Меруерт Өтекешова: Қыз Жібек өмірімдегі ең үлкен мектеп
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Парасат» орденінің иегері Меруерт Қаратайқызымен болған жылы сұхбат сонау «Қыз Жібек» фильмі түсірілген сәттерден бастап, актрисаның өмір жолы, өмірлік ұстанымдарына қарай ойысты. Қалың оқырманның есіне сала кетсек, Меруерт Өтекешова 1968 жылы Алматы қаласындағы №66 мектепті тәмамдаған бойда әйгілі киноның бас кейіпкерінің рөлін сомдауға шақырту алған болатын.
Меруерт Өтекешова үшін «Қыз Жібек» фильмі – өнер жолындағы алғашқы үлкен белес қана емес, өміріндегі ерекше кезеңнің естелігі. Араға жылдар салып Парижде қазақ тілінде көрсетілген туындының көрермен көңілінен шығуы да актриса үшін айрықша қуаныш болды.
– Меруерт апай, «Қыз Жібек» фильмінің Парижде көрсетілгеніне де үш жылдай уақыт өтіпті. Десек те, бұл қазақ киносы үшін де, көрермен үшін де ерекше оқиға болды. Бізге айтыңызшы, шетелдік аудиторияның фильмді қабылдауы қандай әсер қалдырды?
– Фильмнің режиссері Сұлтан Қожықов 2023 жылы 100 жылдығын атап өтер еді. «Қыз Жібек» фильмінің Парижде қазақ тілінде көрсетілуі де осы тарихи датаға арналды. Фильм екі бөлімнен тұратын толық нұсқасында ұсынылды. Әрине, француз көрермендері екі сағат бойы фильмді қалай қабылдар екен деген ой болды. Өйткені туындының тілі де, ұлттық бояуы да, оқиғасы да өзге мәдениет өкілдеріне бірден түсінікті болмауы мүмкін ғой.
Бірақ көрермендер фильмді соңына дейін тамашалап, қазақтың әндерін тыңдады. Көрсетілім аяқталғаннан кейін де асықпай, өз әсерімен бөлісті. Арасында Францияда тұратын отандастарымыз да, шетелдіктер де болды. Мұның бәрі бізге ерекше қуаныш сыйлады.
Кино – халықтың мәдениетін, дүниетанымын, салт-дәстүрін танытатын үлкен өнер. «Қыз Жібек» арқылы қазақтың әні мен әсемдігі, сезімі мен мінезі өзге елдің көрерменіне жетіп жатса, бұдан артық бақыт бар ма?! Бұл – ұлттық өнеріміздің өміршеңдігін көрсететін маңызды оқиға.
– «Қыз Жібек» фильміне түскен кезіңізге оралсақ. Ол кезде сіз өнер жолындағы жас маман едіңіз. Басты рөлге қалай таңдалдыңыз?
– Ол кезеңде үлкен экранға кино шығару бүгінгідей оңай болған жоқ. Әрбір туындыға үлкен дайындықпен келіп, әр рөлге лайықты актерді іздейтін.
«Қыз Жібек» фильмінің кастингіне көптеген қыз қатысты. Ол кезде өте талантты актрисалар көп еді. Кез келген рөлді алып шығатын, сахнада да, экранда да өзіндік болмысы бар өнер иелері болды. Бірінен-бірі өткен сұлу қыздар да аз емес.
Қазақтың қыздары қазір де ерекше әдемі. Бірақ актерлік өнерде сыртқы сұлулықтың өзі жеткіліксіз. Адамның білімі, ішкі сезімі, таланты, кейіпкердің жан дүниесін түсіне білуі маңызды. Экранға түскенде адамның шынайы болмысы ашылады. Өйткені кино түсіретін ортада «камера сүйетін адам» деген түсінік бар. Кейде өмірде өте сұлу адам камера алдында сол сұлулығын көрсете алмауы мүмкін. Ал кейбір адамның жан дүниесіндегі ерекшелік экраннан бірден байқалады.
Іріктеуден өткеннен кейін бізді камераға түсіріп, жан-жақты тексерді. Көркемдік кеңестің бекітуінен өту де оңай болған жоқ. Ақыры рұқсат беріліп, фильмге түсу бақыты бұйырды.
Ол кезде киноның менің өміріме осындай үлкен өзгеріс әкелетінін толық түсіндім деп айта алмаймын. Жас болдым. Алдымда қандай жол күтіп тұрғанын білмедім. Бірақ сол фильм менің бүкіл өнер жолыма ықпал еткен ерекше мектепке айналды.
– Экрандағы Төлеген мен Жібектің махаббаты көрерменнің жүрегіне жол тапты. Сол кинода Құман Тастанбековпен бірге жұмыс істеген сәттермен бөліссеңіз?
– Құман аға өнерде ғана емес, өмірде де жаны сұлу адам еді. Мен үшін дүниедегі ең сұлу адам – әкем. Одан кейін Құман аға деп айтар едім. Оның адамгершілігі, ішкі мәдениеті, болмысы ерекше болатын.
Кино түсірілімінде бір-бірімізге ғашық болмасақ та, экран арқылы ғашық жандардың сезімін шынайы жеткізуге тырыстық. Актердің міндеті де – өзі сезінбеген дүниені кейіпкердің жан дүниесі арқылы көрерменге сенімді етіп жеткізу. Бұл үшін рөлді сырттай сомдау жеткіліксіз. Кейіпкердің ішкі әлеміне еніп, оның қуанышы мен қайғысын, арманын түсінуің керек.
Құман аға екеуміздің шығармашылық жолымызда Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының да орны ерекше. Бұл театр екеуміз үшін үлкен мектеп болды. Өміріміздің талай белесі осы сахнамен байланысты өтті.
Мен Құман ағаны көпшіліктің алдында әрдайым құрметпен «аға» деп атаймын. Үйде басқаша атайтынмын. Бірақ ел алдында ол кісінің орны бөлек екенін әрдайым сезінемін. Қадірін білемін, ерекше құрметтеймін.
– Фильмге түскеннен кейін кәсіби актерлік білім алуды ұйғардыңыз. Ұстаздарыңыздың қайсысы сізге ерекше әсер етті?
– Кино түсірілімі аяқталғаннан кейін 1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы қазақ мемлекеттік өнер институтының театр факультетін бітірдім. Актерлік өнерді терең меңгеру үшін білім мен тәжірибе қажет екенін түсіндім. Менің ұстаздарымның қатарында қазақ театрының көрнекті өкілдері болды. Солардың бірі – КСРО Халық әртісі Хадиша Бөкеева. Ол кісіден тәлім алу мен үшін үлкен мәртебе еді. Хадиша апайдың өнері мен ұстаздық өнегесі бізге көп нәрсе үйретті.
Мектеп жасымда Анна Дмитриевна деген ұстазым болды. Оны да ешқашан ұмытпаймын. Адамның өмір жолында із қалдыратын жандар болады. Кейде олардың бірауыз сөзі, берген бағыты немесе өнерге деген көзқарасы кейінгі тағдырыңа әсер етеді.
Кино әлеміне тау тұлға Сұлтан Қожықов сияқты шеберлердің еңбегі арқылы келдік. Театрға келгенде де мықты режиссерлерден тәлім алдық. Солардың әрқайсысы бізге өнердің жауапкершілігін, сахна мәдениетін, кейіпкерге деген құрметті үйретті.
Мен өзімді өте бақытты адаммын деп санаймын. Өйткені өнерге келген кезімде айналамда қазақ мәдениетінің ірі тұлғалары жүрді. Олардың жанында жүріп жұмыс істеу – өз алдына бір университет.
– Сіз «Қыз Жібекке» түскенде кәсіби актерлік білім алып үлгермеген едіңіз. Осындай ауқымды кинода жұмыс істеу қиын болған жоқ па?
– Әрине, қиындық болды. Жалпы, актриса болу үшін кемінде төрт жыл білім алу керек. Ал мен үлкен көркем фильмге арнайы актерлік оқу орнын бітірмей тұрып түстім.
Бірақ менің жанымда қазақтың керемет актрисасы Фарида Шәріпова, бір өзі бір мектеп Асанәлі Әшімов, тума талант Кененбай Қожабеков сынды қазақ өнерінің алыптары болды. Олардың әрқайсысы – өз алдына үлкен тұлға, үлкен мектеп. Сол кісілермен бірге жұмыс істеудің өзі маған мол тәжірибе берді.
Осындай өнер иелерінің қасында жүріп, олардың кейіпкерге қалай қарайтынын, рөлді қалай зерттейтінін, әр көрініске қалай дайындалатынын көрдік. Көп нәрсені солардан үйрендік.
Кейде адамға біліммен қатар жақсы орта да қажет. Өйткені нағыз шеберлердің жанында жүрсең, олардың еңбекке деген көзқарасы саған да жұғады. Олардан алған қуат пен тәжірибе кейінгі өмірімде үлкен тірек болды.
– Жібек бейнесі қазақ қызының сұлулығы мен нәзіктігінің символына айналды. Алайда сіз Жібектің батылдығына да ерекше мән бересіз. Неліктен?
– Өйткені Жібек тек сұлу қыз немесе ғашық болған кейіпкер ғана емес. Оның бойында қайсарлық, батылдық, адамгершілік бар. Мен үшін осы қасиеттері өте маңызды.
Фильмдегі Төлеген мен Бекежанның арасындағы жанжал кезінде Жібектің екі жақтың қантөгісіне жол бермеуге ұмтылуы – оның ішкі күшін көрсететін сәттердің бірі. Ол өз сезімін ғана ойламайды, адамдардың амандығын да ойлайды. Қауіпке қарамастан, екі батырдың арасында түсіністік орнатуға тырысады.
Міне, қазақтың қызы қандай болуы керек дегенде, мен осындай мінезді айтар едім! Қазақтың тарихында Мәншүк Мәметова мен Әлия Молдағұлова, Хиуаз Доспанова сияқты батыр қыздарымыз бар. Олар Отан үшін жанын аямаған. Олардың ерлігі кейінгі ұрпаққа үлгі.
Мен де өмірде адалдықты, батылдықты жоғары қоямын. Өтірік пен сатқындықты жек көремін. Адамның қандай екенін оның сөзіне қарап қана емес, ісіне қарап бағалау керек. Өйткені мінез адамның әрекетінен көрінеді.
Қазақ қызы нәзік те болсын, бірақ қажет кезде өз ойын ашық айтып, дұрыс деп санаған жолынан таймауы керек. Сұлулық пен қайсарлық бір-біріне қайшы қасиеттер емес. Адамның шынайы сұлулығы оның жан дүниесімен, тәрбиесімен, адалдығымен өлшенеді.
– «Қыз Жібек» фильмінде қазақтың салт-дәстүрі, әні мен ұлттық болмысы кеңінен көрініс тапқан. Сіздің ойыңызша фильмнің бүгінге дейін көрерменін жоғалтпауының сыры неде?
– Бұл фильмнің өміршеңдігі оның ұлттық рухында деп ойлаймын. Мұнда қазақтың әні де, әдет-ғұрпы да, киім үлгісі де, адамдар арасындағы қарым-қатынасы да бар. Бірақ ең маңыздысы – адам сезімі. Махаббат, адалдық, арман, өкініш, адамдық қасиеттер ешқашан ескірмейді.
Уақыт өзгереді, ұрпақ ауысады. Бірақ шынайы өнердің құндылығы жоғалмайды. Жастар фильмді көргенде қазақтың бұрынғы өмірін ғана танып қоймай, кейіпкерлердің мінезі арқылы өздеріне де ой түйеді.
Фильмдегі Жібек бейнесі бүгінгі қыздарға да жақын деп ойлаймын. Өйткені ол өз сезіміне адал, сонымен бірге айналасындағы адамдарға бейжай қарай алмайтын жан. Оның бойындағы адамгершілік пен батылдық – кез келген кезеңде маңызды қасиеттер.
Ал Париждегі көрсетілім осы ойымды тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақтың ұлттық туындысы өзге елде де көрерменнің жүрегіне жол таба алады. Ол үшін өнердің тілі шынайы болуы керек.
– Әңгімеңізді қорытындылай келе, бүгінгі жас актерлерге не айтар едіңіз?
– Ең алдымен, өз мамандығыңды жақсы көруің керек. Өнерді тек атақ пен танымалдық үшін таңдауға болмайды. Бұл сала үлкен еңбек пен төзімділікті талап етеді. Кейде өзің күткен рөл бұйырмайды, кейде еңбегің бірден бағаланбайды. Сондай кезде де ізденуді тоқтатпау қажет.
Актерлік өнерде жүрек тазалығы маңызды. Кейіпкерді түсіну үшін адамды түсіне білуің керек. Ал адамды түсіну үшін өмірді тану қажет. Көп оқу, іздену, бақылау, өзіңді дамыту – мұның бәрі актердің қалыптасуына әсер етеді.
Жас әріптестеріме таланттарыңды бағалаңдар, бірақ тек талантқа сеніп қалмаңдар дер едім. Еңбек етіңдер, жақсы ұстаздардан үйреніңдер, өздеріңді жетілдіріңдер. Ең бастысы, өнерге адал болыңдар. Өйткені жүректен шыққан дүние ғана көрерменнің жүрегіне жетеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:120
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Қараша 2026 07:15 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















