде жол қиылысында Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Левон Мирзоянның ескерткіші тұрған.
Cурет © Tengrinews.kz
Кейінірек оның орнына Кеңес Одағының Батыры, Ұлы Отан соғысының ардагері Қожабай Жазықовтың ескерткіші орнатылды.
Сурет © Tengrinews.kz
Ескерткіш Малышканың қозғалыс көп қиылысында тұр. Бірақ "Малышка" атауы қайдан шықты? Бұл сұрақты ақтөбелік өлкетанушыға қойдық.
"Менің естуімше, мұнда бүкіл қала тұрғындары келетін балалар тағамы дүкені болған. Ауданның атауы осыдан шықса керек", - деп түсіндірді Никита Салов.
Бұл әңгіме құлаққа жағымды естілгенімен, Малышканың шығу төркіні туралы кезекті бір болжам ғана.
Оторвановкаға қатысты жағдай анағұрлым күрделі. Оның орналасқан жерінің өзі жауапты аңғартып тұрғандай: аудан аумақтық жағынан қаланың қалған бөлігінен жырақ жатыр.
Сурет © Tengrinews.kz
Неліктен бұлай болды? Өлкетанушы ақтөбелік тарихшы Юрий Тарасенконың "Город. Годы. Люди. Жизнь" атты кітабында келтірілген нұсқаны еске алды. Онда Оторвановкада оқшау өмір сүрген және қала орталығынан алыс қоныстанған казактар тұрғаны айтылған.
"Осы нұсқамен келісемін. Бірақ, меніңше, аудан орталықтан алшақ қалуына Кіші төбе баурайында орналасып, оны қаланың орталық бөлігінен бөліп тұрған ескі зират та себеп болды", - деді Салов.
Сурет © Tengrinews.kz
Демек, бұл атау қалыптасуына алғашқы тұрғындардың өмір салты ғана емес, қаланың географиялық ерекшелігі де әсер еткен көрінеді.
Сурет © Tengrinews.kz
Кейбір атаулардың шығу төркінін түрлі деректен жинауға тура келсе, Татарка ауданының тарихы әлдеқайда түсінікті.
Сурет © Tengrinews.kz
Мұнда бір-біріне өте жақын салынған ескі жеке үйлер сақталған.
Сурет © Tengrinews.kz
Олардың кейбіреулері әбден тозған, бірақ адамдар әлі де тұрып жатыр. Мұндай баспаналардың бір бөлігі жалға беріледі.
Сурет © Tengrinews.kz
Дәл осындай ғимараттар ескі Ақтөбенің келбетін сақтап қалған. Татарка ауданының тарихы XIX ғасырдан басталады.
Сурет © Tengrinews.kz
Оның қалыптасуы қаланың алғашқы көшелері - қазір Қазақстанның 30 жылдығы көшесі деп аталатын Крепостнаямен және Досмұхамедұлы көшесімен (бұрынғы Гарнизонная) байланысты.
"XIX ғасырдың соңына қарай мұнда Татар слободасы ауданы қалыптасты. Аудан атауы бұл жерге татар және башқұрт көпестері, яғни қаламыздың алғашқы кәсіпкерлері қоныстанғандықтан пайда болған. Дәл осы жерде қаланың алғашқы мешіті бой көтерді", - дейді Никита Салов.
Шанхай мен Сингайға қарағанда, "Татарка" атауының нақты тарихи негізі бар. Бұл - жай ғана халық қойған атау емес, қаланың қалыптасуына үлес қосқан жандар туралы естелік.
Сурет © Tengrinews.kz
"Татарка" тарихи атауы ауданның қазіргі тыныс-тіршілігінен де көрінеді.
Сурет © Tengrinews.kz
Мұнда осы аттас бірнеше дүкен бар.
Сурет © Tengrinews.kz
Ауданның өз мешіті де бар.
Сурет © Tengrinews.kz
Ақтөбенің ең ірі аудандарының бірі - Құрмыш. Жергілікті тұрғындар әлі күнге дейін өздерін мақтанышпен "құрмыштықтармыз" деп атайды.
Сурет © Tengrinews.kz
Мұнда негізінен жеке үйлер басым, бірақ уақыт өте келе көпқабатты үйлер де пайда болған. Ауданның өзіндік ерекше атмосферасы бар.
Сурет © Tengrinews.kz
Никита Саловтың айтуынша, Құрмыш тарихи тұрғыдан қолөнершілер мен өндірісшілер ауданы болған. Ал оның атауының шығу тегіне қатысты бірнеше нұсқа бар.
Сурет © Tengrinews.kz
"Ең көп тараған жергілікті нұсқалардың бірі бойынша мұнда Құрмыш есімді қазақ ұстасы, шебері тұрған. Адамдар оған көмек сұрап келетін болған, уақыт өте келе оның есімі мекеннің атауына айналған. Кейбір мақалаларда жұрт Құрмыш деп құрметпен атаған Құрамыш есімді шебер де аталады", - дейді өлкетанушы.
Сурет © Tengrinews.kz
Бұл нұсқа рас болса, тұтас бір ауданның атауы осы адам туралы естелікті сақтап қалған.
Сурет © Tengrinews.kz
Шанхай, Сингай, Мәскеу, Малышка, Оторвановка, Татарка, Құрмыш. Бір қарағанда бұл атаулар кездейсоқ сөздер тізбегі сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ олардың әрқайсының артында қатталған тарих бар. Ол - қала тұрғындарының есінде қалып, келесі ұрпаққа жеткен ғимараттар, адамдар мен істер туралы шежіре.
Әрине, барлық атау қайдан шыққаны туралы бұлтартпас дәлел жоқ. Кей жерде расталған тарихи дерек болса, кей жерде тек өлкетанушылардың болжамы мен көнекөз қариялардың әңгімелері айтылады. Бірақ қала топонимдерін ерекше ететін де осы нәрсе: олар тек тарихты емес, әлі де жауабы табылуы қажет жұмбақты сақтап келеді.

1913 жылы Ақтөбе қаласы осындай болған. Сурет ашық дереккөзден алынды, оны өлкетанушы Никита Салов ұсынды.
Мәтін: Алдияр Қосенов
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:20
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 28 Қазан 2026 10:18 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















