Мұнай нарығы: Геосаясат, стратегия және жаңа сын қатерлер
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып ақпарат жариялайды..
Тарихқа көз жүгіртсек, мұнайдың адамзат өркениетіндегі рөлі тек соңғы ғасырлармен шектелмейді. Оның тарихы біздің дәуірімізге дейінгі 3 мың жыл бұрынғы Таяу Шығыс өңірінен басталады. Ежелгі адамдар мұнайды құрылыс, су өтпейтін жабындар жасау және емдік мақсатта пайдаланған. Ал 1264 жылы әйгілі саяхатшы Марко Поло қазіргі Әзербайжан аумағында жер қазып, мұнай алып жатқан халықты көргенін жазады. Осы тарихи жазбалар Бакуді әлемдегі алғашқы мұнай индустриясының отаны ретінде тануға негіз болды.
XIX ғасырда мұнай өндірісінде жаңа дәуір басталды. 1849 жылы канадалық ғалым Абрахам Геснер мұнайдан керосин өндіріп шығарды. Бұл жаңалық мұнайға деген сұранысты күрт арттырды, себебі ол кезде жарық көзіне деген қажеттілік жоғары болатын. Осыдан соң 1859 жылы АҚШ-тың Пенсильвания штатында алғашқы өндірістік мұнай ұңғымасы іске қосылып, өнеркәсіптік игеру басталды.

Standard Oil: Мұнайдың алғашқы алпауыты
XIX ғасырдың соңына қарай мұнай өнеркәсібінде алғашқы монополиялар пайда бола бастады. Олардың ішіндегі ең ірісі – Джон Д. Рокфеллер негізін қалаған Standard Oil компаниясы. Бастапқыда АҚШ мұнай өндірісінің 10 пайызына иелік еткен бұл компания небәрі 5 жылдың ішінде әлемдік нарықтың 90 пайызын бақылауына алды.
Standard Oil-дің табысының сыры – толық өндірістік тізбекті өз қолына шоғырландыруында еді. Олар кен орнын өзі қазып, өзі өндіріп, өзі өңдеп, әрі қарай өзі тасымалдап, сатумен де айналысты. Осындай кешенді және тиімді бизнес-модель Рокфеллерді әлемдегі ең бай адамға айналдырды.
Алайда, бұл модельдің табысы АҚШ үкіметінің монополияға қарсы саясатын туындатты. Нәтижесінде Standard Oil 1911 жылы 7 бөлек корпорацияға бөлінді. Қызығы, бүгінде сол корпорациялардың негізінде құрылған 34 ірі компания әлемдік және қазақстандық мұнай-газ нарығында жұмысын жалғастыруда.
Қазақстан әлемдік мұнай нарығында 12-орында
1899 жылы Атырау облысындағы Қарашүңгіл кен орнында алғашқы мұнай ұңғымасы игеріле бастады. Бұған дейін 1892 жылы Ескінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп, 1893 жылы Доссор, Қаратон, Мақат кен орындарында бұрғылау басталған еді.
1913 жылы қазақ жеріндегі мұнайға алғашқы шетелдік инвестиция тартылды. Оларды әйгілі ағайынды Нобельдер – Людвиг, Альфред және Роберт салды. Атыраудағы Иманқара мен Жылыойыс кен орындарының ашылуына осы әулет тікелей себепкер болды.

Қазіргі таңда Қазақстан – әлемдегі ірі мұнай өндіруші елдердің бірі. Ел аумағында үш ірі мұнай кеніші бар. Мұнай қоры бойынша Қазақстан әлемде 12-орында, ал өндіру көлемі жағынан 17-орында тұр. Дерек бойынша еліміз жыл сайын 80-90 миллион тоннаға дейін мұнай өндіруге қауқарлы.
«Қор туралы дерек 2007 жылдан бері жаңармады»Бірақ мұнайды сату мәселесі күрделеніп барады. Геосаяси тұрақсыздық, транзит жолдарындағы қауіптер, бәсекелестік пен OPEC+ ұйымының өндіріс шектеулері Қазақстанды мұнай тасымалдаудың жаңа бағыттарын іздеуге мәжбүрлеп отыр. Негізгі транзит жолдарының бір бөлігі Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс аймағы арқылы өтеді, ал логистикалық инфрақұрылымдағы өткелдер процесті одан әрі күрделендіреді.
Болжам бойынша, Қазақстандағы мұнай қоры 4 миллиард тоннадан асады, яғни ол шамамен 30 миллиард баррельге тең. Елдегі негізгі мұнай-газ кен орындары – Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған. Бұл үш ірі кен орнында жалпы мұнайдың 70 пайыздан астамы өндіріледі. 2024 жылы Қазақстанда 90 миллион тонна мұнай өндірілді. Қазір ел аумағында 172 кен орны тіркелген, оның ішінде 80-ге жуығы әлі толық игерілмеген.
Жалпы қордың 90 пайыздан астамы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ, Өзен, Жетібай, Жаңажол, Қаламқас, Кеңқияқ, Қаражанбас, Құмкөл, Солтүстік Бозашы, Кенбай, Королевское, Әлібекмола, Орталық және Шығыс Прорва сияқты 15 ірі кен орнына тиесілі.

Алайда сарапшылар еліміздегі мұнай қоры туралы деректердің нақтылығына күмән келтіреді.
– Қазақстандағы мұнай қоры туралы көрсеткіш 2007 жылдан бері өзгеріссіз, яғни 30 миллиард баррель көлемінде сақталып келеді. Бұл – 18 жыл бойы жаңартылмаған дерек, сондықтан сұрақ туындайды. Тіпті тәуелсіз шетелдік ұйымдардың кейбірі Қазақстандағы мұнай қорының көлемі 30 миллиардтан гөрі 20 миллиард баррель шамасында екенін айтады. Егер еліміз жылына 600-700 миллион баррель мұнай өндіретін болса, осы көрсеткіштер негізінде нақты қанша мұнай қалғанын есептеу қажет, – дейді сарапшы Абзал Нарымбетов.
Елімізге жаңа кен орындары қажетҚазақстан мұнайының 70 пайыздан астамы экспортталады. Негізгі бағыт – Каспий құбыр консорциумы арқылы Ресейдің Новороссийск портындағы Қара теңізге жөнелтіледі, мұнай экспортының 80 пайызы осы жолмен жүзеге асады. Сонымен қатар Атырау-Самара, Баку-Тбилиси-Жейхан және Орта дәліз бағыттары пайдаланылады. Қазір Қазақстан-Қытай мұнай құбыры арқылы да экспорт көлемі артып келеді.
Мұнайдың негізгі тұтынушылары – Германия, Италия, Франция, Нидерланды, Испания, Ресей, Түркия, Қытай және Сингапур.

KazEnergy қауымдастығының төрағасы Болат Ақшолақовтың айтуынша, бұл ретте жаңа кен орындарын ашу қажеттілігі туындап отыр.
– Қосымша мұнай көздерін ашу үшін геологиялық барлау жұмыстарын қарқынды жүргізу қажет, алайда мұнайдың бар-жоғына алдын ала ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан бұл салада инвестициялық климатты жақсарту маңызды, – дейді сарапшы.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қаламқас-теңіз» және «Хазар» сияқты ірі теңіз кен орындарын игеру басталғанын айтқан еді. Оған алты миллиард доллардан астам инвестиция салынып отыр, ал теңіз платформаларының құрылысын отандық кеме құрастырушы кәсіпорындар жүргізуде. Бұл жобалар еліміздің энергетикалық әлеуетін нығайтып, экономикамыздың дамуына үлес қоспақ.
Келісім қалай жасалды?1990-жылдардағы экономикалық қиын кезеңде Қазақстанға шетелдік инвесторларды тарту мақсатында мұнай өнімдерін экспортқа шығару жөніндегі ұзақмерзімді өнімді бөлісу туралы келісімдер қабылданды. Бұл кезде ел экономикасын қалпына келтіру және әлеуметтік жағдайды жақсарту үшін қаржы қажет болды. Осы саясат аясында Совет үкіметінен қалған үш мұнай өңдеу зауыты жаңартылғанмен, жаңа зауыттар салынбады. Сондықтан ел экономикасы әлі күнге дейін шикізатқа тәуелді.
Осыған байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке шетелдік инвесторларға қазба байлықтарға инвестиция құю шарттарын отандық мүдде тұрғысынан қатаңдатуды тапсырды. Өнімді бөлісу туралы келісімге сәйкес, мемлекет жер қойнауы мен пайдалы қазбалардың иесі болып қала береді, ал шетелдік компаниялар қаржысы мен технологиясын пайдаланып, барлау мен өндіруге инвестиция салады. Инвесторлар салған қаржысын алдымен өндіріп алады, ал кейінгі таза пайда келісімшарт бойынша мемлекетпен бөлінеді. Әдетте пайданың басым бөлігі инвесторларға тиесілі, себебі олар үлкен тәуекелге барады.

«Energy monitor» қоғамдық қорының атқарушы директоры, мұнай-газ саласының сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, қазіргі таңда осы жер қойнауын игеруші инвесторлар мен Қазақстан арасында келіспеушіліктер бар.
– Мысалы, Қашаған жобасы бойынша Қазақстан экологиялық айыппұл салды, себебі жоба 4,5 млрд долларлық күкіртті сақтаған. Қазір халықаралық арбитраждық сот процестері жүріп жатыр.
Қарашығанақ жобасындағы газды өңдеу зауыты мәселесі екі жылдан бері шешілмей келеді. Бұл екі ірі жоба Қазақстан үшін маңызды, – дейді Нұрлан Жұмағұлов.
Жұмағұлов атап өткендей, 1990-жылдардағы өнімді бөлісу келісімшарттарындағы талаптар еліміздің мүддесіне кейде қайшы келеді. Мысалы, Теңіз жобасы өнімді бөлісу емес, тұрақты келісімшартпен жұмыс істейді және осы шарттар 30 жылдан астам уақыт бойы өзгеріссіз қалып отыр. Қашаған, Қарашығанақ және Теңіз жобалары жергілікті нарыққа мұнай шығармайды, тек экспортқа бағытталған. Ал олардың салықтық жеңілдіктері заман талабына сай емес.
– Теңіз жобасында бастапқыда 50%-50% үлес болса, қазір Қазақстанда тек 20% үлес бар. Алдағы уақытта осы ірі жобалардың келісімшарттарын ұзартқан кезде Қазақстан өзінің үлесін көбейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар жергілікті мұнай өңдеу зауыттарына шикізатты жеткізу талап етіледі.
Мұнай өңдеу зауыттарының аздығы және мұнай химиясының дамымауының негізгі себебі – ішкі нарықта бензин мен дизель отынының бағасының төмен болуы. Экспорттағы мұнай бағасы ішкі нарықтағы бағадан шамамен екі есе жоғары, сондықтан инвесторлар мұнайды экспортқа шығарғанды ұнатады. Бұл жағдай ішкі нарыққа отандық мұнай өнімдерінің жеткіліксіз болуына әкеледі, – дейді ол.

Байқағанымыздай, мұнайды ішкі нарыққа жеткізу мәселесі өзекті. Атыраудан Алматыға дизель отынын цистерналармен тасымалдау тоннасына 100 доллар тұрады, ал Қара теңізге құбырмен тасымалдау – 38 доллардан. Мұнай-газ өнімдерін Еуропаға экспорттау шығыны жоғары, өйткені құбыр желісін салу өте қымбат және қиын. Сондықтан мұнай өнімдерін цистерналармен тасымалдау қымбатқа түсетін көрінеді.
«Қазақстанда 50 жылға жететін мұнай бар»Қазақстанда мұнай тасымалын әртараптандыру бойынша нақты балама жоқ. Қосымша бағыттар ретінде Қытай-Қазақстан, Баку-Тбилиси-Жейхан және Атырау-Самара бағыттары бар. Қашаған жобасы көлемін ұлғайтатын болса, Каспий құбыр консорциумының өткізу қабілеті жеткіліксіз болмақ, сондықтан жаңа құбыр салу қажеттілігі бар.
– Қазіргі таңда Атыраудан Ақтауға дейін құбыр салу жоспарланып отыр. Бұл құбыр арқылы жылына 10-20 млн тоннаға дейін тасымалдау жүргізіледі. «Жанар-жағармай нарығын еркін нарыққа жіберу керек» деген пікірлер де бар. Егер мұнай өндірушілер отандық мұнай өңдеу зауыттарына нарықтық бағамен шикізат берсе, ішкі нарық арзан жанар-жағармаймен қамтамасыз етілетін еді.
Қазірүкіметтің реттеуінің арқасында бензин бағасы төмен. Егер еркін нарыққа жіберілсе, баға кемінде екі есе өседі, мысалы 210 теңге болатын бензин 410 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін. Бұл баға әлемдік деңгейден сәл төмен болады, – дейді сарапшы.
Нұрлан Жұмағұловтың айтуынша, мұнай ешқашан таусылмайды. Қазіргі технологиялар бойынша Қазақстанда 4 миллиард тонна мұнай бар және жыл сайын 90 миллион тонна өндіріледі. Осы қарқынмен есептегенде мұнай 45-50 жылға жетеді деген болжам бар.

Бүгінгі мұнай нарығындағы баға мен өндіріс көлемін реттеуде халықаралық ұйымдардың рөлі ерекше. Солардың ішінде ең ірісі – ОПЕК.
2016 жылы Ресей, Қазақстан және Мексика қатарға қосылып, ОПЕК+ альянсы құрылды. Қазір ұйым мұнай бағасын тұрақтандыру үшін өндірісті нарық сұранысына қарай реттеп отыр.
ОПЕК бас хатшысы Хайтам Әл Гаис елімізге сапары барысында нарықтағы ұсыныс пен сұраныс тепе-теңдігін сақтау маңызын атап өтті.
– 2050 жылға қарай мұнайға сұраныс тәулігіне 123 миллион баррельге жетеді және мұнай өндірісі жыл сайын 5-6% құлдырайды. ОПЕК мұнай өндірушілермен қатар, Үндістан, Қытай, Еуропалық Одақ сияқты тұтынушылармен де диалог жүргізуді жалғастырады, – деді Хайтам Әл Гаис.
Ал ОПЕК-ке қарсы құрылған Халықаралық Энергетика Агенттігінің (IEA) болжамына сәйкес, мұнайға жаһандық сұраныс 2030 жылы ең жоғары шегіне жетеді. Себебі Африка мен Азиядағы дамушы елдерде тұтыну қарқыны артады. Ал 2050 жылдан бастап балама энергия көздеріне – жел, күн және атом станцияларына инвестициялар көбейіп, мұнайдың қолданылуы біртіндеп азаяды.
Қазақстан жаңартылатын энергия саласында алдаАл S&P Global компаниясының вице-президенті Мэттью Сэйгерс энергетикалық транзиттің жүріп жатқанын және әлемдік энергия тұтынуының жартысынан көбін мұнай мен газ құрайтынын айтады.
– Қазақстан жаңартылатын энергия саласында Орталық Азияда алда келеді. Басқа елдерде де энергетикалық транзит жүріп жатыр, мысалы Қырғызстан мен Тәжікстанда гидроэнергетика, Өзбекстанда газ өндірісінің азаюы байқалады, – дейді сарапшы.

Мэттью Сэйгерс нарықтағы құбылмалылық қалыпты жағдай екенін және оны жұмсартудың бір жолы – тәуекелдерді тарату арқылы ірі ұйымдарға қосылу екенін алға тартады.
«ОПЕК+ ұйымымен алшақтық бар»
Сондай-ақ, Мэттью Сэйгерс ОПЕК+ сияқты ұйымдардың нарықтағы тұрақсыздықты бірге еңсеруге көмектесетінін, бірақ толық қауіпсіздік жоқ екенін жеткізді.
– Әлемдік тұрақсыздықтың көптеген себептері алдын ала болжауға келмейді, 2008-2009 жылғы әлемдік қаржылық дағдарыс соған дәлел, – дейді ол.
Мэттью Сэйгерс ОПЕК+ пен Қазақстан арасындағы алшақтық артқанын да айтты.
–Қазақстан 2024 жылы Теңіз кен орнын кеңейту жобасының жаңа кезеңін іске қосып, ОПЕК+ келісіміндегі мұнай өндіру шектеулерін орындауды қиындатты. Қазақстан ұлттық басымдықтар мен міндеттеріне сүйене отырып шешім қабылдайтынын ашық мәлімдеді. Бұл жағдай ұйым мүшелерінің наразылығын туғызды, – деді S&P Global компаниясының вице-президенті.
Мэттью Сэйгерс мұндай ұйымдар икемді және өзгермелі екенін, бір кезеңде мүдде сәйкес болса, басқа уақытта сәйкес келмеуі қалыпты жайт екенін атап өтті.
Қорыта айтқанда, мұнай әлі ұзақ уақыт бойы стратегиялық ресурс болып қала береді. Бірақ болашақта мұнайды терең өңдеп, молекула өндіретін ел ғана жаһандық бәсекеде алда болмақ.


