Мұнай, су және экология: Тоқаев Каспийдегі ынтымақтастықтың басымдықтарын белгіледі
Qazaq24.com, Tengrinews.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақстан Президенті Әзербайжанмен бірлесіп, Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы Қазақстан мұнайын тасымалдау көлемін арттыру жөніндегі жоспарын бөлісті. Бұл туралы Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VII саммитінде сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспий теңізі өңіріміздің ғана емес, әлемнің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие болып отырғанын атап өтті.
"Қазақстан Каспий өңірдегі және одан тысқары мемлекеттердің ортақ игілігі үшін әрқашан бейбітшілік пен ынтымақтастық кеңістігі болуы керек деп санайды. Бұл ретте су ресурстары мен экология саласындағы бірлескен күш-жігер арқылы оны сақтап қалу өте өзекті", – деді Президент.
Мемлекет басшысы АӨСШК қызметіндегі экологиялық бағыттың маңызы арта түскенін атап өтті. Оның пікірінше, су ресурстарының тапшылығы мен экожүйенің тозуы Азиядағы ең күрделі сын-қатердің біріне айналды.
"Азия мен Тынық мұхиты аймағында дүние жүзі халқының 60 пайызы мекендейді. Алайда бұл өңір әлемдік су қорының 35 пайызына ғана иелік етеді. Сәйкесінше, өңірдің су ресурстарымен қамтылуы жан басына шаққанда әлем бойынша төменгі орында. Қазақстан су ресурстары алдағы уақытта да ынтымақтастықтың көзі болуы керек деп санайды. Осыған орай технология алмасу, бірлесіп зерттеу және су үнемдейтін шешімдерді ілгерілету мақсатында АӨСШК су ресурстары серіктестігін құруды ұсынамын. Бұл ретте Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы жүйесінде су ресурстарына қатысты жаһандық күн тәртібін жүйелі үйлестіруді қамтамасыз ететін Халықаралық су ұйымын құру бастамасын көтерді. Аталған ұсынысты АӨСШК мүше мемлекеттерінің қосылуына мүмкіндік бере отырып, Орталық Азия елдері мен Әзербайжан бірлесе ілгерілетуіне болады", – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, бұл бастамалар инвестиция мен адам капиталы болмаса түбегейлі нәтиже бермейді.
"Бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын ұлы философ әрі ғалым әл-Фараби қоғамның қуаты оның халқының білімі мен адамгершілік қасиеттерінде екенін айтқан. Сондықтан Ұйымға мүше мемлекеттерді АӨСШК-нің адами капитал саласындағы әріптестік орнатуға шақырамын. Мақсат – жас ұрпақты технологиялық, экономикалық және геосаяси жаңғырулар екпінімен сәт сайын өзгеріп жатқан әлемге бейімдеу. Біз осы маңызды мәселені шешуге үлес қосу үшін сарапшылық тәжірибемізді, маңдайалды университеттер мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының әлеуетін ұсынуға дайынбыз. Келесі жылы қауіпсіздік пен сенімді нығайту саласындағы ғылыми зерттеуге арналған стипендиялық бағдарлама іске қосылуы ықтимал. Қазақстан Ұйымға мүше 28 мемлекеттің студенттеріне шәкіртақы ұсынуға, сондай-ақ ғалымдарға зерттеу гранттарын беруге әзір", – деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті сөз соңында Әзербайжанның Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске төрағалығын табысты жалғастыруына тілектес екенін жеткізді. Сондай-ақ бүгін қабылданған Баку декларациясы алдағы жұмысқа берік негіз қалайтынына сенім білдірді.
Еске сала кетейік, 14 қазанда Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 7-саммитіне қатысу үшін Бакуге жұмыс сапарымен барды.
Анықтама: Азия құрлығындағы бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатында 1992 жылы Қазақстанның бастамасымен құрылған ірі үкіметаралық форум. Бүгінде ұйым Азия аумағы мен халқының шамамен 90 пайызын қамтитын 28 мүше мемлекеттің басын қосып отыр, тұрақты хатшылығы Астанада орналасқан.
Тағы оқыңыз: “Арымызға сын“: Тоқаев Каспий мәселесі бойынша мемлекеттердің басшыларына үндеу жасады
Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:84
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 15 Қазан 2026 18:34 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















