Әлеуметті әурелеген тұмау
Qazaq24.com, Aikyn.KZ дереккөзінен алынған мәліметтерге сүйене отырып мәлімдеме жасады..
Ал биыл жедел-респираторлық вирус өршіп, елді алаңдатып тұр. Дегенмен республика бойынша жаппай карантин жарияланған жоқ. Бірақ індеттің беті қатайған сайын, оқу орындары мен медициналық мекемелерде эпидемияға қарсы шектеулер енгізілді. Ал статистика бойынша, қыркүйек айынан бері 2 миллионға жуық адам жедел-респираторлық вирустық инфекция жұқтырған.
Елді елеңдеткен бұл жолғы вирустың аты – Гонконг. Бірақ ол шекара асып жеткен бейтаныс індет емес. Қазақстанда бұрыннан бар, жыл сайын айналымда жүретін штам. Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың айтуынша, Гонконг штамы 2001 жылдан бері елімізде бар. Бүгінде ЖРВИ мен тұмаудың таралуына да осы вирус себеп болып отыр. Балалар, егде жастағы азаматтар кез келген вирустық инфекцияны ауыр өткереді. Осы және алдағы апталарда жылы ауа райы сақталмақ. Сәйкесінше, желтоқсанның ортасына дейін вирус таралуы жалғасады. Сондықтан адамдар көп жиналатын орындардан аулақ болу, қолды жуу, бөлмелерді желдету, мүмкін болса, маска тағу қажет. Бүгін де халыққа бетперде тағу міндеттелмейді. Бірақ медициналық қызметкерлер үшін бетперде тағу міндетті.
– Тұмаудың таралуын тоқтату үшін кем дегенде екі-үш апта ауа температурасы төмен болуы қажет. Биылғы тұмау маусымы былтырға қарағанда 3-4 апта ерте басталды. Байқағандарыңыздай, күн әлі жылы. Бұл тұмау мен ЖРВИ-дің ерте өршуі сияқты қосымша қиындықтар әкеледі. Балалар арасындағы, әсіресе мектеп оқушылары арасындағы індет деңгейін төмендету бойынша шаралар қабылдануда. Бүгінде 11 өңірде мектептерде белгілі бір шектеу режимі енгізіліп, шамамен 220 сынып қашықтан оқытуға көшірілді, – дейді министр.
Ал санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, 25 қарашада елде 21 451 адамнан вирус анықталған. Оның алдында бір күн бұрын бұл көрсеткіш 1 612 болған. Осылайша, вирусты жұқтырғандар бірден 13 есе артқан. 1 қыркүйектен бері елде 1 998 181 адамнан жедел-респираторлық вирустық инфекция анықталған. Оның 1 253-і тұмаумен ауырған, басым бөлігі, яғни 1 250-і «Гонконг тұмауына» шалдыққан.
Гонконг штамының ерекшелігі қандай?
Жалпы тұмаудың негізгі төрт типі бар: А, В, С, D. Оның ішінде ең көп тарайтыны – A және В вирусы. Гонконг тұмауы – А вирусының бір штамы. Нақтырақ айтқанда – H3N2 вирусы. Негізгі симптомдары – дене қызуының 39°C-тан жоғары болады, құрғақ жөтел, бас ауырады, мұрын бітеледі. Гонконг вирусы Алматыда, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында да анықталған.
– Әлемде тұмаудың штамдары өте көп. Биылғы тұмауды «Гонконг тұмауы» деп жатырмыз. Яғни, H3N2 вирусы. Неге Гонконг? Себебі былтырғы тұмаудың түрлеріне қарағанда бұл штамның ерекшелігі көп. Адамның температурасы 39-40 градусқа күрт көтеріледі. Науқас әлсіреп, буын-буыны сырқырап ауырады. Шындығына келетін болсақ, штамды нақты білу емдеу процесінде қатты маңызды емес. Алғашқы 48 сағатта барлық ЖРВИ-ды емдеу бірдей. Ал штамды білу эпидемиялық бақылау үшін маңызды. Бір адам тек Гонконг штамымен, парагриппен ауырады деген түсінік жоқ. Бір адамның анализінде ковид те, гонконг штамы да шығып жатады. Мұны миксинфекция деп айтамыз. Адамның организмінде бірнеше инфекция кездеседі. Ондай жағдайда науқастың халі де басқалардан ауырлау болады, – дейді Астана қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Құралай Мырамытова.
Оның айтуынша, жедел респираторлық вирустық инфекция тыныс алу арқылы жұғатын, вирустар мен бактериялар арқылы қабынатын инфекция. Күнделікті өмірде ЖРВИ-ды халық қарапайым тілде салқын тию, тұмау деп айтып жүр. Қазір осы ауру өршіп тұр. Өйткені ЖРВИ көбіне көктем, күз сияқты маусымдарға бейім. Ауа райы суыта бастағанда грипп, реновирус, коронавирус, парагрипп сияқты вирустар дамып, көбінесе қазан, сәуір, ақпан айларында өршиді. Қазіргі құбылыс та осының айғағы.
Тұмаумен иммунитеті төмен адамдар жиі ауырады. Иммунитеті төмен санатқа кішкентай балалар, жүкті әйелдер басқа да қосымша диагнозбен диспансерлік тіркеуде тұрған науқастар жатады. Иммунитеті төмен адамдардың вирусты жұқтыруы да жылдам. Тұмаудан сақтану үшін жеке бас тазалықты сақтап, денешынықтыру жаттығуларымен айналысу қажет. Жалпы, саламатты өмір салтын ұстанып, зиянды әдеттерден бас тарқан жөн. Қазан-қыркүйек айларында тұмауға қарсы вакцинаны алған дұрыс. Вирустардың өршіген маусымында ауырмаған адамдар бетперде тағып жүруі қажет. Егер үйде тұмауратқан адам болса одан бір метр алыс жүру керек және науқастың жатқан бөлмесін желдетіп, гигиена сақтаған абзал.
– ЖРВИ-дың белгілеріне жөтел, мұрынның бітелуі, мұрыннан су ағу, жұтынғанда тамақтың қызарып, ауырсынуы жатады. Температура 40-қа дейін көтеріліп, бас ауырып, әлсіздік пайда болады. Тамаққа деген тәбет те азаяды. Вирустар жөтелгенде, түшкіргенде ауаға таралып, келесі адамға жұғады. ЖРВИ-мен ауырған адам төсек режимін сақтаған дұрыс. Ауы- рып жүріп, көп қимыл-қозғалыс жасаған адамның ішіндегі вирустары да белсенді болып, өрши береді. Екінші, жылы су көп ішу керек. Кезінде әжелеріміз ыстық сорпа, ыстық сүтке май сапырып беретін. Оны ішкеннен кейін шәлісімен орап, төсекке жатқызып қоятын. Сосын ауырған адам су болып терлеп, ертеңінде жазылып кететін. Қазақ халқының даналығы осында. Ал қазір үйде ауырған адам өз-өзіне күтіммен қарамайды. Сұйықтықты көп ішкен сайын кіші дәрет пен тері арқылы вирус та денеден шығып кетеді. Осы сәтті көп адам жіберіп алады. Температура 38 градустан жоғары болса, қызу түсіретін дәрі ішу керек. Жөтелген кезде жөтелге қарсы дәрі, мұрыннан су ақса, спрей қолдану қажет. Осы жасалған алдын алу шаралары нәтиже бермей, дене температурасы бірнеше күн 39-40 градусты көрсетсе, міндетті түрде медициналық көмекке жүгіну қажет, – дейді дәрігері Құралай Мырамытова.
Оның айтуынша, карантиндік режим ЖРВИ-дың таралуының алдын алады. Өйткені инфекция ең бірінші ауа арқылы таралады. Мектептер мен балабақшада, қоғамдық орындарда адам көп шоғырланғандықтан, вирустың таралуы да жиілейді. Қазір тұмаудан сақтану үшін ойын-сауық орталықтарына, қоғамдық орындарға барудың еш қажеті жоқ.
Вакцинадан бас тартпа!
Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, елде тұмауға қарсы 2,2 млн адам егілген. Дәрігерлер, әсіресе қарттар мен балалар, созылмалы ауруға шалдыққан адамдар үшін екпе салдыру маңызды екенін атап өтеді. Дегенмен республика халқы үшін егілудің бұл статистикасы аз. Дәрігер Несібелі Сүндетова профилактикалық шаралардың дұрыс жүргізілмеуінен ЖРВИ өршіп тұрғанын айтты.
– Емханалар тұрғындарға күз-қыс айларында түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуі қажет. Көп жағдайда түсінбегендіктен, адамдар вакцинадан бас тартады. Екіншіден, әлеуметтік жауапкершілік болмағандықтан вирус жұқтырған адамдар қоғамдық орындарда жүре береді. Бұл да тұмаудың өршуіне әкеледі. Гриптің алдын алу үшін әр адам бетперде тағып, сырттан келгенде қол жуып, үйді жиі желдетуі қажет. Гонконг тұмауы А вирусына жататын штам. Үлкендерде де, балаларда да ауыр түрде өтеді. Тұмаудың соңы ковидке ұласады деп ойламаймын. Бірақ симптомдары жағынан екі вирус та ауыр өтеді, – дейді дәрігер Несібелі Сүндетова.
Біздің қоғам екпе десе үрке қарайды. Бұл әлі де вакцина туралы жалған мифті денсаулық сақтау органдарының жоққа шығара алмай отырғандығынан. Қазір «Тұмауға қарсы екпеден кейін тұмау пайда болды. Сондықтан вакцина алып керек емес» деген пікір жиі кездеседі. Бірақ дәрігерлер «екпе тұмауды тудыруы мүмкін емес, өйткені оның құрамында тірі вирус жоқ. Вирус вакцинаның құрамына кірмес бұрын жойылып, тазартылады» дейді. Жалпы, тұмау вирустары вакциналарға бейімделеді және жыл сайын мутацияға ұшырайды. Сондықтан тұмауға қарсы вакциналар штамға байланысты жыл сайын өзгеріп отырады. Штамды анықтау және вакцинаны жасау үшін бүкіл әлемдегі ғылыми орталықтар жыл бойы тұмау туралы мәліметтер жинайды және алмасады.
Тек АҚШ-та CDC мәліметтері бо- йынша, 100-ге жуық вирусология және иммунология ғылыми-зерттеу орталықтары FDA-ға деректерді жіберу арқылы вирустық бөлшектердің айналымы мен үлгілерін бақылайды. FDA АҚШ үшін болашақ вакцинаның мазмұны туралы үкім шығарады. Содан кейін ДДҰ-мен бірлесіп әлемдік орталықтармен деректер алмасу үшін кездесулер өткізіледі. Бағалау деректері талқылауға шығарылады: осы жылы солтүстік және оңтүстік жарты ша- рында вирустың қандай бөлшектері таралады. Осы деректердің негізінде вакциналарды дайындау бойынша ұсынымдар жасалады. Алайда әр ел өзі үшін лицензияланған вакциналарға қандай штаммдар енгізілетіні туралы түпкілікті шешімді жеке қабылдайды.
– Баласы бар ана ретінде, адам ретінде айтамын, міндетті түрде вакцина алыңыздар. Тұмаудың эпидемиясы кезінде ең сенімді қорғаныс – екпе. Қазір стационарда науқастарды қабылдағанда, вакцина алған адам мен алмаған адамның айырмашылығын байқап жүрміз. Вакцина алған адам тұмауды жеңіл өткереді, – дейді Астана қалалық жұқпалы аурулар орталығының дәрігері Құралай Мырамытова.
Вирус балаларға ауыр тиіп жатыр
Әлеуметтік желіде «балалар ауруханасында орын жоқ» деп дабыл қаққан ата-аналар ауруханада кезекті бір түн күткенін, дәлізде жатқанын жарыса жазуда. Бұл тек Астанада ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де кездесіп жатқан мәселе.
№3 көпбейінді балалар ауруханасының директоры Марат Абдуовтың айтуынша, стационар 288 төсекке есептелген, алайда па- циенттердің көбеюіне байланысты төсек қоры 453-ке дейін кеңейтілді, оның ішінде 243 төсек вирустық инфекциясы бар балаларға арналған.
– Тәулік сайын стационардың қабылдау бөліміне 450-500-ге дейін науқас жүгінген. Солардың тек 20-25%-ы ғана емдеуге жатқызуды қажет етеді. Қалғандарына үй жағдайында емделу үшін дәрігердің тиісті ұсынымдары берілді, – деп атап өтті инфекциялық аурухананың басшысы.
Сонымен қатар ол ата-аналарды стационардың қабылдау бөлімінде жиналмауға шақырды, себебі бұл өзге инфекциялармен айқаспалы жұқтыру қаупін арттырады. Ал педиатр Мадина Мусаханнның пікірінше, қазір ЖРВИ-мен ауырып жатқан балалар көп. Олардың басты шағымы жоғары температура. «Баланың ыстығын немен? Қай кезде түсіреміз?» деген сұрақты ата-аналар жиі қояды. Баланың температурасын түсіру үшін ибупрофен мен парацетамол деген екі дәрінің түрін ғана қолданамыз. Ибупрофен дәріханаларда ибуфен және нурофен, ал парацетамол тайлол, панадол, цефекон, эффералган деп сатылады. Ибуфеннің дозасын баланың салмағына қарай есептейміз. Мысалы, үйдегі ибуфеннің дозасы 100/5 болса, онда баланың салмағын екіге бөлу керек. 10 келі балаға, 5 миллилитр ибуфен беру қажет. Ал егер ибуфен 200/5 болса, баланың салмағын төртке бөлеміз. Ибуфен үшін интервал – 6 сағат. Ол дегеніміз бала түскі сағат 12-де ибуфен ішсе, келесі ибуфенді кешкі 6-да ғана бересіз. Одан жиі беруге болмайды. Бір тәуліктің ішінде ибуфенді тек 3-4 рет қана беру керек. Ал парацетамол баланың салмағын есептегенде 15келі/мг болып есептеледі. Баланың салмағына қарай дәрігерден дәрінің дозасын біліп алу қажет. Ал интервал төрт сағат. Көп жағдайда ибуфен бергеннен кейін 6 сағаттың ішінде баланың температурасы қайта көтеріліп кетуі мүмкін. Ондай жағдайда екі дәріні кезектестіріп 2-3 сағаттан кейін парацетамол беру қажет.
– Баланың ыстығын түсіретін кезде градустағы санға емес, баланың жағдайына мән беру керек. Кейбір бала 37 градуста мазасызданып, жатып қалуы мүмкін. Ондай қызу түсіретін препарат қолдану қажет. Ал кейде 1 жастан асқан балалар 38,5 градуста да өзін жақсы сезініп жүреді. Ол кезде балаға барынша су көп ішкізіп, денесін салқындатамыз. Жарты сағаттың ішінде температурасы түссе дәрі бермейсіз. Бала температура көтерілген кезде бойындағы суын жоғалтып, сусызданады. Сондықтан жиі су беру қажет. Ыстық асқан кезде баланы қымтап, көрпемен орауға болмайды,– дейді педиатр.
Көктем ҚАРҚЫН
Бұл тақырыптағы басқа жаңалықтар:
Көрілімдер:46
Бұл хабарлама дереккөзден мұрағатталған 02 Желтоқсан 2025 07:01 



Кіру
Жаңалықтар
Ауа райы
Магниттік дауылдар
Намаз уақыты
Қымбат металдар
Валюта конвертері
Кредит есептегіш
Криптовалюта бағамы
Жұлдыздар
Сұрақ - Жауап
Интернет жылдамдығын тексеріңіз
Қазақстан радиосы
Қазақстан телевизиясы
Біз туралы








Ең көп оқылғандар


















