Нұрлан Жұманиязов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Сахна адамның ішкі шындығын ашады
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып жаңалық таратты..
Үнсіздігімен ойландырып, сабырымен сендіретін, сахнада айқайсыз-ақ биік өнер тудыратын режиссерлер санаулы. Оның қолтаңбасы жалған ұраннан емес, ішкі дірілден, көзге көрінбейтін, бірақ жүрекке жететін терең тыныстан танылады. Сахна артындағы жалғыздық, шығармашылық мехнат, адам жанына деген іңкәрлік пен ішкі еркіндік оның болмысын айқын бейнелейді. Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязовтың
жансарайына үңілгенде осындай ой түйдік.
– Нұрлан Ғиылманұлы, сіз туралы спектакльдеріңіз сөйлегенімен, өзіңіз тұлға, адам ретінде сұхбат құрып, көп ашыла бермейсіз. Мұның сыры неде?
– Ол тұйықтығымнан емес, жауапкершілікті сезінгендіктен болар. Театр – жай кәсіп емес, жүрек пен жүйкенің дерті. Ол адамды тыныш қалдырмайды. Қуантады, күйіндіреді, қайта тірілтеді. Театр – жанның ең түкпіріндегі шындықты шығаруға мүмкіндік беретін кеңістік. Жалпы, өмір жолыма көз жүгіртіп сараласам, үлкен, ірі тұлғалармен жолығып, сол кісілердің інісі бола алғаныма, кейбірінің шәкірті, енді бірінің бала-шағасымен қатар жүргеніме қатты ризамын. Өйткені адамның өмірінде өзін өлшейтін, теңейтін бір тұлғасы болуы керек. Қандай да бір әрекет жасар алдында «Ол кісі осылай істер ме еді, не дер еді?» деп ойлану адамды оң мен солын ажыратуға үйретеді. Ол адам бұл дүниеден өтіп кетсе де, көзі тірі болса да, саған бағыт беріп, жол сілтейтін рухани бағдар болмысында қалады. Өзімді бірнеше алып тұлғаның шәкіртімін деп есептеймін. Ең алғашқысы – Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов. Режиссура ұғымын, театрға деген көзқарасты осы кісіден үйрендім. Ол кісіні рухани әкем десем, артық айтқаным емес. Асқар Тоқпановтың қаталдығы мен әділдігі, Қадыр Жетпісбаевтың актерге деген жанашырлығы, Әшірбек Сығайдың театр тарихын танудағы тереңдігі – бәрі қалыптасуыма ерекше әсер етті. Сол кісілердің алдында басымды иемін. Күні кеше өмірден өткен Асанәлі Әшімов ағамыздың да ақылын көп тыңдадым. Бұл – ең маңызды нәрсе. Сен маған «Өзің туралы мәліметтер аз» деп отырсың ғой. Мен де кейде ойланамын: «Осы уақытқа дейін айтқандарым бір-біріне қайшы келіп көрді ме екен?» деп. Егер адам жел қай жақтан соқса, солай бұрыла беретін болса, ондай кісімен сұхбаттасудың өзі артық сияқты. Өйткені ол кеше бірді айтып, бүгін басқаша сөйлесе, оның халыққа айтар сөзі де салмақсыз болады. Ал менің сұхбаттарға жиі келісе бермейтінім, өз ұғымымнан, түсінігімнен айнып қаламын ба деп қорыққанымнан емес, кейде айтылар сөздің бәрі айтылып қойған сияқты көрінеді. Айтылған сөз істелмей жатқанда, үстіне тағы жамау сөз қосудың қажеті бар ма деген ой келеді. Ең бастысы, менің суреткер, режиссер ретіндегі ой толғанысым ғана елге керек. Жеке басымның қиындықтары, адасқан сәттерім – өмірдің өткінші кезеңдері. Ондай жағдай бәрінде болады.
– «Жұманиязов деген тегіңіз өнер жолыңызды жеңілдетті» деген пікірлер айтылады. Бұған не дейсіз?
– Ондай пікірмен келіспеймін. Көрнекті композитор, Қазақстанның халық әртісі Базарбай Жұманиязов – немере ағам. Бірақ өнер қайраткерінің туысы болу маған дайын жол ашып берген жоқ. Керісінше, өзімді дәлелдеуге мәжбүр етті. Асқар Тоқпанов студент кезімде: «Сен Базарбайдың арқасына мініп алғансың», деп бетіме айтатын. Намыстандым. Бірақ кейін түсіндім: ол сынау емес, қайрау екен. Диплом жұмысымды көрген соң арқамнан қағып: «Өзің бір дұрыс бала екенсің», деді. Сол сөз үлкен баға болды. Қалай десек те, қан жібермейді ғой. Өнер – тегімізде бар қасиет. Менің театрға келуім де кездейсоқ емес. Батыс Қазақстан облысы Орда ауданының Жәнібек ауылында өмірге келдім. Әкем Ғиылман күйші, өнерлі, зиялы адам еді. Өмір бойы мұғалім болды. Әкемнің ағалары да өнерден алыс емес. Қадем атам Орал театрында қызмет істеген, кейін қудаланып, тағдыры ауыр болды. Кеш ақталды. Ол туралы ұзақ жыл бойы ашық айтуға болмайтын. Өнердің алғашқы әліппесін осы кісілер үйретті.
– Ал анаңыз ше? Қандай адам еді?
– Анам да ән айтатын. Өкінішке қарай, ғұмыры қысқа қайырылды. Анам небәрі отыз алты жасында өмірден өтті. Ол кезде мен төрт жаста едім. Ол да мұғалім, алты баланың анасы еді. Сол бір күн – 6 қыркүйек… Үзіліс кезінде үйге тамақ қойып, сабағына асығып қайта шыққан сәтінде мектеп жанындағы қоймаға жем түсіріп жатқан машинаның астында қалып бара жатқан баланы көріп, ойланбастан ұмтылды. Балдырғанды аман алып қалды, өзі сол жерде жантәсілім етті. Сол күн менің жанымда мәңгілік жазылмайтын жара болып қалды. Кейін үйімізге Тәтті деген екінші шешеміз келді. Бізге туған баласындай қарап, бар мейірім-махаббатын төкті. Ол кісіге ризамын, айтар алғысым шексіз. Дегенмен кейде пенделік ойға беріліп кететін сәттер де болады: «Сол күні анам бөтен бір баланы құтқарамын деп өлімге басын тіккенде, үйде күтіп отырған, әлі аяқтанып та үлгермеген өзінің алты баласын неге ойламады екен?» деп өз-өзіме сұрақ қоямын. Бірақ бұл ойдан бірден бас тартамын. Өзектегі өкініш жүректі қысады, әрине… Әйтсе де, амал бар ма? Алланың өлшеп берген ғұмыры солай болған екен. Жалпы, қазақтың қыз-келіншектері мықты ғой. Соғыста қыршынынан қиылған Әлия мен Мәншүк апаларымызды еске алыңызшы. Егер сұм соғыс болмағанда, олар қандай ана болар еді? Қыршынынан қиылмағанда, қандай арыстай ұлдарды дүниеге әкелер еді? Жалпы, ерлік деген не өзі? Ол – бір ғана сәт. Ал сол ерліктің жолынан таймай өту – жылдарға созылатын сын. Саған қанша мүмкіндік беріледі, сен сол мүмкіндіктің бәрінде бірдей болып қала аласың ба? Бүгін айтқан сөзіңнен ертең айнымай, бүрсігүні басқаша сөйлемей жүре аласың ба? Бұл – өзіме де күн сайын қоятын сұрағым. Өйткені ертең біреу менің де жолымды таразылайды. «Бұл адам соңында не қалдырды?» деп қарайды. Режиссураның реформаторы атанған ұстазым Әзірбайжан Мәмбетовтің небір мықты спектакльдерінің ішінде күні бүгінге дейін аңыз болып тарап, ел есінде қалғаны бар болғаны жеті-сегіз қойылым ғана екен. Бірақ сол жеті спектакль жетпістен артық дүние секілді халық жадында, ауыздан-ауызға көшіп жүр. Егер менің де бағыма үш-төрт спектакль бұйырып, елдің есінде қалуға жараса, соның өзі – үлкен бақыт.
– Аңыз деп қалдыңыз, сіздің өміріңіздің сондай бір «аңызы» дипломсыз жұмысқа қабылдануыңыз дер едік. Ол кезең сізге не үйретті?
– (күліп алды) Иә, дипломсыз жұмысқа қабылданғаным туралы әртүрлі әңгіме айтылады. Шынын айтсам, тентек емес, алғыр болдым, сабақты да өте жақсы оқыдым. Бірақ мінезім өткір еді. Өтірікке, екіжүзділікке төзбейтін ортада өстім. Институтта Ғылыми коммунизм деген пән бар еді. Сол сабаққа, оқыту идеологиясына қарсы шықтым. Себебі ол пәннің өзінде-ақ қайшылық көп-ті. Осылайша, оқытушының «кәріне» ұшырап, емтиханнан «екі» деген баға алдым. Мамандығым бойынша сабақтың барлығы – төрт пен бес, Ғылыми коммунизм – «2»! Сөйтіп, емтиханнан құлап, дипломсыз қалдым. Содан амал жоқ, институттан бір жапырақ анықтама алып, театрға, Әзірбайжан Мәмбетовтің алдына бардым. Мақсатым – актер болу. Ол кезде театрға жас буын келіп жатқан шақ. Мәселені білген соң, іште «худсовет» өтті. Сол жерде шығармашылық қабілетіме сеніп, дипломсыз-ақ, қарапайым анықтамамен Мәмбетов жұмысқа алды. Барлығы «Бұл қалай болады?» деп аңтарыла қарағанда, Әзекең: «Оның дипломы – ұстазы Хадиша Бөкеева», деп шорт кесті. Ешкім қарсы келе алмады. Бұл – жүйеге емес, адамға сенген сөз еді. Осылайша, 1982 жылы М.Әуезов атындағы академиялық қазақ драма театрының актері болып қызметке қабылдандым. Әпенділігім мұнымен біткен жоқ. Кейін Әзекең Астанаға, Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрына келгенде ұстаз алдына тағы бардым. Бұл жолы да дипломсыз. Қиқар мінезіме салып бір кезде «Режиссураны оқыды» деген дипломды барлық құжатыммен бірге ашу үстінде жыртып, өртеген кезім болған. Оны естіген Әзекең: «Идиот, дурак», деп қатты ұрысты. Бірақ кеудемнен итермеді. Керісінше, сүрінген сәтімде демеп, сүйеу бола білді. Өзінің шеберханасында оқығанымды куә ретінде дәлелдеп, бәріне телефон шалып жүріп, құжатымды қалпына келтірді. Қазір ойласам, тұншығып бара жатқан жерімнен бірнеше рет жұлып алып шыққан адам осы Әзірбайжан аға екен. Бейнелеп айтқанда, дем жетпей тұрған сәтте иығымнан сілкіп, «терең тыныста, кеңірек дем ал» деп қайта тірілткендей еді. Кейде қатты ұрысатын, кейде еркелететін. Бірақ ең қиын сәтте бәрібір сеніп, тірек бола білетін. Әзекеңе шәкірт болу кәсіби мектеп қана емес, мінез мектебінен де өту еді. Өз басын қатерге тігіп тұрғанын білсе де, шәкірттерін қорғау жолында көзсіз тәуекелге бара алатын. Соның бір мысалы осы. «Осындай жағдаймен бетпе-бет келсем, мен мұндай ірілікке бара алар ма едім?» деп кейде өз-өзімнен сұраймын. Сен сүрінгенде біреу арқаңнан қағып, саған деген сенімді сақтап қалса, нағыз адамдық. Өткенге өкпелеудің орнына, жақсылықты ұмытпай, өзің де біреуге тірек бола алсаң, өмірдің сабағы да, мағынасы да сонда, меніңше.
– Шығармашылығыңызда Рахымжан Отарбаевтың орны айрықша. Драматург пен режиссер ретіндегі тандемдеріңіз қазақ театры үшін бөлек құбылыс болды…
– Иә, Рахымжан нағыз ірі тұлға еді. Оның ойы, мінезі, тірлігі биік. Біз бірден жақын болдық деп айта алмаймын. Алғашында ол маған інісі арқылы том-том дүниелерді беріп жіберді. Рахаңмен жұмыс істеу оңай емес-тұғын. Кейде өкпелеп, төрт жылдай амандаспаған кездеріміз болды. Бірақ ол табиғатынан мәрт адам еді. Мен режиссер ретінде пьесаны деталь-деталімен бөлшектеп, әр әрекетті, сөзді зерттеймін ғой. Ал Рахымжан басында: «Түзете алмаймын», деп қырсығатын. Кейін оқып шыққанда: «Шалдың баласы, мынауың дұрыс екен», деп риза болатын. Бұл – шығармашылыққа шынайы адалдықтың көрінісі. Жазушы роман, повесть немесе эссе арқылы әлемді баяндаса, драматург бір-екі сөзбен тұтас әрекетті, қақтығысты тудырады. Бір ғана сөз үлкен тартысқа, қақтығысқа себеп болуы мүмкін. Мәселе – сол сөзді таба білу. Кейде керемет тақырып бар, жанры дұрыс, бірақ драматургиялық логика жетіспейді. Рахымжан дәл осы ішкі арпалысты сезетін, ол нағыз жазушы еді. Драматургия оған кейде тарлық етті. Соған қарамастан Шоқан, Мұстафа, Әміре сияқты атаусыз, іздеусіз қалған біраз тұлғаларымызды сахнада тірілтті. «Әмірені» тапсырыс беріп жазғыздым. Себебі тағдыры тауқыметті тұлғаның бірі – осы Әміре. Кейін Әміре арқылы Рақаң Мұстафа Шоқайды жазды. Осының бәрі бір-біріне себеп болып, тұлғаларымыздың көбі Рақаңның қаламында қайта тірілді. Әлі есімде, Әмірені қойғым келіп бір ақсақал жасына келіп қалған жазушы, драматург ағамызға қолқа салып едім, ойланып тұрып «Әміренің маған географиясы келмейді ғой», деп бас тартты. Сол кездегі менің сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ал Рақаңа «география» деген ұғым жат еді. Семейлік пе, оралдық па – маңызды емес. Құндысы – оның ұлтқа сіңірген еңбегі. Міне, «Әміре» драмасы осылай өмірге келді. Дегенмен қойылым, өкінішке қарай, мен ойлаған деңгейде шықпады. Архивтерді зерттей отырып, Әміре туралы әртүрлі арыз, қайшылық анықталды. Аттарын атасаң, бүгінгі ұрпақ ренжиді, атамауға болмайды, ал жалпыласаң – тарихи шындық жоғалады. Сондықтан біз толық шындықты сахнаға шығара алмадық. Әміре туралы жазу қиын болды, бірақ сол қиындық арқылы ұмытылған тұлғаның тағдырын сахнада тірілттік. Осы қойылымнан кейін Әміре жайында көркем фильм түсіріліп, басқа да драматургтер әнші туралы жаза бастады. Мұның өзі үлкен жеңіс деп білемін.
– Иә, тарихи драманың орны бөлек. Десе де сіздің режиссерлік ізденісте оперетта мен музыкалық спектакльдердің де рөлі айрықша. Бұған әншілер әулетінде өмірге келуіңіздің қандай да бір әсері бар ма?
– Әрине, онсыз бола ма? Дидроның мынадай сөзі бар: «Сөз біткен жерде музыка басталады». Бұл – өмірлік қағидам. Жалпы, өзімді драма театрының режиссерімін деп санаймын, кәсіби білімім де сол. Бірақ оперетта мені еркіндігімен баурап алды. Сөзбен жеткізуге болмайтын сезімдерді әуенмен әрлеудің эмоциялық һәм эстетикалық әсері тіпті зор. Оның үстіне, Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрында сайдың тасындай небір талантты жастар жүр. Дауыстары да тау суындай сыңғырлап тұр. Музыкалық спектакльдерге батыл баруыма тағы бір әсер еткен дүние – театр ішіндегі симфониялық оркестрдің мүмкіндігі. Осындай жағдайды неге жарқын өнер тудыруға арнамасқа? Басында бір ғана мақсат болды: актер музыкамен танысып, сахнаны айқай мен сөз ғана емес, ырғақ пен тыныс арқылы түсінсін дедік. Осы мұрат бізді күрделі жанрға жетеледі. Әлемдік классиканың туындыларын, сондай-ақ Еркін Жуасбек секілді отандық драматургтердің пьесаларын музыкалық комедияға айналдырдық. Мәселен, «Үйлену» музыкалық шығарма емес еді, бірақ мен оны әдейі музыкалық комедия етіп қойдым. Еркін Жуасбекке арнайы сөз жазғызып, Серік Әбдінұровқа әуенін тапсырдық. Ал Моцарттың музыкасы негізінде «Фигароның үйленуі» қойылымын қойғанда барлық күш пен мүмкіндігімізді сарп еттік. Вокалистер, музыканттар, дирижер – бәрі сеніп кірісті. Актерлер де мені барынша қолдады. Бұл – опера емес, басқа нәрсе. Сол кезде бәрі: «Қалай осындай ессіздікке бардың?» деді. Өзім де білмедім, тіпті қойылым қалай қабылданатынын ойламадым. Бірақ «ессіздік» болмаса, ештеңе шықпас еді. Сондықтан қойылымдарымды әрдайым «музыкалық комедия» деп атаймын. Бұл – еркін жанр. Қазақта трагедияны трагедия деп әкеліп, тұншықтырады, ал кейде трагедияға күлу керек. Комедия ойды тереңдетеді. Міне, осылайша, музыкалық қойылымдар дүниеге келді.
– Қазір классиканы, оның ішінде ұлттық жауһарларымызды заманауи тұрғыда жаңғыртып жүрген жас режиссерлер бар. Олар классикаға жаңашыл көзқараспен келеміз дейді. Осы құбылысқа сіздің азаматтық ұстанымыңыз қандай?
– Бұған біржақты баға беру мүмкін емес. Кейбір көркемдік шешімдерді ақтауға болады. Кез келген дүниенің жарық жақтарын, ұтымды тұстарын көре білу керек. Әркім әлемді өз көзімен көреді. Шәкірттеріме де осыны үнемі айтып отырамын. Жастардың жұмысынан әрдайым жақсыны іздеймін. Мәселен, біздің театрда жүріп жатқан Ғабит Мүсіреповтің «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» қойылымын алсақ, режиссері Гүлназ Балпейісова аталған спектакльдің кілтін сәтті таба алған деп есептеймін. Баянды юмормен алып келу – батылдық. Өлімге күлкімен, трагедияға бетпе-бет әзілмен қарау – биік өнер. Егер трагедияны танымыңмен өріп, күлкімен көріктендіре алсаң, шын мәніндегі шеберлік деген осы. Мен Гүлназдың қолтаңбасынан дәл осы ерекшелікті көрдім. Бұл енді әр режиссердің интеллектуалдық деңгейіне, таным мен түсінігіне, көркемдік көкжиегіне байланысты дүние ғой. Өкінішке қарай, кейінгі кездері қазақ театрында жағымсыз үрдіс пайда болып жүр. Кейбір жас режиссерлер «өзгеше өнер туғызамын» деп, басқа адамның дүниесінің өңін өзгертіп, «өзімдікі» деп жариялайды. Сол кезде Әзекеңнің сөзі еске түседі: «Күшті болсаң, өзің жаса. Жаза алмайсың ба, жақсы дүниені бүлдірме. Ол – өнерге қиянат». Шындығында, егер формасын ғана өзгертсең, мазмұнын сақтасаң, автордың құқығы бұзылмайды. Ал мазмұнын да, формасын да бұзсаң, онда шығармадан не қалды? Жазғыштығың бар екен, жаңа дүниені өзің жаса. Жаза алмасаң, тиіспе. Дайын туындыны иемдену этикаға, адамгершілікке қайшы. Мысалы, Сервантестің атын атап, мүлде басқа нәрсені көрсету көрерменді алдау емес пе? Бұл сұрақ әр жас режиссерге ой салуға тиіс. Біз де қателестік, бізге де ескерту айтылды. Бірақ біз әдептен асқанымыз жоқ. Ал бүгінгілер біреудің еңбегін «менікі» деп жаһанға жариялайды. Үндемей қалу – кейде сыйлау, кейде әдеп. Бірақ кей жастар оны «надандық» деп қабылдап, өзін аса ақылды санайды. Мұның бәрі өнердің өрлеуіне кедергі келтіруі мүмкін. Мәселен, театр сахнасында жүріп жатқан менің де «Фигароның үйленуі» деген спектаклім бар. Оны мен әдейі оперетта деп емес, жанрын музыкалық комедия деп көрсеттім. Себебі бұл – Моцарттың шығармасы, оған қол тигізу үшін жауапкершілік қажет. Сол үшін музыканттар мен авторлық құқық мамандарымен сөйлестім. Ертең «заң бұздың» деп айыпталмайын дедім. «Бәрі дұрыс» деген жауап алып барып, қойылымды сахнаға шығардым. Заңды білу, оны сыйлау, сауатты болу – заман талабы. Өнердің шынайы биігі батылдықта ғана емес, соны дұрыс жолмен қолдана білуде.
– Театрдың басты миссиясы қандай болуы керек деп ойлайсыз?
– Театр – қоғамның айнасы. Ол көңіл көтеру үшін ғана емес, ойландыру үшін керек. Соңғы кезде байқаймын, жастар қатал, қойылымдары да көбінесе қатыгездікке құрылады. Менің ойымша, қатыгездік өнердің басты мақсаты болмауға тиіс. Оған ізгілік, мейірім жарасады. Себебі театр – сахна ғана емес, өмірдің өзі, адамдық ұстаным, жауапкершілік. Ол саған шындықты көрсетеді, сен оны өзгелерге жеткізесің. Сол арқылы қоғамға әсер етесің, ұрпаққа өнеге қалдырасың. Театр – кәсіп емес. Театр – тағдыр. Ол адамды жұбатпайды, қайта мазалайды. Театр – мен үшін жүрек пен жүйкенің дерті. Егер ол сені ауыртпаса, демек ол жерге бекер келгенсің. Сахна – адамның ішкі шындығы ашылатын жер.
– Ал бүгінгі қоғамда сізді не толғандырады?
– «Сананы тұрмыс билей ме?» деген сұрақ мазалайды. Иә, тұрмыс керек. Бірақ тұрмысқа бола санаңды, ұлтыңды, ар-ұятыңды құрбан етуге болмайды. Тұрмыс түзелер. Ал сатылған сана түзеле ме? Бұл – ойландыратын сұрақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»
Соңғы жаңалықтар
Оқушыларға барлық жағдай жасалған
Білім • Бүгін, 07:40
Білім • Бүгін, 07:30
Білім • Бүгін, 07:20
Тағы бір колледж халықаралық ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне шықты
Қазақстан • Кеше
Әлем және Азия рекорды: Қазақстан мергендері жалпыкомандалық есепте көш бастады
Спорт • Кеше
Бейбітшілік кеңесі туралы тағы бір мәлімет: Ақорда түсініктеме берді
Қазақстан • Кеше
Богданович мұздығында қар көшкіні қаупі жоғары
Оқиға • Кеше
Олимпиада-2026: Фристайл-акробатикадан ел намысын кімдер қорғайды?
Спорт • Кеше
Екі облыс аумағындағы автожол жабылды
Қоғам • Кеше
23 қаңтарда Астанада бірінші ауысым оқушылары қашықтан оқиды
Елорда • Кеше
«Тәуелсіздік ұрпақтары» – 2025 грантының жеңімпаздары марапатталды
Марапат • Кеше
Қазалыда теміржол үстінен өтетін аспалы көпір ашылды
Аймақтар • Кеше
Отаншыл маман даярлауды басты мақсат санаймыз
Пікір • Кеше
Мемлекет басшысы Давоста бірқатар кездесу өткізді
Президент • Кеше
Мемлекет үніңізге құлақ ассын: eOtinish-ке қанша хат келіп түседі?
Қоғам • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:93
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 23 Қаңтар 2026 08:41 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















