Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: Екі ақын да бүкіл қазақтың ортақ перзенті
Aikyn.KZ парақшасынан алынған ақпаратқа сүйене отырып, Qazaq24.com хабарлама жасады..
Қадыр Мырза Әлі халық даналығы мен мінезін шумаққа сыйғыза білген терең ойдың иесі, ұлттың рухын жырлаушы болса, Тұманбай Молдағалиев – жүректің нәзік әуенін шерте білген, махаббат пен мейірімнің мөлдір сезімін жырлаған сыршыл ақын. Бірінің сөзі – шындықтың жүзі, екіншісі – жүректің үні. Уақыт өтсе де, олардың өлеңдері әдебиет аспанында жарқырай бермек. Біз бүгін «Көзкөрген» айдарында бір дәуірде өмір сүрген, мұраттас, мүдделес болған ақын Ақұштап Бақтыгереевамен Қадыр ақын туралы сырластық.
– Қадыр Мырза Әлі де, Тұманбай Молдағалиев есімі де ерте танылды. Екеуі де ең еңбекқор ақындардың бірі еді. Өлеңсүйер қауымның арасында екі ақынның өлеңдері жиі оқылатын. Сіз Қадыр ақынмен қалай таныстыңыз?
– Биыл 90-ға толып отырған Қадыр Мырза Әлі мен Тұманбай Молдағалиев ақынның екеуі бір жылда туып, бір жылда дүниеден озды. Өмірде де, шығармашылық ортада да қатар жүрді және қалжыңдары жарасқан құрдастар еді. Студент кезден олардың өлеңін жатқа білетінмін. Поэзия кештеріне жиі барып, екеуін де құрметтедім. Ағаларыммен таныстығым 1967 жылы басталды. Сол жылы оқуымды бітіріп, тұңғыш «Өрімтал» жинағым «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Бұл ақындар сол кезде «Жазушы» баспасында жұмыс істейтін. Олар маған қарындасындай қарап, ақын деп бағалады. Екеуінің халыққа қызметі бірдей. Біз көрген Қадыр аға мен Тұманбай аға ылғи қалжыңдасатын. Өлеңді де қатар жазатын болды, кітаптары да бірге жарыққа шығып тұрды. Кейде сапарларға бірге баратын. Бірін-бірі қызғанған жоқ, бір ауыз ауыр сөз айтқан емес. Әрдайым бір-біріне тілеулес болып жүрді. Ғажабы, екеуі бір жылда туып, бір жылда қайтты. Қадыр аға дүниеден өткенде Тұманбай ағам «Мен сенен қалып барамын» деп сөйлеп еді.
Негізі, Алматы облысында Тұманбай ағаға әдемі әннің, сұлулықтың, өмірге ғашықтықтың ескерткіші сұранып тұр ғой. Өзі де керемет лирик еді. Әнге жазған сөздеріне, мысалы «Құстар қайтып барады» сияқты тақырыптарға салуға болады. Неге екенін білмеймін, Тұманбай ағаның ескерткішін әлі күтіп жүрміз. Өзі бала кезінде жетімдік көргенін, әкесінің соғыстан қайтпағанын жиі айтатын еді. Қайтыс болғанда да туған жерінен жетімдік көріп тұрған сияқты. Осыған менің жүрегім қатты ауырады. Қазағын жырлаған Тұманбайын неге ұмыттық?
Қадыр аға мен Тұманбай аға Жазушылар одағына қатар кіретін, қатар шығатын, бірге жұмыс істейтін. Бүтін жастар жырлаған, жастықты жырлаған екі ақынға бірге, бір-біріне күлімдеп қарап отырған кейпімен ескерткіш қойса деп армандаймын. Ол арманым биыл орындалмайтын секілді. Әйтпесе, қатар жүрген қос ақынның мүсіні қандай жарасар еді, ерекше үйлесім болар еді.
– Екеуі де кеңестік кезеңде дүниеге келді. Екі ақын да өз дәуірін жырлады. Қазір жас буын соцреализм бағытындағы әдбиетті жоққа шығарғысы келетін сияқты. Бұған қалай қарайсыз?
– Бұл – өте қате түсінік. Жастардың оларды басқа дәуірдің ақыны деп қарауы дұрыс емес. Ақын, жазушы, суреткер қай ғасырда туғанына кінәлі емес. Ол кезде саясат солай болды. Жазғанын шығару үшін Қадыр ағаның өзі айтады: «Өткізу үшін шындықты, өтірік қостым аздаған»...
Олардың шығармалары кезеңге жатпайды. Мысалы, Тұманбайдың махаббаты – социализмнің емес, дәуірдің махаббаты. «Ал адамдар күліп бастап өмірін, кетерінде жылай да алмай қалады». Адамның бүгіні мен ертеңін екі жолға сыйдырып жіберіп отыр. Ал Қадыр аға қалай социализмнің ақыны болады, егер ол тек қазақтың сонау ғасырлық тағдырын, жанын жырласа. Ақын қазақты қанша жырлауға тырысса, өлеңдері де соншалықты өмір сүруге лайық.
Ал жастардың «бүгін біз жаңалық жасаймыз» деуі – кезеңнің уақытына сай бір «стилі» сияқты. Бірақ ақынға, шығармаға олай қарауы «қателік» деп ойлаймын. Қазіргі цифрлық кезең келіп біздің тарихымызды сызып тастаса қалай болады? Не болса да, біз тарихымызды жоғалтпауымыз керек. Жасап кеткен қаламгердің, жазушының байлығын қастерлеп, оны түсіне білуіміз керек.
Бастысы, бөлінбеудің шартын негізге алған жөн, яғни таланттарды ортақ таныту керек. Тұманбайды – Алматы, Қадырды – Орал, Абайды Семей оқығаннан біз ештеңе ұтпаймыз, керісінше тұлғаларымызды танытуда бұрыс жолға түсеміз. Балаларымызға кішкентайынан ұлы тұлғаларымызды тек қазақтың перзенті ретінде ұғындырып өсіруіміз керек.
– Жалпы, сіздің Қадыр ақынды танып-білуіңізге оралдық болғаны себепкер болды ма?
– Мен Қадыр Мырза Әліні оралдық екен деп танымадым. Ол кезде жершілдік, рушылдық деген әңгіме мүлде болмайтын. Бізге қазақтың ұлылары ортақ сияқты болды. Біз сондай ұрпақ едік. Қазір ғой жерін, руын іздейтіні. Біздің ғасырдың жастарында ондай «сезімталдық» болған жоқ. Өйткені Алматы бәрімізге, Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жастарға ортақ болды. Құшағын ашты, бәрімізді сыйдырды. Қолына қалам ұстаған жанның бәрінің ортақ мекеніне айналды.
– Елден үлкен қалаға келгенде ақын адам бірінші жерлестерін іздейтіні белгілі. Сіз де Қадыр ақынды «ағалап» жиі іздедіңіз бе?
– Қадыр Мырза Әлімен жақын араласуыма себепші болған – Алматыдағы жазушылардың ақ үйі. Біз соған көрші қондық. Ал Тұманбай ағам орталықта басқа үйде тұрды. Сол кезден бастап тұз-дәміміз араласқан, туған ағалы-інілідей, оның үстіне поэзиядан жүрегіміз жарасқан адамдар болдық та, жақын араластық. Жеңешем де қайынсіңлісіндей жақын көріп, қазақи табиғи жолмен араласып кеттік.
– «Уақытымның бір минутын да бос жібергім келмейді» дейтін. «Әрі мықты адам болу үшін бақытсыз балалық керек» дегені тағы бар. Ақынды мықты қылған не нәрсе?
– Қадыр Мырза Әлінің еңбекқорлығы өзгелерден ерекшелендірді. Ол орынсыз бір жиынға бармайды, уақытын жібермейді. Таңнан кешке дейін аудармаға, зерттеуге не кітап жазуға белгіленіп қоятын. Көрші тұрғанымда білгенім сол. Басқалар сенбі күні серуендесе, Қадыр аға бұл күні қала сыртындағы кітап базарына кітап іздеуге кетеді. Сонда барып керегін алып қайтатын. Ол жинаған мұрасының бәрі қазір Ораладғы Қадыр орталығында тұр. Құнды дүние, қымбат қазына.
– Ақынның өлеңдерінің тақырыбы әр алуан. Дегенмен Қадыр ақынды өзге ақындардан ерекшелеп тұратын қандай қасиеті деп ойлайсыз?
– Қадыр ағаны мықты қылған – тақырыбы. Ол қазақтың түгел жоғын түгендеді. Баласына не керек, данасына не керек, қазақтың тағдыры, өткені, бүгіні, мінезі, бәрі-бәрін түгендеді. Сондықтан Қадыр ағаны ерекшелендіретін де осы деп ойлаймын. Ол менің шығармаларым өзге тілді аударылсын, өзге тілде сөйлесін, көпшілік мені білсін деп жыр жазған жоқ, ол қазағының жоғын жоқтады. Ал әннің сөздерімен, лирикалық шығармаларымен жастардың жүрегіне нық орнаған, адамның бар тіршілігін, болмысын көңіл күйін жырлаған ақын – Тұманбай Молдағалиев.
– Қадыр Мырза Әлі «Жазмышты» жазды, сосын «Иірімге» бет бұрды. «Айнаның екі жағы болады, біз бір жағын ғана көріп үйренгенбіз» деп еді. Сіз «Иірім» туралы не айтар едіңіз? Жалпы, ол кісімен бұл тақырыпта сөйлесіп көрдіңіз бе?
– Қадыр Мырза Әлі «Иірім», «Жазмыш» деген тақырыптарға барды. Бұлар – бұрын қазақ әдебиетінде жоқ тақырып. Негізі, көрші отырған соң, орыстардан білгеніміз сол: олардың тағдырын, не жазғанын, қалай дүниеден өткенін, мінез-құлқын бәрін оқимыз. Ал қазақта ол әдетке енбеген. Шын мәнінде, өте қажет дүние деп ойлаймын. Осы екі тақырыпты жазғаны үшін Қадыр ағаның көзі тірісінде естімеген сөзі жоқ. Бізде бұл дамымаған тақырып, негізі келешекте қажет нәрсе деп ойлаймын.
Қадыр аға қайтқаннан кейін туған жерінде салған әдеби орталыққа 6 767 кітап келді. Сол кітаптардың бәрінің бетінде Қадыр ағаның сызып оқыған жолдары, қарындашпен қойған белгілері бәрі-бәрі бар. Біздің дәуірдің қай ақыны 6 767 кітапты оқып шығуға уақыт тапты екен. Қанша уақытын үнемді пайдаланған: бос уақытын ойын-сауыққа, демалысқа арнамаған еңбекқор ақын – біздің Қадыр аға.
– Бір жылдары Қадыр ақын да, сіз де Оралға көштіңіздер. Бірақ ақын көп ұзамай Алматысына қайта оралды. Оралға үйрене алмады ма?
– Ұлт, халық, ел деген сөздердің куәсі болып отырмын. Мырза Әліге бұл күнде екі ескерткіш қойылды. Бірі – қаланың ортасында, туған жерінде елін жаяу аралап келе жатқан бейнесі. Өсіп келе жатқан балалар ескерткіштің қасына келіп өлеңін оқып, қолынан ұстап сырласқандай болады. Қадыр Мырза Әлі атындағы мектептерде ұлттың балалары жырларын оқып жатыр. Ендеше ұлтына қызмет еткен ұлы ақынның қалдырған еңбегі – болшақтың мұрасы. Және соларды тәрбиелейтін құрал. Ақынның 90 жылдығы Жайықта тойланып жатыр, бірақ бұл ақындарды өзінің туған облысына бөліп тойлау дұрыс емесін айтып келеміз. Оларды Қазақстанның бар аймағы бір деңгейде тойлауы керек. Себебі аймақтарда өмір сүріп отырған халық өздерінің мұң-зарын өлеңімен жуып отыр емес пе?
2002 жылдары Атырау мен Оралға ақын-жазушылар, өнер адамдары, оқымыстылар барған кезде біз де бардық. Қырымбек Көшербаев Қадыр ағама Жайық жақтан әдемі үй салып берді. Бірақ ағам ол үйде тұра алмады. Ағаның жары – Алматының қызы. Өзі де Оралды жерсінбеді. Соған да байланысты болар. Бір айдай сол үйде болды да, Алматыға қайта оралды. Кейін үлкен ұлы тұрды. Ол үй о баста ағаның кітапханасы, музейі болады деп басталған. Бірақ қазір сақталған жоқ шығар, балалары сатып жіберді-ау деймін. Сөйтіп, үйдің тағдыры солай аяқталды. Дегенмен қаланың қақ ортасынан киіз сияқты көлемде «Қадыр орталығы» тұрғызылды. Сол жерге ағаның жинаған кітапханасын түгел көшіріп апарды. Бүгінгі іс-шаралар да сол жерде өтеді. Орталық келіп-кететін, жергілікті оқырмандардың да сүйікті мекеніне айналды.
– Қадыр Мырза Әлінің анасының құлпытасына:
«Бала боп қызық көрмеген,
Баладан қызық көрмеген,
Байдан да қызық көрмеген,
Қайдан да қызық көрмеген,
Бұл жерде жатыр кейуана, – деп жазды.
Мен білетін ақынның ерекше қасиеті – шыншылдығы. Өзі ешқашан өтірік айтып көрмеген адам. Әсіресе, анасының басына жазғанын бір күні сұрадым: «Аға, ауыр сөз жазыпсыз ғой. Анаңызға да, өзіңіздің жүрегіңізге де ауыр емес пе?» деп. «Жоқ, шындық қалуы керек. Өйткені мен анама да бұрылатын уақыт таппадым. Мен қазақ деген халықтың баласы боламын деп ойладым. Менің анам – қазақ. «Сол ұлтқа бала болып өтсем, анам өкпелемес» дедім. «Бірақ шындықты жаздым. Анам менен рахат көрген жоғын көздерім көрді ғой» деді. Міне, Қадыр ақынның өтірік айта алмайтыны, шындығын жария ете алатыны...
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Гүлзина БЕКТАС,
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ


