Тең мүмкіндік ауылдан басталады
Aikyn.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com жаңалық жариялайды..
Демек, ауыл жастарының мүмкіндігі қаладағы замандастары қол жеткізген игіліктерден кем болмауға тиіс. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етудің маңызды шарты.
Негізі, азаматтардың қарым-қабілеті мен дарыны олар өскен ортаға, қол жеткізген мүмкіндіктерге байланысты дамиды. Қалаларда өскен азаматтың сапалы білім алу, өзін дамытуға бағытталған кешендер қызметін пайдалану мүмкіндігі біршама жоғары болатынын бұқара жақсы біледі. Әйтпесе ауыл баласының дарыны қаладағы замандастарының талантынан кем емес. Алайда қарым-қабілетті шыңдап, жетіле түсуге қажет мүмкіндіктер тең болмай тұрғаны аян. Рас, соңғы жылдары еліміздегі іргелі ауылдардың дамуында біршама ілгерлеушілік бар. Бірақ бәрінде бірдей емес.
Бір ауылда заманауи спорт кешені бар. Екіншісінде қарапайым спорт залы да жоқ. Бір жерде балалар робототехника, музыка және сурет үйірмелеріне қатысады. Ал кейбір ауылдарда мұндай мүмкіндік қарастырылмаған. Бұл – жеке ауылдардың ғана мәселесі емес, өңірлер арасындағы әлеуметтік мүмкіндіктер теңсіздігінің көрінісі.
Мұны спорт саласындағы көрсеткіштерден-ақ байқауға болады. Ұлттық статистика бюросының 2026 жылғы дерегіне сәйкес, спортпен айналысатын қала тұрғындарының үлесі 49,3 пайызды құрайды. Ауылда бұл көрсеткіш – 45 пайыз. Ал бос уақытында өз бетінше жаттығатындар қалада 22,2 пайыз болса, ауылда 13,7 пайыз ғана. Бұл деректер қала мен ауыл тұрғындарының спорттық белсенділігінде айырмашылық бар екенін көрсетеді.
Соңғы жылдары ауылдық жерлерде спорт нысаны көбейді. 2025 жылы пайдалануға берілген 147 спорт нысанының 107-сі ауылдарда орналасқан. Бұл құптарлық қадам. Бірақ ғимарат салу мәселені толық шешпейді. Ең маңыздысы – оның халыққа қызмет етуі. Спорт кешенінің тиімділігі тұрақты жаттығатын балалардың санымен өлшенуі керек. Үйірмелердің қолжетімділігі де маңызды. Білікті бапкердің болуы да басты талаптардың қатарына кіреді. Бөлінетін қаржының көлемі де, салаға жауапты тұлғалардың білім-білігі мен құзіреті де өзекті. Бір сөзбен айтқанда, бір-бірімен тығыз байланысқан факторлар жиынтығы деген сөз. Дегенмен әлеуметтік инфрақұрылымның коммерциялық нысандар емес екенін, олардың атқаратын қызметінің сыр-сипаты бөлек болатынын ескермек керек. Мұндай инвестицияның басты мақсаты – дені сау, білімді және белсенді ұрпақ қалыптастыруға ықпал ету. Сондықтан салынған әрбір нысан халықтың нақты қажеттілігіне қызмет етуі керек.
Президенттің биылғы Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, соның ішінде шығармашылық үйлер, спорт кешендері, кітапханалар мен ғылыми орталықтар салуға қатысты айтқан міндеттерінің мәні де осында. Бұл тек құрылыс жұмысы емес. Бұл – ауылдағы адам капиталын дамытуға бағытталған маңызды қадам, ұтымды шешім.
Бүгінде жастардың қалаға көшуін тек жұмыс пен жоғары білімге деген сұраныспен түсіндіруге болмайды. Оларға қолайлы әлеуметтік орта да қажет. Жас адамның спортпен айналысқысы, өнер үйренгісі, жаңа технологияны меңгергісі келеді. Егер туған ауылында мұндай мүмкіндік болмаса, ол мүмкіндікті қаладан іздейді. Бұл – заңдылық.
Мұның салдары да аз емес. Қабілетті жастардың қалаға шоғырлануы ауылдың интеллектуалдық әлеуетін әлсіретеді. Жергілікті кәсіпкерлік пен қоғамдық бастамалардың дамуына да кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ауыл жастарына жағдай жасау өңірлік экономиканың болашағымен тікелей байланысты.
Ата-ана да баласының жақсы жағдайда өскенін қалайды. Оның сапалы білім алып, спортпен шұғылданып, қабілетін дамытуына мүдделі. Мұндай мүмкіндіктердің шектеулі болуы кейбір отбасылардың аудан орталығына немесе қалаға көшуіне түрткі болуы мүмкін.
Демек, ауылды дамыту жол салумен, сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етумен, жұмыс орындарын ашумен ғана шектелмеуі керек. Жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, білім алуына және өзін дамытуына жағдай жасалуы қажет.
Бұл бағытта дамыған елдердің тәжірибесі бар. Мәселен, Финляндияда жастар орталықтары маңызды әлеуметтік қызмет атқарады. Олар жастардың бос уақытын ұйымдастырады. Шығармашылықпен айналысуына және түрлі дағдыны меңгеруіне көмектеседі. Жапонияда да қоғамдық орталықтар білім, мәдениет және спортты біріктіреді. Мұнда музыка, сурет, қолөнер және спорт үйірмелері жұмыс істейді. Мұндай орталықтар жергілікті тұрғындардың сұранысына бейімделген.
Қазақстан да осы тәжірибені ескеруі керек. Әрине, әр ауылда жеке-жеке үлкен ғимарат салу тиімді бола бермейді. Халық саны мен елді мекеннің орналасуын ескерген жөн. Мәдениет үйі, кітапхана, спорт секциясы мен цифрлық білім беру алаңдары бір орталықта жұмыс істей алады. Бұл қаржыны үнемдейді. Сонымен бірге қызмет сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұған ұқсас тәжірибені Қызылорда облысынан көруге болады. Сыр өңірінің аудан орталықтарында кітапхана, музей, жастар және ардагерлер орталығын біріктірген «Руханият орталығы» жұмыс істейді. Осындай әмбебап орталықтарды тірек елді мекендерде салып, олардың құрамында спорттық және технологиялық бағыттағы үйірмелер мен алаңдар ұйымдастыру жасөспірімдер мен жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді.
Алайда ғимарат пен құрал-жабдық жеткіліксіз болса, сапалы маман тапшы болса, жақсы нәтиже күтуде қисынсыз екенін ескермек керек. Білікті жаттықтырушы болмаса, спорт кешенінің, ал цифрлық технологияларды үйрететін маман болмаса, кітапхананың әлеуеті толық пайдаланылмайды. Сондықтан ауылға педагогтерді, IT-мамандарын және шығармашылық жетекшілерді тартуға жағдай жасау қажет.
Цифрлық білімге қолжетімділік те маңызды. Бағдарламалау, робототехника және жасанды интеллектіні меңгеру ауыл жастары үшін де қолжетімді болуға тиіс. Ол үшін сапалы интернетпен қатар оқу бағдарламасы мен кәсіби мамандар қажет.
Осыған байланысты мәдениет үйлері мен кітапханаларды жастар білім алып, шығармашылықпен айналысатын заманауи орталықтарға айналдыру керек.
Сонымен бірге мемлекеттік саясаттың нәтижесін салынған нысандардың санымен ғана бағалауға болмайды. Ең бастысы – олардың қанша балаға қызмет көрсеткені және жастардың дамуына қаншалықты ықпал еткені. Осындай көрсеткіштер мемлекеттік инвестицияның тиімділігін анықтауға көмектеседі.
Президент 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялауды ұсынды.
«Халықтық құрылыс» бастамасы елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға жаңа мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы мүмкіндікті тиімді пайдалану. Әрбір құрылыс жергілікті халықтың нақты сұранысына жауап беруі керек.
Түптеп келгенде, ауыл жастарына жағдай жасау – болашаққа салынған инвестиция. Бүгін спортпен шұғылданып, ғылымға қызығып, өнер үйренген ауыл баласының ертең ел дамуына үлес қосатын білікті маман болып қалыптасуына мүмкіндік туады. Сондықтан оның қабілетін ашу – мемлекеттің стратегиялық мүддесі.
Ауылдың дамуын тек салынған мектептердің, жолдардың немесе спорт кешендерінің санымен бағалауға болмайды. Ең бастысы, сол мүмкіндікті қанша жас пайдаланып жүр? Қанша бала өз қабілетін дамыта алды?
Ауыл мен қала арасындағы алшақтықты азайту дегеніміз барлығын қалаға көшіру емес. Керісінше, әрбір жастың туған жерінде сапалы білім алуына, спортпен айналысуына және өзін дамытуына қажетті жағдай жасау.
Таланттың мекенжайы жоқ. Мүмкіндік те туған жеріне қарап бөлінбеуі керек.
Міне, Мемлекет басшысының Жолдауынан осындай ой түйдік. Өйткені әрбір жастың әлеуетін дамытуға жағдай жасау – мемлекеттік жастар саясатының маңызды міндетінің бірі.
Армангүл ТОҚТАМҰРАТ,
Құрылтай депутаты,
«Әділет» партиясы фракциясының
мүшесі
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:90
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 07 Қараша 2026 06:23 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар



















