Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Үйде ойнап отырып, кенеттен тұншыға бастады Алматыда дәрігерлер 10 айлық қызды аман алып қалды

Жеңіл табыс көзі арты үлкен қылмысқа апаруы мүмкін полиция

Елімізде электромобильдерге жасыл нөмір беріледі

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі дәрмектерге баға белгілеу жүйесінің тиімділігін арттыруды жоспарлап отыр

Жамбылдағы фосфор зауытында жұмысшылар жаппай наразылыққа шықты

Шымкентте жыландар мен шаяндар қаптап кетті

Тегеран Трамптың бейбіт келісімге қол қою туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді

Шегірткемен күрес: Ел аумағында 954 мың гектар жер өңделді

Құрманғазының Адай күйі мен Бозжыраның сұлулығы әлеуметтік желіні баурап алды

Бүгінгі жұлдыз жорамал: 12 маусым барлық зодиак белгілеріне арналған махаббат болжамы

Әл Фарабидегі жол апаты: Сот отырысы кейінге шегерілді

ҚазТАГ бас редакторы сотқа келген жоқ: сот Қасенов пен Қаппароваға қатаң ескерту жасады

Жанәбіловтер амнистияға ілікпей ме? ІІМ басшысы орынбасарының жауабы

Алматыдағы баланың аяусыз өлімі жақындары 13 жастағы күдікті жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді

Сенат Қазақстандағы амнистияны мақұлдады: 1 468 сотталған азамат бостандыққа шығуы мүмкін

МӘМС тегі жаңа қызметтер 1 шілдеден бастап не өзгереді

“Далаға шығу мүмкін емес“. Қазақстанның мұнайлы астанасына масалар мен шіркейлер шабуыл жасауда

Мұғалімдер артық жүктемеден босатылады Тоқаев заңға қол қойды

Астанада электросамокат қолданғандарға бақылау күшейтілді

Шетелдіктерге заңсыз ЖСН рәсімдеу схемасы әшкереленді

Сырдың соңғы солдаты

Сырдың соңғы солдаты

Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып, Qazaq24.com түсініктеме жасады..

Бүгінде Сыр өңіріндегі бейбіт өмірдің қадірін ұғындырып жүрген соңғы майдангер – Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде тұратын Яхия Тасыров ақсақал. 

Ғасырдан асқан тұлға

Ғасырдан асқан ғұмыр иесі бү­гінде 105 жасқа толып отыр. Ел­дің ақ батасын алып отырған абыз қарияның айтары аз емес. Оның өмір жолы ерлік пен елдік­ке, төзім мен табандылыққа толы.

Яхия Тасыров Тереңөзек ау­да­нындағы Ақтүйе ауылында дү­ние­ге есігін ашады. Балалық шағы ел басына түскен ауыр кезеңмен тұс­па-тұс келді. 1930 жылдардағы ашар­шылық нәубеті олардың от­басына да оңай тимеді.

Әкесінен ерте айырылған бала Яхия анасының қамқорлығымен өсті. Заманның қиын-қыстау ке­зеңінде тағдыр тауқыметін тарт­қан ана екі баласын ертіп Таш­кент­ке қоныс аударады. Сол жер­де болашақ майдангер еңбекке ара­ласа бастайды. Алдымен Таш­кенттегі училищені ойдағыдай бі­тіріп, кейіннен тоқыма фабри­ка­сына жұмысқа орналасады. Жас­тайынан еңбек ерте есейтіп, маңдай термен нан табуға ма­шық­танады.

1941 жылы соғыс өрті тұтан­ғанда Яхия Тасыров та көппен бірге Отан қорғауға аттанады. Со­ғыс өртінің шырмауында қал­ған кезеңде ол алдымен Фрунзе аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақы­ры­лып, Омбыдағы әскери дайындық курсынан өтеді. Кейін Сталинград майданына жіберіліп, тарихтағы ең қанды шайқастардың біріне қатысады. 

Жас сарбаздың алғаш кезден көрмегені жоқ. Майдан даласында окоп қазып, танкіге қарсы орлар жа­сап, жаумен бетпе-бет шайқас­қа түседі. Бір сөзбен айтқанда, оның майдан даласындағы әр күні өлім мен өмірдің арпалысына толы болды.

Қарт майдангер сол бір ауыр күндерді әлі күнге дейін есінен бір сәтке шығарған емес. Оның ай­туынша, соғыс адам баласына тек қайғы мен қасіретті күндерімен ғана есте қалатын ең қорқынышты кезең болып саналады. 

Сол уақытта соғыс өрті көпте­ген жазықсыз тағдырды талқан­дап, талай шаңырақты ортасына түсірді. Ақ жаулықты аналарды жа­рынан айырып, жесір етсе, көптеген бейкүнә бүлдіршінді әкеден айырып, жетім етті. Талай шаңырақты шайқалтты. Қария ол кезеңді тек адамзат тарихында қа­сіретті сәттерімен ғана есте қал­ғанына қынжылыс білдіреді.

Бозбала сәті оқ пен оттың ор­тасында өткен оған Сталин­град­тағы шайқастарда талай қарула­сының қаза болғанын көру оңай соқпады. Бұл жас жауынгер үшін өте ауыр соққы болды. Бірақ сол уақытта қолына қару ұстаған әр­бір жауынгерді елге деген сүйіс­пеншілік пен жеңіске деген сенім алға жетеледі.

Кейін Яхия Тасыров Курск до­ғасындағы шайқастарға да қа­тысады. Майдан даласында жауынгер станокты пулеметтің оқтаушысы болыпты. 

Яхия талай мәрте неміс танк­тері мен артиллериясының жой­қын шабуылдарына қарсы тұрған. Соғыс даласында алғаш рет осы ұрыста жараланыпты. 

Кезекті бір соғыс сәтінде жау оғы қолын жанап өтіпті. Қатты жараланған оны госпитальға жі­бергенде, өз майдандастарынан қа­лыс қалып қойғанына қын­жы­лып, жылаған сәті қарт солдаттың әлі күнге дейін есінен кеткен емес. Ардагер сол сәтті күні ке­шегідей жиі еске алады. Бұл оның Отан алдындағы жауапкершілікті қаншалықты терең сезінгенін көрсетсе керек.

Жарақаты жанына қатты батса да, ел алдындағы азаматтық па­рызы мен майдандастарынан жы­рақта қалғаны жігерін жасы­тпапты. Есесіне жарақатынан тез айығып, соғыс даласына қайта оралуға асығады. 

Жаужүрек жауынгер Берлинге жақын маңдағы шайқастардың бірінде екінші рет ауыр жарақат алады. Бұл жолы наряд жарық­ша­ғы екі аяғына бірдей тиіп, әскери ұшақпен Мәскеуге жеткізіледі. Алты ай бойы госпитальда ем қабылдаған майдангердің аяғын дәрігерлер аман алып қала алды. Алайда сол бір жарақаттан кейін бір аяғындағы оқ жарықшағы әлі күнге дейін сақталып қалыпты.

Қарт жауынгердің майдан даласында көрсеткен көзсіз ерлігі ескерусіз қалмады. Соғыс кезінде көрсеткен ерен ерлігі үшін «Қы­зыл  Жұлдыз» орденімен марапат­талып, сержант атағын алады. Со­нымен қатар І және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Ер­лігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен наградта­лыпты. Көзсіз еріктің үлгісіндей болып, кеудесі медальға толы. Бұл марапаттар қанқұйлы кезеңде жүріп өткен жолының белгісі, елі үшін жасаған ерен еңбегінің айғағы десек қателеспейміз.

Көптеген майдангер секілді ол да Берлинге дейін жетіп, Жеңісті сол жерде қарсы алуды армандаған екен. Алайда ауыр жарақат сал­да­рынан Мәскеу госпиталінде жат­қанда Германияның толық тізе бүккені туралы хабарды естиді. Бұл қуанышты сәт оның жадында мәңгі сақталған.

1946 жылдың қыркүйегінде туған жеріне оралған Яхия ақсақал бейбіт өмірге араласып, ел игілігі үшін еңбек етеді. Ұзақ жылдар Те­реңөзектегі астық қабылдау пунк­тінде жұмыс істеп, ел эконо­микасының дамуына үлес қосады. Қай салада жүрсе де адалдық пен еңбекқорлықты ту еткен майдан­гер айналасына сыйлы болды.

Ардагер отбасын құрып, төрт бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде немере-шөбере сүйіп отырған ба­қытты ата. Ел-жұрты оны мейі­рім­ділігі, қарапайымдылығы және жанашырлығы үшін ерекше құр­меттейді.

Ғасырлық тарихы бар тағы­лымды өмір жолынан өткен Яхия Тасыров қоғам өмірінен де шет қалған емес. Ол жастармен жиі кездесіп, соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісіп жүреді. Жас ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін, Отанды сүюдің маңызын түсіндіруден әсте шаршаған емес.

Яхия ақсақал ешқашан атақ қуып, өзін алға шығарған адам емес. Ол майдандағы ерліктері туралы көп айта бермейді. Алайда оның өнегелі ғұмыры нағыз ба­тырлықтың үлгісі көрсетеді. 

Соғыс салған сүрлеу

Жалпы, Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі сана­лады. Сол бір 1941-1945 жылдары болған сұрапыл майдан талай адам­ның өмірін жалмап кетті. 

Өзге елдермен қатар бұл ала­пат соғыс қазақ даласына да ауыр зардабын тигізді. Соның ішінде ел басына күн туған шақта Сыр өңі­рінің азаматтары да қолына қару алып, Отан қорғауға аттанды. Май­дан даласындағы жанқияр­лық ерлік пен тылдағы тынымсыз еңбек арқылы сырбойылықтардың Жеңіске қосқан үлесі өлшеусіз болды.

Соғыс басталған алғашқы күннен-ақ Қызылорда облысында әскери комиссариаттар жанынан әскерге шақыру жұмыстары қар­қынды жүргізіледі. Тіпті, жас жі­гіт­термен қатар өз еркімен ел аға­­лары да майданға сұранып барыпты.

Тарихи дерекке сүйенсек, сол кезеңде Сыр өңірінен 70 мыңға жуық азамат соғысқа аттанған. Олардың арасында ауыл еңбек­керлері, мұғалімдер, дәрігерлер, теміржолшылар, студенттер мен өнер адамдары да болыпты. Өкі­нішке қарай, сол азаматтардың жар­тысына жуығы туған жерге қай­та оралмаған. Бұл әр ша­ңы­рақ­қа қайғы әкелген ауыр қасірет еді.

Сыр бойынан шыққан жауын­герлер Кеңес әскері құрамында Мәскеу түбіндегі шайқаста, Ле­нин­град қоршауында, Сталинград майданында, Курск доғасындағы қанды ұрыстарда ерекше батыл­дық танытты. Олар жауға қарсы жан аямай шайқасып, қайсарлық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Көптеген жауынгердің ерен еңбегі еленіп, орден-медальдармен ма­ра­патталып, ел мақтанышына айналды. Осылайша, соғыста ер­лікпен қаза тапқан боздақтардың есімі туған жер тарихында мәңгі сақталып қалды.

Сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласымен қатар тылдағы еңбек те орасан маңызға ие болды. Майданға кеткен ер-азаматтардың орнын қарттар, әйелдер мен ба­лалар алмастырды. Олар таңның атысы, күннің батысына дейін егіс даласында, мал шаруашы­лығында, өндіріс орындарында аянбай еңбек етті. Елдегі барлық күш майдан қажетін өтеуге ба­ғытталды.

Сыр диқандары өндірген күріш сол жылдары майдандағы жауынгерлер үшін аса маңызды азықтың бірі болды. Диқан қа­уымы ауа райының қолайсызды­ғына, техниканың тапшылығына қарамастан, мол өнім алуға күш салды. Әйелдер кетпен шауып, су тасыды, егін екті. Балалар да ең­бекке ерте араласып, үлкендерге қолғабыс болды. Соғыс жыл­да­рын­дағы осындай халықтың тө­зімі мен бірлігі бүгінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге болып жетіп отыр.

Негізі, Қызылорда өңірі соғыс жылдары тек азық-түлікпен ғана емес, мәдени және өндірістік тұр­ғыдан да майданға қолдау көр­сеткені айтылады. Аймаққа эва­куацияланған зауыттар мен өнер ұжымдары орналастырылған. Олар өндіріс жұмысын жалғас­тырып, майдан қажеттіліктерін өтеуге атсалысқан. Театр және өнер адамдары жауынгерлерге рухани қолдау көрсету мақсатында ұдайы концерттер ұйымдастырып тұрыпты.

Соғыс кезінде халық арасында патриоттық рух ерекше жоғары мәнге ие болды. Ел ішінде «Бар­лы­ғы майдан үшін, барлығы Же­ңіс үшін!» деген ұран кең тарады. Қа­­­рапайым халық қолындағы барын майданға жіберіп отырды. Әйелдер жылы киім тоқып, қа­риялар бата­сын беріп, аналар ұлдарын Жеңіс үшін аттандырды. Бұл кезең ха­лық­тың ауызбіршілігі мен рухы­ның мықтылығын көрсетсе керек.

Сыр өңірінен шыққан көпте­ген майдангер елге оралған соң да халық шаруашылығын дамытуға зор үлес қосты. Олар соғыстан кейінгі қиын кезеңде елді қалпына келтіру жұмыстарына белсенді араласты. Ардагерлер жастар тәр­биесіне көңіл бөліп, ерлік пен елдіктің озық үлгісін кейінгі ұрпаққа насихаттады.

Бүгінде майдангерлердің қа­тары сиреп барады. Уақыт өт­кен сайын соғыс куәгерлері азайға­нымен, олардың ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Қазір өңірде арда­герлерге құрмет көрсету, ескерт­кіш­терді жаңғырту, тарихи дерек­терді жинақтау жұмыстары тұ­­­­­­рақты түрде жүргізіліп келеді. Мек­теп қабырғаларының да ерлік сабақ­­­­та­ры тұрақты түрде ұйым­дас­тыры­лып, жас ұрпаққа батыр­лардың өмір жолы насихатталып жүр.

Қалай дегенде де, соғыс сүр­леуі оңай болған жоқ. Жеңіс жолы батыр бабалардың қаны мен ана­лардың көз жасымен жетті. Сон­дықтан сұрапыл соғыс жыл­да­рында Сыр өңірінің де тарихы қатпарлары жатыр. Ал оны ұлық­тау, ел үшін жанын қиған боз­дақ­тардың есімін әрдайым құрметтеу кейінгі ұрпақтың басты парызы болып қала бермек. Сол себепті Сыр өңірінің майдангерлері мен тыл еңбеккерлерінің ерен еңбегі әрдайым ел жадында сақталады.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ, 

Қызылорда облысы

Оқиғаларды жіберіп алмау үшін Qazaq24.com сайтынан ең өзекті жаңалықтарды қарап отырыңыз.
seeКөрілімдер:136
embedДереккөз:https://aikyn.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 09 Мамыр 2026 11:41
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Үйде ойнап отырып, кенеттен тұншыға бастады Алматыда дәрігерлер 10 айлық қызды аман алып қалды

11 Маусым 2026 15:09see123

Жеңіл табыс көзі арты үлкен қылмысқа апаруы мүмкін полиция

11 Маусым 2026 16:08see115

Елімізде электромобильдерге жасыл нөмір беріледі

11 Маусым 2026 18:16see115

Денсаулық сақтау министрлігі дәрі дәрмектерге баға белгілеу жүйесінің тиімділігін арттыруды жоспарлап отыр

12 Маусым 2026 15:17see114

Жамбылдағы фосфор зауытында жұмысшылар жаппай наразылыққа шықты

11 Маусым 2026 15:16see114

Шымкентте жыландар мен шаяндар қаптап кетті

12 Маусым 2026 08:25see112

Тегеран Трамптың бейбіт келісімге қол қою туралы мәлімдемесіне түсініктеме берді

12 Маусым 2026 08:21see112

Шегірткемен күрес: Ел аумағында 954 мың гектар жер өңделді

11 Маусым 2026 18:17see112

Құрманғазының Адай күйі мен Бозжыраның сұлулығы әлеуметтік желіні баурап алды

12 Маусым 2026 13:25see112

Бүгінгі жұлдыз жорамал: 12 маусым барлық зодиак белгілеріне арналған махаббат болжамы

12 Маусым 2026 09:21see111

Әл Фарабидегі жол апаты: Сот отырысы кейінге шегерілді

12 Маусым 2026 13:39see111

ҚазТАГ бас редакторы сотқа келген жоқ: сот Қасенов пен Қаппароваға қатаң ескерту жасады

11 Маусым 2026 16:07see111

Жанәбіловтер амнистияға ілікпей ме? ІІМ басшысы орынбасарының жауабы

11 Маусым 2026 19:20see110

Алматыдағы баланың аяусыз өлімі жақындары 13 жастағы күдікті жазадан құтылып кете ме деп қауіптенеді

12 Маусым 2026 15:20see108

Сенат Қазақстандағы амнистияны мақұлдады: 1 468 сотталған азамат бостандыққа шығуы мүмкін

11 Маусым 2026 17:46see108

МӘМС тегі жаңа қызметтер 1 шілдеден бастап не өзгереді

12 Маусым 2026 15:33see107

“Далаға шығу мүмкін емес“. Қазақстанның мұнайлы астанасына масалар мен шіркейлер шабуыл жасауда

12 Маусым 2026 11:05see107

Мұғалімдер артық жүктемеден босатылады Тоқаев заңға қол қойды

12 Маусым 2026 18:49see107

Астанада электросамокат қолданғандарға бақылау күшейтілді

12 Маусым 2026 14:41see106

Шетелдіктерге заңсыз ЖСН рәсімдеу схемасы әшкереленді

12 Маусым 2026 11:53see106
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары