Ясауи мұрасы балаларға мультфильм арқылы таныстырылады
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып түсініктеме береді..
Түркістанда ұлы ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен рухани мұрасын балаларға танытуға арналған «Ясауи атамыздың шын қазынасы» атты анимациялық мультфильм таныстырылды. «Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы Ясауитану ғылыми орталығының бастамасымен жүзеге асқан жоба ұлттық рухани мұраны заманауи цифрлық технологиялар арқылы насихаттаудың жаңа үлгісін ұсынады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақ руханиятының терең тамырында жатқан Ясауи мұрасы ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан адамгершілік пен ізгіліктің мектебі. Ұлы ойшылдың хикметтерінде көрініс тапқан білімге ұмтылу, адал еңбек, мейірім, кішіпейілділік пен ізгілік идеялары бүгінгі қоғам үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Осы құндылықтарды жас буынның санасына сіңіру тарихи мұраны сақтау ісінің маңызды бір қыры. Осы тұрғыдан алғанда, «Ясауи атамыздың шын қазынасы» мультфильмі – тарихи тұлғаның өмір жолын балаларға түсінікті көркем тілмен жеткізуге бағытталған ізденіс. Жобаның мақсаты Ясауидің өмірбаянын таныстырумен ғана шектелмейді. Оның тағылымы арқылы жас ұрпақтың бойында ізгі қасиеттерді қалыптастыруға, жақсы мен жаманды ажыратуға, білім мен еңбектің қадірін түсіндіруге басымдық берілген.
Мультфильмнің ерекшелігі оны әзірлеу барысында жасанды интеллект мүмкіндіктерінің пайдаланылуы. Бұл музейдің ғылыми-ағартушылық қызметін цифрлық технологиялармен ұштастыруға бағытталған жаңа тәжірибесін көрсетеді.
Бүгінде тарихи тұлғаларды танытуда дәстүрлі дәріс пен мәтіндік ақпараттың мүмкіндігімен қатар, анимация, мультимедиалық контент және цифрлық коммуникация құралдарының да маңызы артып келеді. Әсіресе балалар аудиториясы үшін күрделі тарихи әрі рухани ұғымдарды көрнекі оқиғалар арқылы түсіндірудің тәрбиелік әлеуеті зор.
Таныстырылым барысында Ясауитану ғылыми орталығының «Ғылыми-жарияланымдар және медиакоммуникация» бөлімінің ғылыми қызметкері Сұлтан Байсеит мультфильмді әзірлеуде қолданылған әдістер мен шығармашылық тәсілдер туралы баяндады. Жобаның ғылыми-әдістемелік бағытын айқындауға Ясауитану ғылыми орталығының басшысы Сайпулла Моллақанағатұлы кеңесшілік етті. Ал жобаны іске асыруға «Ғылыми-жарияланымдар және медиакоммуникация» бөлімінің басшысы Әлия Білдебекова жетекшілік жасады. Бұл бастама бөлім ұжымының Ясауи мұрасын зерттеу, жариялау және медиакеңістікте таныту бағытындағы ғылыми-шығармашылық ізденісінің нәтижесі болды.
Мультфильм көрсетілімінен кейін туындыға ясауитанушы ғалым Досай Кенжетай мен ғалым Марат Тұяқбаев пікір білдірді. Марат Тұяқбаев еңбектің жалпы нәтижесіне оң баға бере отырып, оны техникалық тұрғыдан жетілдіруге қатысты бірқатар ескертпе айтты. Мұндай кәсіби кері байланыс анимациялық өнімнің сапасын арттырып, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
Ал «Түркістан медиа» холдингінің жаңалықтар қызметі дирекциясының директоры Ғани Қалмаханов туындының мазмұндық және көркемдік ерекшеліктеріне тоқталды. «Анимациялық фильм авторлардың зор ізденіспен жасаған сәтті еңбегі деп айтқым келеді»,- деді ол. Сарапшының пікірінше, мультфильм екі маңызды міндетті қатар қамтиды: балаларға Қожа Ахмет Ясауидің өмірін таныстыру және оның тағылымы арқылы жас ұрпақтың бойына адамгершілік құндылықтарды сіңіру. Ғани Қалмаханов шығармадағы төрт негізгі құндылыққа – еңбек, білім, мейірім және ізгі іске ерекше назар аударды. Оның пайымдауынша, бала Ахметтің даналыққа бастайтын жолы осы қасиеттердің нақты оқиғалар арқылы бейнеленуімен нанымды шыққан. Сарапшы қазіргі балалардың әлеуметтік желідегі мәнсіз мазмұнға әуестігі, даңғойлық пен әсіре мақтаншақтық секілді мәселелердің де шығармада қарама-қарсы бейнелер арқылы өрілгенін атап өтті. Оның пікірінше, мультфильмнің тілі қарапайым әрі түсінікті, ал идеялық және көркемдік мүмкіндігі оны сериал ретінде жалғастыруға негіз бола алады. Сондай-ақ ол туындының атауын жетілдіру жөнінде «Даналық әліппесі», «Тарихи тұлғаның тағылымы» және «Өмір өнегесі» секілді баламаларды ұсынды.
Көрсетілімнен кейін балаларға арналған интерактивті ойындар ұйымдастырылып, мультфильм мазмұны бойынша талқылау өтті. Сұрақ-жауапқа қатысқан оқушыларға кітаптар сыйға берілді. Мұндай тәсіл балалардың көрген туындысын түсініп қана қоймай, кейіпкерлердің әрекеттерін бағалауына және шығармадағы құндылықтарды күнделікті өмірмен байланыстыруына мүмкіндік береді.
Мультфильмді талқылаумен, танымдық ойындармен және кітап оқуға ынталандырумен ұштастыру музейдің ағартушылық қызметін жаңа мазмұнмен толықтыра түседі. Бұл – тарихи тұлға туралы білімді баланың өз тәжірибесімен байланыстырып, рухани мұраны қабылдауына жағдай жасайтын тәсіл. Алдағы уақытта мұндай өнімдерді мектептер мен музейлердегі танымдық жұмыстарға енгізу, тақырыптық анимациялық сериялар әзірлеу Ясауи мұрасын кеңінен насихаттаудың келешекті бағыттарының бірі бола алады.
Рухани мұраның өміршеңдігі оның өткен дәуірде сақталғанымен ғана емес, бүгінгі ұрпаққа қаншалықты түсінікті әрі әсерлі жеткізілуімен де өлшенеді. Ясауи даналығын балалар әлеміне анимация арқылы жақындату осы сабақтастықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:75
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 14 Қазан 2026 21:55 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















