Осмийді алған осы кісі
Qazaq24.com, Egemen.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаев Орталық Қазақстанның металлогендік картасын жасағанда Жезқазған өңірінде мол мыс қорынан басқа да байлық көзі жатқанына назар аударып кеткен екен. Ол – кен құрамында кездесетін сирек түсті металдар. Егер осы металдарды химиялық-өндірістік жолмен алып, оның бүгіні мен болашақтағы пайдасын, қолданылу мүмкіндіктерін бажайлап, әлемдік рынок таразысына құндап сала алсақ, ел экономикасына қыруар табыс келеді екен.
Дүниежүзі бойынша ренийдің 30 пайызы, «Осмий-187» металының 99 пайызы Жезқазған жерінде. Осы деректердің мән-жайын толығырақ білу үшін ғалым, металлург Төлеген Нұрмағанбетұлы Бүкіровке жолықтық.
Төлеген Бүкіров – «Құрмет» орденінің иегері, техника ғылымдарының кандидаты. Қазақстанның құрметті металлургі. Ұлттық құрылтай мүшесі. Ұлттық тіліміздің төрге озуы жолында бел буып күрескен қайраткер. Қалалық «Қазақ тілі» қоғамының алғашқы төрағасы. Ұлытау – Жезқазған өңірі, ғылыми орта оны осмий металын алған ғалым деп таниды. Жезқазғандықтар сырттан келген қонақтарға Төкеңді «Осмийді алған – осы кісі» деп таныстырып жатады.
– Иә, Қаныш Имантайұлы осы өңірде өте сирек кездесетін 21 химиялық элементті атап кеткен. Солардың арасындағы құпиясы мол, өндіріп алу әдіс-тәсілі де күрделі металл – рений мен осмий. Жезқазған кен қорында рений, осмий сияқты бағалы металдың бар екенін алғаш анықтағандардың есімдерін құрметпен атауымыз керек. Олар – белгілі ғалымдар С.Калинин, Т.Кошкина, Э.Файн. Соңыра бұл бағыттағы зерттеуді Е.Аркаев, К.Жәминов, Л.Наркелюк, Е.Поплавка, М.Сәтбаева жалғастырды. Айтайын дегенім – рений де, осмий де мен тауып, мен ашқан металдар емес. Олардың табиғатта бар металл екенін ғылым болжап айтқан. Біз – кен құрамында құпия күйін сақтап «жасырынып жатқан» металдарды алушымыз. Осы бір маңызды да күрделі істің басында болғанымды жоққа шығармаймын, – деді ғалым-металлург ағамыз.
Төлеген ағаның түсіндіруінен ұққанымыз мынау болды: рений екі изотоптан тұрады екен, атап айтсақ, «Рений-185» және «Рений-187» изотопы. Табиғи қалпында кездесетін ренийдің құрамында «Рений-185» изотопы 37,07%, ал «Рений-187» изотопы 62,93% болады. Енді назар салыңыз, «Рений-187» изотопы 75-атомнан кейін ыдырап, 76-атомында «Осмий-187» изотопын құрайды екен. Міне, Төлеген аға бастаған ғалымдар мен металлургтер осы химиялық-өндірістік үдерістің бел ортасында болды. «Осмий-187» металы бар деу оңай, – деді Төлеген Нұрмағанбетұлы, – ал оны кен құрамынан бөліп алып, дүниежүзілік сараптамадан өткізіп, сапасын айқындап, оны ғылыми ортаға мойындату – қиынның қиыны».
Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы геологиялық ғылыми-зерттеу институтынан белгілі ғалымдардың Жезқазғанға келуі, сол ғалымдардың ортасында танымал ғалым, академик С.Калининнің болуы Төлеген Нұрмағанбетұлының металлургия саласындағы өмірін күрт өзгертті. 83 жастағы қарт ғалым өзінің осмий туралы жазған ғылыми-зерттеу кітабын ұсынып тұрып Төлегенге: «Жезқазған кенінің құрамындағы сирек металдар мұндай мөлшерде басқа жерде кездеспейді. Бұл – табиғаттың сендерге тартқан сыйы. Енді осмийдің таза металын алу технологиясын жасаңдар. Құрамында осмийі бар шикізатты жинай беріңдер», дейді.
1973–1975 жылдары Жезқазған мыс қорыту зауытында шайылған күкірт қышқылынан аммоний перренатын (рений тұзы) өндіру қолға алынды. Бұдан соң 1976 жылы сирек металдар цехы іске қосылды. Жоспарлаған ғылыми-өндірістік жобаларын тиісінше қаузап жатқан цех өткен ғасырдың 90-жылдарының тұралатқан қиындықтарына тап келеді. Тегеуріні қатты осы кезең сирек металдар цехына білікті, талабы күшті, тар жерден жол тауып шыға алатындай қабілетті басшының келуін талап етіп тұрған болатын. Жезқазған мыс зауытының директоры 1991 жылы мамырда металлург Төлеген Бүкіровті сирек металдар цехына басшы етіп тағайындайды. Міне, металлургия саласындағы айтулы оқиғалар дүбірі осы тұстан басталды.
Төлеген Бүкіров сирек металдар цехының басшысы болған жылдары аталған өндіріс орны ғылыми зерттеу һәм тәжірибелік сынақ алаңына айналды. Цех басшысы ұстанған бағыт екеу болды: бірі – кен құрамынан алынатын сирек металдардың мөлшерін барынша арттыру, сапасын жақсарту, сөйтіп, тұтыну рыногының сұранысына сай келетін өнімдерді сату арқылы табыс табу, ел қоржынына қаражат құю, сондай-ақ металлургтердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, екіншісі – С.Калининнің аманатын орындап, «Осмий-187» металын алу.
– Академик Е.Пономарева, техника ғылымдарының докторы З.Әбішева, химия ғылымдарының докторы Заго-
родняя, техника ғылымдарының кандидаты Л.Агапова, геология институтынан техника ғылымдарының докторы Э.Файн, геология-минерология ғылымдарының кандидаты М.Мадин, Қарағанды химия-металлургия институтынан техника ғылымдарының докторлары Т.Оралов, С.Исабаев, техника ғылымдарының кандидаты Б.Хасен біздің бастаған ісіміздің ілгерілеуіне, түпкі нәтижеге сәтті жетуімізге зор еңбек сіңірді, – дейді Т.Бүкіров.
Сонымен іс барысы қалай өрбіді, нәтиже қандай? 1991 жылғы қазанда электродиализ қондырғысы орнатылды. Өндірістік үдеріс барысында рений қышқылын, қорғасын суригін алуға қол жеткізілді. Бұл кезде Төлеген Нұрмағанбетұлы Жезқазған мыс заводының сирек металдар цехының басшысы болатын. Төрт жылдан соң, яғни 1995 жылғы 15 мамырда таза «Осмий-187» металы алынды.
1995 жылғы қыркүйекте Үкімет қаулысымен «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Келесі жылдың басында сирек металл цехының бастығы болып жүрген Төлеген Бүкіров аталған кәсіпорынның атқарушы директоры болып тағайындалады да 1996 жылғы шілдеден бас директордың міндетін атқарушы, ал 1997 жылғы шілдеде «Жезқазғансирекмет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының бас директоры болып тағайындалды. Білімді, талапшыл, бастамашыл басшының Бас директор болып келуі кәсіпорынға соны серпіліс әкелді. Осы жылдары кәсіпорын цехтарында ренийдің таза металы, ал 1999 жылы өндіріс қалдығынан үш негізді қорғасын сульфаты және осы қалдықтың құрамындағы рений мен осмий алғаш рет алынады. Мыс концентратынан перренат аммониін өндіру көлемі 67%-ға дейін артты. Қысқасы, өндіріс көрсеткіші күтпеген деңгейге жетті.
Жоғарыда айтқанымыздай, 1995 жылғы 15 мамыр – таза «Осмий-187» металының туған күні. Биыл жер қыртысы, кен қойнауына жасырынған осы бір құпиясы көп металдың алынғанына 30 жыл болды.
Осмий – калифорний (Cf) металынан кейінгі қымбат металл. Калифорнийдің 1 грамы 27 млн доллар, ал осмийдің 1 грамын алғашында 50–60 мың долларға, кейінірек 120 мың долларға сатып алмақшы болғандар бар екен. Бір ғажабы, бірнеше изатопы бар осмий металының «Осмий-187» изатопы тек Жезқазғанның жер қыртысындағы кен құрамында ғана бар. Жалпы әлемдік тәжірибеде «Осмий-186» изатопынан «Осмий-187» изатопын бар болғаны 70% таза күйінде алған. Ал Жезқазған кенінен алынған «Осмий-187» изатопының сапасы – 99,9%. Т.Бүкіров басшылық ететін кәсіпорынның ғалым-зерттеушілері, металлургтері осыған қол жеткізді.
– Біз алған таза рений мен «Осмий-187» металы – металлургия саласындағы жаңалық. Алынған «Осмий-187» металын үш рет Германияның Таунштайн деген қаласындағы Фрезениюс институтына апарып, сараптамадан өткіздік. Қорытындысы көңілімізді көкке көтерді. Изотоптық тазалығы – 99,4 пайыз, химиялық тазалығы – 99,9 пайыз болды. Бұл әріптестерім үшін де, мен үшін де зор мақтаныш болды. Ғылыми ізденісіміз мұнымен тоқтап қалған жоқ. 1997 жылы өндіріс қалдығынан тазалығы 99,99 пайыз болатын рений металын алдық, деп ғалым-металлург Төкең өткен күндердің таңбалы оқиғаларын тебіреніп отырып айтты.
Әңгімеміздің соңында Төкең: «Менің әкем де «халық жауы» деген нақақ жаламен 10 жыл түрме азабын көріп келген. Әкемнің туысы Хасен атам да екі мәрте осындай жаламен Сібір азабын бастан кешіріп келді. Хасен атам қуғын-сүргін құрбаны Смағұл Қазыбековпен бірге бір камерада болыпты. Сол кісі Смағұл Қазыбековтің: «Мен бұл жерден тірі шықпаймын. Оған бола өкініп, уайым да жемеймін. Бар уайымым – ертең мен өлгеннен кейін келер ұрпақтың біреуі «мынаның оңбағандығынан болды» деп сұқ саусағын кезеп тұрмаса болды» деген сөзін жиі айтатын. Біз де Смағұл Қазыбековтің осы сөзін қағида етуіміз керек-ақ. Біз де кетеміз, орнымызға ақылды ұрпақ келеді. Солар: «Мына аға буын өкілдері не істеп кеткен? Жүрген жерлерінен шөп шықпайтындай етіп кетіпті ғой» деп сұқ саусағын кезеп тұрмауы керек. Ұрпақ үкімі қатты болады, соны ұмытпауымыз керек».
Қайраткер, таукен ісі саласының ардагері, ғалым, «Осмий-187» металын өндіру жобасының авторы Төлеген Бүкіровпен болған әңгімеміз осылай аяқталды.
Ғазиз ЕШТАНАЕВ,
Жазушылар одағының мүшесі
Жезқазған
Соңғы жаңалықтар
Сарыағаштың бас шыршасын қиратқан жүргізуші ұсталды
Қоғам • Бүгін, 00:33
Головкин аңыз боксшылармен бір тізімге енді
Спорт • Кеше
Ресейде Whatsapp жұмысына шектеу қойылды
Әлем • Кеше
Маңғыстауда ауыз су тапшылығы жоқ
Аймақтар • Кеше
Павлодарда денсаулық сақтау басқармасына жаңа басшы тағайындалды
Тағайындау • Кеше
Маңғыстаудың жергілікті маңыздағы автомобиль жолдарының 97%-ы жақсы жағдайда
Инфрақұрылым • Кеше
Қазақстанның басым бөлігінде боран соғып, көктайғақ болады – Қазгидромет
Ауа райы • Кеше
Соңғы үш жылда Маңғыстау облысына 3 трлн теңгеге жуық инвестиция тартылған
Инвестиция • Кеше
Павлодарда мемлекеттік құпия мәліметтерді жинаған колонияның бұрынғы басшысы сотталды
Заң • Кеше
Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты Майамиде өтетін G20 саммитіне шақырды
Президент • Кеше
Маңғыстауда Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы іске асып жатыр
Табиғат • Кеше
«Үлгілі ауыл» байқауының жеңімпаздарына 20 трактор табысталды
Ауыл • Кеше
Жетісу облысында мал ұрлығына қатысы бар үш адам қамауға алынды
Қоғам • Кеше
Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ Президенті Дональд Трамппен телефон арқылы мазмұнды әңгіме өрбітті
Президент • Кеше
Атырауда арнайы экономикалық аймақ инвесторлары кедергіге тап болған
Экономика • Кеше
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:74
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 24 Желтоқсан 2025 05:16 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















