Қазақ ордасының елшіліктері және Цин империясының шешекпен күрес саясаты
Qazaq24.com, Inform.KZ дереккөзінен алынған ақпаратқа сүйене отырып мәлімет бөліседі..
Қазақ ханы Абылайдың туған баласын Цин империясының астанасына қызметке жібермек болғаны туралы Қытай мұрағатында («Ұлы Цин әулетінің билеушілері жайлы шынайы жазбалар») тілге алынған бұл дерек өте маңызды. Дегенмен Цяньлун император Абылайдың ұсынысынан бұл жолы да бас тартады. Жалпы, Цяньлун Абылай ұсынған бастамаларға әрқашан сақтықпен, күдікпен қараған. Оның Абылайға көзқарасы қайшылыққа толы. Империяның құзырлы мекемелерімен жазысқан ресми хаттар мен тиісті жарлықтарында Цяньлун Абылайға көбінше «айлакер», «тұрлаусыз», «алакөңіл» «тойымсыз» деген мінездеме береді. Бірақ, Цин императоры Абылайдың өтінішін дөрекілікпен тойтармай, әдеттегідей дипломатиялық тілмен сыпайы жауап қатады. Айтылған өтініштің қабылданбауына жер мойнының қашықтығы мен Абылайдың балаларына шешек шықпағанын себеп қылып көрсетеді. Біздің бүгінгі әңгімеміз де Маньцин империясын әлекке салған шешек індеті жайында болмақ.
Фото: freepik.com
Шешек – өте жұқпалы және аса қауіпті вирустық инфекция. Ауру өткір белгілермен ерекшеленеді: шешек шыққан адамның тұла бойы қалшылдап, басы жарылып кетердей қатты ауырады; әл-дәрмені құрып, аяқ-қолы мен белі сырқырайды; дене қызуы күрт көтеріліп, есінен тануы да мүмкін. Науқастың терісінде ұшық, бөртпе, күлдіреуік, қотыр, іріңді жара пайда болады да, бірте-бірте қабыршақтанып, соңыра «ұшып» жоғалады, орнында шұқыр тыртық, шұбар ала дақ қалады. Ауру салдарынан теріде пайда болатын жара гүлге ұқсас болғандықтан, түркітілдес халықтардың көпшілігі оны шешек, яғни гүл деп атаған. Бір қызығы, қытай тілінде атышулы індет тяньхуа – аспан гүлі, көктің гүлі, киелі гүл деген атқа ие (қазақтар бұл індеттің атын тура атамай, мейман, әулие, қорасан деп тұспалдап айтқан). Шешек шыққан адам өмір бойы иммунитетке ие болады. Шешек негізінен ауа арқылы – түшкіру, жөтелу кезінде пайда болған тамшылармен таралады. Қазақтар шешектің қарашешек, көкшешек, желшешек, сушешек, түйешешек деген түрлерін білген. Әсіресе қарашешек өте қатерлі, қарашешек кезінде өлім-жітім көрсеткіші 80%-ға дейін жетуі мүмкін. Ал көкшешектің күші онан бәсеңдеу.
Қытай елінде шешек екі мың жылдан бері белгілі. Тарихи деректерге сәйкес, шешек алғаш рет б.з. 35 жылы қытайлық қолбасы Ма Юаньнің Зяоти (қазіргі Вьетнам) жеріне жүргізген әскери жорығы кезінде қолға түскен тұтқындар арқылы Хань еліне тарай бастайды. Дегенмен бұл жазбамызда шешектің Қытайдағы ұзақ тарихына арнайы тоқталмай, тек маньчжурлер іргесін қалаған Цин – Ежен хандар әулетінің оған қарсы қалай күрескені туралы ғана сөз қозғаймыз.
Фото: shutterstock.com
Маньчжурлердің (шүршіттер) ата қонысы қазіргі Солтүстік-шығыс Қытай жері. Маньчжурияның қысы аязды, жазы салқын болатындықтан, өлкеде ешқашан шешек тарамаған. Оның себебі, шешек вирусы суыққа төзімсіз еді. Маньчжурлер 1644 жылы Қытай жерін басып алғанда, елде қарашешек қағынып тұрған-ды. Шешек вирусына қарсы табиғи ұжымдық иммунитетке ие болмағандықтан, оның үстіне оңтүстік өңірдің ылғал, ыстық климаты індетті өршіте түскендіктен қорасан маньчжурлерді баудай түсіріп, жусатып кетеді. Жері байтақ, халқы мол Қытайды айналасы он жылда қол астына қаратқанмен, маньчжур-моңғол одағы үшін тұрғылықты жұрттың қарсылығынан гөрі қарашешек әлдеқайда қауіпті болады. Себебі, тиімді емі болмағандықтан, сырқат көп жағдайда өліммен аяқталатын еді. Бұл туралы дереккөздерде «маньчжур сарбаздары елге алғаш келгенде шешектен қатты қорқатын, өйткені шешек олардың жанын алмай қоймайтын» делінеді. Цин әулетінің алғашқы жылдары империя шешекке қарсы күресте оқшаулау шарасымен ғана шектелді. Бірақ бұл дендеген індетті тоқтата алмады. Империя тарихының алғашқы екі ғасыры шешек тудырған үрей мен уайым ішінде өтті. Шешектің салдары империяның саяси өміріндегі күрделі үдерістерге де өз әсерін тигізіп отырды.
«Цин әулетінің құпия мұрағаттары» атты еңбекке сүйенер болсақ, Қытайды жаулап алғаннан кейін билік құрған он Ежен ханның екеуі – Шуньчжи мен Тунчжидің ажалы шешектен болған. Ал Канси мен Сяньфэн қауіпті дерттен су ішерлігі болып тірі қалғанмен, беттерінде шешектің дағы – қорасан қалады.
Шуньчжи билікте ұзақ отырмаса да, шешекке қарсы оқшаулау шарасын өте қатал ұстанады. Әсіресе көктем туып, шешек тарала бастасымен сарайдағы кездесулерді толықтай доғарып, астанадан алысқа бой бағып кететін. Ол заманда шешек шығып көрген моңғол ақсүйектері саусақпен санарлық қана еді. Сондықтан Шуньчжи император «Моңғол тайпаларының жетекшілері ел астанасына келіп, әміршіге сәлем беріп тұруы керек» деген ескі ережені елең құрлы көрмей, біраз жылдар бойы алыс аймақтан, бастысы моңғол даласынан келген елшіліктерді қабылдамай кері қайтарады.
Фото: Коллаж: Kazinform/ Nano banana
Өмір бойы шешектен қорғанып, сол үшін империяның басты одақтастарының меселін қайтаруға дейін барған Шуньчжи император не бәрі 24 жасында шешектен өледі.
Тарихи деректерге сәйкес, Шуньчжи император көзі тірісінде тақ мұрагеріне кімді ұйғарарын білмей, көп толғанады. Бірде ол осы жайында еуропалық миссионер, сарай кеңесшісі Адам Шалльден ақыл сұрайды. Тісқақты саясаткер Шяоканжан ханымнан туған Сюаньені тақ мұрагері болуға лайық деп атайды. Сөзінің уәжі ретінде ол Ханбалықта (қазіргі Бейжің) туып-өскен Сюаньенің сәби шағында шешекпен ауырып, Тәңірінің қалауымен тірі қалғанын еске салады һәм бұл болашақта биліктің тұрақтылығы үшін аса маңызды деп атап көрсетеді. Айтса айтқандай, Шуньчжи императордың өлер алдындағы өсиеті бойынша 8 жасында Канси деген атақпен таққа отырған Сюанье екі айы кем 62 жыл бойы ел билейді. Ол Қытай тарихындағы алтын тақта ең ұзақ отырған император.
Фото: Уикипедия
Канси 1669 жылы 16 жасында империяның екі тізгін, бір шылбырын өз қолына алғанда, Солтүстік Қытайда індеттің беті қайта бастаған еді. Сондай-ақ елдің оңтүстік өңірлерінде шешекке қарсы қолданылатын дәстүрлі екпе әдісі де империяның назарына ілінеді. Дереккөздерге сенсек, Қытайда шешек егудің халықтық тәсілдері ең алғаш XVІ ғасырдың соңына қарай пайда болған. Бізге шешекке қарсы екпенің құрғақ және сулы дейтін екі түрі болғаны белгілі.
Құрғақ екпе тәсілінде шешек қара қотырланғаннан кейін, бөртпенің қабыршығы алынып, ұнтақталады да оған камфора мен басқа да жеңіл дәрілік заттар қосылып, сау адамның (көбінесе жас баланың) мұрнына үрленеді. Ал Н.Ф.Катановтың мәліметіне сәйкес, түркі халықтары да шешек қабыршығын жинап, кептіріп, келіге түйіп ұнтақтаған соң сау адамға жұқтыратын профилактикалық тәсілді қолданған.
Сулы екпе бойынша, шешек қабыршығының ұнтағы ана сүтіне немесе салқын суға араластырылып, мақтамен егілушінің мұрнына енгізіледі.
Аталған екі әдістің басты мәні – егілген адамға атышулы дерттің жеңіл түрі жұқтырылады; денесінде шешек белгісі пайда болған егілуші сырқатынан толық айыққанша емделіп, күтінеді. Сөйтіп ол шешек шыққан болып саналады да, індетке қарсылығы бар адамдар қатарына жатқызылады.
Фото: Уикипедия
Канси император шикілігі мен қатерінің көп болуына қарамастан шешекке қарсы екпеге пәрменді қолдау көрсетеді. Бұл туралы оның қартайған шағында немере-шөберелеріне «Ел іргесі алғаш қаланғанда жұртымыз шешектен өлердей қорқатын. Мен шешек егудің әдісін білгеннен кейін, ұл-қызыма және сендерге шешек ектіріп, барлығыңды аман сақтап қалдым» деп ағынан ақтарылғанын кейінірек Юнчжэн император өз естелігінде жазады.
Шешекке қарсы екпенің император сарайында бұлжымас тәртіпке айналғанына қарамастан, індеттің тамыры үзілмейді. Кейде екпе алу кезінде қосалқы дерттен жазатайым көз жұматын бейбақтар да болған. Мысалы 1820 жылдан 1850 жылға дейін ел билеген Даогуан императордың бірнеше баласы және 1861 жылдан 1875 жылға дейін тақта отырған Тунчжи император шешектен өледі.
Сонымен қатар, Канси император Шуньчжи негізін салған оқшаулау шарасын жетілдіре түседі. 1677 жылы солтүстік аймаққа жасаған сапарында, Халуун-гол (қазіргі Хэбэй провинциясының аумағында) жайлауына арнайы тоқтаған Канси өңірдің көркіне көңілі толып, мейірі қанады да, осында шешек маусымы басталғанда паналайтын далалық резиденция тұрғызуға жарлық береді. Кейінірек Кансидің пәрменімен моңғол, тибет және мұсылман халықтарының шешекпен ауырмаған белгілі ақсүйектері мен әкім-бектеріне қыркүйек айына қарай таулы шипажайы бар далалық резиденцияға ат басын тіреп, императормен бірге хан қорығында күзгі саятқа шығуға рұқсат етіледі.
Фото: Уикипедия
Ал Ханбалықта қабылданатын елшіліктердің ел астанасына жететін мерзімі шешек індеті саябыр табатын қыс айларына есептелген. Мысалы Цяньлун 1773 жылы қараша айында Әскери қызмет амбанына жазған хатында Тарбағатайдан алынған мәліметке сәйкес Абылайдың ұлы Әділ сұлтан бастаған 18 адамның елшілікке келе жатқанын айта келіп, «Абылайдың туған баласын зияратқа жіберуі оның бізді сыйлайтынын білдіреді. (Іленің әскери губернаторы) Элтоға елшілерді қастарына сенімді кісілер қосып, осы жылдың аяғына дейін астанаға аман-есен жеткізуді бұйырыңдар. Егер Әділ сұлтан жас болып, жолды көтере алмаса, келесі жылдың бастапқы айына дейін жетіп үлгерсе де болады» деп жарлық береді. Ханбалыққа барған Қазақ ордасының елшіліктері көбінесе қаңтар, ақпан айларында, кешіккенде наурызға қарай Ежен ханның қабылдауында болған. Ал жаз немесе күз айларында жеткен қазақ елшілерімен Цяньлун император Ханбалық қаласының сыртындағы Тунлэюань (кейінгі Юаньминъюань) сарайында немесе Халуун-голдегі далалық резиденцияда жүздескен. Айталық, осы хаттағы Әділ сұлтан басқарған қазақ елшілігі қашқарлық ұйғыр бегі Сұлтанқожа және дүрбіт төресі Шауэнкірмен бірге 1774 жылдың 31 қаңтарында Ханбалықтың Сихуамэнь қақпасының сыртында Цяньлун императормен жүздеседі.
Фото: Egemen Qazaqstan
Қорыта айтқанда, шешек індеті Маньцин империясының ішкі саясаты мен императорлардың тағдырына ғана емес, халықаралық қатынастарға да елеулі ықпал етті. Бұл қатарда қазақ елшіліктерінің де сапарының бағыты мен мерзімі әрқашан империяның шешекке қарсы іргелі саясатының әсеріне ұшырап отырды. Демек, XVII ғасырдағы қазақ-маньчжур қатынастарын, оның ішінде өте-мөте елшіліктер қызметінің мәнін анықтауда шешекке қарсы күрес шараларын айналып өту мүмкін емес. Тиісті деректерден біз сол заманның өзінде дипломатияның денсаулық және қауіпсіздік мәселелерімен тығыз астасып жатқанын байқаймыз.
Бұған дейін 1940 жылдары Қытайдың Шанхай қаласында шығып тұрған «Ханьхайчао» басылымында қазақ тарихы мен Қазақстан туралы қандай материалдар жарық көргені туралы жазып едік.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:64
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 19 Сәуір 2026 09:25 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















