Эстакада астындағы өмір: Астанада LRT ға жақын тұратындар қалай өмір сүріп жатыр?
Tengrinews.KZ парақшасындағы ақпаратқа сәйкес, Qazaq24.com хабар таратты..
Елордада жеңіл рельсті көлік жүйесін салу жоспары алғаш рет 2005 жылы айтылған болатын. Арада жиырма жылдан аса уақыт өткенде жоба ақыры толық іске қосылды. 16 мамырда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордалық Tarlan Astana жеңіл рельсті көлігінің қозғалысын ресми түрде ашып берді.
Қаланың ең көп талқыланатын нысандарының біріне айналған жаңа көлік жүйесі бес айдан бері Астана тұрғындары мен қала қонақтарына қызмет көрсетіп келеді. Эстакаданың дәл астында тұру қаншалық жайлы, рельстердің гуілі мазаламай ма және күнделікті тіршілікте жерүсті көлігі қаншалық ыңғайлы? Осы сауалдардың жауабын білу үшін Tengrinews.kz тілшілері станциялар мен оған іргелес тұрғын үй алаптарына барып қайтты.
"Мұншалық бақытты адамдарды еш жерден көрмеппін"Дәрігер-кардиолог Темірбек Жанпайызов "Театр" станциясы жанындағы "Балқадиша" тұрғын үй кешенінде тұрады. Бұл отбасы пәтерді 2022 жылы, аудан қарқында салынып жатқанда, үйдің айналасында жолдар жоқ кезде сатып алған.
Астана тұрғыны Темірбек Жанпайызов. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оның айтуынша, баспана сатып алар кезде LRT-ға жақын тұру шулы болмай ма және аудан тым абыр-сабыр болып кетпей ме деген сұрақтар туындаған. Дегенмен көлік жобасының тиімділігі бұл қауіптерден басым түскен.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
2023 жылы отбасы пәтерге көшіп келіп, кейінірек жеңіл рельсті көліктің аялдамасы тура үйге кіреберіс маңында болатынын білген.
"Өте шулы немесе адам тым көп болатын шығар деп ойладық. Бірақ уақыт өте келе LRT желілері ашылғанда, мұның өте ыңғайлы дүние екенін түсіндік", - дейді Темірбек Жанпайызов.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оның жаңа көліктен алған алғашқы әсері жол жүру жылдамдығы немесе станциялардың құрылымына емес, жолаушылардың көңіл күйіне байланысты болған.
"LRT-ның ішінен мұншалық бақытты адамдарды бұрын-соңды көрмегенмін. Алғашында тәуліктің қай уақытында вагонға кірсең де, жүздері бал-бұл жанған адамдарды көретін едің. Бұл олар 10 жыл бойы күткенінен болар, не болмаса LRT, шынында да, ыңғайлы, әдемі әрі заманауи болғанынан шығар", - деді ол.
Ер адамның айтуынша, алғашқы апталарда LRT-мен жүру қала тұрғындары үшін нағыз мерекеге айналған. Адамдар отбасымен келіп, әдемі киініп, балаларын ертіп, жаңа көлікті қызығушылықпен тамашалаған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Темірбек Жанпайызовтың өзі де жұмысқа бару кезінде көліктен бас тартуды ұйғарған. Бұрын ол екінші қалалық ауруханада жұмыс істеген, ал оған ең жақын станция бірнеше минуттық жерде орналасқан.
Үйден жұмысқа дейін 43 минут кетеді"Көлігімді қалдырып, күн сайын дерлік LRT-мен жүрдім. Ең ұнағаны адамдардың бақытты жүзі, күлкісі болды. Құдды бір мереке сияқты еді", - деп еске алды ол.
Уақыт өте келе алғашқы әсерден гөрі сапар уақытын жоспарлай алудың пайдасы айқынырақ сезілген.
Темірбек Жанпайызов LRT-ны пайдаланғанда үйінен жұмыс кабинетіне дейінгі жол шамамен 43 минут уақыт алатынын есептеген. Көлікпен де осынша уақыт кетуі мүмкін, бірақ ол кезде бәрі жолдағы кептеліске байланысты болатын.
"Салыстыратын болсақ, көлікпен жүргенде де шамамен 40 минут уақыт кететін. Яғни айырмашылық жоқ: көлікте кептелісте тұрасың, бензинге шығындаласың, ал мұнда кірдің, 200 теңге төледің де, діттеген жерге жетіп алдың. Уақыттан да, ыңғайлы болғанынан да ұтасың", - деп түсіндірді ол.
Ер адамның пікірінше, далаға шықпай-ақ негізгі көлік тораптарына жете алу - тағы бір артықшылық. Әсіресе, бұл әуежайға қатысты.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оның айтуынша, іссапарларға бару әлдеқайда оңайлаған. Бұрын әуежайға біреуді шығарып салу немесе қарсы алу үшін біреуден жеткізіп тастауды сұрауға не болмаса таксиге ақша шығындауға тура келетін. Енді LRT-мен терминалға дейін өзің жете аласың.
"Бұл қыс мезгілінде өте ыңғайлы, себебі далаға шықпайсың. Терминалдан бірден станцияға барасың. Жол жылы ғимарат ішінде бірнеше минут уақыт алады", - деді ол.
Ол Астанаға басқа қалалардан ұшып келетін жолаушыларға да назар аударған. Оның бақылауынша, көбі әуежайда такси шақырғаннан гөрі LRT-мен жетуді жөн көреді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Адамдар "LRT-ға отырып, 200 теңге төлеп, керек жеріңе ең жақын станциядан түсіп қала алсаң, таксиге неге көп ақша төлеуім керек?" дейді. Ал әрі қарай жаяу жүргіңіз келмесе, таксиді сол жерден шақырып, ақша үнемдеуге болады", - деді ер адам.
Ол үшін бұл - жаңа көліктің басты артықшылықтарының бірі. Әуежайдан такси шақыру бірнеше мың теңге тұрғанда, баға айырмашылығы едәуір байқалады.
Хоккейге екі сағаттың орнына 20 минутта жетесіңLRT отбасының үйреншікті бағыттарын қалай өзгерткеніне тағы бір мысал - хоккейге апарар жол. Темірбек Жанпайызовтың балалары осы спорт түрін жақсы көреді, маусым басталғалы отбасы матчтарға жиі баратын болған.
Олар алғашқы сапарына көлікпен шыққан. Үйлері орналасқан ауданнан барар жерге дейінгі жол кептелісті есепке алғанда, екі сағатқа жуық уақыт алған. Осылайша, олар келесі матчқа жеңіл рельсті көлікті пайдалануды ұйғарған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Келесі матчқа LRT-мен бардық. Қателеспесем, үйімнен "Астана Арена" станциясына дейін шамамен 20 минут, ал ол жерден бір квартал, яғни жеті минут жаяу жүресің, сонда баратын жеріңе жетесің. Қайтар жол да дәл солай", - деді ол.
Мұндай айырмашылық жолдарда кептеліс болған уақытта қатты байқалады, ол кезде қысқа маршруттың өзі көлікпен ұзақ уақытқа созылып кетуі мүмкін.
LRT тек жұмысқа немесе спорттық іс-шараларға баруға емес, сонымен қатар, сауда орталықтары мен кинотеатрларға барғанда, тұрақ іздеп, уақыт жоғалтпауға да ыңғайлы болған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Темірбек Жанпайызовтың айтуынша, кейде көлік тұрағының құны бөлек шығынға айналады. Мұндай жағдайларда тіпті бүкіл отбасымен жүргенде де, қоғамдық көлік тиімді.
Ер адамның сөзінше, балаларға қала ішінде өз бетінше жүруге мүмкіндік беретін көлік карталарын рәсімдеп берген. Бұл оларға еркіндік береді әрі ата-аналарын көлікпен жүру міндетінен босатады.
"Бір айда айтарлықтай үнемдеуге болады""Қазір балалар қалаған жеріне бара алады. Олардың көлік карталарын толтырып қойдық, олар ешқандай сұрақсыз жүре береді. Бұл өте ыңғайлы", - деп толықтырды ол.
Темірбек LRT-ның арқасында қанша қаржы үнемделгенін әлі нақты есептемеген. Алайда жүріп-тұрудың әртүрлі тәсіліне кететін шығынды салыстырған ол айырмашылық байқалатынына сенімді.
Мәселен, жұмысқа дейін LRT-мен барып-қайту құны - 400 теңге (бір жолғы сапар құны - 200 теңге). Оның есебінше, дәл осы бағытта жеңіл көлікпен жүру бірнеше литр жанармайды талап етеді.
Cурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Жұмысқа барсам, баруыма 200 теңге, қайтуыма 200 теңге кетеді. Ал көлікпен жүрсем, барып-қайтқанша шамамен 25 шақырым жол жүремін. Қалай болғанда да, көлікпен екі-үш есе көп шығындаласың, әсіресе, қыста көлікті қыздыру қажет болған кезде шығының көбейеді", - деп түсіндірді ер адам.
Оның айтуынша, такси бұдан да қымбатқа түседі. Қаланың кейбір нүктелеріне дейінгі жол жүру құны 2500-ден 5000 теңгеге дейін жетеді.
Автобус - салыстырмалы түрде арзанырақ нұсқа. Бірақ Темірбек Жанпайызовтың айтуынша, қарбалас уақытта автобуспен жүру де оңай емес. Бұрын ол жұмысқа автобуспен баруға тырысатын, алайда жолаушы көптігінен кейде қатарынан бірнеше автобусты жіберіп алатын кездер болған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Аялдамада тұрғанда адам да, бала да өте көп болады. Алдымен балалар мен үлкендер отырса екен дейсің, содан кейін ғана өзің мінуге тырысасың. Кейде автобусқа сыймай қалып, таксиге ақша шығындауға тура келетін", - деді ол.
Ер адам LRT-ны тек көлікпен емес, қоғамдық көліктің басқа түрлерімен де салыстыратынын айтты. Ол үшін тек шығын емес, жолда үнемдеуге болатын уақыт та маңызды.
Пойыздардың дауысы кедергі келтіре ме?Отбасын бұл жаққа қоныс аударар алдында мазалаған басты сұрақтардың бірі пойыздардан келетін шу болған. Темірбек Жанпайызов пойыздар жүре бастағанда, айтарлықтай қолайсыздық сезінбегенін айтты.
Олардың пәтері жетінші қабатта орналасқан. Ер адамның айтуынша, өтіп жатқан пойыздардың дыбысы кейде естіледі, бірақ күнделікті өмірге кедергі келтірмейді.
"Біз жетінші қабатта тұрамыз, бізге дыбыс мүлдем естілмейді десе де болады. Алғашқы уақытта, желі әлі ашылмаған кезде көше тұйық болатын, көлік аз еді және дыбыс білінетін. Қазір Шәмші Қалдаяқов көшесі ашылды, бұл көшеге жан кіргендей болды, сондықтан көліктердің гүрілі LRT дыбысын басып кетеді", - деді ол.
Темірбектің айтуынша, пойыздардың қозғалысы кешке тоқтайды, сондықтан түнде тұрғындарды шу мазаламайды.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Оның сөзінше, көршілерінен де шуға қатысты айтарлықтай шағым естімеген, дегенмен жолға жақын орналасқан пәтерлерде дыбыс қаттырақ естілуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Алайда LRT іске қосылуы ауданның үйреншікті атмосферасын басқа арнаға бұрғандай. Бұрын мұнда көлік пен жаяу жүргінші аз болатын, көшелер тыныш еді. Қазір адам қарасы көбейген, көлік ағыны артқан, ал велосипедпен серуендеуге арналған үйреншікті бағыттар бұрынғыдай тыныш емес.
"Мен үшін бұл кемшілік шығар, себебі біз адам да, дыбыс та аз болатын барынша тыныш ауданды таңдаған едік. Біреулер үшін, мысалы бизнес үшін бұл керісінше өте жақсы. Адам көбейді, есесіне дүкендер, дәріханалар және басқа да орындар үшін жаңа мүмкіндік ашылды. Мен үшін кемшілік болған нәрсе біреу үшін үлкен артықшылық болуы мүмкін", - деді ер адам.
Осылайша, жаңа көліктің ауданға әсері әртүрлі болған. LRT қала ішіндегі қозғалысты жеңілдетуімен қатар, бұрынғы тыныш ауданды жандандыра түскен.
Tarlan Astana-ға тағы не жетіспейді?Десе де Темірбек Жанпайызов қазіргі көлік желісі Астанадағы қозғалыс мәселесін әлі толық шеше алмайды деген пікірде.
Оның сөзіне қарағанда, қаланың басқа аудандарына баратын бағыттардың тапшылығы ерекше байқалады. Қазір оң жағалаудың кейбір жеріне жету үшін әлі де көлікті пайдалануға немесе бірнеше көлік түрін біріктіруге тура келеді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Ол өзі магистратурада оқитын Астана медицина университетіне дейінгі жолды мысал ретінде келтірді. Оның айтуынша, көлікпен жол жүру кептеліс болмаса, 30-35 минут, ал жолдар бос болмаған жағдайда 50 минут немесе одан да көп уақыт алады.
"Сол жаққа қарай бір тармақ болса, өте жақсы болар еді. Біреуіне отырып, екіншісіне ауысып міну өте ыңғайлы. Аялдамалар мен тармақтар неғұрлым көп болса, соғұрлым жақсы", - дейді ол.
Ер адам көтерген тағы бір мәселе - эстакада астындағы инфрақұрылым. Ол көлік іске қосылғаннан кейінгі алғашқы айларда жаңбыр жауғанда LRT конструкцияларының астында тұрған көліктерге су тамшылағанын байқаған. Оның айтуынша, кейбір жерлерде шалшықтар пайда болған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Бірақ ол бұл учаскелермен көлікпен жүрмегелі көп болғандықтан, қазір мәселе толық шешілген-шешілмегенін айта алмайды. Дегенмен тұрғын қыс түсер алдында инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлу керек деген пікірде.
"Бұл - Қазақстандағы алғашқы жерүсті көлігі, сондықтан бәрі қатеден сабақ алады. Ең бастысы - өрескел қатеге жол бермей, барынша жылдам әрекет ету. Алғашқы үсік, алғашқы қар түскенде туындаған мәселелерге жедел назар аудару маңызды", - ол.
Сондай-ақ, ол жауапты ұйымдар олқылықтарды уақтылы жоюы үшін қала тұрғындарын қолжетімді сервистер арқылы кемшіліктерді хабарлап отыруға шақырды.
Сонымен қатар, ол станциялар мен вагондардың тазалығына да тоқталды. Оның айтуынша, әзірге жаңа көлік жақсы әсер қалдырып жатыр және ол бұл жағдай алдағы уақытта да өзгермегенін қалайды.
"Ол жақ әрқашан таза, қызметкерлер жол сілтеп, көмектеседі. Адамдар қоқыс лақтырмай, соңынан жинап жүргенін қалаймын. Әркім өзінен бастаса, бәрі осылай әдемі әрі таза болады", - деп түйіндеді ол.
Темірбек Жанпайызов LRT іске қосылуын оң бағалайды. Ол үшін бұл жай ғана жаңа нысан емес, отбасының күнделікті шешімдеріне - жұмысқа барудан бастап, болашақ қызмет орнын таңдауға дейін әсер еткен көлік түрі.
Ер адамның айтуынша, енді клиникалардан түскен ұсыныстарды қарастырғанда, оған жеңіл рельсті көлікпен жету қаншалық ыңғайлы екеніне де мән береді.
"Жібек жолы" станциясындағы кедергілер жолағы"Медициналық мекеме станцияның жанында орналасса, бұл дәрігерге де, емделушілерге де ыңғайлы. Кептеліссіз тез жетуге болады. Қазір жұмыс қарастырып жатырмын, LRT қолжетімділігі мен назар аударатын алғашқы факторлардың бірі болады", - деді ол.
"Театр" станциясы маңында өмір үйреншікті арнасына түссе, Шәмші Қалдаяқов көшесі бойындағы "Жібек жолы" станциясына жақын орналасқан үйлердің тұрғындары үшін әзірге қуануға себеп аздау.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Перрондардан шығып, жолаушылармен бірге мәселе туындаған жерге жеттік. Бұл жер әлі күнге дейін ауқымды құрылыс алаңындағы беберекетсіздікті еске түсіреді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Мұндағы жаяу жүргіншілер аймағы жөндеу жұмыстары жарты жолда тоқтап қалғандай әсер қалдырады. Төселген тас төсемдер кей жерлерде құм мен балшыққа, ескі асфальт кесектеріне, қиыршық тас үйінділеріне және қираған бетон блоктарға тіреліп, үзіліп қалады.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Кейбір жерлерде тротуар плиткалары төселмеген күйі жерде үйіліп жатыр.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Болашақ жаяу жүргіншілер аумағы бойында ауыр құрылыс техникалары - экскаваторлар, тракторлар мен бетон араластырғыштар тұр, олардың дөңгелектерінен терең іздер қалған.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Барлық жерде жол белгілері, құдықтардың бетон сақиналары, құрылыс қоршаулары ретсіз шашылып жатыр.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Адамдарға осы кедергілер арасынан ептеп өтуге тура келеді. Осының бәрі жаяу жүргіншілер үшін қолайсыздық тудырады.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Олар жұмыстар тезірек аяқталуын тілеп, шаң мен құмның үстімен жүруге мәжбүр.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Жолда кездескен жергілікті тұрғындар ауданды абаттандыру жұмыстары созылып кеткенін айтқанда, наразылығын білдірді.
"Тротуар атымен жоқ, жолдың бәрін қопарып тастаған! Алдымен асфальт төсеу үшін бір бөлігін жабады, сосын екінші бөлігін жабады. Жүретін жер қалмады, аяқ киімнің табаны тозды. Соның салдарынан "Нұрлы жол" станциясына дейін жаяу баруға мәжбүрміз", - деді қала тұрғындары.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"Жібек жолы" маңындағы инфрақұрылым әлі де жүргізіліп жатыр. Ал төбеден өтіп жатқан заманауи LRT пойыздары қазылған жер мен үйлерге апаратын қираған жолдарға мүлдем кереғар көрінеді.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Қала тұрғындары күнделікті өмірде жеңіл рельсті көлікті қаншалық жиі пайдаланатынын, бұл көлік қаншалық ыңғайлы екенін білу үшін Tengrinews.kz тілшілері "Астана Арена" станциясына барды. Мұнда қашан да халық көп: перрон жұмысқа асыққан тұрғындарға, студенттерге және балалы отбасыларға толы.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Пойыз күтіп тұрғандар арасынан смартфонынан бағытты мұқият тексеріп тұрған ер адамды байқадық. Ол - астаналық Тимур Омаров. Оның айтуынша, көлік тізгіндегенді жөн көреді және үнемі тек өз көлігімен жүреді.
Астаналық Тимур Омаров. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Дегенмен бүгін көлік жұбайына қажет болып, Тимур алғаш рет елордалық жерүсті жолын сынап көруді ұйғарған.
"2ГИС-тен қарап, баратын жеріме автобустан гөрі LRT-мен жету әлдеқайда ыңғайлы әрі жылдам екенін көрдім. Сөйтіп, оны алғаш рет өз мақсатыма пайдалануды жөн көрдім. Жалпы, барлығы өте қызық, сапалы, әдемі әрі заманауи жасалған. Уақыт өте келе желілер мен тармақтар көбейсе, бұл барлық тұрғынға өте қолайлы болар еді", - дейді Тимур.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Платформаның қарама-қарсы бетінде Әсел Сұраншиева жол жүруге дайындалып тұр. Ол үшін де бұл сапар - Tarlan Astana-мен алғашқы таныстық.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"ЛРТ пайда болғалы қала өмірі айтарлықтай жеңілдеген сияқты, жол кептелісі де біртіндеп азайып келеді. Бұл - өте қызық тәжірибе: келесі станцияға жаяу немесе автобусқа қарағанда бірнеше есе жылдам жетуге болады. Мұнда мені бәрі таңғалдырды: әдемі, заманауи, жайлы. Оны жиі пайдаланатын болсақ, әсеріміз бұдан да жақсара түседі деп ойлаймын", - дейді Әсел күлімсіреп.
Ал Сабина Сейтқалиева үшін жерүсті жолы күнделікті сапарларының үйреншікті әрі ажырамас бөлігіне айналып үлгерген. Бойжеткен елордада көлік кептелісі күшейетін қарбалас сәтте бұл көлік түрі қаншалық көмектесетінін әңгімелеп берді.
Сабина Сейтқалиева. Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
"ЛРТ - ыңғайлы көлік. Көшеде кептеліс болғанда, кез келген жерге лезде жетесің. "Нұрлы жолдан" әуежайға дейін небәрі 40 минутта жетеді, бұл өте қолайлы. Қызметкерлерді ерекше атап өткім келеді. Станция қызметкерлері өте сыпайы, әрдайым көмектесуге, жол сілтеуге дайын. Бұл көлік түрі одан әрі дамығанын қалаймын. Өйткені қала маңындағы, сондай-ақ, Жағалау немесе вокзал сияқты аудандардың тұрғындары орталыққа тез жетуіне осы көлік өте қажет", - дейді Сабина.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Бес айдан аса уақыт ішінде Tarlan Astana кейбір тұрғындар үшін үйреншікті қозғалыс құралына айналса, енді басқалары үшін алғаш рет өздерінің көлігінен қоғамдық көлікке ауысуға себеп болды. Жерүсті жолы кептелісте уақыт үнемдеуге, жол шығынын азайтуға және баратын жеріне ыңғайлы жетуге мүмкіндік берді. Ал кейбіреулер үшін бұл көрікті жерге айналып, адамдар мұнда ерекше әсер алу үшін және суретке түсу үшін келеді.
Дегенмен LRT туралы пікір тек пойыздардың жылдамдығы мен вагондардағы жайлылықтан құралмайды. Тұрғындар желі кеңеюін күтіп жүр, ал кейбір учаскелерде олар станцияларға баратын жолдар ыңғайсыздығына, құрылыс жұмыстарына және толыққанды тротуарлар жоқтығына тап болып отыр.
Алда олқылықтарды жою, нөсер суын ағызу мәселелерін шешу және іргелес аумақтарды абаттандыруды аяқтау жұмыстары күтіп тұр. Жаңа көлік барлық жолаушыға жайлы болуы үшін станциялар мен вагондардың тазалығын сақтау да өте маңызды.
Сурет: ©️ Tengrinews.kz / Нұрлан Алжабаев
Жиырма жыл бойы LRT бүкіл Астана күткен жоба болды. Пойыздар жолаушыларды тасымалдап жатқанда, ендігі ең басты мәселе - үйден шыққаннан бастап қажет станцияға жеткенге дейін тұрғындарға қаншалық ыңғайлы болатыны. Өйткені қалалық көліктің жетістігі оның көше үстімен қаншалық жылдам қозғалатынымен емес, ол пайда болғалы өмір қаншалық жеңілдегенімен өлшенеді.
Болашақта қала билігі желіні қала маңындағы Қосшыға, Жағалауға және "Астана-1" вокзалына дейін ұзартуды жоспарлап отыр. Қазір Астанада Tarlan Astana жобасының екінші кезеңінің құрылысы белсенді жүргізіліп жатыр. Ол қолданыстағы желіге тағы 26,51 шақырым жол мен 20 станция қосуға тиіс.
Мәтін: Аружан Дәрібай
Дайындаған: Жансая Қадыржанова
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:108
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 27 Қазан 2026 14:43 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















