“Мен кек алғым келмейді“ Ұлдана Мырзуанның анасы МИБ төрағасын бостандығынан айырмауды сұрады
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Астана сотында жедел жәрдем фельдшері Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты сот талқылауы жалғасып жатыр. Бүгін сот жарыссөзі барысында Ұлдананың анасы Сәлима Ешенқұлова-Омарова сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Сот алдында сөйлеген әйел қайғылы оқиғадан кейін бір жыл өтсе де, қызы туралы айту ауыр екенін жеткізді. Көзіне жас алған Ұлдананың анасы қызының өмірінің соңғы күндерін еске алып, әлі күнге дейін көптеген сұраққа жауап таба алмай жүргенін айтты.
"Ұлданам қаза тапқан күннен бастап жанымда қаншама сөз бен сұрақ қалды. Мен әлі күнге дейін сол сұрақтарға жауап таба алмай, ауыр ойлардан арыла алмай келемін", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.
Ол қызы туралы және онымен қалай қоштасуға мәжбүр болғанын айтып, егіліп жылады.
"Кез келген ана үшін өз перзентінен айырылу, онымен қоштасып, соңғы рет көру, содан кейін соңғы сапарға шығарып салу қандай қасірет екенін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл - ана жүрегіне сыймайтын ауыр мұң", - деп жалғастырды ол.
Ұлдананың анасының айтуынша, өмірінің соңғы минуттарында қызының қасында болған куәгерлердің соттағы жауаптарын тыңдау оған өте ауыр тиген.
Сондай-ақ анасы қызының бала кезінен медицинаға қызығып, адамдарға көмектесуді армандағанын айтып берді. Соңында ол фельдшер мамандығын таңдап, өз міндетін адал атқарған.
"Ол үшін берген анты жай сөз емес еді. Ол мемлекет алдында берген антына адал болды", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.
Сондай-ақ анасы қайғылы оқиғадан кейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен қызы қайтыс болғаннан кейін медальмен марапатталғанын еске салды.
"Ақша Ұлданамды қайтарып бермейді""Мен үшін бұл медаль - жай темір емес. Бұл - қызымның қандай адам болғанының белгісі және оның іс-әрекетінің мемлекеттік деңгейде танылғанының айғағы", - деді ол сотта.
Марқұмның анасы сотқа кек алу немесе материалдық өтемақы үшін келмегенін атап өтті.
"Мен ешкімге "сен кінәлісің" деп айтқан емеспін және айтпаймын да. Сондай-ақ мен бұл жерде моральдық өтемақы талап ету үшін тұрған жоқпын. Талап етпеймін де. Ақша маған Ұлданамды қайтарып бермейді. Ешқандай өтемақы оның күлкісін, дауысын және құшағын қайтара алмайды. Мен Ұлданамның өмірін ақшамен өлшемеймін. Мен тек шындық пен әділдікті сұраймын", - деді әйел.
Сәлима Ешенқұлова-Омарова соттан оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, оған құқықтық баға беруді сұрады. Бұл ретте ол Сәуле Жұбаниязованы алдын ала айыптауды дұрыс деп санамайтынын атап өтті.
"Ол да ана, мен де анамын""Егер жасалған іс-әрекет үшін заңда жауапкершілік қарастырылған болса, әділдікті орнатып, кінәлі тұлғаны жауапқа тартуды сұраймын. Ал егер Сәуле Жұбаниязованың іс-әрекетінде қылмыс құрамы болмаса, оны жауапкершіліктен босатуды сұраймын", - деді марқұмның анасы.
Сонымен қатар әйел соттан айыпталушының екі баласы барын ескеруді сұрады.
"Сәуле Жұбаниязова - жалғызбасты ана. Мен де анамын. Оның екі баласы бар. Ол да ана, мен де анамын. Оның балалары бар. Алланың қалауымен, тағдырдың жазуымен мен қызымнан айырылдым, бірақ Сәуле Жұбаниязованың көзі тірісінде балаларынан ажырағанын, балаларының анасыз қалғанын қаламаймын", - деді Сәлима Ешенқұлова-Омарова.
Ұлдананың анасы сотталушыға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады:
"Мама, сен мені мүлдем іздемейсің бе?""Соттан Сәуле Жұбаниязоваға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындамауды және бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазамен шектелуді сұраймын".
Сөйлеген сөзінің ең тебірентерлік тұсы анасының қызының соңғы күндері туралы естелігі болды.
Ол Ұлдана кейде анасынан неге ұзақ уақыт хабарласпайтынын немесе қоңырауына жауап бермейтінін сұрайтынын айтты.
"Егер мен оның қоңырауына жауап бермесем немесе өзім біраз уақыт хабарласпасам, ол біраздан кейін: "Мама, сен мені мүлдем іздемейсің бе?" деп сұрайтын. Сол кезде бұл сөздердің жүрегіме мәңгілік тікен болып қадаларын білмеппін. Осы сөздер ойымнан шықпайды", - деді әйел.
Сөзінің соңында Ұлдананың анасы соттан істің мән-жайын жан-жақты әрі объективті қарап, әділ үкім шығаруды тағы сұрады.
"Сот шешімі қандай болса да, ол халықтың үні мен қалауы ескеріле отырып қабылданғанын қалаймын. Кім кінәлі болса - заң алдында жауап берсін. Кім кінәсіз болса - оны заң қорғасын. Әділдік - бұл тек біреуді жазалау емес, әділдік - әркімнің іс-әрекетіне заңды баға берілуі. Мен үшін Ұлдана қасымда болмаса да, ол мәңгі жүрегімде тірі болып қалады. Оның есімі халық жадында мәңгі сақталады. Сондықтан бүгін мен ана ретінде соттан тек Ұлдана үшін - шындықты, Ұлдана үшін - әділдікті, Ұлдана үшін - заңға сәйкес шешім қабылдауды сұраймын", - деп түйіндеді ол.
Еске сала кетейік, бүгін жарыссөз басталғанға дейін сот процесске қатысушылардың барлық өтінішін тыңдады. Ұлдана Мырзуанның күйеуі жәбірленуші мәртебесінен бас тартпайтын болды. Сондай-ақ ол үкім жұбайын қайтарып бермейтінін айтты.
жәбірленушілер сотталушы Сәуле Жұбаниязоваға материалдық және моральдық шығынды өтеу туралы азаматтық талап арыздарын берді. Талап арыздардың жалпы сомасы 45 миллион теңгеден асады. Сотталушы талаптарды мойындамады. Сондай-ақ ол өзін кінәлі санамайтынын тағы да қайталады.
Тағы оқыңыз: Ұлдана Мырзуанның ісі: прокурорлар МИБ төрағасына қандай жаза сұрады?
Өткен отырыстарда не болды?18 тамызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында басталды фельдшер Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша алдын ала тыңдау басталды. Істі судья Меруерт Абаева жүргізіп жатыр.
Айыпталушы орындығында қайғылы оқиға болған үйдің МИБ төрағасы Сәуле Жұбаниязова отыр. Өткен сот отырысында ол өзін кінәсіз деп санайтынын мәлімдеді.
Ұлдананың анасының адвокаты Нұрсұлтан Орынбековтің айтуынша, бұл іс Қылмыстық кодекстің 254-бабы ("Міндеттеріне адал қарамау") бойынша қаралып жатыр.
20 тамызда сотталушының адвокаты судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді, алайда бұл өтініш қабылданбай, процесс жалғасты.
Фельдшер Ұлдана Мырзуанның күйеуі Әділет Зейнел сотта жауап берді. Ер адам жұбайы қайғылы жағдайға ұшыраған күн туралы баяндады. Сондай-ақ ол сотқа жұбайының қазасы туралы қалай білгенін және әкімдікте алған 20 миллион теңге туралы хабарлады.
Сондай-ақ оның анасы жауап берді. Әйелдің айтуынша, өз қызын танымай қалғанын ауруханаға барған кезде белгілі болған. Сонымен қатар жәбірленуші құдағиының әкімдіктен берілген көмек қаржының 4,5 миллион теңгесін қайтаруды талап еткенін жеткізді.
26 тамызда сотта жәбірленушілер мен куәгерлер жауап берді. Атап айтқанда, жәбірленуші Гүлнәр Қалиева 2025 жылғы 8 қарашада әпкесімен бірге үй маңындағы дүкенге бара жатқанын айтты. Олар ғимаратқа жақындай бергенде, үйдің қаптамасы жоғарыдан құлап түскен. Әйел тек басын қолымен жауып үлгерген. Оның айтуынша, "кірпіштер жаңбырша жауған".
Сондай-ақ Ұлдананың әріптесі Дильназ Байзақова сотта жауап берді. Қайғылы оқиға болған күнді еске алған кезде, ол көз жасына ерік берді.
2 қыркүйекте сот куәгерлердің - үй тұрғындарының жауаптарын тыңдады. Атап айтқанда, куәгер Валерия Самсонова үйдің қабырғаларында жарықтар пайда болғанын айтты. Мұны куәгер Халил Бабалиев те растады. Оның айтуынша, "үйдің іргесі сөгіліп жатыр".
Сондай-ақ сотта қаптама құлаған сәт түсірілген видео көрсетілді.
3 қыркүйекте сотта қылмыстық іс материалдарын зерттеу жалғасты. Мемлекеттік айыптаушы Нұрдәулет Әбуов ғимарат қасбетінің құлау себебі көрсетілген техникалық сараптама қорытындысын жариялады.
“Бүкіл үй құлап жатыр деп ойладым“ - Ұлдана Мырзуанның өліміне қатысты іс бойынша куәгер
9 қыркүйекте сот құрылыс саласындағы маман Вероника Лобаеваны тыңдады. Ол үй жобасындағы сәйкессіздіктерді "мина іспетті" деп атады.
Сондай-ақ сотта сотталушы Сәуле Жұбаниязова жауап берді. Ол қайғылы оқиғаға өзін кінәлі деп санамайтынын сотқа тағы айтты. МИБ төрағасының сөзінше, ол міндеттерін атқаруға кіріскен кезде, тұрғындар да, бұған дейінгі басқарушы да үйге қатысты қандай да бір мәселелерге шағымданбаған.
10 қыркүйекте, сот техникалық қадағалау маманы Денис Воробьёвты тыңдады. Оның айтуынша, ғимарат қасбетінде ақау белгілері қаптама құлағанға дейін пайда болған. Алайда олардың қаншалықты қауіпті екенін ешкім түсінбеген.
“Мерзімі өтіп, адамдар қайтыс болған“. Ұлдана Мырзуанның ісіне қатысты жаңа құжаттар
Бұған дейін Ұлдана Мырзуанның қазасына қатысты сот отырысы тікелей эфирде өтетіні хабарланған еді. Трансляцияны Tengrinews.kz YouTube-арнасынан көруге болады.
Қайғылы оқиға қалай болды?2025 жылғы 8 қарашада Астанада Тәуелсіздік даңғылы, 24 Б мекенжайындағы тоғыз қабатты үйдің қасбетінен кірпіш қаптама құлаған. Салдарынан бес адам зардап шекті. Олар №1 көпбейінді ауруханаға жатқызылды.
Бір пациенттің жағдайы өте ауыр болды, оған ота жасалды. Тағы екі адам жансақтау бөлімінде жатты, дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалады. Қалған екі адам бөлімшеге орналастырылды, олардың жағдайы тұрақты деп бағаланды.
Ең ауыр жарақат алған пациент - оқиға орнына жеткен жедел жәрдем фельдшері, 23 жастағы Ұлдана Мырзуан болып шықты. Қыздың туыстарының айтуынша, ол зардап шеккендерге алғашқы болып көмекке ұмтылған. Олардың арасында бала, оның анасы және туысы болған. Ұлдана зардап шеккендерге қарай жүгірген кезде, "үстіне кірпіш пен кондиционердің бекіткіші құлаған". 18 қарашада ол ауруханада көз жұмды.
Оқиғадан кейін полиция Қылмыстық кодекстің 278-бабы "Сапасыз салынған құрылыс" бойынша қылмыстық іс қозғады. Кейін істе тағы бір бап пайда болды – 306-бап "Қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету".
“Жарықтарға саусақ сыйып кетеді“. Фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне қасбеті құлаған тұрғын үйден репортаж
С от талқылауы жүріп жатқанда, көпқабатты үйдің тұрғындары ғимаратта жаңа жарықтар пайда болғанына шағымданып жатыр. Олар өз пәтерлерінде тұруға қорқады. Олардың айтуынша, түнде қабырғалардан шытынаған дыбыстар естіледі. Tengri Home тілшілері оқиға орнына барып, мазасы қашқан астаналықтармен тілдесті.
Бұл репортаждың видео нұсқасын TengriTV YouTube-арнасынан көре аласыз:
Еске сала кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлдана Мырзуанды ерлігі, жанқиярлығы және міндетін үлгілі атқарғаны үшін "Ерлігі үшін" медалімен марапаттады. Қазақстандықтар жедел жәрдем фельдшерімен қалай қоштасқаны туралы мына материалда.
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:76
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Қыркүйек 2026 15:06 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















