Qazaq24.com
Qazaq24.com
close
up
RU
Menu

Мелисса дауылы: Ямайка, Куба, Гаити және Доминиканаға қандай зардаптар әкелді

Швеция мен Норвегия Украинаға жоғары жылдамдықты катерлерді берді

Кәсібін кеңейткен кәсіпкер

Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша Си Цзиньпинмен бірлесіп жұмыс істейтінін айтты

Қазақстанда мейрамхана бизнесі қалай дамып жатыр

Электрондық жер кадастрлық карталарды құру: өзгерістер енгізілді

Ақтаулық блогер туған өлкесі Атырауын не үшін жақсы көретінін айтты

Алматыда тау бөктеріндегі аудандардың құрылысына тыйым салынды

Үйге баса көктеп кіріп, бетіне сірке суын шашқан. Атырау облысында әйелге шабуыл жасалды

Қазақстанда ЮНИСЕФ пен бірлесіп Сәтті бастау бағдарламасы іске асырылады

Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықты энергетика саласы бойынша қай бағытта өрбітпек

Азаматтарға арналған үкімет маманы мемлекетті шамамен 4 млрд теңгеге алдап соғып, шетелге тайып тұрған

Балық аулауға тыйым салынған кезеңдегі су көлігінің қозғалысы: ережелер бекітілді

Бәрі бақылауда, уайымдамаңыздар... : Жұлдыз Әбдікәрімова Қайрат Нұртастың концертіне қатысатынын айтты

Зайнутдинов ұлттық құраманың қараша айындағы ойындарына қатыспайды

Тоқаев: Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы өте маңызды міндет

​Атыраудың болашағы: уақытша мекен бе, әлде заманауи мегаполис пе?

Қазақстанға Қытайдан келген жұмысшылардың үлесі қанша

Мұрат Ергешбаев Орынбордан газ импорттауға қатысты: 30 жыл не істедік

Қазақ тілін дамыту бағыты айқындалды

Зайролла ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ, академик: Ұлт деңгейін көтерген ғылымның қадірі бар

Зайролла ДҮЙСЕНБЕКҰЛЫ, академик: Ұлт деңгейін көтерген ғылымның қадірі бар

Egemen.KZ парақшасынан алынған деректерге сүйене отырып, Qazaq24.com мәлімдеме жасады..

Қазір қоғамда дәстүрлі құндылықтар өзгеріп, жаңа ұстанымдар пайда болды. Алайда зиялылықтың мәні кеміген жоқ. Нағыз зиялы – ұлттың ар-ұяты. Елімізде іргелі ғылым мен өндірістің байланысын өмірінің өзегі етіп жүрген санаулы тұлғалар бар. Соның бірі – Ұлттық ғылым академиясының академигі, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Зайролла Дүйсенбекұлы. Отандық ғылымның дамуы­на зор үлес қосқан көрнекті ғалымның өмірден түйгені мол. Айтары да жетеді. Таяуда ғалым ақсақалмен кеңірек отырып әңгімелесудің сәті түсті.

Сәбеңнен бата алдым

– Аға, осы жас­қа дейін қазақтың біраз жақсы-жай­саңымен араласып, сый­ластыңыз. Жасы үл­кен­­дерден тәлім алдыңыз. Деген­мен адамның азамат болып қа­лып­тасуына оның шыр етіп дү­ниеге келген туған топы­рағы әсер етеді деп айтады. Әңгі­мені осыдан бастасаңыз?

– Қазақ даласының қай бұры­шы да аруақ қонып, нар шөккен жер. Сондай бақ дарыған қасиет­ті өлкенің бірі – Баянауыл. Бұл өңірдің табиғаты ғана емес, тарихы да бай. Баянауылдың аты ертеден жалпақ жұртқа жа­йыл­­­ды. Оның даңқын осында туған біре­гей тұлғалар шығарды. Мәсе­лен, Абылай ханның ақыл­шысы Бұқар жырау­дан бастап, әйгілі Шоң би, ақын, этнограф, тарихшы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, небәрі 26 жасында құйрықты жұлдыздай ағып өткен ақын Сұлтанмахмұт Торайғырұлы, жазушы Жүсіпбек Аймауытұлы, академик Қаныш Сәтбаев секілді шоқтығы биік алыптардың кіндік қаны тамды. Әсіресе баянауылдықтардың білімге құштарлығын оятқан тағы бір тұлға бар, ол – Мұса Шорманұлы. Мұсекең билікке жасы­нан араласты. Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болды. Заман ағымын аңдаған, көзі ашық азамат еді. Ол білімсіз болашақ жоқ екенін түсінді. Мектеп салып, бала­лар­­дың сауатын ашты. Әр қа­зақ отбасына бір баласын мек­тепке беруді міндеттеді. Осы өңірдегі бай, дәулетті адамдарға: «Өз балаңды оқы­та­сың, өз балаңмен бірге салық есебінде кедейдің бір баласын оқы­тасың», деп бұйрық шы­ғар­ды. Соның арқасында талапты жеткіншектер ауылдағы мек­теп­те сауатын ашып, одан әрі оқуларын Қарқаралы, Семей, Омбы­ға барып, жалғастырды. Міне, біздің елден шыққан озық ойлы азамат­тардың дені осылай қанат­танды. Солар салған әдемі дәс­түр тізбегі әлі күнге дейін үзілген жоқ.

– Ата-анаңыз бен өскен ортаңызға тоқталсаңыз?

– Біз – Абылай хан дәуірінде өмір сүрген Бекше батырдың ұр­па­ғымыз. Бұл бабамыз жоң­ғар­лармен соғыста ерен ерлік көр­сетіп, есімі елге танылған. Сұрмерген болған деп айтады. Бұл туралы тарихи деректерде жазыл­ған. Бекше батыр Абылай ханды жаугершілікте екі мәрте ажал­дан аман алып қалған. Ке­йін ел ішіндегі бір оқиғаға бай­ла­нысты екеуінің арасына ала мысық жүгіріп, аралары суып кеткен. Менің әкем Бекшенің жетінші ұрпағы. Ал белгілі жазу­­шы, дәрігер сонау зұлмат жылдары қуғын-сүргін көріп, он жылдан аса Қиыр Шығыстың дәмін татқан Зейін Шашкин – бізге немере ағайын.

Әке-шешем қарапайым қоңыр­­төбел тіршілік кешті. Атам Иманбай ағаштан түйін түйген шебер еді. Бұл кәсіпті әкем де жалғастырды. Күнделікті тұрмысқа қажет дүниені өзі жасайтын. Ал анам ауқатты отбасында өскен. Нағашы атам – Баянауыл төңірегіне дәулеті шал­­қыған танымал адам. Өткен ғасырда 20-жылдардың соңында бай­лардың мал-мүлкін тәркілеу бас­талғанда, ол өз еркімен же­ке ­­­меншігіндегі барлық малын кеңес өкі­метіне өткізген. Сосын 1927 жылы Меккеге сапар шеккен. Ол жақтан бір жа­рым жыл­дан кейін елге ора­лады. Қасиетті сапардан оралған атамды таныстары қау­ма­лап Керекуден күтіп алып, Баянауылға алып келе жатқанда, яғни Павлодардан 70 шақырым ұзаған жолда большевик атеист жандайшаптары серіктерімен бірге атып тастаған. Анам мен 6-сыныпта оқығанда өмірден өтті. Әлі күнге дейін шешемнің бейнесін ұмыта алмаймын. 2-3 жасымнан бастап, 10 жасыма дейін ұлы нағашы әжем Шөкімнің бауырында өстім. Бұл кісі Қарқаралының қызы. Әйгілі Қаз дауысты Қазыбек би әулетінен. Сұңғақ бойлы, ажарлы, текті жан болатын. Жұрттың бәрі қадір тұтып, сыйлады. Ешкім алдынан кесіп өтіп көрген жоқ.

– Бала күніңізде Сәбеңнен бата алыпсыз. Соны айтып бересіз бе?

–Жетінші сыныпта оқып жүр­генде Баянауылға жазушы Сәбит Мұқанов әйелі Мәриям апаймен келді. Шоқан Уәлиханов туралы «Аққан жұлдыз» романын жазып жүр екен. Шоқан Баянауылға бөтен емес. Мұса Шормановтың жиені. Мұса оны жасынан бауырына басып, тәрбиелеген. Шоқан Омбыға оқуға барғанда оған Жаяу Мұсаны серік етіп жіберген.

Қабырғалы қаламгер мектепте оқушылармен кездесті. Сонда Сәбең алдында өлең оқып, бір поэмасын жатқа айтып бердім. Оған дән риза болып, маған батасын берді. Кейін Ал­матыға келіп, жоғары оқу ор­нын бітіріп, кандидаттық еңбе­­гімді қорғағаннан кейін жазу­шы отбасымен жақын аралас­тым. Сәбеңнің әңгімесін көп тыңдадым. Мәриям апай дүние­ден озғанша байланысымыз үзілген жоқ.

Ілияс Есенберлин сұңғыла еді

– Ал Қаныш Сәтбаевты алғаш қашан көрдіңіз?

– Мен Қаныш ағаның есімін жас күнімнен үлгі тұттым. Ата-анам ол туралы мақтанышпен айта­тын. 6-7 сыныпта оқып жүр­генде қолыма көк сиямен «а» әрпін жазып алып, ғылым жолына түсіп, сол кісідей «академик» болсам деп армандадым.

1946 жылы жазда Қаныш аға елге келді. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына бір-ақ жыл болған кез. Елдің тұрмысы жүдеу. Бірақ адамдардың көңілі көтеріңкі. Мен онда 2-сыныпта оқимын. Сонда ғалымды алғаш рет сыртынан көрдім. Еңсегей бойлы. Біздің көшенің бас жағында Паванов деген банктің басшысы тұратын. Қанекең сол үйге түсті. Екеуі жас күнінен жақын жолдас болыпты. Біз сыртынан қызықтап жүрдік. Алайда Қаныш ағамен жақын араласа алмадым. Ол кісі мен аспирантурада оқып жүргенде қайтыс болды. Бірақ ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға қатыстым. Топырақ салдым.

Дегенмен Қаныш ағаның алғашқы зайыбы Шәрипа апамен араластым. Қазақы адам еді. Мені туыс тартып, үнемі елдің жаңалығын сұрайтын. Ал ғалымның үлкен қызы Ханифа апай бауыр тұтты. Шәмшиябану­мен де сыйластым. Ол кісінің ері Оразай Батырбеков республика партия комитетінде ұйым­дастыру бөлімінің меңгеру­шісі болды. Кейін бұл қызметінен босап, Жоғары партия мектебіне ректор болып барды. Екеуміз «балдыз-жезде» болып қалжың­дасатынбыз.

– Көрнекті жазушы Ілияс Есенберлинді де жақсы біледі екенсіз...

– Шындығында, Ілияс аға екеуміз – туған бажамыз. Бірақ онымен жақын інісіндей аралас­тым. Жиырма жылдан аса уа­қыт жанында жүрдім. Барлық шығар­масын түпнұсқадан оқы­дым. Ілекең туған інісі екеуі жас күнінен әке-шешеден жетім қалып, балалар үйінде тәрбие­лен­ген. Бауыры Раунақ – техника ғылымдарының докторы, про­фессор. Мәскеуде қалып, ғылыми жұмыспен айналыс­ты. Техника саласында көптеген жаңалық ашқан. «КСРО-ның еңбек сіңірген өнертапқышы» деген атаққа ие болды. Әскери оқу орындарында дәріс беріп, полковник атағын алды.

Қаныш Сәтбаев 50-жылдары Раунақты Қазақстанға ша­қы­­рады. Бірақ ғалым қыз­мет істейтін Мәскеудегі әскери ғылыми-зерттеу институты­ның басшысы «Ол кісіні сіздерге жіберу үшін бізден кейін бес жыл ешқайда жұмыс істемеу қажет. Сонда ғана қызметтен боса­тамыз», деп жауап беріпті.

Ілекеңмен жиі кездесіп, ұзақ әңгімелесетінмін. Дүниеден озардан екі апта бұрын жүрегінің сырқаты меңдеп, денсаулығы күрт нашарлады. Туған-туыс­тары мен дәрігерлердің айтқанын тыңдамай, ауруханаға жатпады. Кешкісін үйіне бардым. Үйіміз жақын еді. Көршіміз. Екеуміз далаға серуендеуге шықтық. Сосын: «Сізді дәрігерлер жедел-жәрдем көлігімен ауруханаға алып кетуге келсе, неге бармайсыз?» деп сұрадым. Ол маған себебін айтты. «Бұл жүректі емдеудің басқа да әдісі бар екен. Маған оны Димаш Ахметұлы айтты. Ол кісі таза ауада серуендеп көп жүреді. Мен де осы әдісті қолданып жүрмін. Ауруханаға апарғаннан кейін дәрі беріп, ине салады. Шынымды айтсам, содан шаршадым», деді қина­лып. Сосын маған ақ па­рақ пен қалам берді де: «жаман айтпай жақсы жоқ, егер маған бір жағдай болса, сен осы азаматтарға хабарлас», деп өзі жақын тұтатын адамдардың теле­­фонын жаздырды. Ілекең өте сұң­ғыла еді. Ажалдың таяп қалғанын іштей бағамдаған сияқ­ты. Осы оқиғаның ертеңінде Ілекеңді ауруханаға алып кетті. Мұнда да көп жатқан жоқ, екі тү­неп, үшінші күні жан сақтау бөлімінде қайтыс болды. Мен Ілекеңнің аманатын орындап, өзі айтқан кісілерге хабарластым. Бірінші, Мәскеудегі Орталық комитеттің аппаратында жа­уапты қызмет істейтін Кәкімбек Салықовқа телефон шалдым. Кәкең ауыр қазаны естігеннен кейін, біраз үнсіз тұрып қалды. Бір кезде: «Ілекең тарихымызды терең қопарып, болашаққа жол салған тұлға еді. Біз содан айырылған екенбіз ғой», ауыр деп күрсінді. Бұдан соң академик Шапық Шөкинге хабарластым. Ілекең Шапықпен жақын араласатын. Көрнекті ғалымға жазу­шының қазасын айтып едім: «Әй, Зайролла, сен дүниеден кім өткенін сезіндің бе?», деді дауысы дірілдеп. Одан кейін атақты заңгер Салық Зиманов пен Жазушылар одағының бірінші хатшысы, ақын Жұбан Мол­да­ғалиевке естірттім. Ілекең­ді жерлеу жайында үкіметтік комиссия құрылды. Ілекең қайтыс болғанда інісі Раунақ Мәскеуден жетіп, топырақ салуға үлгерді.

– Жалпы, қандай адам еді?

– Ілекең көп сөйлемейтін, ұ­с­тамды болатын. Оның өмірі қиын­дыққа толы. 1940 жылы Қазақ тау-кен институтын бітірді. Келесі жылы соғыс басталып, майданға аттанды. Одан жаралы болып елге оралғаннан кейін Қазақстан Орталық комитетінде жауапты қызмет істеп жүргенде «халық жауының қызына үйленді» деген айып тағылып, қызметінен босатылды. 50-жылдарда бір топ қазақ зиялысы «ұлтшыл» атанып қуғын көргені белгілі. Бұдан Ілекең де аман қалмады. Оны да қуғындады. Тіпті жалған жаламен абақтыға да жапты. Міне, осындай түрлі қиындық көрсе де, ешкімге шағымданбайтын. Қайсар болатын. Оған сол жылдардағы ел басшысы Дінмұхамед Қонаев көп қолдау көрсетті. Екеуі бір-бірін жас кезінен таныған.

Ілекең кеңестік кезеңнің қаһарынан қорықпады. Қазақ тарихына терең бойлап, бұрын есімін атауға тыйым салынған хандар мен батырлардың тәуел­сіздік жолындағы күресін батыл жазды. Жазушының әрі кітабы баспадан жарық көрерде түрлі кедергіге ұшырады. «Қырағы көздердің» сүзгісі шығармадағы ұлт туралы өткір жазылған тұстарын қырқып тастады. Бірақ қаламгер оған мойымады. Күресті. Қайта, одан сайын күш алып, тарихи романдарын жаза берді.

Алғаш немересі дүниеге келгенде құттықтап, үйіне бардым. Бөтен адам жоқ. Екеуміз. Бір кезде Ілекең: «Мен немеремнің есімін «Мағжан» деп қойдым. Қазақтың Мағжан Жұмабаев есімді ақыны болған. Ондай тұлға сирек. Мұндай ұлы ақынның есімі ұмытылмауы қажет.  Мағжанды сен білмейсің. Біз білеміз. Жас күнімде оның өлеңдерін сүйіп оқыдым. Содан бері ойымнан кетпейді», деп маған оңаша сырын айтып еді. Ілекең көрген қиындықты бірге кешкен Дилара апамыздың да орны бөлек.

Құр еліктеу жарға жығады

– Енді ғылымға ойыссақ. Еліміздегі ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін бағдарламалау әдісін зерттеп, оны ғылыми айналымға қостыңыз. Осы туралы айтасыз ба?

– Қазақ ауылшаруашылық институтының агроном фа­­куль­­тетін үздік бітіргеннен кейін екі-үш жыл елге оралып, Баянауыл кеңшарында бас агроном болдым. Ауылда қыз­мет істеп жүрсем де өзім білім алған оқу орнымен байланысымды үзбедім. 1962 жылы аспирантураға түстім. 1966 жылы кандидаттық жұмысымды қор­ға­дым. Ғылы­ми еңбегімнің негізгі бөлігі жоғары математиканың бір саласы – дисперциялық талдауға арналды. Осы саланы 70-жылдардан бастап зерттеп, биология мен ауылшаруашылық ғылымына қолдандым. Алдымен ғылымдағы осы бағыттың авторы, ағылшын ғалы­мы, генетик Рональд Эйлмер Фишердің еңбегімен таныстым. Жоғары оқу орнында дәріс оқыдым. 1974 жылдан бастап ВАСХНИИЛ-дің бүкілодақтық ауылшаруашылық дақылдарының өнімділігін бағ­дар­ламалау жөніндегі үйлес­тіру кеңесінің мүше­сі атандым. Негізінде, ауылшаруашылық дақыл­дарының өнімділігін бағ­дар­ламалауға электрондық есеп­теу техникасы мен матема­ти­калық модельдерді қолдану ар­қы­лы қол жеткізуге болады. Осы бағытта біраз ізденіп, одақ­тық ғылыми басылымдарда бірқатар мақалам жарық көрді.

Жерге түскен дәннің өніп шығуына көптеген фактор әсер етеді. Ең алдымен оған құнарлы топырақ, қалыпты мөлшердегі күн қызуы мен ылғал, топырақты тыңайту, суару, арамшөппен күресу секілді жұмыстар іске асуы қажет. Міне, осындай фак­торлардың әрқайсының өсіп шыққан бидайға тигізер үле­сінің қандай мөлшерде және қаншалықты әсер ететінін дәл анықтауға ешқандай мүмкін­дік болмады. Мен осыны зерттедім. Ленинград агрофизика институтының директоры, танымал ғалым Сергей Нерпин қызметке шақырды. Қала­ның ортасынан үш бөлмелі пәтер береміз деді. Бірақ мені Қазақ ауылшаруашылық ин­сти­ту­­тының ректоры Хайдар Арыстан­бековтің: «Сен ең әуелі пай­даңды өз еліңе тигізгенің дұрыс», деген бірауыз сөзі тоқтатты. Сөйтіп, еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімділігін бағдарлауды алғашқы болып зерттеп, ғылыми айналымға енгіздім. Оның ғылыми-әдіс­темелік негізін әзірледім. Зерт­теу жұмыстарының нәти­же­сінде фотосинтетикалық ак­тивті радиа­циялардың, топы­рақ құра­мындағы ылғал мен био­климаттық әлеуеттің үлесі және басқа да факторла­рын айқындаудың әдіс-тәсілі бел­гі­лен­ді. Ғылымдағы осы саланың қалыптасуы мен дамуы­на менің ВАСХНИИЛ-дің ауыл шаруашылық дақылдарының өнімділігін бағдарламалау жө­нін­дегі үйлестіру кеңесінің мүшесі ретіндегі қыз­метім ерекше ықпал жасады. Осы жыл­дары менің жетек­ші­лігім­мен егіншіліктің топырақ-климаттық факторла­рына жан-жақты зерттеу жүргізілді. Сондай-ақ өнім көлемі молайып, оны тиімді қолдану деңгейі қалыптасты. Бұл ғылыми еңбе­гім 1984 жылы одақ көле­мін­дегі Ауыл шаруа­шы­лы­ғы дақылдарының өнім­ділігін бағдарламалау үйлес­тіру кеңесі мен 1987 жылы осы тақырыпқа арналған бүкіл­одақ­тық конференцияда айрық­ша атап өтілді.

– Тәуелсіздік алғаннан кейін Мем­лекеттік жер кадас­т­ры­ның ақпараттық жүйесін құруға басшылық жасадыңыз. Бұл жоба қалай жүзеге асты?

– 1994 жылдан бастап Жер ресурстарын басқару агенттігіне қарасты Жер қоры және жерге орналастыру жөніндегі мем­ле­кеттік ғылыми-өндірістік орта­лы­ғын басқардым. Мұнда бес мыңға жуық маман қызмет істеді.

Бұл уақытта еліміз жаңа на­­­рықтық экономикаға ауысып, барлық салада жаппай реформа басталды. Соның бірі – жер қатынастары саласындағы реформа.

Біз ең алдымен тәуелсіз мемлекет болғаннан кейін жер кадас­трын құруды қолға алдық. Бір жағынан, бұл – ТМД елдерінің де алдындағы өзекті мәселе болатын. Сол жылдары ТМД елдерінің жер реформасына байланысты кеңес құрылды. Мен соған мүше болдым. 1995 жылы осы кеңесте Мемлекеттік жер кадастарының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі жайында баяндама жасадым. Оны осы кеңесте ұсындым. Жоба бекітілді. Аталған жоба Қазақстан мен Ресейде іске асырылды. Мұны жасау барысында АҚШ пен Еуропа елдерінде болып, солардың жұмысымен таныстым. Көптеген шаруа атқарылды. Бар күш-жігерімді осыған жұмсадым. Мәселен, жер мәселесіне қатысты 100-ден астам әдістеме мен нұсқаулық және нормативтік құжат өн­діріске енді. Жер ресус­тарының әлеуе­тін басқару және пайдалану, монопольді – мемлекеттік мен­шіктен әртүрлі меншік түр­леріне көшу, ақылы жер пайдалану механизмі жетіл­дірілді. Геоақпараттық жүйе технологиялары негі­зінде жер кадастрының авто­мат­тан­ды­рыл­ған ақпарат­тық жүйесін құ­рып, жер ресурс­та­рының мониторинг жүйесі қалыптасты. Жер ре­сурс­тарын басқару мен жерге орналастыру бойынша жаңа инно­вациялық ғарыштық технология енгізілді.

Мемлекет­тік жер кадастры­ның авто­мат­тан­ды­рылған ақпа­рат­тық жүйесі  еліміздегі элек­трондық үкіметті құру мен қа­лып­тастыруға жол салды. Бү­гін­гі «Цифрлық Қазақ­стан» элек­трондық бағдарла­ма­сы­ның негізін қалады.

– Біраз жасқа келдіңіз. Көр­геніңіз көп. Өмірдің қызығы неде деп ойлайсыз?

– Қазір жасым тоқсанға жақын­дап қалды. Осы аралықта өмірдің қайғысы мен қуанышын қатар көріп келе жатырмын. Мен бала күнімнен кітапты көп оқыдым. Білім алуға ынтық болдым. Осы қасиетім ғылымға жетелеп алып келді. Нағыз ғалым ізденісін ешқашан тоқтатпайды. Өз басым әлі күнге дейін сарылып жұмыс істеймін. Оқимын. Зерттеймін. Мақала жазамын. Ғалым үшін өмірдің қызығы – тоқтаусыз ізденіс. Ұлт деңгейін көтерген ғылым­ның қадірі бар. Әлемдік дүрмек, жалаң ғылыми есеп, құр еліктеу жарға жығады.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен –

Азамат Есенжол,

«Egemen Qazaqstan» 

Жағдайды бақылауды жалғастырыңыз, Qazaq24.com әрқашан ең жаңа жаңалықтарды ұсынады.
seeКөрілімдер:90
embedДереккөз:https://egemen.kz
archiveБұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 31 Қазан 2025 08:32
0 Пікірлер
Кіру, пікір қалдыру үшін...
Жарияланымға бірінші жауап беріңіз...
topЕң көп оқылғандар
Қазір ең көп талқыланатын оқиғалар

Мелисса дауылы: Ямайка, Куба, Гаити және Доминиканаға қандай зардаптар әкелді

31 Қазан 2025 02:20see143

Швеция мен Норвегия Украинаға жоғары жылдамдықты катерлерді берді

30 Қазан 2025 17:30see141

Кәсібін кеңейткен кәсіпкер

30 Қазан 2025 08:29see135

Трамп Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша Си Цзиньпинмен бірлесіп жұмыс істейтінін айтты

30 Қазан 2025 12:20see114

Қазақстанда мейрамхана бизнесі қалай дамып жатыр

30 Қазан 2025 00:15see113

Электрондық жер кадастрлық карталарды құру: өзгерістер енгізілді

31 Қазан 2025 12:33see113

Ақтаулық блогер туған өлкесі Атырауын не үшін жақсы көретінін айтты

31 Қазан 2025 12:29see113

Алматыда тау бөктеріндегі аудандардың құрылысына тыйым салынды

30 Қазан 2025 11:35see113

Үйге баса көктеп кіріп, бетіне сірке суын шашқан. Атырау облысында әйелге шабуыл жасалды

31 Қазан 2025 12:27see112

Қазақстанда ЮНИСЕФ пен бірлесіп Сәтті бастау бағдарламасы іске асырылады

30 Қазан 2025 17:30see112

Қазақстан Финляндиямен ынтымақтастықты энергетика саласы бойынша қай бағытта өрбітпек

30 Қазан 2025 09:34see112

Азаматтарға арналған үкімет маманы мемлекетті шамамен 4 млрд теңгеге алдап соғып, шетелге тайып тұрған

31 Қазан 2025 11:15see112

Балық аулауға тыйым салынған кезеңдегі су көлігінің қозғалысы: ережелер бекітілді

30 Қазан 2025 09:28see111

Бәрі бақылауда, уайымдамаңыздар... : Жұлдыз Әбдікәрімова Қайрат Нұртастың концертіне қатысатынын айтты

31 Қазан 2025 01:50see111

Зайнутдинов ұлттық құраманың қараша айындағы ойындарына қатыспайды

31 Қазан 2025 09:15see110

Тоқаев: Жоғары білімнің барша азаматқа бірдей қолжетімді болуы өте маңызды міндет

31 Қазан 2025 13:17see110

​Атыраудың болашағы: уақытша мекен бе, әлде заманауи мегаполис пе?

31 Қазан 2025 15:17see109

Қазақстанға Қытайдан келген жұмысшылардың үлесі қанша

31 Қазан 2025 15:23see109

Мұрат Ергешбаев Орынбордан газ импорттауға қатысты: 30 жыл не істедік

31 Қазан 2025 16:10see108

Қазақ тілін дамыту бағыты айқындалды

29 Қазан 2025 21:39see106
newsСоңғы жаңалықтар
Күннің ең жаңа және өзекті оқиғалары