Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Соңғы ескерту... : Мақпал Жүнісова өзін әлдекімдер қорқытып жүргенін айтты

Абай ауданында жанар жағармай бекеті ашылды

Сарабдал сөз иесі

Бір педагогке 4 штат: Шымкенттегі 83 мектепте мұғалімдердің жүктемесі нормадан асып кеткен

BETT Show 2026: Қазақстан білім беру мен жасанды интеллект саласындағы жаңа кезеңге қадам басты

Жоғарғы кеңестен Құрылтайға дейін: Қазақстан парламентінің тарихы

Ақтөбеде газ иісіне қатысты шағым көбейді: Мамандар неге себебін таба алмай отыр?

Чемпиондар лигасы: Қайрат Арсеналға есе жіберді

Франция Украинаның Еуроодақ несиесіне қанатты зымырандар сатып алуына қарсы БАҚ

Райымбек батыр кесенесі мемориалдық кешенге айналады

Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі

Инвестицияны арттыру жөніндегі кеңес

Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл

Өнер әлемі қара жамылды: Қазаққа танымал кино актері 75 жасында көз жұмды (ФОТО)

34 секунд айырмашылық: Кениялық желаяқ әлем рекордын жаңартты

Ақтөбеде аудан әкімдігі екі шаруаға бір жер беріп, басы дауға қалды

Швед мектептерінде ұялы телефондарға тыйым салынды

Жаңаөзенде дәрігер пышақ жарақатынан мерт болды

Ғалымдар Шығыс Қазақстанда жәндіктердің жаңа түрін тапты

Жаңаөзенде тағы бір резонанстық қылмыс орын алды

Франкфурттағы халықаралық кітап көрмесі

Франкфурттағы халықаралық кітап көрмесі

Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратады..

Шыны керек, адамзаттың осы күнгі жетіс­тіктері кітаппен тікелей байланыс­ты. Керек десеңіз, кейбір кітап әлемді өзгертуге тікелей себепкер болған. Мысалы, Гутенберг 1455 жылы басып шығарған алғашқы Библия адамзат тарихындағы баспа дәуірінің бас­тауына айналды. Ол кітап басу ісінде төңкеріс жасап, білім мен мәдениеттің таралуын жылдамдатты. Содан бері адам баласы тал бесіктен жер бесікке дейінгі өмірінде кітаптан құндылық тапты, үйренді, табысқа жетті. Бір сөзбен айтқанда, кітап өмірдің бір бөлшегіне айналды.

Кітаппен тыныстайтын қала

Заман көшіндегі біздің қоғам да кітап пен технологияның ара­­сындағы диалогке куәгер болды. Алайда бұл екеуінің ара­сын­дағы диалог – мәдени эволю­цияның заңды жалғасы. Бірі – тамыр, бірі – қан, бірі – естелік, бірі – қозғалыс. Бізді өзге мемлекеттерде өтетін кітапқа қатысты ауқым­ды шаралар қызық­ты­рып, елең­детіп келгені рас. Мұндай елең­деудің астарында ұлты­мыз­дың мәдениетін, әдебиетін, үнін, өмірге деген құш­тарлығын басқа­ларға жеткізсек деген асқақ арман жатқаны анық. Немістің, сосын күллі әлемнің ойшылы Гете бір сөзінде «мәдениет – адамды табиғи күйден адамдық биікке көтеретін баспалдақ», депті. Ал бұл пәтуаға біз өз тарапымыз­дан еш­теңе қоса алмас­пыз, бірақ мәде­ниет­­тің халық пен мемле­кет­тің руха­ни паспорты екенін қайы­ра еске саламыз.

Жақында Германияның Франк­фурт қаласында өткен «Frank­furter Buchmesse 2025» халықаралық кітап жәрмеңкесінде Қазақстан ұлттық стендін ашып, отандық баспалар­дың жаңа туындыларын әлем жұрт­шылығына, әр елден келген баспагерлерге, оқыр­­мандарға таныстырды.

Биыл 77-рет ұйымдастырылып отырған әйгілі Франкфурт кітап жәрмеңкесінің құрметті қонағы – Филиппин мемлекеті. Көрменің басты мақсаты – кітап саудасын халықаралық деңгейде ілгерілету, баспа нарығын дамыту әрі  қалам­гер­лер мен баспагерлердің өзара байланысын күшейту. Көр­ме­ге әлемнің 131 елінен 238 000 кітап­сү­йер қауым қатысып, 4 350 баспа өз өнімін жұртшылыққа ұсынып, 7 800 медиа өкілдері жұ­мыс істе­гені белгілі.

Көрме жоғары деңгейде ашылды. Қонақ мемлекет Филиппин бүкіл әлемге өз мәдениетін өзгеше деңгейде көрсетуге талпынғаны анық байқалды. Музыкалық өне­рін де, поэзиялық дәстүрін де қысқа ғана уақытқа сыйдырып, шараға қатысқан әлемдік ауди­торияға ұсынып үлгерді. Бізді тебіренткені, үш буын поэзия өкілінің жұрт алдына шығып асқақтап, жыр оқығаны. Әсем әуен, астарлы жыр мен ерекше ырғақтың аясында отырған бізге сол сәт әлемді поэзия ұстап тұрғандай сезілді. Кенет жұрт алдына Филиппин делегациясын бастап келген сенатор Лорен Легарда шықты. Шықты да аралдар мемлекетінің ақ сәлемін айтып, ағылшынша ойқастап сөйледі. Ол сөзінде елінің мәдени кеңістігінің дамуы, өзге жұрттарға насихатталуы мен көзқарасы, қалам ұстаған қауымның осы сала­­­дағы ұшан-теңіз еңбегінің жемі­сі әлемдік аренаға шығаруға сеп болғанын атап өтті. Сол сәт қасым­да отырған қазақстандық делегат­тардың жанарына үңілдім. Бәрінің көзінде «шіркін, біздің еліміз де осындай жаһандық көрмеде қонақ мемлекет болып, өз мәдениетімізді басқаларға көрсетер күн туса» деген асқақ та аяулы арман тұрды.

Көрмедегі Қазақстан жолы

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген баспагерлер мен әр тілде жазатын қаламгерлер бас қосқан ірі мәдени іс-шараға Қазақстаннан 30-дан астам делегация қатысты. Олардың қатарында еліміздің жетекші баспалары – «Мектеп», «Атамұра», «Алматыкітап», «Ar­man-PV», «Steppe & World Publishing», «Эверо», «Kazfor­moms», «АmalBooks» және басқа да отандық баспа өкілдері бар. Қазақ­стан стендіне келген шетелдік қонақтар еліміздің әдеби әлемімен, заманауи баспа ісінің дамуымен және ұлттық мәдениетпен кеңінен танысты.

Қазақстандық стенд Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, халықаралық деңгейдегі баспалармен әріптестік байланыстарды дамытуға жол ашты. Көрмеге 350-ге жуық отандық кітап қойы­лып, көркем әдебиет, ғылыми және балаларға арналған жаңа басылымдар таныстырылды. Көрме аясында бірқатар маңызды тұсаукесер өткізілді. Атап айтқанда, неміс жазушысы Anja Tuckermann қатысқан, жеті тілге аударылған «Абайдың қара сөздері. Ұрпаққа Ұлағат» кітабының таныстырылымы үлкен қызығушылық тудырды. Сонымен қатар «Атамұра» баспасының «Қазақстан – қызғалдақтар отаны», «Almatykitap» баспасынан жарық көрген «Менің Қазақстаным» сериясындағы «Ұлы тұлғаларға» арналған «Шоқан. Шығыстың жарық жұлдызы», академик, ғалым Оразалы Сәбденнің «Түркі, Әлем өркениеті, Қазақстан және болашақ», «Мектеп» баспасынан шыққан «Симантика. Ою-өрнектер» (үш тілде), «Arman-PV» баспасының «Көшпелілер ойындары /Nomad Games/ Игры кочевников», атты кітаптар таныс­тырылды. Ал қазақ әде­бие­­тінің классикасы саналатын Міржақып Дулатұлының «Бақытсыз Жамал» романының таныстырылымы ерекше форматта өтті. Сондай-ақ менің «Америка ашқан қазақтар» атты жаңа кітабымның таныстырылымында германиялық журналист және аудармашы Artur Weigandt модератор болып, аталған шараға аса қызығушылықпен қатысты. «АmalBooks» баспасының директоры Бақытжан Бұқарбай өзі аударып шығарған Марк Аврелийдің «Өзіммен әңгіме» атты кітабын таныстырды.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы Алмаз Мырзахмет: «Өнерде, ғылымда, әдебиетте шекара болмайды. Қазіргі ақпараттық дәуірде өнер туындысының таралым аясы тіпті кеңейіп кеткен. Кітап өнер туындысы ретінде елдің мәдениетін, ұлттық ерекшелігін, салт-дәстүрін, тарихы мен танымын, білімі мен тәжірибесін кеңінен насихаттайды. Кітап ісі саласында әлемдегі ең беделді халықаралық Франкфурт кітап көрмесінің негізгі миссия­сы да сол. Әлемнің кіл мықты баспалары өз өнімдерін ұсыну арқылы ұлттық мәдениетті таратады. Осындай көрмелер арқы­лы туындысының авторлық құқығын сатқан қаламгерлер жер шарының түкпір-түкпірінен өз оқырмандарын тауып, танымал әдеби сыйлықтар алады. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұлттық стенд құрудағы қол жеткізгісі келген негізгі мақсаты да осындай. Сондай-ақ бұл іс-шара отандық баспалардың көкжиегін кеңейтуге, өзге елдердің озық үлгілерін игеруге зор мүмкіндік болды».

Ұлттық кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Биыл біз үшін аталған кітап көр­­месі өте мағыналы өтті. Себебі Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қазақстан стендін құрып, елімізде жарық көрген кітаптарды өзге елдің оқырмандарына таныс­тыруға мүмкіндік алдық. Әлем қалай құбылып бара жатса да, қазір кітап оқитын, сонымен тыныстайтын оқырманның саны азайған жоқ. Бұл жағдай бізге күш береді, шабыттандырады. Біз өткен жылы ғана осы көрмеге еліміздің атынан қатыстық. Сонда Қазақстан стендін үлкейтіп ашып, басқаларға өзіміздің мәде­ниетіміз бен әдебиетімізді толығырақ таныстырсақ деп ойлаушы едік. Биыл сол арманымыз орындалып, көрмеге қатысып, жақсы нәтижемен оралдық. Осы реткі стендіміздің көлемі де, дизайні де өзгеше әрі үлкен болды, киіз үйдің бейнесі мен ұлттық нақыш үйлесім тауып, көрер көзге айрықша сән берді. Көрме барысында өзге елдердің баспагерлері, қаламгерлері біздің стендке келіп, танысып, өз ойларын ортаға салды. Шыны керек, көрмеде біздің делегация белсенділік танытты. Бір жағынан ұлттық киім киіп, мәдениетімізді дәріптесе, екіншіден бірнеше кітаптың таныс­тырылымын көрсетіп, кітапсүйер қауымның жақсы бағасын алды. Бір қуанарлығы, таныстырылым негізінен ағылшын тілінде өтті, айналадағы жұртшылық Қазақстан стендіне келуден жалық­пады. Сол үшін Франкфурт халық­аралық кітап көрмесінде біз табысты жұмыс істедік деп айта аламын».

Көрменің алғашқы күні Қазақ­стан Республикасының Майн­дағы Франкфурт қаласындағы Бас консулы Таубалды Үмбетбаев Ұлттық стендке арнайы келіп, қазақстандық делегациямен кез­десті. Бас консул жәрмеңкеге қатысушы шығармашылық зиялы қауым өкілдеріне сәттілік тілеп, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің халықаралық деңгейде насихатталуына тілектестігін білдірді. Бұл еліміз азаматтарының қашанда ынтымақтастықпен жұмыс істеп, ұлт мәдениетін насихаттауға дайын екендіктерін білдіреді. Көрмедегі еліміз стендіндегі іс-шара­лардың белсенді жұмыс істеуі Франкфуртқа арнайы барған әр Қазақстан делегатының жауап­кершілігін сезінгенінің нәтижесі.

«Steppe&World» баспасының директоры Раиса Сайран Қадыр: «Франкфуртқа келген сайын ерекше бір сезім баурайды. Бұл қалада кітаптар тірі сияқты, тыныс­тап тұрғандай әсер қалдырады. Қайда қарасаң да баспагерлер, жазушылар, иллюстраторлар, агенттер, студенттер мен оқыр­мандар көрінеді. Олардың бәрін біріктіретін бір ғана күш бар, ол – сөздің күші. 77-ші Frankfurter Buchmesse биыл да дәл осындай рухта өтті, ол әлем әдебиетінің жүрек соғысы секілді сезілді. Бұл кітап жәрмеңкесімен алғаш танысқаныма жиырма жылға жуық уақыт өтті. Ал кәсіби баспагер ретінде соңғы сегіз жыл бойы үзбей қатысып келемін. Әр сапар сайын осы үлкен әдеби әлемнің ортасында жүріп, бір ғана ой жиі мазалайтын. Мен өз елімнің ұлттық стенді осы алаңда тұрса екен деп армандайтынмын. Сол арман өткен жылдан бастап шындыққа айналды. Биыл да Франкфурттың кең павильондарының бірінде «Kazakhstan» деген жазуы бар көк түсті үлкен стенд алыстан жарқырап тұрды. Көк туымыздың түсі таныс, жылы және мақтаныш сезімін тудырды. Жанынан өткен сайын жүрегім қуанышқа толды. Сол сәтте түсіндім, бұл тек елдің стенді емес, бұл – тіліміздің, әдебиетіміздің, мәдениетіміздің көрінісі. Бұл – қаншама жазушы, аудармашы, редактор және суретші еңбегінің нәтижесі. Ұлттық киім киіп жүрген әріп­тес­терімізді көргенде ерекше бір мақтаныш сезімі пайда болды. Бұл жерде ұлттық киім жай ғана сән емес, ол мәдени символ, біздің кім екенімізді және қайдан келгенімізді бейнелейтін нышан. Әлемдік деңгейдегі бас­пагерлер мен агенттердің арасында қазақтың өрнектелген бешпеті мен оюлы белдемшесін көргенде, жүрек ерекше елжірейді. Биыл жәрмеңкеге Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері де қатысты. Оларды көріп қуан­дым. Бұл үлкен тәжірибе, әлемдік кітап индустриясының қалай жұмыс істейтінін және қандай жаңа үрдістер бар екенін өз көзімен көру мүмкіндігі. Осы көрме арқылы олар елімізде баспа ісін дамыту, авторлық құқықты қорғау, кітап экспорты мен халықаралық ынтымақтастық бағытында қандай нақты қадам жасау керектігін тереңірек түсін­ген болар деп үміттенемін. Франкфурт кітап жәрмеңкесінде қазақтың көк туы көтеріліп, ұлттық стендтің бой көрсетуі – ұлт рухының көрінісі. Мұндай үлкен жетістік кездейсоқ емес. Көптеген адамның еңбегі мен сенімінің нәтижесі. Осы жолда ерекше еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа шын жүректен алғыс білдіремін. Ел Президентінің мәдениет пен әдебиетке, кітап ісіне деген қамқорлығы мен қолдауы Қазақстанның халықаралық деңгей­дегі беделін арттыруға ық­пал етті. Кітаптың және мәде­ни саясаттың маңызын терең түсініп, еліміздің рухани келбетін қалыптастыру жолында жүйелі еңбек етіп келе жатқан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Ғалымқызы Балаева ханымға риза­шылығым ерекше. Ол кісінің мәдени бастамаларға деген ықы­ласы мен табандылығы кітап индус­триясына жаңа серпін беріп отыр.

Қазақстанның жұмсақ күші оның креативті үнінде. Ал сол үннің іргетасы әдебиет. Әдебиет ұлттың рухани тамыры мен ойлау мәдениетін қалыптастыратын, елдің әлемге ашылар айнасы болып саналатын ең терең сала. Біздің төл әдебиетіміз ерекше көркем, бейнелі және терең мәнге ие. Онда қазақтың болмысы, табиғатпен үндес өмірі, сөзге деген құрметі мен ойлау кеңдігі көрініс табады. Бұл әдебиеттің ерекшелігі оның табиғи тазалығында және адам жанын тереңнен қозғайтын шынайылығында. Бүгінгі мінде­тіміз осы байлықты әлемге таныту, қазақ сөзінің әуезін, оның рухани қуатын және көркемдік өрісін баршаға естірту».

Бізге де мүмкіндіктер бар екен...

Аталған көрмеден қайтып келе жатып ұзақ ойға баттым. Әлемдегі геосаяси қақтығыстар өршіп тұрған мынадай заманда да кітап үшін алыстан ат арытып келіп, әлемді ортақ дамуға, бірге жұмыс істеуге ниет білдірген 100-ден астам елдің баспа саласының мамандарына сүйінбеске шара жоқ. Олардың көкейіндегі әр­түрлі көзқарастар мен тың ойлар, болашақ жоспарлар бір сәт Франкфурт аспанында, Майн жағасында қалықтап тұрды. Олар үшін сөзден асқан мықты қару жоқ.

Сонымен осы сапарда бір қаланың кітаппен тыныстап, кітаппен дем алғанын көзімізбен көрдік. Көрменің соңғы күндері қала тұрғындары әр павильонды аралап, ұнатқан кітаптарын сатып алып жатты. Тіпті көз алдымызда чемоданын сүйреп келіп, лық толы кітап тиеп әкеткен зейнеткерлерді де көрдік. Әр жылы осы көрме өтетін кезде бүкіл қала қарбаласқа түсіп, қонақүй біткен келушілерге лық толады екен. Бұл кітаптың күші емей немене? Сол келушілер апта бойы қалаға қаншама кіріс кіргізетінін ойласаң, тағы да қызығасың. Ал көрме ғимаратының бір қабатында бүкіл әлемдегі алпауыт баспалар мен авторлар бір-бірімен авторлық құқық туралы келісімге келіп, абыр-сабыр болып жатыр. Біз бір сәтке болса да мұндай тарихи сәтті сырттан бақылап, қызықтап тұрдық. Міне, бұл мәдениет арқылы экономикаға серпіліс берудің бір түрі.

Қалай десек те, осындай керемет сәттерден кейін қиялға ерік бермей тұра алмайды екенсіз. Шіркін, біздің еліміз де осындай әлемдік көрменің қонақ мемлекеті болып, саф мәдениетіміз бен әдебиетімізді жұртқа таныстырсақ деген ойға қалдық. Анау сахнада шаршы әлемді аузына қаратқан Димашымыз ән салса, Құрманғазы оркестрі күмбірлетіп күй шертсе қалай болар еді? Бірден ай­тайын, бүкіл Франкфурт сілкініп, тербеліп кетер еді. Содан кейін дәстүрлі әншінің бірі қадау-қадау ғасырлардан жеткен қазақ әуенін тамылжытса! Сонымен бірге осы аудитория арқылы біз еліміздің әдеби әлеуетін де әлемге таныта алар едік. Франкфурт халықаралық кітап көрмесінің қонақ болуға бәсекелестікте бәсі биік. Естуімізше, 2028 жыл ғана бос тұр екен. Оған дейін үлкен баспалармен өнімді жұмыс істеп, әдебиетіміздегі таңдаулы шығармаларды аударуға да кірісу­ге уақыт жетер еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Озық ұлт болудың төте жолы – кітап оқу» дегенін орнықты түрде жүзеге асырсақ, біздің де мәдениетіміз әлем жұртшылығын аузына қарататын күн туары сөзсіз.

АСТАНА – МАЙНДАҒЫ ФРАНКФУРТ – АСТАНА 

Соңғы жаңалықтар мен жаңартуларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан бақылауды жалғастырыңыз, біз жағдайды қадағалап, ең өзекті ақпаратты ұсынамыз.
seeКөрілімдер:96
embedДереккөз:https://egemen.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 30 Қазан 2025 08:38
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Соңғы ескерту... : Мақпал Жүнісова өзін әлдекімдер қорқытып жүргенін айтты

28 Қаңтар 2026 23:28see183

Абай ауданында жанар жағармай бекеті ашылды

28 Қаңтар 2026 19:53see115

Сарабдал сөз иесі

29 Қаңтар 2026 03:56see111

Бір педагогке 4 штат: Шымкенттегі 83 мектепте мұғалімдердің жүктемесі нормадан асып кеткен

28 Қаңтар 2026 23:27see108

BETT Show 2026: Қазақстан білім беру мен жасанды интеллект саласындағы жаңа кезеңге қадам басты

28 Қаңтар 2026 21:05see107

Жоғарғы кеңестен Құрылтайға дейін: Қазақстан парламентінің тарихы

30 Қаңтар 2026 12:22see107

Ақтөбеде газ иісіне қатысты шағым көбейді: Мамандар неге себебін таба алмай отыр?

30 Қаңтар 2026 11:31see107

Чемпиондар лигасы: Қайрат Арсеналға есе жіберді

29 Қаңтар 2026 03:14see107

Франция Украинаның Еуроодақ несиесіне қанатты зымырандар сатып алуына қарсы БАҚ

28 Қаңтар 2026 18:11see107

Райымбек батыр кесенесі мемориалдық кешенге айналады

28 Қаңтар 2026 20:18see107

Қазақстанда неке мен отбасы құндылықтары конституциялық деңгейде күшейтіледі

28 Қаңтар 2026 17:59see107

Инвестицияны арттыру жөніндегі кеңес

30 Қаңтар 2026 10:55see106

Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл

28 Қаңтар 2026 22:30see105

Өнер әлемі қара жамылды: Қазаққа танымал кино актері 75 жасында көз жұмды (ФОТО)

29 Қаңтар 2026 00:06see105

34 секунд айырмашылық: Кениялық желаяқ әлем рекордын жаңартты

30 Қаңтар 2026 11:48see104

Ақтөбеде аудан әкімдігі екі шаруаға бір жер беріп, басы дауға қалды

30 Қаңтар 2026 12:22see104

Швед мектептерінде ұялы телефондарға тыйым салынды

28 Қаңтар 2026 23:27see104

Жаңаөзенде дәрігер пышақ жарақатынан мерт болды

29 Қаңтар 2026 00:50see102

Ғалымдар Шығыс Қазақстанда жәндіктердің жаңа түрін тапты

29 Қаңтар 2026 00:51see102

Жаңаөзенде тағы бір резонанстық қылмыс орын алды

30 Қаңтар 2026 12:25see102
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары