Абай асыл арқау
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Дана Абай жөнінде жазылды, көп айтылды. Ғұламаның елдік шаралары да дүркіреп өтті. Абайтану ұлттанудың өзегіне айналды. Осы ретте қоғам жаңғырған тұста хакім Абайдың ағартушылығы мен зиялылығын жіті және жүйелі зерделей түсуіміз қажет.
Ағартушылық ақиқаты
Қазір «зиялы» ұғымының анықтамасы күрделенді. Шынында «зиялы» деген кім? Жалпы, бұл сұраққа «ізетті, мәдениетті, оқыған, сауатты адам» деп бірауыз сөзбен ғана жауап бере салуға болар еді, бірақ қазіргі білім, ақпарат ғасырында көпшіліктің көзі ашық. Демек, «зиялы» дегеніміз – оқыған-тоқығаны мол азамат қана емес, елдің болашағы үшін егіліп, жұрттың келешегі үшін жегіліп қызмет істеу деген сөз. Кешегі Алаш зиялылары соның айқын мысалы бола алады. Олар ұлттың ертеңі үшін қара басынан, ел ісін, мүддесін жоғары қойған біртуарлар ғой. Абайды пір тұтқан алаш зиялылары ұстазының «мыңмен жалғыз алысқан» ізін жалғастырып, кейінгі буынға бағдарлы шамшырақ бола алды.
Зиялы қауым халықты ағарту бағытында жанкештілікпен жұмыс істейді. Ал қазір ағартушылықты неге діни догмамен салыстырамыз, неге Еуропа секілді қоғамдық-саяси немесе идеялық ағым ретінде қарауымыз керек?
Абайдың ағартушылығы – ұлттың бай мұрасынан, кең байтақ даласынан, ұлттық өнері мен мәдениетінен, халық ауыз әдебиетінен нәр алған, әжесінен, ата-анасынан сіңген табиғи болмыспен біте қайнасқан алтын арқау екенін түсінуіміз керек. Халқының шешендік өнерін, сөз құдіретін меңгерген ақын әр ойымен жүрек көзін ашуға жұмылды.
Ойшылдың пікірінше, халықты ағарту – жастарды ізгілікке, адамгершілікке үйрету, санада рухани сілкініс тудыратын ойлы құндылыққа жетелеу. Абай жастарды адамгершілік игі қасиеттерге баулу үшін аға буында ұстаздық шеберлік болуын талап етті. Бұл ойын «Ұстаздық еткен жалықпас, Үйретуден балаға», деп тұжырымдады.
Абайдың «Толық адам» ілімі осындай арманмен астасып жатыр. Мемлекет басшысының «Адал азамат» тұжырымы осы іліммен үйлеседі. Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа Жолдауында: «Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады. Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам» ілімінен бастау алатын «Адал азамат» тұжырымдамасының түпкі мәні – осы» деуі сондықтан. Адал азамат ұғымының Әділетті Қазақстанның басты құндылығы ретінде қарастырылғаны аса маңызды. Өйткені адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік орнамайды. Мемлекет басшысының елдің әрбір азаматын осы қасиетті парызға адал болуға шақыруы – бабалар аманатына адалдықпен байланыста екенін аңғарамыз.
Президенттің айтуынша, қазіргі міндет – халқымыздың жаңа болмысын қалыптастыру, тұтас ұлт сапасын арттыру. Қазақ зиялыларының бүгінгі борышы – ұлт болмысының жаңа қағидаттарын орнықтыру. Сондай-ақ ұлт сапасын арттыруға атсалысу. Яғни Абайдың «Толық адам» ілімімен қаруланған азамат жат әдеттен арылып, «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесінде өз орнын табады.
Университет ұстанымы
Абайдың есімін халықты ағарту миссиясымен байланыстырған қазақтың тұңғыш жоғары оқу орны өз ұстанымына берік. Елімізде ұлы хакімнің атын алған сансыз мекеме, сондай-ақ облыс, аудан, кент, ауыл бар. Ал біздің тұңғыш университетке Абайдың есімі күрделі де жауапты 1935 жылы берілуі кездейсоқ емес. Оның астарында Алаш арманы тұр. Елімізде университет көп, Абай университеті – алғашқы. Біз тұлға тәрбиелеуге жауапты ұстаз қалыптастырамыз.
Әлем үшін Абай – рухани биіктік пен адамгершіліктің асқаралы үлгісі. Оның асыл мұрасы – бүгінгі ұрпақ үшін сарқылмас қазына. Мұраты – тұтас ұлтты биік мақсатқа жетелейді. Ұлы ақынның атын иелену – әрбір мекеме үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік. Сондықтан Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Абайдың есімімен аталуы – тек бір оқу орнының ғана емес, бүкіл елдің ағартушылық жолындағы тарихи белесі.
Абай университеті – ұлы ақынның ағартушылық жолын жалғастырушы білім ордасы. Сондықтан, есімінің рәміздік мағынасы терең.
Ғұлама Абай «Білімдіден шыққан сөз, Талаптыға болсын кез» деп, ғылым мен білімді биікке көтерді. Ол – ақын ғана емес, қоғамға өзгеріс әкелуді мақсат еткен ірі ойшыл, реформатор. Абайдың арманы – қазақ халқының сауатты, өркениетті әрі әділетті елге айналуы еді. Сол арман бүгінгі күні университетте жаңғырып, жаңа сапаға қызмет етіп жатыр.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің негізі ресми 1928 жылы қаланды деп жазылғанымен, оның іргетасы Алаштың Ташкент кезеңінен басталатынын тарихшылар жақсы біледі. Бір қызығы, ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының 50 жылдығына Түркістан Республикасындағы тарихи бастау ордамызда аталып өтті. Ақаң кейін Алматыдағы оқу орнымызда сабақ берді.
Бүгінде Абай университеті – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның көшбасшы педагогикалық жоғары оқу орны. Мұнда әлемдік стандарттарға сай білім беріліп, заманауи технологиялар мен ұлттық дәстүр ұштасқан.
Оқу орнымыз таяуда «QS Asia WUR – 2026» халықаралық рейтингінде мәртебелі 138-орынды иеленіп, Азияның ең үздік 150 жоғары оқу орнының қатарына енді. Осылайша университет әлемнің үздік 650 жоғары оқу орнының қатарында еліміздің алдыңғы қатарлы үздік 4 университетінің бірі ретінде өз орнын нығайтты. Сондай-ақ біз «QS Stars» халықаралық рейтингтік жүйесі бойынша «Бес жұлдыз» үздік белгісіне ие болдық.
Сеул қаласында өткен Азиядағы жоғары білім ордалары үшін аса әлеуетті «QS Higher Ed Summit: Asia Pacific – 2025» үшкүндік саммитінде берілген «5 Stars» үздік басымдығы Қазақстан жоғары мектебіне зор серпіліс әкеледі деп сенеміз. Алаш қайраткерлері негізін қалаған Абай университеті бұл жетістікпен тоқтап қалмайды.
Абай атындағы ҚазҰПУ – осында қызмет істеп, дәріс берген Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Досмұхамедұлы, Смағұл Сәдуақасұлы, Ораз Жандосов, Санжар Асфендияров, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Қабылов, Бәймен Алманов, Темірбек Жүргенов сынды қайраткерлерді ұмытпайды. Олар қазақ ғылымы мен мәдениетінің алтын қорын қалыптастырды. Олардың мұрасы – бүгінгі жастарға үлгі, ал университет – сол рухани жалғастықтың айғағы.
Бұл оқу орны – ұлттық идеялардың, тарихи жадтың, мәдени кодтың сақтаушысы. Абайдың атымен аталатын білім ордасы – ұлттың жүрегі, халықтың үні. Мұнда білім алған түлектер ең бірінші ауылда да, қалада да елдің болашағына жарқын жол ашатын мұғалімге айналады.
Даналық дәні және ЖИ
Заман алмасқан сайын адамзат жаңалыққа қарай ұмтылады. Әр дәуірдің өзгерісі мен жаңашылдығы бар. Дана Абай «Ғылым таппай мақтанба» деп, халықтың білімге деген оң көзқарасын қалыптастырды. «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деп білімдінің болашағы жарқын екенін жеткізді. Бүгін де бұл тұжырымдар өзектілігін жойған жоқ.
Баланы оқыту, білім-ғылым, өнер үйрету – Абай шығармашылығының өзегі. Оқу-ағарту ісіне айрықша көңіл бөлген ойшыл, баланың бойындағы «білсем, көрсем» деген жан құмарын табуды қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды» деп, әрбір адамның білімге ұмтылуын аманаттады.
«Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді» деп жазады Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында. Қай заманда да ғылым-білім адамды алға жетелеп, қоғамды дамытудың үлгісі болып келеді. Жасанды интеллект – ғылымның жемісі. Сондықтан жаһандық үдеріске жаңаша көзқараспен қарап, заманауи білім беру ісі ілгері дамуы керек.
Абай университетінде аталған бағытта біршама жұмыс атқарылды. Университетте «Abai digital» жасанды интеллект платформасы құрылып, қолданысқа енгізілді. Әрбір білім алушы электронды жеке парақшасында білім бағдарламаларына қажетті ЖИ ұсынған шетелдік басылымдар мен оқу құралдарына қол жеткізе алады. Жүйеде көрсетілген кітаптармен қысқаша танысып, қажет болса толықтай оқуға мүмкіндігі бар.
«Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп Абай қоғамның кейбір жадағай әдеттерін сынға алады. Яғни әркез жаңашылдыққа бет бұрып, ғылым игеріп, білімді тереңдетуді насихаттайды. Бұл мақсатта ЖИ ізденуші әрбір адамға пайдалы болмақ. Осы бағытта жақында Абай университетінде жасанды интеллектіге негізделген Smart аудитория ашылды. Мұнда студенттер автоматты түрде гүлдерді суаратын құрылғы, пластикалық бөтелкелерді қайта өңдеуге арналған PETamentor, жасанды интеллектке сүйенген «Ijauap» роботтары сияқты жобалармен жұмыс істейді. Бұл тек дайын өнімді көру ғана емес, өз идеяларын ұсынып, тәжірибе жүзінде сынап, нәтижесін көруге мүмкіндік береді. Яғни жаңа аудитория студенттерді инновациялық ойлауға, зерттеуге және нақты нәтижеге қол жеткізуге баулиды.
Қарашаңырақта «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркі белсенді жұмыс істейді. Оның құрамына 9 зертхана мен 4 ғылыми орталық кіреді. Бұл құрылымдар жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар салаларындағы ғылыми зерттеу және тәжірибелік жұмыстарды жүзеге асырады. Биыл «Abai Labs» ғылыми-инновациялық паркінің құрылымы жаңа ғылыми орталықтармен толықты. Жаңа ашылған «Білім берудегі VR/AR технологиялары» ғылыми зертханасы білім беру үдерісін цифрландыру мен виртуалды оқыту кеңістігін дамытуға бағытталса, «Шығыс қолжазбалар мұрасы» халықаралық деректану орталығы түркі және шығыс мәдени мұраларын зерттеу мен цифрландыру ісімен айналысады. Ал «Мемлекеттік-құқықтық зерттеулер» ғылыми орталығы – заманауи құқықтық реформалар мен мемлекеттік басқару жүйесін ғылыми тұрғыдан зерделеуге арналған.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүргізген «Автоматтандыру, роботтехника және ЖИ-дің еңбек нарығына әсері» атты зерттеу бойынша 423 кәсіп түрі қаралған. Яғни 423 кәсіп салаларында мамандар қысқартуға немесе жаңа технологиялық біліктілігіне сәйкес іріктеуге ұшырайды. Зерттеу нәтижесінде жұмысшылар міндеттерінің шамамен 29% автоматтандырылуы, ал 13%-ы генеративті ЖИ арқылы атқарылуы мүмкін. Бұл ретте педагогикалық мамандар даярлайтын қара шаңырақ Абай университеті болашақта жасанды интелектімен қаруланған, сұранысқа ие маманды дайындауға жұмыс істеп жатыр. Мәселен, орта мектеп сабақтарында ЖИ-ді қолдану жобасына сәйкес нұсқаулық даярланды.
Педагогика саласында ЖИ-ді қолдану білім беру сапасын арттырумен қатар, мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынастың жаңа деңгейін қалыптастырады.
Біріншіден, ЖИ негізіндегі платформалар оқушының жеке қабілеттеріне сәйкес оқу материалдарын ұсынады. Бұл білім алушының оқу қарқынын, әлсіз және күшті жақтарын ескеруге көмектеседі. Яғни, әрбір оқушының білімін жетілдіруге, тұлғалық қабілетін дамытуға ықпалы мол десек артық емес. Сонымен қатар қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын жоюға, бәріне бірдей білім беруге жағдай жасайды.
Екіншіден, автоматтандырылған бағалау жүйелері тест нәтижелерін талдап, мұғалімге оқушының үлгерімі туралы нақты талдауға көмектеседі. Бұл мұғалімге уақыт үнемдеуге және оқыту стратегиясын дер кезінде өзгертуге мүмкіндік береді. Демек, оқу жоспарын жақсартуға, оқытудың әдіс-тәсілдерін өзгертуге болады. Мұғалімнің білім беру әдістемесін әрдайым түрлендіріп, дамытып, біліктілігін арттырады.
Үшіншіден, ЖИ негізіндегі көмекшілер ізденушінің сұрақтарына тәулік бойы жауап беріп, кеңес бере алады. Мысалы, университеттік ақпараттық жүйелерде қолданылатын боттар студенттердің оқу кестесі, бағалары және пәндер туралы сауалдарына жауап береді. Жасанды интеллект мұғалімнің жұмысын ешқашан алмастыра алмайды, керісінше оны толықтырады. Педагогикалық шешім қабылдауда, оқу материалдарын талдауда мұғалімге көмекші құрал ретінде қызмет етеді.
Жасанды интеллект педагогика саласын түбегейлі өзгертуге қауқарлы. Білім сапасын арттыруға, педагогтердің кәсіби қызметін оңтайландыруға тиімді құрал. Дегенмен, ЖИ технологияларын енгізуде этикалық, әдістемелік мәселелерді ескеру маңызды. Болашақта жасанды интеллект білім жүйесінің жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады. Сондықтан Абай атындағы ҚазҰПУ студенттері заманауи білім беру ісін меңгерген, жасанды интеллект жүйесін табысты қолдануды игерген маман болуы маңызды. Ұлы Абайдың өсиеттерін негізге алып, жаңа жасанды интеллект дәуірінде де білім берудің тың жолдарын білуге тиіс.
Студент жастармен жас ғалымдарды Әділетті Қазақстан тұлғасы етіп қалыптастыруда Абай университеті дәстүр тағылымы мен жасампаздықты тең ұстайды. Даналық дәні – жастардың азаматтық жетілуінің негізгі бағыты. Абай ілімі оқу-тәрбие жүйесіне табиғи енгізіліп, студенттер мен магистранттарды адамгершілік, еңбекқорлық, әділдік, ізгілік арнасына бұрады. Ақын мұрасын талдап-талқылайтын, насихаттайтын іс-шаралар жиі өтеді. Бұл жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, отаншылдық рухын күшейтеді. Абайдың аты, мұрасы, өсиеті оқу орнына үлкен жауапкершілік жүктейді, ал жастар да мұны терең сезінеді.
Болат ТІЛЕП,
Абай атындағы ҚазҰПУ басқарма төрағасы-ректоры
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:52
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 03 Желтоқсан 2025 08:49 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















