Алматыдағы бұрынғы трамвай депосы: әкімдік ол жерде енді не болатынын көрсетті
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Алматы қаласының құрылыс басқармасы Байтұрсынов көшесіндегі ескі трамвай депосының орнына салынатын концерт залы, спорт аренасы және заманауи өнер галереясы бар болашақ көпфункционалды қоғамдық орталықтың эскиздерін ұсынды, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Кешеннің ішінде не болады?
Жобаға сәйкес, төрт қабатты кешеннің жалпы ауданы 31,5 мың шаршы метрді құрайды. Ғимаратта баскетбол жарыстарын өткізуге арналған 456 көрерменге лайықталған жабық спорт залы, көпфункционалды концерт залы, мультимедиалық және спорттық аймақтар, сондай-ақ жерасты паркингі орналасады.
Алматы әкімдігінің эскизі. Жасанды интеллект көмегімен өңделген
Шығармашылық мамандық өкілдері үшін студиялар мен шеберханалар, қазақстандық дизайнерлердің шоурумдары, заманауи өнер галереясы, сондай-ақ кәсіпкерлерге арналған кеңсе жайлары қарастырылған.
Алматы әкімдігінің эскизі. Жасанды интеллект көмегімен өңделген
Қоғамдық кеңістіктердің бірі қалалық іс-шараларды өткізуге арналған атриум болмақ. Спорт залын LED-экранмен жабдықтау жоспарланған.
Аумақта амфитеатр мен жазғы сахна пайда боладыАбаттандыру жұмыстары тек ғимаратты емес, оған іргелес аумақты да қамтиды деп күтіледі. Бұл жерде саябақ аймағын, амфитеатрды, жазғы сахна мен балалар ойын алаңдарын жабдықтау жоспарланып отыр.
"Жаңа кешен мәдени, спорттық және демалыс іс-шараларына арналған алаң, сондай-ақ Алматыдағы креативті индустрияны дамыту орталығы ретінде ойластырылған", - деп атап өтті басқармадағылар.
Алматы әкімдігінің эскизі. Жасанды интеллект көмегімен өңделген
Басқарма мәліметінше, құрылыстың жобалық құны 3,28 миллиард теңге көлеміндегі ҚҚС-ты есепке алғанда 20,5 миллиард теңгені құрайды. Оның ішінде:
демонтаждау жұмыстарына - 109,6 миллион теңге; құрылыс-монтаждау жұмыстарына - 14,6 миллиард теңге (оның ішінде темірбетон және металл конструкцияларын орнату, жылыту, желдету және ауа баптау, сумен жабдықтау және кәріз, күштік электр жабдықтары, хабарландыру және эвакуацияны басқару жүйелері, автоматты өрт дабылы мен өрт сөндіру, сондай-ақ технологиялық және мультимедиалық жүйелер); алаң ішіндегі инженерлік желілерге - 205,9 миллион теңге; сыртқы инженерлік желілер мен құрылыстарға (сумен жабдықтау, кәріз, жылумен және газбен жабдықтау) - 107,9 миллион теңге; аумақты абаттандыру мен көгалдандыруға - 612,5 миллион теңге бөлінген.Басқарма деректері бойынша, жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын 2025 жылғы 30 қазанда алды. Бүгінгі таңда оны жүзеге асыруға бір миллиард теңге бөлінді.
Ведомствоның ақпаратына сүйенсек, мердігер ұйым қазірдің өзінде бар ғимараттарды бұзу, құрылыс қоқыстарын шығару, іргетастарды демонтаждау және құрылыс алаңын дайындау жұмыстарын аяқтаған. Қазір қазаншұңқырды қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Әкімдік мәліметінше, 2026 жылдың соңына дейін ғимараттың монолитті қаңқасын тұрғызуға кірісу жоспарланған.
ХронологияЕске сала кетейік, Алматыдағы трамвай депосының жұмысы 2015 жылы тоқтатылған болатын. 2016 жылдың тамызында бұрынғы депо аумағын дамыту жобаларына конкурс жарияланды.
2017 жылдың шілдесінде аумақта қоғамдық кеңістік құру тұжырымдамасы бойынша байқаудың жеңімпазы болып DEPO Evolution Park көпфункционалды кешенінің идеясы танылды. Идеяда демалыс және ойын-сауық паркін, "Кидзания" балалар орталығын, "Алматы Парк Депо" және қоғамдық көліктің музей-саябақ кешенін жасау қарастырылған болатын.
2019 жылдың шілдесінде DEPO Evolution Park жобасы мемлекеттік органдардан қажетті келісімдерді алғаны белгілі болды. Ол кезде оны бұрынғы трамвай депосы аумағында іске асыру жақын күндері басталатыны хабарланған еді.
2020 жылы желіде депо орнына қонақүй салынатыны туралы ақпарат тараған болатын. Алайда бұл мәліметтер шындыққа жанаспайтыны белгілі болды.
2021 жылдың ақпанында депо тағы да назарға ілікті - инвестор жобаға қатысудан бас тартқаны белгілі болып, шығындар қала бюджетіне жүктелді.
Кейінірек әкімдік жобаның неге ұзақ уақыт басталмағанын түсіндірді. Қалалық басқарманың хабарлауынша, алаңның бос тұруына қала құрылысы және мемлекеттік сараптаманың барлық кезеңдерінен өтуі тиіс жобаны дайындау мен келісудің күрделілігі себеп болған.
Сондай-ақ әкімдік қаланың трамвай желісін дамытудан бас тартпайтынын баса айтты. Олар LRT-ның бірінші желісінің құрылысы басталып кеткенін еске салды. Ол Абылай хан даңғылымен, содан кейін батыс бағытта Төле би көшесімен және әрі қарай солтүстікке қарай Момышұлы көшесімен өтеді. Жаңа трамвай депосы Алатау ауданының индустриялық аймағында салынады.
2026 жылдың наурызында Tengrinews.kz редакциясы бұрынғы трамвай депосы аумағының қазіргі күйін білуді жөн көрді. Фоторепортажды сілтеме арқылы көре аласыздар.
Редакция оқиғаның дамуын бақылауды жалғастырады.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:23
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 29 Қазан 2026 09:51 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















